Қазақ терминдері қандай болу керек?!

Қазақ терминдері қандай болу керек?!

Термин сөздер – аяғын аспаннан салбыратып түскен, «қасиетті», «құдіретті» сөздер емес. Олардың әдеттегі халықтық сөздерден еш айырмашылықтары жоқ. Жалғыз-ақ айырмашылығы бар, ол - әлгі термин сөздердің арнайы, ерекше мағынада, яғни белгілі бір ғылыми ұғымды білдіретіндігі және терминдердің тек белгілі бір ғылыми терминдер жүйесінде ғана термин бола алатындығында.

Мысалға «жер» сөзін алып көрелік.

Егер бұл сөзді халық тіліндегідей «жерге түсті», «жер басты», «жерде отыр» деген сияқты айтылыстардағы мағыналарда қолдансақ, онда ол – халықтық сөз, яғни термин емес. Ал осы сөзді («жер» сөзін) – «Күнді айналып жүретін, шар тәрізді,  тіршілік көзі бар планета», - деген ұғымда қолдансақ, онда ол – термин. «Жер» сөзі термин ретінде физикалық география немесе геология ғылымдарында қолданылады.

Халық тіліндегі «жер» сөзінің мағынасы біреу емес, бірнешеу. Олар: 1) Жер шарының үстіңгі қабаты, сыртқы қыртысы; құрлық (Мыс.: Ұшақ жерге түсті); 2) Бір елдің меншікті территориясы (Қазақстанның жері); 3) Ел, жұрт, ауыл; мекен (Өскен жерім – Алматы); 4) Жай, орын (Жол бойында қонатын жер табылады); 5) ауыс. Уақыт, кез, мезгіл, мезет (Айтатын жерде үндемей қалу – ұят), т.б. /1: 4, 90-91/.

Ал осы «жер» сөзі термин ретінде қолданылса, онда ол тек бір-ақ мағынада жұмсалынған болар еді. Өйткені терминге бір мағыналық тән. Терминдердің көбінесе ғылыми еңбектерде, терминологиялық сөздіктерде ғана қолданылатындығы сондықтан. Терминнің мағынасын мамандар ғана түсінеді.

Кейбір тілші ғалымдар: «Терминдер де көп мағыналы бола алады», - дегенді айтады / 2: 19/. Бұл пікір дұрыс емес. Өйткені бір ғылым саласындағы терминдерде тек бір-ақ мағына болады. Ол – сол нақтылы бір мағынасымен ғана термин. Есесіне бір терминнің әртүрлі ғылым саласында ұшыраса беруі мүмкін.

Мысалға орыс тіліндегі «ассимиляция» терминін алалық.

«Ассимиляция» латынның assimilatio деген сөзі. Оның мағынасы – «өзіне бейімдеу, ұқсату» дегенді білдіреді. Бұл сөз этнография ғылымында да, тіл білімі (немесе тілтаным) ғылымында да, биология ғылымында да кеңінен қолданылады. Бұлардың білдіретін мағыналары да әр басқа.

Айталық, тіл біліміндегі «ассимиляция» термині – «бір дыбыстың екінші дыбысқа тигізетін ықпалы, әсері» дегенді білдірсе, этнография ғылымындағы «ассимиляция» термині – «бір халықтың екінші халыққа сіңісіп кетуі» дегенді аңғартады /3: 1, 382/. Ал биология ғылымында «ассимиляция» термині – «басқа заттарды өз денесіне сіңіріп алуды» білдіреді /4: 48/.

Бұларды бір терминнің («ассимиляция» сөзінің) үш түрлі мағынасы деп ұқпау керек. Олар – жеке-жеке терминдер, яғни омоним сөздер. Жеке-жеке сөздер (омонимдер) болғандықтан бұлардың лесика-семантикалық тіркестері де әртүрлі.

Егер алдыңғы терминнің «прогрессивті ассимиляция», «регрессивті ассимиляция» деген сияқты тіркестері болса, «екі халықтың бір-біріне сіңісіп кетуі» деген мағынадағы екінші терминнің «ерікті (табиғи) ассимиляция», «еріксіз (еріктен тыс, зорлықты) ассимиляция» деген тіркестері бар.

Сыртқы тұлғалары жағынан болмаса, ішкі мағыналары жағынан «ассимиляция» сөзі мен «ықпал», «сіңісу», «сіңіру» сөздерінің  ешқандай айырмашылықтары жоқ. Ендеше «халықаралық терминдерді аударуға болмайды» дегенді қойып, жоғарғы үш «ассимиляцияның» бірін – ықпал, екіншісін – сіңісу, үшіншісін – сіңіру деп аударып алсақ, онда «әр ұлт өз тілінің терминдерін ұлттық негізде өздері жасап алу» деген сол болған болар еді. Өйткені терминология дегеннің өзі – лексиканың саналы түрде реттелініп, жүйеленіп тұратын өзгермелі саласы.

Нағыз терминдер көп мағыналылықтан аулақ болатыны сияқты, олар әр уақыт экспрессивтіктен, эмоцианалдықтан да ада болады. Себебі олар – ғылыми ұғымдардың атаулары. Ғылым болса, ол дәлдікті, нақтылықты сүйеді. Ал жалпы халықтық сөздер көп мағыналылықтан, экспрессивтіктен, эмоционалдықтан қашпайды. Термин мен термин емес сөздердің бір-бірінен басты айырмашылықтары да осында. Басқаша айтсақ, олардың айырмашылықтары – жалпы халықтық сөздердің бейтараптығы мен терминдердің ғылыми ұғымдарды білдіретіндігі.

Термин сөздердің термин емес сөздерге ауысуы өте сирек кездесетін құбылыс (Мыс., компютер, аккуммулятор, термометр, т.б.). Ал бұған керісінше, термин емес сөздердің термин сөздерге ауысуы жиі байқалатын нәрсе. Оған тілімізде мысалдар көп. Айталық, түбір (корень), жұрнақ (суффикс), кіріс, шығыс, жапырақ т.б.

Қазақ тілінде «жапырақ» сөзі қазір жалпыхалықтық сөз ретінде де, термин сөз ретінде де қолданылады. Ол сөздің жалпыхалықтық мағынасы – «өсімдіктің өзі жалпақ, өзі жасыл түсті мүшесі» дегенді, ал терминдік мағынасы – «жоғары сатыдағы өсімдіктердің (төменгі сатыдағы өсімдіктердің емес) бойындағы фотосинтез процесі жүретін, өзіне көмірқышқыл газын сіңіріп алып, оттегін бөліп шығаратын вегатативті мүшесі» дегенді білдіреді.

Бұл екі мағынаны шатастыруға да болады, шатастырмауға да болады. Шатастыруға болатын себебі – екеуі де, сайып келгенде, «өсімдіктің бір мүшесі» деген жалпы ұғымды білдіреді. Шатастыруға болмайтын себебі – бұл термин және термин емес екі сөздің мән-мағыналары екі түрлі. Бірі (халықтық сөз) жалпылай алынған тар, таяз мағынада, екіншісі (термин сөз) ғылыми ұғымды білдіретін кең, терең мағынада қолданылады.

Бұл сияқты «екі жақты» сөздер ертеде халықтық қарапайым сөздер болған. Кейіннен ғылымның дамуына, зерттелінуіне, оның қазақша сөйленуіне байланысты олар өздерінің халықтық мағынасының үстіне басқаша ғылыми мағына (ұғым) үстеп, терминдердің қатарына өтті; терминдік жүк арқалайтын болды. Бұл біздің тілімізде ғана емес, басқа халықтардың тілінде болып тұратын құбылыс.

Терминдерге экспрессия, эмоция тән емес дедік. Бұл – шындық. Осы қағиданы теріске шығарғысы келген кейбіреулер анатомия ғылымындағы тілшік (язычок), қалташық, айналшық деген сияқты, техникадағы жүрекше, жұдырықша, құлақша  деген  сияқты  терминдерді  мысалға  келтіріп, «бұлар -шық/-шік, -ша/-ше кішірейткіш жұрнақтары арқылы жасалып тұр. Кішірейткіш жұрнақтар түбірге экспрессивтік, эмоциялық мән үстейтіндігі белгілі. Олай болса, бұл мысалдар жоғарғы пікірге қайшы келмей ме?» - деген сұрақ қойғысы келеді /5/.

Жауап берейін: Қайшы келмейді. Өйткені тілшік, жұдырықша деген терминдердің құрамындағы -шік, -ша  кішірейткіш жұрнақтары әлгі сөздер жалпыхалықтық сөздерден терминдік сөздерге қалай ауысты, солай олар өздерінің кішірейткіштік мәнінен айырылып  қалады.  Басқаша  айтсақ, -шік, -ша қосымшалары өздерінің экспрессивтік (кішірейткіштік) мәнін түбір сөздерге қосылып, туынды сөз жасаған кезінде, яғни екінші номинация кезінде ғана анық, айқын атқарып, ал ол туынды сөздер бір тілдік жүйеден (халықтық тілден: кіші тіл, кіші жұдырық) екінші тілдік жүйеге (терминологияға) ауысқан кезінде олар өздерінің экспрессивтік мәнін жоғалтып алады. Сөйтеді де, -шік, -ша қосымшалары туынды сөздің жалпы дыбыстық құрамымен астасып, сіңісіп кетеді. Соның нәтижесінде қосымша өзінің морфологиялық қызметінен айырылып, түбірге қосылып кетеді де, нақтылы бір ғылыми ұғымның атауын ғана білдіреді. Біз тілшік (анат.) деп – көмейдің үстіңгі жағындағы өсіндіні, ал жұдырықша (техн.) деп – техниканың  белгілі бір бөлшегін ғана ұғамыз.

Бұл жерде жалпыхалықтық жұдырық, тіл сөздерін жұдырықша, тілшік деген термин сөздермен салыстыруға келмейтінін, егер салыстыру керек болса, жұдырық, тіл деген жалпыхалықтық сөздерді «кішірек жұдырық», «кішірек тіл» деген мағынадағы жұдырықша, тілшік деп аталатын жалпыхалықтық (экспрессивтік) сөздермен салыстырып, олардың бірінің «кәдімгі жұдырық», «кәдімгі тіл» екендіктерін, екіншілерінің – «кішкене келген жұдырық», «кішкене келген тіл» екендіктерін зерделеуге болатындығын айта кетпеске болмайды. Бұл соңғы сөздер: «жұдырықша – кішірек келген жұдырық, тілшік – кішірек келген тіл»  кішірейткіш жұрнақтар арқылы жасалған эспрессивті сөздер. Ал ғылыми мәндегі жұдырықша, тілшік сөздері – экспрессивті сөздер емес. Олар – белгілі бір ғылым саласына қатысты нақтылы заттың, нақтылы ұғымның атаулары болып табылатын, біртұтас морфемалы терминдер. Ол терминдердің туындылығы әлгі сөздер терминге айналып кеткеннен кейін мүлде ұмытылған.

Жалпыхалықтық сөздің терминге айналуы оның лексикалық мағынасын ғана өзгертіп қоймайды [Мыс.: тілшік (жалпыхалықтық сөз) – кішірек тіл; тілшік (анат. термин) – көмейдің үстіңгі жағындағы өсінді], сонымен бірге, ол (термин) өзінің лексика-грамматикалық, синтаксистік мағыналарын да өзгертеді. Мәселен, жалпыхалықтық тілшік сөзі «мынауың тіл емес, тілшік қой» деген тәрізді тіркесімде айтылып, кішірейткіш мәнде жұмсалынатын болса, термин мәніндегі тілшік сөзі: «Ң фонемасы тілшіктің төмен түсіп, ауыз жолын кептеп тұрғандықтан, фонетикалық ауа мұрыннан шығады» /6: 252/ деген тәрізді мәтінде ұшырасып, белгілі бір анатомиялық мүшенің атауы ретінде жұмсалынады.

Орыс тіл білімінде бір ғана ұғымды білдіретін «лингвистика» дегеннен басқа «языкознание»және «языковедение» деген екі түрлі термин бар екендігі белгілі. Берер мағыналары жағынан бұлардың бір-бірінен ешқандай айырмашылықтары жоқ. Солай бола тұрса да, орыс ғалымдары бұл соңғы екі терминді саралауға тырысады. Осы тұрғыда белгілі ғалым А.А.Реформатский былай депті: «...Совершенно казалось бы равноценные термины языкознание и языковедение все-таки не равноценны; второй из них удобно окружен параллельными терминами: языковедческий, языковед, языковедные вопросы и т.п., тогда как первый не имеет такого окружения» /7: 113/.

«Термин бір-ақ түрпетті (вариантты) болу керек» деген талапқа қарамастан орыс тілінің жоғарғы екі терминін біздің қазақ ғалымдары бірін – тіл білімі (языкознание), екіншісін – тілтаным (языковедение) деп аударып алып жүр; осылай қолданылады да. Егер бұларға А.А.Реформатскийдың талғам-талабы тұрғысынан қарасақ, қазақтың тіл білімі деген терминіне қарағанда тілтаным деген термині әлде қайда қолайлырақ екендігін жоққа шығаруға болмайды. Өйткені тілтаным терминінен тілтаным+дық, тілтаным+шы деген сияқты туынды сөздер жасалынса, тіл білімі терминінен мұндай туынды сөздер (тіл білім+дік, тіл білімі+ші) жасалынбайды.

Сондықтан болар, біз языковед деген терминнің қазақша баламасын «тіл білімі» «тілтаным» түбірлерінен емес, «тіл» (язык) түбірінен шығарып, тіл+ші деп айтып та, жазып та жүрміз. Бұл сөз «корреспондент» деген сөздің баламасы – тілші деген сөзбен жарыса қолданылып (омонимдік қатар түзеп), аздаған қолайсыздық туғызады (Бұл соңғы талап, яғни «терминнің сөзжасам қабілеті» деген талап – терминге қойылатын төртінші талап болып есептелінеді - Б.Қ.).

Неге екенін қайдам, осы күнде кейбір мамандар: «Терминдер халықаралық болады. Оларды аудармай сол күйінде алу керек», - деген жаңсақ ереже тауып алды да, сол пікірлерінен қайтпауға тырысады. Шетел сөздерін сол күйінде алу, сол күйінде қолдану – қазақ тілін  жетілдіру, дамыту емес, оны құрту екендігін олар түсінгісі келмейді, түсінбейді. Мұндай пікірдегі адамдар бірлі-жарым болса бір сәрі ғой, бірақ олардың саны бұл күнде аз болмай тұр.

«Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болады. Өз еркіміз өзімізде, егемендігіміз қолымызда болып отырған қазіргі заманда өзге де ерікті елдер сияқты өз тіліміздің төл терминдерін өзіміз жасап алайық» - десең, әлгі жаңсақ «теориямен» қаруланған «оқымыстылар» ер-тоқымын бауырына алып, жатып кеп тулайды. Ел жиналған жерге барып, өз ойын дәлелдеген болып сөз сөйлейді; газет-жұрналдарға мақала жазады.

Қарапайым көпшілік халық қайдан білсін, ғылым докторы немесе ғылым кандидаты деген атағы бар біреулер «қазақша сөздер термин бола алмайды, тек латынша, грекше немесе ағылшынша, орысша сөздер ғана термин болады», - деп, білгішсініп жатса, оған, әрине, халық сенеді. Сөйтеді де, қазақша термин жасауды қояды. Орыс тілінде қанша термин бар, соның бәрін бөтелке қабылдаушы (приемщик) секілді даяр күйінде қабылдай береді. Нәтижесінде қазақ тілін дамыту орнына орыс тілін дамытып, әлгі жаппай қабылданған орысша терминдер мерезшөп (повилика) шырмауығы секілді тілімізді бүтіндей шырмап алып, оның қорегін де, нәрін де – бәрін де сора бастайды. Сөйтеді де, айдың, күннің аманында жайнап, жайқалып тұрған тілімізді біртіндеп солдырып, аздырып тынады. Ақыры одан қай күні айырылып қалғанымызды өзіміз де сезбей қаламыз.

Мен бұл сөздерді жайдан-жай айтып отырған жоқпын. Кейбір терминшілер: «Ғылыми терминдер көпшілік халықтарға ортақ болса, ол ғылымда меңгеру оңайға түседі. Халықаралық ғылыми конференцияларда ғалымдар бірін-бірі жақсы түсінеді», - деген уәж айтады.

Рас, тіл білімінде терминдердің халықаралығы деген мәселе бар. Бірақ бұл мәселеге тоқталмас бұрын, алдымен «терминнің халықаралығы оның сыртқы тұлғасында ма, жоқ, ішкі мазмұнында ма?» - деген мәселенің басын ашып алғанымыз жөн.

Бірден дұрыс жауабын айталық: Терминдердің халықаралығы (интернационалдығы) – олардың сыртқы тұлғаларында емес, ішкі мазмұндарында. Яғни терминдер ішкі мазмұны, мағынасы, мәні жағынан халықаралық болады да, ал сыртқы тұлғасы жағынан олар – ұлттық болады. Әр ұлттың сөздері өздерінің тұлғалары, құрылымы, грамматикалық құрылысы жағынан ерекшеленеді. Әсіресе ұлттық сөздердің ең басты белгісі – ондағы дыбыстардың тіркесімінен анық байқалады.

Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, кровать сөзі қазақша ма, жоқ, кереует сөзі қазақша  ма? Әрине, кереует сөзі қазақша, ал кровать сөзі қазақша емес. Өйткені орыстың кровать сөзінің басында, екі дауыссыз дыбыс (кр) қатар тұр. Бұл – қазақ тіліне жат құбылыс. Сондай-ақ, ол сөзде (кровать) жіңішке дыбыстар (к, тъ) мен жуан дыбыстар (о, а) араласып келген. Бұл да қазақ тіліне жат. Ең ақырында кровать сөзінде қазақ тілінде жоқ в, тъ дыбыстары кездеседі.

Ал кереует сөзі – қазақша. Онда қазақ тіліне тән заңдылықтардың бәрі, атап айтқанда, бір сөзде өңкей жуан не өңкей жіңішке дыбыстардың бірыңғай келуі (үндестік заңы) немесе сөз ішінде бір дауыссыз дыбыс пен бір дауысты дыбыстың алмасып отыруы деген сияқты заңдылықтардың бәрі түгел сақталған.

Болмаса жад (память) терминін алыңыз. Бұл қазақ сөзі делінгенімен ол қазақша емес. Қазақ тілінде сөздер б, д, г, ғ дыбыстарына аяқталмайды. Ал аяқтала қалса, олар п, т, к, қ қатаңдарына ауысып кетеді. Мысалы: баб>баптар, завод>зауыт, т.б. Сондықтан арабтың жад сөзіне ы қысаңын қосып (жад+ы) айтсақ қана немесе сөз соңындағы д дыбысын түсіріп, оның орнына т дыбысын қойып айтсақ қана ол қазақша болады. Жады сөзін түрлендіріп көрелік: жады+лар (жад+тар емес), жады+ның (жад+тың емес, жады+сы (жад+ы емес), т.б.

Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды: Тіліміздегі орысша терминдердің бәрін қазақшаламаған күннің өзінде олардың біразын жоғарыда айтқанымыздай өз тіліміздің заңдылығына бағындырып, мәселен, авторды – аптыр, алфавитті – алпабит, адресті – әдіріс, паспортты – паспырт, осьті – өс деуімізге болар ма еді?!

Әрине, болар еді. Бірақ оған біздің білімпаздығымыз, ұстанымпаздығымыз (принципшілдігіміз), әрі беріден кейін ұлттық намысымыз жетіспейді.

Егер біраз терминдерді жоғарыда айтқандай өзгерткен болсақ, біріншіден, тіліміздің өз заңдылығын сақтай отырып, оны басқа тілдердің сөздерімен (терминдерімен) байыта, толықтыра түскен болар едік. Екіншіден, халықаралық терминдерден де іргемізді аулақ салмай, оларды да өз пайдамызға жаратқан болар едік. Үшіншіден, ұлттық тіліміздің өзіндік ерекшелігі мен өзіне тән жүйелілігін жоғалтпаған болар едік. Төртіншіден, халықаралық терминдердің халықаралықтық қасиетін сақтаған болар едік.

Міне, біздің терминге байланысты ұғым-түсінігіміз, ой-түйгендеріміздің кейбіреулері осындай.

 

Әдебиеттер:

1. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 1-10 том. А. 1974 – 1986.

2. Немченко В.Н. Полисемия научных терминов и ее отражение в терминологическом словаре // Термины в языке и речи. Горький. 1984. С. 16–23.

3. Қазақ Совет энциклопедиясы. 1–12 том. А., 1972 – 1978.

4. Мұсақұлов Т. Орысша–қазақша түсіндірмелі биологиялық сөздік. 1–том. А., 1959.

5. Егемен Қазақстан. 12.10.1993.

6. Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. А., 1962.

7. Реформатский А.А. Введение в языкознание. М., 1967.