Бұл кезеңді қазақ тілі терминологиясының дамуындағы «өліара» кезең деп атауға болатын тәрізді. Тәуелсіздік алғаннан бергі тұстағыдай қазақ терминологиясының жандануы сөз болып отырған мерзімде белсенді болмады, терминологиялық зерттеулердің бәсеңдеуі өз алдына, қазақ тіліндегі ғылыми еңбектердің, әсіресе, жаратылыстану-техникалық салаларда ғылыми белсенділіктің саябырсығаны аңғарылады. Бұған сол кездегі кеңестік саясаттың, идеологияның салқыны тигені сөзсіз.
«Әдебиетте «түрі ұлттық, мазмұны социалистік», яғни социалистік реализм шеңберінен шықпайтын әдебиет жасау көзделгендей, термин шығармашылығы да орталық белгілеген қатаң қалыпқа сәйкес жүргізілуі керек болды. Арнаулы ұғым атауларын жасауда ұлт тілдерінің ішкі ерекшеліктері ескерілмей «совет халқының» ортақ тілі – орыс тілінің мүддесі бәрінен де жоғары қойылды» [5, 109-б.]. Проф. Ш.Құрманбайұлы атап көрсеткен бұл шындық – жиырмасыншы ғасырдың 60-80-жылдарына тән болды.
Бұл кезеңді ғылыми жағынан келгенде терминтанушы ғалымдар түрліше бағалайды. Акад. Ө. Айтбаев: «...Қазақ терминологиясының ғылыми мәселелері 60-70-жылдары азырақ солғындап қалған тәрізді. Яғни практикалық мәні бар жұмыстар (сөздік түзу, мақала жазу т.б.) тоқтап қалмағанмен, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүйелі жүргізіле қоймағанын айтып отырмыз» деп көрсетеді [6, 191-б.]. Проф. Ш.Құрманбайұлы осы кезеңдегі терминология барысындағы айтарлықтай өзгерістің орын алмағандығын көздей отырып, былай деп жазады: «Біздіңше, 30-жылдардан 90-жылдарға дейінгі уақыт аралығын ұлттық ғылыми терминологияның дамуының бір ғана кезеңі деп қараған дұрыс. Өйткені бұл мерзім ішінде термин жасау мен шет тілдерінен қабылдау мәселесінде айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Ғылыми терминологияны қалыптастырудың басқа арнаға бұрылуына негіз де болмаған еді. Яғни ол бағытты қолдап, болашақта барлық ұлттардың ана тіліне айналуға тиіс Кеңес Одағының мемлекеттік тілі – орыс тілінің жан-жақты дамуына, қоғам өмірінің барлық саласында қызмет етуіне жағдай жасап отырған орталықтың өзге ұлт тілдеріне, оның ішінде қазақ тіліне деген көзқарасы өзгере қойған жоқ болатын. Сондықтан да ғылыми терминологияны дамытуда 30-жылдары Одақтың тіл саясаты тұрғысынан қаралып жасалған принциптер 90-жылдарға дейін басшылыққа алынып келді» [5, 113-б.].
Проф. Ш. Біләлов бұл кезеңді «ғылым тіліндегі ұлттық тіректің шайқалу кезеңі» деп атайды. Ғалымның: «Осылай басталған, ғылым тіліндегі ұлттық тіректің шайқалу кезеңі, жаппай орыстану кезеңіне ұласты. Ол шамамен 50-жылдардан басталады» – деген жорамалы басқа да зерттеушілердің айтып жүргеніндей шындыққа жақын келеді [7, 207-б.].
Қазақ тілінің әлеуметтік-лигвистикалық мәселелерін қарастырған зерттеуші Б. Хасанов мұның себебін орталықтандырылған саясаттан іздейді: “Функционирование казахского языка в предвоенный и послевоенный периоды отличается, с одной стороны, периодическими торможениями со стороны Центра, с другой – приобретением в разном объеме новых сфер: каналов массовой коммуникации (радио, телевидение и кино), высшего образования и науки” [8, 23-б.].
Осы айтылғандарды жинақтай келе, жиырмасыншы ғасырдың 60-80-жылдарындағы қазақ терминологиясына тән мынадай басты белгілер болғандығын көруге болады:
Алайда осы жайттардың белең алғандығына қарамастан, ілгеріде де ескертілгендей, жекелеген ғалымдарымыз бен аудармашылар тарапынан қазақ тілінің ғылыми аяда қолданылуына байланысты, терминологиялық қорымызды жетілдіруге орай шынайы пікірлер мен ұсыныстар жарияланбай қалған жоқ, сол кездегі баспасөз беттерінде әркез жарық көрген осы мазмұндағы мақалалар мен пікірлер қазақ тіліндегі терминдер қорын жетілдіруге, молайтуға өзіндік үлестерін қосты. Сол кезеңдегі ғалымдардың жасампаз әрекеттері қазақ тіліндегі термин мәселесін дұрыс қалыптастыруға, ұлттық тілдің ішкі мүмкіншіліктерін барынша пайдалануға ықпал етіп отырғаны тағы рас. Осы орайда тілші ғалымдар М.Балақаев, А.Абдрахманов, Ә.Қайдар, сондай-ақ түрлі сала мамандары мен аудармашылар Ә.Сатыбалдиев, Т.Мұсақұлов, Қ.Әбішев, Қ.Рахимов, Е.Рамазанов т.б. көптеген қазақ ғалымдары сол кездегі қазақ тілі терминологиясының шынайы дамуына ат салысқаны мәлім. Мұны қазақ тіліндегі салалық терминдердің зерттелуін қарастыратын келесі тараушадан аңғарамыз.