Заңнама тілдік норманы сақтау мен лексикалық варианттылық мәселесі

Заңнама тілдік норманы сақтау мен лексикалық варианттылық мәселесі

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2009 жылғы 28 тамыздағы № 858 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейiнгi кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында заңнама сапасын жетілдіру мәселелері қамтылған. Сондай-ақ Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты өзінің жылсайынғы Қазақстан халқына Жолдауында 2050 жылға дейінгі ұлттың саяси бағытының бірі ретінде мемлекеттік тілдің дамуын белгілеп, «Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыруды, қазақ тілін жаңғырту, терминология және әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселелерін шешу қажет», -  деп атап өткені белгілі.

Осыған орайда, еліміздің заң шығару, норма түзу процесін жетілдіру,  заңнаманың орыс және қазақ тілдеріндегі теңтүпнұсқалығын, оның ішінде заң терминдерінің бірізділігін қамтамасыз ету назар аударарлық мәселе болып  отырғандығы белгілі.

Қолданыстағы заңнамамызда әртүрлі варианттағы сөздер мен тұлғалардың жарысып қолданылуы, терминдердің бірізді пайдаланылмауы сияқты және өзге де көптеген олқылықтардың кездесетіндігі баршаға мәлім. Бұл бір жағынан әдеби тіл мәдениетіне келетін нұқсан болса, екінші жағынан заң нормасының айқын, дәл болуын бұзатын, талқылауда ұғымды әртүрлі түсінуге немесе түрліше пайдалануға жағдай жасайтын мүмкіндік.  Ал тілдік норма мен заң стилін бұзатын  олқылықтар көбінесе заң жобаларын әзірлеу барысында мәтіндерді, сөздер мен терминдерді дұрыс әзірлемеуден орын алып жатады.  Бұл орайда жобаны  әзірлеу кезінде теңтүпнұсқалылықты сақтау, сөздердің ішкі айырмашылығын түсініп, мәніне қарай талғаммен пайдалану аса маңызды. Мәселен, заңдарда үнемі қолданылатын ұғымдық атаулар «адам», «тұлға» деген сөздерді[1, 126 б.] алатын болсақ, бұлар стильдік мәні  жағынан бірдей емес сөздер, «адам» сөзінің мағынасы кеңдеу, ал «тұлға» сөзінің мәні шектеулі. Жарыса қолданылып жүрген осындай сөздің қатарында «истец» - «талап қоюшы», «талапкер», «қуынушы», «иск»  - «талап қою», «талап-қуыным», «қуыным»[2, 108-109], «исковое заявление» - «талап арыз», «қуыным арыз», «ходатайство» - «өтінішхат», «қолдаухат», «қолдау хат», «өтініш», поставщик - «жеткізуші», «берілім жасаушы» деген варианттар бар.

Қорыта айтатын болсақ, фонетикалық, морфологиялық жағынан түрленетін жарыспа сөздерді, сондай-ақ синонимдер қатарларын пайдалануға жол беру әдеби тіл нормасынан ауытқушылыққа әкелетін жағдайлардың бірі. Тіл мәдениеті, сөз варианттарын нормалау туралы тіл білімі саласын зерттеуші ғалымдар әр кезөз құнды пікірлерін айқандығы мәлім. Мәселен, ғалым М. Ұйықбаев «Сөз варианттарының көптеген мәселелері әлі де болса жеткілікті түрде шешіліп болған жоқ. Сөз варианттарының проблемасын зерттеудің ғылыми құндылығы шүбәсіз, бұл тіл мәдениетінің өзекті мәселесі.» [3, 5 б.], «Сөздің құбылуы оның варианттарын жасайды, сөз варианттары сөйлеу, жазу нормасынан ауытқу болып саналады [3, 13 б.]. «Терминологияда да жарысып қолданылып жүрген атаулар бар. Термин сөз бір ұғымды білдіру үшін қолданылатындықтан, бір ұғымның бірнеше атауы болуы жайлы жағдай емес, бірақ терминологияда осы құбылыс орын алып отыр. Терминологияда сөз варианттары екі жағдайда кездеседі: 1) халықарылық терминдер мен халықаралық атулардың жарысып қолданылуы; 2) халықтық атаулардың екі немесе одан да көп вариантта болуы» [3, 17 б.]деген тұжырым айтқан болса, ғалым М. Балақаев: «Тілдегі жарыспалы сөздердің пайда болу жолдары терминология, орфография, орфоэпия, стилистика мәселелері, тіл дамуының заңдары алдағы уақытта жан-жақты зерттелуге тиіс» [3, 149 б.], -  деп атап өтеді. Ал ғалым Р. Сыздық «варианттылық жалпы тілге, тілдік жүйеге тән сипат» [4, 80], деп тұжырымдай отырып, оны тілдік жүйеде түрлі амалдар арқылы жарыспалылықты түзетін лексикалық немесе сөз варианттары; грамматикалық варианттар, лексикалық-фонетикалық варианттар қатарларына бөліп қарастырып [4, 81], осындай жарыспа варианттардың бірін норма ретінде қалыптастыру тіл мәдениетінде істелуге тиіс шара», - деп атап өтеді [4, 88].

Сонымен бүгінгі күні сөз варианттарын зерттеудің маңыздылығы әдеби тілдің бір тармағы нормативтік құқықтық актілер тіліне де қатысты туындап отырғандығы белгілі. Өйткені варианттылық мәселесі қолданыстағы заңнамада да, заң жобаларын әзірлеу кезінде де жиі кездесетіндіктен, бұл шешуді қажет ететін өзекті мәселеге айналып отыр.

Осы орайда, заң жобаларының сапасын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген лингвистикалық сараптаманың аса маңыздылығын атауға болады. Осындай жауапты және де ауқымды жұмыс көлемін атқарып отырған Заңнама институтының Лингвистикалық орталығы қазіргі кезде өзіндік тәжірибесі қалыптасқан ұжымға айналған. Аталған Орталық мемлекеттік органдар әзірлеген заң жобаларының лингвистикалық сараптамасын жүргізу арқылы жобалардың тілдік нормаға сай әзірленіп, сөздер мен сөз тіркестерінің, терминдер мен ұғымдардың мәніне сай дұрыс пайдаланылуына бағыт-бағдар беріп отырған ұжым. Сарапшылар сараптаманы заң техникасының әдіс-тәсілдері ретінде тілдік норманың лексикалық, грамматикалық және функцоналдық стильдік ерекшеліктерін, сондай-ақ ресімдеу талаптарының сақталуын басшылыққа ала отырып жүргізіп, осы нормалардың сақталуын мәтіндерді тексеру, салыстыру, талдау, әдістерін қолдана отырып анықтайды, ал мәтін бойынша түзету енгізу қажет болса ұсыныстар береді. Бұл ұсыныстар нормативтік құқықтық актілер тілінің дәлдігін, анықтығын, логикалық дұрыс болуын жетілдіруді қамтамасыз ету мақсатында көбіне әдістемелік- редакторлық пысықтау жұмыстарын жүргізумен жүзеге асырылып отырады.

Сонымен бірге, қолданыстағы заңнамадағы тілдік норманың сақталуын жетілдіру мақсатында биылғы жылы Заңнама институтының Лингвистикалық орталығында «Қазақстан Республикасының заңнамасында қазақ тіліндегі заң лексикасының қолданылуына мониторинг жүргізу» тақырыбындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу бағдарламасы бойынша қолданыстағы 62 заңға талдау жүргізу жоспарланған. Осы шара шеңберінде заңнамадағы варианттық сияқты олқылықтарды айқындау, оларды жинақтау, талдау нәтижелерін қорытындылау арқылы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу көзделген.

Нормативтік құқықтық актілерді талдау барысында көптеген жаңа атаулардың, кейбірі тілдің құрылымына қайшы, жарыса қолданыс тапқан заң лексикасында орныққан лексикалық бірліктердің (өзге тілден аударылмай қолданылған, кірме сөздерді қоспағанда) кездесетіндігі анықталды, олар,  мәселен, «оралман» [4, 29-32 б.], «өлшемшарт», «теңгерілім», «үдеріс», «заңдық құзыр», телім», «қондырғы», «құрамбөлік» және т.б.  терминдер. Сонымен бірге, тілдің сөз қолданысы, сөз жасам мен тұлға-тәсілдерінің нормасына сай келмейтін варианттар да (орыс тілінен аударылған кейбір түбір тұлғаға жалғау жалғаумен жиі кездесетін) анықталды. Мысалы, перевозки -тасымалдау - тасымалдаулар, мерзім - мерзімдер, бап - баптар, тармақ - тармақтар, тармақша - тармақшалар. Сонымен, заң стилі, сөйлем түрлері, сөз тіркесімдері, мәтіннің құрылымы, лексикалық өзгешелігі қатаң сақталатын нормативтік құқықтық актілердің өзінде де көптеген тілдік олқылықтарға, оның ішінде вариантты қатарлардың қолданылуына жол берілгендігі анықталды.

Заңнамада кездесетін бірқатар осындай олқылықтарды нормативтік құқықтық актілердің атауын көрсетіп және ондағы варианттық бірліктерді талдай отырып: лексикалық немесе сөз варианттары; грамматикалық варианттар; лексикалық-фонетикалық варианттар [4, 81 б.] деп топтастырып кестеде  көрсетіп отырмыз.

 

Заң атауы

Лексикалық немесе сөз варианттары

Грамматикалық варианттар

Лексикалық-фонетикалық варианттар

Дұрыс варианты, ескертпе

«Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі № 588 Заңы

оперативно-диспетчерское управление -  оралымды-диспетчерлiк басқаруды, жедел-диспетчерлік басқаруды

 

 

жедел-диспетчерлік басқаруды

 

технической диспетчеризации  - техникалық диспетчерлендіру

 

техникалық диспетчерлеу

оперативные распоряжения - жедел өкiмдердi орындамайтын

 

 

шұғыл өкiмдердi орындамайтын

единой электроэнергетической системы - біртұтас электр энергетикасы, бірыңғай электр энергетикасы

 

 

бірыңғай электр энергетикасы

собственных нужд - өз қажеттіліктері

 

 

 

нужды  - мұқтаждықтарына

 

 

мұқтаждықтары

 

возобновления -

қайта басталған, қайта бастау

 

 

 

возобновляемых -

жаңартылатын

 

 

жаңартылатын

критериям  -өлшемшарттар,

өлшемдер

 

 

өлшемшарттар

«Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы»

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 шілдедегі № 165-IV Заңы

возобновляемые источники энергии –

жаңартылатын энергия көздерi

 

 

жаңартылатын энергия көздерi

«Энергия үнемдеу – 2020» бағдарламасын бекіту туралы»

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 29 тамыздағы № 904 қаулысы

возобновляемых источников -

жаңартылған энергия көздерінен

 

 

жаңартылатын энергия көздерi

«Баға белгілеу мен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялардың қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы»  Қазақстан Республикасының  2011 жылғы 8 шілдедегі № 458-IV Заңы

технической диспетчеризации -техникалық диспетчерлеу

 

 

техникалық диспетчерлеу

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы ғылым және технологиялар саласындағы 2013 - 2015 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қою туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 22 қазандағы № 1130 қаулысы

возобновляемые источники энергии (биоэнергия, солнечная энергия, солнечно-термическая и ветровая энергия) –

қалпына келтірілетін энергия көздері (биоэнергия, күн энергиясы, күн-термиялық және жел энергиясы)

 

 

жаңартылатын энергия көздерi

«Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы»Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы  № 1787-ХІІ Заңы

 

мероприятий(я) - шаралар, шаралар

 

Іс-шаралар

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 16 қаңтардағы № 70-V Заңы

пограничная полоса - шекаралық белдеу

 

 

шекаралық белдеу

«Қазақстан Республикасының аумағында автомобиль тасымалдарына бірыңғай мемлекеттік бақылау жүйесін құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 8 қыркүйектегі № 1358 қаулысы

пограничную полосу  - шекара жолағы

 

 

 

 

 

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы "Алтай" трансшекаралық резерватын құру туралы келісімге қол қою туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 25 тамыздағы № 954 қаулысы

полосы государственной границы -  мемлекеттік шекараның жолағы

 

 

 

«Өндiрiстiк кооператив туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 5 қазандағы № 2486 Заңы

 

 

вправе  - хақылы

 

«Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 29 маусымдағы № 236 Заңы

 

 

вправе  -хақылы

 

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 24 қазандағы № 2-IV Заңы

 

 

вправе- құқылы

құқылы

«Еркін сауда аймағындағы техникалық тосқауылдар жөніндегі келісімді бекіту туралы»

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 11 наурыздағы  № 340 қаулысы

 

 

вправе -хұқылы

 

«Маңызды стратегиялық мәнi бар қызметтер көрсетудi мемлекеттiк сатып алу туралы»

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 19 желтоқсандағы № 1275 қаулысы

юридических экспертиз -

заңи сараптамалар

 

 

заң сараптамасы

«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы»

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 31 тамыздағы № 910 қаулысы

юридическую экспертиз- заңи сараптама

 

 

 

«Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2011 - 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 ақпандағы № 95 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 сәуірдегі № 528 қаулысы

юридическая экспертиза  - құқықтық сараптамасы

 

 

 

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 желтоқсандағы № 1202 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 10 желтоқсандағы № 2060 қаулысы

научная правовая экспертиза - ғылыми құқықтық сараптамасы

 

 

 

 

Варианттарды көрсете отырып, оларды ішінен нормаға сай бір варианты таңдап, қолданысқа ұсынуды жөн көрдік. Осындай варианттықтан арылу, ең алдымен терминге қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін атауларды қолданбаудан, сондай-ақ жарыса қолданатын нұсқалардың біреуін ғана орнықтыру үшін іріктеп пайдаланудан басталуы қажет. Сонымен бірге сөзжасам, терминжасам тәсілдерін дұрыс пайдалану, жаңа қолданысқа енетін терминдер мен атауларды талғаммен пайдаланудың да  маңызды екендігін ескеру керек. Бұлайша талдау сөздер мен ұғымдарды, терминдерді мәніне қарай дәл әрі дұрыс вариантын пайдалануға және оны тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, осындай тәсілді қолдану заң жобаларын әзірлеу барысында заң тілі мен стилі талаптарын сақтауды қамтамасыз етуге де жәрдемдеседі.

Қолданыстағы заңнамамыз сан саланы және түрлі деңгейдегі актілерді қамтитындықтан мұндай талдауды жүргізу оған көп уақыт бөліп, талдау жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Мұндай жұмыстар тек Лингвистикалық орталық шеңберінде ғана жүргізіліп қоймай салалық заңдар бойынша тиісті мемлекеттік органдар құрылымдарының күшімен жүргізілсе де тиімді. Осы тәжірибе заңнамадағы мән-мағынасы әртүрлі, әртүрлі түсінуге және талқылауға болатын нормаға қайшы сөздер мен сөз тіркестерін, терминдер мен ұғымдарды түзетуге, заңнама сапасын жетілдіруге бағытталған біріздендіру жұмыстарының тиімділігін арттырар еді. Бұл орайда талдау жұмыстарын жүргізу кезінде немесе заң жобасын әзірлеу кезінде болмасын әдеби тілдің нормасын басшылыққа алу аса қажет. Көпшілік қауым дұрыс деп таныған, жалпыға ортақ сөз қолдану, сөйлем құрастыру, сөз жасау, сөзді дұрыс дыбыстау, сауатты жазу заңдылықтарын сақтауға, яғни тілдік амалдарды дұрыс жұмсауға бағытталған жұмыстың қай-қайсы болмасын заң жобаларын нормаға сай әзірлеудің кепілі. Бұл ретте лексикалық бірліктерді бірізділікке келтіру ең алдымен варианттардың ара-жігін ашуды, олардың арасынан мәніне сай келетін бірлікті (олардың бірдейлігін, екітүрлі мәнде түсінілмеуін және ұғынылмауын) айқындау және нормативтік құқықық актілердің сатылық деңгейіне қарай жүйелі түрде пайдалануды орнықтыруға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осы жұмыстарды іске асыру және олардың қорытындысы бойынша алынатын тәжірибе мен әзірленетін ұсынымдар заң жобаларын әзірлеумен айналысатын мамандарғабағыт беретіндей әдістемелік негізгеайналуы тиіс.

Сонымен бірге заң жобаларын әзірлеумен айналысатын мамандар және  аудармашылар үшін алдағы уақытта  заң техникасы, тілдік норма, заң стилі мен лексикасы, термин, терминология туралы жан-жақты мәліметтер беру мақсатында арнайы семинар-отырыстарды ұйымдастырудың немесе мемлекеттік органдардың тиісті құрылымдарымен бірлесе ашық талқылау-кездесулерін өткізудің де көмегі мол.

Қорыта айтқанда, қолданыстағы заңнаманың, қабылданатын нормативтік құқықтық актілер жобаларының сапасын жетілдіру мақсатында атқарып отырған ісімізосы  бағыттағы практикалық та, теориялық та мәселелерді жете  білумен және оларға қатысты  үздік тәжірибелерді анықтаумен және  жұмысымызда іске асыруменнәтижелі болады деп қорытуға болады.

 

Пайдаланылған әдебиет:

  1. Примашев Н.М. Конституциялық заңнама лексикасы: салыстырмалы контент-талдау . - Қазақстан Республикасы Заңнама институтының жаршысы, №3(39) 2015. -125-127 б.
  2. Айымбетов М. А.Сөздік – терминді біріздендіру құралы . - Қазақстан Республикасы Заңнама институтының жаршысы, №4(39) 2013. - 108-109 б.
  3. «Қазақстан Республикасының заңнамасында қазақ тіліндегі заң лексикасының қолданылуына мониторинг жүргізу» тақырыбындағы іргелі және қолданбалы зерттеу бойынша 2016 жылғы 1 тоқсанға арналған талдау жұмысы (01.03.2016ж.)
  1. Ұйықбаев М. Тіл білімінің анатологиясы. Қазіргі қазақ тіліндегі варианттылық проблемасы. - Павлодар: С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2010. – 162б.
  2. Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптасуы (кодификациясы), Астана, Елорда. 2001. -230 б.