Қоғамдық-саяси лексиканың өзіндік ерекшелігі, басқа сөздерден айырым белгілері, олардың семантикалық топтары деген сияқты т.б. мәселелерге тілші ғалымдардың көзқарастары ортақ. Әдетте олар ондай сөздерге мемлекеттік-әкімшілік басқару жүйесіне және оның жүргізіп отырған саяси-экономикалық саясатына, қоғамдық-әлеуметтік даму үдерісіне қатысты сөздерді жатқызады, оған беретін анықтамалары да бір-бірінен аса алшақ кетпейді.
Б.Момынова өзінің «Қазақ» газетіндегі қоғамдық-саяси лексика» деген еңбегінде Р.Барлыбаев, Ю.А.Бельчиков [1] және Ю.Д.Дешериев пен И.Ф.Протченколардың [2] қоғамдық-саяси лексикаға туралы ой-тұжырымдарын талдай келе, «Қазақ» газеті материалдары бойынша қоғамдық-саяси лексиканы мынадай топтарға бөліп қарастырады: 1) әлеуметтік-тарихи категориялар мен ұғымдарды білдіретін атаулар; 2) мемлекеттік құрылысты білдіретін атаулар; 3) әкімшілік жүйеге қатысты атаулар; 4) заң, сот жүйесіне байланысты атаулар; 5) саясатқа байланысты атаулар; 6) соғыс, әскери қимылдар мен қару-жараққа қатысты атаулар; 7) оқу-білім, мәдени салаға байланысты атаулар; 8) дін ұғымына қатысты атаулар [3, 29-30].
Қоғамдық-саяси сөздердің сөздік құрамдағы өзге сөздерден ерекшелейтін өзіндік сапа-белгілері бар. Олар бір қарағанда терминдерге ұқсас болып көрінгенімен, олардан қолданылу аясы, ауқымы, қызметі және жалпыхалықтық сипаты жағынан өзгешеленеді.
Олардың терминдерден ажырататын басты белгілері мынада: термин дегеніміз белгілі бір ғылым мен оның пәніне ғана қатысты болып, солардың ғалымдары мен мамандарының барлығына бірдей түсінікті, бірақ жалпы халыққа түсініксіз сөздер болып келсе, қоғамдық-саяси лексиканы барлық жұрт пайдаланады. Ал терминдерге ұқсайтын жағы, көбінесе, өзге тілдерден дыбыстық-құрылымдық жақтан игерілмей, еш өзгеріссіз ауысып келуінде жатыр. Өзге тілдік сөздер екенін олардың түр-тұрпаты нақты аңғартып тұрады. Осы белгісі оны термин сөздерге ұқсатып-жақындатып, кейбір адамдарды, тіпті қайсыбір тілші-ғалымдардың өзін де шатастырып жатады.
Әлбетте, қоғамдық-саяси лексиканы да экономика, саясаттану, философия, әлеуметтану, мәдениеттану, тарих сияқты т.б. гуманитарлық бір ғылымға теліп, шартты түрде соларға қатысты терминдер ретінде қарастыруға болады. Сондай-ақ қоғамдық-саяси лексика белгілі бір саяси-әлеуметтік кезеңде (мысалы: кеңестік билік кезіндегі «колхоздастыру», «қызыл отау», «электірлендіру», «индустрияландыру», «қайта құру», «жеделдету» т.б.) пайда болып, сол кезеңнің дәуірлеп тұрған уақытында кең қолданылып, оның уақыты өткен шағында қолданыстан шығып қалуына орай, «тарихи сөздер (историзмдер)» деген атау алса, керісінше жаңа заманның жаңа лебімен пайда болып жататындары «жаңа сөздер (неологизмдер)» деп те танылады.
Енді қоғамдық-саяси лексиканың қолданылу аясы мен ауқымына келсек, бұл сөздерді тілді тұтынушылардың белгілі бір тобы ғана емес, қоғам мүшелерінің барлығы – өздерінің қажетіне және мүмкіншілігіне (білім-біліктілігіне) қарай тұрмыс-тіршіліктің сан алуан саласында жаппай пайдаланады. Оның жалпыхалықтық тілдегі белсенді қолданысын қалыптастырып, тілде орнығуына жағдай жасайтын салалардың (ғылым, білім беру т.б.) ішіндегі ең негізгісі – бұқаралық ақпарат құралдары. Қоғамда болып жататын сан алуан өзгерістер мен жаңалықтар жаңа ұғым, құбылыс, заттардың атаулары ретінде кез келген тілдің сөздік құрамына, көбінесе, мерзімді баспасөз тілі арқылы енеді. Қоғамдық-саяси сөздер арқылы мемлекеттің ұстанып отырған саясаты мен экономикалық бағыт-бағдары айқындалады. Сол себептен саясаттанушы ғалымдар қоғамдық-саяси сөздерді мемлекет пен қоғамның саяси-экономикалық бейнесін сипаттайтын сөздер деп қарастырса, тілші ғалымдар оларды көсемсөз (публицистика) тілі деп танып, тілдің қоғамдық қызметіне қатысты өз зерттеулерінде басты нысан етіп алады.
Өзгетілдік қоғамдық-саяси лексиканың осындай қолданыс аясы мен ауқымының кеңдігі, осыған орай, қолданысының аса белсенділігі оларды жат тілдік термин сөздерден түбегейлі ажыратады. Және олардың осы сапа-қасиеті тілді бүлдіруде термидерден әлдеқайда күшті болып келеді. Сондықтан да Халел Досмұхамедұлының: «Біздің қазақ-қырғыздың ішінде Аурапа тілдерін жақсы білетініміз аз, көбіміз білмейміз. Аурапа тілдері бізге орыс тілі арқылы жалғасады. Аурапа сөздерін алғанда түбін тексеріп, шамадан келгенше сөзді түпкі иесінің сөйлеуіне жақындатып алу керек» [4, 151], – деп сонау заманда өзтілдік қоғамдық-саяси сөздердің (ол заманда өзге тілдік терминдер мен қоғамдық-саяси сөздердің тілімізге кіру қарқыны бәсең болатын) сыр-сипаты мен тілге әкелер залалын дөп басып айтқан еді. Демек, дыбыстық-құрылымдық тұрғыдан игерілмей, қазақ тілінің табиғатына бейімделмей алынып, тіліміздің «саясат», «қоғам», «мемлекет», «үкімет», «өкімет», «ояз», «болыс», «уәкіл», «өкіл» сияқты т. б. толып жатқан кірме сөздеріндей бола алмай жүрген өзгетілдік сөздердің қазақша баламаларын дер шағында тауып атау қою немесе қазақы түр-сипат беріп қазақшалау тіліміздің келешегі үшін бүгінде де аса маңызды.
Қоғамдық-саяси лексика – әдеби тіл сөздік құрамының қомақты бөлігін құрай отырып, оның мүмкіншілігін кеңейтеді және сол арқылы оның жан-жақты қызметін қамтамасыз етеді. Оның қалыптасып дамуы тарихи-саяси кезеңдермен, түрлі экономикалық-әлеуметтік жағдайлармен, жазба әдебиеттің, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуымен тығыз байланысты. Әсіресе жазба әдебиет қалыптасып, БАҚ дамып өркендеген кезеңде қоғамдық-саяси лексиканың жалпыхалықтақ қолданысы кеңея түсіп, қоғамдық қызметі артады.
Қоғамдық дамудың әрбір сатысы тіл тарихына өз ізін қалдырып отырады. Белгілі бір саяси-экономикалық кезеңде (формацияда) тілде пайда болған сөздердің кейбірінің өміршеңдігі қысқа мерзімді ғана қамтыса (историзмдер), енді біреулері ұзақ мерзім бойы қолданыста болады. Ондай сөздердің жалпыхалықтық тілдегі қолданысы аса белсенді болып, күнделікті сөйлеу тілінің лексикасына айналады. Арнайы мән беріп қарамағанда олардың жалпыхалықтық сөздерден айырмашылығын ажырату қиын. Әлбетте, бұндай сөздер тіліміздің төл сөзжасам жүйесі (хан, қараша, қағанат, ұлыс, тайпа, ру, бай, кедей, шаруа, шаруашылық т.б.) бойынша қалыптасады немесе сан ғасырлай бойы ауызша қалыптасқан әдеби тіліміздің дыбыстық-құрылымдық жүйесінің өзіндік ерекшелігіне, табиғи заңдылығына бейімделіп қабылданған кірме сөздер (қоғам, саясат, патша, сұлтан, мырза, болыс, ояз, пошта, поштабай, әкім, әкімшілік, мекеме, кеңсе, қызмет, мәртебе, дәреже т.б.) болып келеді. Бұндай сөздердің кірме сөздер екенін кейде арнайы үңіліп зерттеген адамның да аңғармай қалуы әбден мүмкін. Мысалы, кезінде «Белгілі есімнің белгісіз сыры» деген айдармен кейбір кісі есімдеріне түсініктеме беріп жүрген «Алаш айнасы» газеті «жомарт» деген сөзге: «Жомарт – таза қазақы есім. Қазақ тілінде оған «қолы ашық», «мәрт», «жүрегі кең» деген сөз балама бола алады» [5] деп анықтама берген. Бір қарағанда шынында да өз сөзіміз сияқты. Алайда Л.З.Рүстемовтің зерттеу еңбегіне сүйенсек, парсының «джәван» (молодой) және «мәрд» (смелый, храбрый) сөздерінің бірігуінен жасалған екен [6, 113-190-191].
Осы орайда ф.ғ.д., профессор Б.Момынованың қоғамдық-саяси лексика туралы: «Құрамындағы компоненттерінің таза қазақ сөздерімен келуі арқылы жасалатын атаулық тіркестер: ұлт кеңесі, билік дәлізі, билік тұтқасы, жоғары билік т.б. Бір компоненті кірме, өзге компоненттері қазақтың төл сөзі болуы арқылы жасалатын атаулық тіркестер: саяси лидер, саяси күш, діни конфессия, билік Олимпі, саяси баспана, тіл саясаты, саяси шешім т.б. Екі немесе барлық сыңарлары кірме сөзден құралуы арқылы жасалған атаулық тіркестер: саяси реформа т.б.» [7, 83],– деген жіктемесіне тоқтала кету жөн сияқты. Мәселен, оның таза қазақ сөздерімен жасалып тұрған атаулық тіркестер дегеніндегі «дәліз» сөзі парсының «даһлизі», ал «саяси», «діни», «саясат» дегендері араб-парсынікі.
VІІІ ғасырдан бастап қазақ жеріне араб үстемдігі орныға бастағаны, соған орай, араб жазуы енгені тарихтан белгілі. Араб жазуы арқылы қазақ қоғамына білім, ғылым, дүниетаным, мемлекеттік-әкімшілік т.б. сөздер еніп тарады. ХV ғасырдан бастап түркілік арабша жазудың жаңа дәуірі басталады. Өйткені түркітілдес ру-тайпалық одақтар мен бірлестіктер жекелеген мемлекеттерге айналумен қатар өз алдына ұлт болып та қалыптаса бастаған еді. Аталған ғасырдан бастап ХІХ ғасырдың аяғына дейін қазақ жұрты араб жазуына негізделген жалпы түркілік кітаби тілді (шағатай тілі немесе ескі өзбек тілі) пайдаланды. 1870-1910 жылдар аралығында Петербург, Қазан баспаханаларынан кітаби тіл арқылы дін-ислам қағидаларын уағыздайтын мұсылманша кітаптар, арабтық «Мың бір түн» кітабының оқиғаларына құрылған ғашықтық қисса-дастандар, қазақтың эпостық, лиро-эпостық жырлары мен тарихи жырлары жеке кітап болып шығып, кең тарады. А.В.Васильев: «Далаға сапар шеге жүріп, кітабы жоқ киіз үйді сирек кездестіресің. Кітапқа деген сұраныстың күштілігін бір қазақ тіліндегі кітаптың әлденеше мың данамен оншақты рет басылғанын көресің» [8, 176-177],– деп жазады. Қазақ халқы орыс боданына айналғанға дейінгі хандық-әкімшілік басқару жүйесінің жазбаша құжаттарының тілі де осы дәуірдің жазуын еркін пайдаланды.
Түрлі жазба әдебиеттер арқылы енген араб-парсылық қоғамдық-саяси сөздер қазақтың сөздік құрамын толықтырып байыта түсті. Қолданыс тілінің түріне (жазу) қарай олардың көпшілігі араб-парсылық сипатта (милләт, жамиғиат, қизмат, хукмет, ғаскер, маһкама т.б.) болғанымен, жалпыхалықтық ауызша тілде де белсенді қолданысқа түскендері қазақы (қоғам, нәсіл, бодан, болыс, ояз, сот, заң т.б.) өң-түр алып, оның төл сөздеріндей болып кетті. Кейінірек «Түркістан уәляті» (1870-1883 жж.) мен «Дала уәләяты» (1888-1902 жж.) сияқты қазақша алғашқы газеттер шыға бастауымен кітаби тілдегі араб-парсылық түпнұсқа бойынша жазылатын сөздер де тілдік тұрғыдан игеріліп, қазақ тілі табиғатына бейімделіп жазылып-айтылатын дәрежеге жетті.
Қоғамда болып жататын саяси-әлеуметтік мәні бар өзгерістер мен жаңалықтар өзімен бірге талай ұғым мен түсініктерді ала келеді. Жазу мәдениеті белгілі бір дәрежеде жоғары қалыптасқан ұлт жаңа ұғым-түсініктерге дер шағында өз тілінде атау қояды немесе оларды өз тілінің табиғи бітім-болмысына сәйкестендіріп өзгертіп алады. Ал өзінің төл әліпбиі мен емле ережелері, нормалары қалыптаса қоймаған ұлттың уақытша пайдаланып отырған әліпбиі арқылы хатқа түскен өзгетілдік сөздер онша өзгеріске ұшырамай қолданыла береді. Сол себептен ұғым-түсініктердің атаулары алғашында қай тілден келсе, сол тілдік үлгіде жазылып-айтылатыны – төл әліпбиі мен емлесі қалыптаспаған қай тілге болсын тән. Әйтсе де өзгетілдік сөздердің түр-тұлғасының өзгешелігіне байланысты бөтендігі әрдайым сезіліп тұрады. Өйткені өзіндік жазу дәстүрі әлі қалыптаса қоймаған тілдің де мыңдаған жыл бойы ауызша қалыптасқан әдеби тілінің табиғи бітім-болмысы өзгетілдік дыбыстар мен дыбыс тіркесімдерінен тұратын сөздерді сол қалпында жазып-айтуды әрдайым жатырқап тұрады. Әрине, тілдегі бұл үрдіс қазіргі қазақ тіліндей емес, оның сөздік құрамы өзгетілдік сөздермен әлі толықтай бүліне қоймаған кезде байқалады.
«Қазақ тілі негізінен ауызша дамыды: қазақтың қанына ананың ақ сүтімен еніп, жан-жүрегін ананың үнімен тербетті, ауыл арасанда ер жетті, аттың жалы, түйенің қомында жетілді, жыр боп шалқып, нұр боп қалықтады» [9, 7]. Сондықтан да өзгетілдік сөздерді қазақ тілі Ресейдің боданында қалып, орыстандыру саясатына душар болғанға дейін өмір бақи өгейсіп, өз сөзіне айналдырумен жетіліп келген еді.
Өзгетілдік сөздер еш өзгеріссіз жат елдің әліпби-емлемен оқып-жаза алатындардың ұлттық тілде жазған мәтіндерінен көрініс табады. Олар өзі жазып отырған тілге сәйкес келмейтін әліпбиді пайдаланып жазған соң, өзгетілдік ұғым атауларын сол қалпынша жазады, оқығанда немесе айтқанда да солай қолданып, ел-жұртқа кең таратуға себепкер болады. Бұны Х.Досмұхамедұлы дер шағында атап көрсеткен болатын [4, 91].
Жаңа сөздерді, ең алдымен, бұқаралық ақпарат құралдары таратады. Олардың кең қолданысқа ие болып, жалпыхалықтық сипат алуы мерзімді баспасөз түрлерінің дамуымен тығыз байланысты. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы қазақ даласында «Дала уәләяті», «Түркістан уәләяті», «Серке», «Қазақ», «Қазақстан» т.б. қазақ газеттері мен «Айқап», «Шора», «Таң», «Шолпан» секілді т.б. журналдарының жарық көріп, қазақ баспасөзінің қалыптасып өркендей бастаған кезеңі еді. Бастапқы кезде көпшілікке арналған қазақ газет-журналдарының тілі «шағатай» тілінен онша алыс кете қойған жоқ. Дегенмен сол кезеңнің барлық баспасөзінің алдына қойған негізгі мақсаттарының бірі – қазақ сөздерін барынша қазақша жазып, халыққа жеткізу болды. Осы мақсатта Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары аянбай еңбек етті. Мәселен, өзінің алға қойған мақсаты жөнінде Ахмет Байтұрсыұлы: «Әдеби тілді сүйетін бауырларыма газетті қазақтың қара тілімен жазғанымыз ұнамсыз көрінсе, ол кемшілігімізге кешу өтінеміз. Жұрт үшін шығарылған нәрсе жұртқа жақын болуы тиіс» [10],– деп жазады.
Алаш арыстарының басым көпшілігі осы ұстанымда болды. Әсіресе, араб әліпбиін қазақтың төл жазуына айналдырып, халық игілігіне жаратуда А.Байтұрсынұлының еңбегі ерекше болды. Ол өзіне дейінгі қазақ жұртының пайдаланып келген араб жазуының қазақ тілі үшін ендігі уақытта тіптен қолайсыз екенін жақсы түсініп, қазақ баспасөзі беттерінде «Жазу тәртібі» [11], «Жазу мәселесі» [12], «Дыбыстарды жіктеу туралы» [13], «Емле туралы» [14], «Жоқшыға дерек» [15] сияқты көптеген мақала жариялап, өз ой-тұжырымын дәлелдеп, жазуды жетілдіре түсті. Оның «Оқу құралы» деп аталатын алғашқы әліппесі 1912 жылы жарық көрді [16, 40].
А.Байтұрсынұлы қазақтың ежелден ауызша қалыптасқан дыбыстық жүйесін негізге ала отырып, бұрынғы жазуды түбегейлі өзгерту арқылы жаңа әліпби құрастырып, араб әріп-таңбалармен жазылып келген түркілік сөз үлгілері мен қалың жұртшылыққа түсініксіз араб-парсы сөздерінің бұрынғыша жазылуына тосқауыл қойды. Оның жаңа әліпбиі сол кездегі мамандардың көпшілігінің көңілінен шығып, ықыласына бөленді. «А.Байтұрсыновтың араб жазуын қазақ тіліне икемдеген нұсқасын қазақ жұртшылығы, әсіресе мұғалімдер қауымы ешбір дау-дамайсыз қабылдады. Себебі, Байтұрсыновтың алфавитке жасаған реформасы әрі қазақ тілінің табиғатына сүйеніп, әрі ғылыми негізде жасалған болатын» [17, 9]. Оның төте жазуын тек қазақ зиялылары ғана емес, әлемдік тіл білімі ғылымының көрнекті өкілдері де мойындап, жоғары бағалады [18, 32].
А.Байтұрсынұлының зор еңбегінің арқасында дүниеге келген қазақтың төл әліпбиі мен емлесі (жазу) 1929 жылға дейін толық қолданыста болды. Тіпті 1929 жылы қабылданған қазақтың латынша жазуымен қатарласып, 1940 жылға дейін жарыса қолданылды. Қазақ қоғамындағы өміршеңдігін бертінге дейін сақтай алды. Мәселен, заманымыздың заңғар жазушылары М.Әуезов пен Ғ.Мүсірепов қазақтың латынша, кирилше жазуларын оқып-үйренсе де, өмірлерінің соңына дейін өз қолжазбаларының басым көпшілігін А.Байтұрсынұлының «төте жазуымен» жазып өткен екен. Бұл жазу қазір де өзінің сол қызметін жоғалта қойған жоқ. ҚХР-да тұратын миллионнан астам қандастарымыз осы жазуды күні бүгінге дейін әр салада кең пайдаланып келеді.
ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы саяси науқанның себеп-салдарына байланысты 1928-29 жылдары қазақ жазуы латыншаға негізделіп, 29 әріптен тұратын жазуға көшірілді. Тіліміздің осы әліпбиі мен емле ережелерін зерттеп-зерделесек, сол уақыттағы «Еңбекші қазақ», «Жаңа мектеп», «Лениншіл жас», «Тілші» сияқты т.б. газеттер мен тарихи түрлі құжаттар беттерінде «сатсыйализм», «сатсыйалист», «кәмүніс», «балшабек», «репорма», «сәбет», «пебырал», «сабнарком», «пұртакол» сияқты т.б. толып жатқан өзгетілдік сөздер қазақша жазылғанын байқаймыз. Өйткені Кеңес өкіметінің алғашқы онжылдығының тілдік саясатында ұлттық тілдерді дамытуға деген жылы шырай болған еді. Алайда бұл – Кеңес үкіметінің КСРО халықтарының барлығының көңілінен шығу үшін жасаған алғашқы кездегі саяси ұстанымы болатын. Ол ұзаққа бармады. «Тап жаулары», «КСРО-ны күйреткісі келетін шет елдердің шпионы» деген желеумен ұлт зиялыларын құртқан кеңестік саясат өз күшіне ене келе, бұрынғы ресейлік орыстандыру саясатын қайтадан қолға алды. Тіпті 1926-1927 жылдардағы А.Байтұрсынұлының арабшаға негізделген жаңа әліпбиін сол қалпында қалдыру керек пе, әлде латынға көшірген тиімді ме деген талас-тартыстың да астарында орыстандыру саясаты жатты. Себебі кеңестік тілдік саясат орыс тілін барлық одақтас республикаларға ортақ мемлекеттік тіл етіп, болашақта коммунизмге бір тіл, бір мәдениетпен жетеміз деген ұстанымда болды. Орыс жазуының өзі латын (грек) әліпбиі негізінде қалыптасқандықтан, латыншаға көшірілген қазақ жазуын кейінірек орыс жазуымен алмастыра салу оңай еді.
Қалай дегенмен 1929 жылы Қызылорда қаласында ресми бекітілген латынша әліпбиімізнің емле ережесі А.Байтұрсынұлының әліпбиінен алшақ кеткен жоқ [19, 190]. Бұның себебі – ол кезде ұлтық болмыс пен ұлттық тілдің қадір-қасиетін жақсы түсінетін Алаш арыстарының көзі тірі еді. Олар орыс сөздерін жазып-айтуға мәжбүрлейтін бөтен дыбыстарды латынша түр алған «төл» әліпбиге енгізуге қатта қарсылық көрсетуі мүмкін болатын. Ал олар репрессияға ұшырап, атылып кеткен соң қазақтың осы латынша әліпбиінің 1938 жылғы толықтырылып қабылданған емле ережесі орыстандыру саясатын ашық түрде жүргізіп, «бұрынғы әліппемізде жоқтықтан тіліміздегі түрі бұзылып келген дыбысы бар сөздер, енді дұрысталып естілген жерлерінде х, ф, в дауыссыз дыбыстардың әріптерімен жазылады. Мысалы, хат, хан, химиа, фазыл, вагон, совет түрінде жазылады. ... Қазақ әдебиет тілінің әліппесінде 32 әріп қолданылады» [19, 196-197], – деген сияқты бірнеше шешім қабылдады. Бұл болса, өзгетілдік сөздердің тіліміздің дыбыстық жүйесінің заңдылықтарына бағындырылмай қабылданылуына кең жол ашып қана қоймай, оның табиғи дамуына да кері әсерін тигізіп, өзгетілдік сөздерді өз сөзіне айналдырып, сөздік құрамын толықтыра түсуіне зор кедергі келтірген еді.
1940 жылы қараша айынан бастап латын негізді қазақ жазуы 41 әріптен тұратын осы күнгі орыс жазуына көшіріліп, өзгетілдік сөздерді еш өзгеріссіз жазудың емле ережелері одан әрі жетілдіріле түсті. Ақыр аяғында орыс сөздері мен орысшаланған өзге де шетел сөздерін қаз-қалпында жазылуын талап ететін, біздің тілімізде жоқ, бірақ орыс тіліне тән барлық дыбыс-әріптер қабылданып, қазақ әліпбиіндегі әріптер саны 42-ге жетті. Содан бері қазақ қоғамының осы жазуға әбден бауыр басып, дағдыланып кеткендігі соншалық – өз тіліміз өзімізге өгей болып көрінетін дәрежеге жеттік. «Сөздердің дыбысталуы мен жазылуы арасындағы кереғар алшақтық біржолата жойылды» [20, 222], «Қазақ тілінде сөздер қалай жазылған болса, солай оқылады» [21, 10; 22, 5] деген ой-тұжырым тілші ғалымдар тарапынан да айтылатын болды. Дегенмен қазіргі саяси-экономикалық жағдай халқымыздың әлеуметтік дамуына ерекше әсер ете бастады. Соған орай, тұрмыс-тіршіліктің барлық салаларында небір өзгерістер бой көрсетіп, тіліміздің де дамуына өзгеше бағыт-бағдар қалыптастырып отыр. Олай болса, қазіргі қазақ әліпбиі мен емлесі ұлттық бағыт алып, қазақ тілінің ендігі қабылданатын латынша әліпбиі ұлттық дыбыстық жүйеге ғана негізделуі керек. Қазақ тілі дыбыстары латын әріптерімен қалай таңбаланса да, А. Байтұрсынұлы түгендеп беріп кеткен қазақ тілі дыбыстары санынан (28) артық та, кем де болмауы қажет. Сонда ғана біз Елбасы атап көрсеткен ұлттық жаңғыруды жүзеге асыра аламы
Пайдаланған әдебиеттер
1 Бельчиков Ю.А. Обчественно-политическая лексика В.Г.Белинского. –М. 1962.
2 Дешериев Ю.Д., Протченко И.Ф. Развите языков народов СССР в советскую эпоху. –М., 1968.
3 Момынова Б. «Қазақ» газетіндегі қоғамдық-саяси лексика. –Алматы: «Арыс», 1998.
4 Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. – Алматы: Ана тілі, 1998.
5 «Алаш айнасы» газеті 2013 жыл 23 қыркүйек, №185(1096)
6 Рүстемов Л.З. Араб-иран кірме сөздерінің қазақща-орысша түсіндірме сөздігі. – Ал.: Мектеп, 1989.
7 Момынова Б. Қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси лексика: әлеуметтік-бағалауыштық сөзжасам. – Алматы: Қазақ университеті, 2005. – 140 б.
8 Елеукенов Ш., Шалғынбаева Ж. Қазақ кітабының тарихы (Ежелгі дәуірден 1947 жылға дейін). –Алматы: «Санат», 1999.
9 Мырзабектен Ниязбекұлы Сапархан. Қазақ тілінің айтылым сөздігі. –Алматы: «Сөздік-словарь», 2001.
10 Байтұрсынұлы А. «Қазақ» газеті, 1913, № 2, бас макқала.
11 Байтұрсынұлы А. Жазу тәртібі. «Айқап» журналы, N 9- 10, 1912.
12 Байтұрсынұлы А. Жазу мәселесі. «Қазақ» газеті, N 34-35, 1913.
13 Байтұрсынұлы А.Дыбыстарды жіктеу туралы. «Жаңа мектеп» газеті, №5. 1927.
14 Байтұрсынұлы А. Емле туралы. «Еңбекші қазақ» газеті, 27-март, 1929.
15 Байтұрсынұлы А. Жоқшыға дерек. «Еңбекші қазақ» газеті, 14 дек.,1925.
16 Байтұрсынов А. Оқу құралы (усул coтие жолымен тәртіп етілген қазақша алифа). І-ші кітап. –Орынбор, 1912.
17 Сыздықова Р. Ахмет Байтұрсынов /Өмірі мен қызметі туралы/. /А.Байтұрсынов. «Тіл тағлымы». –Алматы, 1992.
18 Стенографический отчет научно-орфографической конференции, созванной 2-4 июля 1929 г. Научно-методическим Советом НКП и ЦКНТА. –Алматы, 1930 – С. 58.
19 Әміржанова Н. Қазақстандағы латын жазуының тарихи тағлымы. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты. – 2012 ж. – 300 б.
20 Сауранбаев Н. Қазақ тіл білімінің проблемалары. Таңдамалы еңбектерінің жинағы. –Алматы: «Ғылым», 1988.
21 Ислам Жеменей. Парсыш-қазақша және қазақша-парсыша сөздік. –Алматы: «Санат», 1994.
22 Аманжолов А. Түрік филологиясы және жазу тарихы. –Алматы: «Санат», 1996.