ҚАЗАҚ ОНОМАСТИКАСЫНДАҒЫ ТЕРМИНДЕРДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРЫЛУ МЕН БЕЙІМДЕЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

ҚАЗАҚ ОНОМАСТИКАСЫНДАҒЫ ТЕРМИНДЕРДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРЫЛУ МЕН БЕЙІМДЕЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қазақ ономастикасы ғылымының алғаш қазақ даласына келіп, қанат жайғанына ғасырдан астам уақыт өтіп барады. Осы аралықта көптеген терминдердің сырттан еніп, тілімізде қалыптасқанын білеміз. Енді олардың аударылуы мен термин ретінде орнығуы мәселесінде шешімін тапаған сұрақтар көп.

Қазақ ономастикасы ғылымының алғаш қазақ даласына келіп, қанат жайғанына ғасырдан астам уақыт өтіп барады. Осы аралықта көптеген терминдердің сырттан еніп, тілімізде қалыптасқанын білеміз. Енді олардың аударылуы мен термин ретінде орнығуы мәселесінде шешімін тапаған сұрақтар көп. Сөзіміз нақтырақ болу үшін жекелеген терминдерден бастағанды жөн көріп отырмыз. Жалпы ономастика сөзі көне грек тілінен аударғанда «атау беру өнері» деген мағына береді екен, ол ұзақ уақыттар бойы аударылып та, барған тілінің заңдылықтарына сәйкестендіріліп, аударылмай да біршама елдерге таралды. Түрлі ақпараттарды жүктей отырып бүгіндері білдіретін мағынасы кеңейді, сөйтіп халықаралық термин дәрежесіне көтерілді. Келе-келе тек атауды беріп қана қоймай, оны зерттейтін ғылымды да өз аясына сіңірді, ал қазір ономастика терминінің ауқымы өте үлкен мәселелерді қамтитын ұлы кеңістікке айналды. Сондықтан «ономастика» терминінің қалыптасу тарихы мен тәжірибесіне сүйенер болсақ, терминжасамда түпкі мағынаға байланып қалу немесе термин ретінде ұсынылатын сөзге әр қырынан толық сәйкес келу талабын қою дұрыс емес деп ойлаймыз. Мысалы, белгілі бір ұғымды сипаттауға және атауға сөздің мүмкіндігі толық жетпей жатыр делік, бірақ соған қарамай, айналысқа жіберетін болсақ, бірізділік сақталса, қолданыла келе жетіліп кетеді. Басқаша айтқанда зат немесе құбылысты атау барысында олардың сипаты мен қасиеттерін бойына сіңіре отырып сөз қажетті дәрежеде толысады, яғни зат пен атау өзара теңеліп, бірін-бірі білдіру мүмкіндігі қалыбын табады. Ғылым әлемі қарыштап дамыған қазіргі заманда, ұлттық тілдің болашағы үшін осындай амалдарға баруға тура келеді. Кешегі А.Байтұрсынұлы ұсынып, ғылым тілін жаңа бір сапаға көтерген терминдердің жасалымында да осы тәжірибенің орны үлкен, оны жоққа шығара алмаймыз. Ономастика терминінің қалыптасу тарихынан да осыны көреміз. Сондықтан термин жасау ісінде талғамымызды да төмендетіп алмай, әрі еркіндікке де жол ашуымыз керек.

Ономастиканың бір саласы антропоним термині, көне грек тілінен (anthropos ‛адам’ onoma‛атау’) аударғанда «адам аты» деген мағына береді. Қазір қазақ тілінде кісі есімі, кісі аттары, адам аттары т.б. түрінде аударылып жүр. Алайда ғылыми термин ретінде «антропонимді» жиі қолданамыз да, аудармалары сипаттамалық қызметте ғана қалып қойып жүр. Себебі антропоним термин ретінде адамның атын, әкесінің атын, тегін, яғни фамилиясын толық қамтиды. Ал «кісі есімі» десек, әкесінің аты мен тегі қайда қалады? деп ойлаймыз. Толық қамту үшін оның орнына «аты-жөн» сөзін қолдануымызға болар еді, алайда «инициалдың» баламасы ретінде алып жүрміз. Екі тілдің ерекшелігіне және әбден қалыптасқан термин мен жаңадан ұсынылып отырған сөздің арасындағы сәйкессіздіктерге байланысты кейбір сұрақтардың туындауы заңды. Бірақ олардың бәріне бірдей жауап іздеп жату шарт емес деп ойлаймыз. Кісі есімі терминін антропонимнің орнына қолдауға болады. Үшеуі де кісі аты екенін ескерсек, тегіміз, әкеміздің аты, өз атымыз барлығы осы атаудың ішінде қамтылады. Осы түсінік тұрғысынан келгенде «антропоним» терминін «кісі есімімен» ешқандай күмәнсіз ауыстыруға болады. Алайда бұл орайда сәл ойланатын тұс бар: сөз ыңғайына қарай «антропонимдік қор» терминін қолданғанда -дік жалғауын пайдаланып, ойды оңай жеткізуге болады. Ал оның орнына «кісі есімдік қор» деп қазақшаласақ, бұл сәл оғаштау көрінуі мүмкін. Бір сөзден тұратын айтуға ыңғайлы, түсінігімізге сіңісті болған термин мен екі сөзден тұратын, қосымшалар жалғағанда өңі өзгеретін атаудың айырмашылығы бар, сондықтан сөз болып отырғандай кейбір кедергілердің ұшырасуы да заңдылық. Ондай жағдайда құрылымды басқаша жасақтауға тура келеді: кісі есімдерінің қоры.

Ономастикалық терминжасамда тағы бір ескеретін нәрсе – сөздің мағыналық мәртебесін айқындау. Осыған дейін қолданыста бірінің орнына бірі қолданылып жүрген болуы мүмкін. Сөз мағынасындағы түрлі ақпараттардың өзгешелігіне баса назар аудара отырып, олардың ара жігін ашып жаңа міндеттер жүктеу терминжасам ісінде аса маңызды. «Кісі есімі» деген тіркесті ұсына отырып, есім мен аттың айырмашылықтарын іздеп көрелік. Ат сөзін адамға да, жануарға да, жансыз затқа да қолдануға болады, ал есім сөзі олай емес, ол тек адамға ғана қатысты. Шығу тегі араб тілінен. Алланың есіміне қатысты қолданыспен бірге тілімізге енген. Кейін Есім, Есімхан, Есімбек т.б. секілді кісі есімдерінің жасалуына себеп болғаны. Бұл орайда есім мен ат сөздерінің ара жігі ашылуы тиіс, яғни ат – жалпы ономастикаға, есім – жеке антропонимге қатысты қолданылады. Сонда ономастика – атаутаным, антропонимика – есімтаным болып аударылады.

Терминтаным бойынша қазақ тіл білімінде біршама ізденістердің болғаны белгілі. Ұзақ уақыт бойы көптеген зерттеулердің жарық көргеніне қарамай, терминжасам немесе термин қабылдау мәселесінде біз Ахмет Байтұрсынұлының қай заманда да өзгермейтін принциптеріне жүгінеміз. Ұлы ғұлама тілдің термин жасауда бар мүмкіндігін пайдалану, болмағанда туыстас тілдерден алу, оларда да болмағанда жат тілдерден тіліміздің заңдарына сәйкестендіре алу принципін ұсынып кетті. Онмастика терминдерінің қазақшалануы мен нормалануы бойынша біздің аса үлкен жетістіктерге қол жеткізбегеніміз белгілі, оның түрлі себептері бар екенін де білеміз. Енді осы олқылықтың орнын толтыру үшін түрлі жолдарды қарастырамыз. Соның бірі А.Байтұрсынұлы ұсынған екінші принципке сәйкес туыстас түрік ғалымдарының бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстарына назар аударып көрелік. 

Ономастикалық атауларды түрікшелеу тәжірибесі

Adbilim (адбилим) – онмастика.

Özel ad (Өзел ад) – оним (жалқы есім).

Tür adı (Түр ады) – апелятив (атауға негіз болған сөз. Мысалы, әсем, бота, ғалым).

Özеlleșme (Өзеллешме) – Онимдену (жалпы есімнің жалқы есімге айналуы. Мысалы: терек – жалпы есім; Терек – ауылдың аты)

Türleșme (Түрлешме) – апелятивтену (бейонимдену, жалқы есімдердің жалпы есімге айналуы)

Genel Adbilim (Генел Адбилим) – жалпы ономастика

Özel Adbilim (Өзел Адбилим) – жеке ономастика

Rüzgaradı (Рүзгарады) – Rüzgaradbilim (Рүзгарадбилим) – анемоним (түрік тілінде Rüzgar – жел. Анемоним – зілзала атауы, соның ішінде жел, дауыл, циклон, тайфун атаулары)

Kișiadi (Кишиады) – Kișiadbilim (Кишиадбилим) – антропоним

Yıldızadı (Йылдызады) – Yıldızadbilim (йылдызадбилим) – астроним  

Belgeadi (Белгеады) – Belgeadbilim (белгеадбилим) – документоним (құжат атаулары)

Örgütadı (Өргүтады) – Örgütadbilim (Өргүтадбилим) – эргоним (ұйым атаулары)

Kökadı (Көкады) – Kökadbilim (Көкадбилим) этноним (тамыр, түбір – тайпа атаулары)

Bitkiadı (Биткиады) – Bitkiadbilim (Биткиадбилим) фитоним (өсімдік атаулары)

Eseradı (Есерады) – Eseradbilim (Есерадбилим) хрематоним (материалдық мәдениет атаулары, соның ішінде қару-жарақ, музыкалық аспап, зергерлік заттар атауы)

Zamanadı (Заманады) – Zamanadbilim (Заманадбилим) хрононим (белгілі бір тарихи кезең атаулары)

Gökadı (Гөкады) – Gökadbilim (Гөкадбилим) – планетоним (ғарыш атаулары)

Yeradı (Йерады) – yeradbilim (Йерадбилим) – топоним (жер-су атаулары)

Kentlikadı (Кентликады) – Kentlikadbilim (Кентликадбилим) – ойконим (елдімекен атаулары)

Hayvanadı (Хайванады) – hayvanadbilim (Хайванадбилим) зооним (хайуанат атаулары)

Осы мысалдардан түрік терминжасамындағы төмендегідей бірнеше ерекшелікті байқаймыз:

1. Түрік тіліне аударып алуға назар аударады. Мысалы, Özel ad – оним (жалқы есім), Tür adı – апелятив (атауға негіз болған сөз). Осыдан шығарып, түбірге қосымшалар жалғап, özеlleșme (онимдену), türleșme (апелятивтену) деп түрікшелеп алады. Қазақ ономастикасында бейонимдену, апелятивтену, деонимдену деп аударып жүрміз, оның орнына жалқылану (онимдену), жалпылану (апелятивтену) деп қолдансақ дұрыс болар еді.

2. Онимнің түрікшеленген нұсқасы «ад» сөзіне тәуелдік жалғауы жалғанады, бірге жазылады, бір ұғым ретінде танылады: Yıldızadı. Ал осы саланы зерттейтін «астронимика» терминін бергенде «-ы» қысқарып қалады да «Yıldızadbilim» деген сөз айтуға ықшамдалып алынады. Бұл терминжасамның тамаша бір үлгісі. Ілгеріде аталған Adbilim (атаутаным), belgeadbilim (құжат аттаным), bitkiadbilim (өсімдік аттаным), eseradbilim (материалдық мәдениет аттаным – матермәд аттаным), gökadbilim (аспан аттаным), hayvanadbilim (жануар аттаным), kentlikadbilim (мекен аттаным), kișiadbilim (кісі аттаным), kökadbilim (зілзала аттаным), örgütadbilim(), rüzgaradbilim (зілзала аттаным), yeradbilim (жер аттаным), yildizadbilim (аспан аттаным), zamanadbilim (уақыт аттаным) секілді терминдердің барлығы бірдей үлгімен жасалған. Түрік тіліндегі аударма терминдерді негізге ала отырып, бізге де біршама жаңа үлгілер жасауға болар еді. Соның бірі «билим» сөзінің орнына «танымды» қолдануымызға болады. Мысалы, ономастиканы «атаутаным», антропонимді «кісі аты», антропонимиканы «кісі аттаным», зоонимді «хауан аты», зоонимиканы «хайуан аттаным», документонимді «құжат аты», документонимді «құжат аттаным», фитоним «өсімдік атауы» фитонимиканы «өсімдік аттаным», астронимді «аспан атаулары», астронимика «аспан аттаным», зоонимді «жануар аты», зоонимика «жануараттаным», ойконим «елдімекен аты», ойконимика «елдімекен аттанымы», анемоним «зілзала атауы», анемонимика «зілзала аттаным», уақыт аттаным «хоронимика» т.б.

3. Терминжасамда сөздің белгілі бір ерекшелігі басшылыққа алынады да, сол сөзге қосымша мағына үстеліп, термин ретінде қолданысқа беріледі. Мысалы, астроним - Yıldızadı – деп аударылады. Таңдалған терминнің мағынасы тар, себебі астроним аясында тек жұлдыз ғана емес, ай, күн, т.б. да планеталар кіреді. Бірақ тілдік танымда йылдызады астроним терминінің баламасы ретінде қабылданады.

Терминдердің қолданысындағы назар аударылуы тиіс тағы бір мәселе – түсініктілігі. Ономастика саласының мамандары болмаса, қолданбалы сипаты басым атаулар жүйесінің көп санды терминдерінің мағынасы көпшілікке беймәлім. Сондықтан терминнің жасалымында бұл міндетті түрде ескерілуі тиіс.

Бұған дейін біз батыстық үлгідегі терминдерді басшылыққа алып келдік, енді түркілік, соның ішінде түрік, әзірбайжан, өзбек және шығыстық үлгілерге Араб, Үнді, Қытай, Корей, Жапон тілдерінің терминжасамына назар аударуымыз керек. терминдері де арнайы зерттеулерді талап етеді. Сөздердің терминжасау мүмкіндігінің мұқалуы мен ұшталуы оның тиімді пайдаланылуында. Сырттан қабылданатын сөздер мен ішкі мүмкіндікті пайдалана отырып, жаңа терминдерді жасаудың оңтайлы принциптерін бекітіп алуымыз керек.