Ұлттық терминологиялық қорды қалыптастырудың лингвоәдістанымдық негіздері

Ұлттық терминологиялық қорды қалыптастырудың лингвоәдістанымдық негіздері

Ұлттық терминологиялық қордың мақсаты – ғылыми-техникалық сөйлеу актілерінде тілдік норманы жүзеге асыру болып табылады. Алайда ғылыми-техникалық тілдің барлық элементтерін тізбелеудің негізінде осы норманы алдын ала анықтап алмайынша, тілдік норманы жүзеге асыру мүмкін емес. Ұлттық терминологиялық қорды жасаудың  басты себебі – тілді нормалау тәсілдерін оның қолданылу ерекшеліктерімен сәйкестендіру қажеттігі болып табылады.  Осыдан барып қазақ тілінің ұлттық терминологиялық қорын тізбелеу міндеті белгілі бір дәрежеде өз алдына дербес болып шығады. Қазақ тілінің ұлттық терминологиялық  қоры  аса маңызды ішкіжүйелердің бірі болып табылады.

Резюме

Целью национального терминологического фонда является реализация языковых норм в научно-технической речи. Однако лингвистические нормы не могут быть достигнуты до тех пор, пока все элементы научно-технического языка не будут точно определены этим правилом. Основной причиной создания национального терминологического фонда является необходимость согласования подходов к нормализации языка с особенностями его использования. Таким образом, задача листинга казахстанского терминологического фонда казахского языка в какой-то мере независима. Национальный терминологический фонд казахского языка является одной из важнейших внутренних систем.

Sammary

The purpose of the national terminological fund is the implementation of language norms in scientific and technical speech. However, linguistic norms can not be achieved until all the elements of the scientific and technical language are precisely defined by this rule. The main reason for creating a national terminological fund is the need to harmonize approaches to the normalization of the language with the features of its use. Thus, the task of listing the Kazakh terminological fund of the Kazakh language is to some extent independent. The national terminology fund of the Kazakh language is one of the most important internal systems.

Ключевые слова:казахский язык,национальный терминологический фонд, отраслевая терминология, языковая норма, унификация.

Key words: Kazakh language, national terminological fund, branch terminology, language norm, unification.

Арнаулы салалардағы тілдің қолданысын лингвистикалық тұрғыдан қамтамасыз ету – терминдер қорын жасаумен және оны жүйеге келтірумен тығыз байланысты. Білім беру мен білім алуды, ғылымды игеру мен оны меңгертуді, ақпарат алмасуды ұлт тілінде жүзеге асыру үшін арнаулы лексиканың негізін құрайтын терминдер қоры да сол тілдің мүддесін көздеп, ішкі заңдылықтарын ақтай отырып жасалуы керек. Ал термин жасау, сөз шығармашылығы кәсіби біліктілікті, ерекше ізденімпаздық пен талғампаздықты әрі үлкен жауапкершілікті қажет ететін күрделі жұмыс [1; 3].

Жалпы терминологиялық қорда қамсыздандыру міндетін атқаратын функционалдық ішкі жүйелер кешені, терминологиялық қор элементтерінің құрамы және оның ұйымдастырылуы қамтылады. Терминологиялық қордың жүзеге асырылуы белгілі бір дәрежеде тілдің қолданылуының басқа да тұрпаттарының арасындағы алатын орны және міндеті тәрізді факторлармен анықталады.

Тілдің әртүрлі қолданылу тұрпаттарының пайда болуы және дамуы   тек тілдегі ғана өзгеріс болып табылмайды. Бұл жағдай сонымен қатар жазу пайда болуымен, индустриялдық полиграфияның таралуымен сипатталатын жалпы адамзат қоғамының елеулі даму кезеңіндегі түбегейлі өзгерісті де көрсетеді.  Сөйлеу тілімен және жазумен қатар, айрықша  белгілі бір түрдегі тілдің қолданылуы шындыққа айналып отыр.  Егер сөйлеу тілі айтушымен де, тыңдаушымен де тікелей байланысты болса, жазбаша тіл актілеріндегі адамның қатынасы әлсізірек болады. Тілдік туынды біртіндеп ақпаратты толық тасымалдаушы сипатқа ие болады [2; 4]. 

Осылайша, қазақ тілінің ұлттық терминологиялық қорын жасаудың  басты себебі – тілді нормалау тәсілдерін оның қолданылу ерекшеліктерімен сәйкестендіру қажеттігі болып табылады.  Осыдан барып қазақ тілінің ұлттық терминологиялық қорын тізбелеу міндеті белгілі бір дәрежеде өз алдына дербес болып шығады. Қазақ тілінің ұлттық терминологиялық  қоры  аса маңызды ішкіжүйелердің бірі болып табылады.

Ұлттық терминологиялық қордың қолданылу ауқымын түсіну үшін жекелеген салалық немесе тақырыптық емес, терминдерге ортақ болып табылатын сипаттамаларды ескерген жөн. Ұлттық терминологиялық қордың біріктірілген жүйесін құру нәтижесінде пайда болатын мұндай ерекшеліктер төмендегідей болып келеді. Қазақ тілінің ұлттық  терминологиялық қоры – бұл жекелеген  деректерді қолдану мүмкіндігі бар бірыңғай қызмет. Ол күрделі, ауқымды, ұдайы өзгеріп отыратын терминологиялық ақпарат универсумында көпаспектілі іздестіру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Ұлттық терминологиялық қор әртүрлі салаларда қолданылатын терминдердің  өзара салғастырылуын жеңілдете отырып, бүкіл қазақ терминологиясының бірізді сипатталуына қызмет етеді. Ол термин  туралы көптеген деректерді жинақтайды да, сол арқылы қазақ терминологиясының біркелкі сипатталуын мақсат етеді. Жалпы алғанда терминологиялық қызмет көрсету деңгейін арттырады. Ұлттық терминологиялық қор өзіне қазақ терминологиясының жаңа құрылымын енгізеді. Әртүрлі қағидаттар бойынша құрылған  жекелеген деректердің дербес қолданылуы кезеңінде анықтала қоймайтын, айтылымы жағынан да, мазмұны жағынан да сан алуан салалық терминологияның кірігуі нәтижесінде пайда болатын жаңа құрылымдық байланыстарды айқындайды.

Мұнда сонымен қатар шешілуіне терминологиялық қор ықпал ететін бірқатар таза ғылыми міндеттерді атап өтуге болады: а) қазақ тілінің терминологиялық жүйесін ішкіжүйелер жүйесі ретінде үлгілеу; б) жалпығылыми және жалпытехникалық тезаурустарды  қазақ тілінің когнитивтік үлгілері ретінде  құру; в) өзге тілдер терминдерінің аясында қазақ терминологиясын салғастырмалы, типологиялық зерттеу, оның ішінде, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде зерттеу.

Қолданыстағы белгілі және жаңа жобаланып отырған терминологиялық қорлар жөніндегі әдебиеттерді талдау терминологиялық қор міндетін төмендегідей типтерге бөлуге мүмкіндік береді:

  • технологиялар және өнімдер стандарттарын әзірлеумен, ғылыми-зерттеу жұмысы туралы есеп дайындаумен, оқу және анықтамалық әдебиеттерді шығарумен, жарияланымдар дайындаумен, оқытушылық жұмыспен, арнайы әдебиеттерді редакциялаумен айналысатын  әр алуан білім саласындағы мамандарға, сондай-ақ шет тілдерін оқытушыларға, студенттерге, әдеби редакторлар мен тұтынушылардың кейбір басқа да санаттарына анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсету;
  • ғылыми-техникалық әдебиетті дәстүрлі аударуды қамтамасыз ету;
  • ақпараттық жүйелерді, басқару, жобалау жүйелерін лингвистикалық жағынан қамтамасыз ету;
  • терминологияны ретке келтіру және терминологиялық сараптамалар жасау бойынша жұмыстарды қамтамасыз ету;
  • терминологиялық сөздіктер түзу және басып шығару;
  • терминдер анықтамаларын біріздендіру.

Қолданыстағы терминологиялық қордың көпшілігі ғылыми-техникалық әдебиетті аудару үшін құрылған, алайда нәтижесінде бұған басқа да міндеттер қосылды. Қазіргі кезде ірі деректер қорында көпфункционалдылық үрдісі байқалады [3; 61].

Міндеттің әрбір типі пайдаланушылардың нақты бір санатына бағытталған  және терминологиялық деректерге қатысты  белгілі бір элементтердің болуын талап етеді. Мысалы, анықтамалық терминологиялық қызметтердің негізгі бөлігі терминдер мағыналарының шегін, олардың қолданылу дәрежесі мен сипатын анықтаумен, сонымен қатар терминдердің қолданылуын ретке келтіретін қолданыстағы нормативтік  құжаттар мен өзге де материалдарды іздестірумен байланысты болады. Аудармашылар үшін қолданылу ерекшеліктері туралы ақпараты бар шеттілдік терминдердің дәл баламасы қажет. Мәтіндерді морфологиялық, сөзжасамдық және синтаксистік талдау және жинақтау үшін терминдер туралы грамматикалық ақпараттың болуын талап етеді. Терминдерді ақпараттық-іздестірудің  лексикалық бірліктері ретінде пайдалану синонимдік, гипонимдік (тектік-түрлік), партитивтік және ассоциативтік байланыстардың, сол сияқты ақпараттық құжаттарда терминдердің қолданылымдығы жөнінде мәліметтердің болуын қажет етеді. Терминологиялық жұмыстар бірінші кезекте терминшілерді қарастырылып отырған және іргелес пәндік салалардағы бір ізге келтірілген терминдер туралы деректермен, сонымен қатар терминдердің қолданылуы туралы ақпаратпен қамтамасыз етуі қажет. Сан салалы лексикографиялық материалдарды дайындау және лингвистикалық, терминологиялық зерттеулерді жүргізу үшін жан-жақты, берері мол мәліметтер аса қажет. Мұнда терминдердің фонетикалық және графемдік сипаттамасы, қолданылу саласы, олардың жасалу тәсілдері мен үлгілері туралы деректер қоса беріледі.

Барлық сөздіктер (ал ұлттық терминологиялық  қорды айрықша типтегі автоматтандырылған сөздік ретінде қарастырған жөн)  негізгі екі қызметті атқарады – тізбелеу және нормативтік (дескриптивтік және прескриптивтік).

Жалпы терминологиялық қорды ұйымдастыру мен терминологиялық ақпаратты жинаудың бірінші кезеңінде тізбелеу мәселесі – қолданыстағы терминология мен ол туралы әртүрлі дереккөздерде тіркелген ақпаратты барынша сипаттап беру мәселесі ерекше орын алады [4; 27].

Ұлттық терминологиялық қордың мақсаты – ғылыми-техникалық сөйлеу актілерінде тілдік норманы жүзеге асыру болып табылады. Алайда ғылыми-техникалық тілдің барлық элементтерін тізбелеудің негізінде осы норманы алдын ала анықтап алмайынша, тілдік норманы жүзеге асыру мүмкін емес.

Ұлттық терминологиялық  қордың тізбелеу қызметі мынаған бағытталады:

  • терминологиялық лексиканы барынша толық қамту және жан-жақты сипаттау;
  • терминологиялық лексиканың барлық қолданылу аспектілерін  көрсететін алуан түрлі дереккөздерді барынша енгізу;
  • терминологиялық жүйелерді жасау мен дамытуға  ынталы барлық ұйымдармен қарым-қатынас орнату.

Ұлттық терминологиялық қордың нормативтік қызметі, ең алдымен мынандай жағдайларда көрінеді: ол арнаулы  тілдік стильдерді белгілі бір деректерге сәйкес лексикалық құрамға енгізе отырып, олардың практикалық тұрғыдан  жасалуына қатысады, сөйтіп ұлттық терминологиялық қор  бірыңғай, бірегей және жалпымемлекеттік тілдік орган ретінде құрылымданатын болады.

Ұлттық терминологиялық қор ғылыми-техникалық қарым-қатынас саласындағы тілдік қолданысты анықтай отырып, тілдің барлық стильдері мен салаларына жаппай ықпал етеді. Бұл ықпал жалпытілдік  норманы тұрақтандыру және дамыту  бағытында болуы тиіс. Сондықтан да нормативтік қызмет саналы түрде ұлттық терминологиялық қор жасаудың мақсаты  ретінде қойылады. Оның аясына  қазіргі таңда жеке-жеке қолданылатын  төрт нормалаушы (қалыптандырушы) ағым біріктірілген:

  • мемстандарт басылымдарында бекітілген терминдер мен анықтамалар стандарттары бойынша ғылыми-техникалық терминологияны стандарттау;
  • мемтерминком  бюллетеньдерінде көрсетілген ұсыныстар бойынша ғылыми терминологияны нормалау;
  • сәтті терминдер (дескриптролар) мен сәтсіз терминдерді (аскрипторлар) бөліп алуға қатысты  ақпараттық-іздеу тілінің лексикалық бірліктерін ажырату;
  • белгілі бір терминді қолдану жөніндегі эпизодтық жарияланымдар мен ұсыныстарда көрсетілгендей тіл мәдениеті мамандарының жеке күш-жігерін салуы.

Осы топтар негізіне алынған бағыттар  терминологиялық қорға енгізілген әр терминнің арнайы сипаттамаларында беріледі. Нормалаушы қызмет лексикалық қорды жинақтау және құрылымдау барысында, сол сияқты одан кейінгі деңгейлерінде де көрінеді. Оның мәні – терминологияның бірізді сипатталуына деген талпыныс болып табылады, нақты айтқанда:

  • лексикалық қордың құрамын анықтау және олардың бірізді болу тәртібін ұйымдастыру біркелкілігі;
  • терминологиялық ақпаратты  ұйымдастыру біркелкілігі;
  • терминологиялық ақпаратты құрылымдық ұйымдастыру үшін бірыңғай жіктеу жүйесін немесе үйлес жіктемелік құралдар жиынтығын  пайдалану [2; 11].

Болашақта ұлттық терминологиялық қор қарым-қатынастардың барлық түрлерін терминологиялық ақпаратпен қамтамасыз ететін болады. Мұнда практикада қолдану үшін ғылыми-техникалық терминдерді семантикалаудың компьютерлік жүйесін жасау және енгізу міндеті алдыңғы орынға шығады. Бұл міндетке және бір анағұрлым дәстүрлі міндет қосылады, ол – осы семантикаланған терминдерді адамға  барынша «ақпараттық  ыңғайлылық» жасау мақсатында тікелей пайдалануға ұсыну. Мұнда ұлттық терминологиялық қордан алынған деректер жоғарыда аталып өткен бағыттарда қолданылады. Кез келген тұтынушыларға қызмет көрсететін тұрпаттарға қатысты төмендегі жағдайларды айтар едік:

  • деректер қорына телеқолжетерлік тәртіпте орындалатын жекелеген терминдер бойынша анықтамалар, бұл жерде жазысу және телефон арқылы алынған анықтамалар да қоса ескеріледі;
  • терминдердің жекелеген тақырыптық салалары немесе санаттары бойынша алуан түрлі терминологиялық сөздіктердің  басылымдары (анықтамаларды, стандартталған терминологияны, аударма сөздіктерді, тезаурустарды қоса алғанда);
  • қазақ тілі терминологиялық лексикасының жай-күйі және қолданылуы жөнінде ғылыми есептер мен шолулар дайындау.

Шетелдік терминологиялық деректер қорын жасау және қолдану тәжірибесіне жасалған талдау  бұл қорлардың арнаулы терминологиялық қызметтерде қолданылып отырған терминологиялық қабаттардың негізінде жасалғандығын көрсетеді және оларды төмендегідей негізгі типтерге бөлуге болады:

  • терминологиялық лексикографияға бағытталған терминологиялық орталықтар;
  • ірі фирмалардың, мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың аударма қызметтері;
  • стандарттау қызметтері.

Қызметтер шетелдік терминологиялық қорлардың типологиясына да сәйкестендіре бағытталуы тиіс, оларды былайша топтастыруға болады: лексикографиялық, аудармашылық, нормативтік, зерттеу.

Аталған барлық типтердегі терминологиялық деректер қорлары көптақырыпты болып табылады. Шетелдік терминдер қорларының арасында қазіргі кезде салалық принцип бойынша ара-жігі ажыратылған қорлар жоқ, олар нақты міндеттердің шешілуін қамтамасыз етуге тиісті қызметтердің бағыт-бағдары, сонымен қатар өңделетін терминологиялық ақпараттың сипатымен анықталатын маманданулар арқылы  ерекшеленеді. 

Біздің елімізде ұлттық терминологиялық қор құру жұмысы әлі де кеңінен өріс ала алмай отырғандығына орай, бұл жұмысты жобалаған кезде жинақталған шетелдік тәжірибені пайдаланған жөн. Алайда бұл жерде еліміздегі ғылымның, экономиканың, өнеркәсіптің, ақпараттың ұйымдастырылу ерекшелігін, сонымен қатар көптеген ұйымдардың толық шаруашылық есепке көшуге және өзін-өзі өтеуге бағытталуын  ескеру қажет [2; 19].

Сондықтан ұлттық терминологиялық деректер қорының ұйымдық-функционалдық құрылымын жобалаған кезде қолдағы бар терминологиялық деректерді, арнайы дайындалған тиісті мамандармен қамтамасыз етілуін, ұйымдарда есептеу техникасы құралдарының болуын ескеру қажет. Осы факторларды ескерген жағдайда ғана ұлттық терминологиялық қордың жалпы типологиясы негізінен шетелдік жүйеге барабар болады. 

ҰТДҚ (Ұлттық Терминологиялық Деректер Қоры) қызметі Мемлекеттік терминологиялық комиссия, Мемстандарт және басқа да министрліктер мен ведомстволар, ұйымдар деңгейінде бекітілген құжаттар негізінде  ұйымдастырылуы қажет, бұл аталған ұйымдар мынандай жұмыстарға қатысады:

 

  • ҰТДҚ (ұлттық терминологиялық деректер қоры) туралы ереже (ҰТДҚ негіздері);
  • мамандандырылған ҰТДҚ туралы типтік ереже;
  • мақсатты түрде қаржыландырылатын  ұзақмерзімдік, бесжылдық және жылдық жоспарлар;
  • терминологиялық ақпаратты әртүрлі тасымалдағыштарда және байланыс арналары бойынша айырбастау тәртібі.

Мұнымен қатар әдістемелік құжаттама жиынтығына типтік әдістемелер мен нұсқаулықтар, сол сияқты желі қатысушыларының өзара міндеттерін ретке келтіретін құжаттар қамтылуы тиіс. Осылайша, ҰТДҚ-ның жинақталуы әр жерде – бүкілодақтық, республикалық, салалық, салааралық және аумақтық ұйымдарда жүзеге асырылады.

Уәжділігі/уәжделмегендігі бойынша жіктелім мағыналары олардың құрылымымен түсіндірілетін немесе түсіндірілмейтін терминдер бар екендігін көрсетеді. Бұл жағынан алғанда, толық уәжделген (газ құбыры), ішінара уәжделген (Паркинсон ауруы), толық уәжделмеген (ромб), сондай-ақ жалғануәжделген (найзағай бұрғыш) терминдер бар.

Негізгі дереккөздік тілге қарай терминдер байырғы (орда, жасақ, сарбаз), кірме (дисплей – ағылшын сөзі; квершлаг – неміс сөзі), аралас (металтану, автобасқару) болып бөлінеді.

Ғылым және техника саласында міндетті түрде нормалануы тиіс болып табылатын терминдер бар: мысалы, радиожиілік терминдері халықаралық деңгейде  нормаланған, себебі  бұл теңізде жүзушілердің, авиаторлардың және тағы басқалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Әдетте, бұл терминдер халықаралық болып табылады, олардың семантикасы халықаралық ұйымдардың шешімдерімен нормаланады [2; 21].

Анықтама (дефиниция) – термин семантикасынашудың аса маңыздықұралы. Сөздікте анықтама сөздік мақаланың алғашқы сөйлемін білдіреді. Ол терминнің семантикалық басым белгілерін көрсетеді де, әдетте стандартты үлгілер бойынша түзіледі (сал.,тектік-түрлік анықтамалар, партитивтік анықтамалар, операционалды қанықтамалар және т.б.). Жарияланған сөздік-дереккөздердегі анықтамалардыдәлсолкүйінде беру керек. Мәселен, құрастырубірлігі –құрастыруоперацияларыарқылыөзарабіріктірілгенбірнешебөліктерден (бөлшектерден) тұратынбұйым; склерометр –металдар мен әртүрлікристалдардыңқаттылығын (беріктігін) өлшейтінқұрал; судыңауытқуы –судыңөзгематериалдарданфизикалыққасиеттерібойыншаауытқуы; акцент –дыбыстынемеседыбыстаркешенін (аккордты) ерекшелеу, айырықшаайтуарқылыкөрсетужәнет.б.

Оқу құралдары мен ғылыми әдебиеттерді пайдаланғанда мәтіндегі анықтаманың сөздіктегі анықтамадан ерекшеленетіндігін ескерген жөн. Мәтіндегі анықтама құрылымы, тілі, терминге телу тәсілі жағынан алуан түрлі болып келеді. Сондықтан да мұндай анықтамаларды ҰТДҚ-ына енгізу кезінде бірқатар сарапшылық өңдеулер қажет болады. 

Мысалы, тойтармалы біріктірілім – тойтармалар арқылы іске асырылатын ажырамас біріктірілім. Мұны оқу құралының мәтініндегі анықтамамен салыстырып көрелік...тойтармалы біріктірілімдер – тойтармалар арқылы іске асырылатын біріктірілімдер ажырамас біріктірілімдер санатына жатады…

Кейбір жағдайларда жарияланған дереккөздердегі анықтамалардан өзгешелеу етіп беру немесе осы кезге дейін ешбір анықтамасы берілмеген терминді анықтау қажеттілігі туындайды. Мысалы, тақырыптық айдар – құжат тақырыбының берілуі; таңба денотаты – таңбамен белгіленген нақты зат, дерек немесе қарым-қатынас және т.б.

Бір терминнің қолданыстағы анықтамасын өзге терминдерден тәуелсіз жағдайда нақтылауға тырысуда абай болған жөн;  бір жағынан жақсартудың нәтижесі екінші жағынан күрт төмендетуі мүмкін, осының әсерінен терминологияның бүкіл семантикалық жүйесі бұрмаланады. Сондықтан белгілі анықтамаларды сәл ғана өзгертудің өзі, сол сияқты осы кезге дейін анықталмаған терминдерді анықтау белгілі бір салалық анықтамалардың тұтас жүйесін ескере отырып, аса ыждағаттылықпен жүргізілуі тиіс [1; 32].

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Ш.Құрманбайұлы. Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасам тәсілдері. Алматы. 2005 ж.
  2. Лингвистическая концепция терминологического банка данных машинного фонда русского языка (проект). Под ред. Проф. А.С.Герда. Москва. 1989.
  3. Самбурова Г.Г. О нормативности как цели терминологической работы // Проблемы разработки и упорядочения терминологии в академиях наук союзных республик. А., 1983.
  4. Сифоров В.И., Канделаки Т.Л.  Методологические аспекты терминологической работы (Из опыта Комитета научно-технической работы) // Проблемы разработки и упорядочения терминологии в академиях наук союзных республик. А., 1983.

Нағима Әшімбаева, А.Байтұрсынұлы  атындағы Тіл білімі  институты