Обсуждение
Библиография
Мемлекеттік тіл – қазақ тілін ғылым тіліне шындап айналдыру мәселесі – еліміз тәуелсіздік алғалы бері күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе. Өйткені мемлекеттік тіл ұғымының бір көрінісі – оның әртүрлі ғылым саласында кеңінен қолданылатын терминінің болуы. Қазақ тілі шынайы ғылым тілі болуы үшін ең алдымен оның қалыптасқан терминдері болуы тиіс.
Ғылым тілі ең алдымен жүйеленген, бірізді, ұғымдық аппараты орныққан терминологиялық жүйені талап етеді. Соңғы жылдары терминология саласында жүргізіліп жатқан реформа мен қоғамдағы пікірталас бұл мәселенің өзектілігін одан сайын күшейтіп отыр. Қазақ терминологиясының дамуы тілдің болашағы, ғылыми коммуникацияның сапасы және ұлттық дүниетаныммен сабақтастығы тұрғысынан ерекше маңызды.
Мақалада қазақ терминжасамының қазіргі жағдайы, негізгі мәселесі, Ахмет Байтұрсынұлы дәуірінен бастау алатын ұлттық терминжасам қағидаты және оларды жаңа кезең талабына бейімдеу жолын сөз етпекпіз.
Қазақ терминологиясының қалыптасуындағы басты қайнар көздің бірі – Ахмет Байтұрсынұлы жасаған ұлт тіліне негізделген терминжасам мектебі. Ахмет атамыз ұсынған терминдер қазақ сөзжасамының табиғи заңдылығына сүйенді; байырғы сөздердің мағыналық әлеуетін толық ашты; ғылыми ұғымдарды дәл жеткізе алды.
Оның 1910-1930 жж. аралығында жасаған терминдері күні бүгінге дейін тұрақтанып, әдеби тіл нормасына айналып отыр. Бұл тәжірибе ұлттық негіздегі терминжасамның өміршеңдігін дәлелдейді.
Тарихқа жүгінсек, өзін және өз тілін құрметтейтін бірде-бір ел өзге тілдердің сөздерін сол күйінде өзгертпей қабылдағаны жоқ екен. Жат сөздерді қабылдау жөнінде Халел Досмұхамедұлы былай дейді: «Тілге кірген жат сөздер сіңу үшін, тілге «өзілік» болуы үшін сол тілдің заңымен сай, танымастай халге келуі керек. Бүйтпесе, жат сөздер бұралқы болып тілдің шырқын бұзады, тілге зиян келтіреді. Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады» [1].
Қазақ терминологиясының бүгінгі жағдайында бірқатар күрделі мәселе байқалады:
Халықаралық терминдердің жөнсіз енуі. Халықаралық және орыс тілдерінен енген терминдердің көбі қазақ тілінің фонетикалық, морфологиялық заңдылығына икемделмей қабылдануда. Мұның салдары терминқордың қазақыланбауына; түсініксіз, жат пішіндегі атаулардың көбеюіне; тілдің ішкі сөзжасам мүмкіндігінің кері кетуіне әкеп соғуда.
Тілдік норманың әлсіздігі. Термин жасау, бекіту, жазу, қолданысқа енгізу мәселесінде бірізділік толық орнықпаған. Әсіресе, орфография және орфоэпия мәселесі; шет тілінен енген сөздердің транскрипциясы; қысқартылған атаулар жүйесі – мұның бәрі әлі де реттеуді қажет етеді.
Терминжасамның ғылыми қағидатына келсек, академик Ә.Қайдар ұсынған негізгі қағидат ғылымда маңызды әдіснамалық (методологиялық) негіз бола алады.
Білікті тіл маманы Әбдуәлі Қайдардың «Егемен Қазақстан» газетінде ілгеріде жарияланған «Қазақ тілі терминологиясына жаңаша көзқарас» деген мақаласында автор терминжасам қағидатын түбірімен түгел қайта қараудың қажет екенін айта келе, нақты өз ұстанымын ұсынады [2].
Терминжасам қағидаты. 1. Ең негізгі қағидат – қазақ тілінің сөз байлығын барынша сарқа пайдалану. Бұл үнемі айтылып келгенмен, осы қағидатқа әлі күнге дейін жете мән берілмеуде. Мұны ұстану – басты парызымыз.
Міне, осы қағидатты басшылыққа ала отырып, қазақ тіліндегі түрлі өндіріс саласына қатысты, соның ішінде тау-кен терминологиясының қазіргі жай-күйін, негізгі мәселесін шеше аламыз [3].
Кеңес дәуіріндегі термин қалыптастыру тәжірибесіне келсек, ХХ ғасырдың ортасынан бастап тау-кен саласындағы барлық атау орыс тілінен алынған нұсқа бойынша қолданысқа енді: штрек, штолен, забой, выработка, крепь, рудник, отвалообразование т.б.
Бұл терминдер қазақ емлесіне бейімделмеді; фонетикалық тұрғыда жат күйінде қалды; қазақша балама іздеу жұмысы жүргізілмеді немесе баяу жүргізілді. Нәтижесінде тау-кен саласы орыс тіліне толық тәуелді терминқорға айналды.
Тәуелсіздік кезеңіндегі өзгеріс. 1990-2026 жылдары аралығында тіл саясатындағы жаңғыру жұмысы басталғанымен, тау-кен саласындағы терминдерге жүйелі реформа жасалмады. Жекелеген сөздер аударылғанымен, олар ғылыми қауым тарапынан толық қабылданбады.
Осы тау-кен саласындағы қазақша терминология мынадай негізгі мәселеге тап болып отыр:
Халықаралық терминнің басымдығы. Салалық терминнің 80%-ға жуығы халықаралық немесе орыс тілінен өзгеріссіз енген. Мысалы: шахта, карьер, буровая установка, дегазация, флотация, обогатительная фабрика, георадар. Бұл ғылыми коммуникацияны тар шеңберде ғана қолжетімді етеді және қазақ тілінің ғылыми әлеуетін шектейді.
Қазақ тілінің ішкі заңдылығына икемделмеуі. Шеттілдік терминдер: табиғи дыбысталмаған; морфологиялық тұрғыдан қазақша сөзжасамға бағынбайды; көптік/септік формасында дұрыс түрленбейді (забойға, штрекке, флотаторлар). Мұндай олқылық тіл жүйесі мен терминологиялық жүйе арасын алшақтатады.
Бірізділіктің болмауы. Бір терминнің бірнеше нұсқасы қатар жүреді: отвал – үйінді – жыныс тастау орны; вскипание – қайнау – көбіктену; рудник – кеніш – кен орны т.б. Бұлай әртүрлі қолдану оқу үдерісінде, өндірістік техникалық құжатта, нормативтік актіде түсінбеушілік тудырады.
Қазақша баламаның жетіспеуі. Кейбір аса күрделі ұғымның әлі күнге дейін қазақша нақты, дәл баламасы жоқ: породоразрушающий инструмент («жыныс жарғыш құрал», «жыныс бұзғыш құрал»); геомеханическое напряжение («геомеханикалық кернеу»); буровой раствор («бұрғылау ерітіндісі»); минерализованный субстрат («минералданған субстрат», минералданған топырақ негізі», «минералданған орта»)
Мұндай ала-құлалық термин жасаушы кадрдың тапшылығына да байланысты. Өйткені тау-кен саласындағы мамандардың басым бөлігі техникалық салада жұмыс істейтіндіктен, терминология мәселесіне қатыспайды. Ал лингвистердің өзі тау-кен ісінің ерекшелігін (спецификасын) толық біле бермейді.
Жоғарыда сөз еткен жалпы терминологиялық қағидатты тау-кен терминдеріне бейімдесек, мынаған айрықша мән беру керек:
Тілдің ішкі ресурсын толық пайдалану. Қазақ тілінде геология мен тау-кен ісіне қатысты байырғы сөздер жеткілікті: қабат, жыныс, қыртыс, үңгір, опырылу, қазба, кеніш, қазаншұңқыр, үгілу, жықпа, жыныс қабығы.
Қуақаз – штрек; шахтный самоспасатель – сақтанғы.
Забойщик – кен қазбасының алдыңғы бөлігінде (забойда) жұмыс істейтін кенші (кенжар, кенжаршы, забой; забой кеншісі, ұңғуыр).
Скип – кен мен жынысты жоғары көтеруге арналған шахта ыдысы (кенкөтергі).
Вентиляционный ствол – ауаны шахтаға айдайтын немесе шығаратын тік қазба (желдету оқпаны, ауаоқпан, ауажол, желдетпе ұңғысы, желдеткіш ұңғы, желұңғы).
Шлакоуловитель – балқыту кезінде пайда болатын шлакты ұстайтын құрылғы (қож, шлактұтқыш, қожтұтқы).
Желоб чугунный – шойынды ағызатын науа (шойын науа).
Горячий котелок – металлургтер киетін арнайы ыстыққа төзімді бас киім (оттөзімді дулыға, отдулыға, дулыға).
Лебёдка ручная – жүк көтеруге арналған қол механизмі (шығыр, жүкшығыр, қолшығыр).
Кабель – кәбіл, шоғырсым.
Паяльная лампа – отүргі т.б.
Осы секілді сөздерді әбден електен өткізіп, ғылыми стандартқа түсірсе, көптеген терминнің орнын басар еді.
Түркі тілдеріндегі ортақ атауларды пайдалану. Түрік, өзбек, қырғыз, татар тілдерінде геология және тау-кен саласына қатысты көптеген төл атау бар. Мысалы, түрік тілінде ocak (шахта), galeri (штрек), tozuma (үгілу процесі). Терминнің мәнін дәл ашатын түркі тілдеріндегі атауларды қолдану – ортақ терминқор қалыптастырудың тиімді бағыты болар еді.
Халықаралық терминдерді қазақша бейімдеу. Мысалы: флотация → флотациялау (етістікпен тіркестіру); шламоотделитель → шламбөлгіш; обогатительная фабрика → байыту фабрикасы
Қысқарған терминдерді қазақша үлгіге түсіру. ТКӨ (тау-кен өңдеу); ЖКБ (жерасты қауіпсіздік белгілері); КФ (кен фабрикасы)
Мәселені шешу жолы, ұсыныс
Арнайы «Түрлі өнеркәсіп, соның ішінде тау-кен саласы терминдеріне» қатысты ұлттық сөздіктер жасау. Сөздікте әр терминнің қазақша баламасы; анықтамасы; қолданыс мысалдары; графикалық/ иллюстрациялық материалы қамтылуы тиіс.
ЖОО-да түрлі салалық терминология курстарын енгізу
Өндірістік стандарт пен техникалық құжатты толықтай қазақшалау
Осы саладағы құжат, негізінен, орысша болып келеді. Бұл жағдай – қазақша терминдердің дамуы мен орнығуына зор кедергі.
Қоғамдық ортаны терминологиямен сауаттандыру. БАҚ-та тұрақты бағдарлама ашу; жаңа терминдерді жария талқы арқылы енгізу; мамандар жаңа терминдерге пікір қалдырып, бірлесіп бекіте алатын интерактив жүйе болуы тиіс.
Түйін
Терминжасам саласындағы жалпы қағидатты (тілдің ішкі мүмкіндігін пайдалану, түркі тілдерімен интеграция, халықаралық терминдерді бейімдеу, емле нормасын жүйелеу) тау-кен саласына толық қолдану нақты, ғылыми, бірізді термин жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазақ тілінің ішкі заңдылығына сүйенген терминология ғана ғылым тілін дамытады, ал ғылым тілі дамыған тіл – болашағы бар ұлттық тіл.
Пайдаланылған әдебиеттер:
3. Құрманбайұлы Ш. Толғаулы тіл. – Астана: «Мемлекеттік тілді дамыту институты», 2014. – 372 б.
Техникалық маман ретінде мақаланың ұстанымын толық қолдаймын. Тау-кен саласында қазақ тілінің мүмкіндігін пайдаланып, терминдерді ұлттық тілдік заңдылыққа сай қалыптастыру қажет. Мақалада ұсынылған «кенкөтергі», «желдету оқпаны», «шламбөлгіш» сияқты атаулар техникалық ұғымды түсінікті жеткізеді. Мұндай терминдерді біріздендіріп, сөздіктерге, оқулықтарға және өндірістік құжаттарға енгізу қазақ тілінің ғылым мен өндірістегі қолданысын кеңейтеді. Терминдерді тіл мамандары мен сала инженерлері бірлесіп бекітсе, қазақ тілі техникалық білімнің де толыққанды тіліне айнала алады.