ХХ ғасырдың 60-80-жылдарында терминдерді бектіу жұмыстары сол кездегі Терминком тарапынан жалғасын тауып отырды. Мемлекеттік терминология комиссиясының құрамы осы жылдар ішінде әлденеше рет жаңартылды. Терминком мүшелері ретінде әр жылдары қызмет еткен тұлғалар қатарында С.Бәйішев, Қ.Шәріпов, І.Кеңесбаев, Қ.Сағындықов, М.Балақаев, Ә.Қарағұлов, М.Қаратаев, Т.Мұсақұлов, О.Жәутіков, С.Аманжолов, Б.Бірімжанов, Ә.Сатыбалдиев, О.Құдышев, І.Жарылғапов, Ж.Смағұлов, Б.Қыдырбекұлы, А.Әбдірахманов, А.Бейсембаев, С.Байжанов, Х.Хасенов, Х.Тілемісов, Ә.Қайдаров т.б. есімдердің атауға болады. Аталған қоғам қайраткерлері мен ғалымдар терминологиялық жұмыстардың бірізді жүргізілуіне, сөздіктердің жарық көруіне, терминдердің қалың бұқара арасына таралуына тиісінше қызмет етті.
60-жылдары Мемтерминком құрамына тілші ғалымдарды көптеп тарта бастады, айталық, 30-жылдары Мемтерминком құрамында небәрі екі тілші болса, 60-жылдарда алты тілші комиссия құрамына енген. Мемтерминком, Тіл білімі инститиутының ат салысуымен көптеген жұмыстар да атқарылғаны шындық.
Көрсетілген мерзімде Мемтерминком жұмыстары мына бағыттарда жалғасын тапты: 1) терминологиялық сөздіктер шығару ісіне атсалысу; 2) жаңа терминдерді сұрыптап бекіту; 3) терминдерді қабылдаудың ғылыми қағидаларын жетілдіру; 4) бекітілген терминдері жұртшылық назарына ұсыну, БАҚ құралдары арқылы насихаттау ісі; 5) ономастикалық мәселелерді жүйелеу т.т.
1956 жыл мен 1962 жылдар бірнеше терминологиялық сөздік жарық көрді. Бұл сөздіктердің ішінде он екісі Терминком мәжілісінде қаралып, бекітілген. Қазіргі кезде бұл сөздіктер сирек кездесетін кітаптарға айналды десе болады. Қазірге дейін бұл сөздіктер мамандар тарапынан пайдаланылып келеді. Елуінші жылдардың аяқ шені мен алпысыншы жылдары тілімізге енгізілген өндірісті мамандандыру, жалпы табыс, жалпы заң, нақты еңбек тәрізді экономика ғылымдарының, қопарылыс, терістеуді терістеу заңы, біздік зат, өзіндік тап, сын және өзара сын, материяның алғашқылығы, сананың соңғылығы, байымдау тәрізді философия ғылымының терминдері осы мерзімде пайда болған тілдік қазына. Бұл терминдік қолданыстар әуел баста көптің көңіліне күдік тудырғанымен, келе-келе терминдік лексикамызға сіңісіп кетті.
Мемлекеттік терминология комиссиясының жұмыс ауқымы бір ғана терминдерді бекітумен шектелмейтіні белгілі. Сол кездегі Терминком мүшелері ономастикалық мәселелерге, яғни халық, ел атауларына, жер-су атауларына, тіпті көше атауларына дейін назар аударып отырды. Республикамызда орысша атаулар белең алған осы тұста мұндай белсенділік қажет еді. Барлық жағдайда болмаса да, ішінара тарихи мәні бар атаулар қайта оралды. Дереккөздерге сүйенсек, 1962 жылы 170-ке таяу халық пен ұлт есімдерін қарап, оның қазақ тіліндегі заңды жазылу нұсқасы бекітілген. Тіл білімі институтының ономастика бөлімінің картотекалық қорындағы еліміз бойынша бар 84 мың өзен, 42 мың көл, 25 мың елдімекен атауларын бірізді жазуға, қайсыбірінің бұрынғы атауын қайтаруға Мемтерминком ат салысты.
1969 жылы 3 тамызда Мемтерминком мәжілісі еліміздің сол кездегі астанасы Алматы қаласының көше атауларын бірізді жазуды қарастырған. Жалғыз ғана көше атаулары емес, маңдайшалардағы жазуларға, жарнамаларға мән берген.
Бұл мәселе кейін де жалғасын тауып отырған. Сол кездегі Терминком мүшесі А.Әбдірахмановтың дерегіне сүйенсек, комиссияның кезекті бір мәжілісінде Алматы қаласындағы 140-қа тарта көше мен 9 даңғыл атауы қарастырылған. Сонымен бірге «Балық шаруашылығы терминдерінің орысша-қазақша сөздігі» талқыланған. Сол мәжілісте бекітілген балық атаулары: карась – мөңке, лещ – табан, язь – ақ қайран, налим – лақа, анальное отверствие – анал тесік, сондай-ақ пруд – тоған, Алма-Атинское прудовое хозяйство – Алматы тоған шаруашылығы т.т.
Ал баспасөз бетінде жиі кездесетін терминдер мына түрде бекітілген: инструмент – аспап, инструментовка – аспаптау, сцена – сахна, инсценировать – сахналау, ритм – ырғақ, ритмичность – ырғақтық, ритмика – ритмика, структура – құрылым, структура, структура появы – топырақ құрылымы, структурная формула (химияда) – структуралық формула, инертный – салғырт, инертность – салғырттық, инертный газ – инерт газ, нейтральный – бейтарап, нейтральность – бейтараптық, нейтрализация – бейтараптылық, мастер – шебер, мастерская – шеберхана, мастер спорта – спорт шебері, мастер плавильного цеха – қорыту цехының шебері, граница – шек, шекара, кишки – ішек, струна – ішек, индийцы – үнділер, индейцы – үндістер, антик – антик (көне заман), древний – ежелгі, древность – ежелгі заман, система – система, жүйе, спутник – спутник, серік, алмаз – алмас.
Назар аударсақ, «ритм», «ритмичность» сөздері аударылған да, «ритмика» аударылмаған, мұның себебін соңғы атаудың ырғақ жөніндегі ілім атауы болуымен түсіндіреді (Әбдірахманов А. Терминдерді дұрыс қолданайық // Социалистік Қазақстан газеті, 1972, 28 қаңтар, №23).
60-80-жылдардағы Терминком жұмысының атап өтерлік бір тұсы – сол жылдардағы қазақ халқының мәдени тарихындағы ерекше маңызы болған Қазақ Совет Энциклопедиясының жарыққа шығуымен байланысты. Комиссия ғылым мен техниканың барлық саласында күнделікті қажеттілікті өтеуге жұмсалатын термин сөздерді саралап, сұрыптап шығуға атсалысқан. 60-жылдары басталып 70-80-жылдарда өріс алып отырған энциклопедия әзірлеу ісі тілге де көптеген игі жақтарын әкелді, айталық, қазақ тілі терминологиялық лексикасының дамып, қалыптасуына ықпал етті. Сан алуан ұғымдардың терминдік сипат алуына, сол арқылы тіліміздің ғылыми-техникалық өресін дами түсуіне көмектесті.
Энциклопедиялық сөздіктер әрбір ғылым саласына тән ұғым, түсініктердің атаулық терминдік тінін анықтауға, сөйтіп терминдік мәнді дұрыс қалыптастыруға негіз болады. Осындай саралау термин жасаудағы тілдік амал-тәсілдердің белсенділігін артыру арқылы көптеген ұғымдардың терминдік лексикада тиянақты қолданыс алуына мүмкіндік тудырғаны анық.
Сөз болып отырған мерзімде Терминком жұмысының бір парасы – «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігін» жаңартып бекітуге байланысты болды. Бұл шара Мемтерминкомның 1976 жылы бекітілген жаңа құрамымен іске асты. Нәтижесінде қазақ тілі орфографиясының сол кезеңдегі жай-күйі сараланып, кемшіліктерді жөндеуге мүмкіндік туды.
Академик Ө.Айтбаев өз еңбегінде, Мемлекеттік терминология комиссиясы құрылғалы қыруар шаруа істелгендігін атай отырып, 1972 жыл мен 1981 жылдар аралығында Терминком тарапынан 84 мәжіліс өткізілгені және екі мыңнан терминдер мен терминдік мәндегі тіркестер бекітілгендігін көрсеткен.
Мемтерминком жұмысы көрсетілген мерзімде дағдарысқа да ұшырап отырған, мысалы, 1981-83 жылдары «үзіліс болғандығын» зерттеушілеріміз атайды. Ө.Айтбаевтың көрсетуінше, Мемтерминком мәжілісінде нақты мәселені ғылыми дәйекті іскерлікпен талдамау, тиянақты тұжырымдардың болмауы осыған әкеп соққан [6, 110-б.].
1984 жылы Терминком бекітілген жаңа құрамда (сол кездегі Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 184 жылғы 7 ақпандағы №66 Қаулысы) жұмысын жалғастыруға мүмкіндік алды. Мемтерминком жанынан алты терминологиялық секция құрылды. Осындай секциялар құру арқылы терминологиялық жұмыстардың жүйелілігін қаматамсыз етуге болатындығы Мемтерминком Ережесінде атап көрсетілді. Сала мамандарына үлкен жауапкершілік артылды. Өйткені терминді жасайтын, оны қажет етіп, күнделікті тірлігінде үздіксіз қолданатын мамандар.
Осы мерзімдегі Мемтерминком қызметіндегі жаңалықтың бірі – Бақылау тобы аталған жетінші секцияның болуы. Бұл топтың негізгі міндеті – бекітілген терминдер мен номенклатуралық атаулардың бекітілгеннен кейінгі қолданысын бақылау болды.
Қорыта келгенде, 60-80-жылдардағы Терминком жұмысы өз кезеңіне сәйкес түрлі қиындықтармен, жаңалықтармен жалғасын тапты. Оның басты міндеті – ғылым мен техника салалары бойынша жасалған терминологиялық сөздіктерді жүйелі түрде талқылап, мақұлдау; терминологиялық сөздіктердің орысша-қазақша және керісінше, сондай-ақ түсіндірме түрлерін баспаға әзірлеп шығару; номенклатуралық атауларға, техника, мекеме атаулары, маңдайшадағы жазулар, жарнама мен хабарламаларға, жер-су, көше атауларына мән беріп, оларды реттеу т.б. болды.