ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ САЛАЛЫҚ ТЕРМИНОЛОГИЯЛЫҚ СӨЗДІКТЕР ТҮЗУ ТӘЖІРИБЕСІ (THE TURKIC ACADEMY'S EXPERIENCE IN COMPILING SPECIALIZED TERMINOLOGICAL DICTIONARIES)

ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ САЛАЛЫҚ ТЕРМИНОЛОГИЯЛЫҚ СӨЗДІКТЕР ТҮЗУ ТӘЖІРИБЕСІ (THE TURKIC ACADEMY'S EXPERIENCE IN COMPILING SPECIALIZED TERMINOLOGICAL DICTIONARIES)
Түркі Академиясы түркі мемлекеттері арасындағы үздіксіз дамып келе жатқан қарым-қатынастарды тілдік тұрғыдан қолдау және өзара түсіністік пен ынтымақтастықты тереңдету мақсатында «Түркі тілдерінің терминологиялық сөздіктері» жобасын қолға алды. Осы жоба шеңберінде ағымдағы жылы түркі тілдерінің экономикалық, әскери және тіл білімі салалары бойынша терминологиялық сөздіктер жарыққа шықты. Мақалада Түркі Академиясының салалық терминологиялық сөздіктері сараланып, сөздіктерді түзу тәжірибесі айқындалады. Түйін сөздер: экономикалық терминдер, әскери терминдер, тіл білімі терминдері, салалық терминологиялық сөздіктер, түркі тілдері, Түркі Академиясы.

Кіріспе

Түркі мемлекеттері арасындағы үздіксіз дамып келе жатқан қарым- қатынастарды тілдік тұрғыдан қолдау және өзара түсіністік пен ынтымақтастықты тереңдету, түркі терминологиясының қазіргі жағдайын бағамдау және ортақ терминологиялық қор қалыптастыру мақсатында Түркі Академиясы 2023 жылы «Түркі тілдерінің терминологиялық сөздіктері» жобасын қолға алды.

Түрік тілі құрымы мен түркі мемлекеттеріндегітіл білімі институттары түркі тілдерінің грамматикалары, аударма сөздіктерітәрізді салаларда маңызды зерттеулер жүргізіп, түрлі жобаларды жүзеге асыруда. Соңғы жылдары ғаламторда осы бағыттағы ресурстар да қолжетімді болып,түркі әлемі зерттеушілері мен ғылыми мекемелері арасындағы ынтымақтастық күшейе түсті. Дегенмен қазіргі таңда түркі тілдері арасындағы кешенді терминдік сөздіктер саны көп емес. Бұл жерде түркі тілдерінің терминологиялық сөздіктерін түзудің алғашқы тәжірибесі ретінде Түрік тілі құрымы 1997 жылы жариялаған Емине Гүрсой Наскали басшылығында дайындалған «Түркі әлемі грамматикалық терминдер сөздігін» [1] атап өту керек. Бұдан бөлек Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанында құрылған Аударма орталығы 2004-2015 жылдар аралығында университет студенттері үшін саны шамамен 500-ден 4000-ға дейінгі терминдерді қамтитын қазақша-түрікше-орысша салалық он екі сөздік дайындағанымен, бұл сөздіктер көпшілік қауымға қолжетімді емес. 2013 жылы Түрік тілі құрымы мен Түркияның Ақпараттық технологиялар қоғамының мұрындық болуымен құрылған «Түркі әлемі ортақ ақпараттық технологиялар терминдері жұмыс тобы» алты (әзербайжан, қазақ, қырғыз, өзбек, түрік, түрікмен) түркі тіліндегі 1200 ақпараттық технология термині бойынша жұмыс жасады [2, 3]. Сонымен қатар, Түркі Академиясында 2018 жылы түркі тілдерінің терминжасамы бойынша тәжірибе алмасу, ортақ терминқор қалыптастыру мақсатымен «Түркі тілдерінің терминжасамы» атты жоба негізінде әзербайжан, қазақ, қырғыз, өзбек, татар және түрік мамандардың ұжымдық ғылыми еңбегі жарияланды [4].

Түркі Академиясы түркі тілдері арасындағы терминдерді біріздендіріп, бір жүйеге келтіру, ортақ терминдерді анықтау, түркі тілдері арасындағы тілдік бірлікті насихаттау, жалпы түркі ғылым тілдерінің дамуына үлес қосу мақсатымен түркі тілдерінің көп тілді терминологиялық сөздіктерін дайындау бастамасын қолға алды. Бұл сөздіктер түркі тілдерінің бірегей сөздік қорын, тілдік ерекшеліктерін және түрлі салалық терминдерін салыстырмалы түрде көрсетеді.

Түркі тілдерінің терминологиялық сөздіктері сериясы экономика, медицина, тіл білімі, әскери іс, ауыл шаруашылығы, қоршаған орта, мәдениет және өнер, саясат, құқық, көлік және тағы басқа кең ауқымды салаларды қамтиды. Бұл сөздіктер түркі мемлекеттеріндегі Ғылым академияларына қарастытіл білімі, тіл мен әдебиет институттарының өкілдері және сала мамандарының тікелей қатысуымен әзірленді. Осылайша Әзербайжан, Башқұртстан, Қазақстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Түркия, Түрікменстанның ұлттық терминдерге жауапты ресми мекеме өкілдері алғаш рет кешенді терминологиялық жобаға қатысып, жұмыс істеді.

Терминологиялық сөздіктер жобасына ӘзербайжанҰлттық Ғылым академиясы Несими атындағы Тіл білімі институты қызметкерлері (ф.ғ.д., профессорлар Саялы Садыкова, Шебнем Хасанлы-Гарибова), Әзербайжан Мемлекеттік экономика университетінен (э.ғ.д., профессор Расим Хасанов), Баку Еуразия университетінен (ф.ғ.д., профессор Икрам Касымов), РҒА Уфа Федералдық ғылыми-зерттеу орталығының Тарих, тіл және әдебиет институтынан (ф.ғ.к., доцент Зиннур Сиразитдинов), А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан (терминология бөлімінің меңгерушісі ф.ғ.к., доцент Сәрсенбай Құлманов), Қарақалпақ мемлекеттік университетінен (ф.ғ.д., профессор Шамшеддин Абдиназимов, доцент Қожаахмед Толыбаев), Қырғыз-түрік Манас университетінен (PhD Негизбек Шабданалиев), Өзбекстан ҒА Өзбек тілі, әдебиеті және фольклор институтынан (ф.ғ.к., доцент Гулам Исмаилов), Татарстан Ғылым академиясы Ғалымжан Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институтынан (ф.ғ.к., доценттер Альфия Булатова, Фериде Тагирова, Ринат Сафаров), Түркиядан Ұлттық қорғаныс университетінен (PhD Өмер Фарук Кожатепе), Анкара Қажы Байрам Вели университетінен (профессор Фиген Гүнер Дилек), Түркі Академиясының сарапшылары (Академияның вице-президенті болған Ерхан Түрбедар, PhD Айнұр Маемерова), Түрікменстан Ғылым академиясы Мақтұмқұлы атындағы Тіл, әдебиет және қолжазбалар институтынан (ф.ғ.к. Режепмухаммед Гелдиев) мамандар қатысуда.

Түркі Академиясы жоғарыда атап өтілгендей 2023 жылы бастаған терминологиялық сөздіктер жобасы бойынша ағымдағы жылы «Түркі тілдерінің экономикалық терминдері сөздігі», «Түркі тілдерінің әскери терминдері сөздігі» және «Түркі тілдерінің тіл білімі терминдері сөздігін» жарыққа шығарды.

Түркі әлемінің жаһандық бәсекелестік ортаға және осыған байланысты барлық салалардағы инновацияларға ілесіп отыруы өте маңызды. Экономикалық, әскери және тіл білімі терминдері сөздіктерінде негіз тіл ретінде ағылшын тілі алынып, осы тілде дайындалған терминдер тізімі қолданылды. Мысалы, «Түркі тілдерінің экономикалық терминдер сөздігінде» экономика саласындағы ғылыми мақалалар, монографиялар, халықаралық баяндамалар мен сөздіктер негізіндебанк ісі, қор нарығы, бизнесті басқару, қаржы, макроэкономика, микроэкономика, есеп, сақтандыру, халықаралық сауда, салық саласы және экономикалық теория сияқты экономиканың негізгі салаларында ең жиі қолданылатын 5000 терминісұрыпталып алынды. «Түркі тілдерінің әскери терминдер сөздігінде» құрлық, әуе және теңіз күштеріндегі әскери тактика, әскери топография, әскери бұйрық, әскери шендерге қатысты жиі қолданылатын 5000 термин іріктеліп алынды. «Түркі тілдерінің тіл білімі терминдері сөздігінде» тіл білімінің түрлі салаларында қолданылатын 5000 термин сұрыпталды.

Түркиялық мамандар ағылшын тіліндегі терминдер негізінде жұмыс істесе, қалған түркі елдерінің мамандары ағылшын тіліндегі терминдердің орыс тіліндегі баламаларын негізге алды. Әзербайжандық мамандар ағылшын, орыс және түрік тіліндегі терминдерді негізге алып отырды. Осылайша ағылшын тіліндегі әліпби ретімен жазылған негізгі тізіммен бірге орыс тіліндегі тізім де қоса берілді. Тоғыз түркі тіліәліпби ретімен орналастырылып, бір ұғымның атауы болатын терминдердің әр тілдегі баламасын көріп салыстыруға және бағамдауға болады.

Түркі тілдерінде салалық терминдер жүйесі кәсіби және ғылыми қарым-қатынас қажетіне сай қалыптасқанымен, бірізділік байқалмайды. Терминдер жүйесі белгілі себептерге байланысты әр тілде сол тілдің ішкі сұранысына сай дамуда. Cалалық сөздіктерде жаңа ұғымдар мен жаңа терминдер қамтылғандықтан, жобаға қатысқан мамандар кейбір жағдайда сол терминнің аудармасын ұсынды. Бұл тұрғыдан жаңа терминдерге баламасы бар түркі тілдері басқа туыстас тілдерге өзара термин алмасу мүмкіндігін береді.

Экономикалық терминдер сөздігінде unemployment, inflation, gross domestic product тәрізді жалпы экономикалық терминдер; General Agreement on Trade in Services (GATS) сияқты халықаралық сауда келісімі атаулары; SWIFT code, foreign exchange сияқты халықаралық банк ісі терминдері; shoe leather costs тәрізді тұрақты сөз тіркестері; stock index option, shorting тәрізді биржа терминдері; technology entrepreneurship, sustainable agriculture, yettie, smart economies сияқты жаңа ұғымдар мен терминдер қамтылды.

Әскери терминдер сөздігінде escalation, gas bomb, gunpowder, national defenceтәрізді жалпы әскери терминдер; global maritime distress and safety system, global navigation satellite system, global positioning system сияқты халықаралық жүйе атаулары; hotbed of war, in the open, naked bullet, overwar деген әскери салада қолданылатын тұрақты сөз тіркестері; naval war college сияқты әскери білім беру орталығы атаулары; eyes front! forward march! order arms! parade rest! тәрізді әскери бұйрықтар; inter continental ballistic missile, laser guided weapon, logistics coordination centerтәрізді жаңа ұғым мен терминдер; first officer, flag officer, intelligence and counter intelligence officer тәрізді әскери шен атаулары; h-hour, D-day, lieutenant commander, petty officer тәрізді НАТО терминдері қамтылды.

Тіл білімі терминдері сөздігінде sentence, phonemicsystem, pronoun, transliteration, zetacism тәрізді жалпы тіл білімі терминдері; Common European Framework of Referencefor Languages (CEFR), International Phonetic Alphabet (IPA) сияқты халықаралық бағдарлама мен жүйе атаулары; slip of the tongue сияқты тұрақты сөз тіркестері; linguistic anthropology, sociostylistics, sociophonetics, systemic functional grammar тәрізді жаңа терминдер берілді.

Түркі Академиясының бастамасымен дайындалған салалық терминдер сөздіктерінің 1) түркі тілдеріндегі салалық терминдерді салыстырмалы түрде көрсетіп; 2) қолданыстағы және жаңа терминдердің түркі тілдеріндегі баламасын ұсынып; 3) түркі тілдеріндегі терминдерді біріздендіру және термин алмасу үшін ортақ терминологиялық қорәзірлеуге негіз болады деп сенеміз.

Жалпытүркілік терминқорды қалыптастыру бағытында ғылыми ізденістері бар әзербайжандық терминолог-ғалым Саялы Садыкова «Түркі тілдерінің ортақ терминқорын қалыптастыру – түркі тілдерінің қазіргі ғылым, салалық кәсіп тілін өзара дамыта отырып, ортақ ғылым, кәсіп тілін қалыптастырудың маңызды қозғаушы күші. Осы арқылы түркі тілдері өзара сөздік қорын қалпына келтіруге жол ашады. Термин жасау ісінде тәжірибе алмасудың құралы – түркі тілдерінің көптілді терминологиялық және де басқа сөздіктерін жасау» деп келтіреді [5, 111].

Академик Шерубай Құрманбайұлы «... туыстас тілдерден алынған терминдердің қабылдаушы тілдің морфологиялық, дыбыстық ерекшеліктеріне сай келетінін немесе соған бейім тұратынын да айту керек. Сондықтан олар тілге жатсынбай қабылданып, оңай сіңіп кете алады» деп атап өткендей [6] түркі тілдерінде ортақ терминдерді жасау ісіне жұмыла кірісуге толық негіз бар дей аламыз.

Осы бағытта атқарылған және болашақта істелетін жұмыстар негізінде түркі тілдерінің өзара түсінісу деңгейі артып, ғылыми және мәдени ынтымақтастықты тереңдетіп нығайтуға болатыны еш күмәнсіз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.       Gürsoy-Naskali E. Türk Dünyası Gramer Terimleri Kılvauzu. – Ankara: TDK Yay., 1997. – 190 s.

2.       https://www.tbd.org.tr/calisma-gruplari/turk-dunyasi-ortak-bilisim-terimleri- calisma-gruplari/tanitim/

3.       https://www.bilisimdergisi.org.tr/s159/pdf/112-129.pdf

4.       Түркі тілдерінің терминжасамы: ұжымдық зерттеу (Ш.Құрманбайұлы, М.Закиев, Х.Дадабаев, Ш.Х.Акалын, Ч.Джумагулов, С.Садыгова, Е.Әбдірәсілов). – Астана: «Ғылым» баспасы, 2018. – 372 б.

5.       Түркітілдес елдердің терминқорын қалыптастыру тәжірибелері. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. - Астана, 2011.

6.       Терминдерді біріздендіру // https://anatili.kazgazeta.kz/news/7894