ҚАЗАҚША ПӘН СӨЗДЕР ЖӘНЕ ТЕРМИНОЛОГИЯ

ҚАЗАҚША ПӘН СӨЗДЕР ЖӘНЕ ТЕРМИНОЛОГИЯ

Қазақ білімпаздарының тұңғыш сіиезі 1924 жылы 12-18 күндері Орын­бор қаласында өткенін білеміз. Сійездің қарауына 6-ты мәселе ұсынылды. Үшінші мәселе «Қазақша пән сөздер». «Қазақша пән сөздер» тақырыбы­на Елдес Омарұлы баяндама жасады. «Пән сөз» - деп, қазіргі кітаптарда, журнал, газет, пән (қазақ тілі, алгебра, физика т.б.) қолданыстағы ғылы­ми терминдерді, «жат сөз» - деп, кірме сөздерді (шет тілдерінен енген сөздер) атағаны көрінеді. Әрине, қаралып отырған пән сөздерін қазіргі пәндердің пән сөздерімен салыстыруға келмейді. Тіпті, ол уақытта қол­даныста жоқ, қазіргі «диссертация», «монография», «оқу құралы», «әдістемлік» т.б. ғылым сөзі (ғылыми терминдер) қалыптасты.

Шерубай Құрманбайұлы: «Термин» атауының өзі әр кезеңде ұлт тілінің түрліше аударылып, оның бірнеше балама нұсқасы ұсынылды. О баста қазақ терминологиясы дамуының Байтұрсынұлы кезеңінде «пән сөз» деп аталды. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары жарық көрген Алаш оқығандарының еңбектерінде, сол жылдардың мерзімді басылымдарын­да осы термин жиі қолданыла бастаған еді. ... Білім ордасы бекіткен тер­миндер сөздігі 1927 жылы Н. Қаратышқанұлының құрастыруымен «Пән сөздері» деген атпен жарық көрді» - дейді [1, 11]; [2].

Ахмет Байтұрсынұлы, Қалел Досмұқаметұлы, Міржақып Дулатұлы т.б. еңбектерінде пән сөздердің жасалуының негізгі принциптерін олар­дың заңдылықтарын, сингармонизм заңына сүйеніп жасау керектігін баса айтып, жазып кетті. «Сөзжасам жұрнақтары» ол уақытта бұл - пән термині қалыптаспаған, тұрлаулы, тұрлаусыз сөз тудыратын жұрнақтар деп аталды.

Елдес Омарұлы баяндамасында пән сөздерді қазақ тіліне алғанда түбірге (тұқылға-Е.О.) жұрнақтарды жалғағанда тұрлаулы және тұрлаусыз деп, дыбыс жүйесі жағынан екі түрге: түбірмен үндесіп, үндестік заңына бағынбайтын жұрнақтар деп бөледі. Нақты мысалдар келтіреді. Қазақша түбір сөзге жұрнақ жалғап жаңа сөз шығарғанда - тұрлаулы жұрнақтарды пайдаланған жөн дейді. Үндестік заңына бағынбайтын жұрнақтар қазақ тіліне сіңіп кеткен жат жұрнақтар; олармен мәндес түбірмен үндесіп жалғанатын қазақтың өз жұрнағы бар. Жаңа сөзді, түбірге жат жұрнақ жалғап шығарғаннан өз жұрнағымызбен шығарған артық. Пән сөзді өзі тілімізден таба алмаған күнде, иаурыпа қолданған латынша пән сөздерін алуға болады. Бірақ ондай жат сөздерді алғанда, - оны тіліміздің заңына келтіріп өзгертіп алу керек. Өйткені жат сөздің асыл түрін бұзбай алсақ: Ондай сөзге қазақтың тілі келмейтұғын бо­лады; Жаңа қазақ тілінің заңына келмеген сөзді, оған қазақша жұрнақ, жалғаулар жалғап өзгеруге де болмайды. Ондай сөз қазақ тіліне қа­зақтың өз сөзіндей болып сіңісе де алмайды, - бір түрлі ерсі сөз болып қалады деп жазды [3, 96-97]. Сөйтіп, барып Елдес Омарұлы жат сөздің қазақтың өз сөзі сияқты сіңіп кетуінің 9 түрлі принциптерін көрсетті. Қысқаша айтып өттетін болсақ:

  1. Қазақ тіліне кіргізген жат сөздердің бәрін де сол заңға келтіріп алу керек, - сөздің ішіндегі дыбыстарының бәрін де бірыңғай жіңішкертіп, я бәрін де жуандатып алу керек;
  2. Бас буыннан басқа буындарында жұмсақ «ә»-сі бар жат сөздерді қа­зақ тіліне кіргізгенде, «ә»-ні өзгертіп я «е», я жуан «а» алу керек («ада­быиат» - «әдебиет»). «Кәміилә» барыс септігі жалғанғанда «Кәміиләге» емес, «Кәміилаға» болады;
  3. Бас буыннан басқа буындарда «о», «ұ»-сы бар жат сөздерді кіргіз­генде «о», «ұ» - ларды басқа бір дауысты дыбыстарға айналдырып алу керек (покров-боқырау);
  4. Я болмаса сөз аяғындағы «ғ», «г», «д» - ларды мүлде жоғалтып жіберу керек (Оренбург-Орынбор);
  5. Үздіксіздік заңына келмейтін жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде, өзгертіп үздіксіз қылып алу керек (мәсле-мәселе, мұмін - момын);
  6. Екпіні соңғы буыннан басқа буындарында болған жат сөздерді қазақшаландыруында тілін соңғы буынға келтіріп алу керек (Смара - Смар, Пуховыий-Бокебай);
  7. Қазақша сөзде бір дыбыс қосарланып келмейді. Сондықтан ды­бысы қосарланған жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде қатарынан екі қайтара айтылатын дыбыстың біреуін я мүлде жоғалтып жіберу керек, я болмаса орнына басқа бір дыбыс кіргізіп алу керек;
  8. Тілінде жат дыбыстары бар жат сөздерді пән сөз қылып алғанда, оның жат дыбыстарын шығарып тастап орнына қазақша дыбыс кіргізіп алу керек;
  9. Қазақ тіліне кірген жат сөздер түбір сөз есебінде алынып, қазақ тілінің заңдарынша өзгеретін болу керек. Жат сөздерді жат жұрнағымен алуға болмайтынын, жұрнағымен кірген сөз болса, оның сол жұрнақты түрін түбірге балап алу керектігін айтқан.

Жарыс сөзде Нәзір Төреқұлы пән сөздерін қазақ тіліне алғанды теріс көрмейді. Пән сөздерді қазақ тілінен алу үшін, - оның осы «сөз жүйесі» сықылды мағына жағынан да қолайсыз, айтқанда құлаққа ерсі естіліп тұратын сөздерді пән сөз қылып алудың жөні жоқ: Қазақ тілінен лайық сөз табылмайтын болғанда, пән сөзді асыл түбірінен алу керек. Жаңа: Барлық халықтардың бәріне ортақ, «Ыинтернатсионал», «домокыра­тиа» сықылды пән сөздерді өзгертпей, жалпы иаурыпаның айтып оты­рған түрінде алу керек. «Абтомобил», «телеграп» сықылды текінике сөздерін де сол жалпы иаурыпаның қолданған түрінде алу керек. Ондай сөздерді қазақшаға аударып иаурыпадан алыстатудың пайдасы болмай­ды. Нәзір сөзінің соңында ұмытылып кеткен ескі сөздерге қызығудың, қазақтың өз тілінде жоқ басқа түріктердің сөзіне де қызығудың қажетті­гі жоқтығын, қазақтың ескі сөзінен, түріктердің қазаққа түсініксіз сөзі­нен иаурыпаның сөзін алған артық дейді [3, 101]. Әрине, бұл - арада қазақтың ескіліктерін (лексикасын), түркі тілдес халықтардың сөздерін алмау керек дегендік емес, ескі пән сөздері ретінде, пән сөзге қатысты кейбір көне сөздерді алмайық деп айтып отырғанын аңғару қиын емес. Нәзір Төреқұлов заманның ағысына, ыңғайына байланысты айтқанын аңғарамыз. Ескі сөз дегенде, Сұлтанмахмұттың да заманның ығына қа­рай күйінгеннен «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайында» - айтқаны, осындайда еске түседі екен. Қайта бұрынғыларымыз «хикаят» болса да тілі қазақша, рухы қазақ рухына қарай бейім келгендіктен өзін сүйін­діруші еді - тілдің бұзылғанына, қайда қазақ тілі? Құр «қатын ойбай» - деп жаны күйінді [4, 202].

Манан Тұрғанбайұлы баяндаманың толық еместігіне көңіл бөлді. Ол Елдостан пән сөздерін қайдан аламыз, не түрлі етіп аламыз, жат сөздерді алғанда кімнен аламыз, тіл іздегенде кімнен іздейміз, жат сөзді алған­да қалайша етіп аламыз? - деген сұрақтарға жауап күтіп едік. Елдостың айтқаны бұрыннан баспасөзде жазылып жүрген, Түркістанда дау болған мәселелер. Баяндама толық емес, қайта толықтырып жасауын сұрау керек деп, мынандай жоба ұсынған. Пән сөзін әуелі қазақтың өз тілінен іздеу керек. Одан табылмаған күнде басқа түрік қауымға кіріпкеткен сөздерден іздеу керек. Қазақтың өз тілінен да басқа түріктерден де табылмаған сөзді ғылымның шыққан елінен алуымыз керек - дейді [3, 101-102].

Қалел Досмағамбетұлы өзінің сөзінде: Елдос жат сөздерді асылын өзгертпей алу керек дегені қате. Біз тілімізге жат сөз кіргізгенде, оның түбірін ғана кіргізуіміз керек, жаңа түбірі қазақ тілінің заңдылығына келтіріп, өзгертіп алуымыз қажет дейді. Жат тілдің жұрнақтарын алмай, жат тілінің түбіріне, қазақ тілінің жұрнақтарын жалғап сөз жасау ке­ректігін айтады. Әр пәннің мамандарынан сайланған кемесіиелер болу керек деген ұсыныс енгізеді. Қалел Досмағамбетұлы өзі де «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» - туралы жазған болатын. Бұған сәл кейінірек тоқталамыз.

Ишанғали Арабайұлы Пән сөзін қазақ тілінен, онан табылмаса жалпы түрік тілінен алуды қолдайды. Қазақ тілінде «лұғат» кітабын, біздің ұғымда «сөздік» шығару керектігін айтты. Соңынан Манан Тұрғанбайұлы баяндама толық емес, жаңадан баяндама жасасын десе, Ишанғали баяндама толық жасалды, Манан қанағаттанбаса оны Елдос қорытынды сөзінде айтуы мүмкін дейді.

Қорытынды сөзінде Елдос Омарұлы Мананның сұрақтарына жауап беріп, қазақ тіліне жаңа сөздер кіргізгенде, ең әуелі ол жаңа сөздің қа­заққа жат болмау, бұқараның тіліне ауыр болмау, құлағына ерсі болмау жағынан қарастыру керек. Түрік халықтарының бәріне ортақ жалпы түрік сөзі болмаса, түрік халқының кез келген біреуінде ғана бар сөзді алудың қисыны жоқ. Барлық халықтарға ортақ сөзді «жат сөзді» алған дұрыс, бірақ та қазақ тілінің заңдылығына келтіріп, қазақтың өз сөз­деріне ұқсатып алу керектігіне тоқталды. Сіиез мынандай қаулы қабыл­дады:

  1. Қазақша пән сөздері қазақтың өз тілінен алынсын. Қазақ тіліне кір­ген жат сөздер түбір сөз есебінде алынып, қазақ тілінің заңдарынша өз­геретін болу керек. Жат сөздерді жат жұрнағымен алуға болмайтынын, жұрнағымен кірген сөз болса, оның сол жұрнақты түрін түбірге балап алу керектігін айтқан. Негізінен жоғарыда айтылған соңғы 9 - шы ұсы­ныс түгелімен қабылданды.
  2. Қазақтың өз тілінен табылмаған пән сөздер, басқа түрік халықта­рынан ізделсін, жалпы түрік сөзі жат тілдің әсерінен аман болса, ондай сөздерді жатырқамай алу керектігін;
  3. Еуропа халықтарына сіңіп кеткен жалпы ортақ пән сөздер, қазақ тілінің заңдылығына бейімделіп пән сөз ретінде алынып, жат сөзге мағынасы дәл келетін қазақтың сөзімен, еуропа тілінен енген сөз екеуі қатар қолданылып, қай қолайлысы алынуы керек;
  4. Қазақтың тілінен басқа тілден енген пән сөздер қазақ тілінің заң­дылығына байланысты алынуы керек деп, өзі талқылаған заңдылықтарға сүйенеді;
  5. Қазақ тіліне қабылдаған пән сөздерді әр пән мамандары тексеріп, әр пәннің өзі дербес комиссияда қаралуы керек;

6.Қазақша сөздер әлібби ретімен тізіліп, лұғат кітабы етіп шығару керек деген.

Қаулыға қосымша Әлихан Бөкейханұлының қағаз бетіне кісінің аты- жөнін жазғанда, орысшаға еліктеп, әкесінің атына «оп» деп қосып жазу қалсын - деген ұсынысын қабылдап, кісінің аты-жөнін жазғанда, оның өз аты ғана жазылып, үкімет орындарының қағазында, кісінің өз атын аттас кісілердің атымен шатастырып алмау үшін, әуелі әкесінің аты жа­зылып, оған «ұлы» деген сөз қосылып, сонан соң өз аты жазылатын болсын - делінген. Күндізгі мәжіліс осымен жабылады [3, 105-106].

Қалел Досмағамбетұлы сөз жасайтын жұрнақтың екі түрін: шын жұрнақ, шала жұрнақ деп бөліп, Шын жұрнақты сөзге қосып жазу ке­рек, ал шала жұрнақты түбір сөзге жалғаспай сызықшамен жазу ке­ректігін айтады. Қалел Ауропа сөздері соңғы заманда әдебиет тіліміз­ге жапа-тармағай кіріп жатыр. Сондықтан бұлар туралы да біраз ғана сөз айтпақшымыз. ... Сондықтан Ауропа сөздерін орыстың айтуынша қолданып жүрміз. Бұл дұрыс емес. Ауропа сөздерін ала алсақ, біздің білуімізше мынандай жолмен алу керек. Қысқартып беретін боламыз.

1) Ауропа сөздерін алғанда, сөзді қазақ-қырғыз тілінің заңымен өз­гертіп, сіңуге қолайлап алу керек. Ауропа тілінен бізге әсері көп тиетін тіл орыс тілі, орыс сөздері ықтиярсыз қолдануға керек болатын дәуірде тұрмыз. Сондықтан орыс сөздерін қолданғанда өте сақтық керек;

2) Күнбатыс Ауропа сөздерін алғанда түбін тексеріп, шамадан кел­генше сөзді түпкі иесінің сөйлеуіне жақындатып алу керек т.б.

3) Роман, герман сөздері жалпы айтқанда жуан айтудан гөрі жіңішке айтуды сүйеді. «Л» деген дыбыс бүтілдері де өнемейін жіңішке айты­лады. Сондықтан ішінде «л» дыбысы бар Ауропа сөздерін жіңішкертіп айтқан сөздің түбіне жақын, қолайлырақ болады т.б.

4) Франсоз тілінде сөздің басуы (ударение) соңғы буынның ішінде­гі дауысты дыбыстарда болады. Қазақ-қырғыз тілінде де осындай қасиет бар. Сондықтан Ауропа сөздерін өзгерткенде франсоз тілін үлгіге алсақ, көп жеңілдік көреміз. Мәселен, латынша механійкус деген сөз орысша механический, фрасозша механик болады. Бұл сөзді қазақша механік деп алуға болады;

5) Ауропа сөзін алғанда түбірін сингармонизмге көндіріп алған соң, жалғаулардың да бәрін сингармонизм заңымен жалғау керек. Алған түбірден туынды сөздерді өз тіліміздің заңымен тудыру керек дейді [5, 94-96].

1924 жылы Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезінің «Жат сөз қазақтың өз сөзіне ұсап қазақ тіліне сіңіп кететұн болуы үшін, - оны қазақ тілінің мынандай заңдарына келтіріп алу керек» - де­ген 9 принциптерінің 4-уін А. Байтұрсынұлы 1926 жылы Бакуде өткен Бірінші Түрікшілер құрылтайында жасаған баяндамасында орысша жалпы келтіріп, атап өткен. Және терминология саласындағы толған­дырып жүрген мәселелер туралы кеңінен шолу жасаған. Термин алуда әсер ететін факторлардың бірі - елдердің рухани мәдениеті, қарым-қа­тынасы екендігін сөз етеді [6, 417-425].

1924 жылғы съезде Міржақып Дулатұлы сөз сөйледі. Онда ол - «Қазақ жұрты өнерлі, мәдениетті болуына біз қарсы емеспіз. Жаңа­лыққа да, өзгеріске де қарсы емеспіз. Бірақ өзгерістің де өзгерісі бар. Күндердің күнінде латын әрпін қолданатын болармыз. Латын түгіл, жұрт біткеннің бәрі шапшаң жазуға (стенография) түсуіне де сенемін» - деген еді [7, 323].

Еліміз Латын әлібиіне негізделген «Қазақ әліпбиіне» ауысқалы жатқанда Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде баяндама жасаған Нәзір Төреқұлұлының баяндамасы бүгінгі күні де өзінің өзектілігін, маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Нәзір Төреқұлұлы жаңа нәрсені халық жатырқайды екен деп тоқталудың да жөні жоқ. От арба мен от кеменің шығуына да қара халық бір кезде қарсы болған, бірақ осы кезде соларға өздері мініп жүр, осы кезде Ташкент пен Орынбор арасында отарбаға мінбей түйеге мініп келіп жүрген адам жоқ. Мәдениеттің жаңалығы, бет алысы халықтың пікіріне қарап жолынан тоқталмайды. Бұрын жұдырықтасып төбелесетүн жұрт қазір аспанда ұшып жүріп кимиенің ғазымен соғысатұн болды. Мен: латын жазуы күні бүгін алынбағанда да немістерше қабылдауымыз керек деймін. Немістер латын әрпін өз әліп­биіне бірте-бірте кіргізген, тым болмаса, біз де соны істелік сөйтіп, ба­ра-бара біраз жылдардан кейін латын әліпбиін қолданып кететін болар­лық, бұл қиын емес. ...Латын жазуы бізге әрі жеңіл, әрі арзанға түседі; оңай нәрседен пайдалы нәрседен, арзанға түсетін нәрседен қашпау ке­рек, мәдениет жолында бір адым да болса ілгері басатын жаққа ұмтылу керек- дейді [3, 82-85].

Жарыс сөзде сөйлеген Міржақып латын мәселесін көтеру әлі ерте екенін, түрік әріптерін жеңілдетіп қолдана берейік десе, Елдес қазір­гі түрік әліпбиін қолдана беруге, Қазанғапұлы Қанаш латын әріпін жақтайды, Қалел латын әліпбиіне қарсы бола тұра латын әліпбиінің жобасын жасағандығын айтады. Манан Тұрғанбайұлы әзірбайжандар латын әрпін жүзеге асыра алмай қайтадан түрік әліпбиіне түсіп отырға­нын, Ишанғали Арабайұлы мен Ерғали Алданғарұлы да латын мәселе­сін қолдаған.

Съезде тіл білімінің реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы араб әліпбиі (түркі әліпбиі) деп алып отыр. Баяндамасында «Түрік әліббиінің түбі арабтан шықанымен, түрік тіліне икемделіп, өзгеріс кіріп, таза күйінде тұрмағандықтан, мен оны араб әліббиі демей түрік әліббиі деймін» - деген.

Қазақ-қырғыз білімпаздарының съезінде Ахмет Байтұрсынұлының жобасы қабылданды. Ал латын әліббиін алу деген сөзді орынсыз деп та­ныды. Съезд басталғанда Әлихан Бөкейханов жазу ережелерінің жалпы жобасы жайында таныстыруға Николай Иванович Бутковскиге берген болатын, ол орыс тілі жайында айтып өтіп, сөз арасында латын әліббиін алу керектігіне баса назар аударды. Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлы қа­зақ әлібиінің күні-бүгінге дейін қолданылып жүрген ережесін жасады. Дыбыстарды дауысты, дауыссыз деп бөліп, араб әліббиіне лайықтап, зерттеп шықты. Қай әріпті алу керек, қай әріпті алмау керектігін де ай­тып кеткен. Қазақ тілінің заңдылығын араб әліббиіне заңдастырып, үй­лестіріп әріп тауып, жоқ әріптерді дәйекше, ноқаттар арқылы жасады, емілесін қайыра жаңадан жасап шықты. Сондықтан да біз латын әліб­биіне көшсек те қазақтың тілдік дыбыстық жүйесін, үндестік заңын А. Байтұрсынұлы жазып кеткендей бұзбай сақталуы керек деп ойлай­мыз. «Латын әліббиінің» үлгісін қабылдаған да Ахмет Байтұрсынұлы­ның тәжірибесін ескеру қажет және де латын әріптеріне негізделген қазақ тіліндегі оқулықтар жазғанда Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін оқып, пайдалану қажет.

1926 жылы 26 ақпан мен 6 наурыз айында Баку қаласында Бүкілодақтық түркітанушылардың бірінші сиезі өтті. Сиезге Қалмақтар, қиыр күн шығыстағы Жақыт, анатол Түрік елінен, Неміс, Мажар профессор­лары қатысып сөз сөйледі. Құрылтай қарауына 14 мәселе ұсынылды. 8-9 баяндама жасалды. Құрылтайдың негізгі көздегені латын әліббиіне негізделген латын әрпіне көшу мәселесі болды. Сиезге атақты түр­кологтар Бартольд, Самойлович, Малов, Щерба т.б. қатысып кейбірі баяндама жасады. Түрік мәдениетінен баяндама жасап, сөз сөйлеген­дер Ольденбург, Крымский, Меньсел, Майсереш, Баруздин, Убайдул­лин Әзиз, Шобан-зада, Кинко, Ибрайымұлы Әлжан, Ағазада т.б. Түрік әліббиі туралы баяндаманы Мамед-заде, Шарапұлы Әлімжан, Ал­парұлы, Төреқұлұлы, Бердіұлы, Омарұлы пән сөздерінің жүйесі туралы Шобан-заде, Зиенат, Түрік тілі пән сөздері туралы Зайналы, Одабаш, Байтұрсынұлы жасады. Латын қарпін қолдаушы 7 баяндаманың екеуін ілім пәтуасы түрінде екі профессор жасады. Яковлев деген профес­сор латын қарпін не үшін қолдайтынын айтты. Араб пен латын қар­пін салыстырып сөйлеген Әлімжан Шарапұлы болды. Латынға қарсы баяндама біреу-ақ болды. Тоқ етері латын әліббиінің артықшылығына құрылтайдың көзі жетті [8, 411-416]. Бұл - сиезд латын қарпіне көшудің бастамасы іспетті болды. Қазақ өкіметінің «Қазақ жаңа емлесі туралы декреті» (латын) тек 1929 жылы ғана жарияланды.

Қорыта келгенде, қазақ, ағылшын, орыс тілді және компьютер тілін білетін лингвист мамандарды тартып, жобасын ұсынған мықты тіл­шілерге баяндама жасату қажет. Олардың жасаған баяндамасы қазақ тілі заңдылығынан қаншалықты алшақ кетпеді, біздің көзімізді жеткізуі керек. Бұл арада әрине, латын әріптерін алғанда, компьютердің ішкі мүмкіншілігін ескеру керек сияқты. Қазақстан республикасы білімпаз­дарының съезін өткізіп, «латын әліббиінің» қазақша нұсқасының қай нұсқасы тиімді екендігін баяндамашылар тілдік заңдылығын Ахмет Байтұрсынша, Нәзір Төреғұлша т.б. алашшыл зиялылардың талдауын­дай талдап, дыбыс ерекшеліктерін, жүйесін зерттеп, сингармонизм заң­дылығына сүйеніп, дыбысқа әріп таңдағанда қазақ тілінің барлық заң­дылықтарын ескеріп, нақты мысалдармен дәлелдеп шығулары керек. Қысқасы қазақтың дыбыстарын қабылданатын латын әліббиінің үлгісі­

не, қалпына салып тексеру қажет. Одан кейін отандық лингвистерден, түркологтардан құралған комиссия жасалған баяндамаларды қабылдап, тілдік тұрғыда сипаттама жасап, қайыра бір зерттеп, қазақ дыбыста­рына таңдап алған латын әріптері дәл келе ме? келмей ме? - тағы да бір тілдік талдау жасап әріптерді қабылдаудың тілдік негіздемесін жа­сап, қаулы қабылдап, одан кейін барып нақты бір жобаны Елбасының бекітуіне ұсыну керек сияқты. Жалпы, екі әліббиді «араб» және «ла­тын» талдаған қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезінің үлгісі, жобасын негізге алған да артық етпейді деп ойлаймыз.

 

                                   Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Ш. Құрманбайұлы. Терминтанушы құралы (сөздік оқулық). «Ер-Дәулет» – Астана-2007. -11 б.

  1. Е. Әбдірәсілов. Қазақ терминографиясының жүйесі. – Астана, 2005. -141 б.

3.Қазақ білімпаздарының тұңғыш сіиезі. Қырғыз мемлекеттік баспа­сы. -Орынбор, 1925. -96-97, 101, 101-102, 105-106, 82-85 б.

4.С. Торайғыров. -Сарыарқаның жаңбыры. Екінші кітап. – Алматы, «Жазушы», 1987. -202 б.

5.Халел Досмұхаметұлы. Аламан. –Алматы. «Ана тілі», 1991.-94-96 б.

6.Ахмет Байтұрсынов. Тіл тағылымы. – Алматы. «Ана тілі», 1992. - 417-425 б.

7.Міржақып Дулатов. Шығармалары, – Алматы. «Жазушы» 1991, -323 б.

8.Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы. «Ана тілі» 1992, -411-

ылымы. – Алматы. «Ана тілі» 1992, -411-416