ТЕЛЕВИЗИЯ – ТІЛ ДАМЫТУ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ БІРІ

ТЕЛЕВИЗИЯ – ТІЛ ДАМЫТУ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ БІРІ
Ақпарат кеңістігінде пайда болған кезде телевизия соған дейін білім көзі де, тәрбие құралы да болған кітапты байытып, толықтыра түсті. Бұны телевизиялық бағдарлама жасаушылар да ұқты. Ұрпақ тәрбиелеуге қосатын үлестерін, жауапкершіліктерін сезінгендігінен болар, ол кездегі теле өнімдер шындығында да мол мәлімет беретін дерек көздері болды.

ТЕЛЕВИЗИЯ – ТІЛ ДАМЫТУ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ БІРІ

 

«Тіл – арыстан есік баққан ашулы,

Сақ болмасаң жұтар, ерім, басыңды!»

Жүсіп Баласағұн

Ақпарат кеңістігінде пайда болған кезде телевизия соған дейін білім көзі де, тәрбие құралы да болған кітапты байытып, толықтыра түсті. Бұны телевизиялық бағдарлама жасаушылар да ұқты. Ұрпақ тәрбиелеуге қосатын үлестерін, жауапкершіліктерін сезінгендігінен болар, ол кездегі теле өнімдер шындығында да мол мәлімет беретін дерек көздері болды.

Уақыт өте телевидение кітапты ығыстыра түсіп, бұл басымдық күн санап өсуде. Бірақ, өкінішке қарай, көп жағдайда телевидениенің танымдық тәрбие беру әлеуетінен гөрі танымалдыққа апаратын әлеуеті басым пайдаланылатындай көрінеді. Тіпті, қоғамда белгілі бір тұлға туралы айту керек болса, «бәлен хабарға қатысқан», «түген хабарды жүргізген» деп сипаттайтын әдет пайда болды.

Телевизияның қуатты құрал екенін «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген ұстанымдағы адамдар тез байқады. Белгілі бір мәселе бойынша орнықты пікір айта ала ма, көркем сөйлеп, тыңдарманды ұйыта ала ма, жоқ па, бәрібір, бүгінде «көк жәшіктен» көрінуді мақсат етушілер телеэкранға шығуға тырысып бағуда.

Осы жаппай ұмтылыс көптеген «әттеген-айлардың» себебіне айналып, тіпті белгілі бір жағдайларда ұлттық мәдениетімізге зиянын тигізіп отыр. Иә, теледидардан берілетін көркемдік құны төмен, тілі сақау, тәрбиелік мәні жоқ ақпараттың зияны орасан зор: ол жас ұрпақтың дүниетанымын тарылтады, талғамын төмендетеді, тілін бұзады. Сондықтан, қазіргі кітаптан телевизор  үстем болған заманда теле хабарларының сапасына қойылатын талап жоғары болуы керек. Ал ол, әрине, мамандарға тікелей байланысты.

Қазір бұрынғыдай емес, журналистика факультеті де, оған түскісі келетіндердің саны да көбейді. Және оқуға түскендердің көпшілігі тележурналистиканы таңдауы бұл саланың жастар арасында жазба журналистикаға қарағанда сұранысқа ие екенін көрсетеді. Неге? Қоғамда қалыптасып үлгірген үрдіс бойынша жастар да телевидениені танымалдыққа апаратын төте жол деп таңдай ма, әлде?

Мектеп бітірушілер арасында журналист мамандығы халықаралық қатынастар қызметі, заңгер, экономист сияқты – ауыз толтырып айтатын беделді кәсіптер санатында. Журналистикаға түсе алмай қалғандарға арналып түрлі үйірмелер, курстар ашылып, шеберлік сабақтары өткізіледі.

Бірде жас журналистерді дайындайтын сондай курсқа барып, дәріс оқыдым. «Журналист болсам» деп армандап, жоспар құрып жүрген жастарға «қазақтың қай журналисіне ұқсағың келеді?» деген өте қарапайым сұрақ қойдым. Қатысушылар әдемі киім киіп, суфлерден қарап сөйлеп отыратын тележүргізушілерді жапа-тармағай атай бастады!

Жазба журналистердің бір де біреуінің аты аталған жоқ. Журналист болам деп жүрген жастар біз мақалаларын іздеп жүріп оқыған аға буын журналистерді де, оларға өкшелес келе жатқан біздің қатарластарымызды да, өрнекті тіл, өткір ойымен танылған қазіргі буын өкілдерін де оқымаған болып шықты... Бірақ, бірнеше  жылдан кейін осындайлар көгілдір экраннан екпіндей сөйлеп тұруы ғажап емес. Мысал келтіре кетейік.

2010 жылы 1-2 желтоқсан күндері Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның саммиті болып, мен сол жиында ілеспе аударма жасадым. Саммитке 38 мемлекеттің және үкіметтің сол кездегі  басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Германия Федеральдық канцлері Ангела Меркель, т.б. әлемдік деңгейдегі саясаткерлер болды.

Саммиттің қорытынды құжаты түнгі 3-те қабылданып, жария етілді. Оған дейін мемлекет басшылары жабық есік жағдайында жұмыс істеді. Сол кезде Саммиттің баспасөз орталығында шаштары бурыл тартқан еуропалық журналистер компьютерлеріне үңіліп, саусақтары пернетақтада лыпыл қағып, материалдар жазып отырды.

Дәл сол кезде біздің кейбір тілшілеріміз Тәуелсіздік сарайының әр жеріне барып, ұялы телефондарына қайта-қайта суретке түсіп жүргені назар аудартты. Кейбіреулерінің жүзі таныстеледидардан күнде көріп жүрген, өзіміздің телеарналардың тілшілері.

Бәлкім, мен бұл жайды ұмытып кетер ме едім, бірақ келесі күні эфирден берілген репортажында суретке түсіп, мәз боп жүрген бойжеткен   Х.Клинтон мен А.Меркельді сипаттай келіп, лауазымдарын «екі мемлекеттің президенттері» демесі бар ма!

Мұндай салиқалы жиындардан хабар жасауға сарайлардың салтанатынан есі танып, суретке түсіп әбігер болатындарды емес, тәжірибелі, ысылған журналистерді жіберу керектігі туралы бірқатар БАҚ-қа берген сұхбатымда айтқанмын. Бірақ ол естір құлаққа жетті ме, жоқ па, белгісіз.

Енді бірнеше мысал келтіре кетейік:

1. Жалпы, қызметтегі адамдардың теледидар қарап отыруға қолдары тие бермейді. Ал қарай қалсақ, әуелі жаңалықтарға құлақ түреміз. Белгілі бір репортажды көрсетердің алдында жүргізуші сол туралы қысқаша кіріспе ақпарат береді (оны тележурналистер «подводка» дейді).

Дұрысында ол жұртты елең еткізетіндей болып, мәтіннен бөлек жазылуы керек. Бізде солай етуге ерінеді ме, көп жағдайда жүргізуші кіріспе хабарламасында репортаж жасаушының алғашқы сөйлемдерін не мазмұнын айтып шығады. Бұл хабар жасаудағы асығыстықтың белгісі болар... бірақ, нәтижесінде материал тартымсыз болып шығады.

 

2. Хабар жасаушылар көнермендердің білімді, көрген-түйгені көп бөлігінің деңгейіне бағдарланса, эфирден айтылар сөзде олқылықтар да аз болар еді. Бұлай деуімізге ақпараттарда сауатсыз сөйлеу, түрлі жиындардың тақырыбын, халықаралық ұйымдардың, қабылданған заңдардың атауын дұрыс айтпау сияқты жайлар жиі кездесетіні себеп болып отыр.

Мысалы, Парламенттен репортаж жүргізетіндер белгілі бір заң жобасы туралы айта келіп, «...өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (о внесении изменений и дополнений) дегенді «...өзгертулер мен қосымшалар енгізу туралы» деп айта береді. Әр саланың қалыптасқан терминдері, сөз орамдары болатынын білмейді не оған мән бермейді.

3. Тұрақты тіркестерді мағынасына қарай қолданбау да жиі ұшырап тұрады. Халқымыз шабандоз жігітті сипаттағанда «Аттың құлағында ойнайды» деген, ал бізде «Домбыраның құлағында ойнайды» деп айту әдетке айналып барады.

Қанша бақсаң да семірмейтін малды, ет қоспайтын,  жүдеу адамды сөз еткенде «шыр бітпейді» деген тіркес пайдаланылады. Яғни, «май бітпейді», «толмайды» дегенді білдіреді. Жүргізушілердің «шаруаға шыр бітпейді», сондай-ақ, «таразы талқысына салайық» (ой талқысына емес) деп қолдануы фразеологизмдердің түпті мағынасын түсінбеуден («Қазақстан»).

4. Өзім ұзақ жылдар аударма саласында қызмет істегендіктен, мәтіннің аударма екенін және нашар аударма екенін бірден түсінемін. Мысалы, Алматының бір банкіне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы баяндап тұрған («Хабар») журналист «банктегі шабуыл» деді. Ол банктің ішіндегі шабуыл емес қой, дұрысында «банкке шабуыл» болуы керек-ті.

5. Ірі компанияның жұмысына қатысты жиыннан репортаж жасап тұрған журналист («Астана» арнасы) «жұмыс істеу жобасының кестесін бекітті» деді. Дұрысында әңгіме жұмыс істеу кестесінің жобасын бекіту туралы болуы керек.

6. Түрлі бағдарлама жүргізушілерінің өзін ұстау мәдениеті, білім деңгейі де көңіл толтырмайды. Мысалы, «Ду-думан» деген бағдарламаны жүргізуші ханым таблода жанған 0,5 деген цифрларды «ноль жарым», 5,0 деген цифрларды «бес бүтін оннан ноль» деп жариялады.

Сенбеген кісі болса, жазбаларды алып, қарауларына болады.

Бұлардың бәрінен үлкен проблема – тележүргізушілердің ішінде де, тілшілердің ішінде де (атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық!) «ң» дыбысын айта алмайтындардың болуы. Бұл телевидение – тәрбие құралы екендігін ескермеудің салдары.

7. Балалар үшін телеэкраннан көріну – үлкен мәртебе. Сондықтан, теледидардан күнде көрініп отыратын адамдарға қызыға қарайтыны, еліктейтіні түсінікті. Мұндай сүйіспеншіліктің біздер күтпеген нәтижесі бар: өзі құрметтейтін адамының «сенін анан», «көнілді» деп отыруын бала дұрыс деп, сол қалпында қабылдайды екен! Ендеше, ұрпақ тілінің тазалығына жаны ашитын азаматтар «ң»-ды айта алмау індетінің таралуына жол бермеу керек деп ойлаймын.

8. Осы ретте телехабарлар кейіпкерлерінің тіліндегі «жасап жатырық», «айтуға керекпіз», «жүрік қой» деген сияқты тіркестердің қолданылуы да – тіл мешелдігіне әкелетін факторлардың бірі екенін айта кеткен жөн болар.

9. Кеңес дәуірінде кейбіреулердің  орынды-орынсыз жерде орысша сөздерді қосып сөйлейтін әдеттері болған. Бүгінгінің адамдары шет тілде сөйлейтінін  білдіргісі келе ме, өз тілімізде баламасы бар сөздерді «альтернатива», «креатив», «пиар» деп айтып отырады. Тіпті, Қазмедиа орталығында келушілерді тіркейтін жерді де «ресепшн» деп ағылшынша айтылуы бойынша жазып қойған соң не дейсіз?!.

10. «Muzzone» деген арнаның  «жүгіртпе жолдарына» көзім түсіп, қарауға тұрмайтын арна екен деп ой түйдім. Арнада осындай анайы хабарландырулар беріліп жатқанынан басшысы хабардар ма екен?..

11. Теле көрермендердің ұсыныс-пікірлерін жинайтын болса, басым көбі жарнамаға қатысты наразылықтарын айтар еді.

Кішкентай бөбектер теледидарда жарнама көрсетіле бастаса-ақ назарын экранға аударатынын байқадыңыздар ма? Байқамасаңыздар, бірер күн бақылап көруге кеңес берем. Тілі енді шығып келе жатқан сәбилерден бастап, 3-4 жастағы бүлдіршіндер де жарнаманың музыкасына елеңдеп, айтылған сөздерді қайталайды. Сондықтан, арна басшылары телевидение – қуатты тәрбие құралы екенін ұмытпаса екен деген тілек бар.

Арна басшылары ұлтжанды азаматтар екендігіне күмәнім жоқ. Болашақта жарнаманың көбеймесе, азаймайтыны да анық. Ендеше, ұрпағымыздың тілін қалыптастыруға әсер ететінін факторлардың бірі екенін ескере отырып, мекемесіндегі жауапты адамдар жарнаманы қабылдаған кезде оның сапасына баса назар аударуын талап етсе, құба-құп.

12. Ең бастысы, жарнама  мәтінін таза қазақ тілді маманға оқыту керек! Әйтпесе, дыбыстарды «жұтып» қою, «ң»-ды «н» деу, орысша акцентпен, сөздің екпінін дұрыс қоймай сөйлеу арқылы ұрпағымыздың тілі сақау болуына жарнама (яғни, телевидение!) орасан зор «үлес» қосады.

Үлкен жеңістер кішкентай жетістіктерден құралатыны сияқты, тіл мәселесіндегі біз айтқандай, бәз біреулер үшін «елеп-ескеруге тұрмайтын» қателер үлкен қатеге – ұрпақ тілінің жұтаңданып, шұбарланып, сақаулануына алып келуі мүмкін екенін ұмытпауымыз керек.

ҰСЫНЫСТАР:

<!-- [if !supportLists]-->1.     <!--[endif]-->Ең алдымен телевизия саласының мамандарын дайындауға жауапкершілікпен қарау керек.

Себебі қазіргі кезде шығармашылық конкурстың өткізілуінде көптеген бұрмалаушылықтар бар. Журналистика мамандығына түсу керек болғанда мектептегі оқу жылының соңғы 2-3 айында жеке басылымдарда ұсақ-түйек мақала шығарып (әке-шешелерінің таныстары арқылы), конкурсқа соны тапсыратын жайлар бізге белгілі.

<!-- [if !supportLists]-->2.     <!--[endif]-->Ұстаздар заманауи білім беруі, журналист болуды өз үлгісімен көрсетуі және шәкірт алдында абырой-беделіне дақ түсірмеуі керек.

Естіген құлақта жазық жоқ, ЕҰУ түлектері емтихан, зачет тапсыру туралы ұстаздарының аттарын атай отырып, неше түрлі әңгіме айтқанын естідік.

<!-- [if !supportLists]-->3.     <!--[endif]-->Арна басшылары теле, радиоэфирге шығатын мамандардың тілі мүкіс болмауына назар аударуы керек.

Қазіргі кезде басқа арналарды былай қойғанда «Қазақстан», «Хабар» арналарында «ң»-ды айта алмайтын, «с»-ны тілін төсеп сөйлейтіндер бар.

<!-- [if !supportLists]-->4.     <!--[endif]-->Орысша акцентпен сөйлейтін таныстарын, балаларын тықпалау әдетін жою керек.

Өз жақындарын жарнамалап, тұтас бір ұлттың тіліне нұқсан келтіретін мұндай хабар жасағандар туралы сыни пікір айтылған күнде эфирден алып тасталуы керек.

<!-- [if !supportLists]-->5.     <!--[endif]-->«Подводка» мен негізгі ақпарат бірін-бірі қайталамауға тиіс.

Дұрысында ол жұртты елең еткізетіндей болып, мәтіннен бөлек жазылуы керек. Көп жағдайда жүргізуші кіріспе хабарламасында репортаж жасаушының алғашқы сөйлемдерін не мазмұнын айтып шығады. Бұл – білімсіздіктің белгісі.

6. Хабар жасаушылар көрермендердің білімді, көрген-түйгені көп бөлігінің деңгейіне бағдарлануы керек.

Өйткені сауатсыз сөйлеу, түрлі жиындардың тақырыбын, халықаралық ұйымдардың, қабылданған заңдардың атауын дұрыс айтпау сияқты жайлар жиі кездеседі.

Журналистер әр саланың қалыптасқан терминдері, сөз орамдары болатынын білмейді не оған мән бермейді.

7. Жарнама мәтінін таза қазақ тілді маманға оқыту керек! Әйтпесе, дыбыстарды «жұтып» қою, «ң»-ды «н» деу, орысша акцентпен, сөздің екпінін дұрыс қоймай сөйлеу арқылы ұрпағымыздың тілі сақау болуына жарнама (яғни, телевизия!) орасан зор «үлес» қосады.