Ахмет Байтұрсынұлының шеттілдік атауларды бейімдеуге қатысты ұстанымдары

Ахмет Байтұрсынұлының шеттілдік атауларды бейімдеуге қатысты ұстанымдары

Бүгінгі таңда шет тілдік атау, халықаралық терминдердің қолданысы өте өзекті болып отыр. Себебі тасқындап еніп жатқан шет тілдік атаулардың бәріне бірдей балама табу оңай емес әрі мүмкін де емес. Бұл орайда қазақ тіл білімінің теориялық негізін қалаған, терминдерді жүйелеген ғалым – Ақымет Байтұрсынұлы ұстанымдарының маңызы зор. А.Байтұрсынұлы 1913-1918 жылдары Ә.Бөкейхан, М.Дулатовтармен бірге тұңғыш жалпыұлттық газет – «Қазақ» газетін шығарғаны белгілі [1;6]. Газет не себепті «Қазақ» деп аталғанын қайраткер былайша түсіндірді: «Аталы жұртымыздың, адуынды ұлтымыздың аруақты аты» деп газетіміздің есімін «Қазақ» деп қойдық. Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына күшін қосып, көмектесер қызмет ету – қазақ баласына міндет» [1; 168]. Ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойған А.Байтұрсынұлы көрнек өнерін беске жіктеп, бәрінен де сөз өнерін жоғары қояды. Себебі ғалым: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады... Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек... Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін, ең алдымен, әдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел болуға өзінің тілі мен әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз», – деп тұжырымдайды.

Бұл жолдағы күресін ғалым бірнеше бағытта жүргізген: ең алдымен, адресант, адресат факторын негізге ала отырып, сөздің қалың бұқараға түсінікті болуына,  қазақ дүниетанымына, діліне лайық болуына ерекше мән берген. 1909 жылы Петербург қаласында басылып шыққан «Қырық мысал» атты жинағында, да, 1911 жылы Орынбор қаласында жарық көрген «Маса» атты өлеңдер жинағында да осы бетінен айнымаған. Ұлтына қызмет ету идеясы Ақымет Байтұрсынұлының «Қара бұлт» деген өлеңінен де анық көрінеді. Бір жігіт ғалымға кітап жазғысы келетінін айтып, ақыл-кеңес сұрайды. Ақымет Байтұрсынұлы риза боп, жөн-жобасын айтып жүреді. Кітапты жазып болып, ғалымның қолына ұстатқан кезде Ақымет Байтұрсынұлының көңілі су сепкендей басылады. Себебі кітап орыс тілінде жазылған екен. Бұл жағдай ақынның «Қара бұлт» деген тәмсілін жазуына түрткі болады. Онда қара бұлтттың сусап тұрған шөл далаға нөсер боп жаумай, теңіздің үстіне жауғаны туралы сөз болады. Бұл өлеңде ақын кітап жазған жігітті нөсерлі қара бұлтқа, қазақты шөл далаға, орысты теңізге ұқсатады:

 

Жиылып кеңес тындап отырғандар,
Ғибрат мұнан да бар алсаңыздар.
Бұлттай жерге жаумай, суға жауған
Қазақта іс ететін көп адамдар.
Жұмсамай тиісті орынға мал, өнерін
Біреулер жүреді, оған не амал бар?!
Мысалы, қазақ – дала, орыс –  теңіз,
Даланы, шама келсе, көгертіңіз.
«Мұң» десең, «мұқтаж» десең –  қазақта көп,
Емес пе мұны ойламақ міндетіңіз?
Мақал бар: «Жақсылықты басыңа қыл,
Басыңнан асса, – деген, – досқа істеңіз».
Мен мұны арнап жаздым замандасқа,
Шаш қойған өзімменен ғамалдасқа.
Бұл сөзді сендерге айтпай, кімге айтамын,
Болады асыл таста, ақыл жаста.
Қарышта өз жұртыңа, барың болса,
Өзге елдің өзінде көп бізден басқа.

«Еңбекші қазақ» газеті, «Әйел теңдігі» журналдарының бетінде «Кітап сыны» деген айдармен аударылған еңбектерге қатысты пікірін білдіріп отырған Әлихан Бөкейхан «Орыстың кітабын қазақшалағанда білімін, дәлел-әдiсiн бөктеріп, қанжығаға байлап, «Қараңғы қазаққа апарып берем», – деп, кітапшаның басына тымақты кигізіп, кісені беліне буындырып, қазақтың қылыш құлан жалына мінгізіп әкеткен оң болады. Қазақшалаған кітаптарды сынға алғанда мен осы жолмен сынаймын» [2] деген ұстанымда болғаны мәлім. Абдолла Байтасұлының профессор Ю.Вагнерден аударған «Жануарлар туралы әңгімелер», профессор Гейкіден аударған «Пізійкелік жағырапыйа» атты кітабына, Мұхтар Әуезовтің Ю.Вагнерден «Жердің жаратылысы жайындағы әңгімелер», Қ.Ысмағұлұлының профессор Вагнерден «Әуе туралы әңгіме», Ешмағамбетұлының М.Томскийден «Ресейде кесіпшілер қозғалысы», т.с.с. аудармаларының тіліне, терминдердің қолданысына қатысты пікірін білдірген сыншы аудармашыларға: «Орыстың кітабын қазаққа деп өзгерткенде Крыловтың басына тымақ кигізген Ақыметті ұмытпау керек» [3], – деп, Ақымет  Байтұрсынұлын үлгі етеді.

Ұлтқа қызмет ету идеясы ғалымның өмірлік кредосы болды. Сол себепті ақын, аудармашы, ғалым, қайраткер ретінде де Ақымет Байтұрсынұлы осы ұстанымды көздеді. Қазақ АКСР халық ағарту комиссары (министр), Өлкелік халық комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың төрағасы, Қазақстанда құрылған жат сөздерді, пән атауларын қазақшаландыратын комиссияны басқарған кезде де, Халық ағарту комиссариаты ғылыми-әдеби комиссиясының, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы болған кезде де, Орынбордағы Қазақтың халық ағарту институтында, Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтында, Қазақ педагогикалық институтында сабақ берген кездерінде де асыл мұратынын таймаған. А.Байтұрсынұлының замандасы, пікірлесі болған қайраткер, «Жаңа мектеп» журналының алғашқы редакторы, А.Байтұрсынұлының мақалаларын жариялағаны үшін қудалауға ұшыраған қазақтың біртуар азаматы – Молдағали Жолдыбаев «Еңбекші қазақ» газетінің тілшісіне берген сұхбатында 1922 жылы Қазақстанда жат сөздерді, пән атауларын қазақшаландыратын комиссия құрылғанын, ол комиссияны А.Байтұрсынұлы басқаратынын айта келіп, комиссия жат (өзге тілдік) сөздерді қабылдауда нақты ұстанымдарды басшылыққа алғанын, яғни а) жат атаулардың мағынасын түсіндіргендей қазақ сөзін алғанын; ә) оған қолайлы қазақ сөзі болмаса, түркі сөзін алғанын; б) түркі сөзі де тура келмесе, қазақ тілінің заңына үйлестіріп, Еуропа сөзін алғанын айтады [4].

1926 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген «Орысша-қазақша әскерлік атаулары» атты Ә.Үмбетбайұлы құрастырған сөздікке Ақымет  Байтұрсынұлы Қазақ білім кемесиесінің ағасы ретінде қол қояды. Ол туралы кітаптың соңында да нақты мәлімет келтірілген: Бұл атаулар қазақ білім кемесиесінің 1925-інші жылғы октәбірден 1926-ыншы жылғы үйенге шейін болған мәжілістерінде тексеріліп осы күйінде қабыл алынды. Қазақ білім кемесиесінің ағасы: Байтұрсын ұлы Ақымет Кемесие қатшысы: Нұрым ұлы Ғаббас 12-інші үйен 1926-ыншы жыл Қызыл Орда [5].

 «Әскерлік атауларында» «ура» деген орыс ұранының орнына «алаш» деген қазақ ұраны берілуіне байланысты Сәбит Мұқанов «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылғы 15-санында «Алаш – ура» деген сын мақаласын жариялайды [6]. «Ертең соғыс бола қалып, Алаш орда бас көтерсе, біз «ураның» орнына «Алаш» деп шабамыз ба? Алда, масқара-ай! Ұйат-ай!» – дей келіп, «Алаш» қазақ ұраны болғанмен, ол соңғы кезде қазақтың байлары қолданған ұраны болғанын желеу етеді. Осыған байланысты А.Байтұрсынұлы «Сәбитке жауап» атты мақаласында: «Ертең соғыс бола қалып, орыстың ақтары басын көтерсе, оларға қарсы орыс көменестері, қызыл әскері шапқанда, «ура» орыс байлары, жанаралдары, патсалары, солдаттары тұтынған, қолданған ұран еді деп «ураны» ұйалып айтпай ма екен? Немесе қазақтың байлары «Алаш» ұранын қолданған кезде орыс байлары «ура» ұранын қолданбады ма екен? Ертең басын көтергенде қызылға қарсы «ура!» деп шаппай ма екен? Болмаса ақтар уралап шапқанда қызыл әскер қызылға қосылып кете ме екен? Орыс байлары, патсалары қолданған «ураны» айтыуға орыс көменестері ұйалмағанда, қазақ байлары қолданған «алашты» айтыуға ұйалатын мәнісі немене екен? «Алаш» та, «ура» да – ұлт сөздері. Ұлт сөздері болған соң әр қайсысы өз ұлтындағы бай-жарлыға бірдей ортақ сөз болады. Yйткені ұлт болатын 10% байы ғана емес, 90% жарлы мен орташасы. Бұл – бір. Екінші, сөз – тысқылық нәрсе. Тысқылық нәрсе екендігін «ураны» қызылдар да, ақтар да бірдей қолданатындығы көрсетеді», – дей келіп, сәбет (совет) деген мекемелер патша заманында да болғанын (Мемлекеттік Сәбет, Министрлер Сәбеті, қазақта хан ордасында депітат сәбеті бар еді), олардың «сәбет», «кемесер» деген аттары ғана бірдей болғанмен, заттары бірдей емес екенін ескертеді [7].

А.Байтұрсынұлы терминдердің уәжділік сипатына ерекше мән бергені байқалады. Мәселен, көмекші етістіктердің үш түрін көрсетіп, оларды өз ішінен: а) құр көмекші; ә) күй көмекші; б) ій көмекші деп жіктейді [8, 92-б.]. Ғалым е-(емек) етістігін үнемі көмекшілік қызметте жұмсалуының нәтижесінде етістік мәнінен айрылып, жұрнаққа (жалғаулыққа) айналып бара жатуына, әбден ій болып кетуіне байланысты «ій көмекші» деп бөлек жіктейді. Сондай-ақ амалдың қалып-күйін білдіруіне байланысты отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктерін бөлек топтастырып (күй көмекші)‚ бар, ал, бер, кел, кет, көр, өт, таста, қал, қой сияқты көмекші етістіктерді бір бөлек береді. Мұнда көмекші етістік тобының әрқайсысын дөп басып анықтауымен қатар оларға атау бергенде де уәжділік ұстанымдарды негізге алған. Бұл ұстаным салт, сабақты атауларын қолдануында да байқалады. Сабақты сөзінің мағынасы сөздікте: «Инеге өткізілген жіп, жіп тағылған жіп» [8; 511] түрінде берілген. Яғни, сабақты жіп болуы үшін ол иненің көзінен өткізілуі тиіс. Бос жатқан, инеге өткізілмеген жіп сабақты ине деп аталмайды. Ал сабақты етіс болуы үшін ол табыс септік тұлғалы сөзді (нысанды, объектіні) керек етіп тұруы керек. Салт сөзінің мағынасы «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде»: «Жеке, жалғыз, бір өзі» [8; 640] түрінде сипатталған. Сол сияқты салт етіс те табыс септік тұлғасындағы тура толықтауышты керек етпейді. Бұл тұрғыдан алғанда, ғалымның атауларды пайдалануда қазақ тілінде бұрыннан бар сөздердің мағынасын кеңейте отырып, оған жаңа мән үстегені әрі бұл орайда ұлттық дүниетанымды негізге алғаны байқалады. Осыған байланысты профессор Қ. Рысалды: «Етістіктердің сабақты, салт түрлері атауларының мотивациялық негізделуі өте тереңде жатыр, атаулар осы етістіктердің мән-мағынасын дәл анықтайды. «Сабақтас» атауы «сабақтау» (инені сабақтау) етістігінен туынды түбір тұлғасында жасалған болуы керек, «салт» атауы «салт атты» тіркесіндегі «салт» сын есімінен терминге айналып, етістіктердің жалпы категориялық мағынасын айқын беріп тұр» [10] дейді.

Ғалым субстантивтену, адвербиалдану, адъективтену терминдерінің орнына балама ретінде затсымақтану, сынсымақтану, үстеусімектену сияқты атауларды ұсынады. Қазіргі кезде бірқатар әдебиеттерде субстантивтену сөзінің орнына заттану деген атау беріліп жүр. Алайда субстантивтенген сөз біржола зат есімге айналып кетпейді, осы сөйлемде ғана зат есімнің қызметін атқарады да сөйлемнен (контекстен) тыс бұрынғы қызметіне көшеді. Яғни, осы сөйлемде (контексте) ғана зат есім сияқты көрінеді. Қазақ тілінде мұндай мағына беру үшін -сымақ қосымшасы қолданылады (ақынсымақ, бастықсымақ т.с.с.). А.Байтұрсынұлы осылайша -сымақ қосымшасын пайдалана отырып, сол үлгі негізінде үстеусімек атауын да жасаған. Әрине, қазақ тілінде -сімек қосымшасы жоқ (бұл – кірме қосымша болса керек). Алайда ғалым сингармонизм заңдылықтарын негізге ала отырып, үстеу сөзіне қосымшаның жіңішке нұсқасын жалғаған. Ғалымның бұл атаулары қазіргі кезде ғылыми айналымға енгізілуі тиіс. Терминдердің қазақ түсінігіне жеңіл болуы, уәжділік ұстанымдарына А.Байтұрсынұлының ізбасарлары да ерекше мән берген. Оны Қ.Кемеңгерұлының мына сөздерінен де байқауға болады: «… Терминдерді алу туралы кейбіреу басқа елдер қалай атаса, қазақшаға айналдырмай-ақ, біз де солай атайық десті. Бұл – тіпті адасқан пікір. Күйіміз жетсе, шамамыз жетсе, қазақшаландырып алуымыз керек. Мәселен, геометрияны қазаққа геуметрие десең, көзіне түк елестемейді. Ал пішіндеме десең, қазаққа таныс, көзіне елестейді. Сондықтан терминдерді қазақша алуға дауласуға мән жоқ» [11]. Бұл ұстанымды сол кездегі оқулықтардың авторлары да басшылыққа алған. Мұрағат деректеріне зер салсақ, Ә.Бөкейханұлы география, Е.Омаров, Қ.Сәтбаев алгебра, М.Жұмабаев педагогика, Ж.Аймауытов дидактика, Ф.Ғалымжанов физика‚ Б.Сәрсенов геометрия, И.Тұрғанбаев арифметика, Қ.Кемеңгерұлы жаратылыстану, химия пәндері бойынша оқулықтарды қазақ тіліне аударған [12]. Қаныш Сәтбаевтың «Алгебра» атты оқулығынан бүгінде түпнұсқа күйінде беріліп жүрген көптеген терминдердің баламасын табуға болады: формула – өрнек, теорема – түйін, числитель – жарнақ, диаметр – өре, рациональная величина – өлшемді шама, иррациональная величина – өлшемсіз шама, квадратное уравнение – шаршылық теңдеу, биквадратное уравнение – қос шаршылы теңдеу, сопряженные числа – түйіндес сандар, прогрессия – дәуірлеу, коэффициент – сан өсіргіш, функция – берне, тождество – бірдейлік, приближенный корень – жуықтас түбір, корень с недостатком – олқы түбір, мнимые числа – күмәнді сандар, кратное – бөлінбе, предыдущие члены – ілгері мүшелер т.с.с.

Қазақ тіліндегі жат атаулардың жүйелендіріліп, сөздік ретінде құрастырылуы ХХ ғасырдың басында қолға алынған болатын. «Еңбекші қазақ» газетінің бірнеше санында тіл комиссиясының хатшысы Әлкей Марғұланның құрастыруымен «Мынау пән атаулары дұрыс па?», «Осы пән атаулары дұрыс па?» деген атаумен терминдер тізімі жарияланып отырған. Сондай-ақ «Жаңа мектеп» журналы мен «Қызыл Қазақстан» газеттерінің бетінде «Қазақстан оқу кемесеретінің білім сексиесі алған пән сөздері», «Ғылым ордасының қазақша ғылыми-әдебиет кеңсесінде қабылданып алынған пән сөздер» деген айдармен әр жылдары жарық көрген терминдер бір салаға ғана емес, бірнеше ғылым саласына тән. 1923-1924 жылдары түрлі сала терминдері «Білім ордасының қазақша ғылыми-әдебиет кеңесінде қабылдап алынған пән сөздері» деген айдармен «Қызыл Қазақстан» журналында жарияланып тұрған. Осы кезде бірнеше сөздік жарық көрді, атап айтқанда: 1925 жылы Мәскеуде 10000 дана болып басылып шыққан «Қазақша-орысша тілмаш» атты сөздік (сөздік жұмысын басқарған – Кемеңгерұлы Қошке‚ тізгендер – Кемеңгерұлы Қошке, Байтасұлы Абдолла, Бұралқыұлы Мұстафа, Байғаскин Есім, Дәулетбекұлы Ғаббас, Баймақанұлы Шәкір, Темірбекұлы Сұлтан, Сәрсенбайұлы Төлеутай), 1926 жылы Ә.Үмбетбайұлы құрастырған «Орысша-қазақша әскерлік атаулары» («Русско-казакская военная терминология»), 1927 жылы Н.Қаратышқанұлы құрастырған Қазақстан оқу кемесеретінің білім ордасы қабылдаған пән сөздері, 1931 жылы Халық ағарту Комиссариаты Білім кеңесінің термин комиссиясы құрастырған «Атаулар сөздігі» т.с.с.

Н.Қаратышқанұлының құрастыруымен жарық көрген «Пән сөздігінде»: баррикада – шеп; баркас – еспе кеме; бастион – қорған мұнарасы; батальон – қосын; батарея – зеңбірек қосыны; битва (бой) – соғыс; блокада – қамау; блокгауз – ағаш қорған; боевая линия  – әскер желісі; боевое столкновение – жау қағысуы; боевой порядок – соғысқа дайындық; боевой участок – соғыс ауданы; боковой – бүйір, жанама; боковой отряд – жанама жасақ; бомба – бомбы; бомбардировка – зеңбірек астына алу; бомбамет – зеңбірек атушы; борьба – тартыс, талас; борьба за существование – тіршілік таласы; брантфахта – күзетші кеме; военнослужащий – әскерлік қызметші; военно-полевой суд – майдан соты т.с.с.; «Қазақша-орысша тілмашта»: жаугершілік, жаугерлік – 1) военное время, 2) милитаризм; жауласпақ  – 1) враждовать, 2) воевать; жауламақ – идти войной на кого; нарық – рыночная цена; несие  – долг, кредит; кіріс – 1) доход‚ 2) вход; кері салық  – регрессивный налог; кесіп капиталы  – промышленный капитал; әдіс ғылымы – технология; ақының сапасы – реальная  плата; әлем ғылымы – космография; әлеумет ғылымы – социология; айқасым – реакция (психологическая); білдіргіш – справочник; бекет – почтовая станция; тәжірибеқана – лаборатория; тән тіршілігі – физиология; тасу құралы (көлік) –транспорт; тетік ілімі – механика; тетік күш – механическая сила т.б.; «Атаулар сөздігінде»: авангард (войска) – алғы әскер; аванпост – аванпост (алдағы күзетші әскер); авиация – ұшушылық (ұшқыштармен әуеде қалықтау); авиомаяк – әуе мәйегі; авионосец – ұшқышты кеме; авиотранспорт – әуе транспорты; аврора –1) таң сәулесі, 2) көбелек; адмирал – адмирал; арбалет – жақ мылтық; арбитражная комиссия – аралық кәмесие; арест – қамау (тұтқынға алу); арестанты – тұтқындар; арматура –арматыр (аспап); армия – әскер; вневойсковики —саптан тысқарғы әскер; военная   конвенция — соғыс шарты; военная наука—соғыс ғылымы; военнослужащий— әскерлік қызметші; войско—әскер (сап, шеру); войсковая часть — әскер бөлімі; гавань – ғауын (кеме ықтырмасы) т.с.с.

Мысалдардан байқап отырғанымыздай, сөздіктерде калька жолы да жиі қолданылған. Калька төл сөздеріміздің мүмкіндігін арттырғанымен, кейде ұлттық дүниетанымнан алыстап, жасанды, стандарт тіркестердің көбеюіне әкелді. Осыған байланысты «Еңбекші қазақтың» 1930 жылғы 15 қаңтардағы №12 (1617) санында Әліп деген псевдоним иесі: «Осы күні қазақ газеттерінде «сұу асты кеме» деген бір атау қолданылып жүр. Текніийкеге жақындаған сайын тіл өседі. Бірақ дайын тіл тұрғанда, тыңнан тіл тауып алыу артық. Қазақ «сұу асты» демейді, «сүңгүуір» дейді. «Сүңгүуір» ұғым жағынан да қолайлы. Бұл кеме сұудың түбіндегі жермен жоғарылап жүрмейді. Сұуда сүңгіп жүреді. Олай болса, дайын тілді қолданыу керек. «Сұу асты кеме» емес, «сүңгүуір қайық» не «сүңгүуір кеме» деп алыу жақсы» [13] деп жазады.

Қазіргі кезде бұл мәселе өзектілігін жоя қоймады. Бүгінде калька жолымен беріліп жүрген көптеген атауларды ХХ ғасырдың басындағы сәтті баламалармен алмастыруға болар еді. Мәселен, акционерное общество тіркесіне балама ретінде акционерлік қоғам түрінде қолданылып жүрген атауды жарналы серіктік деп қолдануға әбден болатын сияқты. Сонымен қатар «оптом (продавать, покупать)» мәнінде қолданылып жүрген көтерме сауда тіркесінің орнына топтау, топтап сату немесе топтау алу түрінде қолдансақ, мағына әлдеқайда дәл берілер еді. Көтерме сөзін Н.Ильминский мен «Қазақша-орысша тілмашта» комиссионерство деп берсе, И.Букин сөздігінде көтерме саудааукцион деп түсіндіріледі. Бұл көтерме сауда сөзінің қазақ арасында бұрыннан қолданылғанымен, ол оптом сөзінің баламасы болмағанын көрсетеді.

Когнитивтік бағыттағы зерттеулерде «языковая картина мира» «дүниенің тілдік бейнесі», «ғаламның тілдік бейнесі», «әлемнің тілдік бейнесі» деген калька баламалар қолданылып жүр. Бұл орайда А.Байтұрсынұлы «ғаламды сөзбен көрсету» деген түсінікті де ыңғайлы, қазақы атауды қолданған: «Ақын-жазушылар ғалымдар сияқты болған уақиғаны яки нәрсені болған күйінде, тұрған қалпында бұлжытпастан айтып, дұрыс мағлұмат беріп, ақиқаттауға тырыспайды, тұрған нәрсе тұрған күйінде, болған уақиға болған күйінде ақынға өте үйреншікті, жай қалыпты, жабайы көрінеді. Оның бәрін ақындар өз көңілінше түйіп, өз ойынша жорып, өз ұйғаруынша сүгіреттеп көрсетеді. Сол өзі ұйғарған түріндегі ғаламды сөзбен көрсетуге (ерекшелеген – біз, О.Ж.) бар өнерін, шеберлігін жұмсайды, сүйтіп шығарған сөзі көркем сөзді шығарма болады. Оны шығаруға жұмсайтын өнердің аты ақындық болады» [8]. Осыған байланысты «дүниенің тілдік бейнесі», «ғаламның тілдік бейнесі», «әлемнің тілдік бейнесі» деген калька баламалардың орнына А.Байтұрсынұлының атауын қолданған жөн.

Ғалымның терминдері – тұнған поэзия: тірнек өнері, көрнек өнері; бастауыш, баяндауыш, толықтауыш, пысықтауыш, анықтауыш; жіктеу, сілтеу, сұрау, шектеу, танықтау; айырыңқы оңтай, жиылыңқы оңтай; затсымақтану, сынсымақтану, үстеусімектену; пәнді әліптеме, сәнді әліптеме; сөйлемдердің тысқы жақындығы; сөйлемдердің ішкі жақындығы; айырыңқы қиысу, жиылыңқы қиысу, қойылыңқы қиысу, сұйылыңқы қиысу, т.с.с. Бір ұғым, категория шеңберіндегі атаулардың тұрпаты өзара ұқсас. Қазіргі кездегі өздік есімдігі, болымсыздық есімдігі, белгісіздік есімдіктері деген (-дық/-дік қосымшасына біткен) атаулар жоқ, есімдіктерінің бәрі де -ау/-еу жұрнағына біткен (жіктеу, сілтеу, сұрау, шектеу, танықтау).

1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде термин (пән сөзі) мәселесі арнайы сөз болады. Онда Елдес Омаров баяндама жасап, Х.Досмұхамедұлы, М.Дулатұлы, М.Тұрғанбайұлы т.б. қоштап сөз сөйлейді. Осы съезде жасаған баяндамасында Е.Омаров былай дейді: «Қазақ тіліне жат сөздерді кіргізгенде, оның жат дыбыстарын бұзбай кіргізуге болмайды; жат дыбысқа жалпы бұқараның тілі келмейді де ішінде жат дыбыс бар жат сөз жалпыға жат болып қала береді; сөйте келе қазақша әдебиет тілі бұқараның тілінен мүлде басқаланып, қат танитұн бұқара біздің жазған сөзімізге түсінбейтін болады. Ол болмай, ойда жоқ бір керемет себептер болып, бұқара оқығандардан қалыспай, жат сөздерді жат дыбыстармен бұлжытпай айта алатұн болып кетсе, қазақтың тілі бұзылады. Мұның қайсысы болғанда да жақсы болмайды» [14].

ХХ ғасырдың 20-жылдарда орыс тілінен енген сөздерді (жат сөздерді) қабылдап, тұрақтандыруда төмендегі ұстанымдар негізге алынған:

- орыс тілінен енген сөздерді жазуда сол уақытқа дейін тілімізде араб-парсы және бұрынырақта орыс тілінен енген сөздерді үлгіге алынған.

- сөздердің өн бойында сингармонизм заңдылықтары сақталған. Сол себепті комиссариат – кемесерет, тема – теме, курсант – күрсент, губерния – гүбірне, конференция – кәнперенсе, лекция – лексійе түріне ауысқан.

<!-- [if !supportLists]-->- бастапқы буындары езулік, соңғы буыны езулік болып келген сөздерде (екпін түспесе) еріндік бастапқы буындарға ауысқан не мүлде жойылып, езулікке айналдырылған: автор – аптыр, директор – деректір, корректор – кәректір т.б.

- орыс тіліндегі ф орнына п; г орнына ж; һ, х орнына жуан сөздерде қ; жіңішке сөздерде к, ц орнына с, в орнына у; щ орнына ш қолданылған. Мыс: физика – пійзійке, география – жағырапа, химия – кіймійе, техник – текнійк, станция – станса, Москва – Мәскеу т.б.

- сөздің соңындағы а дыбысы түсіп қалған: аптека – аптек, фабрика – пәбірік, награда – награт, гитара – гитар, минута – мійнөт, секунда – секүнт, морфема – морфем, фонема – фонем, т.б. Жер атауларындағы соңғы а дыбысы үндесіміне қарай ы, і болып өзгерген: Европа – Жаурыпы, Африка – Әпрікі, Азия – Әзійе т.б.

- орысшада тр-ға біткен сөздерде т мен р арасына ы, і дыбыстары кіргізілген: тыйатыр, метір т.б.

- орыс тіліндегі -тор- ға біткен сөздерде ол -тыр/-тір, -тұр/-түр болып өзгерген: тырактыр, доқтұр, кәректір т.б.

- ка-ға біткен орыс сөздерінің соңы көбінесе -ке түріне ауысқан: справка – ыспырабке, музыка – мүузійке, техника – текнійке т.с.с.

-орыс тіліндегі -ок қосымшасы қазақ тілінде ке-ге өзгерген: участок – ұушаске, список – іспеске т.б.

- орысшада аяғы -ция-мен тынған сөздерде оның орнына -са/-се жазылған: милициямелетсе, станциястанса т.б.

ХХ ғасырдың басында сөздік түзушілер аударуға көнбеген сөздерді қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкестендіріп алып отырған. Мысалы: зауыт – завод, капыйтал – капитал, кіймійе – химия, кассы – касса, дійдәктійке – дидактика, натарыс – нотариус, газ – ғаз, азотная кислота – азот қышқылы, бром – бұром, аммоний – әмөн, бром – бұрoм, бактерия – бактерійе, барий – барый, т.б.

1924 жылы Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының І съезінде термин мәселесін арнайы сөз еткен Елдес Омаров қазақ тілінде сөздің соңында б, г, ғ, д дыбыстары келмейтінін ескерте келіп, осы заңдылықты шет тілінен енген сөздер үшін де ұстану керектігін айтады [14]. Ғалым: «Қазақ тіліне жат сөздерді кіргізгенде, оның жат дыбыстарын бұзбай кіргізуге болмайды; жат дыбысқа жалпы бұқараның тілі келмейді де ішінде жат дыбыс бар жат сөз жалпыға жат болып қала береді; сөйте келе қазақша әдебиет тілі бұқараның тілінен мүлде басқаланып, қат танитұн бұқара біздің жазған сөзімізге түсінбейтін болады. Ол болмай, ойда жоқ бір керемет себептер болып, бұқара оқығандардан қалыспай, жат сөздерді жат дыбыстармен бұлжытпай айта алатұн болып кетсе, қазақтың тілі бұзылады. Мұның қайсысы болғанда да жақсы болмайды» [14], - дейді.

Осы ұстаным сөздіктерде де басшылыққа алынған:

Актив – әктіп

Анод – анот

Биллиард – білійарт

Велосипед – белесепет

Завод – зауыт

Заводоуправление – зауыт басқармасы

Залог – залок, аманат (кепіл)

Залоговой акт – залок әктісі

Залогодатель – залок салушы

Залогодержатель – залок алушы

Изумруд – зүмірет

Йод – йот

Микроб – мекроп

Устав – ұстап

Ухаб – оқап

Штатив – ыштатып (үш аяқ)

Қазақ оқығандары арасында жат (шет) сөздерді қабылдауда екі түрлі ұстаным болған. Съезде сөйлеген сөзінде де, «Жат сөздер туралы» деген кітапшасында да Н.Төреқұлов түркі тілдерінен сөз іздемей-ақ «делдалсыз тура Аурыпадан алуды» ұсынады да бибауырмал дегеннің орнына интернационал, тарих сөзінің орнына история, тарихшы сөзінің орнына историк деп қолдану керектігін айтады. М.Қайыпназарұлы да осы ұстанымды негізге алып, жат сөздерді «өзге жұрт тілдерінде айтылуынша ешбір бұзбастан, айнытпастан алу керек. Кәзір Қырым, Әзербайжан сықылды өзге ұлт респөбликелері де солай алып жүр. Біз неге сүйтпейміз?» – дейді. Ал ұлттың болашағын ойлаған Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедұлы, А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы сынды ғалымдар бұл ұстанымға үзілді-кесілді қарсы шығады. Х.Досмұхамедұлы «Жат сөздерді қолданғанда, тілімізге ылайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады… Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұ жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді», – десе, А.Байтұрсынұлы «Сәбитке жауап» деген мақаласында: «Жат сөздерді басқалар, мәселен, орыстар өз тілінің заңына үйлестіріп алғанда, солай алуға біздің де қақымыз бар», – дейді [7].

1924 жылғы сиез қазақ тілінің дыбыстарын дауысты, дауыссыз деп екі бөліп алып, дауыссыз дыбыстарды өз ішінен бес бөліп жіктеген: р, л, у, йжарты дауысты; ң, м, нұяң; б, п, т, с, ш, қ, к қатаң; ж мен зымыралы, д, ғ, гымырасыз атанған. Съезд қазақ тіліндегі дыбыстарды жіктегенде жалғау, жұрнақтардың ауанына қарай топтастырып, жалғау-жұрнақтардың ешқайсысымен үйлеспейтін үш дыбысты (г, ғ, д) ымырасыз деп атап (б дыбысы көпке дейін зерттеушілер арасында талас тудырған) өз алдына бөлек шығарған. Осылайша жіктеу А.Байтұрсынұлының «Тіл – құралдарында» да сақталған [7].

Бүгінде профессор Ә.Жүнісбектің еңбектерінде қазақ тіліндегі төл ұяң дауыссыздар (б, г, ғ, д, з, ж) тоғысыңқы және жуысыңқы дыбыстар болып жіктеледі, яғни б дыбысы ерін тоғысымы, д тіл ұшы тоғысымы, г тіл ортасы тоғысымы, ғ тілшік тоғысымы арқылы, з тіл ұшы жинақы жуысымы, ж дыбысы жайылыңқы жуысымы арқылы жасалатыны жан-жақты дәлелденген [15, 35-б.]. Екінші сөзбен айтқанда, ғалым еңбектерінде б, г, ғ, д дыбыстарының не себепті ымырасыз болатыны жасалу жолдарына қарай сипатталған. Екі кезеңнің ғалымдары б, г, ғ, д дыбыстарын топтастыруда екі түрлі қырынан (ХХ ғасырдың басындағы ғалымдар  қосымша жалғануына қарай, Ә.Жүнісбек жасалу жолына қарай) жіктегенмен, аталған дыбыстардың ерекшелігін нақ басып көрсетіп, жеке топтастырған.

Яғни қазақ тілінде сөз б, г, ғ, д дыбыстарына бітпейді. Сондықтан аб дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; об дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; уб дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; аг дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; орг дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; ург дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; фаг дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; яг дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; ог дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; ад дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; айд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; ард дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; ед дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; ейд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; еид дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; фуд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; юд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; ярд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; ард дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; яд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; ряд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; ид дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; од дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; оид дыбыс тіркесіміне біткен сөздер; орд дыбыс тіркесіміне біткен сөздердегі б, г, д дыбыстарының орнына  п, к, т дыбыстарын жазу керектігі талас тудырмайды.

Қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтарына сәйкес бұл сөздердің соңындағы (әсіресе сөз бітеу буынға аяқталғанда) ұяң дауыссыздың орнына қатаң дауыссыз жазылуы тиіс. Араб тілінен енген кітап сөзі түпнұсқада б дыбысына біткенмен, қазақ тілінің заңдылығына сәйкес сөз соңы қатаң дыбысқа алмастырылды. ХХ ғасырдың басында завод сөзі зауыт түрінде таңбаланған. Бұл дәстүр қазіргі кезде де сақталып келеді.

Қазақ тілінде дыбыс тіркесімінің өзіндік заңдылықтары бар. Соған сәйкес сөздің соңында екі қатаң дауыссыз қатар келе алмайды, қатаң дауыссыздан кейін үнді не ұяң дауыссыз келе алмайды. Ал үнді дауыссыздан соң қатаң келе алады (қант, жент, кент, серт т.с.с.). Мұндай тіркестерді Қ.Кемеңгерұлы «дауыссыз дифтонг» деп атаған еді. Сондықтан енд, онд, унд дыбыс тіркесімдеріне біткен сөздерді де ент, ант, үнт түрінде жазуға болады. ХХ ғасыр басында тіл тазалығын ту етіп көтеріп, тіл заңын бұзбауға шақырған А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омаров, А.Байтасұлы, Қ.Кемеңгерұлы т.б. білімпаздар жат тілден жұрнақ қабылдауға қарсы болды. Мәселен, «Қазақша жазу жайы» деген «Еңбекші қазақ» газетінің бірнеше санында жарық көрген көлемді мақаласында Е.Омаров тіл заңын бұзбау қажеттігін айта келіп: «Орыстың «сатсыйализм», «сатсыйалист» деген сөздері – жалпы жұртқа ортақ сөз. Оны қазақ тіліне кіргізуге де болады. Бірақ оны алғанда, түбірін ғана алыб, «изм», «ист», «ни»; сықылды жұрнақтарын шығарыб тастау керек. Олардың орнына қазақ тілінің жұрнақтарын қосыу керек: жұрнаққа қазақ тілінен бай тіл кем-ақ болар. Өзіңде үйір-үйір жұрнақ бола тұрыб, жат жұрнаққа жармасыудың тіл бұзыудан басқа түк пайдасы болмайды», – дейді [14].

1924 жылғы білімпаздар съезінде Е.Омаров қазақша пән сөздер тақырыпты баяндамасында жұрнақтарды мағынасына қарай тұрлаулы (-лық‚ -шы‚ -шыл‚ -лы‚ -сыз‚ -уыш) және тұрлаусыз (-қ. -н‚ -ақ) деп жіктейді де, жаңа сөз жасауда, негізінен, тұрлаулы жұрнақтарды пайдалану керектігін айтады. Қ.Кемеңгерұлы да бұған айрықша назар аударған. Ғалым А.Байтұрсынұлы топтастыруын басшылыққа ала отырып,жұрнақтарды мән-мағынасына қарай (қимылдың амалын, құралын, нәтижесін білдіру‚ адамның бір іске бейімділігін көрсету т.б.) жіктейді. Қазақ тілі жалғамалы тілдер тобына жататындықтан, бүгінгі сөздік түзушілер мен орыс топтарына қазақ тілі оқулықтарын құрастырушылар осы ерекшелікке баса назар аударғаны жөн. «Еңбекші қазақ» газетінің 1929 жылғы 27 наурыздағы санында жарық көрген «Емле туралы» атты мақаласында А.Байтұрсынұлы сөз басына ереже  жасауға болмайтынын, ондай емле қолайлы, оңай емле болмайтынын ескерткен болатын. Сондықтан шеттілдік термин сөздерді қазақ тіліне бейімдеген кезде А.Байтұрсынұлы бастаған зиялылардың еңбектерінің негізінде қазақ тіліндегі нормаларды нақтылап алып, сол принциптерге бағындыру қажет. Шеттен енген сөзге қазақ тілінен не түркі тілдерінен балама табылмаған жағдайда Ақымет Байтұрсынұлы бастаған алаш зиялыларының ұстанымдарын басшылыққа ала отырып, тіліміздің дыбыстық заңдылықтарына икемдеуіміз қажет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Әбдіманов Ө. «Қазақ» газеті. - Алматы: Қазақстан,1993. – 168-б.

2. Бөкейхан Әлихан Шығармалары. - Екінші басылым. – Х том. – Астана: Сарыарқа, 2016.  – 119-121 б.

3. Оқу майданында шабандық бар // Бөкейхан Әлихан Шығармалары. – Екінші басылым. – ХІІ том. – Астана: Сарыарқа, 2016. – 566 б.

4. Жолдыбаев М. Қазақ тілін байытамыз // Еңбекші қазақ. 12.VІІІ.1926.

5. Орысша-қазақша әскерлік атаулары. /Құраст. Ә.Үмбетбайұлы. Русско-казакская военная терминология. Перевод А.Умбетбаева. – Қызылорда, 1926.

6. Мұқанов С. Алаш – ура! // Еңбекші қазақ. –1928, 26 қаңтар

7. Байтұрсынұлы А. Сәбитке жауап // Еңбекші қазақ. 26.01.28.

8. А. Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы. – Астана, 2017. – 740 б.

9. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. – ХІІ том. – Алматы, 2011. – 511-640 б.

10. Жұмсалымды грамматика. – Алматы, 2016. – 508 б.

11. Әріп мәселесі туралы айтыстағы Кемеңгерұлы Қошкенің сөзі // Еңбекші қазақ. 17‚19.06.27.

12. Орталық мемлекеттік мұрағат. 81-қор. 1-тізім.  285-іс. 18-байлам. 11-12-б.

13. ХХ ғасыр басындағы қазақ тіліне қатысты зерттеулер. – Алматы: Қазығұрт, 2013. – 640 б.

14. Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі. Орынбор, 1925.

15. Қазақ грамматикасы. – Астана, 2002. – 783 б.