Қайырлы күн!
Терминком бекіткен кейбір терминдермен сайт арқылы таныстым. Солардың кейбіріне қатысты ойымды білдірсем деп едім.
“Тотальный футбол” 2025 жылы бекітілген термин екен. Оны “төпелеме футбол” деп аударыпты. Жалпы, “тотальный футбол”
Толығырақ ...дегеніміз ойыншылар бір позицияда ғана емес, кез келген позицияда ойнайтын тактикалық жүйе екен. Осы жерде тотальный дегенді біртұтас деп аударып, осы терминді “біртұтас футбол” деп атаса деп ойлап едім.
“Біртұтас - сын есім. Бөлінбейтін, бірімен-бірі байланысты, бір бүтінге айналған”.
(Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 4-том. / Құраст.: Н.Әшімбаева, Қ.Рысбергенова, Ж.Манкеева және т.б. – Алматы, 2011. 752 б.)
Сол секілді, “тотальный театр” деген терминді де “тұтастықты театр” дегеннен гөрі, “біртұтас театр” деп атаған жөн секілді. Онда спектакль тек мәтін мен актер ойынына ғана емес, музыка, жарық, декорация, бейне, би, дыбыс сияқты барлық өнер элементтерінің бірігуіне негізделеді. Яғни көрерменге әсер ету үшін театрдың барлық көркем құралдары біртұтас жүйе ретінде қолданылады.
Сондай-ақ, халықаралық терминдерді қазақ тіліне аудару әрдайым тиімді бола бермейді. Кейбір ұғымдар әлемдік ғылыми және мәдени кеңістікте қалыптасқан атауымен кеңінен танылып, сол нұсқада қолданылғанда мағынасы дәл әрі түсінікті сақталады.
Бұл көп жағдайда, медицина терминдеріне қатысты. “Ракты” обыр деп аударып жүр. Сөздіктерде де обыр сөзінің бір мағынасы ретінде осы аурудың түрін көрсетіп жүр.
“ОБЫР — (1) зат. Канцер, рак (ауру). сын. (2) Жебір → Кеу. ауысп.”
(Қайыржан К., Сөз - сандық: Қазақтың көне сөздері. - Алматы: «Өнер» баспасы, 2013. - 480 бет.)
“Обыр - зат. мед. Қатерлі ісік ауруы; рак”.
(Б. Қалиев. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы, 2014. - 728 б.)
Ал “Қазақ әдеби тілінің сөздігінде” оның ауру түрін білдіретін мағынасын көрсетпеген.
“с ы н. 1. Көзі тоймайтын ашқарақ, қомағай, жебір.
2. м и ф. Тірі адам бейнесінде көрінетін, адамдардың ас- ауқатын ішіп кететін аруақ; түрлі кейіптегі қорқынышты құбыжық.
3. Тойымсыз, алпауыт”.
(Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 11-том. /Құраст.: Ж.Манкеева, С.Бизақов, Ә.Жүнісбек және т.б. - Алматы, 2011. - 752 б.)
Бұл терминді обыр демей, халықаралық атауы “канцер” түрінде қалғаны дұрыс деп ойлаймын.
Қазір технология мен жасанды интеллект заманы. Әсіресе, жасанды интеллект әлеуметтік желілерде белсенді қолданылып жүр. Сол себепті, осы салаларға байланысты көптеген жаңа сөздер қолданысқа енуде. Соның бірі “промпт” сөзі. Менің сұрағым, бұл сөздің қазақша аудармасы бар ма? Оны қазақшалаған дұрыс па әлде “промпт” боп қалу керек пе? Негізінен, бұл жасанды интеллектке белгілі бір тапсырманы орындауға берілетін нұсқау болғаннан кейін нұсқау мәтін деп атаған қалай болар еді?
Осындай жаңа терминдерді жүйелеу, олардың қазақ тілінің табиғатына сай баламаларын ұсыну – маңызды міндеттердің бірі. Жұмыстарыңызға сәттілік!