ТҮРКІ ТІЛДЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫНДАҒЫ ӨЗАРА САБАҚТАСТЫҚ (MUTUAL COOPERATION IN THE FORMATION OF TURKISH LANGUAGES)

ТҮРКІ ТІЛДЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫНДАҒЫ ӨЗАРА САБАҚТАСТЫҚ (MUTUAL COOPERATION IN THE FORMATION OF TURKISH LANGUAGES)
Мақалада түркі тілдерінің дамуы мен қалыптасу кезеңдері, зерттеуші ғалымдар, олардың еңбектері, түркі тілдері арасында тілдік сабақтастық туралы ақпараттар айтылады. Кілт сөздер: түркология, сатылай байланыс, типология, түркі халықтары, салыстырмалы-тарихи тәсіл.

Қай халықтың болса да тілі сол халықтың тарихымен тығыз байланысты. Алайда, тілдің фонетикалық даму заңдылығын сол халықтың тарихымен байланыстырып шеше алмаймыз, сондай-ақ грамматикалық формалардың да даму заңдылығы халықтардың тарихи даму заңдылығына бағынбайды. Халық тарихының өзіндік, тіл дамуының өзіндік заңдылықтары бар. Бұл - шындық. Бір халық өзінің ұзақ даму тарихында бірнеше халықтармен қарым- қатынаста болады, бір халық екіншісіне өз ықпалын тигізуі мүмкін. Тіпті кейбір халық өз тілінде сөйлемей, көрші халықтардың тілін қабылдауы мүмкін. Бұған Сібірдегі кеттердің бір кезде түркі тілін қабылдауы дәлел бола алады. Қей халықтар өзінің ана тілін сақтап қалса да, көрші халықтардан көп элемент алып, жіті өзгеріске түсуі де мүмқін. Мысалы, түркі тілдерінің ішінде чуваш пен якуттар монғол тілінде сөйлейтін халықтармен ұзақ араласып, осындай өзгеріске түскен. КСРО-дағы басқа түркі тілдес халықтарға қарағанда өзбектер мен ұйғырлар араб тілінің ықпалына көбірек ұшыраған.

Адамзаттың алғашқы даму сатысындағы, балаң кезіндегі тілінің фонетикалық, грамматикалық жүйесі, алғашқы сөздер туралы жалпы түсінігіміз болмаса, нақтылы фактілеріміз жоқ. Бірақ үлкен тайпалар не тайпалар одағының тілін анықтап, тілдік құрылымын дәлелдеп бере алатын материалдарымыз баршылық. Сондықтан да үлкен-үлкен тайпалар тілі және олардың диалектілік, говорлық ерекшеліктеріне сүйене отырып, қазіргі кей диалектілік материалдармен салыстыра қарап, ертеректегі тілдің схемалы макетін (бейнесін, қалыпын) жасауға мүмкіндігіміз бар. Әсіресе түркі тілдері негізінде ондай мүмкіндік молырақ.

Түркі тілдес тайпалар, рулар одағының жазба материалдары эрамыздың V-VI ғасырларына барып тіреледі. Сондықтан да осы дәуірден бастап түркі тілдерінің материалдарын салыстырмалы-та- рихи зерттеулерге арқау етуге болады. Осы екі дәуір материалымен салыстыру нәтижесінде түркі тілдерінің әр дәуірдегі даму дәрежесін анықтауға болады. Түркі халықтар тарихына зер салар болсақ, ру мен тайпалар одағы бірде қосылып, араласып жатса, бірде бөлініп шығып, өз алдына отау тігіп жататындығын көруге болады. Түркі тайпалары да нақ осындай, кейде бірігіп, тығыз араласып, тайпалар одағын жасап жатса, кейде жауласып, аралары алшақтап, алыстап кететін болған.

Түркі халықтарының көне тарихына көз жіберетін болсақ, олар бірнеше тайпа және тайпалар одағынан құралған; олар бірде одақтасып бірігіп, отырса, бірде жауласып, араларын алшақтатып отырған. Алтай, Саян таулары мен қазіргі Монғолия жерінде орналасқан түркі тайпалары сөздік қоры мен грамматикалық құрылымы бір, негізі бір тілде сөйлеп қарым-қатынас жасап келсе де уақыттың озуымен байланысты өзіндік ерекшеліктері бар жеке-жеке түркі тілдеріне жіктеле бастайды, бірақ сатылай байланысып, туыстығын сақтайды.

Туыстас тілдердің сатылай байланысуы, алыстауы мен жақындауы сол қауымдағы әрбір халықтың тарихына тікелей қатысты. Алғашқы ру, тайпа, тайпалар одағының қосылуы тарихи-қоғамдық процесс болса, әрбір ру мен тайпалардың қалыптасуы да сондай процесс. Қейбір тайпалар жеке рулардың бірлестігі негізінде құралады да, олардан бірте-бірте қол үзіп кетеді. Осыған орай тайпалар одағы қолданған жалпы тіл де жеке рулар тіліндегі ерекшеліктерді сақтауы да, сақтамауы да мүмкін. М. Қашғари «Сөздігінде» кездесетін тайпалар тіліндегі ерекшелікті осы тұрғыдан түсіну керек. Егер қазіргі түркі тілдерінің о бастағы негізі болып саналатын жалпы түркі тілінің (баба тіліміздің) макеті жасалса (ондай тілдің болған-болмағаны әзірше белгісіз), оның тек басты-басты заңдылықтарына ғана сүйенуге болады. Сондықтан да түркі тілдеріне негіз болған тіл - «жалпы түркі тілі» деген шартты түсінік қана [1].

Қазіргі түркі тілдерінің арасында сатылай байланыс, бір-біріне іліктестігі сақталған. Мысалы, қазақ тілі дыбыстар жүйесі жағынан да, грамматикалық құрылымы жағынан да, сөздік құрамы жағынан да қарақалпақ пен ноғай тілдеріне жақын.

H. А. Баскаков осы үш тілді түркі тілінің қыпшақ-ноғай тобына қосқан. Бұл үш тіл басқа түркі тілдеріне қарағанда татар, башқұрт тілдерімен жақынырақ. Татар, башқұрт тілдері де өзара жақын тілдер. Ал қазақ, қарақалпақ, ноғай халықтары Ноғай ордасынан бөлініп шығып, өз алдарына XIV-XV ғасырларда халық болып қалыптасқаны белгілі. Сатылай байланыс көне дәуірге жақындаған сайын қанатын кеңірек жайып, бірнеше тайпалар одағын қамти береді. Егер Орта Азия халықтары мен Қавказдағы түркі тілдес халықтар бір кездерде түркі тілдерінің батыс хун тобын құрағандығын еске алсақ, басқа дәлелдің керегі болмас.

Жеке түркі тілдерінің қалыптасу дәуірлері әр түрлі. Олардың кейбіреулері ерте қалыптасып, өз іргесін басқалардан бұрынырақ алыстатқан болса, енді біреулері ортақ тіл қауымынан соңғы дәуірлерде (XIV-XVI ғас.) ғана бөлініп шыққан. Бұған түрлі жағдайлар, әсіресе сол халықтың экономикалық жағдайлары себеп болған. Мәселен, ұзақ уақыт көшіп жүрген, мал шаруашылығын кәсіп еткен халықтарда тайпалық тілдердегі ала-құлалықтар тез жойылса (мысалы, қазақ тілі), жермен байланысты, егін шаруашылығын кәсіп еткен (мысалы, өзбек) халықтар тілінде ұзақ уақыт сақталынған. Қей халықтардың этникалық құрамы әр түрлі болып келсе, кейбіреулерінікі тұтас, бірыңғай болады. Бұл жағдайдың да тілдің қалыптасуына, тілдік ерекшеліктердің пайда болуына, сақталуына ықпалы бар. Түрколог ғалымдар түркі тілдерінің даму кезеңдерін белгілі этаптарға бөліп, әр этаптың өзіндік ерекшелігін анықтауға әрекет етіп келеді. Мысалы, Н.А.Баскаков түркі тілдерін дамуы мен қалыптасуына қарай 6 кезеңге бөлген: 1) Алтай дәуірі,

2)      Хун дәуірі (V ғасырға дейін),

3)      Қөне түркі дәуірі (V-X ғасыр),

4)      Орта түркі дәуірі, немесе негізгі түркі тайпаларының дамуы мен қалыптасу дәуірі (X-XV ғ. ғ.),

5)      Жаңа түркі дәуірі немесе түркі халықтарының қалыптасуы мен даму дәуірі (XV-XX ғ. ғ.),

6)      Ең жаңа дәуір, немесе түркі тілдерінің Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейінгі даму дәуірі [2].

Н.А.Баскаковтың бұл пікірін ғалым-дардың көбі қолдайды, бірақ онымен келіспеушілер де жоқ емес. Мәселен, біраз ғалымдар түркі тілдерінің алтай дәуірін мойындамайды. Алайда біз түркі тілдерін қалыптасуын Н.А.Баскаковтың дәуірлеуіне сүйене қарастырамыз.

Түркі тілінің дамуындағы Алтай дәуірі – мерзімі жағынан әлі анықталмаған, ғалымдардың арасында дау туғызып келе жатқан мәселелердің бірі. Тілдерді салыстырмалы-тарихи тәсілмен зерттеп, туыстық жақындығын анықтағанда олардың ортақ белгілеріне сүйену қажет.

Осындай туыстық белгілер түркі-монғол тілдерінің арасында да бар және олар фонетика жүйесінде де, лексика мен грамматикалық құрамында да кездесетіндігін ескере келіп, бір топ ғалымдар «түркі тілдері өз алдына бөлініп шыққанға дейін алтай дәуірі тобында болған» деген топшылау айтады. Олар алтай тілдері тобындағы тілдерден: 1) түркі-монғол тілдері; 2) тунгус-маньчжур тілдері; 3) жапон-корей тілдері бөлініп шықты деген болжамды ортаға салады. Ал Х.Винклер, С.М.Широкогоров, Б.Колиндер, М.Рясянен, Д.Шинор, А.Дильачар сияқты ғалымдар тіпті алтай тіл бірлестігінен де арыға барып, орал-алтай тіл бірлестігі теориясын ұсынады.

Салыстырмалы-тарихи зерттеулер алтай тілдерінің деректерінде көптеген ұқсас келетін тілдік материалдардың барлығын анықтады. Жалпы алтай тілдері бірлестігінің құрамына енген тілдерде дыбыс үндестігі, екпіннің тұрақтылығы, жалғамалы тіл болуы, сөз алдынан келетін көмекші сөздердің (предлогтардың) болмауы, жыныс(род) категориясының болмауы т.б.

Көпшілік тілшілер алтай тіл бірлестігін анықтауда дыбыстық сәйкестікке көбірек көңіл бөледі. Мысалы, Н.А.Баскаков осындай белгінің бірі ретінде тунгус тіліндегі т дыбысы мен маньчжур тіліндегі с дыбыстарының и дыбысының алдында тұрғанда түркі тілдеріндегі ч, ш дыбыстарымен сәйкес келетіндігін көрсетеді.

Түркі тайпалары Орта Азия мен Қазақстан, Еділ-Дон аралығы мен Кавказ тауларының етектерінде қаншама көшіп-қонып жүрсе де, олардың ту тіккен жері – Сібір өлкесі болатын. «Түрік» сөзі де осы Сібірде қоланылған. А.Н.Гумилевтің көрсетуінше, біздің заманымыздың 439 жылы тобасцилар хундардың қалдықтарын жеңіп, Хэси өлкесін қытайдың Вэй империясына қосқан кезде 500 үйлік хунның князі Ашина жужандарға қашып өтеді де, Алтай тауының оңтүстігіне орналасады, олар жужандар үшін темір қорытады. Қытайлықтар Ашина тобын және оның айналасындағы, қол астындағы халықты ту-кю деп атайды. П.Пелльо бұл қытай сөзін тюрк-ют деп транскрипция жасаған. «Турк» деген сөз «күшті», «мықты», «берік» деген мағына білдірсе, ют морфемасы монғол тілінде көптік мағынаны білдіреді [3].

Көптеген түркі тілдері мен жаңа түркі тілдерінің өзара тарихи байланысы мен туысқандық қарым-қатынасы, өзара жіктелуі жөнінде жазылған әдебиеттер өте мол. Солардың ішінен М.Қашқари, Н.Ильминский, А.Ремюза, А.Мюллер, Н.Аристов, Н.Катанов, Ф.Корш, А.Самойлович, П.Иванов, А.Е.Крымский, В.А.Богородицкий, И.Бенцинг, И.Батманов, С.Малов,Н.Баскаков, М.Рясенен, Ф.Зейналов, К.Сартбаев, т.б. жасаған түркі тілдерінің өзара жіктелу кестесін арнап атап өткен жөн. Ол әдебиеттерді пайдалану көпшілік оқушылар үшін оншалықты қиындыққа түспейтін болғандықтан, біз арнайы тоқталып жатпадық. Жоғарыда көрсетілген «Түрік филологиясының негіздері» деген еңбекте көне түркі тілдері мен жаңа түркі тілдерін өзара топтастыру мәселесі осыған дейін жүргізілген зерттеу жұмыстардың бәрін де есепке алып жасалған. Бұның өзі түркі тілдерінің ең соңғысы классификациясы болғандықтан, біз оны оқушылардың назарына ұсынуды лайық көрдік:

1.       Ескі түркі тілі (орхон-енисей жазу ескерткіштерінің тілі)

2.       Орта түркі тілдері.

Батыс түріктерінің тілі – 1) «Кодекс куманикус» тілі; 2) қыпшақ тілі: а) мамлюк қыпшақтарының тілі; ә) армян қыпшақтарының тілі.

Шығыс түріктерінің тілі – 1) Қараханид түріктерінің тілі (осыған қосымша Жетісу жерінен табылған эпиграфиялық ескерткіштер тілі де келтіріледі); 2) Хорезм түріктерінің тілі; 3) шағатай тілі.

3.       Жаңа түркі тілдері. Оңтүстік түркі тілдері – 1) ескі осман тілі; 2) жаңа осман тілі және қазіргі түрік тілі; 3) осман тілінің диалектілері: а) анатоли және рум диалектісі; ә) гагауыз диалектісі; б) қырым османдарының диалектісі; 4) азербайжан тілі; 5) түркімен тілі. Батыс түркі тілдері – 1) каспий группасы: а) жаңа куман тілдері; ә) қырым татарларының тілі; б) құмық тілі; 2) орал группасы: а) Қазан татарлары мен Батыс Сібір өлкесіндегі татарлардың тілі; ә) башқұрт тілі. Орталық түркі тілдері – арал-каспий группасы: а) қазақ тілі; ә) қарақалпақ тілі; б) ноғай тілі; в) өзбек тілінің қыпшақ диалектісі; г) қырғыз тілі. Шығыс түркі тілдері – 1) өзбек тілі; 2) жаңа ұйғыр тілі; 3) сары ұйғырлар мен салар тілі. Терістік түркі тілдері – 1) алтай тілі; 2) абақан, чулум, шор тілдері: а) абақан тілі; ә) чулум татарларының тілі; б) шор тілі; 3) сойон және қарағас тілдері; 4) якут тілі (долған тілі де осы топқа кіреді).

Қазақ тілінің тарихын кезеңдеуде бірінші, қазақ тілінің тарихын (халық тілі, ұлт тілі болып қалыптасу тарихын) түсіндіру үшін, алдымен қазақтың халық болу,одан кейін ұлт болу процестеріне тоқталу қажет. Басқа да халықтар тәрізді қазақ халқы да о баста кішігірім этникалық топтардан құралды. Атадан руға, рудан рулар бірлестігіне, рулар бірлестігінен тайпаға, тайпалардан тайпалық одақтарға, тайпалық одақтардан ұлысқа, ұлыстан халыққа айналды.

Екіншіден, қазақ тілінің шығу тегі мен даму кезеңдерін түркі халқының, жалпы түркі тектес тілдердің даму дәуірлерімен бірлікте, соның шеңберінде алып қарастырғанда ғана толық түсінуге болады. Қазақ тілінің тарихын түркі тілдер тарихымен бірлікте алып қарастырған ғалымдар (Н.Баскаков, Ә.Қайдар т.б.) алты дәуірді атап көрсетеді, олар: алтай дәуірі, ғұн дәуірі, көне түркі дәуірі, орта ғасыр түркі дәуірі, жаңа дәуір, ең жаңа дәуір. Алтай дәуірін тап басып айта алмағандықтан, бұл дәуірдің сипаты ашылмай қалды, тек бір білеріміз: бұл дәуірде түркі-моңғол, тұңғыс-маньчжур, корей-жапон тілдері бірлікте болды деген мағлұмат. Кейбір зерттеулерде түркі тілдерінің даму тарихында алтай дәуірінен де әрі шумер дәуірі болғандығы жайлы деректер айтылады.Осы дәуірлердегі қазақ тарихына қатысты тарихи жазба ескерткіштердің, жазу таңбаларының қазақ тілінің халық, ұлт тілі болып қалыптасып, әдеби тіл дәрежесіне жетуінде мәні зор.

Үшінші, қазақ тайпаларының халық болып бірігуі, қазақтың халық тілінің қалыптасуы ХV-ХVІ ғасырларда қазақ тайпаларының қыпшақ қауымынан, ноғай ордасынан бөлініп шығуына, моңғол басқыншылығынан кейін қазақ жерінде патриархтық-феодалдық қатынастың күшейіп, алғашқы қазақ хандықтарының пайда болуына байланысты екені ескерілуі қажет. Ал қазақ халқының ұлт болуы, тілінің ұлт тілі болуы ХІХ ғ. екінші жартысынан басталатыны, ұлт тілімен бірге ұлттық әдеби тіл қалыптасқанын шатастырмау қажет. Қазақ халқы – ежелгі ұлттардың бірі. Қазақ халқының ертедегі тарихы туралы еліміздің ежелгі тарихында мол мәлімет бар. Мұндай деректер ежелгі парсы және грек тарихында да ұшырайды.

Қорыта келгенде, Қазіргі дүниежүзілік ғылымда түркілердің арғы тегін ғұн немесе сақтар, алтайлықтар дегеннен басқа да болжамдар баршылық. Мәселен, шумермен ұқсастықтары туралы ғылыми болжам (гипотеза). Дегенмен түркі қағанаты кезінен белгілі түркі тілдерінің тарихын түркі қоғамының тарихымен байланысты қарастырып, сол кезеңдердің социолингвистикалық қалпын анықтау арқылы болашақта да талай тілдік тарихи зерттеулер жүргізілмек. Сонымен қатар адамзаттың тарихында белгілі тарихи кезеңдердің мәнін ашуда түркі тілдерінің тарихына тікелей негіздеп, онымен санасу қажеттігі туатыны анық.

 

Пайдаланған әдебиеттер

1.       Түркітануға кіріспе: оқу құралы / Ә. Қайдар М. Оразов; [жауапты ред. Ғ.Әнес]. – 3-бас. – Алматы: Арыс, 2004. - 358 б.

2.       Түркітану. Тарихи-археологиялық аспект / А.Досымбаева, – Алматы: Service Press, 2015. - 192 бет.

3.       Altay Cumhuriyeti'ndeki Eski Türk Yazitlari Aibümü / K.Konkobayev N.Useyev N.Sabdanaliyev; redaksiyon Heyeti: D.Kıdırali [ve diğer]; Türk Akademisi Uluslararasi Teşkilati... – Astana: Gilim Yayinevi, 2015. – 365

A PHP Error was encountered

Severity: Core Warning

Message: PHP Startup: Unable to load dynamic library 'imagick.so' (tried: /usr/lib/php/20180731/imagick.so (/usr/lib/php/20180731/imagick.so: cannot open shared object file: No such file or directory), /usr/lib/php/20180731/imagick.so.so (/usr/lib/php/20180731/imagick.so.so: cannot open shared object file: No such file or directory))

Filename: Unknown

Line Number: 0

Backtrace: