Медициналық терминдер бірігейлене түсті

Медициналық терминдер бірігейлене түсті

Бүгінгі күні қазақша медициналық терминологияның дамуын екі кезеңге бөліп қарауға болады: алғашқы кезеңдегі мақсат медициналық терминдердің баламаларын іздестіріп, табу болса, қазіргі кезеңдегі мақсат әртүрлі қолданылып жүрген атауларды бірегейлеп, біріздендіру жұмысы.

Кеңес өкіметі саясатының нәтижесінде қазақ тілінің қолданылу аясының тарылғандығы соншалық, білім-ғылымның барлық салаларында, соның ішінде медицина саласында да қазақ тілінде білім беруді бастау үрдісі үлкен қиыншылықтарға кездескені белгілі. Себебі, көптеген медициналық терминдердің қазақ тіліндегі баламалары белгісіз болды. Сондықтан қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алған алғашқы жылдардағы негізгі мақсат – латын, грек, орыс тілдеріндегі медициналық терминдердің баламаларын тауып қолдану керек болды. Алғашқы кездері қазақшасы жоқ сияқты болып көрінген көптеген терминдердің өз тіліміздегі баламаларының табылғанына қуандық (лучевая кость-кәрі жілік, череп-бассүйек, фасция-шандыр, подвздошная кишка-мықын ішек, орта-қолқа және т.б.).

Сол 1991 жылғы уақыттан бері, жыл сайын медицинаның барлық салаларында қазақ тілінде жарыққа шығып жатқан оқулықтар, сөздіктер, ғылыми еңбектер саны көбейе түсті, яғни медицина салаларының терминдерін іздестіру, зерттеу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Осы уақытта көптеген анатомиялық және клиникалық терминдердің көптеген ұтымды баламалары қолданысқа енді. Сонымен қатар, шығып жатқан еңбектердегі біраз терминдер әрқалай беріліп жүрді. Мысалы: тонкая кишка – аш ішек, жіңішке ішек, ащы ішек; желчный пузырь – өтқуық, өт қалта, өт қапшығы, өт қап, өтқабы және т.с.с.

Терминологияның белгілі бір даму кезеңінде терминдердің осылай әртүрлі қолданылуы әлемнің бұрыннан жоғары деңгейде дамыған тілдеріне де (ағылшын,неміс, орыс т.б.) тән құбылыс екенін атап айтқымыз келеді. Терминология мәселелерімен арнайы айналыспаған мамандар мұны түсіне бермей, бір ғалымның ұсынған терминін екіншісі сынға алып жатады, бұл жағдайда бір-бірін қатаң сынға алмай, терминдер жайында ой алмасып, ортақ пікірге келуге жол ашу керек. Бұл жөнінде Ресей медициналық Ғылымдар Академиясының академигі В.В.Куприяновтың: «Орыстың анатомиялық терминологиясын құру, жасау өте қиын жұмыс екен. Оған 100 жылға созылған уақыт кеткеніне таңдануға болмайды» - деген пікірінің (1981 ж) біздерге де тікелей қатысы барын атап өткен жөн.

Сонымен, қазақ тілінде көптеген еңбектердің жарыққа жығуының нәтижесінде, алғашқы кезеңдегі мақсат - медициналық терминдердің баламаларын іздестіріп, табу жұмыстары аяқталып, екінші кезеңнің мақсаты – терминдердің сапасын арттырып, жоғары деңгейге көтеретін, яғни әртүрлі қолданылып жүрген атауларды бірегейлеп, біріздендіретін уақыт келді.

Осы мақсатта республикалық педагогикалық ғылымдар академиясы басқармасының төрағасы, академик Асқарбек Қабыкенұлы Құсайыновтың басшылығымен, 1999-2000 жылдары ғылымның түрлі салалары бойынша, әрқайсысы 4000-5000-дей терминдерді қамтитын 31 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер топтамасы жарық көрген еді. Бұл сөздіктер қазақ тіліндегі терминдерді бірегейлеу үрдісіне өз үлесін қосып, айтарлықтай еңбек атқарды. Әрине, осы сөздіктер шыққаннан кейінгі уақытта ғылым, техника, медицина,мәдениет және басқа өндірістік салалар даму үстінде болды, осыған сәйкес қазақ терминологиясының ауқымы кеңейіп, дами түсті, жаңа терминдер, сұрақтар пайда болды. Осығын байланысты 2012-2014 жылдар аралығында 31 томдық сөздіктер топтамасы мамандар тарапынан қайтадан талқыланып, өзгертіліп, толықтырылып, 30 том түрінде 2014 жылы баспадан шықты. Осы сөздіктер топтамасының 14-ші томы медицина саласына арналды, бұл сөздіктің 2000 жылы жарық көрген бірінші басылымында 5000 терминдер қамтылса, соңғы басылымда 12000-нан аса терминдер қамтылды. Бұл сөздікті дайындауға медицина саласы бойынша терминология мәселесімен көп уақыттан бері айналысып жүрген белгілі ғалымдар мен мамандар қатысты. Солардың ішінде профессорлар: Ә.Н.Нұрмұхамбетов, Ж.Б.Ахметов, Д.К.Қияшев, А.Ж.Нұрмақов, доценттер: Л.Ә.Ысқақова, С.Б.Сламжанова және тіл мамандары: ф.ғ.к. А.Әмірбекова, Н.А.Төлеева, осы сөздікті дайындауға белсене атсалысты. Бұл жұмысты жүзеге асыру барысында медицина саласы бойынша жарық көрген терминологиялық сөздіктер, оқулықтар және ғылыми еңбектер кеңінен пайдаланылды. Авторлар ұжымы талас тудырып жүрген терминдерді талқылап көптеген атауларда бірегейледі. Ал бір шешімге келе алмаған кейбір терминдер басқа сала мамандарымен болатын ортақ талқылауға ұсынылып отырды.

Педагогикалық ғылымдар академиясы қазақ тілінде әр түрлі баламаланып жүрген орыс және шет тілдік ортақ терминдері көп кездесетін бір-біріне жақын салаларды анықтап, топтастырып, ортақ талқылау жұмыстарын ұйымдастырды. Осыған байланысты екінші басылымды дайындау барысының ерекшелігі, онда бес: медицина, биология, экология, химия, дене тәрбиесі және спорт салаларының мамандары, орыс және шет тілдік осы салаларға ортақ, бірақ қазақша әр түрлі айтылып жүрген 2114 терминдерді теріп алып, жан-жақты және терең талқылаудан өткізді. Талқылаулар педагогикалық ғылымдар академиясының басқарма төрағасы бекіткенде кесте бойынша қатаң тәртіпте : төрт ай бойы аптасына үш рет, кейде сенбі күндері де өткізіліп отырды. Әр талқылау 3-4 сағатқа созылып, 20-30 адам қатысып отырды. Мұндай талқылаулар өте нәтижелі өтіп, сөздік авторлары үшін үлкен термин жасау мектебі болды. Осындай талқылаулар нәтижесінде және жалпы медициналық сөздікті дайындау барысында көптеген ұтымды терминдер ұсынылды, мысалы: автовакцина - өздік екпе, аденотом – безтілгі, акклиматизация- жерсіну, аккомодация – көзикем, акромион - топшы, аллотрансплантат - бөтен қондырым, выживаемость – өмірше, ванна –шомылғы, визуальный –көзкөрім, гербицид –арам шөп жойғы, гистотоксический – тінуыттық, головка – шоқпарбас, околощитовидная железа – қалқансерікбез, дерма – нақтері, дерматоглифика – саусақбедер, доля – үлес, зев – есін, ингридиент – құрасын, капельница – тамызғы, конституция – денебітім, миотом – бұлшықеттілгіш, моча – несеп, надколенник – тізетобық, облучение – сәулесоққы, органопластика – ағзажамау, пульс –тамыр соғыс, потенциал – қарым, потенция – күш-қуат, предплюсина – тілерсек, респиратор – демперде, сакрализация – сегізкөздену, симптом – әйгіленіс.

Ұзақ жылдар бойы қазақ тілінде дәріс беріп, медицина терминологиясын қалыптастырумен шұғылданып жүрген мамандар мен ғалымдар дайындаған бұл сөздік медициналық терминдерді бірегейлеп, біріздендіру үрдісіне қосылған қомақты үлес болып табылады. Біз дайындалған сөздіктің ешқандай қателігі жоқ деп ойлаудан аулақпыз. Кез келген үлкен жұмыстың ешбір кемшіліксіз болмайтыны белгілі, сондықтан кездесетін олқылықтарға оқырман қауым түсінікпен қарайды деп үміттенеміз.