Терминжасам

Терминжасам

Астанада өткен алқалы жиында   ғалымдар осы мәселе жөнінде ой бөлісті

Жуырда Астанадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында «Қазіргі терминжасамның бағыттарын айқындау мәселелері» тақырыбында тілші ғалымдардың, терминолог мамандардың қатысуымен семинар-кеңес өтті. Басқосуды Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешов жүргізіп отырды. Сол жиында айтылған өзекті мәселелерді, ой-толғамдарды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Семинар-кеңес барысында Ғалым­жан Мелдешов «Терминология саласында бірқатар жетістіктерге жеттік. Қоғамның әр саласы бойынша терминологиялық сөздіктері­міз шығып жатыр. Жалпы терминтану, терминжасау бағыттарында өзекті мәселелер аз емес. Семинарға қатысушылар бұл тұрғыда өз ойлары мен пікірлерін, нақты ұсыныстарын ортаға салады, ортақ мәселеге байыппен назар ­аударады деп ойлаймын» деді. Жиында баяндамашылар мен пікір білдіруші азаматтар күн тәртібіндегі мәселе бойынша көзқарастарын ортаға салды.
Қазіргі таңда терминология саласында «әттеген-ай»-лардың бары рас. Олардың көбі ха­лық­аралық терминдерді қазақ тіліне тәржімалау ісімен байла­нысты. Мәселен, халықаралық тер­мин­дердің бәрін қазақ тіліне аудару ұстанымы қаншалықты дұрыс? Кейінгі кезде ғалымдарымыз халықаралық терминдерді жаппай қазақ тіліне ­аудару шарт емес деген қорытындыға келіп отыр. Бұл орайда Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру әдістемелік орталығының басшысы Ербол Тілешов Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті тарапынан шеттілінен қазақ тіліне аударылған терминдерге мониторинг жүргізілгенін атап өтті. Соның нәтижесінде Республи­калық терминологиялық комиссия 2014 жылы бірқатар терминдер­дің қазақ тіліндегі нұсқаларын ха­лықаралық нұсқалармен қайтадан сәйкестендірілген.Олар: мұражай – музей (грек. μουσεῖον — музей үй), мұрағат – архив (лат. Archivum қатысатын орын), бұрқақ – фонтан (ағылш. The Fountain – бастау, қайнар), азатжол – абзац (нем. Absatz — бөлім, мәтіннің бөлшегі) және тағы да басқа терминдер. Осындай жұмыстар 2016 жылы да жалғас­ты. Олар: Мұражай үйі – музей үйі, киномұрағат – киноархив, қашыртқы – дренаж (фр. Drainage – табиғи немесе жасанды түрде жерүсті немесе жерасты суларды кетіру), үдеріс – процесс (лат. Processus – ілгерілету, бір нәрсені дамыту).
Бұл үдеріс жалғасын тауып, алдағы уақытта терминологиялық жұмыстарды ұйымдастыру, тер­миндерді сараптау және бекіту барысында әлемдік тәжірибеде қолданысқа енген халықара­лық терминдерді сол күйінде қалдыру қағидатын сақтау керектігіне көз жеткізілді.
Мониторинг барысында белгілі болғандай, тек 1992-2016 жылдары ғана 15963 термин бекітілген. Олардың 6024-і қазақ тілінде, 1987-і халықаралық атауда, 7952-сі қазақ және шет тілдеріндегі тіркес ретінде бекітілген. «Терминком.кz» сайты ашылды. Оған тіліміздегі барлық терминдер мен атаулардың, салалық терминдер мен атаулардың да толық қоры енгізілді.

Қазақ тіл білімін ұлттық терми­нологиясыз елестету мүмкін емес. Әлемдік деңгейдегі сан алуан өз­герістер мен құбылыстарға, дүние­дегі түрлі саланың даму қарқы­нына байланысты шетелдік жаңа терминдер пайда болып, оны заман ағымына байланысты пайдалану қажеттігі ­туындап жатады. Сол жаңа терминдерді ғылыми негіздеп, қазақ тіліндегі мағынасын дәл тауып, жүйелеу бүгінгі күні терминолог мамандардың басты міндеттерінің бірі.
Мемлекеттік тілдің ауқымын кеңей­тетін, қазақ ұғымына ғылы­ми, өндірістік, инновациялық терминдерді жатық жеткізіп, жалпы ұлттық сананың көкжиегін кеңейтуге ерекше үлес қосатын бұл саланың маңыздылығы ерекше. Бүгінде ғалымдарымыз ұлттық терминология ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қалыптаса бастады деген пайымды алға тартады. Бұл орайда оның теориялық және әдістемелік негізін салған Ахмет Байтұрсынов екені ­даусыз. Ол алдымен термин ретінде ұғымның мағынасын толық беретін қазақ сөздерін алу, ондай сөздер қазақ тілінде болмаған жағдайда туыстас халықтардың тілінен термин алу, жаппай қолданылатын халықаралық терминдерді қазақ тілінің табиғатына сәйкес қабылдау, қазақ тілінің табиғатына сәйкеспейтін барлық өзге тілдердің сөздерін қазақтың айтуына сәйкес өзгерту қажеттігін баса көрсетеді. Дегенмен, қазіргі таңда терминология саласында «әттеген-ай»-лардың барын айта кеткен жөн. Мәселен, халықаралық терминдердің бәрін қазақ тіліне ­аудару ұстанымы қаншалықты дұрыс деген мәселе жиі әңгіме арқауына айналып келе жатқаны анық. Кейінгі кезде ғалымдарымыз халықаралық терминдерді жаппай қазақ тіліне ­аудару шарт емес деген қорытындыға келіп отыр.
Семинар-кеңесте пікір алмасқан ғалымдар осындай мәселелерге де ­назар аударды.
Байынқол ҚАЛИҰЛЫ, филология ғылымының докторы, профессор:
– Терминге, терминологияға қатысты мәселелердің бәрін реттеп, жүйелі бір ізге түсіріп, бекітіп беріп отыратын ұйым – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік терминология комиссиясы (терминком) екендігінде дау жоқ. Aлғаш термин жасаумен, оларды бекітумен және бекітілген терминдердің тілімізде дұрыс қолданылуын қадағалаумен тікелей айналысқан бұл комиссия кейіннен тек термин бекітумен ғана шұғылданып кетті де, термин жасау тек сөздік жасаушы мамандарға ғана қалдырылды. Соның салдары болуы керек, терминком бекіткен терминдердің кейбіреулерінде жүйелік, бірізділік байқалмай жүр. Тіпті олардың арасында кемшіліктер де, қарама-қайшылықтар да жоқ емес. Көп уақытқа дейін қазақ тіліндегі термин жасау ісінде негізінен екі түрлі бағыт ұсталынып келді. Оның біріншісі – даяр тұрған орыс тілі терминдері мен ағылшын тілі терминдерін тікелей қабылдай салу, екіншісі – қазақ тілінің өз қорын кәдеге жарату. Мамандарымыздың айтуынша, қазақ тіліндегі терминдердің 70-80 пайызы орыс тілі арқылы келген, орыс тілінің заңына бағынған жат жұрттық сөздер құрайды. Бұған дейін терминдер екі түрлі жолмен бекітіліп келді. Бірі – термин сөздерді жеке-жеке жиып, топтап, мезгіл-мезгіл бекітіп тұру, екіншісі – белгілі бір ғылым саласы бойынша жасалған сөздіктерді сол қалпында бекіте салу. Терминге байланысты кеткен кемшіліктердің басым бөлігі осы сөздіктер бойынша бекітілген терминдерде байқалады. Мемлекеттік терминология ­комиссиясы бекіткен бұған дейінгі терминдерде кеткен кейбір кемшіліктерге аздап тоқталалық. Ондай кемшіліктердің ең үлкені деп – біз терминкомның бұрын бекіткен терминдерді келесі жолы мүлде басқаша түрде бекіткенін айтқан болар едік. Мәселен, терминком ­«творчество» деген терминді бұрын «творчество» және «жасампаздық» деген екі сөзбен бекіткен еді. Кейіннен аталған қазақша балама «шығармашылық» деген сөзбен ­ауыстырылды. Терминком «алқа» сөзін бұрын «коллегия» терминінің баламасы ретінде алса, кейіннен ол сөзді «совет» терминінің бір мағынасы ретінде тағы бекітті. Сондай-ақ «жиынтық» сөзі бұрын «совокупность» терминінің баламасы ретінде бекітілсе, кейіннен ол «комплекс» терминінің бір мағынасы ретінде ұсынылды (Қазір «комплекс» сөзі кешен деген баламамен беріліп жүр). Орысша сыңары да, қазақша сыңары да бұрыннан дұрыс қолданылып жүрген кейбір терминдерге терминкомның басқаша баламалар бекітіп берген кездері де болды. Мысалы, о баста «эквивалент» сөзінің аудармасы ретінде қолданылып жүрген «балама» сөзі терминком бекіткеннен кейін «альтернатива» сөзінің қазақшасы болып шықты. «Куәлік» сөзі де дәл осындай. Ол бұрын «свидетельство» сөзінің баламасы болатын. Терминкомның кезекті бекітуінен кейін «куәлік» сөзі «удостоверениенің» баламасы болды.
Орыс тіліндегі белгілі бір терминнің қазақша баламасы ретінде терминком кейде екі сөзді қатар береді. Оның бірі – орысша, екіншісі – қазақша. Мысалы, аудитория – аудитория, дәрісхана; логика – логика, қисын; рынок – рынок, базар; статус – статус, мәртебе, т.б. Бұлай етуге болмайды. Тізе берсек терминком бекіткен терминдерден мұндай кемшіліктерді әлі де көптеп табуға болады. Енді не істеуіміз керек? Ол үшін, ең алдымен, мынадай бес түрлі істі қолға алғанымыз жөн сияқты. Олар: ­­­1. Тер­минком терминологиялық комиссия емес, мүмкін терминологиялық комитет болып қайта құрылғаны жөн. Оған Мемлекеттік ономастикалық комиссияны да біріктіруге болар еді. 2. Ғылым академиясының барлық ­институттарында, барлық ғылыми мекемелерде тек қана ғылыми терминдерді зерттеумен шұғылданатын бір-бір терминші мамандығы штаттық кестеде көрсетілуі тиіс. 3. Терминкомның тек термин сөздерді ғана және олардың тек қазақша баламалары барларын ғана бекітіп отырғаны жөн. 4. Бір ұғымды білдіретін орысша бір терминге екі түрлі балама ұсынуға болмайды. Өйткені мұның терминдерді тұрақтандыруға зияны көп. 5. Терминком өзі бекіткен терминдердің дұрыс қолданылуына әр уақыт бақылау жасап отыруы керек.
Ерден ҚАЖЫБЕК, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор:
– Термин тану, терминдерімізді толықтыру әлі күнге дейін өте өзекті мәселе болуда. Терминдер әдеби сөздік қор емес, ол мамандардың тілі. Әр сала үшін кемінде 5 мың, әрі кетсе 15 мың термин керек екен. Біз соңғы 20-30 жылдың ішінде 20-30 мың терминді бекіттік. Сөздіктер шығарып жүрміз. Салалардың саны көп, мәселен 100 сала десек кемінде 500 мың термин керек. Әр саланың ішінде кемінде 10-20 пайыз өзгермейтін кәсіби терминдер болады. Бірақ 80-90 пайызы төл тіліміздің негізінде қалыптасуы керек. Инновация тілі, өндіріс тілі, техника тілі қай тілде дамып жатыр? Бұл – ағылшын тілі. Ал біздің шығарып жатқан сөздіктерімізді мамандарымыз пайдаланбайды. Қазақ тіліндегі астрономиялық терминдер ағылшын тіліндегі, орыс тіліндегі терминдерден әлдеқайда бай. Себебі, біздің көшпелі ата-бабамыздың картасы аспанда болған. Геология мен геодезия терминдері де қазақ тілінде өте бай. Өйткені бұл түркі халықтарының ежелгі салалары. Айтайын дегенім, біздің мемлекеттік тіліміз филология, гуманитарлық пәндер тілі болып қалмауы үшін ғылымның және өндірістің тілін қалыптастыруға назар аударуымыз қажет. Ол үшін комиссиямыздың жұмысын осындай бағытқа рәсімделген негізде бұруымыз керек. Үкіметтің деңгейінде басқарылуы тиіс. Себебі, ғалымдар термин жасайды, бірақ өндіріс ­мамандары қолданбайды. Терминжасау үдерісінің өзін ойластыруымыз керек. Міндетті түрде технологиялық секциялар болуы тиіс. Оны салалық мамандар мен терминолог-тілшілер бірігіп қолға алса құба-құп. Әрине, бұл жерде терминология нұсқаумен, бұйрықпен дамымайтынын түсінуіміз керек. Түркияда жыл сайын 20 шақты ғалымды біріктірген арнаулы ұйым терминдер жасап, басылымдарға жариялап отырады. Ары қарай халық қабылдағанын енгізеді. Бізде де осындай тәжірибені қолға алып, «Ана тілі» сияқты газеттерде, басқа да басылымдарда жариялап отырсақ дұрыс болар еді. Енді латын әліпбиіне көшсек, ол терминология саласын дамытуға керемет көмек болады. Яғни терминдерді дәнекер тілдерден емес, тікелей түпнұсқа тілден қабылдауға мүмкіндік туады. Бірақ оны өзіміздің тіліміздің табиғатына, ерекшелігіне қарай икемдеуіміз керек.

Өткен ғасырдың 20-30 жылдары Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев және басқалар қазақ үшін оқулықтар жазған. Қазақ тілінің заңдылықтары өзгерген жоқ. Оны да басшылыққа алуымыз керек. Қазақ тілі түркі әлеміндегі ең бай, ең көне тіл екенін ескеріп, терминология саласын халықаралық деңгейге көтеріп, бір үлгіде жазуы­мыз керек. Көне түркі сөздері жалпы түркі халықтарына ортақ. Біздің айырмашылығымыз кірме сөздерде. Терминология дегеніміз – мемлекеттік тіл. Терминологияны ­дамыту қазақ тілінің қоғамның барлық саласында еркін қолданылуына негіз жасау деген сөз.
Сауытбек ӘБДІРАХМАНОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты:
–Біздің терминологияның жұмысындағы түйіні табылмаған үлкен мәселелерінің бірі – баяғы кеңестік кезеңдегі энтузиазмға, қоғамдық негізге арқа сүйеу. Прагматизм заманында мұндай іс сен қазақ тілінің жанашырысың, осы елдің азаматысың, патриотсың, сондықтан осы шаруаны жасау міндетің деген тұрғыда жүріп жатты. Кеңестік кезеңде Мәскеуде Лениндік және мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі арнаулы комитет болды. Тұрақты штаты болды. Оның жұмысы бүкіл республикаларда басылып, шығып жатқан еңбектерге, басылымдарға сараптама жасау, рецензиялар жинау, эксперттерді тарту, сөйтіп, комитет мүшелеріне ұсыныстар енгізу болды.
Сол тұрғыдан қазірде терминжасам ғылыми институттарда жұмыс істейтін адамдарға қосымша қоғамдық жүктеме ретінде берілгендігінде көп кілтипан бар. Сен білесің ғой, осыны жинап, сен жасасаңшы дегендей. Сондықтан Үкіметтің алдына мәселе қойып, штат ашу жағы ойластырылса, содан кейін тікелей терминологияға тартылған адамдардың еңбектері де ескеріліп отырса деп ойлаймын. Мысалы, геодезия маманымен шарт жасалады дейік. Ол белгілі бір уақыт ішінде ұсынылған дүниені қарап, сараптама, рецензия жасап әкеледі. Сол үшін комитет шарттық негізде ақы төлейді. Осы мәселенің тетіктері іздестірілсе. Сонда бұл шаруаның сапасы жақсаруы мүмкін, жауапкершілік артатыны анық. Және мотивация пайда болады. Егер осының көздері табылып жатса, біз Парламентте бюджеттік мәселелер кезінде қосымша қаражат туралы мәселені жақтауға дайынбыз. Латын әліпбиіне көшу кезінде көп нәрсені қайта қарауымыз керек. Бұл жай ғана таңба ауыстыру емес. Өтпелі кезеңде қазақ тіліне түбегейлі реформа жасау үшін пайдаланып қалу керек. Қазіргі сөздіктерді қарап отырсаңыз, терминдердің басым бөлігі орыс тілінің мәнеріне, ыңғайына қарай жасалғаны көрініп тұр. Сондықтан оларды енді қазақ тілінің айтылу мәнеріне қарай ауыстыру мәселесін қарастыруымыз керек.
Мәди АЙЫМБЕТОВ, Қазақстан Үкіметі жанындағы Терминологиялық комиссия мүшесі:
– Термин деген мәселенің бәрі заңнамадан айналып өтпейді. Заңның қарастырмайтын саласы жоқ. Ғылыми термин дегеніміз – заңнама термині. Бұл қалыптасқан мәселе, ал оны жандандыру туралы әңгіме басқа. Шетелдік терминдерді қалай қолданамыз дегенде айтылар сын көп. Біз терминдерді орыс тілінен, орыс тілінің жұрнақтарымен сол күйінше алып жүрміз. Осыдан бес-алты жыл бұрын «режім» сөзін бекіттік, енді соны қайтадан «режим» деп қарастырдық. Неге бұлай? Қазақ тілінің заңдылығымен алған сөзге қайтадан өзгеріс жасаудың не қажеті бар?Ендігі қабылданатын заңдардың бәрін орысша-қазақшасын қосып латынша нұсқасында жасау керек деп ойлаймын. Сол арқылы өзіміздің ұлттық терминге жақындай түсеміз. 2025 жылы латынға көшеміз дейміз. Заңға келгенде осы мәселені қазірден қолға ала беру керек.
Қарлығаш АЙДАРБЕК, филология ғылымының кандидаты:
– Қоғамдағы кез келген өзгеріс жаңа ұғымдардың пайда болатыны белгілі. Енді сол ұғымдарға атау тауып берер кезде тілдік мәселелер алға шығады. Алдымен айтарым, біз терминнің жарыспалылығынан қашпауымыз керек. Терминжасау – саналы, мақсатты үдеріс екені белгілі. Терминдерді іріктеп алар кездегі ­басты критерий – терминнің қолданыс жиілігі. Екінші, терминді қолданатын топтың беделі де ескеріледі. Тоқсаныншы жылдары түрлі басылымдарда «медсестра» деген сөздің оннан астам баламасы болды. Сол кезде академик Өмірзақ Айтбаев «медбике» сөзін ұсынды. Солай бейімделдік. Жаңа терминдерді кім жасайды деген мәселеге келетін болсақ, оны белгілі бір саладағы мамандар жасайды. Бірақ олардың лингвистикалық білімі жоқ. Сондықтан сын көтермейтін терминдер пайда болады. Мамандардың терминдерді өз бетінше жасауы стихиялық деңгейге алып келеді. Оларды іріктеп, нормалау терминолог мамандардың шаруасы. Әртүрлі саладағы мамандар өздері сөздік жасайды да бір терминннің бүкіл баламасын береді. Бұл дұрыс емес, мұндай жағдайға жол бермеу керек деп ойлаймын. Терминология жұмысының ең қарапайым түрі– түгендеу. Осы мәселенің жақсы нәтижесіне әлі жеткен жоқпыз. Тіл білімі саласында түгендеу жүргіздік, 10-12 мың термин бар екен. Бірақ сөздігі шыққан жоқ. Өзге тілдерден келетін терминдерді алғанда қиындықтар туындайды. Терминология саласында теория мен тәжірибенің басы қосылмайтынын мойындауымыз керек. Терминологиялық норманың мынадай параметрлерін ұсынамыз: Ол – жүйелілік, бірізділік, терминнің қысқалылығы. Сондай-ақ терминнің эстетикалық қыры. Оның дұрыс дыбыс­талуы мен құлаққа жағымды естілуі. Терминолог мамандардың алдында жаңадан жасалған терминдердің ішінен қажетті, ұтымды терминдерді іріктеп алу, оларға дәл белгіленген анықтама беріп, тіркеу, терминді қажетсіз синонимдерден шектеу міндеті тұр. Қазақ терминологиясына, ең алдымен, қажетті шараның бірі стандарттау деп ойлаймыз. Онсыз алға қадам баса алмаймыз.

Қазақ тіл білімін ұлттық терми­нологиясыз елестету мүмкін емес. Әлемдік деңгейдегі сан алуан өз­герістер мен құбылыстарға, дүние­дегі түрлі саланың даму қарқы­нына байланысты шетелдік жаңа терминдер пайда болып, оны заман ағымына байланысты пайдалану қажеттігі ­туындап жатады. Сол жаңа терминдерді ғылыми негіздеп, қазақ тіліндегі мағынасын дәл тауып, жүйелеу бүгінгі күні терминолог мамандардың басты міндеттерінің бірі. Мемлекеттік тілдің ауқымын кеңей­тетін, қазақ ұғымына ғылы­ми, өндірістік, инновациялық терминдерді жатық жеткізіп, жалпы ұлттық сананың көкжиегін кеңейтуге ерекше үлес қосатын бұл саланың маңыздылығы ерекше. 

Алқалы басқосу барысында жиынға қатысқан өзге де мамандар көптеген маңызды ойларын ортаға салды. Солардың кейбіріне шолу түрінде тоқталып кетсек. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Грамматика бөлімі меңгерушісі Орынай Жұбаева «Қазақ тіліндегі терминжүйенің когнитивті сипаты» атты баяндамасында терминология саласында қазақы таным мәселелерін басшылыққа алу керектігін ұсынды:
– Құдайберген Жұбанов «адам дүниені танымас бұрын өзін-өзі таниды» дейді. Терминдерде қазақы ұғым, қазақи менталитет сақталу керек деп есептейміз. Мысалы, қазір біз сөйлегенде «қайда барасың?» дейміз. Қазақ бұлай ешқашан сұрамаған. «Жол болсын?» деген. Қазір біздің термин жасап жүрген, жазып жүрген адамдар орысша ойланып, орыс тілінің ықпалымен аударады. Ұлттық ұғым жоқ. Олардың танымы қазақы танымдағы адамдармен үйлеспей жатады. Бүгінде кез келген шетелдік терминді аударып ала бергеніміз соншалықты, сөздіктерді сол саланың мамандары ғана түсінетін деңгейге жеттік. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, сияқты өзге Алаш зиялылары кезінде қазақи сипатта, қазақы ұғымда енгізген терминдерден алып, сол еңбектерді қайтадан айналымға қосу керек деп есептеймін, – деді ол.
Семинар-кеңесте, сондай-ақ Сүлеймен Демирель атындағы уни­верситеттің профессоры Құралай Күдеринова «Қазақ терминдерінің орфографиялануына қатысты ерекшелік» тақырыбына жасаған баяндамасында бірқатар келелі мәселелерге назар аударды. Ол терминдердің бірге жазылуында қандай белгі болуы керек, емле сөздерде не себепті өзгерістер болып тұрады, жаңа қазақ әліпбиінде кірме сөздер қалай таңбаланады, 1929 жылғы латын жазуынан қай ұстанымды алуға болады деген ­сауалдар төңірегінде көрнекі құрал негізінде ойларын ортаға сала келіп, қазіргі қазақ орфографиясының бірқатар мәселелеріне тоқталды.
– Біз орыс сөздерін жазу үшін өзіміздің әліппемізге бірқатар әріптерді мәжбүрлі түрде кіргіздік. Қазір орыс тілінің ыңғай, екпінімен сөйлейміз. Кірме сөздердің дыбыстық ыңғайына бас иіп кеткенбіз. Орта буын өкілдерінің өзі осындай. Енді сол орыс сөздерін сындырып жазуға жас ұрпақ қарсылық білдіреді. Латынға көшсек кірме әріптердің пайдалану жағдайларын анықтап алуымыз керек, – деді тілші ғалым.
Бүгінгі таңда тілдің даму көзінің негізгі үлесі терминдерге тиесілі, демек тіл тазалығын сақтайтын да, оны шұбарлап жатқан да терминдер екенін уәждеген А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Бауыржан ­Жонкешов: «Терминжасау ісінде бір-біріне қарама-қайшы екі түрлі көзқарас орын алып отыр. Оның біріншісі, халықаралық терминдерді тілімізге ­аударып пайдалануды жақтаса, екіншісі, қалыптасқан халықаралық терминдер сол күйінде қабылдансын дейді. Терминдерді жаңғыртуды тиімді қолға алса, бұл екі қағидаттың екеуі де оң нәтижесін береді. Дегенмен, бұл жаңғыртуды көпшілік біржақты түсініп келеді. Қазір қазақ тіліне аударылған бірқатар халықаралық терминдер негізінен орыс тілінің ықпалы негізінде алынған. Мысалы, «модернизация» сөзінің түбірі «модерн», «актер» сөзі латынша «актор» деп алынады екен. Терминқорымыздан осы сияқты мысалдарды көптеп келтіруге болады. Егер осындай сөздерді дәнекер тіл арқылы емес, түп-түбірінен алып қазақ тілінің заңдылығы негізінде аударып қолдансақ, тіліміздің мәрте­бесі арта түсер еді, тіліміздің өзіндік ішкі заңдылығы бұзылмас еді. Тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдары термин­қорымыз ұлттық сипаттағы терминдермен толықса, қазір қай­та­дан халықаралық сипатқа кетіп бара жат­қаны алаңдатады» деген ойын жеткізді.

Семинарға қатысушы мамандар қамтылған мәселелерді жан-жақты талқылады. Мысалы, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың рес­публикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының қызметкері Салауат Кәрім бүгінгі таңда халықаралық терминжасау принципі, ұлттық терминология үшін ғалымдар айтқан принциптер қалып отырғанына тоқталды. Бұл орайда ол: «ЮНЕСКО жанындағы халықаралық терминология бюросы ешқандай шектеу бермейді. Ұлттық терминологияны көтеру үдерісі сонау 80-ші жылдардан бастап қазір Еуропа елдерінде жүріп жатыр. Францияда терминологиядағы жаңа сөздер деген комитет бар екен. Бұл біздің мемлекеттік терминология комиссия­сы сияқты орган. Бірақ ол міндетті түрде қаржыландырылатын орган. Сөйтіп, француз тілінің ағылшын тілі ықпалына түспеуі үшін күресіп жатыр. Осыдан екі жыл бұрын Германияда Гете институты тілге байланысты бүкіл ғалымдарды жиып алып, үлкен мәселе көтерді. Қытайда да терминологияны мемлекеттің үлкен мәселесі ретінде қарайды. Ресей өткен ғасырдың 60-70 жылдары терминологиялық комитеті дегенді құрды. Кезінде немістердің, француздардың тілінен қорғану үшін Екатерина патшаның тұсынан осы мәселеге ден қойды. Қазақ тілінің терминологиялық тарихы жүз жылдан асып кетті. Терминология әлдеқайда алға кетіп қалды және лингвистикадан шығып кетті. Бұл кең мәселе» деді. Әрі қарай аудармаға белгілі бір стан­дарттың керек екенін тілге тиек етті.
К.Кәрімнің айтуы бойынша, ғалымдар өздерінше термин жасайды, бұқаралық ақпарат құралдары өздерінше аударады. Сондықтан бұл мәселе бір жүйеге келуі керек. Елімізде 47 терминологиялық сөздік шығыпты. Соның бәрі қолданылады деп айта аламыз ба? Демек, міндетті түрде терминологиялық институт керектігін алға тартты.
Медицина терминдері сөздігінің авторы, 40 жылдан бері осы бағыттарда тынбай еңбектеніп келе жатқан профессор Мұхамбедия Ахмет-Төре де түйінді пікірін қысқаша айта кетті:
– Дүниежүзіндегі терминдердің бәрі латын тілінде. Ағылшын тілінің өзінің 40-50 пайызы латын тіліндегі терминдер. Француздар да латын тілі арқылы термин жасайды. Біздің латын әліпбиіне көшуіміз ұлттық терминологияның бағын аша ма деп ойлаймын. Бүгін айтылып жатқан мәселелердің орындалмай жатуының себебі, жоғары жауапты органдарда сіздердің хаттарыңызға назар аударып, қол ұшын беруге тиісті азаматтардың көпшілігі ана сүтінің уызына жарымағандар.
Латын тілінен алынған кез келген терминге жалғау, жұрнақ қосу үшін оның түбірін білу керек. Бізде термин жасаушылар кейде әсіреұлтшылдық танытып, соның бір баламасын алғысы келеді. Бұлай болмайды.
Пікір-ой көп. Терминологиялық комиссия мүшелеріне қойылған сұрақтар да жұртшылықтың мәселеге бей-жай қарай алмайтынын көрсетті.
Мысалы, тілімізге еніп, халық қабылдап кеткен «мұражай», «нарық», «пайыз» сөздерін неге қайтадан «музей», «рынок», «процент» деп жазу туралы нұсқау берілуде? Кейбір ұйымдарға осындай талап қойылған хаттар келген екен. Терминологиялық комиссия мүшелері мұндай мәселенің қаралмағанын жеткізді. Сондықтан хат жазылған жағдайларды анықтау қажеттігі айтылды. Осының өзінен-ақ терминологияда бірізділіктің жоқтығы, әлі де ретке келтірілмеген мәселелердің бар екендігі айқын көрінді. Семинар-кеңеске қатысушылар осындай олқы тұстарды нақты қолға алатын кез жеткендігін, терминологияны замануи талап тұрғысында жаңа деңгейге көтеретін уақыт туғандығын кәсіби біліктілікпен көтере білді.