ҰЛТТЫҚ ТЕРМИНЖАСАМ ЖӘНЕ АУДАРМА МӘСЕЛЕЛЕРІ

ҰЛТТЫҚ ТЕРМИНЖАСАМ ЖӘНЕ АУДАРМА МӘСЕЛЕЛЕРІ
Бүгінгі семинарға жиналғандардың көпшілігі өз мекемесінде аудармамен айналысатын мамандар деп ойлаймын. Тіліміздің, әсіресе, заң шығару, кеңсе саласы тілінің әлі де аударма тіл болып отырғандығы бәрімізге мәлім, оның себептерін де білеміз, сондықтан бүгін ол сұрақты қарастырмаймыз. Қазіргі кезде еліміздің халықаралық қарым-қатынасының дамуына байланысты орыс тілінен басқа да тілдерден (ағылшын, неміс, француз) немесе сол тілдерге аударма жасау қажет болатын жағдайлар көп (біріккен кәсіпорындар ашылуы, бизнес-байланыстар, халықаралық ұйымдармен байланыстар орнатылуы т.б.).

Кіріспе

Бүгінгі семинарға жиналғандардың көпшілігі өз мекемесінде аудармамен айналысатын мамандар деп ойлаймын. Тіліміздің, әсіресе, заң шығару, кеңсе саласы тілінің әлі де аударма тіл болып отырғандығы бәрімізге мәлім, оның себептерін де білеміз, сондықтан бүгін ол сұрақты қарастырмаймыз. Қазіргі кезде еліміздің халықаралық қарым-қатынасының дамуына байланысты орыс тілінен басқа да тілдерден (ағылшын, неміс, француз) немесе сол тілдерге аударма жасау қажет болатын жағдайлар көп (біріккен кәсіпорындар ашылуы, бизнес-байланыстар, халықаралық ұйымдармен байланыстар орнатылуы т.б.). Шет тілінен орыс тілі арқылы емес, тікелей қазақ тіліне немесе керісінше аударатын мамандар қазір аз болса да, бар, бүгінгі жиынымызда да қатысып отыр деп ойлаймыз. Аудармашылар өз жұмысында терминдермен өте көп ұшырасады. Осы ретте терминжасам, оның ішінде ұлттық терминжасамға қойылатын талаптарды, терминдер қалай жасалатындығы турасында және аударма әдістері туралы сөз қозғап, пікір алмасқымыз келеді, практикалық тұрғыдан кездесіп отырған мәселелерді талқылап, білмегенімізді білгіміз келеді.

Негізгі бөлім

а) Терминжасамға қойылатын талаптар

Терминнің бірмағыналылығы. Терминнің бір арнаулы сала ішінде ғана бір мағынаны білдіруі, синонимдердің болмауы. Мысалы, терминологиялық сөздіктерде шанап, ашабдал (бункер); сөзінің айлабұйым, тетік (приспособление); мәлімет, ақпар (сводка); оттық, шілдер, жанарғы (горелка) сияқты қатар қолданыстар кездеседі.

Термин мағынасының дәлдігі. Термин атаудың өзі белгілейтін ұғымды қамтып, ұғымның негізгі басты белгілерінің термин мағынасы арқылы берілуі. Мысалы, уату, ұсату, ұсақтау, ұнтақтау, үгіту сөздерін алайық. Мағыналары жақын осы сөздер орыс тілінде әртүрлі (дробирование, измельчение, размол-размалывание, помол) нақты қимыл атауларына қатысты қолданылады. Қазақ тілінде бұл атаулар араласып қолдана береді, помол – үгінді, помольная камера – ұнтақтау камерасы және т.б. (металлургия, тау-кен ісі сөздігін қараңыз

         Терминнің қысқалығы немесе ықшамдылығы. Бірнеше сөздің тіркесуінен тұратын көп сыңарлы терминді ұғым атауы ретінде қолдану қолайлылық туғыза бермейді. Тіл үнемділікті ұнатады дегенмен терминологияда бұл талап үнемі орындала бермейді. Терминдер жүйесінде терминдік сөз тіркестері, терминдік сипаттамалар жиі кездеседі. Мысалы, бағдарламалық басқарудағы коммутациялық байланыс техникасы басқарушы құрылғысының синхронды жұмыс тәртібі (синхронный режим работы управляющего устройства коммутационной техники связи с программным управлением); бүгіліп тұрып тіренуден артқы құлай 540 градус бұрыла доғаша сермеп үстінен ұстап асылу (из упора стоя спад назад и мах дуга с поворотом градуса в вис хватом сверху) және т.б.

         Терминнің тілдегі сөзжасам заңдылықтарына сәйкес келуі. Қазіргі кезде салалық мамандар терминжасам ісіне белсене араласып жүр. Олардың барлығы қазақ тілінің сөзжасам ережелерін, сөздердің тіркесуін, қосымшалардың жалғану ретін жетік біледі деп айту қиын болар, сондықтан олар сала терминдерін жасаған кезде тілшілермен бірге жұмыс істегені дұрыс болар еді.   

         Терминнің туынды сөз жасауға қолайлы болуы. Мысалы, өлшем (измерение) терминін алайық. Осы сөзден өлшемдеу (обмер), өлшемділік (размерность) атаулары жасалған.

         Эмоционалдық пен экспрессиялықтың болмауы. Ғылыми стиль әр ұғымды өз атымен атауды қажет ететін дәлдікті, нақтылықты қалайды. Сол себептен терминдердің эмоционалдық тұрғыдан бейтарап болуы талап етіледі. 

ә) Аударма жасау тәсілдері

Қазақы жазу машығының қажеттілігі бүгінде тіл білімінің барлық саласынан байқалып отыр. Әсіресе, сөйлем құрау дағдымыздың орыс тілі синтаксисі жетегіне бейімделіп бара жатқаны – өзекті мәселе. Аталған үрдістің жаппай белең алуына, біріншіден, мекеме қызметкерлерінің орысша оқығаны себеп болса, екіншіден, елімізде қазақ тілінде еркін жазатын, аударманың қыр-сырын меңгерген маманның тапшылығынан болып отыр.

Қазіргі кезеңдегі аударма ісінің басты парызының бірі – ресми, іскерлік тілдің, саясат, ғылым мен техника тілін заман талабына сай қазақ тілінде сөйлету, аударманың әлеуетін пайдаланып, қазақ тілінің табиғатына нұқсан келтірмей, оның үздік үлгілерін жасау. Ол үшін аударма үдерісін ғылыми жолға қоюды қолға алу қажет.

Калька мәселесі

Ғылыми, ресми және публицистикалық стильде қазақша мәтін құрастырған автор қазақ тілінің лексика-грамматикалық мүмкіндіктерін ескермей, бар ойын орыс тілінің қалыбына салады. Осының ықпалынан қазіргі қоғамда «кеңсе тілі» қалыптасты. «Кеңсе тілінің» ерекшелігі – қазақ және орыс тілдерінің түйісінде. Қазақ түсінбейтін қазақша (ғылыми, ресми және публицистикалық стильде) мәтіндер осы жерде пайда болады.

Мысалы, 1972 жылғы 17 қазан мен 21 қараша аралығында Парижде өзінің он жетінші сессиясына жиналған Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Бас конференциясы,

мәдени немесе табиғи мұраның кез келген объектілерінің зақымдануы немесе жоғалуының әлемнің барлық халықтарының игілігінің зиянды тозуын білдіретінін назарға ала отырып,

осы мұраны ұлттық деңгейде қорғаудың ол талап ететін үлкен шығындардан және аумағында қорғалуға жататын құндылығы бар мемлекеттің экономикалық, ғылыми және техникалық ресурстарының жетіспеушілігінен жиі жеткіліксіз болатынын назарға ала отырып, оны тиімді толықтырады.

Сырт қарағанда, мәтін қазақша сияқты, түпнұсқамен салыстырсақ, ондағы сөздің бәрі бар, сөйлемдегі сөздер рет-ретімен тұрған сияқты, бірақ мәтін қазақша оқылмайды.

Аударма жасау барысында мәтінді сол аударма тілді тұтынушылардың дүниетанымына бейімдеу – аудармашыға қойылатын талап. Аудармадағы бейімдеу дегеніміз – мәтінді оқырмандардың құзыреттілік деңгейіне бейімдеу, яғни оқырмандар ешкімнің көмегінсіз қабылдай алатын мәтін шығару. Ендеше қазақша құрастырылған мәтіннің қазақы дүниетанымға орайластырылуы – шарт, алайда жоғарыда келтірілгендей, мәтін құрастырушы бар ойын орыс грамматикасының қалыбына салады да, салдарынан ұлттық сөйлеу нормасына жат, қабылдауға ауыр сөйлемдермен құрастырылған мәтін шығады.

Қазақша құрастырылған қазіргі мәтіндерде кальканың екі түрі кездеседі, олар: 1) лексикалық калька; 2) грамматикалық калька.

Лексикалық калька салдарынан кей сөз мағынасына сай қолданылмайды. Сөзді орнымен жұмсамау, біріншіден, ол сөздің орыс тіліндегі қолданысын ғана ескеруден және сол сөздің мағынасын жете түсінбеуден орын алады. Мәселен, нәтижесінде және салдарынан сөздерін алайық. Қазақ тілінде нәтижесінде деп жағымды жайт жайлы, салдарынан деп жағымсыз жайт жайлы баяндағанда қолданылады. Ал қазіргі қазақ мәтіндерінде бір ғана нәтижесінде сөзі, яғни орыс тілінен аударғандағы біріншілік баламасы ғана қолданылып жүр. 1) Жыл басынан бері облысымызда 107 өрт шығып, нәтижесінде (дұрысы: салдарынан) 1 адам қайтыс болып, 5 адам жарақат алған. 2) Соның нәтижесінде (дұрысы: соның салдарынан) осындай ауыр халге душар болған. Осы мысал лексикалық калькаға жатады.

Грамматикалық кальканы өз ішінен сөз бен сөз тіркесі деңгейіндегі және сөйлем деңгейіндегі калька деп бөлуге болады.

Сөз бен сөз тіркесі деңгейіндегі калькаға мысал:

С участием – қатысуымен;

В свою очередь – өз кезегінде;

В очередной раз – кезекті рет;

Является – болып табылады.

Мысалы, Өз кезегінде баяндамашы барлық сұраққа жауап берді – В свою очередь докладчик ответил на все вопросы. Дұрысы: Баяндамашы барлық сұраққа жауап берді.

Сөйлем деңгейіндегі калькаға синтаксистік конструкциядағы сөздердің орын тәртібі мәселесі жатады. Аударуда анықтауышты анықталатын сөздің алдына шығарамыз. Мұнан аңғарылатыны орыс тілі синтаксисінде анықтаушы сөз анықталатын сөзден кейін орналаса береді, сондықтан сөйлем құрау немесе аудару барысында анықтаушы сөздің анықталатын сөзден бұрын орналасуына мән беру қажет. Егер бұл заңдылық ескерілмесе, сөзі қазақша, ал синтаксистік құрылысы орысша сөйлем шығады. Осыдан тілдік норма бұзылады да, салдарынан семантикалық екіұштылық пайда болады. Мысалы, Отыз жастағы Теміртау қаласының тұрғыны – Тридцатилетний житель города Темиртау (дұрысы: Теміртау қаласының отыз жастағы тұрғыны). Осы сияқты жер-жердегі мекеме, ұйым атаулары да орыс тілінің ыңғайымен құрылғанын көріп, естіп жүрсіздер. Мысалы, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (дұрысы: ҚР кәсіпкерлерінің «Атамекен» ұлттық палатасы); Ұлттық онкология және трансплантология орталығы (дұрысы: Онкология және трансплантологияның ұлттық орталығы), Ұлттық Ана мен бала орталығы (дұрысы: Ана мен баланың ұлттық орталығы); Республикалық балаларды оңалту орталығы (дұрысы: Балаларды оңалтудың республикалық орталығы) және т.б.

Аударма әдістері

Орын алмастыру әдісі – түпнұсқадағы сөз не сөз тіркесі аудармада дәл сол орнында, сол сөздің жанында тұрмауы мүмкін, яғни сөз бірлігі сөйлемнің басқа жерінде, басқа сөздің жанында болуы әбден мүмкін. Мысалы, Заместитель директора по экономике   Директордың экономика жөніндегі орынбасары.

Ауыстыру әдісі – түпнұсқа тілдегі қайталанатын сөздерді қазақ тілінде синоним сөздермен ауыстыру. Мысалы, Информация по исполнению пунктов 4.6 и 4.7 Протокола рабочей встречи казахстанско-российской Межправительственной комиссии по экономическому сотрудничеству. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссиясы жұмыс кездесуі хаттамасының 4.6 және 4.7-тармақтарының орындалуы туралы ақпарат.

Лексикалық толықтыру әдісі түпнұсқада ашылмаған көптеген мәтін бөліктері қосымша лексикалық бірліктер көмегімен жеткізілуі мүмкін. Мысалы, Договор был объявлен недействительным – Шарт жарамсыз деп жарияланған болатын.

Аударма теориясындағы «түсіріп тастау» термині аударылатын тіл үшін қажетсіз элементтерді түсіріп тастау дегенді білдіреді. Мысалы, Қашаған Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытудың символы болып табылады – Кашаган является символом развития нефтегазовой отрасли Казахстана. Бұл сөйлемде де является сөзін калькалаудың қажеті жоқ. Дұрыс сөйлем: Қашаған – Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытудың символы болуы керек.

Сөз қалдырып кету әдісі толықтыру әдісіне қарама-қайшы, аударма барысында семантикалық артық сөздерді қалдырып кетуге жол береді. Мысалы, Сгорание – это процесс соединения горючего с кислородом содержащимся в воздухе. Жану – бұл отынның ауа құрамындағы оттегімен қосылу үдерісі. Дұрыс аударма: Жану – отынның ауадағы оттегімен қосылу үдерісі.

Орыс тіліндегі вы жіктеу есімдігінің қазақша сіз деп те, сендер деп те аударылатыны белгілі, себебі вы есімдігінің мағынасы сол орыс тілінің өзінде дәл осындай сіз және сендер мағынасында қолданылады. Мұнан шығатын түйін – орыс тілінде жіктеу есімдігінің сыпайы қатынасты білдіретін тұлғасы жоқ.

Бұл, біріншіден, қазақ тілі сөз байлығының орыс тіліне қарағанда анағұрлым мол екенін көрсетсе, екінші жағынан, біздің жазу мәдениетімізге нұқсан келтіруде, себебі орыс тілінде сіз дегенді білдіретін вы тұлғасы бас әріппен таңбаланады да, сендер дегенді білдіретін вы тұлғасы кіші әріппен таңбаланады. Вы тұлғасының бас әріппен немесе кіші әріппен таңбалануы орыс тілінде оның мағынасын, яғни сыпайы мәнді немесе көптік мәнді білдіретінін анықтау үшін қажет. Ал қазақ тілінде сыпайы қатынасты білдіретін сіз есімдігі бар, ендеше қазақ тілінде бұл есімдікті бас әріппен таңбалаудың қажеті жоқ. Өкінішке қарай, қазақ мәтіндерінде сыпайы қатынасты білдіретін сіз есімдігінің бас әріппен таңбаланған нұсқасы қазірде дағдыға айналып барады.

«Тұлға» сөзінің қолданылуы  туралы. «Тұлға» сөзі қоғам және өнер қайраткерлеріне, жоғары лауазымды, сондай-ақ қоғамдық өмірге белсенді қатысатын адамдарға қатысты айтылады. Мысалы, Лица, страдающие алкоголизмом или лица безопределенного местожительства - алкоголизмге шалдыққан тұлғалар немесе тұрғылықты тұратын орны жоқ тұлғалар деп жүр. Бұл жерде тұлғалар емес, адамдар немесе алкоголизмге шалдыққандар (адам екені белгілі).

Тағы бір жайт: көптік жалғауының қолданылуы. Мысалы, әртүрлі жағдайлар, түрлі оқиғалар, көптеген қонақтар, бірнеше келушілер, бірқатар пікірлер, әралуан құжаттар және т.б. қолданыстар қазақы тіл тұрғысынан мүлде дұрыс емес. 

Түйіндей айтқанда, қазіргі қазақ мәтіндеріндегі калька жасалған талдаулардан байқалып отырғанындай, біріншіден, автордың ойлау жүйесінің орыс тіліне ыңғайлануы, екіншіден, қазақ тілінің лексикалық және грамматикалық мүмкіндіктерін жеткілікті деңгейде білмеуі, үшіншіден, аударма барысында ана тілінің ішкі заңдылықтарын ескермеуі салдарынан орын алады.

Қорытынды 

Аудармамен айналысатын маман ретінде мынаны айта кеткіміз келеді. Кез келген адам (ол аударма теориясын оқыған, зерттеген маман болмаса) бір тілден екінші тілде аудару кезінде (жай сөзді болсын, терминді болсын) мен аударманың мына тәсілін пайдаланып аударайын демейді, өзінің түсінігі, біліміне сәйкес аударады, ал терминдерді ол, тіпті, аудармауы тиіс деп ойлаймыз, ол жұмыс барысында дайын, бекітілген, қолданыста қабылданған терминді алып қоя салуы тиіс. Ал бұл үшін қажетті терминдік қор, терминдер жиынтығы, электрондық база болуы тиіс. Жалпы, салалық аударма жасау үшін аудармашы

1.      Аударатын тілдерді жетік білуі (БТ – бастапқы тіл, АТ – аударылатын/аударатын тіл)

2.      Аударатын сала пәнін түсінуі (Медицина (Трансплантология, онкология), Экология және қоршаған орта (Қалдықтар), Мұнай газ, Тау кен, Машина жасау, Халықаралық қатынастар, БАҚ, IT, т.т)

3.      Салалық терминологияны білуі керек дейміз.

Салалық терминдерді

•        Нормативтік құжаттардан (шығарылған, басылған жылы маңызды): Оларға ГОСТ, СНИП, Заң, Кодекстер, Қаулылар), мемлекеттік бақылау органдарының ресми хаттары, т.б. жатады.

•        Анықтамалықтардан

•        Ресми сайттар, клиенттің және сол салада қызмет ететін бәсекелес компаниялардың сайттарынан алу қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер

1 Ш.Құрманбайұлы. Қазақ терминологиясы. – Алматы, «Сардар», 2014.
2 Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар. – Алматы, 1990.

3 Ш.Құрманбайұлы. Қазақ лексикасының терминденуі. – Алматы, 1998.

4 Ж.Жақыпов. Аударматануды аңдату. – Астана, 2004.

5 Глинская Н.П. Проблема эквивалентности перевода отраслевой терминологии (на материале американского авторского права). www.gramota.net/materials/2/2013/6-1/13.html