ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ТҮРКІ ТІЛДЕРІНДЕГІ САЛАЛЫҚ ТЕРМИНДЕРДІҢ ИГЕРІЛУ ЖАЙ-КҮЙІ

ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ТҮРКІ ТІЛДЕРІНДЕГІ САЛАЛЫҚ ТЕРМИНДЕРДІҢ ИГЕРІЛУ ЖАЙ-КҮЙІ
Бұл мақалада білім берудегі заманауи технологиялардың қазіргі түркі тілдеріндегі салалық терминдердің игерілу процесі қарастырылады. Түркі тілдерінің дамуы мен олардың заманауи технологиялық жетістіктерге бейімделуі, сондай-ақ жаңа терминдерді қалыптастырудағы қиындықтар мен оларды шешу жолдары талданады. Мақалада түркі тілдеріндегі салалық терминдердің игерілуі мен олардың болашақтағы дамуына қатысты ұсыныстар айтылады. Заманауи технологиялардың түркі тілдеріне әсері,салалық терминдердің игерілуі және олардың тілдік қордағы орны да талқыланады. Сонымен қатар, өз тәжірибемнен алынған кәсіби –техникалық колледж студенттеріне қазақ тілі мен әдебиеті сабағында,кәсіби қазақ тілі сабағында пайдаланған жаңа технологияның ерекшеліктері туралы айтатын боламын. Түйін сөздер: түркі тілдері, заманауи технологиялар,салалық терминология, терминдерді игеру, сандық технологиялар, жаңа сөздердің қолданысы.

Кіріспе

Қазіргі таңда ғылым мен технологияның дамуы әлемнің барлық саласына ықпал етіп, түрлі жаңа салалық терминдердің пайда болуына себепші болып отыр. Әсіресе, ақпараттық технологиялар медицина саласында, білім саласында, экономика саласында және де басқа салаларда пайда болған жаңа ұғымдарды өз тілдерінде бейімдеу мәселесі өзекті болуда. Бүгінгі таңда «технология» ұғымы педагогикалық әдебиеттегі ең көп қолданылатын ұғымдардың біріне айналды. Технология ұғымының дидактикалық ұғымдармен байланысы сан алуан: оқытудың технологиясы, педагогикалық технология, білім беру технологиясы, тәрбие технологиясы, даму технологиясы, модульдік технология, топтық оқыту технологиясы түрінде болады.

«Технология» грек тілінен енген және екі сөзден тұрады: «техне» - өнер, шеберлік және «логос» - білім, оқу, ғылым деген мағыналарды білдіреді. Сондықтан «технология» терминін қазақ тіліне «өнер туралы ғылым» немесе «шеберлік туралы ғылым» деп аударуға болады. Бүгінгі таңда ғылым мен техниканың қарқынды даму нәтижесінде жаңа салалық терминдер пайда болуда. Бұл үрдіс түркі тілдерінде де байқалып,оларды игеру мен қалыптастыру маңызды мәселеге айналуда. Қазіргі түркі тілдеріндегі терминологияның қалыптасуының деңгейі заманауи технологиялардың қолдануымен тікелей байланысты екеніне көз жеткіздік [1; 36].

Заманауи технологиялар және терминологияның қалыптасуы

Ғылым мен техниканың дамуы адамның мүмкіншілігін, іс-әрекетін ары қарай дамытуды қажет етті. Яғни өндірістік, ақпараттық электрондық технологиялар пайда бола бастады. Осыған орай технология өндірістік және әлеуметтік болып бөлінеді. Оқыту технологиясы әлеуметтік технологияға жатады. Оның басты материалымен түпкі нәтижесі ретінде тұрады. Бір жағынан қарағанда, оқыту технологиясы – жаңа заманға бет бұрған оқыту жүйесі болса, екінші жағынан, оқыту технологиясы дегеніміз – мұғалім мен оқушының, оқытушы мен студенттің арасындағы ықпалдастық, білім беру мен білім алу арасындағы ерекше дидактикалық қарым-қатынастың заңдылықтарын зерттейтін ғылыми пән болып табылады.

Заманауи технологиялар қоғамдағы барлық салаларға, соның ішінде тіл және терминология саласына да әсерін тигізуде. Қазіргі таңда жаңа технологиялардың дамуымен бірге әртүрлі салаларда жаңа терминдер пайда болып, тілге еніп отырады. Бұл процесс терминологияның қалыптасуында және дамуының негізгі факторларының бірі болып табылады. Жаңа технологиялар – жаңа түсініктер мен ұғымдарды алып келеді. Бұл жаңа терминдерді құру және бекіту қажеттілігін тудырады. Мысалы: компьютерлік технологиялардың дамуы «бұлттық есептеу», «жасанды интелект» сияқты жаңа терминдерді өмірге әкелді. Заманауи технологиялардың ықпалымен халықаралық терминдер мен неологизмдер тез таралады. Ағылшын тілі осы тұрғыда басты рөл атқарып, көптеген жаңа ұғымдар алдымен ағылшын тілінде қалыптасып, кейін басқа тілдерге, соның ішінде түркі тілдеріне де енеді.

Терминологияның қалыптасуының негізгі кезеңдері

Терминнің пайда болуы бірнеше сатыдан өтеді. Терминнің бастапқы кезеңінде ол жаңа ұғымды сипаттайтын арнайы сөз тіркесі ретінде қолданылады.

Жаңа термин көпшілікке танымал болған сайын,ол ресми түрде термин ретінде қабылданады және стандартталады.

Терминнақты бір салада кеңінен қолданылады және жалпыға ортақ түсінікке айналады.

Заманауи технологиялар мен терминологияның тығыз байланысы – қазіргі заманның маңызды құбылыстарының бірі. Тіл мамандары мен ғалымдардың негізгі міндеті – жаңа технологиялармен бірге пайда болатын терминдерді тиімді игеру және оларды тілімізге дұрыс қалыптастыру екені белгілі.

Қазіргі түркі тілдеріндегі салалық терминдердің игерілу жай-күйі

Ғылыми-техникалық процесс жаһандану мен ақпараттық технологиялардың [4; 12] дамуына және қалыптасуына айтарлықтай әсер етті. Түркі тілдерінде көптеген салалық терминдер халықаралық және ағылшын тілдерінен алынған кірме сөздер арқылы қалыптасуда. Бұл процесс жаңа ұғымдар мен құбылыстарды тез және тиімді түрде енгізуге мүмкіндік береді, бірақ кейбір жағдайда тілдің өзіндік ерекшеліктері мен ұлттық нақышын жоғалту қаупін туғызады. Салалық терминологияны дамытуда ұлттық тілдің мүмкіндіктерін барынша пайдалану үрдісі байқалуда. Түркі тілдерінде жаңа терминдерді қалыптастыруда тілдің ішкі ресурстарын, яғни сөзжасамдық тәсілдерді қолдану тәжірибесі артып келеді. Мысалы, қазақ тілінде жаңа ұғымдарды білдіру үшін төл сөздерден туынды сөздер жасау немесе бұрыннан бар сөздерге жаңа мағына беру арқылы терминдер жасау әдісі жиі қолданылады. Қазіргі түркі тілдеріндегі салалық терминдердің игерілу жай-күйі күрделі және көпқырлы процесс екенін көрсетіп отыр. Бұл процесс жаһандану мен ұлттық ерекшеліктерді сақтауды талап етеді. Салалық терминологияны дамытуда түркі тілдерінің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, бірізділік пен стандартталуды қамтамасыз ету маңызды болып отыр.

Салалық терминдерді игерудің келешегі

Салалық терминдерді игерудің келешегі – бұл қазіргі тіл білімі мен салалық коммуникацияның маңызды мәселелерінің бірі. Түркі тілдері, оның ішінде қазақ тілі технологиялық және ғылыми прогресстің арқасында күн сайын жаңа салалық терминдермен толықтырылып отырады. Салалық терминологияны дұрыс игеру және қолдану бірқатар артықшылықтар береді. Ғылыми және техникалық коммуникацияны жетілдіруді қалыптастырады. Салалық терминологияны игеру арқылы ғылыми зерттеулер мен техникалық құжаттамалар ана тілінде қолжетімді әрі түсінікті болады. Сонымен қатар, ғылыми ақпараттың жылдам таралуына және отандық ғалымдар мен мамандардың кәсіби деңгейінің артуына ықпал етеді. Салалық терминдерді ана тілінде игеру және қолдану оқушылар мен жас мамандардың оқу процесін жеңілдетеді. Осы арқылы оқушылар мен жас мамандар күрделі ғылыми және техникалық ұғымдарды өз тілінде түсініп, оларды практикада тиімді пайдалана алады.

Тілдің бейімделуі мен дамуы

Қазіргі заманауи технологиялар мен ғылымның дамуы салалық терминдерді үнемі жаңартып отыруды талап етеді. Осыған байланысты тілдер бейімделіп, жаңашылдыққа ұмтылады. Бұл үдеріс тілді байытып, оны жаңа деңгейге көтереді. Келешекте салалық терминдерді игеру жолдары үздіксіз үдеріске айналады. Оның болашағы тілдің өзектілігін сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жолында маңызды рөл атқарады. «Жаңа терминдерді оқыту және олардың қолданыс аясын кеңейту» тақырыбы – қазіргі заманғы тіл білімі мен білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі. Жаңа терминдер – ғылым мен технологияның дамуына сәйкес қалыптасатын сөздер. Терминдер нақты саланың тілін қалыптастырып, білім мен ақпарат алмасуды жеңілдетеді. Сондықтан терминдерді дұрыс меңгеру – мамандардың кәсіби тілін қалыптастыру негізі [2; 21].

Терминдерді оқыту әдістемесі

Жаңа терминдерді тиімді оқыту үшін оқыту әдістемесі маңызды рөл атқарады. Бұл әдістемеге терминдердің мағынасын түсіндіру, олардың қолданылу аясын көрсету,практикалық мысалдар мен жаттығулар арқылы игерту кіреді. Техникалық білім беретін колледждерде кәсіби қазақ тілі пәнінен мамандыққа байланысты термин сөздерді оқыту – білім берудің негізгі бөлігі болып табылады. Кәсіби техникалық колледждерде студенттерді термин сөздермен таныстырудың ең негізгі мақсаты – олардың болашақ мамандықтарына байланысты салалық терминологияны меңгеру және кәсіби тілде сауатты сөйлеу қабілетін дамыту. Термин сөздер кәсіби қарым-қатынаста, құжаттармен жұмыс жасауда, техникалық әдебиеттерді оқуда түсінуде маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ салалық терминдерді игеру студенттердің білім деңгейін арттырып, кәсіби дағдыларын нығайтып, болашақ жұмыс орындарында бәсекеге қабілетті болуға ықпал етеді. Кәсіби білім беретін техникалық колледждерде заманауи технологиялар және терминдерді меңгерту оқытудың басты ұстанымдарына айналған. Сонымен қатар, сандық технологиялар мен интернеттің дамуы жас мамандарға жаңа терминді оқыту мен үйренуді жеңілдетеді. Онлайн сөздіктер, терминологиялық базалар және оқыту платформалары терминдерді тез және тиімді меңгеруге мүмкіндік береді. Оның дәлелі колледждегі цехтар, лабараториялар мен пәндік оқыту кабинеттері заманауи технологиямен жабдықталғанын тілге тиек еткім келеді. Мысалы: «Дәнекерлеу ісі» мамандығы, «Электрмен қамтамасыз ету» және «Тамақтануды ұйымдастыру» мен «Тау-кен электромеханикалық жабдықтарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу» мамандықтары бойынша колледж студенттері заманауи техниканың озық үлгідегі түрлерімен білім алуда. Колледж қабырғасынан шықпай-ақ, теорияны практикамен ұштастыра білім алуда. Бұл дегеніміз, еліміздің экономикасына үлес қосатын техникалық білім беру ошақтары әлемдік дәрежеде бәсекеге қабілетті мамандар дайындауына зор мүмкіндік алып отыр дегенді білдіреді.

Заманауи технологияларды қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында тиімді пайдалану

Заманауи технологиялар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінде және кәсіби қазақ тілі пәнін оқытудың әдістемесіне жаңа серпін беру үшін маңызды. Заманауи технологиялар және олардың мүмкіндіктері: интерактивті тақталар, мультимедиялық құралдар, онлайн білім беру платформалары сияқты технологиялардың мүмкіндіктерін қарастыру. Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында интерактивті және анимациялық контентті пайдалану арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыру.

Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында технологияларды қолдану әдістері:

Оқу-тәрбие үрдісін технологияландыру – білім беру мен тәрбиелеу проблемаларын сапалы жаңа деңгейде шешуге ықпал жасайды. Технологиялық әдіс-тәсілдердің көмегімен оқушылардың таным белсенділігі артып, даму үрдісі жетіле түседі. Білім мазмұнын жаңарту қажеттілігіне сәйкес ең озық технологияларды жүйелі түрде қолдану өркениетті елдер тәжірибесінде біртіндеп іске асырыла бастады. Оқу үрдісін «технологияландыру» мәселесі ХХ ғасырда педагогика ғылымында шетелдік, отандық ғалымдардың еңбектерінде әр қырынан алынып зерттелді. В.Беспалько, В.К.Дъяченко, В.В.Гузеев, М.В.Кларин, Д.Хогрид, В.М.Монахов, С.М.Құсайнов, Г.Нұрғалиева, Ж.Қараев, Н.Нұрахметов, М.Жанпейісова, Г.Д.Әуелбекова, З.Бейсембаева, С.К.Исламгулова, т.б. Қазақстандық және шетелдік ғалымдар ғылым мен тәжірибені ұштастыра зерттеп,жаңа педагогикалық технологияларды тиімді пайдаланудың жолдарын көрсетті.

Оқушылардың ауызекі сөйлеу мен жазу мәдениетіне үйренуі оқыту мен тәрбие жұмыстарының ең маңызды мәселесінің бірі болып саналады. Көркем туынды – сөз өнері болғандықтан, ондағы әдемі, сұлу, кестелі, өрнекті сөздердің алуан түрлерінің қай-қайсысы болмасын оқушылардың ауызша, жазбаша тілін дамытудың қайнар көзі болып табылады.

Сөйлеу мәдениетін дамыту үшін аудиокітаптарды қолдану, әдеби шығармаларды оқытуда анимациялық фильмдер мен электрондық кітаптарды пайдалану өте тиімді. Сабақта компьютерлік тестілеу бағдарламалары арқылы оқушылардың білімін тексеру өте қолайлы. Заманауи технологиялар студенттердің шығармашылық қабілетін дамытуға ықпал етеді. Мысалы, оқушылар өз шығармаларын онлайн платформада жариялап, басқа студенттер мен оқытушылармен кері байланыс алу мүмкіндігін пайдалана алады.Бұл оқушылардың сабаққа деген белсенділігін арттырады. Сонымен қатар, АКТ арқылы оқушылардың жеке қабілетіне қарай тапсырмаларды бейімдеу мүмкіндігі де өте зор. Мультимедиялық құралдар арқылы әдеби шығармаларды көрнекі түрде түсіндіру оқушылардың қабылдауын жеңілдетеді, сабаққа деген қызығушылығын арттырады. Оқушылар әдеби шығармаларды зерттеп, оны презентация түрінде қорғау мүмкіндігіне ие болады. «Kahoot», «Quizlet», «Google Classroom» платформалары арқылы тест тапсырмаларын тиімді өткізуге болады [3; 61-62].

Қорытынды

Ғылым мен техниканың жедел дамыған ақпараттық мәліметтер ағыны күшейген заманда ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, адамның қабілетін, талантын дамыту білім берудің басты міндеті болып отыр. Қарқынды дамыған заманауи технологиялар мен жаһандану үрдісі түркі тілдеріне жаңа салалық терминдерді енгізіп қана қоймай, олардың бейімделуі мен қолданылуына ықпал етуде. Бүгінгі білім беру кеңістігіндегі ауадай қажет жаңару оқытушының қажымас ізденімпаздығы мен шығармашылық жемісімен келмек. Сондықтан да әрбір оқушының қабілетіне, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалды.

Терминологияның даму саласы тек ғылым мен білім саласында ғана емес,түркі тілдерінің халықаралық деңгейде беделін көтеруге ықпал етуі керек. Заманауи технологиялар білім беру саласының барлық бағыттарында тиімді және қолжетімді болуы шарт. АКТ енгізу арқылы білім беру сапасын жақсартып қана қоймай,оқушылардың қызығушылығын арттыруға,олардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға болатынына көз жеткіздік. Бүгінгі таңда мемлекетіміздің барлық білім беру мекемелері жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, кәсіби деңгейі жоғары мамандарды даярлау бүгінгі заман талабы екенін түсінетін уақыт жетті деп есептеймін.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.       Айтбаева А.Б. Білім берудегі жаңа технологиялар: оқу-құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2011. – 162 б.

2.       Сарбасова Қ. Инновациялық педагогикалық технологиялар. Оқу құралы. – Алматы: «Атлас баспасы-2001», 2006. – 176 б.

3.       Жұмажанова Т.Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі мектеп ұстаздары мен болашақ әдебиетші студенттерге арналған. – Алматы: Білім, 2009. – 288 б.

4.       Бейсенбайқызы З. Оқытудың педагогикалық технологиялары. Оқу құралы / Бейсенбайқызы З. – Қарағанды: «Болашақ-Баспа» РББ, 2013. – 155б.