Мед-аударма....
***Қос тілділік саясатын ұрандатқан жылдардан бастап қарқын алған сөздік құрастыру процесі көбімізге напақа болып алды. Соңғы кезде әртүрлі ғылым саласында орысша құрастырылып, сосын қазақшаға қотарылып қорғалған диссертациялар мен Толығырақ ... жазылған оқу құралдары бар екенін білеміз. Ондағы ғылыми атау сөздер сол саланың терминдері. Термин дегеніміз ғылымның қабырғасын қалайтын кірпіштеріміз. Қисық кірпіштерден түзу қабырға шықпайды.
Орысша атаулардың сәтсіз аудармаларын термин ретінде ұсынып, кілең ілік септігімен бір-біріне зорға іліктіріп қазақша оқулық жаздым деу – тілімізге де, ғылымға да жасалған қиянат.
. Өзінің туған тілін мінсіз меңгермесе орыс дәрігер-ғалым орысша оқулық жазуға беттемес еді. Ал біздің «қазекеңнің» тойда тост айтуға әрең жететін сөз қорымен қазақша оқулық жазуға қысылмай-ақ кірісіп кететіні қынжылтады.
***Медицинамыздағы көптен бері бағы ашылмай жүрген термин – «медицинская сестра». Сол «сестрамызды» қазақшалауға тырысып «аяжан» дедік, «медицина бикеші дедік, кейін қысқартыңқырап «медбикеш». «медбибі» дедік. (Бұл атау турылы біраз сыни пікіріміз бұрын да айтылған-тын). «Медицинская сестра» орыс тіліне кейінірек келген сөз. Ертеректе ол «сестра милосердия» болған. Осыған орай, мейірімділіктің иесі деген ұғымнан шығатын МЕЙІРИЕ деген сөзді ұсынған едік. Осыдан кейін бірер жылдың ішінде «мейірбикеш», «мейірбике» сөздері айналымға ене бастады. Құданың күдіреті. «құдаша», «құдағи, «қайын бике» деген сияқты «бике» мен «бикештен» құтыла алмай қойдық. Басқасын айтпағанда, ауруханалар мен емханаларда зейнет жасына жеткен ақсамай сарытіс апа-әжелеріміз еңбек етіп жүрді, соларды он екіден бір гүлі ашылмаған бойжеткен сияқты «бикеш» деп үлпілдеткеніміз ыңғайсыз-ау. Тағы да біраз сыни пікірлер айттық. Соның әсері болды ма, әйтеуір соңғы жылдары «мейіркеш» деген атау пайда болды. Бұл сөздің де жетісіп тұрғаны шамалы. Мейірімі кешеуілдеп, кеш келетін «мейіркешті» көз алдыңызға елестетеді. «Мейірім» деген жылы сөзге жағымсыз жалғау-жұрнақты жапсырып, «арбакеш, түйекеш, байыкеш, жартыкеш» деген сияқты, ирониялық һәм кемсітушілік астары мол «мейіркеш» жасап алдық. Мейірімділіктің иесін неге МЕЙІРИЕ демейміз?! Осы бағы жанбай жүрген «медбибілер», «мейірбикелер». «медбикештер» дәрежесі өсіп бір күні «старшая медсестра» бола қалса, қолма-қол «аға медбикеш» болып шыға келеді. Өзі – Аға, өзі Бикеш! Медицина тілінде бұны гермафродит дейді. Құдайға шүкір. Гермофрадиттің нақты қазақша баламасы бар, ол – қызтеке. Соңғы кезде, бір жыдың шамасы болды, МЕЙІРГЕР деген сөз пайда болды, орыстың «медбрат» сөзі өкпелемесін деген болар. (#МАхм.)