"
Қазіргі таңда әлеуметтік желілер қоғам өмірінің маңызды бөлігіне айналды. Әсіресе жастар күнделікті ақпарат алмасу, пікір бөлісу, жаңалықтарды білу және түрлі контент қарау үшін Instagram, TikTok, YouTube сияқты платформаларды жиі пайдаланады. Толығырақ ...Осындай цифрлық ортаның дамуына байланысты жаңа терминдер де пайда болып жатыр. Бұл терминдердің көпшілігі ағылшын тілінен енген және қазақ тілінде көбіне сол күйінде қолданылып келеді. Алайда қазақ тілінің дамуы үшін мұндай сөздерге қазақша балама ұсыну маңызды деп ойлаймын. Сондықтан әлеуметтік желілерде жиі қолданылатын бірнеше терминге қазақша нұсқалар ұсынуға болады.
Бірінші термин – контент (content). Бұл сөз интернетте немесе әлеуметтік желілерде жарияланатын барлық ақпаратты білдіреді. Яғни оған мәтін, сурет, бейнежазба, подкаст және басқа да материалдар жатады. Қазіргі кезде «контент жасау», «контент жоспарлау», «контент жариялау» сияқты тіркестер өте жиі қолданылады. Қазақ тілінде бұл терминге «мазмұнжазба» деген балама ұсынуға болады. Себебі «мазмұн» сөзі ақпараттың негізгі мағынасын білдірсе, «жазба» сөзі интернеттегі жарияланым ұғымын береді. Сондықтан «мазмұнжазба» әлеуметтік желілердегі барлық жарияланған материалдардың жалпы атауы ретінде қолдануға қолайлы.
Келесі кең тараған термин – лайк (like). Әлеуметтік желілерде қолданушылар белгілі бір жазбаны немесе бейнежазбаны ұнатқанын көрсету үшін лайк белгісін басады. Бұл әрекет интернеттегі қарым-қатынастың бір түрі болып саналады. Қазақ тілінде бұл терминге «ұнатым» немесе «ұнату белгісі» деген балама ұсынуға болады. Мұндай атау сөздің мағынасын нақты жеткізіп, қазақ тілінің сөзжасам заңдылықтарына да сәйкес келеді.
Тағы бір қазіргі жастар арасында кең тараған термин – сторис (stories). Бұл әлеуметтік желілерде уақытша жарияланатын қысқа фото немесе бейнежазба. Әдетте мұндай жазбалар 24 сағаттан кейін автоматты түрде өшіп кетеді. Сондықтан бұл терминге қазақ тілінде «сәтжазба» немесе «уақытша жазба» деген балама ұсынуға болады. «Сәтжазба» атауы ақпараттың қысқа уақыт ішінде жарияланып, белгілі бір сәтті бейнелейтінін білдіреді.
Әлеуметтік желілерде жиі кездесетін тағы бір термин – тренд. Бұл сөз белгілі бір кезеңде интернетте кең тараған құбылысты немесе идеяны білдіреді. Мысалы, белгілі бір би, ән немесе челлендж көпшілік арасында танымал болып кетсе, оны тренд деп атайды. Қазақ тілінде бұл терминге «үрдіс», «танымал бағыт» немесе «кең таралған үлгі» деген баламалар қолдануға болады.
Сонымен қатар соңғы жылдары кең тараған терминдердің бірі – рилс (reels). Бұл Instagram сияқты платформаларда жарияланатын қысқа бейнероликтерді білдіреді. Мұндай бейнелер әдетте қысқа, қызықты және динамикалық болады. Қазақ тілінде бұл терминге «қысқа бейне» немесе «жеделбейне» деген балама ұсынуға болады. Бұл атау бейненің қысқа әрі жылдам таралатын сипатын көрсетеді.
Тағы бір жиі қолданылатын термин – фолловер (follower/подписчик). Бұл әлеуметтік желіде белгілі бір адамның парақшасына жазылып, оның жариялаған материалдарын үнемі қарап отыратын қолданушыны білдіреді. Қазақ тілінде бұл терминге «жазылушы» деген балама қолдануға болады. Бұл сөз қазақ тілінде түсінікті әрі мағынасы жағынан да дәл келеді.
Қазір ғаламтордағы тағы бір танымал термин – челлендж (challenge). Бұл адамдар белгілі бір әрекетті орындап, оны бейнежазбаға түсіріп, басқа адамдарды да соны қайталауға шақыратын үрдіс. Мұндай әрекеттер көбіне әлеуметтік желілер арқылы тез таралады. Қазақ тілінде бұл терминге «сынақ-бейне» немесе «шақыру тапсырмасы» деген балама ұсынуға болады.
  • Vıdeokontent – vıdeokontent (2023 jyly bekitilgen termın)
    Aqparattyq kontent – ınformasıonnyı kontent (2015 jyly bekitilgen termın)
    Kontent – kontent (2014 jyly bekitilgen termın
    Podpıschık – jazylýshy (Statısıka, standarttaý jáne zıatkerlik menshik)

  • Trend - trend (2017 jyly bekitilgen termın)

Ескерту! Хабарлама қалдыру үшін сайтқа кіру керек.

Barlyq paıdalanýshylar

Eskertý! Habarlama qaldyrý úshin saıtqa kirý kerek.