Экономика саласы терминдерінің өзекті мәселелері

Экономика саласы терминдерінің өзекті мәселелері

Тілдің дамығандығының бір көрсеткіші – оның терминдік жүйесі. Кез-келген тілдің терминологиялық қабатын салалық терминология құрайды. Салалық терминологияның бір бағыты – экономикалық терминдер. Экономикалық терминология бүгінгі қазақ тілінде үлкен зерттеуді қажет етіп отыр.

Экономика терминдерін түркілік дәуір еңбектерінен бастап сауда мен ақшаның келгенінен шошынған әдебиеттегі зар заман аталатын кезеңнің шығармашылығынан, алғашқы қазақ басылымдарындағы халықтың әлеуметтік-экономикалық өмірін суреттеген мақалалардан кездестіре аламыз.

Бұл терминдердің қазақ тілінде қалыптасу жолы алғаш рет XIX ғасырда орыс халқымен сауда-экономикалық, әлеуметтік қатынастар орныққан кезеңнен, XX ғасыр Алаш қайраткерлерінің еңбектерінен бастау алған. Кейіннен экономика, қаржы-несие, ақша, банк айналымына қатысты терминдер еліміз жеке дара, дербес мемлекет болып, тәуелсіздік алған 90 жылдардың еншісінде дами бастады. Бұл іске мұрындық болған халықаралық экономикалық ұйымдар еді. Соның нәтижесінде экономикалық оқулықтар, сөздіктер, жекелеген ғылыми еңбектер жарыққа шықты.

Қоғамның маңызды мәселесінің бірі – елдің экономикалық жағдаяты. Тәуелсіз еліміздің көш басында экономикалық саясаты тұрғаны мәлім. Жаһандану заманында, өзге мемлекеттермен саяси-экономикалық интеграцияға түсу кезінде, мемелекеттік статусқа ие қазақ тіліміздің байлығын сарқа пайдаланып, экономика-қаржы, бизнес салаларында терминдердің бірізділігін сақтау бүгінгі күнде өзекті мәселеге айналып отыр. Өйткені, қазіргі таңда экономикалық қарым-қатынас орнатуда, банк ісі, жарнама агенттіктерінде, сауда қатынасында, бизнес саласында терминдер өз қағидаттарына сәйкес жасалмай, қисынсыз қолданыстар орын алып, сәтсіз терминдер кездесіп жатады. Сәтсіз деп отырғанымыз тілдің терминологиялық жүйесіне жауап бере алмайтын, терминге қойылатын талаптарға сай емес ұғымдар. Мұны ұлт тілінің термин жасауға қабілетсіздігі деп айтуға болмайды. Себебі, ешбір ұлт тілін термин жасауға мүмкіндігі жоқ деуге келмейді. Мұндағы мәселе ұлт тілін термин шығармашылығында пайдалануға тікелей қатысты болып отыр.

Сәтсіз терминдердің жасалуына себепкер болатын термин жасаушының өзі. Термин жасаушының терминге қойылатын талаптарды дұрыс меңгермеуі, тілді дұрыс пайдаланбау, ұғымдардың ерекшелігін ескермеу, жауапкершілікті сезінбеуі секілді олқылықтардан туындайды. Қазақ тілі білімінің реформаторы А.Байтұрсынұлы айтқандай, тілді жұмсап, сөзден-сөз шығару екінің бірінің қолынан келе бермейтін әрекет екені рас.

Бүгінде қазақ терминологиясындағы көптеген мәселелерді ғылыми тұрғыдан шешуді уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Өткен ғасырдың соңғы он жылындағы қоғамдық-саяси өзгерістер тіліміздің терминология саласына да әсерін тигізді. Кеңестік жүйеде қалыптасқан терминологиямызға және оның қалыптасуында негізге алынған теориялар мен ғылыми принциптерге жаңаша көзқараспен қарау нәтижесінде тың тұжырымдар мен тосын пікірлер дүниеге келді.

Одан бергі уақытта терминдердің қолданысы, жасалуы, аударылуы, аса көңіл бөлінбей жүрген төл сөздерімізге терминдік мағына жүктеу, терминком жұмысын жақсарту сынды мәселелер жайлы арнаулы сала мамандары, тілші-ғалымдар, журналист, жазушы, аудармашыларымыз баспасөз беттерінде түрлі ұсыныс-пікірлерін жариялап келеді.

Бұл көтеріліп жүрген термин төңірегіндегі мәселер өз шешімін табу үшін қазақ терминологиясының теориялық, ғылыми-әдістемелік базасын нығайтып, барлық терминологиялық жұмыстарды бір орталықтан басқарып, қадағалауды кәсіптік тұрғыдан жүргізу қажет.

Қазақ терминологиясынының даму жолының қай кезеңін алып қарасақ та, термин жасау, қолдану, біріздендіру секілді жұмыстардың бәрі мемлекеттік тіл саясаты шеңберінде жүргізілгенін байқауға болады. Бұл, әрине, тілдің ондағы саясаттың дұрыс бағытпен жүргенін көрсетеді. Дей тұрғанмен, кемшіліктер де жоқ емес. Мұндай жағдай жоғарыда аталған экономикалық терминдерімізге де қатысты.

Еліміз нарықтық экономикаға қадам басқаннан бері сөздік қорымыздағы экономикалық терминдер бұрынғымен салыстырғанда көбірек қолданыс табуда. Бұл мемлекетімізде экономика саласының қыр-сыры тереңірек меңгеріле бастағанының көрінісі. Алайда, бұл саладағы экономикалық терминдер жасауда тіліміздің ішкі мүмкіншіліктері толық игерілмей жатыр. Мұндағы үлкен қиындықтың бірі – термин тұрақсыздығы. Тілдегі әрбір сөзді лексикалық мағынасына қарай тұрақтандырып, оны терминдік мағынада қолданудың маңызы зор. Экономика саласына тиесілі терминдер де басқа терминдердің табиғатымен бірдей. Ауызекі тілдің, сөйлеудің рөлі мұнда да басымдық көрсетеді.

Кез-келген саланың терминдерін дұрыс түсіну, жөнімен қолдану сол саладағы мәтіндердің дұрыс құрылуының айғағы. Арнайы мәтіндерді дұрыс ұғынуға септігін тигізетін терминнің қолданылуы – тілді қабылдаушыға мағынасы айқын болып, кәсіби тұрғыда дамуына көмектеседі.

Қазақ тіліндегі экономика терминдерін XIX ғасырдың екінші жартысынан бастауға себеп болған – қазақ газеттері. «Дала уалаяты», «Түркістан уалаяты» газеттерінде жарияланған мақалалардан экономика терминдерін жиі кездестіреміз.

Ұлт тіліндегі алғаш жарық көрген терминологиялық сөздік ретінде қарастырылып жүрген 1927 жылы он мың дана таралыммен Қызылорда жерінде басылып шыққан Н. Қаратышқанұлының «Пән сөздері» зор маңызға ие. Бүгінгі күндегі салалық терминологиялық сөздіктерден бір ерекшелігі – мұнда бір арнаулы саланың терминдерін ғана қамтып қоймаған. Математика, экономика, іс қағаздары, биология, әскери іс секілді бірнеше саланың терминдері әліпби ретімен жүйелі берілген. Бұл сөздікте қолданылған экономикалық терминдер саны - 79. Олар: аванс – абансы; акция – әксие; акционерное общество – әксиелік серіктестік; алимент – тауқымет, напақа; актив – актип; анализ – талдау; аренда – жал; арбитражная комиссия – аралық кемесие; ассигнация – қағаз ақша; аукцион – төрік; база – қор; базис – тіреу, тірек; баланс – балансы, банкнот – бәнкі-нот; банковый билет – банкі белеті; биржа – берже; биржевый маклер – берже делдалы; буржуа – бай; бухгалтер – бұғалтыр [1].

<!-- [if !mso]-->

<!--[endif]-->

Экономика терминдерінің қалыптасу көздері көздер

<!-- [if !mso]-->

<!--[endif]-->

<!--[endif]-->

Төл қабат

<!-- [if !mso]-->

<!-- [if !mso]--> <!--[endif]-->

<!--[endif]-->

Кірме қабат

<!-- [if !mso]-->

<!-- [if !mso]--> <!--[endif]-->

<!--[endif]-->

Экономика терминдерінің төл қабаты қазақтың байырғы сөздерінен жасалған. Төл қабаты сонау түркілік кезеңнен бастау алады.

<!-- [if !mso]-->

<!-- [if !mso]--> <!--[endif]-->

<!--[endif]-->

Экономика терминдерінің кірме қабатын ағылшын, латын, грек, француз, итальян, неміс, орыс тілдерінен енген терминдер құрайды.

 

<!-- [if !mso]-->

<!-- [if !mso]--> <!--[endif]-->  

 

 

 

 

 

 

 


1-кесте – Экономика терминдерінің қалыптасу көздері

 

 

Орта ғасырлардағы түркі әдебиетінің бағалы шығармалары – Қожа Ахмет Ясауидің «Хикметтерінде», Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди», Қадырғали Жалайырдың «Жамиат тауарих» еңбектерінде қолданылған. Мәселен, түркітанушы ғалым Махмұд Қашқаридың XI ғасырда жарық көрген атақты «Түркі тілінің сөздігі» еңбегінде сауда-экономика саласына қатысты мынадай 12 термин кездеседі: айырбас, пайда, алым, мал, өтем, несие, қарыз, пара, делдал, берім, бөліс, кіріс, теңге [2].

Әбілғазы баһадүр ханның «Түркі шежіресінің» тезаурус сөздігінде 8 экономикалық термин берілген. Олар мынадай терминдер: ашраф (ақша), базар, пұл, сауда, тенге (теңге), махассел қойұб (салық салып), тенге салды (салық салды), харж қыла тұрұр (қарыз сұрай береді), харж қылыб (шығындады) [3].

Ғалым Рабиға Сыздық «Абай шығармаларының тілінде»: қазақ қоғамындағы таптық қарым-қатынастардың әрі қарай шиеленісе түсуі және тауар-ақша қатынастарының пайда болуы феодалдық қанаудың жаңа түрлерін туғызады. Бұлардың көпшілігінің атаулары қазақ тілінде бұрыннан бар сөздер болғанмен, ол сөздердің білдіретін мағыналары өзгереді» [4; 210-211]. Мысалы: сауын сауу, шығын (расхот), лау сөздерін экономикалық қарым-қатынастағы сөздер ретінде көрсетіп, мәнін ашып көрсеткен.

Ұлы Абай атамыз ғұмыр кешкен кезеңде қолданыста болған экономикалық терминдер туралы оның энциклопедиясынан да біле аламыз. Мысалы, энциклопедиядағы Абай пайдаланған басқа тілдердің сөздігінде парсы тілінен енген «ділдә» сөзі берілген. Мағынасы: «Ділдә, діллә (парсы) – алтын ақша. «Үш жүз мың үш жұз ділдаға кетті сатып», - деп көрсетілген [5; 634]. «Ділдә» сөзі бүгінде қолданылмайтын тарихи көнерген сөзге айналды. Бірақ, қазақ даласына сауда-саттық жаңадан келе бастаған кезеңде парсы саудагерлерімен қазақ даласына жеткен сөз болуы мүмкін. Сол дәуірде қоғамдық айналымға ие болып, актив мағынада қолданыс тапқанын тарихи, фольклорлық жырлардан байқауға болады. Абай туындыларында бұл сөз небәрі 4 рет қана қолданылған. 

Орыс тілінен енген «расход» сөзі: «Расход (орыс) – шығын. «Қыстау керек, үй керек, Сән-салтанат, расход көп» [5; 638].  Ақын Абай «расхот» сөзін зат есім түрінде бір-ақ рет, «шығын» сөзін 7 рет пайдаланған. «Шығын» термині қазақ даласына етене бойлап, үйреншікті қалыпқа енген. Қазақ даналығында күнделікті тұрмысқа байланысты «Кедейге өлең айтқан да – шығын», «Шығын шықпай, кіріс болмас» секілді мақалдар да көп кездеседі. Яғни, күнделікті қолданысқа енген сөздің көркем шығармаларда кездесуі де үйреншікті жайт.

«Сома, сумма (орыс.) – қосындысы, барлығы. «Әркімнің өз іздеген нәрсесі бар, Сомалап ақшасына сонан алар» [5; 638]. Абай шығармашылығында «сом» сөзін 3 рет пайдаланған.

Счет (орыс.) – есеп. «Адал жүріп, адал тұр, Счетың тура келуге» [5; 639]. Абай өлеңдерінде бір рет кездескен.

«Файда (шағ.) – пайда. «Фи – Файдың тие ме деп, жаза салды», «Хасил (араб.) – пайда, табыс. «Аз жұмыспен көп алтын хасил етсе» [5; 640]. «Пайда» сөзін зат есім түрінде 89 рет, сын есім түрінде 12 рет, етістік түрінде 4 рет қолданған.

Абай өз шығармаларында экономикалық терминдерден: «ақша» сөзін зат есім түрінде 9 рет, сын есім түрінде 1 рет қолданса, «алтын» сөзін 39 рет зат есім түрінде, 6 рет сын есім түрінде, «баға» сөзін 9 рет, «байлық» сөзін 10 рет, «залал» сөзін 12 рет, «кіріс» сөзін 3 рет, «қарыз» сөзін зат есім ретінде 8 рет, сын есім ретінде 2 рет, «пұл» сөзі 1 рет, «табыс» сөзін 3 рет, «теңге» сөзі 4 рет қолданған.

Экономика саласының біріккен терминдерінің жазылуында кездесетін қателіктер де көп. Мәселен, орфографиялық сөздік пен терминологиялық сөздікті салыстырып көрелік:

 

Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік: Экономика және қаржы, 2000

Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі, 1963

баспабас (бартер)

баспа-бас

дүниежүзілік

дүние жүзілік

жүкқұжат

жүк құжат (жүк машина, жүк арба)

көпжақты (көпжақты есепке алу), көпсалалы (шаруашылық)

көп жақты, көп салалы

 

сенімхат

сенім хат

томаға-тұйықтық

томаға тұйық

үстемеақы

үстеме ақы

шағым-талап

шағым талап (шағым арыз)

2-кесте – Біріккен экономика терминдерінің орфографиясы

 

         2014 жылы жарық көрген «Қазақша-орысша, орысша-қазақша» терминологиялық сөздіктің 27-томы яғни, экономика және қаржы саласына арналған сөздікке статистика талдау жүргізіп көрдік [6]. Статистиканың нәтижесі бойынша 146 синоним сөз, 52 антоним сөз және салааралық және жүйеаралық омонимдер кездесті. Экономика терминдерінің лексикалық қабаты 2-ге бөлінді. Төл қабат және кірме қабат деп қарастырылып, төл қабаты көне түркілік кезеңнен бастау алғаны, кірме қабаты шет тілі терминдері негізінде қалыптасқаны дәлелденді. Лексикалық өзге де ерекшеліктері зерттеліп, экономика терминдері бүгінгі терминдік жүйеге өзіндік ықпалы бар екені байқалды.

         Сөзжасамның үш тәсілі де экономика терминжасамында қолданыс тапқан. Синтетикалық тәсіл бойынша жұрнақтар өнімді және өнімсіз деп бөлініп, жоғарыда аталған сөздік негізінде статистикалық көрсеткіштері анықталды. Нәтижесінде экономикалық терминдердің өнімді жұрнақтары: -лық, -лік (197 термин), -тық, -тік (116 термин), -дық, -дік (79 термин), -ыс, -іс, -с (22 термин), -ым, -ім, -м (43 термин), -шы, -ші (62 термин), (325 термин), -ма, -ме, -ба, -бе, -ша, -ше (58 термин), -лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу (59 термин); өнімсіз жұрнақтары: -қор (3 термин), -хана (2 термин), -қой (1 термин), -ақы (9 термин), -шылық, -шілік (30 термин), -ыш, - іш, -ш (5 термин), -нама (5 термин), -ғыш, -гіш, - қыш, -кіш (6 термин), -ыл, -іл, -л (3 термин) анықталды. Аналитикалық тәсіл бойынша, бірігу тәсілі арқылы жасалған 85 термин, қосарлану тәсілі арқылы 182 термин, тіркесу тәсілі арқылы 11154 термин байқалды. Уәждемелік құбылысына сәйкес экономика терминжасамында зат есім, сын есім, етістік  сөз таптарының уәждемелігі қолданылған.

         Экономикалық терминологиялық сөздіктен 37 эпоним термин анықталды. Сөз тіркесінің матаса, қабыса, меңгеріле байланысқан формалары тән. Бірқұрамды, көпқұрамды, түйдекті терминдері қалыптасып, өзіндік үлгі құрап, жаңа термин жасауға тікелей әсер етіп отырғанын байқауға болады.

         Теориялық негізіне сүйене отырып, мақаламызда салыстырмалы-салғастырмалы әдісті пайдалану арқылы әртүрлі сөздіктермен жұмыс жасалып, сараптай келе тіліміздегі экономика терминдерінің 60%-ы қазақша баламасы бар терминдер екені, 15%-ы жартылай калька арқылы жасалғаны, ал өзге 25 %-ы аударылмаған терминдер екеніне көз жеткіздік. 

         Экономика терминологиясы тіліміздің, жалпы терминологияның дамуына зор үлес қосып отыр. Экономикалық терминдердің өзіндік жасалу үлгісі қалыптасқан. Бұл тілімізде термин қабылдау немесе жаңа термин жасау барысында өзіндік үлгінің болуы терминология үшін өте маңызды.

         Қазақ терминологиясындағы салалық терминологияның бір тармағы экономика терминдері өз алдына зерттеу объектісі ретінде басшылыққа алып зерттеуді қажет ететін күрделі салаға жатады. Экономикалық жүйе тілдік бірліктер мен ұғымдар арқылы жүзеге асады.

         Сонымен қатар, зерттеу барысында жолыққан экономикалық терминдердегі көпмағыналық, синоним секілді лексикалық құбылыстар мен жаңа термин қалыптастыру, калька жасау барысындағы терминдегі бірізділіктің жоқтығы әлі де жүйелеуді, зерттеуді қажет етіп отыр. Бұл жағдайда, орфографиялық, терминологиялық сөздіктердің ықпалы зор. Аталған сөздіктер реттеліп, жүйеленбесе келешектегі салалық терминологияның дамуына кері әсерін тигізеді.

         Ғылыми зерттеу нәтижесінде алынған тұжырымдар болашақ экономика терминологиясының, қазақ тіл білімінің лексикология, терминология салаларының дамуына үлес қосары сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

<!-- [if !supportLists]-->1. Қаратышқанов Н. Пән сөздері. – Терминологиялық сөздік. – Алматы, «Ер-Дәулет», 2004 – 128 б.

<!-- [if !supportLists]-->2. Махмұт Қашқари. Түрік тілінің сөздігі: (Диуани лұғат-ит-түрік): 3 томдық шығармалар жинағы / Қазақ тіліне аударған, алғы сөзі мен ғылыми түсініктерін жазған А. Егеубай. – Алматы: ХАНТ. 1997. – 590 б.

<!-- [if !supportLists]-->3. Мамырбекова Г, Сейтбекова А. Әбілғазы баһадүр ханның «Түркі шежіресінің» тезаурус сөздігі – Алматы: «Фирма Орнак», 2013 ж. – 480 б.

<!-- [if !supportLists]-->4. Сыздықова Р. Абай шығармаларының тілі. Лексикасы мен грамматикасы: Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Ел-шежіре», 2014. – 584 б.

<!-- [if !supportLists]-->5. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, 1995. – 720 б.

6. Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік/ жалпы ред. басқ. М.Б. Қасымбеков, жобаның ғыл. Жетекшісі А.Қ. Құсайынов. – Алматы: «ҚазАқпарат» баспа корпорациясы, 2014. – 544 б.