Ахмет Байтұрсынұлы қазақ терминологиясының негізін қалаушы

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ терминологиясының
негізін қалаушы

Қазақ тіл білімінің, оның ішінде ғылыми терминологияның қалыптасуы мен дамуы туралы сөз қозғағанда, ұлағат алар ғұламаларымыздың қатарына кіретін ұлтымыздың ең ардақты ұлдарының бірі - Ахмет Байтұрсынұлының есімін айрықша атауға тиіспіз. Ол қазақ филологиясының, тіл-әдебиет ғылымын, ұлттық ғылыми терминологияны қалыптастырудың  қайнар бастауында тұрған аса көрнекті ғалым.

Халқымыз «ұлт ұстазы» деп атаған аса көрнекті тұлғаны тереңірек таныған сайын ұлтымыздың рухы биіктеп, тарихи, ғылыми санамыз да өсе түспек.

Ең алдымен, А.Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің терминологиясын жасаушы. Кез келген ғылымды оқып білу, меңгеру немесе оны өзгелерге үйрету сол ғылым саласында қолданатын арнаулы ұғым атауларынсыз мүмкін емес. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалым ретінде А.Байтұрсынұлы осы ғылым саласындағы негізгі ұғымдарды және олардың өзара байланысын анықтап, яғни қазақ тілінің табиғатын көрсететін ұғымдар жүйесі» түзумен қатар, сол ғылыми ұғымдардың атауларын да тұңғыш рет  жасады. Ғылыми ұғымдарға ат қою оп-оңай жұмыс емес. Ол үлкен талғампаздықты, тілді шебер пайдалана білуді қажет ететін шығармашылық процесс. Онымен қоса, арнаулы ұғымдарға ат қою кезінде ұғымдар жүйесінің өзіндік ерекшеліктерін ескеру қажет. Атаудың ықшам болуы, бірмағыналылығы және ұғым мазмұнын қамтуы тағы бар. Осындай талаптарды мүлтіксіз орындаудың қиындығы - терминдерді ана тілінде жасаудан гөрі көп жағдайда оны ұғымдар жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып жасалған өзге тілдерден дайын қалпында ала салуға (яғни, жасауға емес қабылдауға) мәжбүр ететін себептердің бірі. Бұл тұрғыдан келгенде, ғалым қазақ тілін термин шығармашылығында пайдаланудың жарқын үлгісін көрсетті. А.Байтұрсынұлының 1912 жылы Орынборда жарық көрген «Оқу құралының» (қазақша әліппе) өзінен буын, дыбыс, нүкте, дауысты дыбыстар, жарты дауысты дыбыс, дәйекші, жіңішкелік белгісі, хәріп (әріп) сияқты терминдерді ұшыратуға болады. Ал 1914-1915-жылдары және одан кейінгі жылдары 1928 жылға дейін бірнеше дүркін басылып тұрған «Тіл-құрал» оқулықтарында (қазақ тілінің сарфы) әбден қалыптасып, бүгінгі күнге дейін қолданылып жүрген және қолданыла беруге тиіс зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, қосымша, жалғау, жұрнақ сияқты терминдер жүздеп кездеседі.

Бұл терминдердің терминге қойылатын талаптарға жауап беретіндігін дәлелдеп жату артық, өйткені олар кезінде арнайы шеттетілгендігіне қарамастан уақыт сынынан өтіп, тұрақты қолданылатын дәрежеге жетті.

Мұнда ең басты атап айтатын нәрсе - А. Байтұрсынұлы бір топ терминдерді ғана емес, бүкіл бір ғылым саласындағы арнаулы ұғымдардың атаулар жиынтығын, дәлірек айтқанда, терминдер жүйесін жасады. Ғылымның дамуына орай ұғымдар жүйесінің ұлғайып отыруы табиғи құбылыс. Ахаң қалыптастырған авторлық терминдер жүйесі де қазақ тіл білімі дамыған сайын жаңа элементтермен толыға түсуде.

Ғалымның осындай тұтас терминдер жүйесін, салалық терминологияны  қалыптастыруы - оның қазақ тіл білімінің терминологиясын жасаушы екендігінің айқын дәлелі.

А.Байтұрсынұлының қазақ тілі білімінің ғана емес әдебиеттану ғылымының да негізін қалаушы екендігі мойындалған шындық. 1923 жылы ғалымның мерейтойына арналған мақаласында М.Әуезов «Жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ахаңды өзінің басшысы деп санайды» (Әуеэов М.О. Ақаңның 50 жылдық тойы//«Ақ жол» газеті. 1923, 4-ақпан.), – деген болса, әдебиетші ғалым Р.Нұрғалиев оның «Әдебиет танытқышы» туралы айта келіп, «...қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған» (Нұрғалиев Р. Алып бәйтерек //А.Байтұрсынұлы. Ақ жол. –Алматы, 1991. 12-13-бб.), - деп әділ көрсетеді.

Сонымен, екіншіден, қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым осы ғылым саласының ғылыми терминологиясын да жасаған.

Терминделуші ұғымдарды дәл білдіретін жүздеген әдебиеттану терминдерін жасай отырып, ғалым олардың ғылыми терминге тән дефинициясын да (ғылыми анықтамасын) берген. Ол дегеніміз - ғылыми ұғымның өзіне ғана тән белгілерін айқын көрсетумен қатар, олардың ұғымдар жүйесіндегі алатын орнын да көрсету деген сөз. Мысалы, «Айшықтың әрбір тақтасы шумақ деп аталады. Жұрттың бір ауыз өлең дейтіні шумақ болады, әр шумақта бірнеше тармақ болады. Тармақ дегеніміз - өлеңнің әрбір жолы. Тармақ ішінде бірнеше бунақ болады. Бунақ дегеніміз - өлеңді айтқанда сезілетін дауыс толқынының соқпа-соқпасының арасы. Бунақ ішінде буын болады» (Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш//А.Байтұрсынов шығармалары. –Алматы, 1989. 192-б.).

Бұл мысалдан байқайтынымыз, ғалым біріншіден, өлеңнің құрылым-құрылысын (түр-тұрпатын - А.Б.) анықтаған; екіншіден, әрбір ұғымның өзіндік ерекшелігін, басты белгісін, іргелес өзге ұғымдардан айырмасын көрсететін анықтама берген. Яғни, әрбір ұғымның мазмұны мен көлемін анықтаған; үшіншіден, әр ұғымның ғылыми атауын (айшық, шумақ, тармақ, бунақ, буын) жасаған; төртіншіден, терминдердің жүйелілік ерекшелігін ескере отырып, жалпы қолданыстағы бір үлгімен жасалған (модель) сөздерді термин ретінде пайдаланған; бесіншіден, ғылыми ұғымдардың арасындағы жүйелілік-құрылымдық байланысты көрсеткен. Дәлірек айтқанда, айшықтың – шумақтан, шумақтың – тармақтан, тармақтың – бунақтан, ал бунақтың – буыннан құралатындығын сатылай отырып көрсету арқылы ұғымдық микрожүйенің өзіндік табиғатын танытқан.

Бұдан ғалымның өзі зерттеп отырған ғылым саласындағы ұғымдар жүйесінің ішкі байланысы мен ерекшелігігі терең білумен бірге, оларды таңбалауда тілді өте шебер пайдалана алғандығы анық көрініп тұр. «Әдебиет танытқыштан» мұндай мысалдарды әлі де көптеп келтіре беруге болады. Жеке ұғымдардың өзара байланысынан барып ұғымдар жүйесі құралатыны сияқты соларға сәйкес келетін жекелеген термин сөздердің жиынтығы - терминдер жүйесін, яғни салалық терминологияны құрайды.

«Әдебиет танытқыштағы» ғалым қаламынан туындаған біртұтас жүйе құрайтын терминдер оның әдебиеттану ғылымының ғылыми терминологиясын қалыптастырғанын көрсетеді.

Сондай-ақ, А.Байтұрсынұлы тіл білімі, әдебиеттану ғылымдарының ғылыми терминологиясын жасаумен бірге, қазақ тілін оқыту әдістемесінің де негізін қалаушы ретінде бұл салаға қатысты көптеген терминдерді жасаған. Олардың қатарына әдіс, әдісқой, сауаттау әдісі, жалқылау әдісі, жалпылау әдіс, жалқылау-жалпылау әдіс сияқты терминдерді жатқызуға болады.

Ғылым, білім саласында қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне мақсатты түрде үлкен мән берген және термин шығармашылығында ұлт тілінің өз мүмкіндігін шебер қолдана білген ғалымның әлі баспа бетін көрмеген немесе кезінде жарияланып, қазір қолға түспей жүрген ондай еңбектері табылып жатса, олардың ішінде де көптеген терминдер мен жаңа қолданыстардың болатындығына еш күмәндануға болмайды.

Сонымен, үшіншіден, жоғарыда атап көрсеткеніміздей,                                      А. Байтұрсынұлы қазақ тіл білімі, әдебиеттану сияқты жеке ғылым салаларының ғылыми терминологиясының негізін қалаумен бірге, көптеген әдістеме, тарих және этнографияға, жалпы мәдениетке қатысты терминдер жасаған ғалым.

Ғалымның термин шығармашылығындағы қызметінің бір ғана ғылым саласымен шектелмейтіндігі оның жалпы қазақ терминологиясын қалыптастырудағы орнының айрықша екендігін көрсетеді. Алайда, А.Байтұрсынұлының қазақ терминологиясының қалыптасуына қосқан үлесі бұлармен ғана бітпейді. Оның Қазақстан ғылымын ұйымдастырушылардың бірі ғана емес, солардың ішіндегі ең ірісі, бірегейі екендігін дәлелдейтін деректер ғалым мұрасына тереңірек үңілген сайын табыла береді.

Ендігі бір айрықша атап айтуды қажет ететін мәселе - ғалымның терминжасамның тәсілдері мен жолдарын анықтап бергендігі. Яғни төртіншіден, А. Байтұрсынұлы терминжасам тәсілдерін анықтап, оларды өз тәжірибесінде тұңғыш рет кеңінен пайдаланған ғалым.

Терминжасам тәсілдерінің ара-жігі ашылып, олардың термин шығармашылығында іске қосылуы - қазақ тілінің грамматикасының (сарфы) жазылуымен тікелей байланыста қарастыруды қажет етеді. Бүгінгі терминжасам тәсілдерінің өзіндік ерекшеліктері бар екендігіне қарамастан, ол негізінен қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерінің құрамына енеді. А.Байтұрсынұлының қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерін анықтаумен қатар, ол тәсілдерді термин жасауда пайдаланудың жарқын үлгісін көрсеткендігін оның қаламынан туындаған жүздеген терминдері дәлелдейді. Мәселен, ғалымның жұрнақ, жалғау, буын, шумақ, тармақ, рай, мүше, әдіс т.б. осылар сияқты терминдері семантикалық тәсілмен, жақша, сызықша, көсемше, есімше, дәйекші, буыншы, бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, пысықтауыш, толықтауыш, әуреленіс, күліс, әлектеніс, әліптеме, зауықтама, мазмұндама, ермектеме, қорытпа ұсынба, сұқтаныс, азаптаныс, жалғаулық, есімдік тәрізді көптеген терминдері морфологиялық тәсілмен, ал дауыссыз дыбыс, дауысты дыбыс, қатаң дыбыс, ұяң дыбыс, түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қаратпа сөз, қыстырма сөз, мезгіл пысықтауыш, мекен пысықтауыш, сын пысықтауыш, тұрлаулы мүше, тұрлаусыз мүше, салалас сөйлем, сабақтас сөйлем, жалаң сөйлем, жайылма сөйлем, болымды сөйлем, болымсыз сөйлем, толымды сөйлем сынды терминдер тобы синтаксистік тәсілмен жасалған.

Бұл аталған терминдердің кейбіреулері орыс тіліндегі терминдердің негізінде калькалану арқылы (дауысты дыбыс, дауыссыз дыбыс, қос сөз т.б.) жасалғандығы аңғарылып тұр. Бұдан ғалымның калька тәсілін де ұтымды пайдаланғанын көруге болады.

Г.Ц.Пюрбеев «Калькалау арқылы термин жасау өте күрделі мәселе. Аударманың сәтті шығуы үшін өзге тілден сөздің (сөз тіркесінің) семантикасын, морфологиялық құрылысы мен қолданылатын саласын жақсы білу керек» (Пюрбеев Г.Ц.Современная монгольская терминология.  –М., 1984. С. 101.) – деген болатын.

А.Байтұрсынұлы жоғарыдағы терминдердің орыс тіліндегі аталған қасиеттерін жақсы білумен бірге, қазақ тілінің өз материалын ұтымды пайдалана отырып, сәтті терминдер жасаған. Қөрсетілген терминдердің қазақ тілінің терминологиялық лексикасының қатарынан берік орын алып, күні бүгінге дейін өзгеріссіз қолданылып әбден қалыптасып кеткендігі - олардың сәтті жасалғандығының айқын дәлелі бола алады.

Ғалым еңбектерінен қимыл атау формасымен келетін аңдау, ауыстыру, әсірелеу, әсерлеу, байымдау, бернелеу, бүкпелеу, дамыту, кейіптеу, көріктеу, мезгеу, меңзеу, теңеу, түйдектеу, үдету, шендестіру сияқты әдебиет тану терминдері мен демеу, жалғау, үстеу, шылау тәрізді тіл білімі терминдерін көптеп кездестіруге болады.

Заттық ұғым мен процестік ұғымды ұштастырып тұратын мұндай терминдерді жасау Ахаңнан бастау алып, бүгінгі қазақ терминологиясындағы термин жасаудың өнімді бір үлгісіне айналғанын аңғарамыз. Бұл терминдердің қайсыбірі (мысалы, ауыстыру, теңеу т.б.) тілде бұрыннан бар сөздердің терминденуі арқылы жасалған болса, кейбіреулері (мысалы, лептеу, ойламалдау т.б.) сол үлгімен, яғни етістік түбіріне - у жұрнағын жалғау жолымен жасалынған.

Кезінде А.Байтұрсынұлы пуристік бағыт ұстады деп, ол жасаған терминдердің біразы қолданыстан шеттетілгені белгілі. Соған қарамастан, Ахаң жасаған терминдердің көпшілігі өзінің өміршеңдігін танытып келеді. Ал арнайы шеттетілген терминдердің арасында бүгінде қайтадан қажетімізге жарайтындары аз емес. Әдебиетші ғалым Р.Нұрғалиев Ахаңның еңбегіне жазған алғысөзінде «сан алуан фольклорлық шығармаларды топтап саралауға мүмкіндік беретін суықтама, зауықтама, сарындама, салттама, ғұрыптама, қалыптама деген терминдер қазіргі ұғымымызға өзі сұранып тұр» (Нұрғалиев Р. Алып бәйтерек//А. Байтұрсынов. Ақ жол. –Алматы, 1991. 13-б.), - дейді.

Жалпы алғанда, ғалым термин шығармашылығында морфологиялық және синтаксистік тәсілдерді көбірек пайдаланған. Мұны кездейсоқ нәрсе деуге болмайды. Ғалым ұғымдар жүйесінің ерекшелігін терең түсіне отырып, әр ұғымның көлемі мен мазмұнын дәл қамтитын атау жасауды көздеген. Яғни, әр ұғымның өз таңбалаушысы болуына мән бергендігі байқалады. Сондықтан да ол аталған тәсілдерді пайдалану арқылы көптеген жаңа терминдер жасаған.

Бесіншіден, А. Байтұрсынұлы жекелеген ғылым салаларының ғана емес, бүкіл қазақ терминологиясының қалыптасуына тікелей әсер еткен айрықша тұлға.

Ғалымның терминжасам тәсілдерін көрсетіп, оларды пайдалана отырып, тіл білімі, әдебиет ғылымдарының терминологиясын, өзге арнаулы салаларға қатысты терминдер жасауы - ғасыр басындағы өзге ғылым салалары бойынша оқулықтар мен түрлі ғылыми еңбектер жазған авторларға таптырмайтын үлгі болды. Бұл пікіріміздің негізсіз емес екендігіне А.Байтұрсынұлынан кейін әр түрлі ғылым салалары бойынша енбектер жазған қазақ зиялыларының жасаған терминдері дәлел бола алады. Оны мына кесте арқылы көрсетуге болады.

А.Байтұрсынұлы. «Тіл құрал». Орынбор, 1914, 1915...

С.Қожанұлы. «Есеп тану құралы». Ташкент, 1924.

 

Ж.Күдерин. «Өсімдіктану». Москва, 1927.

 

Е.Омарұлы. «Пішіндеме» (геометрия). Кызылорда, 1928.

Сызықша, есімше, көсемше

Жақша

Сабақша, тұқымша, қайықша, тостағанша т.б.

Текше, тікше, қиықша

Сұраулық, етістік, жалғаулық, есімдік

Құралғыштық,

барабарлық,

бөлінгіштік

Тұқымдық, аналық, аталық құрылымдастық, ұқсастық

Өлшемдік, құрлымдастық, ұқсастық

Бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш

т. б.

Өлшеуіш

Қаптауыш

Өлшеуіш

Оралым

Айырым, алым, бөлім

Бітім

Бұл кесте арқылы біз кейінгі оқулықтар жазған авторлардың А.Байтұрсынұлының кейбір термин жасау үлгілерін (модельдерін) қалай пайдаланғанын немесе олардың арасындағы сабақтастықты көрсетуге тырыстық. Осы деректердің өзі ғалымның тіл білімпазы ретінде қазақ тілінде термин жасаудың үлгісін көрсете отырып, ғасыр басындағы термин жасау ісіне тікелей ықпал еткен зор тұлға екенін анық аңғартады. Мұндай мысалдарды әлі де келтіруге болады. Мысалы, А.Байтұрсынұлының қаламынан туындаған тұрлаусыз мүше, тұрлаулы мүше, одағай сөз, сабақтас сөйлем терминдері Е.Омарұлының көрсетілген оқулығындағы тұрлаусыз шама, тұрлаулы шама, одағай сан, сабақтас пішін терминдерінің жасалуына себеп болғандығына да дау айту қиын ғой деп ойлаймыз. Алтыншыдан, А.Байтұрсынұлы XX ғасырдың басындағы қазақ терминологиясын қалыптастыру мен дамытудың бағыт-бағдарын айқындаушы, яғни қазақ терминологиясының тұңғыш ғылыми принциптерін жасаушы.

1924 жылдың маусым айында Орынборда «Қазақ ғылыми қызметкерлерінің I съезі» болып, онда терминологияны қалыптастырудың принциптері бекітілгені мәлім. Араға екі жылдай уақыт салып, 1926 жылы Бакуде өткен «Түрікшілердің І-ші құрылтайында» жасаған баяндамасында А.Байтұрсынұлы қатынасушыларға осы принциптерді таныстыра отырып және өзге түркілердің де ғылыми терминологияны қалыптастыруда оларды басшылыққа алса дұрыс болатындығын айта келіп, өз ойын былай түйіндейді: «Этим путем каждый из нас, разгрузив свой язык от балласта чужих слов и отчистив его от засоренности влиянием чужого языка, сделали бы доступными произведения своей печати и своей народной массе и другим тюркским народностям» (Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. –Алматы. 1992, 425-б.).

Бұдан ғұлама ғалымның қазақ терминологиясын қалыптастыру мен дамытудың бағыт-бағдарын айқындаумен қатар, бүкіл түркі халықтары терминологиясының дамуына көңіл аударып, термин жасауда ортақ принциптер ұстану арқылы туыстас халықтардың өзара ғылыми және рухани-мәдени байланыстарының тереңдей түсуін көздеген түркітанушы екендігін  көруге болады.

XX ғасыр басында басшылыққа алынған бұл принциптерді ескірді деуге ешқандай негіз жоқ. Кезінде солақай саясаттың салдарынан олардың орынсыз шеттетілгені белгілі. Уақыт талабына сәйкес кейбір толыктырулардың болу мүмкіндігіне қарамастан 20-жылдары жасалған сол принциптер ғылыми құндылығын жойған жоқ.

«Тілдің міндеті - ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама қадырынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын... Сондықтан сөзден жасап сөз шығару деген әркімнің қолынан келе бермейді және шығарғандардың да сөздері бәрі бірдей жақсы бола бермейді» ([1] Байтұрсынов А. Шығармалары. –Алматы, 1989. 141-б.), - деп, тілдің міндетін терең түсініп, оны термин шығармашылығында асқан шеберлікпен, үлкен жауапкершілікпен жұмсай білген ұлы тұлғаның қазақтың ғылыми терминологиясын қалыптастырудағы еңбегі ұшан-теңіз.

Орыстың ғылым тілінің даму тарихын зерттеуші ғалымдар энциклопедист-ғалым М.В.Ломоносовты - «орыс ғылыми терминологиясының атасы» (Даниленко В.П., Канделаки Т.Л. Русская терминология//Развитие терминологии на языках союзных республик СССР.  –М., 1986. С.182.) - дейтін болса, Қазақстан ғылымының тарихындағы ондай орынды ұлтымыздың бағына туған перзенті ірі ағартушы, ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлы иеленіп тұр.

Бөлімнің презентациясы