ХХ ғасырдың аяғындағы тарихи жағдайлар шет елдермен байланыстарды дамыту үшін өте қолайлы болды және лингвистикалық тұрғыдан алғанда, бұл қазақ тілінде әртүрлі тілдерден енген қажетті кірме терминдер мөлшерінің артуына әсер етті. Жалпы айтқанда, ағылшын сөздеріне, шеттілдік элементтерге «еліктеу сәнін» теріс сипаттағы факторларға жатқызуға болады.
Шеттілдік сөздер – басқа тілден алынған және фонетикалық тұрғыда, жазуда, тіл стандарттарына сәйкес өзгертіле қалыптасқан сөздер. Шеттілдік сөздер – белгілі бір шет тілі элементі немесе толық мәнді морфема тілде пайда болатын және бекітілетін үдеріс, тілдің қызмет ету және тарихи өзгеру үдерісінің ажырамас бөлігі, сөздік қорын толықтырудың негізгі көздерінің бірі. Алынған лексика тілдік топтар арасындағы этностық байланыстар, әлеуметтік, экономикалық және мәдени байланыстар фактілерін көрсетеді. Лексиканы шеттен қабылдау ауызша және жазбаша түрде жүргізілуі мүмкін. Бірінші жағдайда сөздер тілге тезірек енеді. Екінші жолмен алынған сөздер фонетикалық, орфографиялық және грамматикалық ерекшеліктерін ұзақ сақтайды. Тілдегі кірме терминдер рөлі белгілі бір тілдің тарихына, ұлттар арасындағы саяси, экономикалық және мәдени қарым-қатынастарға байланысты. Тілдің сөздік құрамы қоғамдық өмірде туындап жатқан әрбір өзгеріске қарай дамып отырады. Қоғам өмірінің әсері сөздік құрамның этимологиялық мағынасындағыдай еш жерде айқын көрінбейді. Кеңес Одағының ыдырауымен саясат, экономика және демократия саласын көрсететін жаңа қоғамдық-саяси лексика пайда бола бастады. Сонымен қатар, Кеңес Одағының ыдырауы, әсіресе, батыс әлемімен қарым-қатынас орнату жолында тұрған кедергілердің біраз бөлігінің жойылуына ықпал етті. Іскери, ғылыми, сауда, мәдени байланыстар жанданды, шетелдік туризм өркендеді. Біздің мамандардың басқа елдердің мекемелерінде ұзақ уақыт жұмыс істеуі, Қазақстанда бірлескен кәсіпорындардың жұмыс істеуі әдеттегі жағдайға айналды. Басқа тілдерді қолданатын адамдармен қарқынды қарым-қатынас жасау қажеттілігі артты. Бұл дегеніміз – осы тілдерден лексиканы тікелей алу үшін ғана емес, сонымен бірге қазақ тілінің иелмендерін халықаралық (көбінесе ағылшын тілі негізінде құрылған) терминологиялық жүйелермен – мысалы, есептеу техникасы, экономика, қаржы, сауда, спорт, сән, журналистика және басқалармен таныстырудың маңызды шарты болып табылады. Ғасырлар бойындағы түбегейлі өзгерістерде уақыт зымырап өтуде, кеше, тіпті бүгін таңертең ғана пайда болған барлық жаңа нәрселерді түсініп үлгеру мүмкін емес. Тіл, дәлірек айтқанда, оның лексикасы, яғни сөздік құрамы тез өзгереді. Тарихи даму үдерісінде адами тілдер бір-бірімен ұдайы белгілі бір қарым-қатынастарда болды және бола береді де. Тілдік байланыс дегеніміз – олардың біреуінің немесе көпшілігінің құрылымы мен сөздігіне әсер ететін екі немесе одан да көп тілдердің өзара әрекеттесуі. Қазіргі уақытта лингвистердің қызығушылығы қазақ-ағылшын тілдерімен және басқа да тілдермен байланысқа бағытталған. Өзге тілдерден шыққан көптеген кірме терминдердің пайда болуы, олардың қазақ тілінде молынан шоғырлануы әлеуметтік және ғылыми өмірдегі қарқынды өзгерістермен түсіндіріледі:
- ақпараттық ағындардың күшеюі;
- интернеттің ғаламдық компьютерлік жүйесінің пайда болуы;
- мемлекетаралық және халықаралық қатынастардың кеңеюі;
- әлемдік нарықты, экономиканы, ақпараттық технологияларды дамыту;
- олимпиадаларға, халықаралық фестивальдарға және т.б. қатысу.
Кірме терминдерді қабылдаудың бірқатар себептері бар:
1. лексикалық қорды интернационалдандырудың жалпыәлемдік үрдісі;
2. жаңа заттарды, ұғымдар мен құбылыстарды атау қажеттілігі (ноутбук-notebook, органайзер-organiser, сканер-сканер);
3. сәйкес (дәлірек) атаудың болмауы (немесе оның кірме сөзбен салыстырғанда ұтымды қолданылмауы), рецептор-тілде сәйкес атаудың болмауына байланысты іскер адамның сөздік қорына тұрақты түрде енген (спрей-spray, дайджест-digest, виртуалды-vertual);
4. ағылшын сөзінің көмегімен көпмәнді сипаттамалық орамдарды көрсету, білдіру қажеттілігі (термопот-термос пен шәйнек бірге, peeling-пиллинг-крем-терінің жоғарғы қабатын тазартатын крем);
5. тілді неғұрлым мәнерлі/бейнелі құралдармен толықтыру (image-имидж-образ орнына, pricelist-прай-лист-прейскурант орнына, show-шоу-көрініс, қойылым орнына);
6. шеттілдік сөзді анағұрлым беделді, «әдемі дыбысталатын» сөз ретінде қабылдау (presentation-презентация-таныстырылым орнына; exclusive-эксклюзивті-айырықша орнына) (Ильина Л.А. О теоретических основах классификации лексических заимствований // Вопросы языка и литературы. – Новокузнецк, 1981).
Шеттілдік терминдерді қабылдаудың экстралингвистикалық себептері:
1. Халықтардың тарихи қарым-қатынастары.
2. Жаңа пәндер мен ұғымдарға атау телудің қажеттілігі.
3. Ұлттың қандай да бір қызмет саласындағы жаңашылдығы.
4. Тілдік сән.
Шеттілдік терминдерді қабылдаудың ішкі лингвистикалық себептері:
1. Ана тілінде жаңа зат немесе ұғым үшін балама сөздің болмауы (мысалы, плеер, мониторинг, және т.б.). Бұл кірме терминдер қабылдаудағы басты себеп болып табылады.
2. Сипаттамалық орамның орнына бір кірме сөзді қолдану үрдісі. Мысал ретінде: автотуристерге арналған қонақ үй – мотель; журналистерге арналған қысқа баспасөз конференциясы-брифинг; шаңғыда мәнерлеп сырғанау-фристайл және т.б. келтіруге болады.
Шеттілдік терминдерді қабылдау – белсенді үдеріс: қабылдаушы тіл бөгде сөзді оны қандай да бір жолмен қайта ретке келтіреді, қайта жасайды, оны белгілі бір дәрежеде ішкі тілдік заңдылықтарға бағындырады, оны ішкі жүйелік қатынастар желісіне қосады. Шеттілдік сөздерді қабылдаушы тілдің белсенділігі калькалау үдерісінде айқын көрінеді.
Біріншіден, шеттілдік сөздің экспонентіндегі фонемдер есту әсеріне жақын төл фонемдермен ауыстырылады; тілдің ішкі заңдылықтарына сәйкес буын құрылымы, түрі, екпін және т. б. өзгереді.
Екіншіден, кірме сөз тиісті грамматикалық категорияларға ие бола отырып, қабылдаушы тілдің морфологиялық жүйесіне енеді.
Барлық өзгерістердің нәтижесінде кірме терминдер қарапайым тіл иелмендерінің қолданысында өз сөздеріндей болып сіңісіп кетеді, оны бөгде, шетелдік сөз деп мүлде ойламайды, олардың шеттілдік шығу тегін кірме терминдер ретінде ғана ашуға болады: спорт - sport , клуб - club, футбол - football, cocktail - коктейль, grapefruit - грейпфрут және т.б.
Сондай-ақ тілдің сөздік құрамында варваризм немесе экзотизм сөздер бар, яғни бөгде реалийлер мен әдет-ғұрыптарды сипаттау кезінде оларға колористік реңк беру үшін қолдануға жарамды шеттілдік терминдер. Мысалы, dollar-доллар, barmen-бармен, gangster-гангстер, boss-босс, miss-мисс, mister-мистер және т.б.
Кірме шеттілдік терминдердің арасында интернационализмдердің ерекше тобы – әлемнің көптеген тілдерінде немесе кез келген жағдайда кең таралған сөздер (тиісті ұлттық нұсқаларда) ерекшеленеді. Салыстырып көрейік, мысалы, орыс: Революция, франц: Revolution, нем. Revolution, ағылш. Revolution, исп. Revolucjon, итал. Revoluzione, польша: Rewolucja, чех. Revoluce лит: Revoliucija, эстон: Revolutsioon, тат. Революция және т.б. (Ильина Л.А. О теоретических основах классификации лексических заимствований // Вопросы языка и литературы. – Новокузнецк, 1981).
Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», – дей келіп, ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту қажеттігін баса айтқан еді. «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз – осы», – деп тұжырымдады. Яғни Елбасы Қазақстанның келешектегі дамуын сөз еткенде, өткен тарихында әрдайым есте ұстап, тарихтан тағылым алу керектігін ескертеді.
Бүгінде латын графикасына көшуге байланысты терминдерді таңбалау, халықаралық атауларды дұрыс жазу мәселесі өзекті болып отыр. Бұл орайда өткен ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ зиялыларының еңбектерінің маңызы зор.
1922 жылы Қазақстанда жат сөздерді, пән атауларын қазақшаландыратын комиссия құрылады да оны А.Байтұрсынұлы басқарады. Комиссия жат (өзге тілдік) сөздерді қабылдауда мына принциптерді басшылыққа алған:
а) жат атаулардың мағынасын түсіндіргендей қазақ сөзін алу;
ә) оған қолайлы қазақ сөзі болмаса, түркі сөзін алу;
б) түркі сөзі де тура келмесе, қазақ тілінің заңына үйлестіріп, Еуропа сөзін алу (Жолдыбаев М. Қазақ тілін байытамыз// Еңбекші қазақ. 12.VIII.1926).
XX ғасырдың басында қазақ оқығандары арасында жат (шет) сөздерді қабылдауда екі түрлі ұстаным болған. Н.Төреқұлов, М.Қайыпназарұлы жат сөздерді «өзге жұрт тілдерінде айтылуынша ешбір бұзбастан, айнытпастан алу керек. Кәзір Қырым, Әзербайжан сықылды өзге ұлт респөбликелері де солай алып жүр. Біз неге сүйтпейміз?» – десе, Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Қ.Кемеңгерұлы сынды ғалымдар бұл ұстанымға үзілді-кесілді қарсы шығады. Х.Досмұхамедұлы «Жат сөздерді қолданғанда, тілімізге ылайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады... Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұ жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді», десе, А.Байтұрсынұлы «Сәбитке жауап» деген мақаласында: «Жат сөздерді басқалар, мәселен, орыстар өз тілінің заңына үйлестіріп алғанда, солай алуға біздің де қақымыз бар», – дейді (Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы. - Астана, 2017. - 740 б.).
«Тамыры тарих тереңінен бастау алатын рухани код» ретінде XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының еңбектерін, тілтанымдық мұрасын әрдайым назарда ұстауымыз керек. Әсіресе шеттен енген термин сөздерді қазақ тілінің заңдылықтарына бейімдеуде А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы сынды терминолог ғалымдардың ұстанымдарын басшылыққа алу қажет.
Сондықтан шеттілдік термин сөздерді қазақ тіліне бейімдеген кезде А.Байтұрсынұлы бастаған зиялылардың еңбектерінің негізінде қазақ тіліндегі нормаларды нақтылап алып, сол принциптерге бағындыру кажет. Қазақ тіліне кірген жат сөздерді де мүмкіндігінше заңдылықтарға икемдеп, сөздің ішіндегі дыбыстарының бәрін бірыңғай жіңішке не жуан түрінде алуға болады.
Біз бұл мақаланы әзірлеу барысында зерттеуші-ғалымдар О.Жұбаева мен Қ.Айдарбектің «Латын графикасына көшу барысында кірме терминдерді тіл заңдылықтарына сәйкес игеру мәселелері» атты мақалаларына шолу жасап, кейбір тілдік деректерді сол түпнұсқадан келтіріп отырмыз. Шеттілдік терминдерді қазақ тілінің заңдылығына бейімдеп, яғни съезд,. подъезд, разъезд, т.с.с. сөздердегі д әрпін түсіріп жазу жағын ескерген жөн. Қазіргі кезде поезд сөзі пойыз түрінде жазылып жүр (XX ғасырдың басында да солай жазылған). Сол сияқты сс, лл, тт, пп, ст, кст, сть, зд, кк, вт, фт дыбыстарына біткен есім сөздердің соңғы әріптері түсіріліп жазылуы керек: турист емес, турис, фантаст емес, фантас т.с.с. А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров т.с.с. ғалымдардың еңбектерінде термин сөздердің тұлғасын қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес дұрыс жазуда қосымша жалғап тексеру әдісі қолданылған. Ол әдісті қазіргі кезде де пайдалануға болады.
Сондай-ақ сс, лл, тт, пп, ст, кст, сть, зд, кк, вт, фт дыбыстарына біткен есім сөздерге қосымша жалғанғанда да соңғы әріптері түсіп қалады: кросс - кросқа, кросы, класс - класқа, кластар, класы, металл - металды, металы, грамм - грамга, грамдық, грамы, киловатт-киловатта, грипп - грипі, съезд - съезге, съезі, ведомость - ведомосқа, фармацевт - фармацевке, шрифт - шрифпен; сондай-ақ трест - треске, тресі; турист - туриске, турисі; утопист - утописке, утописі; фантаст - фантасқа, фантасы; фонетист - фонетиске, фонетисі; форпост - форпосқа, форпосы; футурист - футуриске, футурисі; чекист - чекиске, чекисі; экономист - экономиске, экономисі; юрист - юриске, юрисі т.с.с.
Екі қатаң дауыссызға біткен (ск, ст, кс, кт, пт, фт) сөздердің соңына ы, і дәнекер дыбыстарын қосып жазу керек. Себебі ол сөздерге қосымша ы, і дәнекер дыбыстары (әріптері) арқылы жалғанады: объект+і+ге, объект+і+сі, киоск+і+ге, киоск+і+сі, киоск+і+лер, Омск+і+ден, Омск+і+ге, лифт+і+мен, факт+і+сі, факт+і+лер, рецепт+і+нің, рецепт+ті+ге, манускрипт+і+ге, моллюскіге, пактіні, тактіні, трактіге, фактісі, перфектіні, интеллектіге, инстинктіні, рецептіге, эвкалиптінің т.с.с.
Үнді және қатаң дауыссыздар тіркесіне (нк, лк, мп, лт, льт, нс, рс, рт, рш, нт, рм, фр т.б.) біткен сөздерге қосымша ы, і дәнекерінсіз, буын үндестігі бойынша жалғанады: финанс+ца, финанс+ы, аванс+ы (авансысы емес), цемент+ке, цемент+ті, фермент+тік, цифр+га, цифр+ы (цифрысы емес); хлороформ+га, хлороформ+нан, хлороформ+ы, фунт+қа, фунт+ы, формант+тар, формант+ы, банк+ке, автопарк+тен, пулът+ке т.с.с. Себебі сөз соңындағы үнді мен қатаң дыбыстардың тіркесі қазақ тіліне жат емес (Айдарбек Қ., Жұбаева О. «Латын графикасына көшу барысында кірме терминдерді тіл заңдылықтарына сәйкес игеру мәселелері» // «Рухани жаңғыру: қазіргі қазақ терминологиясы» ғылыми-практикалық конференция. Нұр-Сұлтан, 2019 ж. 37-42 б.).
Қазақ тілінің жиілік сөздігіне сүйенер болсақ шет тілден енген мұндай сөздер өте көп (Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігі. - Алматы: Дәуір, 2016. – 1472 б.).
Сөз тұлғасын қосымша жалғау арқылы тексеру әдісі – А.Байтұрсынұлы бастаған ғалымдардың негізгі ұстанымдарының бірі. Бұл әдіс осы уақытқа дейін көп еленбегенмен, орфографиялық сөздіктерде, анықтағыштарда (Р.Сыздық «Қазақ тілінің анықтағышы». – Астана, 2000) ұяң дыбыстарға біткен сөздерге жалғанатын қосымшалардың қатаң дыбыспен басталатыны туралы айтылған. Сол себепті тіліміздің заңдылықтарына сәйкес б, г, д дыбыстарына біткен сөздерде сөздің соңына п, к, т әріптерін жазу керек. Осыған байланысты енд (бренд, дивиденд, стенд, тренд, фотостенд), онд (алюкобонд, генофонд, евробонд), унд (карборунд) дыбыс тіркесімдеріне біткен сөздерді де нт түрінде жазу керек.
Шеттілден енген енг, инг, онг дыбыс тіркесімдеріне біткен сөздердің соңындағы нг дыбысының орнына қазақ тіліндегі ң дыбысын таңбалауға болады: автопаркинг, агрохолдинг, аутбридинг, аутсорсинг, банкинг, бизнес-рейтинг, бизнес-тренинг, боулинг, брифинг, викинг, демпинг, допинг, импритинг, инбридинг, инжиниринг, карлинг, картинг, кастинг, кикбоксинг, кинг, клиринг, консалтинг, контроллинг, лизинг, маркетинг, митинг, мониторинг, пейджинг, порцинг, рейтинг, роуминг, ринг, семинар-тренинг, серфинг, скрининг, смокинг, спарринг, стайлинг, стерлинг, тренинг, фандрайзинг, франчайзинг, холдинг, хостинг, лозунг, бумеранг, ранг, фланг, сленг, гонг, дифтонг, полидифтонг т.с.с. орыс тілінде ң дыбысы болмағандықтан, нг тіркесімен берілген. Бұл сөздерді делдал тілдегі өзгеріске түскен қалпында емес, түпнұсқадағы қалпына жақын етіп алуға болады (Айдарбек Қ., Жұбаева О. «Латын графикасына көшу барысында кірме терминдерді тіл заңдылықтарына сәйкес игеру мәселелері» // «Рухани жаңғыру: қазіргі қазақ терминологиясы» ғылыми-практикалық конференция. Нұр-Сұлтан, 2019 ж. 37-42 б.). Шеттен енген сөздердің соңындағы а дыбысы түсіріліп жазылуы керек: аптека - аптек, глюкоза – глүкөз; целлюлоза – селүлөз; морфема - морфем, фонема – фонем, графема – графем; кардиограмма – кардиограм т.б.
Осы орайда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Мұратқызы Фазылжанның басшылығымен және филология ғылымдарының докторы, профессор Айман апай Алдаштың кеңесшілігімен Терминологиялық орталықтың қызметкерлері «Латынграфикалы жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын жаңғыртудың ғылыми-техникалық базасын әзірлеу» атты мақсатты-бағдарламалық жобасының (2018-2020 жж.) аясында әзірлеген «Жаңа ұлттық әліпбиде кірме терминдерді транслитерациялау және транскрипциялау анықтағышы» бойынша бірқатар түйткілді деген тұстарынан деректер келтіре кетуді жөн көріп отырмыз.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын Жолдауындағы «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын әрпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек» деген пікірі халық тарапынан кең қолдау тапты. Техника мен технология дамыған жаһандану заманында, кірме терминдердің саны артып отырған сәтте, оларды таңбалау, қазақ тіліне икемдеп жазу мәселесі де өте өзекті. Еңбектің негізгі мақсаты – кірме терминдерді жаңа ұлттық латыннегізді әліпбиде таңбалау жолдарын көрсету.
Ұлттық әліпбиге негізделген емле ережелерінің жаңа жобасын әзірлеу барысында кірме терминдердің таңбалануына айрықша назар аударылды. Анықтағышты түзуде кірме терминдерді таңбалау қағидаттары басшылыққа алынды.
Ё әрпі ө әрпімен таңбаланады: актөр, манөвр, өхор, бриселөз, режиcөр, сөсагато. Өте дұрыс берілім. Алайда ё-ні ө ретінде таңбалау жіңішке буынды сөздерде үндесіп тұрады, ал жуан буынды сөздерде дыбыс үндестігі бұзылады әрі аралас буынды сөздер жасалады. Сондықтан ө әрпі қатысқан сөздердегі жуан буындарды да жіңішке әріптермен таңбалаған дұрыс сияқты. Мысалы, әктөр, mәnөvіr, өхөр, сөгүн, сөсәгәтө, т.б.
Ц әрпі және сц әріп тіркесі с әрпі арқылы жазылады: сирк, десиметр, кварс, сенари, плебисит. Ц-ны бұрыннан-ақ с әріпімен таңбалауға болар еді. Тіпті көптеген славян тектес елдердің өзі осылай таңбалайды. Мысалы, полисиа, милисиа.
Э әрпі е әрпімен жазылады: element, elevator, elektr. Бірақ сөз соңындағы оэ тіркесі оi түрінде беріледі: алоэ ‒ aлой, каноэ ‒ kaной, диплоэ ‒ диплой. Бұл да дұрыс ойластырылған таңбалау. Қазақ ежелден-ақ э-ні е, алоэні алой, каноэні каной ретінде айтатыны белгілі.
Ю әрпі сөз басында және сөз соңында, сондай-ақ дауысты дыбыстан кейін -йу әріп тіркесімен, сөз ортасында дауыссыз дыбыстан кейін ү әрпімен жазылады: йувенал, кайута, авенү, бүлетен, компүтер, конүнктура, конүнктивит. Бұл бапқа «ю әрпі «ү» болып таңбаланған сөздердің барлық буындары біріңғай жіңішке болып жазылады» деген сөйлемді қосу қажет болар. Оған мысал: көмпүтер, грәвүрә, минәтүрә, блүтүз, бүрө, фүмәж, т.б.
Я әрпі сөз басында және дауысты дыбыстан кейін, сондай-ақ жіңішкелік белгісінен (ь) кейін -йa әріп тіркесімен, дауыссыз дыбыстан кейін ә әрпімен жазылады, сөз соңында дауысты дыбыстан кейін а әрпімен жазылады: йахта, йадро, зарәд, нарәд, кнәз, химиа, батареа, апиләсиа, апирексиа. Жуан буынды сөздердегі «я»-ны «ә»-мен белгілеген жағдайда алдыңғы және кейінгі буындар жіңішкеріп айтылады. Жазуда да неге солай жазбасқа? Мысалы, изөләсиә, кәлкүләсиә, кәмисиә, әпиләсиә, әпирексиә, әксиә, зәрәд, нәрәд, т.б. Бір буынды сөздердегі «я» әрпін «ә»-мен және «э» әрпін «е»-мен белгілегенде мағына өзгерісі болады және мұндай сөздер көбейе берсе, тиісінше тілде омоним сөздер (шэн-шен, кэш-кеш, кэп-кеп, цян-сән, кэт-кет, пэр-пер) де молая түсетіні ақиқат.
Жіңішкелік белгісі (ь) бар буынға жіңішке дауыстылардың әрпі жазылады: әлбом, бәлзам, әлфа, бүлдозер, корөл, әлпинис, үлтра. Біздің ойымызша, жіңішкелік белгі алынып тасталған сөздің барлық буыны жіңішке болып айтылып, жазылғаны жөн. Мысалы, әлбөм, бәлзәм, әлфә, медәлөн, гәстрөл, кәрөл, үлтрә, т.б.
Сөз ортасындағы қайталама сс, мм, лл, тт, фф, нн, бб, рр, пп, гг, дд, кк, уу, оо дыбыстарын білдіретін әріптердің бірі түсіріліп жазылады: патисон, комисар, колеж, афекті, акорд. Бірақ зoo сөзалды сыңарымен берілетін сөздерде сақталып жазылады: зообақ, зоологиа. Бұл бапқа «егер сөз мағынасы бұзылмаса, қосарлы о-дан басталатын сөздердегі бір о әрпі түсіп қалады» деген сөйлем қосу қажет тәрізді. Мысалы, оомицет, ооцит, ооцис сөздеріндегі бір о-ны түсірсек (омисет, осит, осис), сөз мағынасы еш өзгермейді әрі бір әріп болса да үнемдейміз.
Сөз мағынасына әсер ететін жағдайда, сондай-ақ өлшем бірлік атауларында қайталама дыбыстар сақталып жазылады: трасса, тресса, селла, доллар, брутто, миллион, миллиметр. Сондықтан қос әріптерді түсіру барысында мұқият болған дұрыс. Әйтпесе, сөз мағынасы әлсірейді немесе тіптен (целла-села, эссе-есе) бұзылады.
Ст, сть, зд, вт, фт тіркестеріне аяқталған сөздердің соңғы әріптері түсіріліп жазылады: ландшаф, фантас, фонетис, футурис, турис, сиез, фармасеп. Бұл жерде -нд, -пт дыбыс тіркестеріне аяқталатын сөздерді де қосуға болатын тәрізді. Мысалы, хэпиенд ‒ хепиен, бэкгранд ‒ бекгран, рэпэраунд ‒ репераун, эвкалипт ‒ евкалип, концепт ‒ консеп.
Кірме терминдердің соңындағы а әрпі сөз мағынасына әсер етпеген жағдайда түсіріліп жазылады: кардиограм, орфограм, фонем, лексем, капсул, кординат. Әрине, мұнда да өте мұқият болу қажет. Көптеген сөздер бұл ережеге бағына бермейді. Кейбір сөздерде а дыбысын алып тастасақ, сөз мағынасы бұзылады.
Сөз мағынасына әсер еткен жағдайда және екi буынды сөздерде а әрпі сақталады: математика, граматика, база, норма.
-ог әріп тіркесiне аяқталған сөздерге қосымша жуан жалғанады: педагог, эколог, филолог (-тың -қа, -ы, -тар). Қазақ тілінде г әріпінен сөз аяқталмайтыны белгілі. Сондықтан айтуда да, жазуда да сөз соңындағы г-нің орнына к әрпін жазу жағын ойластыру қажет. Мысалы, психолок, педагок, еколок, филолок, еритрофак, эпилок, т.б.
Қорыта айтқанда, жаңа емле ережелері бекітілетін болса, тіліміз үндестік заңына бағынып, айтылатын әрі жазылатын және үнемдеу мәселесі де оң шешілетін болады. Дегенмен кейбір сөздерді таңбалауда мұқият болу қажеттігі туады. Өйткені әлдебір сөздерді өзгертіп жазу кезінде сөздің бастапқы мағынасы күңгірттенуі немесе жоғалуы мүмкін. Бұл өз кезегінде тілде омоним сөздердің көптеп пайда болуына әкеліп соғады. Ендеше, сөздерді дұрыс транслитерациялау мен транскрипциялау бүгінгі таңдағы өте өзекті мәселе болары сөзсіз. Қазақ тілі ‒ үндестік заңын қатаң сақтауды қажет ететін тіл. Сондықтан сөздерді бірыңғай жуан, бірыңғай жіңішке буындармен жазуға тырысуымыз керек. Жаңа әліпбиді, соған сәйкес жасалынған емле ережелерін әлі де бүкіл қоғам болып талқылап, кеңесе отырып жетілдіре, ширата түскеннің еш артықтығы жоқ.
Аталған анықтағыш ұлттық терминологияны дамыту, терминдерді реттеу, біріздендіру, жүйелеу, кірме терминдерді дұрыс таңбалауға септігін тигізеді деп сенеміз.
Тіл тазалығына мән бермейтін немқұрайдылықтан, тілін білмегеніне арланбайтын намыссыздықтан сақтанудың, олардың алдын алудың бірден-бір жолы – ұлттық рухты ояту, ұлттық кодты сақтау. XX ғасырдың басында қай дыбыс қалай игерілгені, қосар дыбыстарды таңбалаудағы ерекшеліктер, шеттілдік терминдердің жазылуы, таңбалауда қандай ұстанымдар басшылыққа алынғанын ескере отырып, тіліміздің заңдылықтарын бұзбауға тырысуымыз қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
<!-- [if !supportLists]-->1. <!--[endif]-->Ильина Л.А. О теоретических основах классификации лексических заимствований // Вопросы языка и литературы. – Новокузнецк, 1981.
<!-- [if !supportLists]-->2. <!--[endif]-->Жолдыбаев М. Қазақ тілін байытамыз // Еңбекші қазақ. 12.VIII.1926.
<!-- [if !supportLists]-->3. <!--[endif]-->Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы. – Астана, 2017. - 740 б.
<!-- [if !supportLists]-->4. <!--[endif]-->Айдарбек Қ., Жұбаева О. «Латын графикасына көшу барысында кірме терминдерді тіл заңдылықтарына сәйкес игеру мәселелері» // «Рухани жаңғыру: қазіргі қазақ терминологиясы» ғылыми-практикалық конференция. – Нұр-Сұлтан, 2019. 37-42 б.
<!-- [if !supportLists]-->5. <!--[endif]-->Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігі. – Алматы: Дәуір, 2016. – 1472 б.
<!-- [if !supportLists]-->6. <!--[endif]-->Сыздық Р. «Қазақ тілінің анықтағышы». – Астана, 2000.
<!-- [if !supportLists]-->7. <!--[endif]-->Жаңа ұлттық әліпбиде кірме терминдерді транслитерациялау және транскрипциялау анықтағышы. –Алматы, 2020. –105 б.