ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ тілінің түрлі мәселелерін сөз еткен, оның терминологиялық қорының қалыптасуына атсалысқан алаш қайраткерлерінің бірі – Қошке Кемеңгерұлы. Ол өткен ғасыр басындағы ұлттық ағартушылық бағыттың көрнекті өкілі. Ғалымның бүгінге дейінгі белгілі еңбектерінің ішіндегі тілге қатыстылары 1928 жылы Ташкентте, 1929 жылы Қызылордада жарық көрген екі кітаптан тұратын – «Жабыропалықтар үшін оқу құралы», Г.Архангельскийдің авторлығымен (Қ.Кемеңгерұлының редакторлығымен), 1927 жылы жарық көрген Қ.Кемеңгерұлының лекциялары негізінде дайындалған «Қазақ тілінің грамматикасы» және 1925 жылы Мәскеуде Қ.Кемеңгерұлының басқаруымен жарияланған – «Орысша-қазақша тілмаш». Тіл мамандары тарапынан ғалым мұрасы кейінгі жылдары біршама зерттелгенін айту керек. Бұл орайда О. Жұбаеваның 2002 жылы қорғалған «Қ.Кемеңгерұлының тілтанымдық мұрасы мен лингвистикалық тұжырымдамалары» тақырыпты кандидаттық диссертациясын атау орынды.
ХХ ғасыр басында жарық көрген еңбектердің бірі Қошке (Қошмұхаммед) Кемеңгерұлының басқаруымен басылған «Қазақша-орысша тілмаш» деп аталған сөздік. «Қазақша-орысша тілмашты» құрастырғандар: Қошке (Қошмұхаммед) Кемеңгерұлы, Мұстафа Бұралқиев, Есім Байтасов, Абдолла Байғасқин, Шәкір Баймаханов, Ғаббас Дәулетбеков, Сұлтан Темірбеков, Төлеутай Сәрсенбаев. Қ.Кемеңгерұлы тілмашты құрастырушылар қатарында болумен бірге, оның жалпы редакциясын да басқарған.
«Қазақша-орысша тілмашта» сол кезеңдегі жаңа жасалған атаулар көптеп қамтылған. Мысалы, аласылы (кредитор), артыс (нагрузка), аударыс (переворот), бересілі (должник), бірік (коллектив), білдіргіш (справочник), үлдірік (плёнка), үнемші (экономист), ортақшыл (коммунист), ортақшылдық (коммунизм), құрама (федерация), құралық (календарь), сәрсендеме (гимнастика), заман хат (мемуары), делегей (центробежный), шендестіру (антитеза), шығарғыштық (творчество), дәуірлес (современник), әріптес (соученик), тартым (конъюктура), дерексіз даналық (метафизика), шама тілі (математика), тек мүше (элемент), жермай (керосин), жан жүйесі (психология), тіл қисыны (стилистика), әуез өнері (музыка), адамшылық (гуманность), тәжірибақана (лаборатория), тетік (механизм), тетік күш (механическая сила), тетік ғылымы (механика), жауапкер (ответчик), шаңдақтық (тычинка), зейіндеме (рассуждение), салт-сая (идеология), саудагершілік (коммерция), сылау (массаж), керкету (регресс), кездеме (мануфактура), кеңсешілдік (бюрократизм), келістік (гармония), мәжілісқат (протокол заседания), мұқам (жаргон), мұқыр (дезинфекция), алас (дезинфекция) т.б.
Бұл сөздік авторларының жаңа атауларды тілмашқа көптеп енгізуі – олардың алаш зиялыларының терминологияны қалыптастыруда ұстанған бағытын қолдайтындығын және сол атаулардың көпшілік санасына сіңіп, кең таралуына мүдделі болғандығын көрсетеді. Егер тілмаштың жалпы редакциясын басқарушы Қ.Кемеңгерұлы немесе өзге авторлар басқаша көзқараста болып, қазақ тілінде жасалып жатқан атаулардың лексикалық қордан орын алуын қаламаған болса, онда оларды сөздікке енгізбеген болар еді. Екінші жағынан, ондай атаулардың зиялылар мен жұртшылық тарапынан дұрыс қабылданып, баспасөзде, өзге де әдебиеттерде жаппай қолданыла бастауы да олардың сөздіктегі реестр сөздер қатарынан орын алуға себеп болғанын назардан тыс қалдыруға болмайды. Тілмаш авторлары алғысөзде бұл еңбектерін негізінен еуропалықтарға арнадық деп жазады. Жалпы сөздік типі жағынан терминологиялық немесе оқулық сөздік емес, жалпыға арналған екі тілді аударма сөздік. Сондықтан бұл сөздік түрін белгілі бір мамандық иелері ғана пайдаланып қоймайды, қалың жұртшылық қажетіне жарата алады. Сондай-ақ терминдік мағынада жұмсалған немесе қазақ тілінде жаңа жасалған термин сөздің орыс тіліндегі қай терминнің баламасы екендігін де анықтау мүмкіндігіне ие болады. Негізінен белгілі бір саланың мамандары көбірек пайдаланатын терминологиялық сөздік сияқты емес, екі тілді аударма сөздікке жұрт көбірек жүгінеді. Сол себептен де онда қамтылған жаңа терминдердің таралу аудиториясы кеңейе түседі. Міне бұл тұрғыдан келгенде, «Қазақша-орысша тілмаш» ХХ ғасыр басында жасалған қазақ терминдерінің көпшілікке таныла түсуіне белгілі дәрежеде ықпал еткен сөздік деуге толық негіз бар. Әрине, бұл сөздікке енген терминдер мен жаңа сөздердің бәрі бірдей тілде орнығып қала алмады. Оған жоғарыда келтірілген мысалдағы атаулар дәлел. Бірақ оның себебін ондай атаулардың сәтсіз жасалғандығынан немесе сөздік авторларының жаңа сөздер мен терминдерді талғамсыз енгізе бергенінен деп түсінуге болмайды. Олай болуының басты себебі – сол жиырмасыншы жылдардың соңына, отызыншы жылдардың басына қарай ұлт тілінде термин жасауда алаш зиялылары ұстанған бағыттың өзгертіліп, терминологияны қалыптастырудың басқа арнаға бұрылуы. Терминологияның халықаралық сипатын арттыру, советтік терминологиялық қор қалыптастыру бағытының белгіленуі алаш оқығандарының қаламынан туындаған көптеген терминдердің қолданыстан шеттетілуіне негіз болды. Соның салдарынан көптеген ұтымды жасалған атаулар лексикалық қорымыздан орын ала алмады. Керісінше, өміршеңдік танытып, терминқорымызды толықтырғандары да аз емес. Олардың қатарына осы сөздікте қамтылған мынадай атауларды жатқызуға болады:
Әдістеме – методика, әкім – администратор, власть, әкімдік – административность, зиялы – интеллигент, мінездеме – характеристика, отаршыл – колонизатор, отаршылдық – колонизаторство, сарап – экспертиза, сарапшы – эксперт, тозаң – пыль, үндестік – сингармонизм, отаншыл – патриот, отаншылдық – патриотизм, дәріс – лекция, урок, салым – вклад, сөгіс – выговор, сезікті – подозрительный (подозреваемый. юр.), сұйықтық – жидкость, құқық – право, ұйым – организация, етістік – глагол, етіс – залог, балама (эквивалент), бақылаушы (наблюдатель) т.б.
Бұл терминдердің едәуір бөлігі тілдік қолданысқа бірден еніп кетсе, ал кезінде заман ағымына байланысты шеттетілген әдістеме, әкім, әкімдік, зиялы, сарап, сарапшы, отаншыл, отаншылдық, дәріс, салым, құқық сынды бірқатарын кейінгі кезеңде 90-жылдардан бастап қайта қажетімізге жарата бастадық. 20-жылдарда жарық көрген әдебиеттерден, газет-журналдардан және осы сөздіктен алынған бұл атаулар қазір кеңінен қолданыс тауып отыр. Сөздіктен сұрыптап алып, қолдануға болатын сәтті баламаларды әлі де кездестіруге болады. Айталық, ауғын (переселенец), аужай (положение), тауал (энергия), тамтық (остаток), сіңім (питательность), ыспар (практик) сынды бірқатар атауларды дәл сөздіктегідей мағынада болмаса да, мағынасын жаңғыртып, осыған жуық мағынадағы баламасы табылмай жүрген кейбір кірме атаулардың орнына қолдануға болады.
Өзге тілдегі атаулардың барлығына бірдей дәл балама табу оңай іс емес екендігі белгілі. Ұлт тіліндегі термин шығармашылығының алғашқы кезеңдерінде кейбір ұғым атауларына балама таппаған жағдайда оларды сипаттай аудару, бір сөздің мағынасын екі немесе одан да көп сөз арқылы беру жиі байқалатын құбылыс болды. Тіпті қазіргі уақытта да ондай сипаттама түріндегі аудармаларды кездестіру қиын емес. “Қазақша-орысша тілмашта” ұшқыш машина ( аэроплан), қызметкер саны (штат), көрікті жер (ландшафт), жырық саға (дельта), от тау (вулкан), дарынды сөз (поэзия), әлем-тапырақ (хаос), әдемілік пәні (эстетика), әдіс ғылымы (технология), бет алыс (тенденция), тұрпат үлгі (модель), қару құрал (вооружение) сияқты сипаттай аударған атаулар біршама. Жат тілдік атаудың қандай ұғымды білдіретіндігін түсіндіру, олардың мағыналарын жалпы сипаттап болса да қазақ тілді қауымға ұғындыру маңызды болған кезең үшін бұл да қажет еді. Алайда еуропалықтар мен славияндарға олардың тілдеріндегі атаулардың қазақша баламасы мынау деп беру тіл үйренушілерге қиындық туғызатындығын да жоққа шығаруға болмайды.
Ал кірме терминдерді жазу, оларды қазақ тіліне қабылдау мәселесіне келгенде, сөздік авторлары ХХ ғасыр басындағы алаш зиялылары ұстанған қағидатты басшылыққа алған. Тілмашта қазақша баламасы табылмаған атаулардың барлығы дерлік ұлт тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкес өзгертілген нұсқасында берледі. Оған сөздіктегі мына төмендегі сынды атаулар айқын дәлел болады. Мысалы, әгент (агент), әктіп (актив), әлжебір (алгебра), бағызал (вокзал), бексіл (вескель), декірет, мәшине, мәшинеші, мәгнет (магнит), панар (фонарь), жағрапия (география), жанарал (генерал), жантар (янтарь), зауыт (завод), сыйпыр (цифра), кәссі (касса), көлексие (коллекция), күріс (курс), кемесие (комиссия), кібитансие (квитанция), кимие (химия), мекрүп (микроб), натарыс (нотариус), өктебір (октябрь), үйез (уезд), енженер (инженер), бартал (квартал) т.б.
Терминдердің емлесі мәселесінде осы тілмаш жарық көрген 1925 жылдары да одан кейінірек те Қ.Кемеңгерұлының ұстанымының айқын болғанын көрсететін деректер кездеседі. 1929 жылғы маусымның 2-4 аралығында Қызылорда қаласында орфография мәселелеріне арналып өткен ғылыми конференцияда сөйлеген сөзінде Қошке Кемеңгерұлы кірме терминдердің емлесі туралы ұсыныстарын ортаға салды. Орысша сөйлеген сөзінде ол өз ойын былай деп түйіндейді. «Тепер вопрос об орфографировании иностранных терминов... Если мы в основу орфографии казакских слов кладем фонетический принцип, за некоторым исключением, то, мне кажется, излишне поднимать вопрос об орфографировании иностранных слов по морфологическому принципу». Ғалым кірме терминдерді жазуда фонетикалық қағидатты басшылыққа алуды дұрыс деп санайды. Тілмашқа енгізілген кірме терминдер де осы қағидатқа бағындырылып жазылған. Қ.Кемеңгерұлының осы конференцияда сөйлеген сөзіндегі орыс тілінің кірме терминдерді қабылдау тарихын мысалға келтіруі де назар аудартады. Ол екі тілдің термин қабылдауын салыстыра баяндайды. «У русских вводились термины не революционно, а эволюционно, в течение веков, даже сохраняя влияние греческое, церковно-славянское, затем влияние Западной Европы. В течение трех с половиной столетий получилось освоение терминов русской писменностью. Мы вынуждены вводить громадное количество терминов в течение 5-10 лет»[1].
Ол қазақ тілінің мыңдаған терминдерді қысқа мерзімде қабылдауға мәжбүр екендігін айта отырып, одан әрі оларды қабылдау кезінде морфологиялық құрылымына назар аудару керектігін алға тартады. Бұдан ғалымның кірме терминдерді де төл сөздеріміз сынды фонетикалық қағидатқа негіздеп жазғанмен, олардың түпнұсқа тілдегі қалпын анықтауда морфологиялық қағидатқа сүйенуді қолдағанын көруге болады.
Қ.Кемеңгерұлының редакторлығымен жарық көрген «Қазақша-орысша тілмаш» қазақтың лексикография тарихында өзіндік орны бар сөздік болумен қатар, ХХ ғасыр басындағы ұлт тіліндегі термин шығармашылығынан көрініс беретін, терминжасам үрдісінен хабардар ететін және кезінде жаңадан жасалған терминдердің қалыптасуына белгілі дәрежеде ықпал еткен еңбек. Әр кезеңде бұл сөздік жөнінде заман ағымына сай айтылған пікірлер мен сындар да болды. Отызыншы жылдары оның құндылғын мүлде жоққа шығарғысы келген сыңаржақ сындар айтылса, тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейінгі жылдары алаш мұрасына көңіл бөліне бастаған жылдарда негізі берік дәлелді тұжырымдар жасаушылармен қатар кейде ғылыми нақтылықтан гөрі үстірт пайымдаулар мен жалпы дәріптеулерге жол берген пікір айтушылар да кездесіп жатады. Алаш мұрасына адал болу, оны зерттеуге үлкен жауапкершілікпен қарау бүгінгі ұрпақ парызы екендігі даусыз. Сондықтан құрғақ дәріптеуге ұрынбай, сол кезеңде жарияланған еңбектердің жетістіктері мен кемшіліктерін ашық көрсетіп, оларды кәсіби біліктілікпен талдап, ғылыми құндылығын анықтай отырып ұрпақ қажетіне жарату міндет.
30-жылдары М.Қайыпназарұлы «Социалды Қазағыстан» газетінде жарық көрген «Қазақ тілін өркендетуге басшылық күшейтілсін» деген мақаласында «Оқу кемесеретінің термин кемесиесінде алашшыл оқығандардың ықпалы күшті болып тұрған кезде Кемеңгер ұлының басқаруымен бір сөздік (сылобар) шыққан; ол жалпы алғанда ұлтшылдық бағытында болды; білім жағынан толымды бола алмады»[1] деп жазды.
Сөздіктің алашшыл оқығандардың ықпалы күшті болып тұрған кезеңде жарық көргені рас. Алайда бұл сөздікті М.Қайыпназарұлы айтқандай, «білім жағынан толымды бола алмады» деу негізсіз. Дәлірек айтқанда, сын айтушының қандай толымсыздық туралы айтып отырғаны түсініксіз. Пікірін дәлелдеп, нақты мысалдар келтірмейді. Ал «ұлтшылдық бағытында болды» дегені, бұрын аударылмай алынып жүрген терминдердің аударылуы, сөздікке қазақша жасалған терминдердің көптеп енгізілуі болса керек. Қазақтың ұлттық терминологиясын қалыптастыру, ұлттың өз тілінде жаңа терминдер жасауы ұлтшылдық белгісі емес, бұл тіршілік етіп жатқан тірі тілдерге тән табиғи үрдіс. Сәтсіз жасалған, ғылыми ұғымның мазмұнын қамти алмайтын терминдер болса, оларды нақты көрсетіп, ондай атаулардың кемшіліктерін айқындап берсе, ондай сынның пайдасы болар еді.
Ал 1926 жылы «Оқушы» деген бүркеншік атпен жарық көрген шағын пікірде сөздіктің қажеттілігі, кейбір сөздердің берілуі мен аудармаларының дәл еместігі орынды атап көрсетілген. Мәселен, пікір білдірушінің мына келтірген деректері көңілге қонады. «Әр жерінен ақтарып қарағанымызда, бұл тілмаштың кемшілігі де аз еместігі көрінеді. Мәселен, аюланбақ – медвежиться, шешелемек – называть матерью, әтештенбек – петушиться деген сықылды. Кей сөздерге берген мағаналары қазақша да емес, жатық та емес, түсінікті де емес. Мәселен: тауқымет – насилие, ғадауат – вражда, саранжам – порядок, шапағатшы – заступник, соламай – все, что есть, тоңғармақ – опрокинуть, тазданбақ – плешиветь, ақыланбақ – отказываться от оказания другому бесплатных услуг, ғарық болмақ – утонуть.
Мұндай қолайсыз сөздер бірен-саран теріс мағаналар табыла беретін көрінеді. Бұл кемшіліктер екінші басылымда түзетілуі керек»[1]
“Еңбекші қазақ” газетінің 1926 жылғы 24 қарашадағы санында «оқушы» деген бүркеншік атпен жазылған автор пікіріне Қ.Кемеңгерұлы жауап береді. “Қазақша-орысша тілмаш” туралы түсініс» деп аталған бұл жауабында сөздік редакторы 400-дей сөздің баспадан қате терілгенін, аюланбақ, шешелемек, әтештенбек сөздерінің еуропалықтар үшін қажетті екенін және тауқымет, ғадауат, саранжам, соламай, тазданбақ, ақыланбақ сынды өзге де сөздердің қай авторлардан, қандай кітаптардан алынғанын көрсетеді. Сөздік редакторы өз ұстанымдарын дұрыс деп санайды. Сыни пікір айтушының ешбір ұсынысын қабылдай алмайтынын айтады.
Тілмашқа тауқымет, ғадауат, саранжам, шапағатшы сынды тілімізде қолданыс тауып жүрген сөздердің енгізілуі де, оған қатысты жазылған «оқушының» пікіріне Қ.Кемеңгерұлының дау айтуы да өте орынды. Ал енді аюланбақ, шешелемек, әтештенбек сынды сөздердің берілуіне қатысты «оқушы» пікіріне құлақ асу керек еді деп білеміз. Өйткені бұл үлгідегі сөздерді реестр ретінде бермей, түбірін және қандай қосымшалар арқылы мағына туындап тұрғаны көрсетілгені немесе қимыл атауы түрінде берілгені ұтымдырақ болар еді.
«Қазақша-орысша тілмаш» туралы өзге де айтылған пікірлер бар. Мәселен, «Ақ жол» газетінің № 431 санында «Тілмаш жайынан» деген мақала жарияланған. Сондай-ақ кейінгі кезеңде де бұл сөздік жөнінде тілші, әдебиетші ғалымдар тарапынан сөз қозғаушылар болды. О.Жұбаева, Р. Рүстембекова, Н.Кемеңгеров, Д.Қамзабекұлы сынды авторлардың бірі бұл сөздікті ХХ ғасыр басындағы қазақ лексикографиялық мұрасы ретінде лингвистикалық тұрғыдан арнайы қарастырса, екіншілері оны қайта бастырып шығарып, алғысөзін, түсініктерін жазды. Ал біз оны терминологиялық сөздік болмаса да ХХ ғасыр басындағы терминжасам үрдісі жөнінде мол мәлімет беретін сөздік ретінде қарастырдық.
ХХ ғасыр басында еңбек еткен алаш зиялылары сынды Қ.Кемеңгерұлы да ұлт тілінде термин жасауға, өзге тілдегі атауларды қазақшаға аударуға ерекше мән берген. Оның бұл ұстанымына берік болғанын ісінен де сөзінен де көруге болады. «Терминдерді алу туралы кейбіреу басқа елдер қалай атаса, қазақшаға айналдырмай-ақ, біз де солай атайық десті. Бұл – тіпті адасқан пікір. Күйіміз келсе, сөзіміз жетсе, қазақшаландырып алуымыз керек. Мәселен, «геометрия»-ны қазаққа геуметрие десек, көзіне түк елестемейді. Ал «пішіндеме» десек, қазаққа таныс, елестейді. Сондықтан терминді қазақша алуға дауласуда мән жоқ». Ол кірме терминдерді аударып, қазақша жаңа терминдер жасау арқылы ұлттық терминқор қалыптастыруды мақсат еткен. «Терминді қазақша алуға дауласуда мән жоқ» деген сөзі оның бұл мәселедегі нық ұстанымы.
Ғалымның осы пікірінен оның кірме терминдерді қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкес өзгертіп қабылдаудан гөрі, қазақша термин жасауға баса мән бергенін көруге болады. Кірме терминдерді сол қалпында өзгерпей, қазақшаға аудармай алуды ол «адасқандық» деп санайды. Олай істеуге барынша қарсы. Ғалым сонау өткен ғасыр басында «терминді қазақша алуға дауласуда мән жоқ» деген тұжырым жасаса, бүгін «терминді қазақшалап әуре болудың мәні жоқ» дейтін пікірді қолдаушылар аз емес. Біз кеңестік дәуірдің 30-жылдардан бергі 60-70 жылында қазақ тіл білімі дамуының, оның терминологиялық қорын қалыптастырудың бастауында тұрған Қ.Кемеңгерұлы сынды алаш зиялыларының осы ұстанымдарын ескермей, олардың пікірлеріне құлақ асып, термин шығармашылығында олар басшылыққа алған қағидаттарға тиісті дәрежеде назар аудара алмай келдік. Олардың ұстанымдары 30-жылдардың бас кезінде қатаң сынға алынса, кейіннен мүлде ұмыт қалып, ғылыми айналымнан шығып қалғандай. Сол себептен де қазақ терминологиясының ұлттық сипатын әлсіретіп алдық. Алаш мұрасына, олардың ұлттық ғылым тілін дамытуда ұстанған бағытына, басшылыққа алған терминжасам қағидаттарына қайта жүгініп жатуымыз кездейсоқтық емес. Бұл қажеттіліктен туындап отырған әрекет. Өткенімізді парықтап алмай тұрып, алға қадам басуымыз қиын.
Жоғарыда келтірілген пікірінде Қ.Кемеңгерұлы геуметрие десек, қазақтың «көзіне түк елестемейді» депті. Бұл бір қарағанда аса көңіл аударуды қажет етпейтін сөз сияқты болып көрінуі мүмкін. Шындығында олай емес. Керісінше, ғалымның осы пікірі айрықша назар аударуды қажет етеді. Терминологияда «термин мағынасының ұғынықтылығы» (прозрачность значении термина) деген ұғым бар. Кеңес ғалымдарының өзі бұл мәселеге кейіннен 70-80 жылдары ғана ден қойды. Қ.Кемеңгерұлының жиырмасыншы жылдары-ақ ұлт тілін тұтынушыға терминнің белгілейтін ұғымы жөнінде ашық мәлімет беріп тұруы керек деуі айрықша құнды пікір. Алаш зиялыларының лингвистикалық мұрасына тереңірек үңілген сайын мұндай ғылыми құндылығын жоймаған тұжырымдарды әлі кездестіре беретіндігімізге күмән келтіре алмаймыз.