Локализация ұғымының ауқымы өте кең. Латын тілінен шыққан «локус» - орын және белгілі бір жерге бір нәрсені жатқызуды білдіреді; іс- әрекеттің орнын шектеу, қандай да бір құбылыстың, үдерістің таралуы.
Жалпыланған локализация тұжырымдамасымен қатар, аударма қызметіне тікелей қатысты және аудармада үлкен рөл атқаратын тілдік локализация ұғымы да бар. Тілдік локализация процесінде мәдени бейімделу маңызды орын алады. Мәдени бейімделу процесінде белгілі бір елдің мәдени ерекшеліктері ескерілетін мәтінді басқа тілге толығымен қайта өңдеу жүреді. Бейімделу процесінде екі мәдениеттің қақтығысы орын алады, мұнда аудармашы осы мәдениеттер арасындағы байланыс орната білуі керек. [1; 7]
Көркем фильм – бұл қоғамның әлеуметтік-мәдени басымдықтарын көрсететін мәдени құбылыс қана емес, сонымен бірге жеке тұлға ретінде де, жалпы лингвомәдени қоғам ретінде әлем бейнесін қалыптастыру тәсілі. Көбінесе фильмдер «шетелдік» мәдениеттің бейнесін жасаудың негізгі көзі және құралы болып табылады. Ең жарқын мысал – америкалық фильмдер, олардың көмегімен ресейлік аудитория америкалық өмір салтын, тұлға аралық қатынастардың ерекшеліктерін, дәстүрлерін, мәдениетін және құндылықтар жүйесін бейнелейді [2; 65].
«Жан», «Арыстан патша», «Жүзік әміршісі», «Жаңа өрмекші адам» фильмдерінде «локализация» тәсілі өте тиімді қолданылған.
Мәселен, «Жан» туындысында «Судоку жұмақтары» деудің орнына «Асық» ойыны деп, «Круассандар, торттар» дегеннің орнына қазақтың ұлттық тағамы «Бауырсақ» сөзін енгізген. Сонымен қатар, осы фильмде «Сәлем» деген сөздің өзін «Сәлем бердік» деп аударады, бұл қазақтардың ересектерге амандасу формасы. Мультфильмде қарт адамға амандасып тұрғандықтан, «сәлем» сөзін қолдану орынсыз болар еді.
«Бұл жігіт музыкаға толы» деген кейіпкердің сөзін «Өзі де әнге айналып кеткендей, әуеде ұзақ қалықтап тұрды» деп аударады, бұл тіркес Ж.Аймауытовтың «Әнші» әңгімесіндегі «Әмірқан кісі емес, әнге айналады» деген сөйлемге өте жақын.
«Арыстан патша» фильмінде қазақша мақалдар кеңінен қолданылған. Фильмді аударушылар мақалды өте орынды қолдана алған. Мәселен, «Мысыққа ойын керек, тышқан байғұсқа жан керек», «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» мақалдары еш өзгеріссіз ұсынылған, ал «Қуырдақтың көкесін құрт сойғанда көресің» деген мақалда «түйе» деген сөзін фильм мазмұнына байланысты «құрт» деген сөзбен алмастырған. Мақалдардың барлығы қазақ көрерменіне таныс, жақын және де қазақ балаларының сөздік қорын да молайтуға көп септігін тигізеді. Егер фильмдегі тіркестерді тікелей аударатын болса, оғаш етіліп қана қоймай, көрерменге мүлдем түсініксіз болар еді. Осы секілді сәтті аударылма мәтіндерімен қатар, орынсыз аударылған тіркестерді де фильмдерден жиі кездестіре аламыз. Мысалы, «Жаңа Өрмекші адам» фильмінің 11 минутында әкесі бас кейіпкерге «Мамаң екеуіміз осылай етуге мәжбүрміз» деп айтқан еді. Ағылшынша нұсқасында «there's something your mom and I have to do» деп айтылады. Көріп отырғанымыздай, ағылшынша «mom» сөзі «мама» деп аударылған. Ал бұл сөздің нақты қазақша баламасы бар екені белгілі. Сондықтан осы сөйлемді «Анаң екеуіміз осылай етуге мәжбүрміз» деп сенімді алмастыруға болады.
Фильмде Мэй есімді кейіпкер кездеседі. Ол басты кейіпкер Питердің ағасы Беннің әйелі. Фильмнің қазақша нұсқасында Питер оны «Мэй тәте» деп атайды. Ал жасы үлкен ағаның, туыстардың әйелін, жұбайын «жеңге» немесе «жеңгей» деп атайтынын «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» көрсетіліп тұр. Оның үстіне «Тәте» сөзі аймақтық лексикаға жатады, оны Ғ.Қалиевтің «Қазақ тілінің аймақтық сөздігінде» «баланың туған әкесі» және «апа, шеше» деп түсіндіреді. Қорытындылай келе, диалект сөзді қолдану түрлі аймақтағы көрермендерге түсініксіз болуы мүмкін. Сондықтан ағасының әйелін «Мэй жеңге» деп аударған орынды болар еді.
Кез келген фильмнің маңызды бөлігі оның атауы. Фильм атауынм ғылыми тұрғыда «фильмонимдер» терминімен атайды. Бұл термин орыстың тілші ғалымы Е.В. Кныштың «Лингвистический анализ наименовании кинофильмов в русском языке» атты еңбегінде алғаш рет қолданылған [3; 3]. Фильмоним көрермен үшін аса маңызды, себебі кез келген көрермен киноны көрместен бұрын оның тақырыбына, атауына назар аударады.
Тақырып – бұл көрерменнің бірнеше секунд ішінде фильмге қызығушылық танытуына, оның фильм туралы оң немесе теріс тұрғыдан көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан тақырып үшін оның семантикалық мазмұнын жеткізудің дәлдігі, форманың анықтығы мен қарапайымдылығы кез-келген оқырман қабылдауы өте маңызды. Тақырып оны оқу кезінде қиындық тудырмайтындай болуы керек.
Фильмонимдерді аудару кезінде аудармашылар көбінесе үш тәсілді қолданады. Олардың біріншісі – тура аударма. Бірінші стратегия калькалауға негізделген [6; 15], бұл ағылшын тіліндегі фильмдердің атауларын аударма тіліне тікелей аударуды білдіреді. Бұл стратегияның көпшілігінде компоненттері өзгермейтін шетелдік мәдени элементтер болып табылатын фильмдердің атаулары берілген. Шетел фильмдерін аударуда осы тәсілдің өте белсенді қолданылатынын аңғаруға болады.
Екіншісі – фильм атауының өзгеруі, фильм атауына лексикалық бірліктің қосылуы немесе керісінше кей сөздің түсіп қалуы, не болмаса басқа сөзбен ауыстырылуы. Бұл жарнама мақсатында жасалады.
Үшіншісі – фильм атауының толық ауыстырылуы. Аударылатын тілдің елдің мәдени ерекшеліктеріне негізделген, кейде толық ауыстыруды қолдану еш кедергі келтірмейді. Бұл жиі қолданылатын әдістің бір түрі [5; 5].
Қазақ көрермені шетелдік фильмдерді өз ана тілінде көруіне толық жағдай жасалды ма, аударма сапасы қандай деген сұрақтардың жауабы бойынша төмендегідей қорытындыға келуге болады. Қазақша аударылған шетелдік фильмдердің аударылу сапасы жақсы, аудармашылар локализация тәсілін кеңінен қолданып жүр. Сондай-ақ фильмонимдердің көбін аудару да бір жолға қойылған: атаулары қысқа әрі мазмұнды, маркетингтік стратегияға сай және сауатты. Алайда дұрыстауға тура келетін тұстары да бар. Қазақ тіліне аударылған фильмдердің мәтінін талдаған кезде мазмұнды бұрмалайтын сөйлемдер кездеседі, яғни жер атаулары, кейіпкерлердің әрекеттер және т.с.с. қате аударылған. Бұл фильмдегі жекелеген эпизодтарды толық әрі дұрыс түсінуге кедергі келтіреді. Нәтижесінде түпнұсқа мен аударма мәтіннің арасында алшақтық пайда болады.
Аударма мәтінде кездесетін диалект сөздер де түрлі аймақтағы көрермендерге түсініксіз болуы мүмкін. Яғни көрерменнің санасы фильмнің сол тұсын қабылдамай, негізгі идеясын ұғынуға кедергі келтіреді. Осы тұста аудару кезінде жалпыға ортақ әдеби сөздерді пайдалану орынды болмақ. Ең жиі кездесетін қателіктердің бірі – тура аудару. Кейбір фильмдерде қазақ тіліндегі тұрақты тіркестерді және көркемдегіш құралдарды (метафора, эпитет, теңеу) қолданудың орнына, тура мағыналы сөздерді пайдаланған. Бұл қазақ тілді аудиторияға ерекше әсер беруде кері ықпалын тигізеді.
Соңғы кезде «Ел боламын десең, экраныңды түзе» деген жаңа заман мақалы ел арасында қолданылып жүр. Расында, экран арқылы адамның санасын билеп, көзқарасына әбден әсер етуге болады. Сол себепті шетелдік фильмдердің сапалы аударылуы бүгінгінің ең өзекті мәселелерінің бірі болып қала бермек.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Скибина Т.В. Локализация при переводе названий фильмов на русский язык. – Санкт-Петербург, 2018.
2. Милевич И.Г. Стратегии перевода названий фильмов // Русский язык за рубежом. – 2007. № 5.
3. Кныш Е.В. Лингвистический анализ наименовании кинофильмов в русском языке – Одесса, 1992.
4. Афанасова Т.С. «Особенности перевода названий англоязычных фильмов на русский язык // https://elib.bsu.by/bitstream/123456789/241311/1
5. Оспанова А.Л. Киноаудармадағы фильмонимдердің ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылу ерекшеліктері //Central Asian Journal of Translation Studies, Vol 1, Number 4 (2018). – p. 22-26.
6. Кулинич М.А., «Еще раз о переводе названий» // Лингвистические основы межкультурной коммуникации , 2005.
7. https://kinokor.kz
8. https://www.bolashakcharity.kz/projects/ozinen-basta
9. Александрова О.И., Николаева У.А. Стратегия перевода современных англоязычных фильмонимов на русский и испанский языки/О.И.Александрова, У.А.Николаева // Вестник РУДН. Сер. «Теория языка. Семиотика.Семантика». – 2016. Вып. 2.
10. Фролова Н.А. Фильмонимы как особый тип имён собственных в современном русском языке //Материалы XIV научной студенческой конференции по топонимике, Тамбов – 2010.
11. Қалиев Ғ., Нақысбеков О., Сарыбаев Ш., Үдербаев А. Қазақ тілінің аймақтық сөздігі – Алматы: Арыс, 2005.