Топонимиялық трансонимдену құбылысы және оның аясындағы терминдер мәселесі

Топонимиялық трансонимдену құбылысы және оның аясындағы терминдер мәселесі
Трансонимдену (трансонимизация) деп онимдердің бір топтан (разрядтан) келесісіне ауысуын айтады. Мысалы, Алматы – қала атауы және мейрамхана атауы, Ақсу – өзен атауы және тау атауы, қоңырат – тайпа атауы және кісі есімі, Балқаш – көл атауы және қала атауы, Шолпан – жұлдыз атауы және елдімекен атауы т.б. Жалқы есімдердің өз ішіндегі осынай ауысулар ертеден жалғасып келе жатқан дәстүрлі құбылыс.

Трансонимдену (трансонимизация) деп онимдердің бір топтан (разрядтан) келесісіне ауысуын айтады. Мысалы, Алматы – қала атауы және мейрамхана атауы, Ақсу – өзен атауы және тау атауы, қоңырат – тайпа атауы және кісі есімі, Балқаш – көл атауы және қала атауы, Шолпан – жұлдыз атауы және елдімекен атауы т.б. Жалқы есімдердің өз ішіндегі осынай ауысулар ертеден жалғасып келе жатқан дәстүрлі құбылыс. Қазірге дейін арнайы зерттеп-зерделенбегендіктен «трансонимонимизация» терминінің аудармасы мен түсінігі бойынша кейбір мәселелердің туындайтыны белгілі. Олардың шешімі сонымен қатар трансонимизацияға тілкелей байланысы бар басқа да терминдердің түсінігін беруді міндеттейді. Қазақ топонимиясындағы трансонимденудің ерекшеліктеріне тоқталмас бұрын, ұғымдардың айқындығы үшін әуелі онымен тікелей байланысы бар транстопонимизация, топонимизация терминдерінінің түсінігі мен қазақшалануына да тоқталуға тура келеді. Г.Мәдиева мен С.Иманбердиева қазақ тіліне «трансонимдену» деп аударады, біздіңше жалқы есімдердің өз ішінде бір-біріне ауысуы болғандықтан «атауаралық ауысым» деп толық қазақшалауға болар еді. Алайда, бұл термин арнайы бекітілмегендіктен, осы мақалада бірізділік үшін қазақ ғалымдары ұсынған «трансонимдену» нұсқасын пайдаламыз. Трансонимденумен байланысты келесі бір термин транстопонимизация. Бұл терминді де ілгерідегі ғалымдар аталған үлгімен «транстопонимдену» деп аударады [1, 187 б.]. Енді осы терминдердің мағынасына зер салар болсақ, Н.В.Подльскаяның Орыс ономастикалық терминдердің түсіндірме сөздігінде «лат. trans “арқылы, жарып өту” + орыс. онимизация (жалқы есімге айналу Б.Ә.)», - деген түсінік беріледі, яғни жалқы есімдердің бір топтан келсісіне өтуі [2, 138 б.]. Аталған ғалымдардың (орысша, қазақша) еңбектерінде «Транстопонимдену – трансонимденудің бір түрі. Топонимдердің бір түрден келесісіне ауысуы» екені айтылады. Мысалы, өзен атауының елдімекенге ауысуы: Ақсу – өзен, Ақсу – ауыл, тау атауының елдімекенге ауысуы: Алтынемел – тау, Алтынемел – ауыл, елдімекен атауының жолға ауысуы: Қарағанды – қала, Қарағанды – тас жол т.б. Демек, өзге топтардың топонимге айналуымен шатастыруға болмайды.

Трансонимдену – сөз басында айтылғандай мағынасы кең ұғым. Кез-келген жалқы есімдер тобының бірінен екіншісіне ауысып, жаңа бір нысанға атау болуы. Мысалы, кісі есімінің көшеге, елдімекенге, тауға, сайға т.б. берілуі; жер-су атауларының адамға берілуі, этнонимдердің топонимдерге айналуы т.б. кең көлемді ауысулардың бәрі трансонимдену теримнінің аясында қаралады. Айтылмақ ой топонимдерге қатысты болып отырғандықтан, тақырыптан ауытқымау жағына назар аударамыз.

Осы бағытта қолданылатын келесі бір термин – топонимизация, яғни онимдену – жалпы есімдердің топонимдерге айналуы және олардың осы разряд ішінде әрі қарайғы қалыптасуы мен дамуы. Мысалы, көк тал → Көктал, қара тал → Қаратал, ор → Ор, орда → Орда т.б. Топонимжасамның бұл бір ғана жолы, ол бұнымен шектелмейді, басқа да жолдары бар. Б.Бияровтың зерттеулерінде «Бұл құбылысты тіл білімінде «топонимизация», «топообразвания»; «онимделу» деп атап келсе, ендігі жерде «топонимжасам» деп атау қолайлы болмақ», - деген қорытынды жасайды [3, 29 б.]. Олай болғанда топонимжасамның қамтитын ауқымы бәрінен де жоғары тұрады да, трансонимдену соның аясындағы бір тарау ретінде ғана қаралады. Осы зерттеу еңбегінде Б.Бияров топонимдер жасалуының лексика-семантикалық, аналитика-семантикалық, синтетика-семантикалық секілді түрлі жолдары бар екенін айтады, соның ішінде лексика-семантикалық жолына қатысты бір тәсілі ғана трансонимденуге жатады, алайда лексика-семантикалық жолмен жасалған топонимдердің де бәрі емес, тек жалқы есімдерден жасалғандары ғана.

Трансонимденудің өзіндік ерекшелігінің бірі – бір нысанның атымен басқа бір аймақтағы сондай нысан аталса, ондай ауысулар трансонимдену құбылысының аясында қаралмайды. Трансонимдену аталатын нысандардың әр аймақта орналасқанына байланысты емес, керісінше атаулардың бір топтан екіншісіне ауысуына байланысты құбылыс. Сондықтан бұл орайда топонимжасамның лексика-семантикалық тәсілі, әр аймақтағы бірдей нысандардың бірдей атаулармен аталуы және атаулардың бір топтан екіншісіне ауысуы секілді топонимдік құбылыстарды бір-бірінен ажыратып тану керек.

Топонимдердің лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалуының аясында жалпы есімдердің топонимжасамы да, транстопонимдену де қарастырылады. Өйткені, бұл тәсіл апелятивтің ешқандай өзгеріске түспей, жалпы есімдердің жалқы есімге айналуын немесе жалқы есімдердің бір топтан келесісіне өтуін қамтиды, сондықтан трансонимдену лексика-семантикалық тәсілдің белгілі бір бөлігіне ғана тиесілі болып қала береді, яғни бір нысан атауынан басқа бір нысан атауының жасаулы немесе келесі бір нысанға берілуі: Абай – колхоз, Абай – көше, Абай – оқу орны т.б.

Әр аймақтағы бірдей нысандардың бір атаумен аталуы ауыспалылықтың бір көрсеткіші, алайда бұл жалқы есімдердің өз ішіндегі емес, нысандар арасындағы ауысуы. Мысалы, бір атау әр аймақтағы бірдей нысандарға беріледі. А.В.Суперанская т.б. авторлардың «Теория и методика ономастических исследований» атты еңбектерінде атаулардың бір нысаннан екіншісіне ауысуы мынандай жағдайда жүзеге асатынына тоқталады: адамдар бір орыннан екінші жерге қоныс аударғанда өздерімен бірге үйреншікті атауларды ала кетіп, жаңа мекендегі нысандарды солармен атайды екен. Бұл пікірді Темза атты өзеннің Австралия мен Канадада бірдей кездесетіндігімен түсіндіреді. Ағылшын графтығы мен қалаларының атаулары АҚШ-та т.б. жерлерде қайталанады [4, 116 с.; 5, 47 с.].

Бұндай қайталаулар қазақ тілінде де көп. Оларды құрамы жағынан  кірме және төл атаулар деп екіге бөліп қарауға болады. Тарихи, саяси, экономикалық жағдайларға байланысты бір елден екінші елге ауысатын топонимдік көш (топонимические миграции) кірме атаулар қатарына жататын қазақ-моңғол тілдеріндегі бірдей нысандардың ортақ атауларынан да көрінеді [6]. Сонымен қатар Столыпин реформасының нәтижесінде Батыс Қазақстанға көшіп келген орыс және украин шаруаларының кезеңіндегі атаулар: Покровка, Долинное, Озерное т.б. [7, 45 б.]. Бұдан басқа Малиновка, Сергеевка, Петровка т.б. барлығы сырттан енген дайын үлгілер болып табылады. Шетелдік фирмалардың Қазақстандағы филиалдарын орталығының атауымен атау да осы көштің бүгінгі замандағы көрінісі. Бұлардың соңғы екеуін кезеңдік атаулар ретінде қабылдауға болады, себебі қазақ тіліне сіңісіп, төл элементке айнала алмады. Шетелдік фирма атаулары да тұрақты емес, жұмысын аяқтаған соң немесе басқа да түрлі жағдайларға байланысты кетіп қалуы мүмкін. «Топонимиялық көш» ұғымы осындай табиғатымен ерекшеленеді. Екіншіден, қазақ даласында ертеден қалыптасып, кең көлемде таралған төл атаулар бар. Мысалы, Сарыөзек, Қызылжар, Ақсай, Ақбастау, Көкқайнар т.б. секілді жер-су атаулары қайталанып қойылып отырған. Ел аумағындағы бірдей немесе ұқсас нысандарға бір атаудың берілуі тілде ертеден бар құбылыс. Бұларды бір топтан екіншісіне өтуі арқылы көрінетін трансонимденумен шатастыруға болмайды. Осы материалдардың негізінде топонимялық көш және ауыспалылық деген екі ұғымды ажыратып алуға болады. Топонимиялық көш дегеніміз атаулардың бір елден екіншісіне немесе бір нысаннан екіншісіне көшуі, қайда жүрсе де сол атаумен сол нысанды атайды. Ал ауыспалылық атаулардың бір топтан екіншісіне ауысуы.

Атаулардың бір топтан екіншісіне ауысуы трансонимденудің негізгі ерекшелігі болып табылады. Ауыспалылық үдерісінің үлкен екі бағыты бар: біріншісі – кең көлемді. Кез келген атаудың бір разрядтан келесісіне өтуі. Мысалы, Ақсай: 1) сай – ороним, 2) шағын аудан, 3) демалыс орны. Сарыбастау: 1) бастау - гидроним, 2) ауыл – ойконим, 3) мейрамхана – эргоним. Мұқыр: 1) өзен – гидроним, 2) ауыл – ойконим. Матай: 1) тау – ороним, 2) теміржол бекеті – ойконим, фирма – фирмоним. Жер-су атауларының өзара алмасуына қатысты осы мысалдардан топонимдердің атаужасамдық қабілетін көруге болады. Түрлі нысандар  арасында атаулардың бұлайша таралып, қанатын кеңге жаюы иррадиация терминімен аталады. Жалпы түсініктілік үшін: «иррадияция» сөзі ‛үлкею’ (күңгірт фонда заттардың үлкейіп көрінуі) немесе ‛жайылу’ (жүйке үдерісінің жайылуы) деген мағынада қолданылатын медициналық және физика терминімен сабақтас. Ономастика жағдайына үлкеюден гөрі жайылу сөзінің мағынасы сәйкес келеді. Жайылу құбылысы жалпы атаулардың бір топтан екінші топқа өте отырып қанатын кеңге жаюына әрі әр топта өзара жақын және бірдей атаулардың жинақталуы арқылы біртұтас сипатқа ие болуына ықпал етеді.

Трансонимдену құбылысын топонимге қатысты алғанда топонимдердің атаужасамы және жалқы есімдердің өзге топтарының топонимжасамы бойынша екіге бөлуге болады. Топонимдердің атаужасамы: топоантропоним (кісі есімдерін жасау) – Аягөз, Ақжайық, Балқаш, Еділ, Матай т.б. және топозооним (жануар аттарын жасау) – Көкбастау (жылқы атауы), Сарысу (түйе атауы), Тастыөзек (сиыр атауы) т.б. секілді мысалдар көрінеді. Жалқы есімдердің өзге топтарының топонимжасамы: этнотопоним – Жамантұмақ, Қыстық, Қаспан, Кердері (ру аттарынан жасалған топонимдер); антропотопоним: Ай, Таңсық, Абай, Жамбыл, Тұрар (кісі есімдерінен жасалған топонимдер т.б.); астротопонимдер: Жұлдыз, Шолпан, Жетіген, Құс жолы, Темірқазық, Үркер (аспан денелері атауларынан жасалған топонимдер).

Қазірге дейін сөздік қорға трансонимдену құбылысымен байланысты транстопонимдену, топонимдену, топонимдердің атаужасамы, топонимжасам, топоантропоним, топозооним, этнотопоним, антропотопоним, астротопонимдер т.б. секілді көптеген терминдер енді. Бұлардың барлығы шет тілі элементтері, сала мамандарына болмаса, қарапайым көпшілікке негізінен түсініксіз. Тілдің даму барысы сырттан сөз қабылдауда ұлттық мүдде ескерілмесе, алдағы болашақта ғылым тілі мен шет тілінің бірдейлесіп кетуі ғажап емес. Сондықтан ономастиканың әр саласы бойынша терең зерттеулер жүргізіліп, мұндағы ұғым-түсініктер мен олардың атаулары толық айқындалғанша жазылтын ғылыми еңбектерде шеттілдік терминдердің аудармасы қатар беріліп отырған дұрыс деп ойлаймыз. Ғылым тілінің дамуымен бірге терминдердің ішкі мазмұны ашылып, басқа бір қырынан қарауға мүмкіндік туады. Сол кезде жаңаша қағидаларға негізделген терминдердің жасалатыны анық.

 

Әдбебиеттер тізімі

 

<!-- [if !supportLists]-->1.    <!--[endif]-->Мәдиева Г.Б., Иманбердиева С.Қ. Ономастика: зерттеу мәселелері. Алматы: «Атамұра», 2005. – 240 бет.

<!-- [if !supportLists]-->2.    <!--[endif]-->Подольская Н.В. Словарь русской ономастической терминологии. – Москва: «Наука», 1988. – 192 с.

<!-- [if !supportLists]-->3.    <!--[endif]-->Бияров Б. Қазақ топонимдерінің типтік үлгілері. – Астана: Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы, 2013. – 432 бет.

<!-- [if !supportLists]-->4.    <!--[endif]-->Пушкарева Ю.Г. Географические названия: проблемы трансонимизации // Вестник Восточно-Сибирского государственного технологического университета. Научный журнал № 3 (июль-сентябрь). Улан-Удэ Издательство ВСГТУ 2009.

<!-- [if !supportLists]-->5.    <!--[endif]-->Суперанская А.В., Сталтмане В.Э., Подольская Н.В., Султанов А.Х. Теория и методика ономастических исследований. – Москва: «Изд-во ЛКИ», 2007. – 256 с.

<!-- [if !supportLists]-->6.    <!--[endif]-->Сағидолда Г. Түркі (қазақ) және моңғол халықтарының тарихи – мәдени байланыстарының топонимияда бейнеленуі. – Алматы, 2000. –254 бет.

<!-- [if !supportLists]-->7.    <!--[endif]-->Ержанова Ұ. «Ақжайық өңірінің топонимиясы» Алматы, «Арыс», 2001. – 174 бет.