2019 жылғы 11 сәуірде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетімен бірлесіп өткізілген «Рухани жаңғыру: қазіргі қазақ терминологиясы» атты ғылыми-теориялық конференцияның ҚАРАРЫ

Ғылыми-теориялық конференцияға қатысушылардың баяндамалары мен ұсыныстары ескеріле отырып, төмендегідей Қарар қабылданды:

Қазақстан Республикасы Үкіметіне:

- Барлық орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында Республикалық терминология комиссиясы мақұлдаған терминдердің жүйелі түрде бірізді қолданылуын қадағалау;

- құрамына тікелей кәсіби сала мамандары қамтылған салалық терминологиялық секциялардың жұмыстарын жандандыру және салалық терминдерді дайындау жөніндегі жауапкершілікті күшейту;

- жергілікті атқарушы органдарда терминологиялық жұмыстарды жандандыру мақсатында терминологиялық секциялық топтардың жұмысын ұйымдастыру;

- Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясының жұмысын жүйелі қаржыландыру мәселесін қарастыру;

- терминологиялық жұмыстардың ғылыми-сараптамалық жағын күшейту, нәтижелердің тиімділігін арттыру мақсатында Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс топтарының бірлескен қызметін қамтамасыз ету.


Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне:

 - терминологиялық жұмыстарды жүйелеу, терминдердің бірізді қолданылуын жүзеге асыру мақсатында «Termincom.kz» сайтының көпшілікке қолжетімділігін қамтамасыз ету;

- Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен терминдерді және бірінші кезекті терминологиялық сөздіктерді жаңа әліпбиде әзірлеу және шығару;


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне:

- жоғары білікті терминтанушы ғылыми кадрлар мен практик терминші мамандар даярлау; 

- ЖОО-да терминтанушылар мен сала мамандарына арналған арнайы курстар ұйымдастыру оқытушы-профессорлар құрамының және журналистердің терминологиялық біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру;

- 2020-2022 жылдар аралығында базалық, бастауыш білім беру терминологиясының латын графикасына негізделген қолданыс аясын нақтылап, 1-4,  5-9, 10-11 кластарға арналған біріздендірілген терминологиялық сөздік әзірлеу;

- 2023-2025 жылдар аралығында қоғамдық және әлеуметтік ғылымдар,  техника ғылымдары, жаратылыстану ғылымдарының салалары бойынша латын әліпбиі негізінде көптомдық салалық терминологиялық сөздіктер әзірлеу және шығару.