Қазақ тіліндегі техникалық терминдердің лексикографиялық сипаты

Қазақ тіліндегі техникалық терминдердің лексикографиялық сипаты

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясының ұлғаюы, жазуымыздың латын графикасына көшуі, ұлт тілінің ғылым мен техника саласына дендеп енуіне байланысты қазақ тілінде жасалған терминдерге қажеттілік артып отыр. Осы ретте тілшілер мен сала мамандары түрлі саланың терминологиялық жүйесін зерттеуге баса ден қойып келеді. Бұл жұмыстар терминологияны жүйелендірудің нақты лингвистикалық әдіс-тәсілдерін ұсынып, терминдік бірліктерді біріздендіруге бағытталған.

Бұл мақалада біз техниканың машинажасау саласы терминдерін лексикографиялық тұрғыдан сипаттаудың мүмкіндіктері мен қажеттілігі туралы сөз қозғауды мақсат етіп отырмыз. Зерттеудің материалы ретінде  мақала авторы орыс тілінен қазақ тіліне аудару жұмысына қатысқан кәсіптік орта білім беру бағдарламасын жүзеге асыратын білім беру мекемелерінің оқу үдерісінде оқулық ретінде пайдалану үшін дайындалған «Жол және құрылыс машиналарына техникалық қызмет көрсету мен жөндеуді жүргізу» оқулығы және оны аудару барысында қолданылған екітілді терминологиялық сөздіктер алынды.

Терминологияны лексикографиялық тұрғыдан сипаттау бірнеше кезеңді қамтитын арнаулы сөздік құрастыру үдерісінде анық көрінеді. Сөздік құрастыру үдерісін бірегейлендіру мен алгоритмдеу мәселелері туралы пікірлер А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, Н. Қаратышқанұлы еңбектерінен бастау алып, Ш. Сарыбаев, Ө. Айтбаев, Ш. Құрманбайұлы, Е. Әбдірәсілов,      М. Малбақов т.б. зерттеулерінде жалғасын тапты. Жалпы тіл біліміндегі                  С. В. Гриневтің, К. Я. Авербухтың, А. С. Гердтің, В. М. Лейчиктің,                         В. В. Дубичинскийдің жұмыстары да осы тақырыпты жан-жақты сөз етеді. Осы ғалымдардың тұжырымдарына сүйене отырып, сөздік жасаудың бастапқы теориялық сараптау кезеңін қамтитын бөлікке а) осы мәселе бойынша жазылған монография, оқу құралдарын, нормативтік құжаттарды, ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалаларды; ә) сөздік қолданушылардың сұранысын зерттеуді; б) лексикографиялық дереккөздердің, яғни қолданыстағы екітілді, көптілді арнаулы сөздіктерді талдауды жатқызамыз. Басқаша айтқанда, білім саласындағы эволюция, оның дамуы осы білімнің берілу тәсілдерінің эволюциясы мен өзгеруі арқылы анықталады, яғни арнаулы мәтіндер деңгейіндегі өзгерістер өлшемге алынады.       

Жалпы терминография ұғымы тек терминологиялық сөздіктерді ғана қамтымайды, сөздіктер терминографияның басты бөлігі, бұған қоса терминдерді жүйелеп, біріздендіріп, қолданысқа енгізу жұмыстары да кіреді. «Жаңа терминдердің берілуінде оқулықтар мен оқу құралдарының да терминографиядағы орнын ұмытпаған дұрыс. Оқулықтар – терминдерді салалық ғылыми жүйеге сәйкес реттеп көрсететін әрі оларды нақты ғылыми мәтін ішінде қолдана отырып сұрыптайтын терминографиялық еңбек» [1].       Е. Әбдірәсілов қазақ тіліне енген терминдер мен атаулардың қалыптасуы, сұрыпталуы, реттелуі тұрғысынан қазіргі сөздіктердің рөлін атқарған ұлт тіліндегі алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарының маңызын ерекше атап өтеді. «Мұндай оқулықтардың қатарына М. Дулатовтың «Есеп құралын» (Орынбор, 1918), К. Жәленовтың «Есеп тану» (Ташкент, 1923), Ж. Күдериннің «Өсімдіктану» (Қызылорда, 1927), С. Қожановтың «Есептану құралы» (Ташкент, 1924) т.б. еңбектерді атап, оларды алғашқы кезеңдегі терминографияның бірқатар қызметтерін атқарған жұмыстар ретінде тануға толық негіз бар» [1].

Ұлт тіліндегі терминдер ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ тілді баспасөз беттері мен ана тілімізде басылып шыққан алғашқы оқулықтардан бастау алады. Осындай кітаптар қатарында «Афат яки холера əңгімесі» (1905), «Қышыманың турасында» (1906), «Адамның чумасы турасында» (1911), «Чечек еккендегі бірнече ақыл» (1914) т.б. еңбектерді танимыз [2; 168,169]. Ғалым Ө. Айтбайұлы жиырмасыншы ғасырдың басын түрлі ғылым саласына қатысты еңбектердің қазақ тіліне аударылу жұмыстарының жандануы кезеңі ретінде көрсетеді [2, 169].

Осы кезеңде ұлт тілінде терминжасау ісіне өлшеусіз үлес қосқан еңбектер қатарында А. Байтұрсыновтың 1912–1928 жылдардағы жарық көрген тіл білімі саласындағы еңбектерін, М. Жұмабаевтың «Педагогикасын (баланы тəрбия қылу жолдары)» (1922),      Х. Досмұхамедовтің «Жануарларын» (1922), «Табиғаттануын» (1922), Е. Омаровтың «Пішіндемесін» (1924), Ж. Аймауытовтың «Тəрбие жетекшісін» (1924), «Психологиясын» (1926),       Қ. Кемеңгерұлының «Химиясын» т.б. атауға болады.

Ал енді мақаламыздың басты мәселесі – техникалық терминдердің, оның ішінде машинажасау терминдерінің қалыптасуына келетін болсақ, бұл ретте 1958 жылы шыққан «Машинатану жөнінен жетекші құрал» оқулығы мен 1966 жылы жарық көрген «Машинатану» кітабы туралы айтуға болады. Бірінші аталған еңбекте  күш, дөңгелек, жүріс бөлігі, жетектеуіш, серіппе, оталдыру, қоспа, қуат, үйкеліс, майлау, жұдырықша, өзекше, сырға сияқты кейбір терминдер ғана аударылған, ал үрлегіш, айдағыш (компрессор), бобышки (күшейтілген ойықтар), қалқандар (перегородки), төсем (прокладка), шплинт (мұрындық), жақтар (щеки), ілініс қабы (кожух), жағар май (смазка), қалыптар (колодкалар) т.б. атауларының екі тілдегі нұсқасы қатар берілген. «Машинатану» оқулығында да кей терминдер қазақ тіліндегі нұсқасымен бірге берілген, мысалы, топса (шарнир), төлке (втулка), тірек (подшипник) және т.б. Сөз боп отырған екі еңбекте де сүргілеу, бұрғылау, сору, оталдыру тəрізді төл сөздерден жасалған етістік тұлғалы терминдер де кездеседі.

 

 

Ғылыми ортада алғашқы терминологиялық сөздіктер қатарында танылатын Н. Қаратышқанұлының «Пəн сөздері» сөздігі және «Атаулар сөздігі» кітабы терминография тарихында маңызды орын алады. Бұл сөздіктерде машинажасау саласына қатысты құрал, кемер (борт), жетек (буксир), бұранда (винт), серіппе (пружина), тығырық (гайка), бөгет (дамба), тартар, қозғаушы (двигатель), ұршық (катушка), қорландырғыш (конденсатор), шүлдік (ось), бұранда кілт, бетін ашқыш (отвертка), іскек (поршень), бұрау, бастырық (рычаг), ілініс (сцепление), тасу құралы, көлік (транспорт) сияқты көптеген төл сөздерден жасалған техникалық терминдермен қатар аптамабл, арматыр, әспалт, бəк, бөренке, бемпел, енженер, мəшине, тірес сияқты фонетикалық өзгеріске ұшырау арқылы қалыптасқан терминдер тіркелген. Осындай екі сөздікте де ұшырасатын терминдермен қатар «Атаулар сөздігінде» қозғаушы (двигатель), тəптіш (деталь), табақша (диск), сайман (инструмент), шапқыш (косилка), көпсіткіш (лущильник), піспек (поршень), бұрау (рычаг), сепкіш (сеялка), сүзгі (фильтр), шынжыр (цепь) секілді жаңа атаулар бар [3, 4]. Екі сөздікте де кездесетін терминдер ішінен сайман, бөгет, серіппе, көлік, сүзгі сияқты көптеген атаулар қазіргі тілімізде термин ретінде тұрақтанып қалған.

Осыларға қоса ХХ ғасырдың 30-жылдары жарық көрген «Политехникелік мектепте електір жұмысы» (1931), «Отсыз жарық» (1932), «Техникалық насихат жəне оны ұйымдастыру» (1933), «Электрді шала білетіндерге көмекші» (1934), «Орта Азия Республикелерінің енергетике жəне ауыр өнерлі кəсібі» (1934), «Қимиа шабуылы» (1934), «Ғажайып сай» (1935), «Ауыл шаруашылық мəшинелері мен құралдары» (1936) сияқты кітаптарда да машинажасау саласына қатысты терминдік сөздер мен атаулар кездеседі.  

Мақаламыздың зерттеу материалы ретінде алынып отырған «Жол және құрылыс машиналарына техникалық қызмет көрсету мен жөндеуді жүргізу» оқулығын аудару барысында «Техникалық терминдер сөздігі» (2009 ж.), «Машинажасау саласына қатысты қазақша-орысша орысша-қазақша терминологиялық сөздік» (2001 ж.) және «Машинажасау саласына қатысты қазақша-орысша орысша-қазақша терминологиялық сөздік» (2014 ж.) қолданылды.

Аударма жасау барысында машинажасау саласы терминдерінің қазақ тіліндегі нұсқалары аталған сөздіктерде айтарлықтай бірдей екендігін атап өту керек, яғни техникалық терминологияның осы саласының ұлт тіліндегі терминдері барынша бір ізге түсіп, қалыптасқанын байқаймыз. Мысалы,  «Қозғалтқыштың иінді білігінен піспектің қашықтығы ең үлкен болатын піспектің цилиндрдегі орны жоғары өлі нүкте деп аталады (Положение поршня в цилиндре, при котором расстояние его от оси коленчатого вала двигателя является наибольшим, называется верхней мертвой точкой)», «Беріліс қорабы – жетекші дөңгелектердегі тарту күші мен көлік қозғалысы жылдамдығын өзгертуге арналған құрастырушы бірліктер құрылғысы (Коробка передач — устройство сборочной единицы для изменения тяговых усилий на ведущих колесах и скорости движения машины)», «Қайырма бульдозердің жұмыс жабдығы болып табылады, ол қатты, топсалы итергіш білеулерден жасалады. Екінші типті гидроқиғаш тіреудің топсалы итергіш білеулері болады (Рабочим оборудованием бульдозера является отвал который бывает с жесткими и шарнирными толкающими брусьями. Гидрораскос второго типа имеет толкающие брусья с шарнирами)», «Өздігінен жүретін тығыздағыштардың жұмыс органдарының (қозғалтқыш) қызметін жүріс бөлігінің біліктері (жүріс құрылғысы) орындайды (Функции рабочих органов самоходных катков (движителей) выполняют вальцы ходовой части (ходового устройства)» сөйлемдеріндегі иінді білік, піспек, беріліс қорабы,қайырма,топса, білеу сияқты терминдер пайдаланылған үш сөздікте бірдей берілген, ал соңғы мысалдағы самоходный каток сөзі 31-томдық сөздікте өздігінен жүретін аунақ, каток сөзінің өзі 2014 жылғы сөздікте аунақ, ал 2009 жылғы сөздікте тығыздағыш, тығыздауыш, аунақ нұсқаларымен берілген. Осы мысалдардағы гидрораскос терминін  үш сөздіктен де кездестірмегендіктен, раскос сөзінің қиғаш тірек/тіреу аудармасын және гидро- сөзімен жасалған терминдердің бірінші бөлігі аталған сөздіктерде аударылмай берілгенін негізге ала отырып, гидроқиғаш тіреу деп аудардық. Дегенмен сөздіктерде көпнұсқалық жиі кездеседі, мысалы, муфта атауының муфта, белдірен, жалғастырғыш, рама сөзінің рама, жақтау, қаңқа нұсқалары қатар берілген. Бір терминнің әр сөздікте әртүрлі берілуі, жарыспалылық – қазіргі қазақ терминжасамындағы өзекті мәселелердің бірі. Осы ретте Ә. Насыритдинованың техникалық терминдерді қазақ тілінде жасау кезінде кездесетін қателіктерді жіктеуін келтірейік. Ғалымның көрсетуінше, бұл кемшіліктерге мыналар жатады: «1. Бір терминнің екі сөздікте екі түрлі берілуі; 2. Бір-бірімен тығыз байланысты ұғым атауларын терминологиядағы жүйелілікті сақтамай аудару: - жеке термин ретіндегі аудармасы бір басқа, ал күрделі термин құрамындағы аудармасы бір басқа терминдер; - бірде аударылып, бірде аударылмай берілген терминдер; 2.1 жұрнақтардың дұрыс аударылмауы, мұның өзін екіге бөліп қарастыруға болады: - орыс тіліндегі әр түрлі жұрнақтардың қазақ тілінде бір ғана жұрнақпен берілуі; - керісінше, орыс тіліндегі бір жұрнақтың қазақ тілінде әртүрлі нұсқада берілуі; 1. Аудармасы күмән туғызатын терминдер; 2. Сөздіктерде аталым ретінде берілмеген терминдер; 3. Аударуды қажет етпейтін терминдерді қазақшалаудан туған қателіктер» [5].  Осы ретте профессор Ш. Құрманбайұлы көрсеткен жалпы қазақ терминжасамында орын алып жүрген тіліміздегі сөз тудырушы жұрнақтар терминжасам барысында орнымен жұмсалмауы, тіліміздің әртүрлі лексикалық қабаттарына жататын сөздер термин шығармашылығында ұтымды пайдаланылмауы, бір ғылыми ұғымның оқулықтар мен оқу құралдарында, терминологиялық сөздіктерде сол еңбектердің авторларының қалауынша түрліше аталып, жарыспалылыққа шектен тыс көп жол берілуі, бір-бірімен тығыз байланысты ұғым атауларын терминологиядағы жүйелілікті сақтамай аудару сияқты кемшіліктер [6, 99-104] машинажасау терминологиясына да тән екендігін айта кету керек.

Аударма жасау барысында машинажасау терминдері көбінесе аналитикалық тəсілмен жасалғаны байқалды, мысалы, а) зат есім+ туынды зат есім: жоңқаопырғыш, деңгейөлшегіш, ылғалбөлгіш т.б.; ә) сан есім+зат есім: алтыбұрыш, біртектілік, үшөлшемділік, үштармақ т.б.; б) сын есім+зат есім: бұрамашеге, бірікпеұстатқыш, иректүтік т.б.; в) зат есім+етістік: тіссүргілеу, білдекжасау, машинажасау т.б. Келесі топқа сөздің бірігуі арқылы жасалған терминдерді жатқызамыз, мысалы, а) түбір сөз+түбір сөз: мойынтірек, иінтірек, сымкөз т.б.; ә)  түбір сөз+туынды сөз: буоқшаулағыш, дірілөлшеуіш, жүккөтергіш, біршөмішті т.б.; б) төл сөз+халықаралық атау: автотиегіш, автоаударғыш, пневможетек, термоқыздырғыш, турбосығымдағыш т.б.  

Терминологиялық жұмыстар кезінде терминдерді реттеу маңызды рөл атқарады. Э. Карапетьянның пікірінше, бұл жұмыс терминді іріктеуден басталып, келесі кезеңдерді қамтиды: осы саладағы ұғымдарды жіктеу; терминологияны талдау, бұл терминжасамның барынша тиімді тәсілдері мен үлгілерін анықтауға мүмкіндік береді; терминдерді қалыптастыру, оның екі жағы бар: біріншісі – терминдерді реттеуге бағытталған бірегейлендіру жұмыстары, екіншісі – терминнің тиімді формасын таңдауға мүмкіндік беретін оңтайландыру жұмыстары; жасалған терминдерді кодтау, яғни оларды нормативтік сөздік түрінде ресімдеу [7].

Терминдер арнаулы ғылыми және техникалық ұғымдарды білдіретін, мағыналық тұрғыдан дәл (сөздікте анықтамасы берілген), жүйелілік тән (ғылым дамуы үдерісінде пайда болатын ұғымдарды бейнелейді), терминжасамға жарамды (туынды терминдер жасалады, терминологиялық тіркестерде қолданылады), ықшам, қолданысқа ыңғайлы тілдік бірліктер, сондықтан терминдер затты атап қана қоймай, ол туралы хабар беруі, яғни коммуникативтік қызметті де атқаруы тиіс. Ғылым мен техниканың белгілі саласы үшін оқулықтар мен оқу құралдарын құрастыру барысында терминнің осы қызметінің маңызы зор.

Пайдаланылған әдебиеттер 

  1. Әбдірәсілов Е. Қазақ терминографиясының тарихындағы «Алаш» кезеңі //http://www.zox.kz/load/aza_tili/aza_terminografijasyny_tarikhynda_y_alash_keze_i/15-1-0-568
  2. Айтбайұлы Ө. Қазақ сөзі (қазақ терминологиясының негіздері). — Алматы: Рауан, 1997. — 240 б.
  3. Қаратышқанов Н. Пән сөздері (1927). Алматы: Ер-Дәулет, 2004. – 128 б.
  4. Атаулар сөздігі. Алматы: «Сөздік-Словарь», 2004. – 184 б.
  5. Насыритдинова Ә. Техникалық терминдер сөздіктеріндегі бірізділік қағидасының сақталу мәселесі //

 http://library.wksu.kz/dmdocuments/Насыритдинова%20А.Н..pdf

  1. Құрманбайұлы Ш. Терминтану (оқу құралы). – Астана, 2009. – 159 б.
  2. Карапетьян А. Э. Терминосистема танца в англиіском и русском языках // http://cheloveknauka.com/terminosistema-tantsa-v-angliyskom-i-russkom-yazykah.