Жаратылыстану-математика бағыты бойынша Республикалық терминология комиссиясының 2024 жылғы 3-отырысында бекітілетін кейбір терминдерге шолу
«Стационарный больной» термині
Баламалары «ауруханалық науқас», «аурухана науқасы» немесе «стационарлық науқас» деп ұсынылған «стационарный больной» тіркесінің «стационарный» деген Толығырақ ...сыңарының заңнамадағы қолданысына шолу жасасақ, онда оның «стационарлық» деген нұсқасы қолданылатыны анық. Ол төмендегі кестеде көрсетілді.
Сонымен қатар оның «Терминком» алаңында қалай бекітілгеніне де назар аударған жөн. Алаңда ол 2017 жылы «стационарлық науқас» деп мақұлданған. Бұған қоса 2023 жылы «стационарное течение» термині «стационар ағыс» деп, ал 2017 жылы «аурухана» – «больница», «ауруханалық» – «больничный» деп бекітілген.
Келтірілген негіздемеге сүйеніп, «ауруханалық», «аурухана» және «стационарлық» деп ұсынылып отырған баламалардың соңғысын қалдырған орынды.
2020 жылғы 7 шiлдедегi «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 116-бабына сәйкес медициналық көмек көрсетудің мынадай 3 деңгейі болады:
1) бірінші деңгей – медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін мамандардың өз медициналық көмегін амбулаториялық, стационарды алмастыратын жағдайларда және үйде көрсетуі;
2) екінші деңгей – мамандандырылған медициналық көмекті жүзеге асыратын, бейінді мамандардың өз медициналық көмегін амбулаториялық, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда, оның ішінде медициналық көмекті бірінші деңгейде көрсететін мамандардың жолдамасы бойынша көрсетуі;
3) үшінші деңгей – жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтерді қолдана отырып, мамандандырылған медициналық көмекті жүзеге асыратын, бейінді мамандардың өз медициналық көмегін амбулаториялық, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда, оның ішінде медициналық көмекті бірінші және екінші деңгейлерде көрсететін мамандардың жолдамасы бойынша көрсетуі.
Медициналық көмектің осы деңгейлерінен көмек көрсету жағдайларын:
- амбулаториялық жағдай;
- стационарлық жағдай;
- стационарды алмастыратын жағдай деп ажыратуға болады. Яғни кез келген науқастың медицина орындарына жүгінген кезде көмекті осы 3 жағдайда не үйде алуына болатыны айқын. Сондықтан медициналық көмектің науқасқа тағайындалған деңгейіне байланысты оны былайша бөлуге болады:
- амбулаториялық жағдайда емделетін науқас;
- стационарлық жағдайда емделетін науқас;
- стационарды алмастыратын жағдайда емделетін науқас. Ал оларды ықшамдап жазсақ, екі нұсқасы шығады:
- амбулатория жағдайындағы науқас;
- стационар жағдайындағы науқас;
- стационартиптес субьект жағдайындағы науқас;
немесе:
- амбулатория науқасы;
- стационар науқасы;
- стационартиптес субъект науқасы. Осы орайда ықшамдап берілген соңғы баламалар өзбек және түркі тілдерінде «statsionar bemor», «yatan hasta» деп қолданылады.
Осы нұсқалардың қолдау тауып, орнығып кетуі мүмкін баламасын анықтау үшін ұсынылған терминге байланысты сауалнамаға қатысуға шақырамыз.
Е.Асылбековтың ұсынысын да ескерген дұрыс: стационарда емделуші