Шеттілдік терминдерді игеру жолдары

Шеттілдік терминдерді игеру жолдары
Бүгінде терминология саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі терминдердің бірізді қолданылуын қамтамасыз ету. Себебі кей терминдердің әр-түрлі баламада қолданылуы, бұқаралық ақпарат құралдарында, оқулықтар мен ғылыми әдебиеттерде түрлі баламаларының қатар жүруі, соның ішінде дұрыс баламалардың болмауы қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытуға кедергі тудырады. Осыған орай, мемлекетімізде қазақ терминологиясын ғылым тілі ретінде қалыптастыру, терминдерді жүйелеу және біріздендіру, бірнеше баламасы қатар қолданылып жүрген шеттілдік терминдерді игеру мәселесін шешуге арналған іс-шаралар көптен өткізілуде.

Шеттілдік сөздер деп тілге басқа тілден енген, фонетикалық және морфологиялық тұрғыда, жазу стиліне, тіл стандарттарына сай өзгертіліп қалыптасқан сөздерді айтамыз. Шеттілдік сөздер белгілі бір шет тілі элементі немесе толық мәнді морфема арқылы жасалып тілде пайда болатын және бекітілетін күрделі үдеріс. Бұл сөздер тілдің қызмет ету және тарихи өзгеру процесінің ажырамас бөлігі, кез келген тілдің сөздік қорын толықтыратын негізгі көздерінің бірі болып табылады. Шет тілі сөздері тілге екі түрлі жолмен, ауызша және жазбаша түрде енеді. Ауызша жолмен сөздер тілге тезірек енеді. Жазбаша түрде енген сөздер фонетикалық, орфографиялық және грамматикалық ерекшеліктерін ұзақ сақтайды. Кірме сөздердің рөлі белгілі бір тілдің тарихына, ұлттар арасындағы саяси, экономикалық және мәдени қарым-қатынастарға байланысты.

Қазіргі қоғам дамуындағы интеграциялық үдерістер күнделікті өмірдің барлық саласына, соның ішінде тілдің дамуына да өз ықпалын тигізуде. Мемлекеттік тілімізге шеттен үздіксіз еніп жатқан сөздер тіл тазалығының жағдайын қиындата түседі. Кірме терминдерді дайын күйінде сол қалпында қабылдай беру тіл экологиясына кері әсерін тигізіп, тілдің қоғамдық және коммуникативтік қызметінің төмендеуіне әкеп соғады. Шет тілінен енген лексиканы қабылдауда ғалымдар қарама-қайшы пікірлер айтады, біреулер шет тілінен сөз қабылдау тілдік қорды байытады десе, екінші бір ғалымдар, керісінше, бұл сөздер тілді бұзады дейді. Кейбір отандық ғалымдар «шет тілдерінен енген терминдерді аудармай сол күйінде қалдыру керек» деген пікір айтуда. Мысалы: календарь, паспорт, фортепьяно, процент, радио, телефон, принтер, мышка, тендер, тенденция, процес, контент. Осы сияқты терминдер қазақ тілінде сол ұғымның мағынасын дәл бере алмайды, қай тілге де болса ортақ термин сақталуы керек дейді. Өз уақытында бұл терминдерді халықаралық терминдер деп атаған болатын. Себебі шет елден алынған сөздерге өз тіліңнен балама табу оңай жұмыс емес. Ал кейбір ғалымдар шеттілдік сөздерді тілде өз баламасымен қалдырмай, аударып қолдану тіл экологиясына нұсқан келтірмейді деп тұжырымдайды. Олар қарама-қайшы пікір айтып, шет тілінен енген кірме сөздерге міндетті түрде қазақша баламасын беру керек дейді. Сондықтан бұл жағдай А. Байтұрсынұлы «өз тіліне басымдық беру» деп айтқандай, төл тіліміздің дамуына ықпал етіп, терминтанушы ғалымдардың назарын аударатын мәселелердің бірі.

Ғалым С.Итеғұлова терминдерді біріздендіру туралы: «Қазіргі таңда терминдерді жүйелеу және біріздендіру өзекті мәселе. Шеттілдік терминдерді қалай қабылдаймыз деген сұрақ туындауда. Әсіресе орыс тілінен енген терминдерді сол күйінде қабылдаймыз ба әлде ұлттық тіліміздегі баламаларға сәйкестендіреміз бе? Бұрын орыс тілі кірме сөздерді қабылдайтын донор тіл болды. Мысалы, «революция», «администрация», «паркинг» деп орысша қалай айтылса, солай қабылдадық. Неге бізге «паркиң» деп айтпасқа. «Халықаралық термин» деген сөздің өзі шартты ұғым. Себебі терминдерді бекітіп отырған халықаралық ұйым жоқ. Кезінде Кеңес Одағы құрамына кірген 15 республикаға ортақ термин таратылып, «аударуға болмайды» деді. Ал бүгінгі халықаралық тәжірибеге қарасақ, қытай болсын, ағылшын болсын, кез келген дамыған елде терминдерді өзінің ұлттық тілінің заңдылықтарына ыңғайлап, аударып алады. Егер ол елдер терминдерді аудармай алса, өздерінің фонетикалық, морфологиялық ерекшеліктеріне сәйкестендіріп, «сындырып» қабылдайды. Бізде де осы мәселеге мән беретін кез жетті», – деп бөліседі [1].

Терминтанушы ғалымдар шет тілінен сөз қабылдағанда ол сөздер өздері енген тілге жан-жақты бейімделуге жақын тұратындығын айтады. Орыс лингвисті, Я.П.Крысин шет тілінен сөз қабылдау процесін бір тілден екінші тілге түрлі элементтердің енуі деп түсінеді. Бұл жерде ғалымның «түрлі элементтер» деп отырғаны тілдің ең басты құрылымдары: фонетика, лексика, морфология, синтаксисты атайды [2,19]. Америка лингвисті Э. Хауген шет тілінен сөз қабылдауды: «Попытку говорящего воспроизвести в одном языке навыки, усвоенные им в качестве носителя другого языка» деп сипаттайды [3,345]. Бұл мәселе төңірегінде отандық ғалым Б. Момынова: «Өзге бір тілдің жүйесін білмеген адам өз ана тіліндегі бөгде, кірме сөздерді түстеп, тани алмайды. Ол сөздерді шет тілден енген десе, тіктеп қарсылық білдіру де мүмкін. Ол кейбір өзге тілдік элементтердің басқа тілге әбден сіңісіп, кірігіп кеткендігінен болмақ» деген пікір айтады [4,91]. Тағы бір терминтанушы ғалым Д. С. Лотте: «Кірме терминдерді дайын күйінде қабылдау, әрине, басқа тәсілдермен салыстырғанда жеңіл екені белгілі. Осы «жеңілдік» орыс тіліндегі ғылыми техникалық терминологияға негізсіз көптеген кірме тер­мин­дерді енгізуге әкеліп тіреді» деген пікір білдіреді [5,8]. Шет тілінен енген терминдердің тілімізде қолданылуы туралы М. Серғалиев: «Қазіргі термин қолдану практикасында негізгі үш түрлі бағыттың интернационалдық терминдерді аудармай алу, шет ел немесе орыс тіліндегі сөздердің мағынасын дұрыс бере алатын қазақ сөздерін пайдалану және қазақ тілінің нормасына сай келетін жаңа терминдер жасау күнделікті дәстүрге айналып отыр» деп айтады [6]. 

Қазіргі заманауи технологиялардың даму заманында халықтың көпшілігі әлеуметтік желілерді жиі қолдануда. Осы желілер арқылы жастар сленг, жаргон, варваризм сөздерін тілде көптеп пайдалануда. Осының салдарынан шетел сөздері де тілімізге енуде. Мысалы: instagram, tiktok, account, megabait, challenge, snapchat, facebook, blog, target, stories, reels, status деген сөздер деп тізе беруге болады. Бұл сөздер әлеуметтік желіде ағылшын тілінде дыбысталып, латын графикасына сай жазылып жүргенін көреміз. Алайда қазақ тілінде аудармасы болса да ғаламтор беттерінде қазақшасынан гөрі ағылшыншасы жиі қолданылады. Мысалы, «leader» сөзін «жетекші», «internet» сөзі «ғаламтор», «e-mail» электронды пошта, «information» cөзі  ақпарат деп аударылса да, шет тілдегі нұсқасы жиі пайдаланғанын көреміз.

Қазіргі қазақ тіліндегі терминдердің 70-80 пайызы орыс тілі арқылы енген кірме сөздерден тұрады. Мемтерминком бір терминге орыс және қазақ тілдеріндегі екі баламасын қатар қолдануды ұсынды. Мысалы, аудитория  сөзі аудитория, дәрісхана деп, логика сөзі логика, қисын, модернизация сөзі   модернизация, жаңғырту, абзац сөзі абзац, азатжол деп бекітілді. Қазір қолданыста қисын сөзінің орнына логика сөзі, азатжол сөзінің орнына абзац сөздері көп қолданылады. 

Жалпы тілімізде кірме терминдердің нақты санын айту қиын, себебі бұл сөздерді барлық саладан кездестіруге болады. Қазақ тіліндегі кірме сөздерді зерттеген отандық ғалымдар Р. Сыздықова І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, Л. Рүстемов болған. Ғалымдар өз еңбектерінде кірме сөздердің  екіге бөлінетінін айтады. Бірінші топқа араб-парсы тілдерінен енген кірме сөздер, ал екінші топқа орыс тілінен және орыс тілі арқылы басқа тілдерден енген кірме сөздер. Шет тілінен енген кірме сөздерді төмендегідей жіктеуге болады: 1. Тікелей тура кірме терминдер. Шет тілінің сөзі қазақ тілінде тура мағынасында беріледі: блэк (қара), мани (ақша), пати (кеш), бой (бала), фрэнд (дос), прайс (баға), уикенд (демалыс), бокс (қорап). 2. Гибрид (будан) сөздер – шет тілінің сөзіне қазақ тілінің жұрнағын, жалғау, қосымша жалғау арқылы жасалады: автоматтандыру, радиоқондырғы, фотосурет, демократияландыру, этносаясат, микроағза, киножоба, еурожөндеу, агросала.3. Калька сөздер – дыбысталуы өзгертілмей сол қалпында қалатын шетел сөздері: меню, миксер, диск, вирус, блог, хакер, тостер, девайс, тостер, папарации. 4. Экзотизмдер және варваризмдер – басқа халықтың дәстүрін сипаттайтын, өз мағынасын сақтайтын қазақ тіліне жат сөздер: доллар, босс, бармен, мистер, чипсы, хот-дог, барбекю, йогурт, бифштекс, гангстер.5. Композит сөздер – сөздік құрамы екі ағылшын түбірінен тұрады: фаст-фуд, секонд-ханд, прайс - лист, фото - салон, видео - салон, сторис-мейкер, ньюс-мейкер, лав-стори, тайм-аут, шоу-бизнес.6. Жаргон  немесе сленг сөздер - бұл сөздер не сөздердің жиынтығы ешқандай фонетикалық және грамматикалық жүйеге бағынбайды. Тек лексикалық мағынасы ғана болады. Сленгтер өзге тілден енген сөздер не ешбір грамматикалық заңдылықсыз қысқартылған сөздер болып келеді. Бұл сөздер ағылшын не орыс тілдерінде біршама уақыт қолданылып келеді, қазақ тілінде бұл сөздердің дамуына әлеуметтік желілер, инстаграмм, фейсбук пен  мессенджерлердің көптеп қолданылуы себеп болды. Мысалы: арзан-фуфло, мас – бухой,  мақсат – таргет, дағды – скилл, сәнді – гламурный, зерделі, ақылды – ботаник, ұнатпау-хейт, әдемі, сымбатты – краш, өмір – жиза, кешіру – сорян, кеттік – гоу, оңай – изи.

Тағы бір кірме сөздердің түрі паразит сөздер. Бұл сөздерге тілге жат,  артық, ешқандай мағынасы жоқ деген анықтама беріледі. Тіл білімі институтының ғалымдары  Н.Әміржанова: «Әдетте, семантикалық жүктемесі әлсіреген сөздер паразитке айналады. Атап айтқанда: «жоғарыда айтқандай», «яғни», «не ғой», «әйтсе де», «әлгі», «енді», «негізі», «мына», «шынын айтқанда», «шыны керек» «ендеше», «жаңағы», «жалпы». Ғ.Мүсірепов «сөз – сөзге жа­рығын да түсіріп тұрады, көлеңкесін де түсіріп тұрады» деген екен. Шындығында да, сөздің «жарығын» көбейту үшін, тілдік бірліктерді дұрыс әрі орынды қолдану қажет. Ал ол үшін, әрине, үздіксіз білім мен тәжірибе керек» деп тұжырымдайды [7]. Ғалым А.Алдаш паразит сөздер туралы былай дейді: «Қазақ виртуалды желісіндегі «айтам дедім ғо (ғой; кейде го), билмим (білмеймін), неістебатсыздар» дегендер паразит сөздер болып саналады. Бұларды паразит сөздердің бір тобы деуге болады. Әлеуметтік көрсеткіштері мен жас мөлшері әртүрлі қатардағы қазақтілді қоғам мүшелерінің, яғни қазақ тілі ана тілі болып есептелетіндердің күнделікті тұр­мыстық тілдік қарым-қатынас­тарында «типа того», «норм/ нормально», «короче». «уже», «класс», «круто» деген сөздер бар. Енді бұлардың қатарын толықтыра бастаған басқа «өзгеліктерді», әсіресе жастар тілінен байқаймыз. Мысалы, әлеуметтік желіде ұшырасқан өзара ақпарат алмасу барысындағы «кафеге сүйіктіңізбен не болмаса достарыңызбен барып, цивильно әңгіме-дүкен құрып…» дегендегі «цивильный» сөзі де жиі қолданылып бара жатыр, бұны да паразит сөз деп тануға болады» [7]. 

Сондықтан шеттілдік термин сөздерді қазақ тіліне бейімдеген кезде А.Байтұрсынұлы бастаған зиялылардың еңбектерінің негізінде қазақ тіліндегі нормаларды нақтылап алып, сол принциптерге бағындыру кажет. Қазақ тіліне кірген жат сөздерді де мүмкіндігінше заңдылықтарға икемдеп, сөздің ішіндегі дыбыстарының бәрін бірыңғай жіңішке не жуан түрінде алуға болады.

Біз жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз, төл тілімізге шетел тілдерінен қаншама сөздер еніп жатыр. Бұл үрдіс тілге кері әсерін тигізіп, өз тіліміздің жойылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан да зат атауларын көбінесе қазақ тіліндегі баламасын қолданып, қазақ тілінің заңдылықтарына сай өзгерткен дұрыс. Жалпы алғанда, тілімізде жаңа сөздердің пайда болуы сөздік қорымызды байытады десек те, шетел сөздердің көптігі тілімізді шұбарлап, нұсқан келтіріп, әдеби сұлулық пен тілдің тазалығын жояды. Қоғамымыздағы болып жатқан интеграциялық үдерістердің тілге тигізетін әсерін ескере отырып, кірме сөздер мен сөз тіркестерінің қазақ тілін шұбарлауына жол бермей, зиян келтірмеуі тиіс.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

<!-- [if !supportLists]-->1.     <!--[endif]-->Итеғулова С.  Шеттілдік терминдердің игерілу барысы және басты ұстанымдары // Жас Алаш газеті. №53, 2021.

<!-- [if !supportLists]-->2.     <!--[endif]-->Крысин Л.П. Иноязычные  слова в современном  русском  языке. - М.: Наука, 1968,. -208с.

<!-- [if !supportLists]-->3.     <!--[endif]-->Хауген Э. Процесс  заимствования//Новое в лингвистике. - М.: Прогресс, 1972.  -344-383с.

<!-- [if !supportLists]-->4.     <!--[endif]-->Момынова Б. Қазақ газетіндегі қоғамдық саяси лексика. - Алматы.: Арыс, 1998.  -110б.

<!-- [if !supportLists]-->5.     <!--[endif]-->Лотте Д.С. Вопросы заимствования и упорядочения иноязычных терминов и терминоэлементов.  - М.: Наука, 1982. -149с.

6. Серғалиев М.С. Оқу-ағарту жұмысында қолданылатын терминдер мен ұғымдар жайында//Терминдер және олардың аудармалары. -Алматы.: Ғылым, 1990. - 216 б.

<!-- [if !supportLists]-->7.     <!--[endif]-->Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы // Электрондық ресурс URL: https://tilmedia.kz