Терминжасамның қағидаттары талқыланды

Терминжасамның қағидаттары талқыланды
Бүгін Назарбаев университетінде «Терминжасам қағидаттары және ұлттық терминология мәселелері» жайында республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Жиынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен «Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» акционерлік қоғамы ұйымдастырды. Конференцияның мақсаты – қазіргі жаһандық ғылыми-техникалық даму үдерістерінде ғылым, білім, техника мен экономика, қоғамдық-әлеуметтік салаларындағы терминдер мен термин сөздерді жетілдіру, толықтыру және біріздендіру мақсатында теориялық және практикалық ізденістерді сараптау және талқылау.

Ғылыми басқосуда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Борашев терминжасам қағидаттары және ұлттық терминология мәселелерінің өзектілігіне тоқталып, шараға қатысушыларға табыс тіледі. Жиын барысында қазіргі ұлттық терминологияның жай-күйі және келешегі, терминжасам қағидалары мен ұлттық терминология міндеттері, қазақ тілін латын графикасына көшіруге байланысты туындайтын терминологиялық міндеттер, терминжасам құрылымын дамыту, терминді бекіту, біріздендіру және стандарттауды іске асырудың мемлекеттік тетіктерін дамыту, ұлттық терминқордың электрондық базасын жасаудың ғылыми-тәжірибелік негіздері бағытында сөз қозғалды.

Конференцияда баяндама жасаған ұлттық терминологиядағы мәселелер жөнінде ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, ф.ғ.д., профессор Шерубай Құрманбайұлы:

Терминология дамуының қағидаттары «ұлттық терминқор қалыптастыруда қандай бағыт-бағдар ұстанамыз?» және «терминологиялық лексиканы қалыптастырудың ішкі және сыртқы көздерін қалай пайдалануымыз керек?» деген бір-бірімен тығыз байланысты негізгі екі сұраққа жауап беруге тиіс деп ойлаймыз.

Бірінші қағидат: Ұлттық терминқор қалыптастырудың ішкі көзі қазақ тілінің лексикалық байлығы мен сөзжасам тәсілдерін барынша ұтымды пайдалану.

Екінші қағидат: Терминқор қалыптастырудың сыртқы көздерінен (өзге тілдерден) термин қабылдау. Тілдік дыбыстық-құрылымдық, ұлттық-танымдық, генетикалық және типологиялық жіктелісі тұрғысынан қарағанда терминқор қалыптастырудың сыртқы көзін кәдемізге жатаруда туыстас тілдерге басымдық беру дұрыс деп санаймыз. Оның кейбір артықшылығын кезінде Ахаң да атап көрсеткен болатын. Сондай-ақ мұндай бағыт ұстану туыстас тілдер тобын құрайтын өзге тілдер тәжірибесінде де бар. Сондықтан сыртқы көзді пайдалануда алдымен түбі бір туыстас тілдерге жүгініп, содан кейін барып өзге тілдерден терминалмасу осы қағидатты басшылыққа алудың реті болуға тиіс. Қазақ тіліне қай тілден сөз (термин) қабылданса да, олар тіліміздің дыбыстық-құрылымдық заңдарына бағындырылып алынуы қажет. Ұлт тіліндегі термин шығармашылығын дамытып, әлемдік ғылымның жетістігін бейнелейтін термин сөздерімізді тіліміздің өз заңдылықтарына сәйкес жазып, ғылым мен арнаулы салалардың барлығындағы қарым-қатынастарымызды қамтамасыз ететін ұлттық терминқор қалыптастыратын жасампаз ұлт боламыз десек, терминологияны дамытудың осы бағытын таңдаған дұрыс деп санаймыз,- деп баяндамасын түйіндеді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппараты редакциялық баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары, филология ғылымдарының докторы Ербол Әбдірәсілов, біріншіден, термин мен неологизмдердің аражігін ажыратып алуымыз керек деп, бұл мәселені негіздеп айтып берді:

Терминология – арнайы функцияны атқаратын тілдің бір бөлігі ғана. Ол түрлі салалардағы терминдердің қызметін жан-жақты зерттеумен айналысады. Біздің қазіргі кезде қарастырып жүрген, проблемаға айналдырып жүрген сөздеріміздің барлығы бірдей терминдер емес. Бұл мәселе соңғы 20-25 жыл ішінде басым түрде айтылып келеді. Тіл білімінде оны арнайы мақсатта қолданылатын тіл немесе сөздер немесе арнайы мақсаты бар тіл деп атайды. Оған терминдер ғана емес, жаңа сөздер де, кәсіби сөздер де, терминдер де, ресми лексика да кіреді. Бұл жалпы тіл білімінің деңгейінде қазіргі уақытта жаңалық емес. Барша жаңа жасалған сөз атаулының барлығы бірдей термин емес екенін тағы да баса айтқымыз келеді. Арнайы функцияны атқаратын тілдер ретінде құжат лексикасы, ғылым тілі, кәсіби сөздер, саяси лексика, интеграциялық атаулардың толып жатқан түрлері де жатады, -деді.

Термин жасауда емле ереженің маңызы зор. Термин тудырушы қосымшаның жалғануы, бірге, бөлек жазылуы да емле ережесіне сүйенеді дей келе, Сүлеймен Демирел университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринова «Қазақ жазуы және орфографиясындағы мәселелер» жөнінде баяндама жасады.

Ғылыми-теориялық конференцияға Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық мемлекеттік терминологиялық комиссия мүшелері, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты қызметкерлері,терминолог-ғалымдар, докторанттар мен магистрлер,орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, ұлттық компаниялардың өкілдері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым, БАҚ өкілдері қатысты.