АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНДАҒЫ ТЕРМИН СӨЗДЕРДІҢ ӘРАЛУАНДЫҒЫ

АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНДАҒЫ ТЕРМИН СӨЗДЕРДІҢ ӘРАЛУАНДЫҒЫ
Қазіргілер атын естіді ме, жоқ па, Құрманбек Сағындықов деген қайраткер ағамыз өткен ғасырдың сексенінші жылдары «Тіл мәдениеті туралы» мақаласында былай деп жазған: «Түрлі ғылым саласында кездесетін терминдер мен атауларды бір ізге салуда терминология комиссиясы көп жұмыс тындырды. Мәселен, орыстың «арбуз» деген атауы республика көлемінде негізінен «арбыз», «дарбыз», «қарбыз» делініп, ал «огурец» деген атау – «бадыран», «қияр», «үгіршік» делініп, түрліше қолданылып келген еді. Терминком бұлардың неғұрлым көбірек тараған нұсқаларын – «қарбыз» және «қияр» деген түрлерін ғана түпкілікті қабылдады. Қорыта айтқанда, аударма ісіндегі, терминология мен орфография саласындағы кемшіліктер мен шалғайлықтарды, әдебиет пен баспасөзде орын алып келе жатқан ала-құлалықты біржола жою үшін әлі де көп жұмыс істеуге тура келеді». Үзіндінің соңы.

Қазіргілер атын естіді ме, жоқ па, Құрманбек Сағындықов деген қайраткер ағамыз өткен ғасырдың сексенінші жылдары «Тіл мәдениеті туралы» мақаласында былай деп жазған: «Түрлі ғылым саласында кездесетін терминдер мен атауларды бір ізге салуда терминология комиссиясы көп жұмыс тындырды. Мәселен, орыстың «арбуз» деген атауы республика көлемінде негізінен «арбыз», «дарбыз», «қарбыз» делініп, ал «огурец» деген атау – «бадыран», «қияр», «үгіршік» делініп, түрліше қолданылып келген еді. Терминком бұлардың неғұрлым көбірек тараған нұсқаларын – «қарбыз» және «қияр» деген түрлерін ғана түпкілікті қабылдады. Қорыта айтқанда, аударма ісіндегі, терминология мен орфография саласындағы кемшіліктер мен шалғайлықтарды, әдебиет пен баспасөзде орын алып келе жатқан ала-құлалықты біржола жою үшін әлі де көп жұмыс істеуге тура келеді». Үзіндінің соңы.

Шынын айтқанда, Құрманбек аталардың кезінде бірізділік сақталған. Бәлкім, газет-журналдың аздығынан, интернет сайттардың мүлде болмағанынан шығар. Қазіргі қазақ тіліндегі термин сөздер әр шофер өзіне жол салып алған екі қыстаудың арасы сияқты. Әрбір журналист өзінше аударып алған.

Бір ғана «балкон» сөзінің тағдыры осыны көзге елестетеді. Негізі, бұл – халықаралық термин. Орыс та, неміс те, француз да «балкон» дейді. Бұл сөзді соңғы кезде «самалдық», «қылтима» деп жаппай жаза бастады. Ғани Назарбек деген азамат: «Шымкентте таңғы 06:00 қылтимадан қарасаң кімнің Түркістанда жұмыс жасайтынын байқайсың» деп жазыпты. Сөз арасында ескерте кетсек, жұмысты жасамайды, істейді. Жаңа ғана сол оңтүстік өңірінің тумасы Құрманбек Сағындықов атамыздың «жұмыс істеуге» деп жазғанын оқыдық қой. Бұл – бөлек талдаудың тақырыбы. 

Қазақтың танымал архитекторлары Адамбай Қапанов пен Төлеу бәсенов сонау елуінші-алпысыншы жылдары «балкон» деп жазған. Сәулетшілерді қойып, әдебиетшілерді қарайық.

Біздердің жайлауымыз балкон ғана,

Ал саған бүкіл жайлау өлең төсек.

Енді Қыдырдың жырын «біздердің жайлауымыз қылтима ғана» деп оқып көріңіз. Қисынбайды ғой!

Балконыңнан қол бұлғап қарсы алушы ең,

Неге менен жасырдың көлеңкеңді?

Осыны қазіргі «білгіштердің» тіліне салсаңыз: «Қылтимаңнан қол бұлғап қарсы алушы ең» болып шықпақ. Сөйтіп Мұқағалидың сүйгені қаладағы биік үйде емес, тау арасында, тас тасасында тұратын болып шығады. Тағы қисынсыз. Қадыр мен Мұқағали айтылған соң Жұмекенге соқпай өтуге болмас.

Екі-үш жігіт қутыңдап, балконда жүр әне өріп.

Тамып түсе жаздайды қыздың көзі – қара өрік.

Қаладағы жастар жатақханасының көктемгі ғажап көрінісі осындай. Соны «үш-төрт жігіт қылтимада өріп жүр» десеңіз, бұлар тау-тасты мекендеген жабайы адамдарға айналып кетпек.

Жалпы «қылтима» зат есім бола алмайды, бұл – сын есім. «Тыртима шалбар», «сықсима көз», «бұртима кісі» дегендей. Сын есім болғандықтан зат есім «балконға» балама емес. Ал сипаттама ретінде сын есімге қолданып, «қылтима балкон» десе, дауымыз жоқ. Осы мысалдан шығатын алғашқы қорытынды: біз тәуелсіздікке дейінгі қолданыста болған терминдердің ешбіріне тиіспей, сол кезде қалай қолданылды, солай қалдыруымыз керек. Әйтпесе бүкіл әдебиетті құртамыз, бұған дейінгі рухани қазынаны қиратамыз. Қазақтың классикалық әдебиетімен және өткен ғасырдың алпысыншы-тоқсаныншы жылдарғы алтын дәуірімен сусындамағандардың дүбәрә, дәлдүріш ұсыныстарына үзілді-кесілді тойтарыс беру керек. Ал бергі заманда ғана сырттан келе бастаған терминдерді қайтеміз? Мұны ойласу керек. Бұл орайда үш түрлі жол бар:

Біріншісі – сол қалпы өзгертпей қабылдау, яғни түпнұсқада қалай болса солай жазу.

Екіншісі – терминді аудармай, тек қазақ тілінің дыбыс үндестігіне салып айту мен жазу.

Үшіншісі – тура осыған балама сөз бұрыннан болса соны қолдану.

Біздің қызметіміз туралы күнделікті мың мәрте айтылатын «медиа» деген термин бар. Қазіргі ғимаратымыздың өзі «Қазмедиа орталығы» аталады. Халықаралық терминдерді өзгертпей қабылдағаннан ешкімнің өкпесі қабынып кеткен жоқ. Бұл бірінші жолдың мысалы. Енді екінші жолға келейік. Қазіргі ажырасу көбейген заманда екінің бірінің аузындағы «алимент» терминін алайық. Француз да, латын да, орыс та осылай сөйлейді, жазады. Енді оны әлдекімдер аудара бастапты. Біз қарсымыз. Ал қазақ тілінің үндестігімен «әлимент» деуді ойласуға болады. Бұл екінші жолға қатысты айтарымыз. Үшінші жол – қазақ тілінде байырғы балама болса кейбір терминдерді соған ауыстыру дедік. Өз өміріміздегі бірер мысалын айта кетелік. Тоқсаныншы жылдар басында үш рет Байқоңыр ғарыш айлағында болдық. Мақала жазғанда қайта-қайта «ракета» дей бермей, кейбір жерлерде балама ретінде «зымыран» деген сөзді қостық. Неге? Бала кезімізде әжемізден «зымыран дейтін бір құс бар, жұмыртқасы темірден» деген жұмбақты естігенбіз. Шешуі – мылтықтың оғы. Ал жер үстінде, аспан астында қазақ «зымыран» атаған ешбір құс болмаған. Демек «зымыран» сөзінің ұғымы бос тұр. Осылайша «ракетаны» айырбастайтын сөз табылды.

Бір саяси мақалада «Ультраправная партия» деген тіркесті аударуға тура келген. Негізі «ультра» термин сөз. Біз қазақтың «әсіре қызыл тез оңар» деген мақалын еске алдық. Әсіре қызылыңыз – өте қызыл. Ендеше әлгі партияңызды «әсіреоңшыл» деуге неге болмасын. Осылайша, «ультра» терминін қазақтың «әсіре» сөзімен айырбастай бастадық. Сол тұста қатар қызмет еткен Ермұрат Бапи досымыз «киоск» терминінің орнына қазақтың «дүңгіршек» сөзін қолданды. Бұған дейін «дүңгіршектің» басы бос тұрғандықтан сәтті балама болып шықты. Ал терминдерді аудару үшін жаңа сөздер табу, оның ішінде қоссөз арқылы аударамыз деу бекершілік. «Интернет» сөзін «ғаламтор» дегенді, «планета» сөзін «ғаламшар» дегенді қолдамаймыз. Оның бір мысалы басымыздан өткен.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанға күнде ізгілік көмек келеді. Көмек ішінде міндетті түрде шприц болады. Осы «ш», «п» және «р» яғни үш дауыссыз дыбыс қатар келетін термин ұнамады. Бір күні оны біз де балаңдықпен «пісек» деп аудардық. «Пісу» мен «егу» сөздерін қосып жасаған түріміз. Бірақ халықтың ішіне сіңбеді. Бәлкім, ол кезде әлеуметтік желілердің жоқтығынан шығар. Содан қайтіп халықаралық терминді аудару үшін екі сөзді қосып балама, анығында ботқа жасауды қойдық. Сіздерді де осыған шақырып, баяндамамызды тәмамдаймыз.

A PHP Error was encountered

Severity: Core Warning

Message: PHP Startup: Unable to load dynamic library '/usr/lib/php/20151012/phalcon.so' - /usr/lib/php/20151012/phalcon.so: undefined symbol: php_pdo_get_dbh_ce

Filename: Unknown

Line Number: 0

Backtrace: