"
ТІЛ МЕН СӨЙ
Тіл мәселесіне бойлап, мәселеге мән беру үшін «тіл» ұғымының өзіне үңіліп, «тілге» берілген танымал анықтамаларға назар аударайық:

тіл – барлық сөздер мен грамматикалық формалардың және айтылым ерекшеліктерінің жыйынтығы;

тіл – Толығырақ ...виртуәлдік (абстракция ретінде болатын), әлеуметтік қауқар (потенция);

тіл – халықтың қатынас құралы, бұл - әлеуметтік құбылыс («Русский язык и культура речи», В.Я.Гольдин, О.Б.Сиропотина, М.А.Ягубова, 2003г);

тіл – адам қауымында стихиялы түрде туындаған, қатынас мақсаттарына арналған және адамның әлем туралы білімдері мен ұғымдарының барлық жиынтығын бейнелеп жеткізуге қабылетті дискретті (жіктелмелі) дыбыстық таңбалардың дамымалы жүйесі (Үлкен кеңес энсиклопедиясы).

Бізге керегі де және бұл ұғымға тиісті тиянақты тоқтам да анықтамалардың соңғы нұсқасы деп ойлаймыз. Қысқасы, тіл – адамаралық қатынастың белгілі бір жүйесі. Бұл жағынан қарағанда, жүйе ретінде тіл өлуі де, қайта тірілуі де, тіпті, жасалуы да әбден мүмкін. Мұның мысалдары жеткілікті. Мысалы, қайта тірілген ебрит тілі шын мәнінде тілдік жүйе ретінде өлген емес, оның заңдылықтары мен жүйелік сыйпаттары сақтаулы болатын. Алайда, сол «өлген» тілдің қолданысқа түсуі шын мәнінде тілдің қайта туылуы емес, лингвистикалық ғылым саласында «речке» айналуы болатын. Қарапайым ұғымдағы тілдің «өлуі» дегеніміз – ғылымша айтқанда, тілдіңқолданыстан шығуы ғана. Егер де әлгі тілдік жүйеге қажетті жағдай жасалса, ол қолданысқа түсіп, «речке» айналады, яғни тіл «тіріледі».

Өкінішке орай, әлі күнге тілдік қолданымның термині болып саналатын «речь» ұғымының қазақша баламасы болмағандықтан, бұл пәнсөз (термин) біздің ұғымымызда қолданыста болмай келе жатқаны өз алдына, тілдік ғылымның тұтас бір пәнінің дамуына кедергі келтіріп келеді. Өйткені, терминнің өзі ғылыми бірлік екені рас.Бірліктің өзі болмаса, нысанның дамуы да мүмкін емес. Кәзіргі күні «культура речи» пәні қазақша «тіл мәдениеті», «сөз мәдениеті» деген тиянақсыз сөздермен берілгенімен, пәннің мәні түсініксіз қалуда. Ғылымда «языковая культура», «речевая культура» деген салалар бар, ал бұлар қазақ тілінде «тіл мәдениеті» ретінде бір ғана саланы қамти ұғынылып отыр. Оның үстіне қазақ тілінде «жазбаша речь» (письменная речь), «ауызша речь» (устная речь) мәселелері де өз деңгейінде ашылмай келеді.

Жоғарыда «тіл» ұғымына тоқталдық, ал «сөздің» лексикалық бірлік екенін ескерсек, оны бүтін бір ғылыми пәннің жүгін көтеретіндей термин ретінде қолдану ғылымды да, ұғымды да тұйыққа тірейді. Речь дегеніміз – тілдің қолданым сыйпаты, ал біз оны сөз, сөйлеу, тіл секілді сөздерді жамыратып, қалай атауды білмей жүрміз.

Тілімізде«речке» балама болатындай лексикалық бірлік бар, ол – «сөй» сөзі. Бұл, тіпті, архаистік сөз де емес, кәдімгі кәзіргі қолданыстағы, соншалық мән берілмей келе жатқан бірегей лексикалық материал. «Сөй» сөзі қазақ тілінде тілдік қолданыс сыйпатын білдіретін бірден бір ұғым, сол сыйпатты беретін көптеген сөздердің түбірі және ежелгі бірбуынды әмбебап ұғымның нұсқасы: сөйлеу, сөй деу, сөйлем т.т. Мұның ағылшын тіліндегі нұсқасы «сәй» (say) түрінде сақталған. «Сөй» сөзі термин болуға әбден лайық және «жазбаша сөй» мен «ауызша сөй» түрінде тілдің алуан қолданыстық сыйпатын бере алады.
Ескерту! Хабарлама қалдыру үшін сайтқа кіру керек.

Барлық қатысушылар

Ескерту! Хабарлама қалдыру үшін сайтқа кіру керек.