Аударма және терминология

Аударма және терминология

Термин, жаңа сөз қалыптастыру – күрделі процесс. Жаңа сөз жасауда түрлі сипаттағы пікірлер мен ұсыныстардың болуы да заңды.

Осыған орай кейде әр өңірдің қазағының сөйлегенін, әртүрлі таным-түсініктегі қазақтың сөйлегенін көріп, говорлық, диалектілік ерекшеліктерге қатысты тағы бір жаңа тұжырым жасауға болатындай. Әр өңір өзі түсінігін, өз сөз қолдану ерекшелігін, өзінің танымындағы ұғымды түсіну сипатын жаңа сөздерді қалыптастыруда алға тарта жөнеледі. Қайсысы болса да уәжді пікір, дәлелді ой айтады. Бірақ.

Бірақ дәл ол үрдіспен жаңа ұғымның аудармасына қатысты айтылып жатқан пікірлер мен ұсыныстарды негізге алсақ, онда біз ешқашан да сол жаңа ұғымдарды қалыптастырып, біріздендіріп, жүйелей алмайтын сыңайлымыз. Әсіресе, соңғы кезеңде жасалған сөздің түпкі мағынасын қазбалап, қазақтың көне, ескі ұғымындағы сөздің қолданылу мағынасын алға тартып шыға келетін ағайын, ғалым, жұртшылық көбейді. Дұрыс жағы – мұндай пікірталас қалыптастырмай талдап, талғап барып енгізу үшін қажет-ақ. Бұрыс жағы? Біздіңше, бұрыс жағы басымдау болып тұр, өкінішке орай. Біріншіден, жасырын емес, көп ғалым, маман, тілші, тілші емес, тағысын тағы басқа азаматтарымыз осындай пікір айтуды, міне-міне қалыптасып қалды деп отырған сөзді, терминді бірер уақыт өткен соң жаңа оянғандай көріп, көкпар жасап тарта жөнелуді ел алдында көрінудің, атына ұпай жинаудың құралына айналдырғандай.

Екіншіден, Сіз қалай ойламасаңыз да тәп-тәуір қалыптасып қалған ұғымның жаңа атауын түрткілегенде не табасыз?! 20-25 жылдың ішінде барлық жаңа ұғым атаулы толығымен қамтылмаса да, біршама сөздер қазақтың тілдік табиғатының икеміне келтірілді, қазақшаланды, қазақтың сөзін де істің кәдесіне жасауға болатыны, қазақтың тілі де тірі тіл ретінде қызмет салаларының сұранысын өтеуге жарайтындығы дәлелденді. Ал оны жұлқылай жөнелгеннен гөрі, күш-қайратымыз бен ойлау қисынымызды өзге аударылмай жатқан сөздер мен тіркестерді қалыптастыруға жұмсағанымыз абзал. Әрине, бұл жеке пікір десек те, үлкеніміз болсын, кішіміз болсын дайынды сынай жөнеліп, жаңа ұғым қалыптастыруға, жаңа сөз жасауға құмармыз, ал қазақтың сөйлеу, сөз жасау жүйесіне қолайлы етіп сөз жасап беруге үлес қосып жатқанымыз шамалы деген ойдамыз.

Көзімізге түсіп үлгерген бірер ғана сөзді талдау, сол арқылы қазақ тілінің сөзжасам қабілетіне шүбә келтірудің қазіргі тілдік ахуал жағдайында қажеттілігі жоқ. Әйтпесе, сол медсестраның, балконның, рыноктың, т.б. бірер ғана сөздердің қолданысын талдау арқылы айрықша әсер тудыруға ұмтылу – кері тартудың да бір көрінісі сияқты. Жанымыз ашыса, шын жанымыз ауырса үнсіз ғана тиісті деңгейде ұсыныс жасап, талдап, сөйтіп ел құлағы мен жазуы үйренетіндей мәнмәтіндерде қолдану арқылы қалыптастырған орынды болмақ Ал ұпай керек болса, бұл салада біріздендіру, зерттеу, зерделеу, сараптау бағытындағы іс жүзіндегі жұмыстар жетерлік, соларды іске асырып та ұпай жинауға болады деген ойдамыз.

Осылайша батыра айтуымызға себеп те, негіз де жоқ емес. Соңғы кезеңдерде тілдің, сөздің, терминнің айналасында өткізіліп жатқан семинарларда, дөңгелек үстелдерде осы сипаттағы ұсыныстар мен пікірлер жиі айтылады. «тисе терекке, тимесе бұтаққа» болды-ау деген ойда отырасыз, қайткенде де пікір айтып қалудың, сөйлеп қалудың, көрініп қалудың тәсілі сияқты көрініп тұрады. 

Үшіншіден, жасалған сөз атаулыны, олардың қолданысын осылай талдайтын болсақ, термині анағұрлым бірізге түскен, жүйеленген деген ағылшын, француз сияқты ғылымы дамыған елдердің тіліндегі терминдерді де жоққа шығарып, қолданудағы кемшілігін анықтай беруге болады. Сонда ол тілдерде сөз жасаушылар да «өтірік» аударма жасаған болып шығады ма?!

Төртіншіден, тілде шарттылық деген ұғым бар. О бастан қалыптасып, қанымызға сіңіп, бойымызға үйреніп қалғаны болмаса, сөз атаулының барлығына шарттылық тән. Уақыт шарттылыққа мағына жүктейді, сөз ұғымын кеңейтеді не тарылтады. Жаңа сөздің осы жағына да мән беруді, аз да болса қазақшаланып қалған ұғымдарды шұқылап, бұзып, аршып, қопарып, бүлдіріп, мықты боп көріну қаншалықты пайдалы, пайдасыз?! Пікір айтуда бұл мәселе де ескерілгені дұрыс деген ойдамыз.

Бесіншіден, тіл, тілдің стилі (ол тек біздің тіл ғана емес – Е.Ә.) уақыттар мен кезеңдердің, ғасырлар мен дәуірлердің еншісінде өзгеріске ұшырайды, сөздердің сөйлем жүйесіндегі қолданылу ерекшелігі өзгереді, өйткені жұрттың танымы да қоғамдағы өзгерістермен бірге ілгері жылжып отырады. Сондықтан, сөздердің қолданысын, әсіресе жаңа қалыптасып жатқан ұғымдардың аударма нұсқасының қолданысын мәнмәтін жүйесімен, сөйлемдердің, сөз тіркестерінің ішіндегі қолданысымен тығыз бірлікте қарастырған орынды.

Сынауға құмар болуымызға да басты себептің бірі – сөздің қолданысын сөйлемдегі орнымен бағалай білмейтіндігімізде сыңайлы. Сөйтеміз де жаттап алған «қашан жүйеге түседіге» салып, айқайлауға бармыз. Тілде салалардың ерекшелігіне салып, әртүрлі нұсқаларда қолдануға мәжбүр болатын да тұстар кездеседі. Мысалы, «расход» – «шығыс», «затрата» – «шығын». Осыған қарап, «расходование» деген сөзді «шығыстау» деп немесе «затраченные расходы» деген сөздерді «шығындалған шығыстар» деп қолдана алмайсыз. Олар тиісінше «шығыстарды жұмсау», «жұмсалған шығыстар» түрінде қолданылады.

Немесе қарапайым ғана «строительство» сөзі заттық мағынасында «құрылыс», әрекетті білдіру мағынасында «салу» (теміржол салу, ғимарат салу, т.б.) нұсқасында қолданылады.

Болмаса «ключтің» барлығы бірдей «кілт» бола алмайды. «Ключевые слова»–«негізгі сөздер», «түйін сөздер» түрінде «ключевые места»–«негізгі орындар», «басты орындар»,т.с.с. қолданылады.

Ендігі ретте, көз жеткізе түсу үшін «Терминологиялық хабаршының» 2016 жылғы № 1 (51) санында берілген сөздерді қолдануға қатысты ұсыныс-пікір түріндегі қолданыстарды қарастырып, қазақ тіліндегі сөйлемдердің ішкі жүйесінде қолданып көрейік.

«Мекенжай» сөзінің орнына «тұрақ» сөзі ұсынылады. Сонда «тұрағыңызды көрсетіңіз», «тұрағыңыз қандай?», «тұрағы көрсетіледі», «тұрақ анықтамасы», «тұрағыңызды жазыңыз», «тұрағыңыз бойынша» болады ма? Біздіңше, қисынға да, оқуға да, тыңдауға да түрпідей тиіп тұр. Ал «мекенжай анықтамасы», «мекенжайы бойынша», «мекенжайы көрсетіледі», мекенжайыңыз қандай?» деген қолданыстар қазіргі тілде қалыптасып үлгерді, оны енді бүлдірудің қажеті жоқ. Ұсынылған «тұраққа» да келісуге болады, оны жоққа шығармаймыз, бірақ қалыптасып, сіңісті болып үлгерген сөзді өзгертіп, әсте-әсте қазақшаланып келе жатқан тілдегі сөздерді өзгерту арқылы онсыз да қазақ тілін қолданудан азар да безер болып отырған жұртты үркітудің қажеті жоқ. «Қазақ тілі сондай, қазақ тілі мұндай» деген сөз келтіретін істің арғы жағын да ойлаған, ұмытпаған орынды. Ал бұл жердегі мағынаның қолданысын «жай» сөзімен байланыстырып, шарттылықты ұмытудың немесе ұсынылған «тұрақты» автотұрақпен байланыстырады деп ұзынсонар айтысқа салудың қажеті жоқ. Оны тілде керісінше де немесе әртүрлі бағытта да талдауға болады. «Үй-жай» – «жилое помещение, «орынжай» – «помещение» деп қолданылып жүр. Сонда «автожай» – «автопомещение» нұсқасында түсіндіріледі. Бұл үрдіспен талдасақ, «мекенжай» – «помещение обитания» болып шығады. Демек, сөз жасауға осылай қарау – ешқашан жаңа сөздің жасалмауына алып келеді деген сөз.

Ұсыныста талданған «басқы», «экспертиза», «уағда», «базар», «тәртіп», «үнемдеу», «жинақтау» сөздеріне қатысты да осы бағыттағы пікір айтуға, біржақты талданған деп бағалауға болады. Өйткені, «давление» сөзінің мағынасы тамыр ішіндегі қанның ағу қысымына, оның адам ағзасына әсеріне байланысты да айтылған. Ағзаны ұстап тұратын «қан қысымы» денсаулыққа елеулі түрде әсер ететін көрсеткіш. Ағылшын тіліндегі «pressure» нұсқасы да осыған ұқсас «қысу, қысым көрсеткіші» мағынасында қолданылады. «Басқы» деп алсақ, оның екінші жағы бар, қанның ағуы төмендегенде («пониженное давление») керісінше, «төменгі», «төмендеу» деп аламыз ба?! Әлде оны да «тартқы» деп қолданамыз ба?! Сондықтан бұл ұсынысты қолдану бірізділікке қайшы.

«Анализ» сөзі қазіргі ресми тілде «саралау» болып қолданылып жүрген жоқ, ол «талдау» тұлғасында қолданылады. Ал «экспертиза» «саралау» түрінде беріле алмайды, өйткені «экспертизаның» өзге тілдегі де мағынасы кең. Ол гуманитарлық салада да, экономикада да, медицинада да, т.б. салаларда қолданылады. Сондықтан «экспертиза» сөзінің мағыналық белгілерді жалғыз «саралау» деген сөз толығымен ашпайды, бұл тұста «сарапқа салу», «сараптап көрсету», «сараптама жасаудың» мағыналық қолданысы «саралауға» қарағанда анағұрлым кең және «экспертиза» сөзіне анағұрлым жақындайды, сәйкес келеді.

«Уағда» шындығына «уәде» сөзінің ескі нұсқасы. «Уәделесу» «договориться» қолданысынан туындаған, ол рас. Бірақ қазіргі құжат тілі «уәде» сөзін немесе ұсынылған оның көне нұсқасы «уағда» сөзін құжаттың атауы ретінде атай алмайды, ол – етістік, әрекет атауы. Сондықтан оның «шарт» түрінде аталғаны қолайлы, ал «уағда» осы нұсқасында емес, сол шарттардың ішінде «уағдаласу» түріндегі етістік тұлғасында қолданылады. Уағдаласа отырып, тараптар бір-біріне қойылатын шарттарды, құқықтар мен міндеттерді, іс-қимыл бағыттарын шарттастырады. Солай ете отырып, уағдаласады. 

«Базар» қазақ тіліндегі мағынасы ула-шулау, ығы-жығы болу деген мағынадан туындап, жұртшылықтың сауда жасайтын орны деген тар мағынамен қалыптасқан. Оны апарып «нарықтың» орнына қолдану қазіргі «рынок» сөзінің аудармасы бола алмайды.

Ал «тәртіпке» келсек, орыс тіліндегі «порядок» сөзі де, «дисциплина» сөзі де бір жақты мағынасымен шектелмейді. Порядок – реттілік, рет, 
порядок – тәртіп (порядок слов, порядок передачи информации, порядок строения); Дисциплина – пән (гуманитарные дисциплины – гуманитарлық пәндер, школьные дисциплины – мектеп пәндері), дисциплина – тәртіп (воинская дисциплина – әскери тәртіп, школьная дисциплина – мектеп тәртібі, дисциплина работника – жұмыскердің тәртібі). Бұл екі сөздің бір-бірін алмастыратын, бірінің орнына екіншісі қолданылатын жағдайлары да бар. Сондықтан «порядокты» тек «реттілік» сөзімен, «дисциплинаны» тек «тәртіп» сөзімен шектеу орынсыз. Бір сөздің екінші мағынада қолданылуына тыйым салуға, сол арқылы тілдегі сөздерді қолданудан жаңылысуға болмайды. Мәнмәтін жүйесіндегі, сөйлем ішіндегі, сала ішіндегі мағынасына қарай қолданған орынды. 

Ал «экономика» ғылым саласы ретінде кең ауқымда қолданылады. Ол тек үнемдеу дегенді ғана білдірмейді, тұтастай қаржы-қаражат, ақша айналымы, табыс көзі, өндіріс, халықтың тұтыну қажеттілігі, өндірістерді жоспарлау, т.б. толып жатқан ұғымдарды қамти отырып, кең ауқымда сала атауы ретінде қолданылады, тұтастай бір саланы білдіреді. Сондықтан «экономика» мен «үнемдеу» туыс ұғым болса да, бір ұғым болып шықпайды.
«Накопительный» – «жинақтау» түрінде қолданылып та жүр, ал банктерге қатысты «сберегательный» де қазақ тілінде «жинақтау» болып о бастан қолданылады. «Сбережение» тікелей аударма жасасақ, қиын күндерге қаржыны үнемдеп, банкке салып сақтау, тиісінше банк ақшаңды «жинап беруші» қызмет атқарып, сізге қызмет көрсетеді. Сол мәніне қарай ол да «жинақтаушыбанк», «жинақтайтынбанк» түрінде қолданылады. Бұл ретте, оны «үнемдеумен» бір ұғым жасап жаңылысудың қажеті жоқ. 

Біздіңше, ұсыныста «программа», «проспект», «инвентаризация», «расторжение», «инструкция», «учреждение», «вознаграждение»,
«пенсия», т.б. қамтылған сөздердің қазақ тіліндегі аудармалары да осылайша біржақты мағынасын талдаумен шектеліп тұр. Айталық,  мақалаға жүгінсек, «төлнұсқа», «төлқұжат» деген сөздерді «өз нұсқа», «өз құжат» немесе «өз құжатымыз» деп біржақты қолдану керек болады, бұл қазіргі ресми қазақ тілінің, кеңсе стилінің талабына жауап бере алмайды, қазақ тілін түкке жарамсыз етіп жайдақ тілге айналдыру болып шығады. Әйтпесе, «төл» сөзінің «өз» деген синонимі бар екенін аудармашы, тілші, сөз жасаушы қауым білмейді емес. Екінші жағынан, өзара омоним құрайтын малдың төлі, жануардың төлі деген мағынаны білдіретін «төл» сөзін «өз» мағынасын білдіретін сөзбен байланысты қараудың қажеттілігі қаншалықты?!

Ұсыныстағы тағы бір сөзге тоқтала кеткен орынды. Ол – «даңғыл» сөзінен бас тартып, «проспект» сөзін қалдыру жөніндегі ұсыныс. «Проспект дегеніміз кең, үлкен әрі түзу көше» деп орынды атап көрсетіледі. Расында, ағылшын тіліндегі «avenuе» – «жаңа көше» деген ұғымды білдіреді, ал орыс тіліндегі «проспект» – «түзу, жарық көше» деген мағынада қолданылады. Қазақтар жақсы жолды, кең жолды, түзу жолды «даңғыл жол» деп тура мағынасында да, адам ғұмырына, бір істің барысына, т.б. байланысты ауыспалы мағынада да қолданған. Сондықтан бұл сөздің қолданысын «капиталистік дүниеден келген сөз» деп айрықшалаудың қажеттілігі жоқ деп ойлаймыз. Жылдар бойы сіңісіп үлгерген ұғымды бір-ақ пікірмен тас-талқан етудің лебі байқалады.

Сол сияқты «информацияны» –  «мәлімет», «контрольды» –  «қадағалау» деп алдық делік, сонда «сведения», «данные» деген сөздерге, тиісінше «надзорды» қалай алуды ұсынасыздар? Халықтың санасына сіңіп қалған сөздердің аудармаларының нұсқаларын аударғаннан кім не тұтады? Бірізділіктен, жүйелі қолданыстан алшақтатып, сөз қалыптастырудағы процессті кері дөңгелетуден басқа ұтымды ешнәрсе де шықпайды.

«Стена» сөзінің аудармасына «дуал» сөзі ұсынылыпты. Ол көне сөз, қазіргі тілде дуал аулаңыздың аумағын таспен немесе кірпішпен, не ұрма жасап салсаңыз, оны «дуал» дейді. Көбінесе, Оңтүстік Қазақстанның, кейбір оңтүстік өңірдегі аумақтардың, көрші Өзбекстан Республикасының жұрты дуал соғады деген түсінік бар. Кәдімгі үйдің қабырғасын «дуал» деу жергілікті сөйлеу ерекшелігіне жатады, оны алып келіп ресми кеңсе стиліне пайдалануға сәйкес келмейді.

Сонымен бірге «тұлға» сөзіне берген анықтамаңыз орынды, бірақ «кейіп» деген ұсыныспен келісу қиындау. «Кейіп» – «дерексіз бейне», «сұлба» сөздерінің синонимі. Сонда «жеке тұлға» деп жүргеніміз «адам» болса, оны тым жоқ қылып, қуратып, қаңыратып, төмендетіп осы «кейіп» сөзімен береміз бе? Мысалы, «Жеке кейіп өз пікірін білдірді» дегендей болып келе ме?! Онда масқара болғанымыз. Олай дейтініміз «адам кейпінде жүргені болмаса, адам санатында жоқ қой ол» деген сияқты қолданыстарды естімегенсіздер деп ойламаймын. Сондықтан бұл бағытта «кейіп» сөзі «тұлға» сөзін ауыстыра алмайды. Бұл сөздер заңнама мәтіндерінде физическое лицо – жеке тұлға, юридическое лицо – заңды тұлға түрінде, «лицо» сөзі жеке адамды білдірсе «адам» нұсқасында, заңды тұлғаны, мекемені, ұйымды аңғартса, «тұлға» нұсқасында қолданылып жүр. 

Жинақтай келгенде, қалыптасып үлгерген сөздерді талдау арқылы жұртшылықтың құлағына сіңіп, еті үйрене бастаған қазақ сөздерін бұзбауға, ол сөздерді пайдаланушы қауымды жаңылыстармауға шақырамыз. Айтар сын мен пікір уақтылы, өз ретімен, уәжімен болғаны және ұсыныс тіл мәдениетінің талаптарын сақтай отырып айтылғаны орынды. Тілдің уақыт талабына сай стильдік, функционалдық ерекшеліктерін ескере отырып, сөзді сөйлем жүйесіндегі орнына қарай жасауға, қолдануға аса айрықша маңыз берген жөн.