ЗООМОРФИЗМДЕРДІ МӘДЕНИ ИНТЕРПРЕТАЦИЯЛАУДЫҢ ТІЛДІК ДЕРЕКТЕРІ (LINGUISTIC DATA OF CULTURAL INTERPRETATION OF ZOOMORPHISMS)

ЗООМОРФИЗМДЕРДІ МӘДЕНИ ИНТЕРПРЕТАЦИЯЛАУДЫҢ ТІЛДІК ДЕРЕКТЕРІ (LINGUISTIC DATA OF CULTURAL INTERPRETATION OF ZOOMORPHISMS)
Бұл мақалада түркі тілдеріндегі зооморфизмдерді мәдени интерпретациялаудың лингвистикалық деректеріне талдау жасау мақсат етілді. Зооморфизмдерді мәдени интерпретациялаудың тілдік деректері ретінде қазақ, түрік және өзбек тілдеріндегі фразеологизмдер зерттеу нысанына алынды. Түркі тілдерінің фразеологиялық және паремиологиялық қорында көрініс табатын мәдениеттің символдары мен стандарттары жүйесін анықтауға мүмкіндік беретін зооморфтық код тіл мен мәдениет дүниетанымының ерекшеліктерін анықтайды. Алайда, зооморфтық код жалпы адамзатқа ортақ әмбебап ерекшеліктерді көрсетумен қатар, ұлттық сипатымен де ерекшеленеді. Жалпы тіл білімінде зооморфизмдер жан-жақты зерттелсе де, бүгінгі күні зооморфизмдерді «тіл және мәдениет» бірлігінде түйістіріп, тілдердің лексикалық қоры бойынша салыстырмалы зерттеу жүргізуді маңызды деп есептейміз. Зооморфизмдерге қатысты лингвомәдени талдау аталмыш бірліктерді түркі тілдері бойынша мәдени интерпретациялаудың мотивациялық негізін анықтау арқылы жүзеге асырылады. Мұндай фон ретінде зооморфизмдерді мәдени түсіндіру көздері қолданылады. Зерттеу барысында материалдарды жинақтау, жүйелеу, тілдік деректерді салыстырмалы талдау тәсілдері қолданылды. Зерттеудің теориялық тұжырымдамасы бойынша отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері басшылыққа алынды. Аталған бағыттағы зерттеулер тақырыпқа сай зерделеніп, ғалымдардың тұжырымдары талданды. Тілдік деректерді «тіл және мәдениет» контексінде талдау нәтижесінде түркі дүние бейнесінің зоонимдік коды, оның жалпы және ұлттық ерекшеліктері туралы тұжырым жасалды. Түйін сөздер: лингвомәдениеттану, түркі дүние бейнесі, зооморфизм, фразеологизм, түркі тілдері.

Кіріспе

Зооморфизмдерді түркі тілдерінің деректері бойынша қарастыру түркі дүниебейнесінің зоонимдік код мәнін түсінуге септігін тигізеді. Туыстілдер жүйесінде зооморфизмдердің мотивациялық негізіндегі ортақтықтар мен ерекшеліктердің салыстырмалы тұрғыдан қарастырылуы жұмыстың өзектілігін танытады. Түркі зооморфизмдерін антропоөзектік парадигма аясында тіл мен мәдениет сабақтастығы тұрғысынан зерделеу, мәдени интерпретациялаудың тілдік деректерін анықтау, талдау және тілдік деректерді салыстыру жұмыстың жалпы сипатын айқындайды.

Тіл – мәдениеттің өнімі, оның маңызды құрамдас бөлігі және мәдениеттің өмір сүруші шарты болып табылады. Сонымен қатар, тіл – мәдениеттің белгілі бір тәсілі, мәдени кодтардың қалыптасу факторы. Мәдениеттің зооморфтық коды ерекшелі тілдік қабат болып табылады. Зооморфизмдердің мәдени мазмұнына шолу үшін құрамында зоолексемасы бар тұрақты сөз тіркестері, афоризмдер, символдардың, стереотиптердің сипаттамасы қызықты деректерді бере алады. Осы аталған құрылымдардың мәдени мазмұны болғандықтан, олар мәдениетке және тілге де қатысты бірлік болып табылады. Бұлардың бойында мәдени мағыналар өз кезегінде мәдениет кодтарын құрайды.

Антропологиялық құбылыс ретінде жалпы тілдегі зерттеуші шеңберіндегі салыстырмалы лингвомәдениеттанулық аспектідегі зооморфизмдерді талдау қызығушылық тудырды. Туыстілдер шеңберінде лингвомәдени бағытта зоонимдерді салыстырмалы зерттеу антропоцентризм идеясының даму перспективасы ретінде қарастырылуы керек. Әлемнің тілдік бейнесін модельдейтін мәдениеттің зоонимдік коды тілдің лексикалық, фразеологиялық, паремиологиялық қорында бекітілген. Сондықтан мақалада зооморфизмдердегі мәдени деректерді интерпретациялаудың тілдік материалдары ретінде тұрақты сөз тіркестері зерттеу нысанына алынды.

Кез келген тілдің сөздік құрамының маңызды мәдени құрамдас бөлігі – зоонимдер, соның ішінде зооморфизмдер (немесе зоосемизмдер) тілдің лексикалық, фразеологиялық, паремиологиялық деңгейлерінің құрамында жүзеге асырылатын бейнелі мағынадағы жануарлардың атаулары. Бізді зооморфизмдерадамның жеке басының әлеуметтік және психологиялық ерекшеліктерін сипаттауға байланысты, объективті шындықты бейнелеуге қатысты көп өлшемді құбылыс ретінде қызықтырады.

Зерттеу материалдары мен әдістері

Зооморфизмдердің мәдени ерекшелігі лингвомәдени талдау арқылы анықталады, ол мәдени түсініктеме түрінде шығарылады [1]. Зооморфизмдерге қатысты лингвомәдени талдау осы бірліктерді мәдени түсіндіру үшін мотивациялық көріністі анықтау арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Мұндай көрініс зооморфизмдерді мәдени түсіндіру көздері болып табылады. Мақалада зооморфизмдерді лингвомәдени талдау осындай көздерді анықтауды және оларды түркі тілдерінің тілдік деректері бойынша салыстыруды қамтиды.

Зооморфизмдер халықтың ғасырлар бойғы тәжірибесін бейнелейді және мәдени маңызды тілдік бірліктер болып табылады. Сонымен қатар зооморфизмдер лингвомәдени талдау объектісі бола алатын тұрақты бірліктер, өйткені «тұрақтылық тетіктері мәдени тетіктерге енеді, басқаша айтқанда, тұрақтылық ұжымдық мәдени жадының бір түрі болып табылады» [2, 104]. Тұрақты зооморфизмдердің мағыналары халықтық даналықтың, атап айтқанда, фразеологизмдерде, мақал-мәтелдерде, әр түрлі ұғым-түсініктерде, сондай-ақ ертегілерде, аңыздарда, әдеби шығармаларда кездесетін мәдени көзқарастарға негізделген. Сондықтан біздің зерттеу жұмысымыздың жалпы мазмұнында тұрақты салыстырулар, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер зооморфизмдерді мәдени түсіндірудің тілдік көзі ретінде талданады. Жұмыстың мақсаты – фразеологиялық деңгейде, атап айтқанда түркі тілдеріндегі зоонимдік компоненті бар фразеологиялық бірліктердің құрылымы мен семантикасында зооморфтық кодтың сипатын анықтау. Аталған мақсатқа жету үшін зерттеу барысында тілдік деректерді салыстыру, талдаудың интроспективтік тәсілі қолданылды. Салыстырмалы әдіс негізінде түркі зооморфизмдері «тіл және мәдениет» контексінде талданып, ортақ және жеке тұжырымдар жасалады, ал түркі тілдерін жеке қарастыру арқылы олардың өзіне тән ұлттық мәдени және өзіндік ерекшеліктерін анықтауда интроспективтік тәсіл қолданылды.

Әдебиетке шолу

Жалпы лингвистикада бүгінгі күні зоонимдерді антропоцентристік парадигма аясында зерттеуге ерекше назар аударуда. Ғалымдар аталған мәселені бір тілдің шеңберінде ғана емес, құрылымы әр түрлі тілдердің деректерін талдау арқылы да зерделеуде. Алдымен, қазақ тіл білімінде соңғы жылдары жарық көрген зерттеулер бойынша ғалым С.Қ.Сансызбаева қазақ және орыс тілінің деректері бойынша әлемнің тілдік бейнесіндегі зооморфизмдерді еркек пен әйел концептісі негізінде қарастырса, көркем шығармадағы зоонимдердің коннотативті мәні А.М.Сапанованың, сонымен қатар прецедент мәтіндер бойынша зоометафоралардың ұлттық ерекшеліктері Г.Ж.Снасапованың және зооморфизмдерді ағылшын тіл мәдениетіндегі гендерлік концептінің көрінісі ретінде А.А.Утеулиеваның зерттеулерінде қарастырады. Аталған мәселенің түркі тілдеріндегі зерттелуіне қарайтын болсақ, А.Йылдырым, О.Бечер, И.Устуньер мақал-мәтелдер мен фразеологизмдердегі зооморфтық бейнелердің лингвомәдени және лексикографиялық сипатын түрік және орыс тілінің деректері бойынша талдайды. Сондай-ақ зооморфизмдерді арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырған Д.К.Бахрамованың «Антропозооморфизмларнинг семантик валингвокультурологик хусусиятлари (ўзбек ва испан тиллари материалида)» атты еңбегінде өзбек және испан тілдерінің деректері бойынша антропоморфизмдердің семантикалық және лингвомәдени сипаты талданған. Сонымен қатар аталған тақырыптың орыс тіл білімінде зерттелуі бойынша зоонимдік лексика, тілдік дүние бейнесіндегі зоонимдік код мәселесі Ф.Н.Гукетлова, Ц.Огданова және зооморфтық кодтың антропоцентристік әлеуеті Сиссе Кумбаның еңбектерінде арнайы қарастырылады.

Отандық және шетелдік ғалымдардың зерттеулері бойынша зооморфизмдерге берілген ортақ тұжырым: тілдің лексикалық, фразеологиялық, паремиологиялық деңгейлерінің құрамында жүзеге асырылатын бейнелі мағынадағы жануарлардың атаулары. Бүгінгі таңда лингвомәдениеттану бағытында зооморфизмдерді зерттеуге ерекше назар аудару оның мынадай сипатына байланысты: ақпаратты беретін тілдік белгі; халықтың мәдени көзқарастарын сақтайтын және жаңғыртатын белгі, семантикасы «мәдениет көріністерінде пайда болатын» белгі [3]. Демек, зооморфизмдер тілдің ұлттық-мәдени ерекшелігінің жарқын көріністерінің бірі болып табылады. Біз тілдік бірліктердің ұлттық және мәдени ерекшеліктерін ажырату керек ғалымдардың деген пікіріне қосыламыз.

Біздің зерттеу нысанымызға сәйкес зооморфизмдер (зоосемизмдер) адамның жеке басының әлеуметтік және психологиялық ерекшеліктерін сипаттауға байланысты көп өлшемді құбылыс ретінде қызықтырды. Себебі дүние бейнесін қабылдаудың ұлттық-мәдени ерекшеліктері жануарлар туралы жалпыадамзаттық және ұлттық идеялар негізінде қалыптасатын зоонимдердің бейнелі мағыналарының дамуында көрінеді.Көптеген тілдерде жануарлардың атаулары (зоонимдер) адамдардың бейнелі сипаттамасы үшін қолданылады. Зоонимдердің мұндай семантикалық нұсқасы зооморфизм деп аталады. Зооморфизмдер халықтың қиялымен және шығармашылық ойлауымен байланысты жануарлардың белгілі бір қасиеттеріне негізделген. Лексикалық бірліктердің бейнелі-мазмұнды құрылымында тіркелген бұл белгілер зооморфизмдердің «семантикалық мотивациясына» (ішкі формасына) айналады, соның арқасында олар ерекше экспрессивті түрге ие болады және тілдік қордың ажырамас бөлігі болады.

Жалпы тіл біліміндегі зерттеулерге сәйкес, ғалымдардың зооморфизмнің тілдік табиғатына, өзіндік ерекшелігіне сәйкес тұжырымдарын талдайық.

Зерттеуші Kamil Michta «Jacques Derrida and zoomorphism: an inquiry» атты зерттеу мақаласында «зооморфизм адамның белгілі бір қасиетін немесе мінез-құлқын анықтауға бағытталған процесс. Метонимиялық сипатына байланысты зооморфизм өте редуктивті болып табылады және ол жиі детерминистік сипатқа да ие»,-деп сипаттайды. Сонымен қатар зооморфизмдерді дөрекі, жағымсыз бағалау мәнінде қолдану кейбір жағдайларда қақтығыстарға дейін жеткізгенін, оған дәлел ретінде Руандадағы оқиғаны келтіреді [4, 196].

Ғалым А.Ғ.Әбуханова «кез келген тілдің қомақты бөлігін құрайтын зоонимдік метафоралар ұлт санасында сақталған ұлттық мәдени ақпаратты, оның құндылығын анықтауға мүмкіндік береді. Олар лингвомәдени қауымдастық өкілдерінің қарым-қатынас ерекшеліктерін танытатын коммуникациялық кеңістіктегі маңызды бірлік болып табылады. Сол себепті, зоонимдік метафоралардың мазмұнындағы ақпараттарды – ұлт танымының тілдік таңбасы, ал прототиптік образдарды нысандар арасындағы логикалық байланыс нәтижесінің тілдік көрінісі деп есептеуге болады» - дейді [5, 178].

Зерттеуші Омер Бичер «зооморфты метафораны мәдениетаралық қарым-қатынас үшін зерттеу қажеттілігін одан әрі негіздейтін тілдік метафоралардың бір түрі», - деп есептейді [6, 60]. Сонымен зерттеушілердің тұжырымдарына сәйкес, «бір нақты жануарға бағытталған зооморфизмдер оны әр түрлі қасиеттер мен қабілеттердің эталоны ретінде көрсете алады (нақты түрде көрсетеді). Әр тілдегі зооморфизмдердің мазмұны кез келген басқа тілдегі ұқсас зооморфизмдерден өзгеше болуы мүмкін, бұл олардағы халық мәдениетінің ұлттық ерекшелігінің көрінісін көруге негіз береді» (Е.А.Гутман, Ф.А.Литвин, М.И.Черемисина) [2, 98]. Осылайша, тілдік бірліктердің ұлттық ерекшелігі зооморфизмдерді салыстыру кезінде айқын көрінеді.

Ғалымдар зооморфизмдер бағалауыштық-экспрессивті метафораға жататындығын, яғни жануардың белгісі адамға ауысқанда айқын көрінеді, бұл әлем тілдерінде «адамның сапалық-бағалау сипаттамасын» қалыптастыратындығын айтады. Зооморфизмдерді зерттеу лексикалық-фразеологиялық жүйенің құрылымын ғана емес, сонымен қатар зооморфизмдер мен зооморфтық фразеологиялық бірліктердің семантикалық әрі мәдени мазмұнын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретіндігіне назар аудартады [7, 119]. Зоонимдердің «прецеденттік мәтіндерде», афоризмдерде, ертегілерде және фразеологизмдерде жиі және нәтижелі қолданылуының себебідәстүрлі түрде зоонимдердің тілдік тұлға санасында (Ю.Н.Караулова термині) ерекше орын алуына байланысты. Ұлттық ерекшелік тілдерді салыстыру кезінде айқын көрінеді. Бұл зооморфизмдердің «этноконнотативтілігінде» көрінеді, яғни құрылымы әр түрлі немесе туыс тілдердегі бұл бірліктер әр түрлі коннотацияларға ие болуы мүмкін. Мәдени ерекшелік оны белгілі бір қоғамның материалдық немесе рухани мәдениетінің элементтерімен, оның тарихымен, наным-сенімдерімен, әдет- ғұрыптарымен, халық өмір сүретін табиғи-географиялық ортасымен байланыстыру арқылы анықталады. Біз тақырыпқа қатысты еңбектерді зерделеу барысында, зооморфизмдер белгілі бір халықтың тілі мен мәдениетінің ерекше және ортақ белгілерін анықтаудың теориялық негізін ғылыми зерттеуге мүмкіндік береді деген зерттеушілердің тұжырымына қосыламыз [8, 1]. Демек, зооморфизмдер белгілі бір ұлт тіліндегі моральдық, этикалық және әлеуметтік сипатты танытумен қатар, сол тілдегі мәдени ақпаратты тасымалдаушы бола алады. Түркі тілдерінде зооним компонентті тұрақты тілдік бірліктер өте көп. Сол арқылы түркі мәдениеті, түркілік болмыс, түркі дүние бейнесі туралы мәлімет жинақталады.

Зерттеу нәтижелері және талқылау

Жануарлардың өзіне тән бейнелері мен айрықша белгілерінің арқасында зооморфизмдерді қолданудың ерекшелігі бар. Оларды кеңінен қолдану экспрессивтілік, эмоционалдық, бағалауыштық мәндерді қөрсетумен қатар ұлт мәдениетінің, тарихының, әдет-ғұрыптары мен рухани құндылықтардың тілдік көрсеткіші болуымен маңызды. Кейбір зоонимдер түркі тілдерінде әр түрлі денотативті мағыналарға ие болуымен қатар, бірдей немесе ұқсас метафоралық мағыналарға да ие болуымен ерекшеленеді. Ғалым Г.Смағұлованың айтуы бойынша «ол ұғымдар бір күн немесе бір жылдың ішінде тумайды. Көп уақыт өте келе, салыстырмалы ұғым дами келе, адамдар әбден танып білген соң, ұқсату заңдылығымен метафора арқылы балама ойдың екінші атаумен жарыққа шығады [9, 224]. Осыған байланысты фразеологиялық бірліктер зооморфизмдерді түсіндірудің мәдени көзі болып табылады.

Академик Ә.Қайдар «Адамды «тек» жағынан жануармен жақындастырған тіл иесі бір жағынан жануарлар әлемін, екінші жағынан, адамдардың қоғамдағы өзара қарым-қатынасын, өмірдің әрқилы жағдаяттарындағы іс-әрекет, қимыл-қылығын бақылаудың нәтижесінде олардың арасында көптеген ұқсас, ортақ тұстардың бар екендігін танып пайымдады», - дейді [10, 215]. Адамның сыртқы түр-тұлғасын, ішкі жан дүниесін, мінез-құлығын, көңіл-күйін, іс-әрекетін, қимыл-қозғалысын сипаттап, бейнелеп, суреттеп атауда түркі халықтарының тілдік бейнелер қазынасының қомақты бөлігі жануарлар әлемінен алынған образдар үлесіне тиеді. Мәселен, қасқырдың қолға ұстап, үйретуге келмейтін тағылығын көрсетумен бірге тіліміздегі «қасқыр жүректі», «қасқырдай өжет», «көкжал бөрідей» деген фразалар адам бойындағы ештеңеден қайтпайтын, батыл, қайсар, жүрек жұтқан деген қасиеттерін суреттесе, «қасқырдың артқы сирағындай жек көрді», - «иттің етіндей жек көрді немесе қатты жек көрді және «қасқырмысың сен», «қасқырша анталамай ары жүр», «қасқырдай қу» деген тіркестер халықтың танымындағы қасқырдың екінші мағыналық қасиетіне байланысты туындаған.

Қасқыр зооморфизмі түрік тілінде бір жерді жақсы білетін немесе бір нәрсені жақсы білетін адам және өз ісінің маманы, білгір деген мағыналарда қолданылады. Сөздіктегі сипаттамасына назар аударсақ:

Bir yeri, bir şeyi iyi bilen// İşini iyi bilen, aldanmayan, kurnazlık yapan: «Deminden beri sus pus olmuş, fırsat bekleyen kurt müşterilerin ilk defa sesi duyuluyor.» - Haldun Taner.

Aç kurt gibi: büyük bir istekle (сөзбе-сөз: аш қасқырдай) мағынасы аш қасқырдай, азулы, ашулы;

Kurt gibi: işini bilen, girişken (kimse) (сөзбе-сөз: қасқыр сияқты) - мағынасы: өз ісінің маманы (TDK DS).Салыстыру – бұл адамның, заттың, жануардың, табиғат құбылыстарының және т.б. бейнелі сипаттамасы үшін жануарлардың атауын қолданудың ең көп таралған түрі, бұл адамның іс-әрекетімен, оның өмірлік тәжірибесімен байланысты, олардың сипаттамалық ерекшеліктерін, қасиеттерін, мінез-құлық ерекшеліктерін көруге және оларды жануарлардың ерекшеліктерімен, қасиеттерімен, күйімен, мінез-құлқымен байланыстыруға мүмкіндік береді. Ғалым Ц.Ц.Огданова «зооморфтық метафоралар айқын және тұрақты коннотацияларға ие. Бұл метафоралардың мақсаты – адамға қатысты бағаланатын мағынаға ие кейбір белгілерді жатқызу, өйткені адамға жануарлардың белгілерін беру экспрессивті-бағалау коннотацияларын білдіреді», - дейді [2, 104]. Ал зерттеуші Edith Gülçin Ambros: зооморфизм мен антропоморфизмді бір-бірінен ажыратудың мүмкін еместігін айтады [11, 127]. Ал ғалым Г.Сағидолда табиғатпен үйлесімділікте өмір сүре білген көшпенділердің «жорғалаған тышқаннан жортқан жыртқышқа дейінгі» барлық тіршілік иесін жете танып білуін былайша тұжырымдайды: «...олардың тіршілік тынысын өзінің рухани тірлігімен салыстырған, одан ортақтық тауып қорытынды шығара білген табиғи сұңғылалығы «Адам: Табиғат» аралық қатыстылықты тілінде сипаттап-суреттеп жеткізудің эстетикалық-символдық және лингводидактикалық тұғырына алынады» [12, 208].

Зооморфизмдер арқылы адамға қатысты сипаттамалар бойынша метафоралық мотивациясының ең көп таралған модельдері мынадай: жануардың сыртқы түрі – адамның сыртқы түрі; жануарлардың әрекеті – адамның әрекеті, жануарлардың мінез-құлқы – адамның мінез-құлқы. Зооморфтық мотивацияның аталған модельдері түркі тілдерінде әртүрлі cипаттамаға ие болуы мүмкін. Зооморфизмдердің семантикалық құрылымы олардың мағыналарын іске асырудың функционалды бағытын анықтайды. Талдауға алынған тілдік деректер үшін бастысы-экспрессивті және бағалауыштық сипаттағы функциялар, сондықтан зооморфизмдер коннотативтер болып табылады. Адамның бет-әлпет, дене бітімінің, жас ерекшелігіне байланысты сыртқы түр-тұрпаттағы өзгерістердің коннотативтік мінездемесі мен жалпы физиологияның бейнелі сипаттамасын жасауда жан-жануарлар, құс, өсімдік атаулары мен тұрмыстық зат атауларының айрықша белсенділік танытуын табиғатпен біте қайнасып, үндестікте тіршілік кешкен халқымыздың көшпелі өмір салтымен, тұрмыстық мәдениетінің өзіндік ерекшелігімен түсіндіруге болады.

Түйе малы түркі халықтарының өмірінде бірнеше ұғымдық коннотацияны қалыптастырғанын тілдік деректерден көруімізге болады. Түйе малының көзі үйренген дағдылы қасиеттері мен ерекшеліктеріне қарай түйені тұрақты тіркес жасауға эталон, символ ретінде қабылдаған. Қазақ, түрік тілдерінде түйе зооморфизмінің адамның мінез-құлқын сипаттауына назар аударсақ: түйе үстінен сирақ үйтіп; түйе үстінен ит қапқан – ебедейсіз, болбыр адам; Мысалы, қазақтың шешендік сөздерінде: Жақсы туған баланың атасы жаман болса да, Төрде отырып сый табар. Жаман туған баланың атасы жақсы болса да, Түйе үстінен ит қабар (Шешендік сөздерден). Бір күн бие, бір күн түйе – жағымсыз мінез; сөзі түйеден түскендей – дөрекі сөз; түйенің жарты етіндей – шектен тыс семіздік; үстінен түйе жүріп өтсе де – маубас, момындық. Үстінен түйе жүріп өтсе де, селт етпейтін жігіттің бар бітім болмысы Пістекүлді қызықтырған да (Д.Исабеков). Сөздерін көрдің бе, - деді Қарекең іштей. Түйеден түскендей-ау, түйеден (Д.Исабеков).

Түрік тілі бойынша: deve dişi gibi (сөзбе-сөз: түйенің тісіндей) тіркесінің түрік тілінің фразеологиялық сөздігінде екі түрлі мағынасы көрсетілген: 1) iri görünüşlü; 2) sıradan olmayan, tanınmış, güçlü; deve gibi (сөзбе-сөз: түйедей немесе түйе сияқты): 1) uzun boylu (ұзын бойлы); 2) hantal (көлемді); deve kuşu gibi (yüke gelince kuş, uçmaya gelince deve) (түйе құсындай)uygun şartlarda terslik çıkaran (қолайлы жағдайда да теріс әрекет жасайтын адам туралы); deve nalbanda bakar gibi: alay hiç görmediği, bilmediği bir şeye bakar gibi (бұрын-соңды көрмегендей қарау) (TDK DS). Екі тілдегі түйе зооморфизі бойынша мысалдардың семантикалық мазмұнына қарасақ, адамның семіздігін, ірілігін, ебедейсіз, болбыр, момындығын сипаттауда қолданылады, яғни тілдік деректер бойынша ортақ уәж байқалады.

Адамның қасиеттері көбінесе малға қарасты, мал бойында кездесетін қасиеттерге ұқсатылған. Бұған қарағанда төрт түлік мал, әсіресе, адамның ішкі жан дүниесі, бір-біріне деген көзқарасы сияқты. Осы орайда Г.Смағұлованың мына пікірі ойымызды одан әрі дәлелдей түспек. «Адамдық қасиет мінез-құлық, жүріс-тұрыс ертеңнен қара кешке дейін малмен көз ашқан ұлттың мәдени тіршілігінде осындай ұлттық-мәдени мен оның семантикалық қырларынан көрінуі заңды» [9, 225].

Мәселен, түрік тілінде үлкен күшке ие жануарлардың бейнелері арқылы адамның зооморфтық номинацияларындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды көруімізге болады: öküz (бұқа) зооморфизмі арқылы түріктерде физикалық тұрғыдан адамның күшті, мықты тұстары айтылса, ал келесі бір қолданыста, мәселен, öküz gibi//öküz kafalı//öküz arabası gibi деген тіркестердежануардың мінез-құлқына байланысты ақымақ мағынасындағы бейнелі сипаттауды береді. Бұл жерде ассоциация бұқаның белгілі бір нәрсеге түсініксіз, ақымақ көрінісіне негізделген. Аталған мағынатүрік тілінің «öküzün trene baktığı gibi bakmak» (сөзбе-сөз: өгіздің пойызға қарағанындай қарау) фразеологизмінде көрініс тапқан, сондай-ақ түрік жастарының коммуникативтік қатынасында öküz зоонимінің ақымақмағынасынан басқа, «дөрекі, әдепсіз адам» (жігітке қатысты) мағынасында қолданылуы жиі кездеседі. Демек, бұқа көбіне-көп жағымсыз адам бейнесін сомдауға, жайсыз іс-әрекеттерді суреттеуге қатысады.

Түрік, өзбек тілінде ayı, айиқ (аю) – мықты, күші басым, алып мағынасынан басқа ақылы таяз адам бейнесін сипаттауда жиі қолданылады. Мысалы: түрік тілінде: Ayı, iri cüsseden doğan kuvvetin, zarafetten yoksunluğun, kötü haraketli insanın simgesi gibi görülmüştür; өзбек тілінде айиқдай бақувват (сөзбе-сөз: аюдай мықты) және айиқдай бефахм одам (аюдай ақылсыз) деген қолданысынан аю зооморфизмінің позитивті және негативті қолданысын көруімізге болады (ЎТИФЛ), ал қазақ тілінде аюдай қорбаңдау фразеологиялық теңеуі аюлардың қорбаң жүрісін ебедейсіз «аузынан сөзі, қойнынан бөзі» түскен адамға қатысты қолданылады.

Адам бойындағы қыңырлық, қырсықтық қасиетті сипаттауда түрік тілінде ешкі, есек; өзбек тілінде есек; ал қазақ тілінде сиыр, өгіз, ит зоонимдері қолданылғанын тұрақты сөз тіркестерінен байқауымызға болады: түріктерде eşek inadı (сөзбе-сөз: есектің қыңыры), keçi gibi inatçı (сөзбе-сөз: ешкідей қырсық); өзбек тілінде эшакдай қайсар (сөзбе-сөз: ешкідей қырсық); қазақ тілінде: сиыр мінез, аузын буған өгіздей, ит мінез. Демек,түрік тілінде есек зооморфизмі қыңырлық, қырсық мінездің бейнелі мағынасы болса, қазақ тілінде есек семасымен келетін тіркестер де адамның бойындағы түрлі қасиеттердің бағасын береді. Есек ақымақтық пен топастықпен қатар, жуастық (есектен де жуас), аңқаулық (зәңгі есек) мағынасында жиірек қолданылады. Мысалы: «Есектен де жуас боп, Қолынан түсті таяғы» (І. Жансүгіров).

Зерттеуші М.Т.Жұбанышқызы жануарлардың ауыс мағынада қолданылуын былайша түсіндіреді: «...дүниедегі алуан түрлі құбылыстар жөніндегі түсінігін халық өзін қоршаған ортадағы танымына етене жақын, ертеден танымал ұқсас бейнелер арқылы білдіретіні мәлім. Тілдегі қандай да бір сөздің мағынасында таным обьектісі болып отырған болмыстың ерекше сипатын білдіретін элементтер қаншалықты басым болса, сол болмысты осы сөздің көмегімен бейнелеу мүмкіндігі соншалықты арта түспек», - дейді [13, 9].

Мінезі нашарадамның прототиптік образы ретінде қазақ тілінде ит коннотаттық семасы алынып, ит мінезді аталса, әлсізге әлімжеттік қылатынадам туралы да ит (таз) ашуын тырнадан алады дейді. Сол сияқты, бет – аузын, басын, шашын қайта – қайта сипап, сәнденіп әлекке түсетін сәнқойлардың қылығы жарасын жалаған итпен бағаланады. Ал, өзінің мықты тірегіне, күшті туыстарына сеніп, шүйкедей бойына қарамай, түйедей адамдарға жұдырық жұмсайтын оспадар мінезді, шолақ ақылды тентек адамның қылық – әрекеті түйеге жармасқан иттің әрекетімен ассоциацияланады. Оған қоса, итке тұмар жараспас деп оны келемеждеп де отырған. Сонымен қатар тілімізде кездесетін қара ит те пайғамбарға абалады тіркесі надан адам надандығын көрсетпей тұрмады дегенді білдіреді, яғни қандай жағдай болмасын адамның шынайы болмысы көрінеді. Енді осы тіркестегі мәдени кодқа назар аударсақ: Ежелгі аңыз бойынша Мұхаммед пайғамбарға абалап үрген итке: «бұл пайғамбар емес пе» дегенде, ит «өзім де білем, бірақ ит атым ұмытылмас үшін үріп тұрмын» деп жауап берген екен [14, 153]. Жалпы тілімізде ит коннотаттық семасымен келген тұрақты сөз тіркестерінің кей жағдайда жағымды бағасы да көрініп отырады. Мәселен, тілімізде кездесетін ит жанды тіркесі адамның шыдамды, төзімді қасиетін көрсетеді. Демек, ит зоосемасымен келетін фразеологиялық коннотацияда оппозициялық бағалауды көруімізге болады. Салыстырайық: ит жанды (шыдамды) – жағымды баға, иттен жаралған (топас, түк көрмеген) – жағымсыз баға.

Түрік тілінің тілдік деректерін қарастыратын болсақ, ит зооморфизмі көбінесе жаман ниетте немесе ашуланғанда айтылатын қарғыс мәнді сөз ретінде қолданылады: Aşağılık niyetlerde yaltaklanan veya kötü olan kimse için kullanılan bir sövgü sözü: Ben bu ite çattığıma bin pişman oldum. Bu köpekten de aşağı köpeğe uyma." Yaşar Kemal. Kedi ile köpek gibi (сөзбе-сөз: ит пен мысықтай): birbirleriyle geçinemeyen, anlaşamayan kimseler için söylenen bir söz (TDK DS). Ит пен мысықтай тіркесінің екі тілдегі семантикалық мазмұны ортақ уәждемеге негізделген, яғни бір-біріне өш, өштес, аңдысып өтер жау мағынасында қолданылады. Мысалы, Неге екенін білмеймін, ағамның Шойтыққа жұлдызы қарсы, екеуі ит пен мысықтай, - деді Жұмаш (Н. Серғалиев) (ҚТФС). Өзбек тілінде ішімдікке салынған немесе ішімдікті көп ішкен адамды сипаттауда итдай/молдай ичмоқ (сөзбе-сөз: иттей/мал сияқты ішу) тіркесі: Новча бўлса-чи, нодону молтабиат чиқса ҳам майли, тўнкалик қилсаям марҳамат, ҳар куни итдек ичиб келиб тепкиласаям – бош устига! (Э.Азам. Пакананинг ошиқ кўнгли) және қарны қатты ашқан, ашыққан адамды сипаттауда да итдай оч (сөзбе-сөз: иттей аш) тұрақты тіркесі қолданылады. Мысалы, Вой, аканг айлангурлар-ей, итдек очқаганга ўхшайсизлар-ку, – деб ачинганнамо бош тебратди Мутал-майнавоз (А.Обиджон. Мешполвоннинг жанглари) (ЎТИФЛ).

Демек, талдау негізінде түркі дүние бейнесінде зооморфизмдердің ортақ және ерекше мәндерінің болуы да анықталды. Кез келген тілдегі зоонимнің метафоралық мағынасы белгілі бір әлеуметтік ортада қалыптасатынын және оның тілге сіңіру процесі белгілі бір тарихи, әлеуметтік, саяси және мәдени жағдайларға байланысты екенін көре аламыз. Өзбек ғалымы Д.К.Бахромова антропоморфизмнің негізгі объектісі адам және ол бағалау қасиетіне ие бола отырып, оң және теріс сипаттамаларды көрсететінін дәлелдейді. Зооморфизмдер туыс тілдер немесе құрылымы әртүрлі тілдер бойынша семантикалық жағынан әр түрлі немесе кей жағдайда ортақ уәжі де болуы мүмкін [15, 42]. Адамның сыртқы келбетін, ішкі жан-дүниесін, мінез-құлқын, іс-әрекетін, қимыл-қозғалысын, көңіл-күйін т.б. білдіретінзооморфтық бейненің негізі халықтың ақиқат дүние туралы білімдер жүйесінен хабар береді. Мұны «жануарлар әлемімен байланысты түркі тілдерінде қалыптасқан әрбір сөз, сөз тіркесі, тақырыпқа сай мәтіндер түркілік мәдениет семантикасының көрсеткіші, яғни «мәдениет элементі» қызметін атқаруымен» байланыстыра аламыз [16, 218].

Қорытынды

Жалпы алғанда, әлем туралы, өзін қоршаған дүние туралы көзқарасын адам білімі мен біліктілігі, өмірлік тәжірибесі арқылы қалыптастырады. Осы тұрғыда түркі тілдеріндегі зооморфизмдер тілдік тұлғаның әлемді қабылдауы және бағалауы, өмірлік құбылыстар туралы білім-түсінігінің көрсеткіш нәтижесінен туындаған. Олардың бойында адамға қатысты сипаттамалар (мінез-құлқы, өзін-өзі ұстауы, іс-әрекеті) ғана емес, ұлттың рухы мен салт- дәстүрлері қоса сипатталған мәдени ақпарат бар. Ұлттық-мәдени сипат беретін мәдени ақпарат мағыналық бірліктердің ішкі формасында сақталады. Ұлттық тіл семантикасында бекіген образдар жүйесі тілдегі мәдени ақпараттың негізі болмақ. Нәтижесінде зооморфтық кодтар мәдени-ұлттық коннотация мазмұнын құрайды.

Зооморфизмдерді коннотативті сөздер ретінде қарастыруға болатынын көрсетті, өйткені олардың мағыналарында зоонимдердің коннотациялары жүзеге асырылады. Метафоралық сипаттама үшін жануар атауын пайдалану сипатталатын тұлғаның қасиеттерін және жануардың (нақты немесе ойдан шығарылған) қасиеттерін салыстыруға негізделген. Зооморфизмді мәдени түсіндіру көзі ретінде талданған фразеологизмдер тілдің ұлттық-мәдени ерекшелігінің ең жарқын көріністерінің бірі болып саналады. Олардың көпшілігі өздерінің ішкі формаларында халықтың өмір сүру жағдайлары мен тарихи даму ерекшеліктерінен туындаған әлеуметтік-мәдени ерекшелікті көрсетеді.Зооморфизмдер түркі дүние бейнесін таныта алатын және лингвомәдениеттану тұрғысынан лингвомәдени бірлік деген қорытынды жасаймыз.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.       Брагина Н.Г. Фрагмент лингвокультурологического лексикона (базовые понятия). Фразеология в контексте культуры. М. – 1999. – С. 131-138.

2.       Огданова Ц.Ц. Зооморфная лексика как фрагмент русской языковой картины мира: дисс. канд. филол. наук. М.: РГБ, 2005. – 162 с.

3.       Телия В.Н. Русская фразеология. Семантический, прагматический аспекты. М.: Языки русской культуры, 1996. – 288 с.

4.       Michta K. Jacques Derrida and zoomorphism: an inquiry // «PrzestrzenieTeorii» 28. Poznań 2017, Adam Mickiewicz University Press, pp. 193-201.

5.       Әбуханова А.Ғ., Ағымеддуллаева, Н.Б. Ағылшын және қазақ тілдеріндегі зоонимдік метафоралардың когнитивтік сипаты // БҚМУ Хабаршысы №2 (66) – 2017. 175-182 бб.

6.       Омер Б. Зооморфные образы в русских пословицах и поговорках: лингвокультурологический и лексикографический аспекты: дисс. канд. филол. наук. Смоленск, 2016. – 174 с.

7.       Ильяс У. Зооморфная метафора, характеризующая человека, в русском и турецком языках: дисс. канд. филол. наук. Екатеринбург, 2004. – 172 с.

8.       Norkuzieva D. National and Cultural Features of Zoomorphic Systems // Texas Journal of Philology, Culture and History №17 2022. p. 1-4.

9.       Смағұлова Г. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері: монография. Алматы: «Елтаным» баспасы, 2010. – 244 б.

10.     Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. Алматы, Ана тілі, 1998. – 308 б.

11.     Edith G.A. Hayvanbiçimcilik (Zoomorfizm), Hayvanlarla İmave İnsanmerkezcilik: XVII. Yüzyıl Osmanlı Edebiyatında Hayvanlar ve İnsanlar // 17. Yüzyıl Işığında Osmanlı. Editörler: Hanife KONCU (Prof. Dr.) - Nuri Seçgin. İstanbul: DBY Yayınları, 2022. – 759 с.

12.     Сағидолда Г. Түркі-моңғол дүние бейнесінің тілдік фрагменттері. Астана, Сарыарқа, 2011. – 304 б.

13.     Жұбанышқызы М.Т. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі анималистік фразеологизмдердің коннотативтік семантикасы: филол.ғ. канд. дисс. автореф. – Алматы, 2005. – 31 б.

14.     Қазақ тілінің лингвомәдени сөздігі: этносемантикалық талдау. Құр.: Н.Уәли, Р.Шойбеков, Н.Әлімбай, т.б. – Алматы: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі, 2022. - 268 б.

15.     Бахронова Д.К. Антропозооморфизмларнинг семантик ва лингвокультурологик хусусиятлари (ўзбек ва испан тиллари материалида): фалсафа доктори PhD дисс. автореф. Тошкент, 2017. – 48 с.

16.     Раева А., Жылқыбай Г. «Тіл және мәдениет» контексінде түркі тілдерін үйретудің маңызы (қазақ және түрік тілдерінің оқулықтары бойынша) // Яссауи университетінің хабаршысы. - №2 (124) 2022. Б. 207-220.

Лексикографиялық дереккөздер және олардың қысқартылуы:

1.       Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Aлматы, Арыс 2007, - 800 б. - ҚҚФС

2.       Раҳматуллаев Ш. Ўзбек тилининг изоҳли фразеологик луғати. Тошкент: Университет, 1978. - 406 б. (ЎТИФЛ)

3.       TDK Atasözleri ve Deyimler Sözlüğü. https://sozluk.gov.tr – TDK DS