"
Дубинканы дұрыстау
#Қазақша нұсқасыОрысша нұсқасыРейтинг
1.Әңгіртаяқ ("сойыл, тоқпақ" деп алуға болады. Әңгіртаяқ тура ашады.)Дубинка
Ai-kerim Qojahmet
  • Даурен Дариябек 4 жыл бұрын

    Мен – әңгіртаяқпын
    Толығырақ ... (с) Әзиз Несин

    Мен – резеңке әңгіртаяқпын! Менің шыққан тегім Америка. Бұл маңға Америкадан демократия, соңыра «Жип», сосын әңгіртаяқ, яғни мен келіппін. «Жип» екеумізге демократия төсеген соқпақ жолмен жүруді жазған.

    Мен – резеңке әңгіртаяқпын! Мен сіздерге америкалық жомарттық өзегінен өріс алған америкалық көмекпен бірге жеттім. Жаңа ортада біршама уақыт қаңтарылдым. Жақында ғана өз тұғырыма қонып, енді-енді әмірімді жүргізе бастадым. Қиындық деген не, тәйірі?! Әрқашан және жан-жақта болып тұрады. Мәселенки, көліктің дөңгелегі жарылып, болмаса бөлшегі табылмай әбігерге салуы мүмкін. Ал мен деген нан сұрамаймын. Маған қиындық атаулы жолаған емес. Жетіспей қалған кезім жоқ, тіпті артылып қаламын.

    Мен – резеңке әңгіртаяқпын! Бұл жақта ілгеріде басқа-басқа тіс щеткасы болмаған. Оның орнын ағаш тіс шұқығыш алмастырса керек. Мен дүниеге келгенше піл бишігі шықпыртып сабалап тұрған. Кейін пілдің қамшысына тыйым салыныпты.

    Мен – резеңке әңгіртаяқпын! Түр-әлпетімді қап-қара демесеңіз жұп-жұмсақпын. Бірақ сол жұмсақтығымнан қорқыңдар. Маған дейін билік еменнен жасалған шоқпарды, тобылғы тоқпақты қолданған. Олар өз құрбандықтарына аяусыз даритын да сынатын. Ал мен ешқашан сынбаймын. Жылпос саясаткер сияқты қараңғы екенім ақиқат. Есесіне, жұмсақпын. Мен иілем, майысам, бірақ сынбаймын.

    Мен – резеңке әңгіртаяқпын! Өзін-өзі білмейтіндер үшін өзін тануға және өзімді танытатын рахатқа батырам. Мен полицейдің қолындамын, оның беліне байланғанмын. Жұмыс жоқ кезде түнерген жылан құсап есіктің артындағы шегеде салбырап тұрам.

    Мен – резеңке әңгіртаяқпын! Жиырмасыншы ғасырдың ең ұлы туындысы – бұл менмін. Базбіреулер атом бар, сутекті бомба бар деп көлгірсиді. Асылында, олар менің қасымда жіп есе алмайды. Мен дамоклав қылышы сияқты төніп тұрам. Еркіндік менің ығымда мызғиды.

    Мен – резеңке әңгіртаяқпын! Соққымнан сұмдық дыбыс шығады. Ол қайталанбайтын дыбыс. Бар адамды, бар халықты мұңға батыра алам. Көз алдымда мылқауға тіл бітеді, қарға тотықұсқа айналады, кекешің бұлбұлша сайрайды. Мен тергеушіңнен бұрын жауап алам. Сендер менің алдымда үйретілген маймылша бет-ауыздарыңды тыржитасыңдар. Мен айт деп әмір бергенде – бәрін жайып саласыңдар. Мен аузыңды жап деп бұйырсам – үнсіз қаласыңдар. Сендер Аллаға жалбарынып, ыңырси беріңдер мен бәрібір оны естімеймін. Менде дене бар, алайда құлақ, көз, жүрек дегеннен жұрдаймын.

    Мен – резеңке әңгіртаяқпын! Кімде-кім біріккісі келіп, жиналуды қаласа тырқырата таратып жіберетін бұл менмін. Еркіндік туласа жұлқылап-сілкілеп жөніне қоятын бұл менмін. Демократияның күзетшісімін. Ей, адамдар, мен – резеңке әңгіртаяқпын! Сіздерге айтар соңғы сөзім мынау. Жаттап алыңдар және естеріңнен шықпасын: әгәрәки, мен бүгін көршіңіздің жон арқасына сілтеп-сілтеп жіберсем, сіз оның жанына батқанын сезінбейсіз – сіздің кезегіңіз ертең! Бүгін әлдекімді сабасам: «Ол құрбан болыпты!» деп жар саласыңдар. Күні ертең сіздер жайлы да «Олар құрбан болыпты!» деп айтатынын біліп алыңдар. Бүгін жайбарақат шаттанып жүргендерің келешекте менен таяқ жейтін артықшылықтарыңа айналады. Мен ми қатпарларын тегістей аламын. Туғаннан жаратылысым сондай. Мен – әңгіртаяқпын!
    Аударған: Дәурен Дариябек. 08.03.2017.

Ескерту! Хабарлама қалдыру үшін сайтқа кіру керек.

Барлық қатысушылар

Ескерту! Хабарлама қалдыру үшін сайтқа кіру керек.