Медициналық терминдер мәселесі

Медициналық терминдер мәселесі

Қазіргі медициналық терминология дүниежүзілік медицина ғылымының ғасырлар бойы дамуымен бірге қалыптасқан. Әлемнің түрлі елдеріндегі медик ғалымдар мен дәрігерлердің адам организмін зерттеу, оның функциялары мен құрылымын, аурулардың туындау себептерін анықтау, емдеу жолдарын іздестіру барысында медициналық терминдер пайда болған. Медициналық арнайы лексиканың дамуы мен құрылымына интернационалдық тәжірибе күшті әсер еткен. Онда ғажап жаңалықтар да, қате тұжырымдар да көрініс тапқан. Басқа саланың терминологиясымен салыстырғанда медициналық және биологиялық терминологияның басым бөлігі халықаралық терминдерден тұрады. Оған себеп ежелгі дүниенің классикалық тілдері (ежелгі грек тілі мен латын тілі) медициналық және биологиялық терминологияға түбегейлі ықпал етті.

Ежелгі дәуірдің 100-ден аса медициналық шығармасы «Гиппократ жинағы» деп аталатын еңбекке енген (б.э.д. 460-377 ж.ж.). Оған тек Гиппократтың ғана емес, оның шәкірттерінің және ежелгі грек медицинасының басқа бағытын ұстанған дәрігерлердің де еңбектері кірген. Еуропалық медицина және медициналық терминология тарихы осы «Гиппократ жинағынан» бастау алады.

Бұл еңбектегі барлық заттар мен құбылыстар грек сөздерімен берілген. Гиппократ пен оның ізбасарлары халық емшілері арасында ұрпақтан ұрпаққа тараған медициналық лексиканы қолданды.

Ал біз ғылым тілін мейлінше қазақша береміз деп халықаралық қолданыстағы терминдердің орнына жасанды баламаларды тықпалағандықтан, қазақшамызды өзге түгіл өзіміз түсіне алмай жүрміз. Ұғымдық айқындығы жоқ терминсымақтардың бастарын күштеп қосып құрастырған қазақша мәтіндеріміздің, сұрықсыз сөйлемдеріміздің мазмұнын санамызға сіңіру үшін іштей орысшаға жобамен аударып алып барып, түсінетін күйге түстік. Сөзіміз дәлелсіз болмау үшін толып жатқан мақалалардың бірінен алынған төмендегі мына бір үзіндіні талқылап көрейік.

Гипертониясы бар кісілер түсініп көрсін. «Егер гипотензивті ұтымдылық жеткіліксіз болса, бір жолғы мөлшерді әрбір 1–2 күн сайын күніне 3–4 дүркін қабылдау үшін 0,0375 мг-ға (құрамында 0,075 мг клофелині бар ½ таблеткалар) 0,15 –0,3 мг-ға дейін көбейтеді».

Осыны оқитын студент былай тұрсын, тәжірибелі әріптестеріміздің өзі, қостілді болмақ түгіл полиглот болса да, тісі батып түсінуі екіталай. Өйткені бұл сөйлемдер таза қазақша сөйлеп тұрған жоқ.

Орыс тілінде жазылған ғылыми мәтінді сауатты, ұғынықты етіп тәржімалауға қазақшаның қабілетсіздік танытуының ең басты себебі – тіл орнықсыздығы, ұғымдық айқындықтың, стильдік жіктелімнің жоқтығы, терминдердің әркелкілігі.

Ауызекі сөйлесуде үйреншікті айтыла салатын сөздер мен сөз тіркестері көп жағдайда нақты ғылыми құбылыстардың реңкін ашып бере алмайды. Сондықтан белгілі бір саланың еншісіндегі терминдер мен сөз тіркестерді қазақ тілінің заңдылығына сауатты түрде бағындырып пайдалану қажет.

Қазақша жазылатын ғылыми еңбектеріміздегі тілдік селкеулікті жою үшін мүмкіндігінше тіл мамандарымен біріге отырып, тоғыз толғанып, он ойланып ізденуіміз керек. Бірақ тіл мамандары медицина тілін білмейді.

Латын, грек терминдеріне орыс жалғау-жұрнақтары қосылып пайда болған сөздерді қазақшаға бейімдегенде олардың этимологиялық түбіріне үңілу қажет. Өкінішке орай функционалдық, индустриалдық, фолликулярлық, алвеолярлық, лейкоцитарлық. бактериалдық, бронхоэктатикалық, антиревматикалық, липолитикалық деген сияқты қателерді байқамайтын болдық.

Тілімізді дамыту үшін Гиппократ пен оның ізбасарлары халық емшілері арасында ұрпақтан ұрпаққа тараған медициналық лексиканы қолданғаны сияқты, ұмыт болып кеткен төл сөздеріміздің арасынан термин функциясын атқара алатын, ұғымдық сипаты айқын сөздерімізді қайта тірілтіп, оларды қазіргі тәржімасы қиындық туғызып жүрген орыс сөздерінің эквиваленті ретінде тура тауып орнына қоюымыз керек. Тілді дамытудың жолы – жаңа сөз қосу екен деп, жөн-жосықсыз сөзжасам мен терминжасамның «құмар ойынына» жаппай кіріп кетуіміз – әперетін атағы мен әкелетін шатағы қатар тұрған құбылыс.

Еуропа елдерінде және Америка жерінде медицинаға жаңадан енгізілген терминдерді жасауда грек және латын тілдері негізгі дереккөз болды. Классикалық тілдердегі сөздіктерден алынған сөздермен қатар түрлі елдердің ғалымдары ойлап тапқан неоклассицизмдер пайда болды. Неоклассицизмдер латынша немесе түрлі ұлт тілдерінің формасында қолданылды. Грек, латын этимологиясының арқасында мұндай терминдер түрлі ұлттардың тілдеріне, олардың фонетикалық, морфологиялық жүйесіне сәйкес оңай кірікті. Осылайша терминдер халықаралық атауларға, интернационализмдерге айналды.

Қазақша эквиваленті табылмаған халықаралық терминдерді қазақшалау процесі біртіндеп жүрсе керек, өйткені ғасырлар бойы эволюциялық жолмен қалыптасып, халық санасына сіңіп, әлемдік коммуникация функциясын атқарып келген терминдерді бірден, жаппай қазақшалаудың миға тигізетін өзіндік зияны да бар. Олай дейтінім, лингвистика мен биология және физиология арасында тығыз байланыс бар. Тіл жүйесі мен мидың қарым-қатынасын зерттейтін нейролингвистиканың нәтижелері ғылымға белгілі. Дәл бүгінгідей науқаншылдықпен тілімізге осыншалықты ақпараттық жүктеме түсіріп, қиянат жасамау керек. Онсызда бұрынғы бодандықтан будандыққа шалдыққан ұлттық санамызда көзге көрінбейтін ақау бар деп есептеймін. Мидың функциясы ауытқығанда, сөйлеудің де бұзылатыны медицинаға мәлім. Мидың кибернетикалық жүйесіне түсетін «бұзылған сөздер тасқыны» кері байланыс арқылы функцияға да әсер етпей қоймайды. Әрине, тілге байланысты психологиялық өзгерістер, бұрқ етіп, бір күнде біліне салмайды. Бүгінде біз сапырылысқа ұшырап мән-мағынасы шатысқан сөздерімізді санамызға күштеп енгізіп, психолингвистиканың эксперименттік нысанына айналған ұлт сияқтымыз.

Біздің терминжасаммен, аудармамен айналысып жүрген мамандарымыз кей жағдайда өте ауқымды терминдердің бір ғана мағынасын бөліп алып аударатындықтан және сол терминнің басқа сөздермен тіркес келетін варианттарын түгелдей талқыламайтындықтан қателіктер туындатып жатады. Әсіресе, жеке ғылым салаларының терминдерін көзжұмбайлықпен аудара салуға болмайды. Медицинаға, биологияға, ветеринарияға қатысты кейбір терминдерді тіл мамандарының аударғанын көріп көңіліміз толмағандықтан, бір-екі жеке сөздерді талқылап көрейік.

Бір сөздіктерде адаптация – жерсіну деп берілген, ал сонда медицина мен биологиядағы адаптация болевая (вкусовая, зрительная, слуховая, цветовая, тактильная), адаптация нервных центров деп аталатын терминдеріміздің аудармасы қалай болады? Жерсіну – акклиматизация деген сөзге жақын емес пе? Дезодорация – тазарту деп берілген, ал бұл сөздің тура мәні – сасық иісті кетіру. Мәдениеттілеу етіп аудармақ ойымыз болса – иіссіздендіру дейік.

Врачебный долг – дәрігерлік борыш деп ұсынылғаны сәтсіз. Бұл жерде деонтология (deontos) – учение о долге – біреуден қарыз алып борышқа батып жүргендердің мәселесі емес, бұл – рухани әрекет пен рухани міндет деңгейіне көтерілген категория, сондықтан да врачебный долг – дәрігерлік парыз, бірақ деонтологияны «парызтану», «парызтаным» деп термин жасау қаншалықты сәтті, ойланайық.

Сөздеріміздің санын емес сапасын арттыру үшін жоғарыда қозғалған мәселеден кем дегенде екі ұсыныс шығаруға болады.

Бірінші. Орыс сөздерінің бәрін міндетті түрде һәм тек сауатты түрде, қазақшаға аударып алуымыз керек.

Екінші. Халықаралық терминдерді әзірше абайлап қазақшалау керек, оның өзінде терминологтар мен аудармашылар эквивалент сөздерді тек арнаулы ғылым саласының қазақшаға жетік мамандарымен біріге отырып іздеуі керек. Дәл осы шарт орындалмағандықтан тілімізге шамалы «әттеген-айлар» түгіл нағыз «ұят-айлар» кіріп кетіп жатады.

Грек-латын терминэлементтерінің (гипо-; гипер-; диз-; дис-; гастро-; нефро-, -емия; -тония; -генезия; –урия) бірқатар артықшылықтары бар, сондықтан жаңа терминдерді құрғанда осыны ескеру керек:

Олар классикалық «өлі» тілдердің алтын қазынасынан бастау алғандықтан, мағыналары өзгермейді, ары қарай дамымайды. Этимологиялық аспект артта қалып, терминологиялық семантика алға шығады.

Терминэлементтер буын саны аз, қысқа сөз болғандықтан, кез келген ұлт тілінде сөз тіркестерінің орнына көпкомпонентті, көпақпаратты сөзді жасауға ыңғайлы. Мысалы: «қуықтың қабынуы» деген тіркестің орнына – цист/ит; «ағзаны қатпарлап рентгенге түсіру» деген сөз тіркестің орнына томо/графия деп қолдану.

Бір мағыналы терминэлементтердің түрлі термин құрамында қайталана беруі – оларды тез түсінуге, есте сақтауға мүмкіндік береді. Кейбір ғалымдардың есептеуі бойынша, 500 терминэлемент – 15 000 терминді түсінуге мүмкіндік береді, екінші жағынан өзара байланысты терминдер кешенін құруға мүмкіндік береді. Мысал ретінде қабынбалы аурулардың микрожүйесін алуға болады. Ол грек тіліндегі сын есімнің «бір нәрсеге тиесілі, тәуелді» деген мағына беретін -itis жұрнағына «қабынба» деген мағына берді (nosos сөзімен тіркескенде), мысалы: nephritis – бүйрек ауруы, peritonitis – ішперденің қабынуы.

Грек-латын терминэлементтері түрлі тілдегі терминэлементтермен оңай қосылады. «Гибрид» сөздер түзіледі, ғылыми тілдің термин жасау потенциалы арта түседі. Гибрид сөздер, яғни шығу тегі аралас, жартылай латын және жартылай грек сөздері. Мысалы: ovario+tomia, hyper+secretio, lip+aciduria, funicul+itis.

Грек-латын терминэлементтері кез келген ұлттың тіліне оңай бейімделеді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылғы Жолдауында: «Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде. Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет.

Аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек. Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді»- деді.