БҰҚАРА АҚПАРАТ ТІЛДЕРІНДЕ ЖАҢА СӨЗДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ

БҰҚАРА АҚПАРАТ ТІЛДЕРІНДЕ ЖАҢА СӨЗДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ
Тіл – «жанды» құбылыс. Сан ғасырдан бері қазақтың ұлттық тілі дәл бүгінгідей қалпында болмады. Сөздердің актив (белсенді) қабаттары пассив (белсенді емес) қабатқа ауысып, көршілес жатқан халықтардың тілінен кірме сөздер тілімізге енді, кейбір сөздердің мағыналары кеңейіп жатса, кейбір сөздердің қолданыс аясы тарылып жатады.

Тіл – «жанды» құбылыс. Сан ғасырдан бері қазақтың ұлттық тілі дәл бүгінгідей қалпында болмады. Сөздердің актив (белсенді) қабаттары пассив (белсенді емес) қабатқа ауысып, көршілес жатқан халықтардың тілінен кірме сөздер тілімізге енді, кейбір сөздердің мағыналары кеңейіп жатса, кейбір сөздердің қолданыс аясы тарылып жатады. Бұл жөнінде ғалым Р.Сыздықова: «Сөз мағынасының эволюциясы тек дамудан, яғни жақсара түсу сипатында ілгері жылжудан тұрмайды, сонымен қатар сөз мағынасының күңгірттенуі не мүлде ұмтылуы ауысуы, кеңеюі, тарылуы т.т құбылыстар да сөз табиғатының қозғалысын танытады» деп көрсетеді [1, 165]. Тіл өз басынан бірнеше даму кезеңдерін өткізеді және осы кезеңдер тілдің дамуына өзгерістер әкеледі. Сондықтан тіл –қоғамдық құбылыс деп айтсақ болады, яғни қоғамдағы болып жатқан кез келген жаңалық алдымен тілде көрініс табады. Осы жаңалықтар жоғарыда көрсеткендей, тілімізге жаңа атаулардың пайда болуына себін тигізіп жатса, енді бір жаңалықтар тілдегі белсенді сөздердің тілдік қолданыстан шағып қалуына әсерін тигізеді, ендігі бір кезеңде пассив қатардағы сөздер тілімізге қайта оралып жатады. Осы тілімізге қайта оралған байырғы сөздерді аэлогизмдер деп атаймыз. Қазіргі таң – қазақ тілінің қарқынды дамып, төл сөздеріміздің тілімізге оралып жатқан кезеңі. Қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілуіне байланысты ол кешегі кеңестік кезеңде атқармаған бірқатар қызметтерді атқарып, оған осыған дейін жүктелмеген жаңа міндеттер жүктеле бастады. Қазақ тілі мемлекеттік басқару, сот ісін жүргізу секілді қызметтерге біртіндеп араласа бастады. Қазақ тілінде шығатын мерзімді басылымдардың, газет-журналдардың саны едәуір артты. Ғылыми, сөздік-анықтамалық, публицистикалық, оқу-әдістемелік және көркем әдебиеттер саны артты. Қоғам өмірінің барлық саласындағы қазақ тілінің қолданыс аясы біршама кеңейді, осыған орай лексикалық қорында да көптеген өзгерістер болды.

Бүгінгі баспасөз беттерінде кездесетін жаңа қолданыстардың бірқатары бұрынғы мағынасы кеңейіп, тарылып немесе мүлде басқаша мағынаға ие болған тілімізде бұрыннан бар атаулар. Мұндай қолданыстардың арасында жаппай қолданысқа көшіп, тілде орныға бастағандары да бар, бірнеше балама атаулармен қатар қолданылып әлі басымдылыққа ие бола қоймағандары да бар.

Қазіргі баспасөзде тіліміздің түрлі лексикалық қабаттарынан алынып, бірқатары бастапқы мағынасында, басым көпшілігі түрлі деңгейдегі мағыналық өзгерістермен қолданыс тауып жүрген сөздер. Мысалы, абат ерте кездерде шалғынды, көкорай, бау-бақшалы (4; 11) деген мағынаны білдірсе, бүгінгі күні орыс тіліндегі благоустройство деген мағынада жұмсалуда: Абаты асқан аймақ («Астана ақшамы», 26 шілде 2011ж. №83 \2693\), бұдан соң етістік тудырушы жұрнақ жалғанып, абаттандыру сөзі қолданысқа енді. Ал бір кездері әскерді аттанысқа шақыратын керней атауы (4;137) бопса сөзінің мағынасы кеңейіп қоқан-лоқы, байбалам деген мағынаға ие болды. Қазіргі заңтану ғылымында бопса сөзі терминденіп, баспасөз беттерінде қолданысқа еніп жүр: бопсалаушылар әрекеті Қылмыстық кодекстің 125-бабына сәйкес кісі ұрлығы болып табылады. («Астана ақшамы» 6наурыз 2010 жыл. №150\1087\). Сол секілді борыш сөзінің негізгі мағынасы баршамызға белгілі, осы сөзге  сөз тудырушы –кер жұрнағы жалғануы арқылы жасалған  борышкер термині экономика саласында ұдайы қолданыста. Қазақстан тарихы пәнінен белгілі екі ел арасындағы қарым қатынасты орнатып, мәмілеге әкелуші адам – бітімгер болса, қазіргі баспасөзде бұл сөз медиатор сөзінің қазақша баламасы ретінде қабылданған: Жалпы осы саланың бүге-шүгесін тараң меңгерген  мамандардың айтуынша, медиаторларды бітімгер немесе мәмілегер деуге әбден болады («Айқын» 13 наурыз 2012жыл. №47\1958\). Далан сөзі  қазақ жерінің кей аймақтарында кіре берістегі бөлме, ауыз үй (2, 210) мағынасында жұмсалған болса, мына мысалдан: Әр даланда жылу орталығы, су стансасы орнатылыпты («Жас алаш» 27 шілде 2010 жыл. №59 \15517\) бұл сөздің орыс тіліндегі подъезд сөзінің баламасы ретінде қолданылып тұрғанын көреміз. Дуанбасы сөзін көп жағдайда Хандық дәуірдегі еліміз туралы деректерден кездестіреміз, алайда бұл сөз осы күні де баспасөз бетінде қолданылады: Бірақ, Латвия билігі мәскеулік қонақтың өз елдері туралы дуанбасы болып жүргенде айтқан кейбір келеңсіз сөздерін еске алып, оны «қара тізімге» енгізіп қойыпты.(«Егемен Қазақстан» 19 қаңтар 2011 жыл №14-17 \26419\). Дуанбасы – бір дуанға басшылық ететін адам (3, 207) болса, берілген мысалдағы дуынбасы сөзі қала басшысы деген мағынада қолданылған.

Ескі кезеңдерде қазақ қоғамында жігітті қызбен кездестірерде, ұрын барғанда жеңгеге берілетін сый-сыяпат, кәде (4, 20) ұғымын білдіретін жеңгетайлық сөзі қазіргі таңдағы баспасөзде де кездеседі: елорда вокзалында «жеңгетай жігіт» ұсталды («Заң», 30 шілде 2008жыл. №114\1340\). Жаркент, Шымкент. Манкент секілді ерте заманда ерекше маңызға ие болған қала атауларының жасалуына негіз болып тұрған кент сөзінің бұрынғы мағынасы – қала, ал қазақ баспасөзінде орыс тіліндегі поселок сөзінң баламасы ретінде қолданысқа енген: Құланды, Құрық, Жетібай, мұнайшы кенттері тұрғындарына тауарлы газ беруге мүмкіндік туып, елуге тарта жұмыс орны ашылып отыр. («Егемен Қазақстан» 22 наурыз 2009 жыл. №420-421).

Ежелгі жаугершілік замандар туралы сөз қозғағанда міндетті түрде ержүрек сарбаз бен батыл сардарлар тілге оралады. Осы сөйлемдегі сарбаз сөзі біраз уақыт бойы қолданыстан шығып қалған болатын,ал бүгінде қайта жаңғырып баспасөз бетіндегі көптеген мақалаларда кезігеді. Сардар сөзінің көне мағынасы – әскер басы, қолбасшы, жасақ басы (2:39) деген мағынада қолданылса, қазір де қайтадан «тірілді»: Сардардың дені ресейде оқиды(«Нұр Асана» 7 мамыр, 2009жыл №18). Сол секілді сияқты, іспетті(1; 776) деген мағынада жұмсалған тақілеттес сөзі терминдер қатарына еніп «идентификация» сөзінің баламасы ретінде қабылдауға ұсынылған.

Бірқатар сөздер қазақ салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, өмір сүру дағдыларына байланысты ұғымдарды атауға қолданылған, бүгінгі күні ол сөздердің дені жаңа ұғымдарды білдіруде жұмсалады. Мыслы тұғыр сөзінің түпкі мағынасы – қырандарды аңға салғаннан басқа уақыттарды қондырып қою үшін қолданылатын жабдық атауы (4, 44) болса, қазіргі баспасөз бетінде трамплин сөзінің баламасы ретінде қолданылады: Қос тұғыр «Сұңқар» саябағына айналды («Алаш айнасы» 26 тамыз, 2011жыл.№151). Ұстын  сөзінің түпкі мағынасы – үй құрылысының үстіңгі жағын көтеріп ұстап тұру үшін қойылатын тіреу (4; 46) болса, қазірде абстрактіленіп рухани ұстын, имандылықтың ұстыны секілді тіркестерде көрініс тапты. Сондай-ақ ислам дінінің әсерімен тілімізге енген уәжіп сөзінің бастапқы мағынасы – бұлжытпай орындалатын заң, қағида, міндетті шарт (1; 850) болса, бүгінде «режим» сөзінің баламасы ретінде қолдану туралы ұсыныстар жасалуда: Енді осы «уәжіпті» ресми құжаттарда жиі ұшырасатын «режим» терминінің орнына қолдансақ қалай болар еді деген ой келіп отыр (Кеңес Юсуп. «Ана тілі», 17-23 маусым 2010 жыл. №24). Сол секілді борыш, міндет, парыз, мақсат (1;850) мағынасында жұмсалып, кейін пассив қабатқа ауысқан уәзипа сөзі «функция» терминінің баламасы ретінде қолдануға болады (Кеңес Юсуп. «Ана тілі», 17-23 маусым 2010 жыл. №24). Тілімізде мағынасы жағынан күңгірттеніп, тілдік қолданыстан шығып қалған сөздердің қайта оралуы заң саласында да кездесетін құүбылыс. Заң, құқық терминдері де лексикалақ қордың басқа стильдік топтарының құрамындағы атаулар сияқты жаңа сөздермен толығып не болмаса терминдік мәннен ажырап, қолданыстан шығып, қалып отырады, яғни, бұл саладағы терминдер құрамында да сөздердің архаизмденуі және неологизмдердің пайда болуы – үйреншікті құбылыс. Мұндай өзгерістерге әртүрлі тарихи-әлеуметтік оқиғалар, бұл оқиғаға берілген әрқилы баға мен қоғамдық пікірлер түрткі болады. Бір кезде адамдар арасындағы қатанасты жүйелі түрде жүргізуші, әділет нормасын сақтап қорғаушы, қылмыстыға жазалау үкімін шығаратындар билер болғанын айтқанбыз, ол кезде "би "сөзі архаизмденіп, оның қызметін атқарып отырған сөз ( сот) құрамына енді. Бұрын әділеттілік нормасын бұзған адамдарды "күнәкәр" деп тауып, оны ислам дінінің ережелеріне сәйкес жазлайтын. Оның істеген ісін "күнә" дейтін. Бұл екеуі де араб тілінен келген кірме сөздер (күнәкәр, күнә). Олар ана тілімізге құқықтық ұғымды білдіретін заң терминінің қызметінде қабылданған болатын. Кейін бұлардың орнына "айып, айыпкер, қылмыс, қылмысты" сөздері қабылданып, "күнә, күнәкар" атаулары архаизмденді". Жалпыхалықтық лексикамен терминдік  лексиканың арақатынасында мынадай жағдайлар да болады: алғашында  заң терминнің  мағынасын білдіретін  сөз кейін  өзі білдіретін ұғымның күрделенуіне қоғамдық тұрмыстан шығып қалуының салдарынан архаизмденуі мүмкін. Ал осы сөз бірнеше  уақыттан кейін сол бастапқы қызметін қайта атқаратын болып, тілімізге қайтадан оралатын жағдайы да болды. Осы күнде қолданысқа қайта енген "әкім" сөзі осыған дәлел. Бұл қазақтың төл сөзі емес араб тілінен енген: "әкім – 1) басқарушы, губернатор, бастық; 2) ауыс, үстемдік етуші, билеуші; 3) судья, арбитр"  /5, 112/ Бұл сөз ккеңес дәуірінде атқарушы органдарды басқаша атаудың нәтижесінде қолданыстан шығып қалған болатын. Кейін одақтық басқару тарап, әр республиканың  егемендікке қолы жеткенде, еліміздің жергілікті жерлеріндегі атқарушы органдарын білдіретін құқықтық ұғымды осы әкім сөзі білдіретін болды: обылыс әкімі, аудан әкімі, қала әкімі. Бұл сөз ана тілімізге қайтып оралғанда, бұрынғы мағынасын дәлме-дәл қайталамайды: оның қазіргі мәні бастапқыдан әлде қайда күрделі. Сондықтан ол енді ел билеудің мүлдем басқа сападағы түрін білдіреді; Президенттік басқарудың жергілікті жерлеріндегі бұтағын білдіретін заң  термині. Келтірген күнә, күнәкәр, әкім сөздері тілімізге араб тілінен енген кірме сөздер екенін айттық. Заң терминдерінің құрамы, сонымен шығу төркіні екі бағытта болды: біріншісі – қазақтың төл сөзіне саналы түрде терминдік мағына беру де, екіншісі – басқа тілден ауысқан кірме сөздерді терминдік қызметте қолдану. Келесі сөз "делдал" сөзі. Соның бір мағынасы заңдық ұғымды білдіріп, заң терминдерінің қатарынан орын алған. Бұл сөзге 10 томдық түсіндірме сөздікте №3 томында мынандай анықтама берген: "Делдал", зат.1. Екі адамның арсын келістіру үшін жүретін кісі.  Терминдік мәні мынандай: "Посредник" – делдал. Келістіруші кісі немесе ұйым.

Шығу төркініне үңілсек, жоғарыда айтылған сөздердің бір тобы төл қазақ сөздері болса, бір тобы ертеректе еніп лексикалық қорымызға әбден сіңісіп кеткендіктен, кірмелігі бірден байқала бермейтін араб-парсы сөздері. Мәселен діл, нарық, нысан, рәміз тілімізге араб-парсы тілінен енген сөздер. Бұл сөздердің көпшілігіне ортақ ерекшелігі – пассив сөздер қабаттарында болып, сирек қолданылып келгендігі. Көнерген сөздер қатарына еніп, о бастағы мағыналары мүлдем ұмытылып немесе көмескі тартып келгендері де бар. Мыслы кент, сардар, үрдіс, құжат сөздері өте сирек қолданылып мағыналары көмескі тарта бастаған атаулар еді. Олардың бастапқы мағынасы негізге ала отырып, оған қосымша мағына жүктеу арқылы жаңаша қолданысқа енді. Аумақтық қолданыспен шектеліп келген кейбір жергілікті сөздер аздаған мағыналық өзгерістерге ұшырау арқылы терминденіп, қазір ресми бекітілген терминдер қатарына қосылды. Қазақ баспасөзінде, терминжасам үдерісінде аэлогизмдер кеңінен қолданысқа ие болуда, бұл алдағы уақытта қазақ тілінің өркендеп, кең тамыр жаярына септігін тигізеді деген пікірдеміз.

 

«БАҚ кеңістігіндегі терминдер: тәжірибесі және теориясы» тақырыбында әдістемелік онлайн-семинарда берілген

 

ҰСЫНЫСТАР:

<!-- [if !supportLists]-->1.     <!--[endif]-->Терминдерді бекіту барысында сөз бен термин ерекшелігіне назар аудару;

<!-- [if !supportLists]-->2.     <!--[endif]-->Барынша терминдерді қазақ тілінде «сөйлету», осы бағытта қазақ тіліндегі  жалпықолданыстағы сөздерді (кәсіби, аймақтық сөздер) терминдендіру.  ол тәжірбиеде бар құбылыс;

<!-- [if !supportLists]-->3.     <!--[endif]-->Көнерген сөздерді тілімізде қайта жаңғыртып, тілімізге оралту, мағыналық жағынан сәйкес болған  кезде кірме терминнің баламасы ретінде қалыптастыру;

 

<!-- [if !supportLists]-->4.     <!--[endif]-->Жарнама жасау барысында қателерді жібермеу мақсатында  қала көшелеріне жарнама ілу, жасау барысында арнайы орындардан (мекемелерден – қалалық, облыстық тілдерді дамыту орталықтары)  рұқсат қағазын алу.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 .Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. – Алматы, 1994

2. Жанұзақов Т. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы. 2008

3 . Қарағұлова Б. Қазақ тіліндегі көнерген сөздердің түсіндірме сөздігі. - Ақтөбе, 2013

4. Құрманбайұлы Ш. Қазақ терминологиясы. - Алматы: Сардар, 2014

5. Терминдер мен атаулар. Сөздік. - Алматы, 1990.