Терминдерді қалай дұрыс біріздендіреміз?

Терминдерді қалай дұрыс біріздендіреміз?

ТҮЙІН: Мақала терминдерді біріздендіру, реттеу, терминдердің белгілейтін ұғымдарына толық сәйкес келуін іздеуге жұмыстар жүргізуге арналған. Мақалада терминологиялық сөздіктердегі, мерзімді баспасөздегі терминдердің бірізділік жағдайы қарастырылады. Терминдерді біріздендірудің көлбеу және тік жолдары көрсетіледі. Терминдерді біріздендірудегі Терминкомның рөлі сөз болады.

РЕЗЮМЕ: Статья посвещена к проведению работ по выялению унификации, упорядочении терминов, полной соответствии терминов к обозначемым понятиям. В статье рассмотриваются состояния унификации терминов в терминологических словарях и в периодических изданиях. Представляется горизонтальные и вертикальные пути унификации терминов. Рассказывается о роли Терминкома в унификации терминов.

SUMMARY: Аrticle is devoted to the work on the identification of unification, the ordering of terms, the full correspondence of terms to the notable concepts. The article, the state of the unification of terms in terminological dictionaries and in periodicals is considered. Horizontal and vertical ways of unification of terms are presented. Describes the role of Thermincola in unification of terms.

Ключевые слова: унификация, упорядочение, терминообразование, терминологические работы, пути унификации

Key words: unification, streamlining, term formation, terminology work, ways of unification

Терминологияны  бұрыс, жүйесіз құру, оны  мұқият және ретті қолданбау салдарынан пайда болған терминологияның қанағаттанарсыз жағдайы кейіннен кейде практикалық қателерге алып келеді, күмәнді және қате түсініктер жасауға ықпал етеді, оқырманнан артық уақыт пен еңбек шығынын талап етеді. Терминологияны реттеу жөніндегі жұмыстар терминология жұмыстары қағидаттарының тиісті білімдерінсіз орындалған жағдайда қажетті нәтиже бермейді.

«Терминологияның тағы бір кемшілігіне бір түсінікке бірнеше терминді қолдану (терминдер синонимиясы) болып табылады. Термин-синонимдерге мынадай мысалдар келтіруге болады: «жанды күш» және «кинетикалық энергия», «күштер жүйесінің бас векторы» және «қорытындылаушы күш» (теориялық механика), «көлденең күш», «кесу күші», «үгілу (жарылу) күші», «ығыстыру күші», «қиюшы күш» (құрылыс механикасы). Жалпы тіл сөздерінің көпмағыналылығы мен синонимиясы тілдің икемділігі мен байлығына ықпал етіп, заңдылық құбылыс болған жағдайда терминдердің көпмағыналығы мен синонимиясы терминологияның елеулі кемшілігі саналады. Көпмағыналы терминдер терминологияның дәлсіздігін тудырады, практикалық қателерге әкелуі мүмкін, ал термин-синонимдер терминологияны қажетсіз баяулатады, мамандар арасында бір-бірін түсінбеушілікке, ерекше терминологиялық диалектілердің тууына алып келеді» [1; 4].

Терминологияны біріздендіру барлық аталған кемшіліктерді жоюды мақсат етеді. Бұл кемшіліктерді кейбір сәтсіз терминдерді  қарастырып және оларды басқаларымен ауыстырумен шешуге болмайды. Белгілі бір саланың терминологиясын біріздендіру үшін  белгілі бір пәннің түсініктер жүйесіне сәйкес келетін терминдерді жүйеге келтіру қажет.

Көптеген пәндерде түсініктер жүйесі жоқ болғандықтан, терминологияны біріздендіру жұмысын да аталған пәнді түсініктер жүйесіне, яғни, олардың арасында байланыс орнату, топтастыру мен анықтамалар құрудан бастауға тура келеді.

«Сондықтан, терминологияны біріздендіру мен әзірлеу бойынша сәтті жұмыс үшін, жалпыдан жалқыға бару үшін, жалпы (түрлік) ұғыммен бірге (мысалы, коррозия) сол түсініктің түрлеріне (химиялық коррозия және электорхимиялық коррозия), ішкі түрлерге (газдық, сұйық, атмосфералық, топырақтық), топтарға және т.б. бөлінуін беру арқылы түсініктердің ғылыми негізделген топтастырылуы мейлінше қажет» [1; 5].

Әдетте сөздіктерде бірізділік қағидасы, яғни, сөзтізбедегі тірек сөз (түбір сөз) қалай аударылып берілсе, одан жасалған туынды сөздер де сол негізді сақтап тәржімеленіп (ұялату әдісімен) берілгені дұрыс. Сонда терминдердегі бірізділік, реттілік сақталады  әрі сөздіктен кез келген сөзді іздеген адам бірден тауып алады. Ал бір орысша сөз бірнеше нұсқада немесе оның туынды түбірі басқа сөзбен аударылып берілсе, нағыз шатасу орын алады да негізгі сөздің туынды түбірінің қалай аударылғанын табу қиындық тудырып жатады. Тағы айтарым: «орыс тіліндегі бір сөзге қазақ тілінен бір ғана сөзнұсқа беру» қағидасы сақталса, сөздік қорымыз да байитын еді әрі сөздерді сөздіктерден ешқандай қиындықсыз тауып алуға болар еді.

Ғылыми атақтарды біріздендіру жайында ғалым М.Серғалиев: ... баспасөз беттерінде «педагогика ғылымдарының докторы», «психология ғылымдарының кандидаты» деу қазақ тілінің заңдылықтарын сақтамағандық болады. Бірде автордың дәрежесі «педагогикалық ғылымның докторы» деп те жазылды. Қазақ тілінде көптік мағынаны сөздің жекеше тұрған күйімен де беруге болады. Сондықтан педагогика ғылымы (ғылымдары емес) академиясы», «психология ғылымының (ғылымдары емес) докторы» түріндегі атауларды қалыптастырған мақұл»,- дейді [2; 56].

Бүгінге дейін терминдерді жазуда да ала-құлалық сақталып келеді. Термин қолданыстағы бірізділіктің жоқтығы жайында жиырмасыншы жылдары Сәкен Сейфуллин «Оқу-білім майданында» мақаласында бір адамдар «Халық ағарту комиссариаты» деп жазса, басқалары «Оқу халық комиссариаты» деп жазатынын, бұл атауды ретке келтіру қажет екенін айтады [3; 67].

1991 жылы «Аламан» жинағын құрастырушылар «Бұқарадағы Көгілташ медресесенің салынуы туралы әпсана» деп тақырып  қойып, кітап соңындағы түсінікте предание – аңыз деп көрсетіпті. Х. Досмұхамедұлы мұны «В.В. Бартольду-Туркестанские друзья и почитатели» жинағында «легенда» түрінде берген [4; 193-196].

Ғалым С. Қасқабасов қазақ фольклорын жүйелеу, біріздендіру барысында «легенда» ұғымына «әпсана-хикаят» терминнін алуды жөн санайды. Әпсана-хикаяттың мақсаты – баяғыда болған не болатын бір керемет оқиғаның әрекетті немесе жағдайды көркемдей баяндау арқылы тыңдаушыға ғибрат беру [5; 153-154].

«Термин шығармашылығы кезінде жарыса қолданылып жүрген баламалардың біріне тоқталып, оны арнаулы ұғымның атауы ретінде терминологиялық лексикада тұрақтандыру процесін біріздендіру деп түсінетініміз белгілі. Біріздендіру жұмысы, ең алдымен, ұғым мазмұнын дәл бермейтін, терминге қойылатын талаптарға сай келмейтін атаулардан арылып, сәтсіз жасалған баламалар мен терминологияда ретсіздік туғызып, жарыса қолданылып жүрген нұсқаларды сараптан өткізіп, солардың  бірін тілде орнықтырудан бастау алуға тиіс» [6; 124-б.].

Біріздендіру(унификация) – әртүрлі ұлттық тілдердегі терминдермен аталатын ғылыми және техникалық ұғымдардың сәйкес келуі.

Тілдегі сөздерді сөздіктерде бірізді берудің мынадай екі жолы болуы қажет:

1. Көлбеу (горизонталды) біріздендіру. Біріздендірудің бұл түрі бойынша аударылған кірме сөзге берілген бірнеше жарыспалы нұсқаның Терминком қабылдағанын ғана сөздікте беру. Ол былайша қолданыс табады:

Публицистика публицистика, беренсөз, замансөз, қоғамсөз, көсемсөз, мәндісөз, немесе

Принцип – принцип, қағидат, қағида, ұстаным

2. Тік ( вертикалды) біріздендіру. Бұл біріздендіру жолы бойынша аударылып берілген кірме сөздің түбірлес сөзі де, ол сөз қатысқан тіркес сөз де негіз сөз қалай аударылса, сол нұсқада аударылуы қажет. Бұл жағдайда да Терминком бекіткен нұсқа алынуы қажет. Ол мынадай көрініс табады:

Публицистический публицистикалық, беренсөздік, замансөздік, қоғамсөздік, көсемсөздік, мәндісөздік.

Публицистика информационная ақпараттық публицистика, ақпараттық көсемсөз

Публицистика художественная көркем публицистика, көркем көсемсөз

Публицистический рассказ публицистикалық әңгіме, көсемсөздік әңгіме

Публицистическая повесть – публицистикалық хикаят, көсемсөздік хикаят, немесе

Принципиальный – принципті, қағидатты, қағидалы, ұстанымды

Принцип абстракции – абстракция қағидаты, абстракция принципі, абстракция қағидасы, абстракция ұстанымы

Принцип двухзначности – қайшылық қағидаты, қайшылық принципі, қайшылық қағидасы, қайшылық ұстанымы

Ескерту: мұнда белгіленген сөз терминком бекіткен нұсқа саналады, сондықтан сөз қолданыста, сөздіктерде сол термин ғана қолданылуы тиіс және басқа жарыспалы сөздерді берудің еш қажеті жоқ.

Жалпы біріздендіру жұмысы терминді Терминком бекіткенге дейін жүргізілуі қажет. Ол үшін мынадай жұмыстар жүргізілуі тиіс:

- терминологияның бұған дейінгі сандаған принциптерін жинақтап, нақты да тиімді, заман, қоғам талабына, сұранысына сай саны ықшамды қағидаттар жасау;

- Терминком терминді бекіткенге дейін талқылайтын ғылыми-әлеуметтік орта қалыптастыру;

- біріздендіру жұмысын Терминком бекіткенге дейін жүргізуді, яғни Терминкомның тек бірізденген сөзді (терминді) бекітуін іске асыру;

- Терминком бекіткен терминдер мен атауларды мерзімді баспасөзде жиі жариялап тұру ісін жолға қою;

- бекітілген терминдерді насихаттау жұмыстарымен айналысу;

- Терминком бекіткен терминдердің тек ғылым саласында, ғылыми стильде ғана қолданылуын қадағалау, яғни терминқолданыста жарыспалылықтың, синонимділіктің, көпмағыналалықтың, қарапайым немесе жаргон сөздердің болмауын назарда ұстау;

- жарыспалылық, синонимділік,  көпмағыналылық тек қана көркем әдеби, ауызекі, т.б. тілде қолданылатыны жайлы түсінік жұмыстарын жүргізу;

- мемлекеттік органдардан, мекемелерден, жарнама иелерінен терминдерді дұрыс жазу, қолдануды талап ету.

Туыстар түркі тілдерден терминалмасу, түркі тілдестердің бірыңғай ортақ терминологиялық қорын қалыптастыру, туыс тілдер арасындағы терминдерді біріздендіру ісімен шұғылдану да  –  заман талабы.

Бұл жұмыстартарды жүзеге асыру үшін Терминкомның құзыретін арттыру керек. Терминком тек терминдерді бекітіп, реттеп отыратын ғана емес, солардың дұрыс қолданылуын бақылап отыратын да орган болуы қажет. Және де термин шығармашылығымен айналып жүрген ғалымдар сол Терминкомның мүшесі болуға тиіс. Ол мүшелер әр аймақта, жергілікті жердегі іс қағаздарында, жарнамаларда, БАҚ-тарда, т.б. терминдердің Терминком бекіткен нұсқаларының қолданылыуын, термин қолданысында жарыспалылықтың болмауын талап етуге құқылы болғаны жөн.

Соңғы жылдары аударылған немесе жасалынған терминдердің көпшілігі тілімізге сіңісіп кетті, ал кейбірі жалпы қолданысқа түсе алмады. Кезінде терминжасам процесінде асығыстыққа, науқаншылыққа да жол берілді. Терминге қатысы жоқ, маманданбаған адамдар термин шығармашылығымен айналысып кетті. Ағымдағы жылы Елбасы бас болып, жалпы қазақ қоғамы мен Терминком қостап бұрынғы, кейбір терминдердің халықаралық атауын қайта қайтару жайы сөз болуда. Бұған байланысты «Терминком kz» порталының мәліметі мынадай:

- 1971-1991 жылдары бекітілген терминдер саны – 2748 (оның ішінде шет тілдік атауы сақталғаны – 41.0 %, қазақ тіліне аударылғаны – 19.7 %, шет тілі және қазақ тілі сөзінің араласқаны – 39.3 %

- 1992-2016 жылдар аралығында бекітілген терминдер саны – 15963 (оның ішінде шет тілді атауы сақталғаны – 35.3 %, қазақ тіліне аударылғаны – 23.3 %, шет тілі және қазақ тілі сөзінің араласқаны – 41.4 %;

- тек соңғы жылдары терминком 8000 мың жаңа термин бекіткен.

Бұл мәліметтерді мынадай диаграммада көрсетуге болады:

Аталған мәліметте Терминком фонтан,  фортепиано, хирург, композитор, балкон ретінде бекіткен терминдердің халық арасында, тиісінше, субұрқақ (бұрқақ, шаптырма), күйсандық, оташы, сазгер, қылтима болып қолданылып жүргені сөз болады. Бұл типтегі сөздер енді қайта қаралады делінген. Бұрын қазақ тіліне мұрағат, мұражай, мәселе, үдеріс, апат болып аударылған архив, музей, проблема, процесс, авария сөздеріне бұрынғы халықаралық атауы қайта қайтарылып бекітілді. Сонымен қатар, Терминком бекіткен, мысалы, ұйық (носки), компас (құбылнама), көзек (глазок),  салпыншақ (брелок), тәсім (схема) сынды көптеген атаулар  халық арасында қолданыс таппағаны, оларды қайта қарастыру қажетттігі айтылған. Сондай-ақ, ағымдағы жылы әнұран (гимн), пайыз (процент), иегер (лауреат) сөздерінің де қайта талқыланатыны хабарланған. Сонымен, тәуелсіздік жылдары қазақ тіліне аударылған біршама сөздерге халықаралық атауы қайта берілетін болады. Бұдан терминжасамда кезінде науқаншылыққа, асығыстыққа жол берілгіндігі байқалады.

Тілдегі сөздерді қолдануда ғылыми стил мен көркем әдебиет, ауызекі, т.б. стилдер қоланылатыны белгілі. Олай болса, ғылыми стилде тек Терминком бекіткен терминдер ғана қолданылуы қажет, өйткені терминге жарыспалылық, синонимділік  –  жат нәрсе. Ал бұл ұғымдар тек көркем әдебиет, ауызекі және т.б. стилдерде қоданылылуы заңды құбылыс болуы тиіс, өйткені жарыспалылық, синонимділік, көпмағыналылық әдеби тілдің сөздік қорын байытып, терминжасаудың негізгі көзі саналады, Мұнда әдеби тілден терминге өту үрдісі жүретін болады. Әдеби тілінде синоним, жарыспалы сөздер неғұрлым көп тілдер бай тіл болып саналады. Ендеше, ол сөздердің термин болу, терминдену мүмкіндігі жоғары. Сонда біздің айтарымыз, ғылым тілінде, ғылыми стилде тек Терминком бекіткен сөз ғана қолданылауы керек те, сөздердің жарыспалы нұсқалары, синонимдер, көп мағыналы сөздер басқа әдеби стилдерде (көркем әдебиет, іс-қағаздары, ауызекі) қолданыла берілуі қажет.

Мысалы, публицистика сөзін Терминком публицистика ретінде бекітсе де, оның әдеби және ауызекі, т.б. тілде беренсөз, замансөз, қоғамсөз, көсемсөз, мәндісөз жарыспалы нұсқалары (әсересе, жазушылар, журналистер арасында айтылатын «көсемсөз» сөзі) құлаққа жағымды да естіледі, сөзжасам талаптарына да сай, жиі қолданылады әрі ол заңды да. Өйткені, тіл –  тұтынушысы бар жанды құбылыс іспетті.Бұл сөздердің де бірін келешекте терминком публицистика сөзінің аудармасы, яғни термин сөз ретінде бекітуі де мүмкін. Олай болса, терминком бекіткен сөз ғылыми стилде, ал бекітпеген өзге жарыспалы сөздер басқа стилдерде қолданыла берілуі - үздіксіз процесс.

Әдеби тіл сөздерінен өзге тілде қарапайым, арго, жаргон сөздер бары да рас. Бүгінде ауызекі тілде қолданылып жүрген қылтима, шаптырма, шомылма сөздерін түсінбейтін жұрт оларды «Терминком бекіткен» деген жалған ақпараттар таратып қалады, Бұған айтарымыз: Терминком ондай сөздерді бекітпейді және бұл сарындас сөздер жаргон сөздер ретінде халық арасында қолданылыла береді әрі әдеби тіл элементі болып саналмайды. Тіпті ондай сөздерді терминжасам қағидатынан бейхабар біреулер әдейі жазып қолдануы да мүмкін. Балкон сөзінің тілде қылтима, самалдық, балахана нұсқалары қолданылып жүр. Бірінші сөз жаргон сөз болса, кейінгі екі сөздің болашақта құрылыс термині ретінде қабылдану мүмкіндігі бар.

«Түсіндірме сөздікте» балахана сөзіне мынадай анықтамалар берілген: Балахана зат. 1. Үйдің екінші қабатында болатын төбесі ашық құрылыс бөлігі, балкон. Балаханада жатқан қарт осы жорықта дертке шалдықты (Д. Досжанов. Тұлпар). Лянжау үйлері қора ішінде, сыртқы қабырғалары тесіксіз тұтас, көбінің төбесінде «балахана» аталатын қондырмалары бар (С. Мұқанов. Алып адым.). 2. Балалар бөлмесі. Оң жақ қатарда өзге балалары мен күтушілер тұратын балахана (С. Мұқанов. Аққан жұлдыз). 3. Көші-қон кезінде түйенің үстіне салынатын қом. Сейтбектің бәйбішесі таяқ тастам жерге жүруге қаншама әзірленіп, ақ бас атан қомданып, балахана артқызып, басын бір қызға жетектетіп, артынан екі жігітке айдататын (М. Мағауин. Аласапыран). Өңмеңдеп келе жатқан үзік керуен қалт кідірді. Соңғы түйедегі балаханадан  тағы сарнаған жат үн шықты (Д. Досжанов. Жібек) [7; 671].

ТС-те субұрқақ сөзі былайша берілген: Субұрқақ зат. Қысым күшімен құбырдан, түтіктен не басқа бір көзден жоғары атқылайтын сұйықтық шапсымасы. Римнен аттанарда Требус бұрқағындағы ауызға шақа ақша-монета тастап кетсеңіз, бұл жерге қалайда қайтып ораласыз деген сенім-наным бар (С. Абдрахманов, Елдік сыны). Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу департаменті, сондай-ақ шаруашылық субъектілері өкілдеріне субұрқақтар мен сужылғаларын тиісті деңгейде ұстап тұру тапсырылды («Алматы ақшамы») [8; 119].

Сөздікте балкон сөзінің баламасы ретінде ауызекі тілде қолданылып жүрген қылтима сөзі емес оның «өкпелегіш» (сын.е.) мағынасы берілген. Бұрқақ сөзі «жел» мағынасында беріліпті. Ал самалдық сөзі «Самалдық зат. этн. 1. Ұзақ сапардан адам әкелген сәлемдеме, сый-сияпат. Самалдық зат. өс. 2. Көкөніс дақылы» деген анықтама берілген.

Қазіргі таңда Терминком қайта қарастырғалы жатқан архив, музей, процесс, авария сөздерінің тілде, тиісінше, мұрағат, мұражай, үдеріс, апат сияқты сәтті аудармалары тілде, халық арасына барынша сіңісіп қалған еді. Алайда біреулерге ұнамады деп оларды қайта бұрынғы нұсқасына көшіру де дұрыс болмас деп ойлаймыз. Ал олай болған жағдайда олар әдеби тілде жарыспалы түрде қолданылып жүрері ақиқат.

Терминжасам қағидаттарының мынадай түрлерін ұсынуға болады:

  1. «Ана (қазақ) тілінің өз, ішкі мүмкіндігін пайдаланып терминжасау қағидаты. Ол былай жүзеге асады: а) кірме сөзге тілімізден қажетті жаңа балама сөз (айтылым, жасалым, көптесім, мәндесім, қарсыласым, аттасым, әдістеме, буынтаным) табу; ә) байырғы көнерген сөздерге (құн, бәйге, тұсаукесер, жасақ, айдауыл, қарауыл, алқаби, шолғыншы) жаңа терминдік мағына үстеу арқылы термин жасау; Мұнда тілдігі ертегілерден, тұрмыс-салт жырлары, қисса дастандар, тіпті ауызекі тілдегі сөздерді де алуға болады; б) кірме терминдерді сөзбе-сөз (калькалау) аудару.
  2. «Туыстас түркі тілдерінен термин алу (ұшақ, т.б.)» принципі. Бұл ортақ түркілік терминологиялық қор қалыптастыруға, түркі тілдерінің ықпалдасуына септігін тигізері сөзсіз.
  3. «Кірме терминдерді қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшелігін ескере отырып қабылдау (режім, реліс, зауыт, сиез)».
  4. «Аударуға келмейтін және дүниежүзінің бірнеше тілдеріне ортақ жалпы халықаралық терминдерді аудармай беру (музей,  архив, композитор, пианино). Бұл бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселеге айналды.
  5. Қысқарту тәсілі (әріп, буын, сөз) арқылы сөз жасау.

Бүгінде тіліміздегі терминдер тар мамандық, сала, ұлт шеңберінде ғана біріздендірілу сатысында. Ал туыстас, халықаралық тілдер арасындағы біріздендіру ісі дұрыс жолға қойылмай отыр.

Аталған жұмыстар бойынша да халықаралық байланыстар орнату қажет. Сол арқылы түрлі ақпараттар алынады. Комиссиялар құрылып, олардың сол жобалар бойынша алыс, жақын шетелдерге іссапарларын ұйымдастыру жүзеге асырылады.

Терминологиядағы осындай жұмыстар жүргізілгенде ғана терминдер бірізді әрі ретті қолданылатын болады. Ол кезде сала мамандарының, тіл тұтытынушылардың шатасуына ешқандай негіз болмайды. Кірме сөздің нақ та ықшамды аудармасы немесе жасалып бекітілген жаңа терминннің үлгісі тілдік қолданысқа түсіп, терминдік қорды байыта түсері сөзсіз.

Өкінішке орай, пәрменді түрде жасалып жатқан жаңа терминдер мен атауларды реттеуге, біріздендіруге, оларды сөздіктерде беріп, көпшілікке жеткізуге келгенде шалағайлық танытып жатамыз. Ұқыптылық, біріздендіру, реттеу, жүйелендіру жағы кемшіл түсіп жатады.

Пайдаланылған әдебиет:

  1. Руководство по разработке и упорядочению научно-технической терминологии / под ред. академика А.М. Терпигорева. Издательства академии Наук СССР. – М.: 1952. – 245 с.
  2. Серғалиев М.С. Оқу-ағарту жұмысында қолданылатын терминдер мен ұғымдар жайында  // Терминдер және олардың аудармалары. – Алматы: Ғылым, 1990. – 216 б.
  3. Әбдірахманов А. Тіл мәдениеті және терминология // Тіл мәдениеті және баспасөз. Алматы: Ғылым. 1972. 82-б.
  4. Досмұхамедов Х. Легенда о постройке медресе. Когельтоли в
  5. Бухаре // В.В. Бертольду-Туркестанские друзьяи почитатели. Ташкент, 1927.
  6. Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. А., «Ғылым», 1984.
  7. Құрманбайұлы. Ш. Терминология мәселелері. 2-кітап. – Астана: 1-
  8. С-Сервис ЖШС, 2006. – 228 б.
  9. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық // Құрас. Ғ.Қалиев, С.
  10. Бизақов, О. Нақысбеков және т.б. – Алматы, 2011. 2 том. А.Б. – 744 б.
  11. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық // Құрас. А.Фазылжанова, Н. Оңғарбаева, Қ. Ғабитханұлы және т.б. – Алматы, 2011. 13 том. – С-Т. 752 б.

Шүленбаев Нұрлан Құныпияұлы

(А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология бөлімінің ғылыми қызметкері)

Shulenbaev.n@mail.ru