Жаңа терминологиялық ғылыми қағидаттардың жасалуы

Жаңа терминологиялық ғылыми қағидаттардың жасалуы

Терминология бойынша өзекті мәселенің бірі – олардың жасалу, қабылдану қағидаттарына қатысты. Қазақ терминжасам тарихында қандай ғылыми қағидаттар тірек болды дегенде, ең алдымен еске түсетіні – Ахмет Байтұрсынұлының үлгі-өнегесі. Ілгеріде де ескертілгендей, мұны зерттеушілердің барлығы мойындайды.

А.Байтұрсынұлы ұстанған қағидаттар 1924 жылы Орынбор қаласында өткен ғылыми қызметкерлер съезінде қабылданады. Онда былай деп көрсетілген:

 

  1. Термин жасауда ең тиімді жол ретінде ұғымдар мен мағынаны дәлірек білдіретін қазақ сөздері көбірек тартылсын;
  2. Егер қазақ тілінде мұндай сөздер табылмаған жағдайда туыс тілдерден сөз алу;
  3. Жалпыға бірдей халықаралық терминдерді де қабылдауға болады. Алайда мұндай термин қазақ тілінің табиғатына тән заңдылықтарды бойына сіңіріп, өзгере енуі тиіс. Ал қазақ тілінде оған сәл де болса сәйкес келетіндей үлгі табылса, оларды қатарластыра беріп, оқырманға таңдау мүмкіндігін қалдыру қажет. Шетел сөздерін өздік ету үшін олар тіліміздің дыбысталу ерекшелігін қабылдауы керек;
  4. Қазақ сөздерінің табиғатына сәйкес келмейтін шет сөздер,біріншіден, олардың бойында біздің тілге жат дыбыстар керекті дыбыстармен ауыстырылады; екіншіден, олардың суффикстері қазақшасымен алмастырылады; үшіншіден, қосарлы дыбыстардың бірі алынып тасталады; төртіншіден, қазақ тіліне тән емес қосымшалар қазақша айтылу ыңғайына көшеді. Мысалы: Оренбург – Орынбор, Смамара – Саиар, пуховой – бөкебай, покров – боқырау, Адмовский – Адамау т.т. [6, 25-б.].

Қазақ тіліне термин қабылдаудың ғылыми қағидаттарын нақты қарастырған ғалым – Қ.Жұбанов.  Ол 1935 жылы 20 мамырда Алматыда өткен мәдениет қайраткерлерінің бірінші съезінде 11 принцип ұсынды. Олардың жалпы мазмұны мынадай:

  1. Көптеген әдеби тілдерде аударылмай қалыптасқан халықаралық терминдерді қазақ тіліне аудармай сол қалпында алу (революция, совет, теория, практика, тенденция, хирургия, климат, абсолютный, конкретный т.т.);
  2. Көптеген әдеби тілдер тәжірибесінде аударылып алынған халықаралық терминдер (производство, труд, деньги, корень, стебель, мышцы, деление, умножение т.т.) қазақ тіліне де аударылады, егер аударма термин мағынасын дәл бере алмай, бұзатын болса, онда оларды (сословие, состав, клетка, слет т.т.) орыс тіліндегі қалпынша алу;
  3. Әр қилы пәнде бір мағынада қолданылатын терминдерді бірегейлетіп алу; мысалы, форма – форма (философия, физика), материя – материя (физика – филоосфия), корень – түбір (математика, ботаника, лингвистика), реакция – реакция (химия, биология, политика) т.т.;
  4. Білімнің әр саласында әр қилы мағына білдіретін терминдер (мануфактура, продукт, легенда) бір салада термин ретінде, басқасында жай сөз ретінде қолданылады. Мысалы: мануфактура экономикалық даму кезінде термин болады, бірақ тауар түріне жата алмайды;
  5. Халықаралық сөздер түрінде қалыптасқан терминдер орыс тіліндегі үлгімен қабылданады (пролетариат, физика, биология);
  6. Терминдерді түсініксіз етіп жіберетін жасанды сөзжасамға бармай-ақ, қазақ тілінің грамматикалық ерекшеліктерін де, атаудың ғылыми мәнін де толық қамти алатын терминдердің (Мысалы: беріліс – передача, көпкіл – многоугольник, тоқыма – текстиль, тәжірибе – практика т.б.) баламасын табу; –изация, -ификация, -ация тәрізді формалды элементтермен (машинизация, электрофикация, объективация) келетін сөздерді қазақ тіліндегі материяландыру, электрлендіру, объективтендірулер түрінде қалыптастыру келеді. Сол сияқты популярная книга – популяр кітап, абсолютная величина – абсолют шама, буржуазная идеология – буржуаз идеология, дифференциальное уравнение – дифференциал теңгерме түрінде қысқартып алу;
  7. Қазақ тіліне халықаралық терминдермен ілесіп –ист, -изм қосымшалары және ре, син, де, суп, анти, контр, тәрізді префикстер енгізіледі; –авто, -аэро, -авиа сияқты қысқартылған формаларға қазақ сөздері бірігіп (автожол, аэрошана, авиашана, автоқатынас) жазылады;
  8. Қаркөмір (Қарағанда уголь), Халкомжер (Наркомзем) т.т. сияқтыларды қысқартып қолдану;
  9. Бұрын терминологиялық қолданыстан шығып қалған диктатура, революция, совет, теория, практика, контрреволюция, милитаризм сияқты терминдерді қазақ тіліне қайта енгізу.

Профессор Қ.Жұбанов ұсынған бұл принциптер съезде 10 пунктке шақталып, негізінен қабылданды [7, 64-б.].

Қазіргі кезде аталған принциптерге қатысты сын пікірлер де жоқ емес. Ол әсіресе, бұрынғы кеңестік тіл саясатынан өрбиді. Ө. Айтбаев былай деп жазады: “... кезінде қазақ терминологиясын жасау ісінде орыс үлгісінің ықпалы, яғни “орыстандыру” саясатының әсері айрықша болғанын аса сауатты лингвист –     Қ.Жұбановтың еңбектерінің өзінен байқамай өте алмайсыз. Соның салқыны мына принциптерден де аңғарылады. Қазақ тілінің даму, қалыптасу заңдылықтары мен ерекшеліктерін мейлінше терең білетін тіл білімпазының өзі ұлттық терминологияны ұлттық негізде жасауға кесірін тигізетін ұстанымдарды басшылыққа алуға мәжбүр болған сыңайлы. Әйтпесе, интернационалдық терминдер мен орыс тілінде қалыптасқан үлгілерді олардың қазақ тілінде баламасының бар-жоқтығына қарамастан бұлжытпай қапысыз қабылдай берейік деудің қисынға келе бермейтінін өмірдің өзі дәлелдеді” [7, 64-б.].

Келесі бір зерттеуші Ш.Біләлов принциптерді талдай келе, оның кемшілігін мынадан көреді: “Бұл қағида бойынша “халықаралық” атаулар аударылмай түпнұсқада алынатындығымен қоса, орысша қалай жазылса қазақша да солай жазылсын деп тұр. Яғни, кесін-келмесін орысша жазуға міндеттейді. Бұл дегеніміз орыс тілін күштеп тану деген сөз. Бұл қағида да ешбір ғылыми негіз жоқ. Әрі қарай осы бапта құжаттың қалған принциптерін де толық талдап, өзімізше қорытынды жасаймыз. Сондағы түйгеніміз, мемлекет тарапынан қаулы қабылданып заңдастырылған, мүлтіксіз орындауға міндеттейтін аталған құжат ұлтық тілге деген қамқорлықтан гөрі оған жасалып отырған қысымға көбірек ұқсайды. Бұл принциптер орыс тіліндегі атау жасау негізін басшылыққа алған” [8, 19-б.].

Зерттеушілердің айтуында, терминжасамның ғылыми принциптерін заман талабына және мемлекеттік тілдің өскелең сұранысына қарай қарастыру сипаты Ә.Қайдардың тұжырымдамасынан көрінеді. «Ә.Қайдар ұсынған принциптерден қазақ тілінде термин жасаудың А.Байтұрсынұлынан бастау алған ұлттық тіл негізіне бет түзеген ғылыми көзқарасты байқаймыз. Екіншіден, осы үрдіске сүйенген нақты ұсыныс-тұжырымдарды қолға ұстап отырмыз. Үшіншіден, тұңғыш рет орыс тілінен енген интертерминдер тағдыры не болмақ деген жалған көпшілдіктен арылар түріміз бар» [7, 27-б.].

Ә.Қайдардың қазақ тілі терминологиясын жаңаша бағдарлау, реттеу және ілгері дамыту тұжырымдамасының 11 принципі төмендегідей:

  1. Егеменді ел, тәуелсіз мемлекет аталып отырған Қазақстанның бүгінгі жағдайында мемлекеттік тілдің негізгі тірегінің бірі – терминологияны жан-жақты дамытудың, реттеудің, қалыптастырудың алғы шарттарының бірі – оған деген мемлекеттік қамқорлық.
  2. Қазақ тілі терминологиясының жақсы дәстүрлерін жалғастыра, өскелең өмірдің биік талғамына сай жүз беріп отырған бұқаралық үрдістің ұлттық тіл үшін тиімді де қажетті жақтарын орынды пайдалану.
  3. Салалық (ғылыми-техникалық, табиғаттық, қоғамдық, саяси әлеуметтік) терминдер мен атауларды жаңадан жасауда, өзгертуде, ауыстыруда ең алдымен қазақ тілінің төл және бұрыннан қалыптасқан байырғы лексикалық байлығын сарқа пайдалану.
  4. Термин шығармашылдығында бұдан кейін туысқан түркі тілдерінің (әсіресе терминоолгия дәстүріне бай жазба тілдердің) озық тәжірибелерінен, термин жасаудың өрнек-үлгілерінен, оңтайлы да үйлесімді сөз жасау модельдерінен мүмкіндігіне қарай пайдалану.
  5. Тіліміз үшін қажет, бірақ дәл баламасы жоқ, аударуға келе бермейтін интернационалдық терминдер мен атауларды қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне икемдеп қабылдау.
  6. Орыс тілінен (жалпы славян тілдерінен) енген терминдік атауларды мүмкін болғанынша қазақшаға аударып қолдану; аударуға келмейтіндерін бұрынғыдай сол қалпында емес, қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне үйлестіре қабылдау.
  7. Салалық күрделі терминдер мен атаулар қазақ тілінің өз негізінде алғашқы әріптері мен буындары бойынша (жекелей де, сөз араластырып та) кеңес-интернационалдық термин-атаулардың үлгісімен қысқартылып пайдалануды заңдастыру.
  8. Күн сайын толассыз туындап жатқан жаңа терминдік ұғымдарға тілімізден дәл балама іздеуде де, термин-атауларды жаңадан жасауда да жалпы терминге тән талаптарды сақтай отыра, дәстүр мен шарттылық заңдылығын мойындау.
  9. Тілімізге қабылданған терминдер мен атауларды мағыналық, тұлғалық жағынан жақындарын өзара топтастырып, салыстыра отырып, лексикалық байлығымызды салалық жүйе бойынша жіктеп, саралап пайдалану.
  10. Тіліміздегі ұлттық және интернационалдық термин-атаулардың сандық, сапалық салмағын табиғи қалпында сақтаудың жолдарын іздестіру.

Терминдер мен атаулардың емлесін тіл заңына, жазу дәстүріне сәйкес реттеу; бұл, әдетте, алфавит пен емле қағидаларын өзгертуге байланысты қаралатын күрделі мәселе, бірақ оған қоғам санасын қазірден-ақ дайындау, бейімдеу қажет [9, 5-б.].

Бұл принциптерді талдай келе, оны кейбір пайымдаулармен толықтыра

отырып, Ө.Айтбайұлы төмендегідей ұстанымдар арқылы өз көзқарасын білдіреді:

Біріншіден, қазақ тілінде терминжасам барысында ұстанатын ең басты принцип ана тіліміздің өз сөз байлығын барынша сарқа пайдалану, яғни байырғы сөздерге терминдік сипат беріп, оларды терминдендіру;

Екіншіден, қазақ тіліндегі бейім сөздер сарқыла бастаған тұста түбірі бір түркі тілдер сөз қазынасына иек арту;

Үшіншіден, интертерминдерді негізінен қазақ тілінің фономорфологиялық ерекшеліктеріне икемдеп алу; ал орыс және славян тілдерінен енген терминдерді мүмкіндігінше аудару, аударуға келмейтінін қазақ тілінің фономорфологиялық ерекшеліктеріне үйлестіру;

Төртіншіден, салалық күрделі терминдер мен атауларды қазақ тілінің өз негізінде алғашқы әріптері мен буындары бойынша қысқартып пайдалануды заңдастыру;

Бесіншіден, көп жылғы тәжірибе негізінде қалыптаса бастаған шарттылықты мойындау;

Алтыншыдан, тіліміздегі лексикалық байлығымызды сала бойынша саралап, ұлттық және интернационалдық терминдердің сандық сапалық салмағын табиғи қалыптастыру;

Жетіншіден, терминдер мен атаулардың емлесін тіл заңына, жазу дәстүріне сәйкес реттеу [7, 27-28 б.].

Біздің ойымызша, осы көрсетілген принциптер заңдастырылса (мүмкін кейбір толықтырулармен), мемлекеттік тілдің ғылымға қызмет етер түйінді саласы – терминология бойынша көп мәселе шешімін табар еді. Бұл принциптер сала терминдерінің бәріне ортақ. Қандай да бір сала терминдері осы қағидаларға сүйене, негізделе отырып жасалуы керек.

Алайда осы қағидаларды ескермеуден, білмеуден кетіп жатқан кем-кетіктер салалық терминологияда әлі де аз емес. Тәжірибесіздік пен кәсіби шеберліктің жетіспеуі сала терминдерін түзуде кездесіп отырады. Бұлар салалық терминологияда жүйесіздік тудырады. Ш.Құрманбайұлы сала терминдерін жасау барысындағы кейбір тілдік кемшіліктерді былай көрсетеді: 1) Тіліміздегі сөз тудырушы жұрнақтар терминжасам барысында орнымен жұмсалмайды; 2) Түрлі лексикалық қабаттарға жататын сөздер термин шығармашылдығында ұтымды пайдаланылмайды; 3) Аудару барысында сөз мағынасын түсініп, ұғымның мазмұны мен көлемін ажырата білмеуден туындайтын кемшіліктер; 4) Бір ғана ұғымның әр түрлі ғылым салаларында түрліше аталуына жол беру; 5) Керісінше бір ғана арнаулы саланың терминологиялық жүйесін құрайтын әр түрлі ұғымдардың ортақ атаумен берілуі де терминжасам барысында кездесетін кемшіліктің бірі; 6) Бір ғылыми ұғымды бірнеше нұсқамен атайтын жарыспалылық; 7) Бір-бірімен тығыз байланысты ұғым атауларын терминологиядағы жүйелілікті сақтамай аудару; 8) Туыстас түркі тілдеріне ортақ терминжасам тәжірибесін ескермеу; 9) Қытай, Монғолия қазақтарының тілдерінде бар сөздерді сұрыптап пайдалану жетіспейді; 10) Аударуды қажет етпейтін терминдерді қазақшалаймыз деп қателіктерге ұрыну [10, 32-39 б.].

Қазақ тіліндегі терминдерді қалыптастыру қағидаттарын ұсынудағы       Ш.Құрманбайұлының пікірлері атап өтерлік. Ғалым «Түптеп келгенде, терминология дамуының қағидаттары «ұлттық терминқор қалыптастыруда қандай бағыт-бағдар ұстанамыз?» және «терминологиялық лексиканы қалыптастырудың ішкі және сыртқы көздерін қалай пайдалануымыз керек?» деген бір-бірімен тығыз байланысты екі сұраққа жауап беруге тиіс деп ойлаймыз» деп жаза отырып, қазақ терминологиясын дамыту мен жетілдіруде негізгі екі қағидатты басшылыққа алады. Олар: 1) Ұлттық терминор қалыптастырудың ішкі көзі қазақ тілінің лексикалық байлығы мен сөзжасам тәсілдерін барынша ұтымды пайдалану; 2) Терминқор қалыптастырудың сыртқы көзі болып табылатын өзге тілдерден термин қабылдау [4, 250-258 б.].

Соңғы қағидатты өз ішінен а) туыстас түркі тілдерінен термин қабылдау және ә) туыстық жақындығы жоқ тілдерден  термин қабылдау деп саралап көрсетеді.

Сала терминдерін бірізге түсіру, жүйелеу сияқты мәселелер басқа да мамандар тарапынан сөз болып жүр. Айталық, Қ.Қайым биологиялық атауларды, Ш.Әбдіраман кен ісі атауларын, М. Ахметов медицина терминдерін, С.Тоқсанбай экономикалық терминдердің қазіргі сипатын кәсіби тұрғыдан қарастырады [Мына жинақты қараңыз: 12]. Олар бұрын-соңды шыққан және 31 томдық сөздікке, оқулықтар мен оқу құралдарына иек арта отырып, салалық терминдердің тұрақтануын, кәсіби ұғымның сөз арқылы дұрыс жеткізілуін, ұғымның сөз мағынасында толық қамтылуын, ондағы кемшіліктерді нақты көрсетуге ұмтылады. Бұл авторлардың өз мамандықтарымен күнделікті араласып жүргенін, сондай-ақ әр жылдары сөздік шығарумен айналысқан мамандар екенін ескерсек, олардың ескертпелері мен ұсыныстарын деркезінде қабылдап отыру керек.

Сөз болған мәселелерді жинақтай келе, сала терминдерін біріздендіруге қатысты практикалық маңызы бар кейбір ұсыныстарды айтуға болады. Олар:

  • Сала терминдерін қалыптастыруда қазақ терминжасамындағы соңғы көзқарастар (Ә. Қайдар, Ө. Айтбайұлы, Ш.Құрманбайұлы) ескерілуі қажет. Қай сала маманы болмасын, осы принциптерге сүйене, соларды негізге ала отырып қана термин жасау ісіне кіріскені мақұл.
  • Әр түрлі сала мамандарының жиі-жиі бас қосып, кеңесіп отыруын дәстүрге айналдырған жөн. Сала мамандарынан жұмыс тобы құрылып, оның нәтижелері “Терминологиялық хабаршыда”, баспасөз беттерінде жарияланып тұрса құба-құп.
  • Бұрын-соңды шыққан терминологиялық сөздіктер түзудің тәжірибесін жан-жақты талдау қажет. Бұл олардың жетістіктерімен бірге кемшіліктерін де байқауға мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе – терминді дұрыс түзудің кілті бола алады.
  • Терминді дұрыс қолдану мәдениетін, яғни зерттеушілеріміз (М.Серғалиев) айтып жүрген үш ұстанымды (жүйелілік, нормаға сәйкестік, эстетикалық) әрқашан естен шығармауымыз керек. Тіл мәдениеті терминге де тікелей қатысты екенін жоққа шығару қиын.

Қорыта келгенде, салалық терминдерді бірізге келтіріп, жүйелеу күн

тәртібінен түспек емес. Бұл іске тілші ғалымдар да, мамандар да әрдайым ат салысып отырады.

Бөлімнің презентациясы