Ұлттық терминқор қалыптастыру, жүйелеу, реттеу, біріздендіруге қатысты кейбір мәселелер

Ұлттық терминқор қалыптастыру, жүйелеу, реттеу, біріздендіруге қатысты кейбір мәселелер

Кіріспе

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1045 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында терминологиялық қорды жүйелеу, реттеу, жетілдіру, біріздендіру және салалық терминологияны дамыту ісіне ерекше назар аударылады. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мәліметі бойынша, мемлекеттік тілдің қолданылу сапасын арттыру және қазақ тілінің салалық және салааралық терминдер жүйесін жетілдіру, біріздендіру мақсатында ғылым мен техниканың  түрлі салалары бойынша 270-тен астам терминологиялық сөздік жарық көрсе, тәуелсіздік алғалы мемлекеттік тілде қалыптасқан терминқор – 330000 бірлікті, қазақ тілінде баламасы жоқ шеттілдік терминдер – 33479, ұлттық тіл негізінде игерілген терминдер – 6317, ұлттық тіл ресурстарын пайдаланып, әрі шеттілдік элементтерді сақтап жасалған аралас терминдер – 293 204 бірлікті құрайды екен <!-- [if !supportFootnotes]-->[1]<!--[endif]-->. Заманауи ғылым мен технологияның өркендеуіне байланысты кез келген тілде пайда болатын жаңа сөздердің 90% астамын арнаулы сөздер құрайды екен. Терминдер арнаулы тілдің семантикалық өзегі болып табылады және негізгі ақпарат мазмұнын беретіндіктен, тіліміздегі ұлттық сипаттағы терминдер мен атауларға деген қажеттілік те аса жоғары болып отыр. Әрбір ширек ғасыр сайын жаңа пәндердің ерекше қарқынмен пайда болып, олардың саны орта есеппен алғанда, екі есеге артып отыратынын ескеретін болсақ, әрбір саланың өз терминологиясына деген айрықша қажеттілігін туындатып, терминологияның стихиялы түрде пайда болуына түрткі болып отырған жайы бар. Осындай «терминологиялық тасқын» сала мамандары мен терминолог ғалымдардың алдына ұлттық терминологияның бүкіл массивін реттеу, тілдік тұрғыдан жүйелеу, біріздендіру, стандарттау тәрізді келелі міндеттер қойып отыр. Тіліміздегі жалпы қолданыстағы сөздерден кем түспейтін ғылым мен техниканың түрлі салаларындағы терминдерді, олардың жасалу, қалыптасу, дамуының теориялық және практикалық жақтары әлі де зерттеп-зерделеуді қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ терминологиясында практикалық қолданбалы тұрғыдан қоғамдық өмірдің барлық саласына, өндіріске енгізуді қажет ететін терминдер мен атаулардың жасалуы, тілдік нормаға сәйкес келуі, оларды аударма дәлдігі тұрғысынан қарастыру мәселесі туындайды. Ұлттық терминологиялық қорды толықтыру, жетілдіру, терминдер мен атаулардың қолданылу тиімділігін арттыру мақсатында құрылған «Termincom.kz» бірыңғай республикалық терминологиялық базасына енгізілген ғылым мен білім, техника және экономика, т.б. терминдерді және қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі жаңа атаулар мен сөздерді саралау, жаңа терминдерді ғылыми сараптаудан өткізіп, қолданысқа енгізу жүйелеу, реттеу – қазіргі таңдағы өзекті мәселе. «Termincom.kz» сайтына енгізілген салалық және салааралық терминдер мен номенклатуралық атаулар қоры айтарлықтай қалыптастырылды және жинақталды. Бұл терминдердің сала мамандары мен лингвист терминолог мамандар тарапынан саралау және сараптауынан өткізіліп, отандық термин түзуді жүйелеу және терминологиялық жұмыстардың мақсатты түрде жүргізілуіне негіз болып отыр.

Әдістер мен материалдар

Қазақ тілін ғылым тілі ретінде жетілдіру, оның қолданылу аясын кеңейту ісінде салалық және салаларалық терминдер ғылыми-практикалық електен өткізуді қажет етеді. «Termincom.kz» сайтындағы салалық және салааралық терминдердің қалыптастырылуы және оларды жүйелеу,  реттеу, біріздендіруде сипаттамалы, салыстырмалы-салғастырмалы әдістер және статистикалық әдіс элементтері пайдаланылды. Жұмыс барысында салалық (математика, физика және астрономия, энергетика) және салааралық терминдерді қалыптастыру және стандарттау, терминдерді аудару, термин түзудегі ұстанымдар туралы терминология саласында жарық көрген еңбектер, ғылыми және ғылыми-көпшілік, ғылыми-анықтамалық әдебиеттер мен энциклопедиялық еңбектер, біртілді және екітілді сөздіктер пайдаланылды.

Негізгі бөлім

Нәтижелер мен талқылаулар

Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте термин (лат. терминус – шекара, шек) – білімнің немесе қызметтің арнаулы саласы ұғымын білдіретін сөздер немесе сөз тіркестері деген анықтама беріледі. Термин ерекшеліктеріне: 1) жүйелілік; 2) анықтамасының болуы (терминдердердің көпшілігі үшін); 3) өзінің терминологиялық өрісі шегіндегі моносемиялылық, яғни осы ғылымның, пәннің немесе ғылыми мектептің терминологиясы тән болу үрдісі (осыған байланысты, математика, физиология және лингвистикадағы «функция» сияқты терминдер салааралық омонимдер деп аталады); 4) экспрессияның болмауы; 5) стилистикалық бейтараптық жатқызылады [1, 327-б.]. Терминнің бұл қасиеттері терминологиялық өрістің ішінде ғана жүзеге асырылады да, одан тыс жерде термин өзінің анықтамалық және жүйелік сипаттамаларын жоғалтады, яғни бейтерминденеді. Бейтерминдену (терминнің жалпы лексикаға ауысуы) және терминдену (жалпықолданыстағы сөздің терминге ауысуы) процестері терминологиялық және терминологиялық емес лексиканың өзара ауысуып отыру процесін көрсетеді. Әдетте метафораға негізделген терминологиямен қатар, термин жасау тәсілдеріне – дайын терминді бір пәннен екінші пәнге толық немесе ішінара қайта түсіндіре отырып ауыстыру – ретерминология: «дифференциал» (математика) – «дифференциал» (лингвистика) жатқызылады. Терминдер басқа тілден де алынуы мүмкін (бұған калькалау жатқызылады), сонымен қатар, өз тілінің морфемалық қатарынан немесе халықаралық элементтерден де жасалуы мүмкін. Қазақ терминологиясына арналған жұмыстар өткен ғасырдан бастау алып, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта өз дамуының жаңа кезеңіне өтіп отыр. Ұлттық термин жасау және терминологиялық қор қалыптастыруда А.Байтұрсынұлынан бастау алған, ұлттық тіл негізіне бет түзеген ғылыми көзқарасты назарға алған қазақ ұлттық терминологиясының ғылыми қағидаттары анықталып, қазақ терминологиясы дамуының соны бағыттары айқындалды. Қазақ терминологиясын жаңаша бағдарлау, реттеу және ілгері дамытуға байланысты академик Ә. Қайдар ұлттық термин жасау және қалыптастырудың негізгі ғылыми қағидаттарын айқындап нақтылап берсе [2, 1-4-б], Ө. Айтбайұлы заман талабына және мемлекеттік тілдің өскелең сұранысына орай, ұлттық терминдерге қатысты өзінің жеке пайымдауларымен толықтырды [3, 64-б.], ал Ш. Құрманбайұлының ұлттық терминологиялық қор қалыптастыруда қазақ тілінің лексикалық байлығы мен сөзжасам тәсілдерін барынша ұтымды пайдалану және өзге тілдерден термин қабылдауға қатысты өзінің ғылыми ұстанымдарын белгілеп, терминологияның ғылыми-теориялық негізін қалыптастыру Қазақстан Республикасындағы терминологиялық жұмыстарды жүргізуге негіз болатын бірінші міндет екендігіне айрықша назар аударды [4]. Ғылым мен білімнің түрлі салалары бойынша ұлт тілінде терминологиялық қор қалыптасып, терминология тіліміздегі жеке құрылым ретінде ғылыми-теориялық тұрғыдан жан-жақты зерттелу үстінде. Қазақ ұлттық терминологиялық қорын қалыптастыру, жаңғырту және біріздендіру жұмыстарына отандық және әлемде қалыптасқан терминология саласының ғылыми және практикалық жетістіктері, тәжірибелері мен ғылыми алғышарттары негіз болады десек, еліміздегі терминологиялық жұмыстарды ғылыми тұрғыдан негіздеу, сондай-ақ ғылыми атауларды ұлт тілінде қалыптастыру мәселесі мамандардың, жалпы қоғам алдына жаңаша міндеттер жүктейді. «Termincom.kz» сайтында ұсынылған мәліметке сәйкес қазақ тіліндегі барлық терминдер  мен атаулардың, салалық терминдер мен номенклатуралық атаулардың жалпы қоры – 383534 тілдік бірлікті құрайды екен. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының 1971-2020 жылдар аралығында бекіткен терминдер мен атаулар 35680 терминді құрап отыр. Ұлттық  терминқорда бекітілген термин сөздермен бірге сөз тіркестері, министрлік құрылымдары мен басқа да республикалық немесе халықаралық ұйымдардың атаулары және қысқарған сөздер де қамтылғаны атап көрсетіледі. Ал бекітілген терминдердің қолданыс жиілігіне қатысты: заман талабына сай тәуелсіздік кезеңіне дейін бекітілген кейбір терминдер 1991 жылдан бастап қайта бекітілгендігін және осы сипаттағы басқа да себептердің әсерінен бүгінгі таңда терминдердің қолданыс жиілігі 85 пайызды құрайтыны атап көрсетіледі<!-- [if !supportFootnotes]-->[2]<!--[endif]-->. Бүгінде ұлттық терминологиялық қорда математика саласы бойынша барлығы – 9943 термин, физика және астрономия бойынша – 9902 термин, энергетика саласы бойынша барлығы – 8888 термин көрсетілген. Ал бекітілген терминдердің сандық көрсеткіштері: математика – 422, физика және астрономия – 164, энергетика – 177, салааралық терминдер – 162 тілдік бірлікті құрайды<!-- [if !supportFootnotes]-->[3]<!--[endif]-->. Физика және астрономия терминдері, физика-астрономиялық терминология – физика және астрономия саласындағы арнайы ұғымдар мен өзіне ғана тән объектілерді білдіру үшін жұмсалатын сөздер мен сөз тіркестерінің жиынтық атауы. Термин тілдің жалпы лексикалық жүйесіне белгілі бір терминологиялық жүйе (терминология) арқылы ғана енеді. Кез келген ғылыми саланың терминологиясы белгілі бір ұғымдар жүйесінің көрінісі, белгілі бір ғылыми көзқарас, дүниетанымды көрсететін семиологиялық жүйе болып табылады. Әдетте белгілі бір бір ғылым саласы дамудың жоғары деңгейіне жеткенде ғана, яғни белгілі бір ұғым, тұжырымдама шарықтап дамып, оған ғылыми түсінік немесе ғылыми анықтама берілген кезде ғана терминология пайда болады. Термин ғылыми анықтама беруге сай ма деген мәселенің шешілуімен ғана термин емес бірліктен ажыратылады. Терминді айқындап саралайтын «per genus proximum et differentiam specificam» (жақын тектік – түрлік айырмашылығы арқылы) анықтамасы берілгенде ғана, ол терминологиялық жүйенің бір бөлшегіне айналады. Терминолог ғалымдар мен ғылым салаларының өкілдері бір-біріне жақын ғылым салаларының терминжүйелеріндегі терминдердің белгілі бір дәрежеде өзара байланыстылығына да айрықша мән береді. Мамандар тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық ерекшеліктерін міндетті түрде ескере отырып, әрбір терминжүйенің белгілі бір теорияға, концепцияға және көзқарастар жүйесіне байланысты болатындығын да назардан тыс қалдырмайды. Мәселен, классикалық физикада екі үлкен терминжүйе бар екені белгілі: біріншісі – Ньютонның механика теориясына негізделген терминжүйе болса, екіншісі – Эйнштейннің салыстырмалылық теориясына негізделген терминжүйе. Жаңа физикада «масса – денелердің инерциялық және гравитациялық қасиеттерін, олардың жылдамдығы жарық жылдамдығынан әлдеқайда аз болатын жағдайларда анықталатын скалярлық физикалық шама» деп анықталады. Ал күнделікті өмірде және XIX ғасырдағы физикада масса – салмақ ұғымымен ұштас, синонимдес мәнде қолданылады. Аталған терминжүйелерде масса термині әртүрлі мағынада қолданылатынын ескерсек, сөз болып отырған ғылыми ұғымдардың ара-жігін ажыратып, олар жеке ұғымдар ретінде бір-бірінен ерекшелеп көрсетуді қажет етеді. Яғни әрбір ұғымды жеке даралап анықтап беретін арнайы, өзіндік «per genus proximum et differentiam specificam» ғылыми дефиницияларды қажет етеді. Терминқордың физика және астрономия  салаларындағы «масса – масса» деп жеке-жеке анық көрсетілсе де, ғылыми ұғымдарды бір-бірінен ажыратуға негіз болатын, әрқайсысына тән өзіндік жеке ғылыми анықтамалары көрсетілмеген, яғни терминдік мағынасы мен сипаты нақты айқындалмағанын көруге болады. Осыған байланысты, «Termincom.kz» бірыңғай республикалық терминологиялық базасына енгізілген ғылым мен білім, техника және экономика, т.б. терминдерді анықтап саралаушы – ғылыми дефиницияның болмауының өзі айтарлықтай кемшін тұс саналады. Физикалық шама, атау, формула, өлшем бірліктері жаңалық ашқан ғалымдардың құрметіне Архимед заңы, Архимед саны, Де Бройль толқыны, Евклид геометриясы, Евклид кеңістігі, Ллойд айнасы, Пифагор саны, Эдисон аккумуляторы, Эйлер теңдеулері деп аталады. Өлшем бірлігі адам есімімен байланысты болғандықтан, жазылу ерекшелігіне де мән берілгені жөн. Мәселен, Кулон – өте үлкен заряд. Электр зарядының өлшем бірлігі ретінде белгілі француз ғалымы Ш. Кулонның құрметіне 1 Кулон деп алынған және оның жазылу практикасы да 1Кл деп қалыптасқандығы белгілі. Ғылым мен техника тілінің  қалыптасуы салалық терминологияда жарыспалы сөздер мен атаулар қатарының артуына себеп болып отыр. Физика саласындағы «броундық қозғалыс» тіркесіне тоқталатын болсақ: «броундық қозғалыс – сұйық немесе газ ішіндегі өте ұсақ қалқыма бөлшектердің, өзін қоршаған орта молекулаларымен соқтығысуы нәтижесінде пайда болатын ретсіз, бейберекет қозғалыс» деген анықтама беріледі. Бұл қозғалысты алғаш рет 1827 жылы ағылшын ботанигі Роберт Броун (Браун) ашқан. Ғалымның құрметіне осы физикалық құбылыс «броуновское движение – броундық (ретсіз, бейберекет) қозғалыс» деп аталған. Орта мектептің физика оқулықтарында «броундық қозғалыс» деп қолданылып, жұртшылықтың жадында да осы нұсқа сақталған. Алайда осы термин 2018 жылы «броун қозғалысы» деп қайта бекітілген екен. Физика және астрономия, математика, химия, тарих, су шаруашылығы салаларында «броун қозғалысы» және «броундық қозғалыс», тіптен «ретсіз қозғалыс» деген нұсқалары да жүр. Осыған ұқсас математика саласында және тағы басқа да ғылым салаларында 2012-2015 жылдары «пифагорово число – пифагорлық сан» деп бекітілген. Ал орта мектеп және жоғары оқу орындары оқулықтарында «Пифагор саны» термині қолданылады және жұртшылық санасында да осылайша қалыптасқандықтан, оны өзгертіп, қайталап бекіту қаншалықты дұрыс. Сонымен бірге, математика саласындағы «корень вещественный – нақты  түбір», «корень действительный – нақты түбір»; «корень квадратичный – квадраттық теңдеу», «корень квадратный – квадраттық теңдеу» деп түрлі ұғымдар бір ғана терминмен берілген нұсқалары да жүр. Осы тәріздес мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бұл бір ғана арнаулы саланың терминологиялық жүйесін құрайтын әртүрлі ұғымдардың ортақ атаумен көрсетілуі – нақты кемшіліктердің бірі. Соңғы кезде жиі қолданылып жүрген жаңа ұғымдардың бірі – жаңартылатын ресурстар, жаңартылатын энергия көздері (возобновляемые ресурсы, возобновляемые источники энергии). Бұл жерде «возобновляемые» деген анықтауыш сөздің негізгі мағынасы: қалпына келуге көп уақыт жұмсалмайтын және табиғатқа орасан зор шығын келтірмейтін энергия  көздері (жел, күн, су энергиясы және түрлі дақылдардан алынатын (биоэтанол) отын болып табылады). Ғылым мен өндірістің түрлі салаларындағы жаңалықтардан туындаған «возобновляемые источники энергии» ұғымы әртүрлі ғылым салаларында түрліше аударылып, әр қилы аталуына жол берілген. Терминқорда да бірнеше нұсқасы қатар алынып, жаңа ұғымды атауда жарыспалылық туғызып, қабаттаса қолданылу мысалдарынан аңғаруға болады.

Кестеге қараңыз:

 

 

Энергетика

Заңтану

Іс жүргізу және мұрағат ісі

Тамақ өнеркәсібі және тұрмыстық қызмет

возобновляемые источники энергии

энергияның жаңғырмалы көздері

жаңартылатын энергия көздері

жаңғыртылған энергия көздері

жаңартылатын энергия көздері

 

Ұлттық терминқор қалыптастыру барысында салааралық үйлестіру жұмыстары жүргізілмеуіне байланысты бір ғана ұғым әртүрлі ғылым салаларында түрліше аталу жағдайын туындатып отыр. Терминологиялық практика, термин қолдану тәжірибесі «жаңартылатын энергия көздері» нұсқасының ғана терминдік сипатқа көшкендігіне қолданыстағы заңнама практикасы да дәлел бола алады. «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» 2009 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында «возобновляемые источники энергии – жаңартылатын энергия көздері» нұсқасы алынған. Қолданыстағы заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар ішінде оған: жаңартылатын энергия көздері – табиғи жаратылыс процестері есебінен үздіксіз жаңартылатын энергия көздері, олар мынадай түрлерді қамтиды: күн сәулесінің энергиясы, жел энергиясы, гидродинамикалық су энергиясы; геотермальдық энергия: топырақтың, жерасты суларының, өзендердің, су айдындарының жылуы; сондай-ақ бастапқы энергия ресурстарының антропогендік көздері: тұтыну қалдықтары, биомасса, биогаз және электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын тұтыну қалдықтарынан алынатын өзге де отын деген нақты анықтама берілген<!-- [if !supportFootnotes]-->[4]<!--[endif]-->. Жалпықолданыстағы сөздер мен терминжасам процесі арасында айырмашылықтардың бар екені даусыз. Терминдер негізгі жасалу жолынан басқа, атаулық мазмұнымен де айрықшаланады. Атаулық мазмұны болмаса, термин толық термин бола алмайды. Бұлардың қайсысы терминденуге лайықты деп тауып, тани білуде әмбебап ереже ұсыну мүмкін емес. Әрбір ғылым саласының терминжасам практикасы нақты жағдайға орай өзіндік жолды нұсқап отыруға тиіс. Аталған нұсқалардың қайсысының семантикалық өрісі қазіргі терминдену процесіне дәл келе алады деген тұрғыдан ғана ажыратуға болады. Әрине, ол үшін терминдік ұғымның ғылыми анықтамасы берілуге тиіс және айрықша лингвистикалық түйсік те қажет. Терминқорда орыс тіліндегі «сооружение» деген сөзді және оған қатысты терминдік тіркестерді аударуға байланысты 164 атау көрсетілген. «Сооружение» сөзі 1971-1981 жылдары 1. ғимарат; 2. құрылыс (құрылыс) деп аударылып, бекітілген екен. Энергетика, механика және машинатану, көлік және қатынас жолдары, сәулет және құрылыс, статистика, стандарттау және зияткерлік меншік, әскери іс, ауыл шаруашылығы, экология, философия және саясаттану салаларында «имарат», «ғимарат», «құрылыс» деген нұсқалары қатар көрсетілген. Энергетика саласында «электр имараты – электропомещение», «отынжеткізу имараты – помещение топливоподачи», «шаң-тозаңды имараттар – помещения пыльные», «кәбілдік имарат – сооружение кабельное», «қалқандық имарат – помещение щитовое», «имараттарды электрмагниттік экрандау – электромагнитное экранирование помещений» сияқты терминдер мен терминдік тіркестер кездеседі. Ғимарат – здание деп аударылып, 2016 жылы және 2020 жылдары қайталап бекітілген термин. 2020 жылы «сооружение – құрылыс» деп тағы да қайта бекітуден өткен. 2018 жылы және 2020 жылы сооружение – құрылысжай болып бірнеше рет бекітілген және қазіргі күні осы нұсқа актив қолданыста жүр. Алайда әрбір ғылым саласы терминологиясының құрылымдық ерекшеліктерін, қай терминжүйеде қолданылатынын және терминологиядағы жүйелілікті сақтай отырып аудару қажеттілігіне де назар аударылға тиіс. Мәселен, «сәулет құрылысы – архитектурное сооружение». Бұл жерде аудару барысында терминнің қолданылу саласын анықтап, сөз мағынасын түсініп, ұғымның мазмұны мен көлемін ажырата білудің де маңызы зор.Терминқорда энергетика саласында бір ғана Э әрпіне қатысты барлығы 463 термин берілсе, оның ішінде 56 термин: электр тұрақтысы – электрическая постоянная, электр кернеуi – электрическое напряжение, электр кедергiсi – электрическое сопротивление, электрод – электрод, электрмагниттiк толқын – электромагнитная волна, электрмагниттiк индукция – электромагнитная индукция, электрон – электрон, электрмагниттiк өрiс – электромагнитное поле терминдік тіркестері бірнеше дүркін бекітілген. Сонымен бірге, мектеп бағдарламасынан белгілі болған, оқулықтарда жиі қолданылатын әрі қоғам тарапынан да, уақыт сүзгісінен де өтіп әбден қалыптасқан, қолданыста бар, көпшілікке  белгілі: электрон, электрод, электр кернеуі, электр кедергісі, экзосфера тәрізді сөздер де қайталап бекітуден өткізілген. Бұл тәжірибе физика және астрономия, математика салаларында да орын алған [5]. Осыған байланысты физика және астрономия, математика, энергетика саласы бойынша бекітілген терминдердің жалпы сандық үлесіне қатысты заңды сұрақ туындайды. Ұлттық терминқорда «электр» сөзімен тіркескен сөздер бірде біріккен сөз ретінде, ал бірде тіркесті сөз ретінде берілген: электрагрегат, электрхимиялық аккумулятор, электрэнергиясына акциз, электрдинамикалық амперметр, электрмагниттiк талдау, электртехникалық құрылғы, электртасымалдаудың ілінбе желілері, электрмагниттiк ауытқу, электрэнергетика жүйесі, электрқауiпсiздiгi бойынша топ, электрстансалар, электрэнергетика жүйесі, электрмагниттiк бiрлiк, электрқұрастыру, электрстатикалық бiрлiк, электрқұрылғыларды оқшаулау, электрберу желісі, электрқабылдағыштың қоректендіру көзі, электркатализатор, электржабдықтардың кернеу класы, электрқабылдағыштарды санаттау <!-- [if !supportFootnotes]-->[5]<!--[endif]-->. Тілші мамандар да «электр» сөзімен тіркескен сөздердің орфографиялық сөздікте көбінесе біріккен сөз ретінде беріліп, сөз ортасында 3-4 дауыссыз қатар келуі, қазақ тілі жүйесіне қайшы келетіндігіне назар аударады. Және мұндай қолданыстар анықтауыштық қатынастан ажырай қоймағандықтан бірге жазуға келмейдігіне тоқтала келе, академик Р. Сыздықованың «екі зат есім қатар айтылып, бір ғана затты атап, алдыңғысы соңғысының тегін (неден жасалғанын), неге арналғанын, немен жұмыс істейтінін және өзгелерінен ажыратылатын белгілерін білдірсе, олар бір-бірінен бөлек жазылады. Мысалы: жел диірмен (желмен жұмыс істейтін диірмен), жол азық (жолда жеуге арналған азық), май шам (маймен жанатын шам), шай қасық (шай ішкенде жұмсалатын қасық), сары май (сары түсті май), бет орамал (бет сүртуге арналған орамал), т.б.» деген тұжырымдарын басшылыққа алу керек дейді [5, 32-б.]. Сол сияқты астрономиялық атау «черная дыра» ұғымы физика және астрономия саласында «қара құрдым» деп бөлек жазылса, ал іс жүргізу және мұрағат ісі саласында «қарақұрдым» деп бірге жазылғанын көруге болады. Бұл сияқты мысалдардан терминқорда көрсетілген терминдер мен атаулардың емлесін тіл заңына, жазу дәстүріне сәйкес реттеуді қажет ететіндігін көруге болады. Ғылыми ұғымның, атаудың ғылыми мәнін толық қамти алатын және қазақ тілінің грамматикалық ерекшеліктері сақтала отырып жасалған терминдермен қатар, терминдерді түсініксіз етіп жіберетін, тілдік заңдылықтарға қайшы келетін жасанды сөзжасамдық үлгілер арқылы туындаған терминдер мен терминдік тіркестер де жиі кездеседі (мысалы: конечность – ақырлылық, конечномерность – ақырлы өлшемдік, величина конечная – ақырлы шама, граф конечный – ақырлы граф, дробь конечная – ақырлы бөлшек; мгновенность – лездік, значение мгновенное – лездiк мән, движение мгновенное – лездік қозғалыс, вектор мгновенной скорости – лездік жылдамдық векторы, напряжение мгновенное – лездiк кернеу, электр тогының лездік мәні – мгновенное значение электрического тока; круг часовой – сағаттық дөңгелек, круг шаровой – шарлық дөңгелек, окрестность шаровая – шарлық маңай, точка шаровая – шарлық нүкте, поверхность шарового сегмента – шарлық сегмент беті; нечетноость функции – функцияның тақтығы; т.с.с. Тіліміздегі сөз тудырушы жұрнақтардың терминжасам барысында осы тәріздес орнымен жұмсалмауы салдарынан тілдік нормаға қайшы, үйлесімсіз де түсініксіз сөздер қатарының артуы алаңдатарлық мәселе. Жалпы алғанда, осындай жасанды сөзжасам үлгілері көбейіп кетуінен сақтанудың жолдары қандай? Демек, терминдер уақыт тезінен өтіп, олардың қолданылуына мониторинг жүргізіліп, термин ретінде мәнмәтін жүйесіндегі барлық қызметі мен қолданысын жан-жақты қарастыра отырып, сөйлем ішіндегі түрлену ерекшеліктері қалыптасқаннан кейін ғана қабылдау керек деген қорытынды жасауға болады. Шын мәнінде, ғылыми терминдер терминжасам заңдылықтарына сәйкес жасалуы керек. Яғни белгілі бір жүйе құрамында ұғымдардың бір-біріне байланыстылығын, олардың арасындағы сатылы бағыныңқылықты дәл бейнелей алатын терминологиялық бірліктер болуы тиіс. Негізінен, кейінгі кездері жаңадан пайда болып жатқан ғылым салаларының тілі әлі де қалыптасу үстінде. Жаңа ғылым салаларының терминологиясы тілдегі жасанды лексикалық қабатты құрайды. Ал ерте дамыған ғылым салаларындағы терминжасам ісінің латын, грек, араб тәрізді халықаралық қолданыста болған тілдер негізінде қалыптасқандығы мәлім. Бұл кезеңдегі терминжасамға жартылай жасандылық тән болды. Ұлттық терминологиялық қор қалыптастырудың теориялық және практикалық маңызы зор әрі ол болашақтағы ғылыми зерттеулер жүргізудің маңызды құралына айналмақшы. Тұтастай алғанда, терминжасам мәселесі өте күрделі, қиын сала болғандықтан да, біз бұл шағын мақалада салалық және салааралық терминдердің қалыптасуына және оларды реттеу, біріздендіруге байланысты барлық мәселелерді толық қамтыдық дей алмаймыз. Тек түрлі саланың терминологиялық жүйелерін құрайтын терминдердің жасалуы мен қолданылуы, «Termincom.kz» енгізілген терминдер мен атау сөздердің берілу жолдарына қатысты кейбір проблемаларға тоқталып, салалық және салааралық терминдерді жүйелеу, реттеу, біріздендіруге қатысты мәселелер аз-кем сөз болды.

Қорытынды

Салалық терминдер қалыптастыру, ең алдымен, сала мамандарының құзыреті, ал лингвист мамандар терминжасам талаптарының, қазақ тілінің төл заңдылықтарының сақталуын басты назарда ұстауға тиіс. Терминологиялық жұмыс терминологиялық жүйелер жасаудан басталады. Әрбір ірі ғылым саласы терминологиясының құрылымдық ерекшеліктері, оны құрайтын тар салалардың өзара тығыз байланысы көрсетіле отырып, терминжүйелер қалыптастырылады. Тіл  мамандары мен сала мамандары бірлесе отырып, сала терминологиясын жасауда жиі қолданылатын терминжасам үлгілері мен терминбөлшектерді айқындау мәселелеріне көңіл бөліп, осы негізде терминологиялық қор толықтырылуға тиіс екендігі белгілі.

Ұлттық терминологиялық қордағы әрбір термин қажетті қосымша ақпаратпен: атап айтқанда, терминнің мағынасының қандай екендігі, яғни ғылыми анықтамасы міндетті түрде беріле отырып, терминнің басқа да: ағылшын, француз, араб (парсы), орыс т.б. тілдердегі баламаларымен қатар, түркі тілдеріндегі баламаларының да қамтылуы маңызды болмақшы. Сол сияқты терминнің қысқаша формалары, қажетті синонимдері, терминнің қандай да бір ұлттық және (немесе) халықаралық стандарттар мен құжаттармен бекітілгені туралы мәліметтермен және т. б. қамтамасыз етілуге тиіс. Осы тұрғыдан, салалық және салаларалық терминологияның айқын да реттелген құрылымын жасау үшін сала мамандары мен лингвистердің алға қойылған міндеттерді бірлесе отырып, кешенді түрде жүргізген жұмыстары арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізуге болады деп есептеуге толық негіз бар.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Лингвистический энциклопедический словарь / Гл. ред. В. Н. Ярцева. – М.: Советская энциклопедия, 1990 . - 685 с.

2. Қайдаров Ә.Т. Қазақ тілі терминологиясына жаңаша көзқарас //
ҚР ҰҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы. 1993, №1.

3. Айтбайұлы Ө. Қазақ тілінде термин жасау жолдары мен принциптері хақында // Қазақ терминологиясының өзекті мәселелері. Астана, 2002.

4. Құрманбайұлы Ш. Қазақ терминологиясы: зерттеулер, оқулық, сөздік, библиография. Алматы, 2014, 281-468 бб.

5. Жұбаева О., Айдарбек Қ., Жонкешов Б. Терминдерді тіл жүйесіне бағындыру керек // «Рухани жаңғыру: қазіргі қазақ терминологиясы», – Нұр-Сұлтан, 2019. – 82 бет.

7. Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік/ жалпы ред. басқ. М. Б. Қасымбеков, жобаның ғыл.жет. А. Қ. Құсайынов. – Алматы: «ҚАЗақпарат» баспа корпорациясы, 2014. (Т.1: Физика және астрономия. – Алматы, 2014. - 388 б., Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік.  Т.2: Математика. – Алматы, 2014. - 440 б., Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Т.5: Энергетика. – Алматы, 2014. - 442 б.).

<!-- [if !supportFootnotes]-->

<!--[endif]-->

<!-- [if !supportFootnotes]-->[1]<!--[endif]--> Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2019 жылғы 31 желтоқсандағы
1045 қаулысы.https://adilet.zan.kz/kaz/docs/ Қаралған күні: 18.01.2023

<!-- [if !supportFootnotes]-->[2]<!--[endif]--> Termincom.kz» бірыңғай республикалық терминологиялық электронды базасы. https://termincom.kz/. Қаралған күні: 18.01.2023

<!-- [if !supportFootnotes]-->[3]<!--[endif]-->  Termincom.kz» бірыңғай республикалық терминологиялық электронды базасы. https://termincom.kz/. Қаралған күні: 18.01.2023

<!-- [if !supportFootnotes]-->[4]<!--[endif]-->Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 шілдедегі N 165-IV Заңы // https://adilet.zan.kz/rus/docs/. Қаралған күні: 25.01.2023

<!-- [if !supportFootnotes]-->[5]<!--[endif]--> Termincom.kz» бірыңғай республикалық терминологиялық электронды базасы. https://termincom.kz/. Қаралған күні: 18.01.2023