Қазақ тіліндегі терминжүйенің когнитивті сипаты

Қазақ тіліндегі терминжүйенің когнитивті сипаты

Бүгінгі таңда адам факторы өзекті болуына байланысты тілді антропоөзектік тұрғыдан зерттеуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Мұнда адам екі түрлі бағытта сипатталады: 1) адамның тілдегі көрінісі; 2) адамның тілді тұтынуы. Бірінші бағытқа сәйкес адамның дүниетанымы байқалады. Мысалы, адамның соматикалық бейнесінің концептуалдау  нәтижесінде адамның физикалық қабілеті, зияткерлік (интеллектуалдық) қабілеті, эмоциясы, әлеуметтік «мен»-і көрінеді, адам сөйлеу-ойлау әрекетіне қатысушы тұлға ретінде көрінеді. Тіл ойды жарыққа шығарумен қатар таным әрекетіне өзіндік таңбасын қалдырып отырады. Білім алдымен тілдік семантикада кодталады. Тілді когнитивті тұрғыда зерттеуде болмыс туралы білімнің қалай берілетіні, оның өзіндік ерекшелігі айқындалады.

Концептуалды мазмұн мен тіл екі жақты байланыста болады. Концептуалды мазмұнды тілдің көмегінсіз сипаттау мүмкін емес. Себебі санадағы құбылыстарды тіл ғана бейнелей алады. Осыған байланысты А.Байтұрсынұлы: «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама-қадарынша сөз өнері атқара алады, қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп суреттеп көрсетуге, таныстыруға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді», – деп жазады [1, 341].

Адам бейнесі тіл семантикасында көрініс табады. Бұл орайда адамның өзі емес, адамның тілдегі бейнесі ерекше маңызды болады. Тілді зерттеу арқылы адамзат өзін өзі танып, түйсінеді. Адам алған әсерін өзі арқылы сипаттайды. Бұл орайда Қ.Жұбанов тұжырымдары назар аударарлық: «Адам баласының табиғатында әуелі басқаны біліп алып, өзін кейіннен білу қасиеті бар. Мысалы: адам фотографияны  танып білгеннен кейін ғана өзінің басқа заттарға ат қоятыны өзін сол басқаларға ұқсата атайтыны – өз басын кіші дүние деп біліп, оны ана үлкен дүниеге ұқсатуынан болған. Осы таным тілге де әсер еткен. Мысалы, орысша небо – аспан, небо – таңдай [2, 119].

Ақиқат болмысты танып-түсіну нәтижесінде жинақталған ақпарат тілде көрініс табады. Ғаламның тілдік бейнесі негізінен субъективті сипатта, себебі онда нақты бір адамның көзқарасы, дүниетанымы көрінеді. Ол атадан балаға берілетін категориялар жүйесі арқылы белгілі бір код құрап, дайын күйінде қабылданылып отырады. Когнитивті қызметінің нәтижесінде тіл адамның қоршаған орта туралы әсерін жинақтаумен қатар халықтың зерттеушілік ойларын да жеткізіп, халықтың ұжымдық, этномәдени санасында қалыптасқан ғалам бейнесін сақтайды. Мысал ретінде қабырға сөзінің семантикалық дамуын алуға болады. Қабырға сөзінің әу бастағы мағынасы – «адамның, жануарлардың омыртқа жүйесіне бекіген сүйектер». Яғни, өкпе-бауыр, жүрек, бүйрек т.с.с. ағзамыздың жұмсақ мүшелерін қоршап тұратын сүйектер. Халықтың ұғымындағы қабырға сөзінің «қоршау» мағынасы үйдің қабырғасы деген қолданыста да сақталған. Сол сияқты геометрия термині ретінде («геометриялық фигуралардың қыры») қалыптасуына да осы мағына негіз болған. Семантикалық даму барысында қабырға сөзі «қорғаныш» мағынасына негіз болған: «қабырғаммен кеңесейін» деген қолданыста адам өзіне жаны ашитын, өзінің тілеуін тілейтін адаммен ғана кеңеседі. Оны жақтырмайтын, ұнатпайтын, жаны ашымайтын адаммен ақылдаспайды. Ендеше, бұл жерде де қабырға сөзінің «қорғаныш» мағынасы сақталған.

Әрбір сөйлеуші мәдениетті жеткізуші болып табылады, тілдік таңбалар мәдениет таңбасы ретінде де қолданылып, ұлттық мәдениеттің ерекшелігін білдіреді. Мәселен, қазақта алыс жолға шыққан адамның қайда бара жатқанын сұрамайды: Жол болсын! Әлей болсын! деп амандасады. Осыған байланысты А.Байтұрсынұлы: «Біз қазақ тіліндегі сөздердің бәрін білгеніміз қазақ тілін қолдану болып табылмайды. Тілді қолдана білу деп айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді және сол сөздерді сөйлем ішіне орын-орнына дұрыстап қоя білуді айтамыз», – деп жазады [1, 369]. Сол сияқты сөйлеушінің ойын дұрыс жеткізуі ғана емес, тыңдаушының оны дұрыс түсініп, дұрыс қабылдауының да коммуникация үшін маңызы ерекше. Қ.Жұбанов коммуникацияның дұрыс жүзеге асуы үшін сөйлеушінің тілдік бірліктерді дұрыс таңдап қолдана білуі, сондай-ақ тыңдаушының айтылған хабарды дұрыс ұғынып, түсінуі қажет екенін айтады:  «Танымадық – дегеннің мәні: «танымай тұрмын, өз жөніңіз қалай еді?» «Кім едіңіз?» дегенге келіп саяды.  Ал біреуге «Жол болсын!» дегенде алғыс айту, тілегін тілеу емес, «Неғып жүрген адамсың?» дегендей сұрау жатыр»... [2, 71-72]. Яғни, коммуникация сәтті болуы үшін сөйленім әрекетінің субъектілері – сөйлеуші мен тыңдаушы, қабылдаушы атадан балаға беріліп отыратын кодтарды меңгеріп қана қоймай, дұрыс қолдана білуі қажет.

А.Байтұрсынұлы еңбектерінде тіл мен сана, тілдік сана, тіл мен таным, ұғым, концептуалдау және категориялау, сөздің лексикалық және грамматикалық мағыналары, грамматикалық мағынаның сипаты т.с.с. мәселелер жан-жақты сөз болған. Ғалым тіл мен ұлттық ділдің өзара қатысы туралы былай дейді: «Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, хәттә жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде һәр халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады. Біздің жасынан орысша я ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды, я жазса да қиындықпен жазады. Себебі жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық. Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай сөзінің жүйесімен тізсе, ол нағыз қазақша болып шықпайды» [1, 142 б.].

Ғалым еңбектерінде «зат есім» метаконцепті «нәрсе» концепті тұрғысынан айқындалған. Зат есімге берген анықтамасында ғалым былай дейді: «Сөздердің кейбіреуі нәрсенің өзін атайды» [1, 160]. А.Байтұрсынұлы зат есім мен сын есімнің айырмашылығы ретінде зат есім нәрсені атаса, сын есім нәрсенің сынын білдіретінін айтады. Ғалым зат есім мен сын есімді жіктеуде жалпы грамматика, түсінік, ұғым сияқты логикалық категориялар қағидаттарын негізге алған. Бұл ғалымның сан есім, есімдік, етістіктерге берілген анықтамаларында да айқын көрініс тапқан.

Қазақ тіл білімінде термин мәселесі ХІХ ғасырда жарық көрген «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті», «Тәржіман» т.с.с. басылымдарда Д.Сұлтанғазин ( «Біздің қазақ тілі туралы 5-6 ауыз сөз», «Түркі лұғатдары турада»), Ж.Көпеев, сондай-ақ А.Құрманбаев, Р.Дүйсенбаев т.б. мақалаларында сөз болады. Кейін ХХ ғасырдың басында термин өзекті мәселелердің бірі ретінде ғылыми тұрғыдан дәйектеліп, А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы Ж.Аймауытұлы, М.Дулатұлы еңбектерінде өзіндік ұстанымдар қалыптасты. Ұлт көсемі – А.Байтұрсынұлы: «Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін, ең алдымен, әдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел болуға өзінің тілі мен әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз», – деп жазғанындай, ұлт зиялылары жаңа атауларды ұлт ұғымына жанастырып, түсінікті етуге  тырысты. Ұлттық терминология аударма мәселесіне Ә.Бөкейханұлы да ерекше көңіл бөлген. Ғалым «Еңбекші қазақ» газетінің 4-бетінде «Кітап сыны» деген айдармен аударылған еңбектерге сын пікірін білдіріп отырған. Мәселен, Абдолла Байтасұлының профессор Ю.Вагнерден «Жануарлар туралы әңгімелер», профессор Гейкіден аударған «Пізійкелік жағырапыйа» атты кітабына, Мұхтар Әуезовтің Ю.Вагнерден «Жердің жаратылысы жайындағы әңгімелер», Қ.Ысмағұлұлының профессор Вагнерден «Әуе туралы әңгіме», Ешмағамбетұлының  М.Томскийден «Ресейде кесіпшілер қозғалысы» деген аудармаларының тіліне, терминдердің қолданысына қатысты өзіндік пікірін білдіріп, еңбектердің маңызы мен мазмұнын сөз еткен. Ғалым аударманың қарапайым халықтың түсінуіне жеңіл болу жағына баса көңіл бөлу керектігін, түпнұсқадағы күйінше алу оқушыға түсініксіздеу болатынын ескертеді. Мәселен: суық жерде тұрған стаканның жылы жерге әкелгенде терлейтінін айтудың орнына қыстыгүні далада жатқан балтаны жылы үйге әкелгенде, терлеп қоя беретінін мысал етіп келтіру, зырылдауықтың орнына допты мысалға келтіру, «резеңке доп» дегеннің орнына «үрген қуық» деп алу қазақ оқушысына әлдеқайда түсінікті болатынын айта келіп: «Орыстың кітабын қазаққа деп өзгерткенде Крыловтың басына тымақ кіигізген Ақыметті ұмытпау керек. Қазақ түсінбейтін жерін, қалам тасырқап өткелден өткізе алмаса, тастап кету керек...», – дейді [3].

А.Байтұрсынұлы терминдердің уәжділік сипатына ерекше мән бергені байқалады. Мәселен, көмекші етістіктердің үш түрін көрсетіп, оларды өз ішінен: а) құр көмекші; ә) күй көмекші; б) ій көмекші деп жіктейді [1, 92]. Ғалым е- (емек) етістігін үнемі көмекшілік қызметте жұмсалуының нәтижесінде етістік мәнінен айрылып, жұрнаққа (жалғаулыққа) айналып бара жатуына, әбден ій болып кетуіне байланысты «ій көмекші» деп бөлек жіктейді. Сондай-ақ амалдың қалып-күйін білдіруіне байланысты отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктерін бөлек топтастырып (күй көмекші)‚ бар, ал, бер, кел, кет, көр, өт, таста, қал, қой сияқты көмекші етістіктерді бір бөлек береді. Мұнда көмекші етістік тобының әрқайсысын дөп басып анықтауымен қатар, оларға атау бергенде де уәжділік ұстанымдарды негізге алған.

Бұл салт, сабақты атауларын қолдануында да байқалады. Сабақты сөзінің мағынасы сөздікте: «Инеге өткізілген жіп, жіп тағылған жіп» [4, 511] түрінде берілген. Яғни, сабақты жіп болуы үшін ол иненің көзінен өткізілуі тиіс. Бос жатқан, инеге өткізілмеген жіп сабақты ине деп аталмайды. Ал сабақты етіс болуы үшін ол табыс септік тұлғалы сөзді (нысанды, объектіні) керек етіп тұруы керек. Салт сөзінің мағынасы «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде»: «Жеке, жалғыз, бір өзі» [4, 640] түрінде сипатталған. Сол сияқты салт етіс те табыс септік тұлғасындағы тура толықтауышты керек етпейді. Бұл тұрғыдан алғанда, ғалымның атауларды пайдалануда қазақ тілінде бұрыннан бар сөздердің мағынасын кеңейте отырып, оған жаңа мән үстегені әрі бұл орайда ұлттық дүниетанымды негізге алғаны байқалады. Осыған байланысты профессор Қ.Рысалды: «Етістіктердің сабақты, салт түрлері атауларының мотивациялық негізделуі өте тереңде жатыр, атаулар осы етістіктердің мән-мағынасын дәл анықтайды. «Сабақтас» атауы «сабақтау» (инені сабақтау) етістігінен туынды түбір тұлғасында жасалған болуы керек, «салт» атауы «салт атты» тіркесіндегі «салт» сын есімінен терминге айналып, етістіктердің жалпы категориялық мағынасын айқын беріп тұр», – дейді [5].  

Терминдердің қазақ түсінігіне жеңіл болуы, уәжділік ұстанымдарына А.Байтұрсынұлының ізбасарлары да ерекше мән берген. Оны Қ.Кемеңгерұлының мына сөздерінен де байқауға болады: «… Терминдерді алу туралы кейбіреу басқа елдер қалай атаса, қазақшаға айналдырмай-ақ, біз де  солай атайық десті. Бұл – тіпті адасқан пікір. Күйіміз жетсе, шамамыз жетсе, қазақшаландырып алуымыз керек. Мәселен, геометрияны қазаққа геуметрие десең, көзіне түк елестемейді. Ал пішіндеме десең, қазаққа таныс, көзіне елестейді. Сондықтан терминдерді қазақша алуға дауласуға мән жоқ.

Бұл ұстанымды сол кездегі оқулықтардың авторлары да басшылыққа алған. Мұрағат деректеріне зер салсақ, Ә.Бөкейханұлы география, Е.Омаров, Қ.Сәтбаев алгебра, М.Жұмабаев педагогика, Ж.Аймауытов дидактика, Ф.Ғалымжанов физика‚ Б.Сәрсенов геометрия, И.Тұрғанбаев арифметика, Қ.Кемеңгерұлы жаратылыстану, химия пәндері бойынша оқулықтарды қазақ тіліне аударған [6].  Қаныш Сәтбаевтың «Алгебра» атты оқулығынан бүгінде түпнұсқа күйінде беріліп жүрген көптеген терминдердің баламасын табуға болады:  формула – өрнек, теорема – түйін, числитель – жарнақ, диаметр – өре, рациональная величина – өлшемді шама, иррациональная величина – өлшемсіз шама, квадратное уравнение – шаршылық теңдеу, биквадратное уравнение – қос шаршылы теңдеу, сопряженные числа – түйіндес сандар, прогрессия – дәуірлеу, коэффициент – сан өсіргіш, функция – берне, тождество – бірдейлік, приближенный корень – жуықтас түбір, корень с недостатком – олқы түбір, мнимые числа – күмәнді сандар, кратное – бөлінбе, предыдущие члены – ілгері мүшелер т.с.с.

1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде термин (пән сөзі) мәселесі арнайы сөз болады. Онда Елдес Омаров баяндама жасап, Х.Досмұхамедұлы, М.Дулатұлы, М.Тұрғанбайұлы т.б. қоштап сөз сөйлейді. Осы съезде жасаған баяндамасында Е.Омаров былай дейді: «Қазақ тіліне жат сөздерді кіргізгенде, оның жат дыбыстарын бұзбай кіргізуге болмайды; жат дыбысқа жалпы бұқараның тілі келмейді де ішінде жат дыбыс бар жат сөз жалпыға жат болып қала береді; сөйте келе қазақша әдебиет тілі бұқараның тілінен мүлде басқаланып, қат танитұн бұқара біздің жазған сөзімізге түсінбейтін болады. Ол болмай, ойда жоқ бір керемет себептер болып, бұқара оқығандардан қалыспай, жат сөздерді жат дыбыстармен бұлжытпай айта алатұн болып кетсе, қазақтың тілі бұзылады. Мұның қайсысы болғанда да жақсы болмайды» [7].

Қазақ оқығандары арасында жат (шет) сөздерді қабылдауда екі түрлі ұстаным болған. Съезде сөйлеген сөзінде де, «Жат сөздер туралы» деген кітапшасында да Н.Төреқұлов түркі тілдерінен сөз іздемей-ақ «делдалсыз тура аурыпадан алуды» ұсынады да бибауырмал дегеннің орнына интернационал, тарих сөзінің орнына история, тарихшы сөзінің орнына историк деп қолдану керектігін айтады. Сонымен қатар М.Қайыпназарұлы да осы ұстанымды негізге алып, жат сөздерді «өзге жұрт тілдерінде айтылуынша ешбір бұзбастан, айнытпастан алу керек. Кәзір Қырым, Әзербайжан сықылды өзге ұлт респөбликелері де солай алып жүр. Біз неге сүйтпейміз?» – дейді. Ал ұлттың болашағын ойлаған Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедұлы, А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы сынды ғалымдар бұл ұстанымға үзілді-кесілді қарсы шығады. Осыған байланысты Х.Досмұхамедұлы «Жат сөздерді қолданғанда, тілімізге ылайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады… Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұ жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді», – десе,  А.Байтұрсынұлы «Сәбитке жауап» деген мақаласында: «Жат сөздерді басқалар, мәселен, орыстар өз тілінің заңына үйлестіріп алғанда, солай алуға біздің де қақымыз бар», – дейді  [8].

20-жылдарда орыс тілінен енген сөздерді қабылдап, тұрақтандыруда мынадай қағидалар болған деп түйіндейміз:

а) орыс тілінен енген сөздерді жазуда осы уақытқа дейін тілімізде араб-парсы және бұрынырақта орыс тілінен енген сөздерді үлгіге алған.

ә) сөздердің өн бойында сингармонизм заңдылықтары сақталған. Сол себепті комиссариат – кемесерет, тема – теме, курсант – күрсент, губерния – гүбірне, конференция – кәнперенсе, лекция – лексіие түріне ауысқан.

б) бастапқы буындары езулік, соңғы буыны езулік болып келген сөздерде (екпін түспесе) еріндік бастапқы буындарға ауысқан не мүлде жойылып, езулікке айналдырылған: автор – аптыр, срок – сұрык т.б.

в) орыс тіліндегі ф орнына п; г орнына – ж; һ, х орнына жуан сөздерде қ; жіңішке сөздерде к, ц орнына с, в орнына у; щ орнына ш қолданылған. Мыс: физика – піизіике, география – жағырапа, химия – кіиміик, техник – текніик, станция – станса, Москва – Мәскеу т.б.

г) сөздің соңы а дыбысына бітсе, ол түсіп қалған: аптека – аптек, фабрика – пабірік, награда – награт. Жер атауларындағы соңғы а дыбысы үндесіміне қарай ы, і болып өзгерген: Европа – Жаурыпы, Африка – Әпірікі, Азия – Әзіие т.б.

д) орысшада тр-ға біткен сөздерде т мен р арасына ы, і дыбыстары кіргізілген: тыйатыр, метір т.б.

е) орыс тіліндегі -тор- ға біткен сөздерде ол -тыр/-тір, -тұр/-түр болып өзгерген: тырактыр, доқтұр, карректір т.б.

ж) ка-ға біткен орыс сөздерінің соңы көбінесе -ке түріне ауысқан: справка – ысрырабке, музыка – мүузіике, техника – теқніике т.с.с.

з) орыс тіліндегі -ок қосымшасы қазақ тілінде ке-ге өзгерген: участок – ұушаске, список – іспеске т.б.

и) орысшада аяғы -ция-мен тынған сөздерде оның орнына -са/-се жазылған: милициямелетсе, станциястанса т.б.

ХХ ғасыр басында тіл тазалығын ту етіп көтеріп, тіл заңын бұзбауға шақырған А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омаров, А.Байтасұлы, Қ.Кемеңгерұлы т.б. білімпаздар жат тілден жұрнақ қабылдауға қарсы болды. Мәселен, «Қазақша жазу жайы» деген «Еңбекші қазақ» газетінің бірнеше санында жарық көрген көлемді мақаласында Е.Омаров тіл заңын бұзбау қажеттігін айта келіп: «Орыстың «сатсыйализм», «сатсыйалист» деген сөздері – жалпы жұртқа ортақ сөз. Оны қазақ тіліне кіргізуге де болады. Бірақ оны алғанда, түбірін ғана алыб, «изм», «ист», «ни»; сықылды жұрнақтарын шығарыб тастау керек. Олардың орнына қазақ тілінің жұрнақтарын қосыу керек: жұрнаққа қазақ тілінен бай тіл кем-ақ болар. Өзіңде үйір-үйір жұрнақ бола тұрыб, жат жұрнаққа жармасыудың тіл бұзыудан басқа түк пайдасы болмайды», – дейді [9].

1924 жылғы білімпаздар съезінде Е.Омаров қазақша пән сөздер тақырыпты баяндамасында жұрнақтарды мағынасына қарай тұрлаулы (-лық‚ -шы‚ -шыл‚ -лы‚ -сыз‚ -уыш) және тұрлаусыз (-қ. -н‚ -ақ) деп жіктейді де, жаңа сөз жасауда, негізінен, тұрлаулы жұрнақтарды пайдалану керектігін айтады. Қ.Кемеңгерұлы да бұған айрықша назар аударған. Ғалым А.Байтұрсынұлы топтастыруын басшылыққа ала отырып,жұрнақтарды мән-мағынасына қарай (қимылдың амалын, құралын, нәтижесін білдіру‚ адамның бір іске бейімділігін көрсету т.б.) жіктейді. Қазақ тілі жалғамалы тілдер тобына жататындықтан, бүгінгі сөздік түзушілер мен орыс топтарына қазақ тілі оқулықтарын құрастырушылар осы ерекшелікке баса назар аударғаны жөн сияқты.

Бұл орайда А.Байтұрсынұлының ұстанымдарын үлгі етуге болады. Ғалым субстантивтену, адвербиалдану, адъективтену терминдерінің орнына балама ретінде затсымақтану, сынсымақтану, үстеусімектену сияқты атауларды ұсынады. Қазіргі кезде бірқатар әдебиеттерде субстантивтену сөзінің орнына заттану деген атау беріліп жүр. Алайда субстантивтенген сөз біржола зат есімге айналып кетпейді, осы сөйлемде ғана зат есімнің қызметін атқарады да сөйлемнен (контекстен) тыс бұрынғы қызметіне көшеді. Яғни, осы сөйлемде (контексте) ғана зат есім сияқты көрінеді. Қазақ тілінде мұндай мағына беру үшін -сымақ қосымшасы қолданылады (ақынсымақ, бастықсымақ т.с.с.). А.Байтұрсынұлы осылайша -сымақ қосымшасын пайдалана отырып, сол үлгі негізінде үстеусімек атауын да жасаған. Әрине, қазақ тілінде -сімек қосымшасы жоқ (бұл – кірме қосымша болса керек). Алайда ғалым сингармонизм заңдылықтарын негізге ала отырып, үстеу сөзіне қосымшаның жіңішке нұсқасын жалғаған. Ғалымның бұл атаулары қазіргі кезде ғылыми айналымға енгізілуі тиіс деп білеміз.

Қазақ тіліндегі жат атаулардың жүйелендіріліп, сөздік ретінде құрастырылуы ХХ ғасырдың басында қолға алынған болатын. «Еңбекші қазақ» газетінің бірнеше санында тіл комиссиясының хатшысы Әлкей Марғұланның құрастыруымен «Мынау пән атаулары дұрыс па?», «Осы пән атаулары дұрыс па?» деген атаумен терминдер тізімі жарияланып отырған. Сондай-ақ «Жаңа мектеп» журналы мен «Қызыл Қазақстан» газеттерінің бетінде «Қазақстан оқу кемесеретінің білім сексиесі алған пән сөздері», «Ғылым ордасының қазақша ғылыми-әдебиет кеңсесінде қабылданып алынған пән сөздер» деген айдармен әр жылдары жарық көрген терминдер бір салаға ғана емес, бірнеше ғылым саласына тән. 1923-1924 жылдары түрлі сала терминдері «Білім ордасының қазақша ғылыми-әдебиет кеңесінде қабылдап алынған пән сөздері» деген айдармен «Қызыл Қазақстан» журналында жарияланып тұрған.

Осы кезде бірнеше сөздік жарық көрді, атап айтқанда: 1925 жылы Мәскеуде 10 000 дана болып басылып шыққан «Қазақша-орысша тілмаш» атты сөздік (сөздік жұмысын басқарған – Кемеңгерұлы Қошке‚ тізгендер – Кемеңгерұлы Қошке, Байтасұлы Абдолла, Бұралқыұлы Мұстафа, Байғаскин Есім, Дәулетбекұлы Ғаббас, Баймақанұлы Шәкір, Темірбекұлы Сұлтан, Сәрсенбайұлы Төлеутай), 1926 жылы Ә.Үмбетбайұлы құрастырған «Орысша-қазақша әскерлік атаулары» («Русско-казакская военная терминология»), 1927 жылы Н.Қаратышқанұлы құрастырған Қазақстан оқу кемесеретінің білім ордасы қабылдаған пән сөздері, 1931 жылы Халық ағарту Комиссариаты Білім кеңесінің термин комиссиясы құрастырған «Атаулар сөздігі» т.с.с.

ХХ ғасыр басында өзге тілдік сөздерді (терминдерді) қабылдауда төмендегідей ұстанымдар көзделген:

а) жат атаулардың мағынасын түсіндіргендей қазақ сөзін алу;

ә) оған қолайлы қазақ сөзі болмаса, түркі сөзін алу;

б) түркі сөзі де тура келмесе, қазақ тілінің заңына үйлестіріп еуропа сөзін алу /202/.

Сөздіктерде құрастырушылар да осы ұстанымдарды басшылыққа алған. Олар термин сөздерге негізінен қазақ тілінен балама табуға тырысқан. Мәселен, Н.Қаратышқанұлының құрастыруымен жарық көрген «Пән сөздігінде»: баррикада – шеп; баркас – еспе кеме; бастион – қорған мұнарасы; батальон – қосын; батарея – зеңбірек қосыны; битва (бой) – соғыс; блокада – қамау; блокгауз – ағаш қорған; боевая линия - әскер желісі; боевое столкновение – жау қағысуы; боевой порядок – соғысқа дайындық; боевой участок – соғыс ауданы; боковой – бүйір, жанама; боковой отряд – жанама жасақ; бомба – бомбы; бомбардировка – зеңбірек астына алу; бомбамет – зеңбірек атушы; борьба – тартыс, талас; борьба за существование -  тіршілік таласы; брантфахта – күзетші кеме; военнослужащий - әскерлік қызметші; военно-полевой суд – майдан соты т.с.с.; «Қазақша-орысша тілмашта»: жаугершілік, жаугерлік - 1) военное время, 2) милитаризм; жауласпақ - 1) враждовать, 2) воевать; жауламақ - идти войной на кого; нарық - рыночная цена; несие - долг, кредит; кіріс - 1) доход‚ 2) вход; кері салық - регрессивный налог; кесіп капиталы - промышленный капитал; әдіс ғылымы – технология; ақының сапасы – реальная  плата; әлем ғылымы – космография; әлеумет ғылымы – социология; айқасым – реакция (психологическая); білдіргіш – справочник; бекет – почтовая станция; тәжірибеқана –лаборатория; тән тіршілігі – физиология; тасу құралы (көлік) –транспорт; тетік ілімі – механика; тетік күш – механическая сила т.б.; «Атаулар сөздігінде»: авангард (войска) – алғы әскер; аванпост – аванпост (алдағы күзетші әскер); авиация – ұшушылық (ұшқыштармен әуеде қалықтау); авиомаяк – әуе мәйегі; авионосец – ұшқышты кеме; авиотранспорт – әуе транспорты; аврора –1) таң сәулесі, 2) көбелек; адмирал – адмирал; арбалет – жақ мылтық; арбитражная комиссия – аралық кәмесие; арест – қамау (тұтқынға алу); арестанты – тұтқындар; арматура –арматыр (аспап); армия – әскер; вневойсковики —саптан тысқарғы әскер; военная   конвенция — соғыс шарты; военная наука—соғыс ғылымы; военнослужащий— әскерлік қызметші; войско—әскер (сап, шеру); войсковая часть — әскер бөлімі; гавань – ғауын (кеме ықтырмасы) т.с.с.

Мысалдардан байқап отырғанымыздай, сөздіктерде калька жолы да жиі қолданылған. Калька төл сөздеріміздің мүмкіндігін арттырғанымен, кейде ұлттық дүниетанымнан алыстап, жасанды, стандарт тіркестердің көбеюіне әкелді. Осыған байланысты «Еңбекші қазақтың» 1930 жылғы 15 қаңтардағы №12 (1617) санында Әліб деген псевдоним иесі: «Осы күні қазақ газеттерінде «сұу асты кеме» деген бір атау қолданылыб жүр. Теқніикеге жақындаған сайын тіл өседі. Бірақ дайын тіл тұрғанда, тыңнан тіл тауыб алыу артық. Қазақ «сұу асты» демейді, «сүңгүуір» дейді. «Сүңгүуір» ұғым жағынан да қолайлы. Бұл кеме сұудың түбіндегі жермен жоғарлаб жүрмейді. Сұуда сүңгіб жүреді. Олай болса, дайын тілді қолданыу керек. «Сұу асты кеме» емес, «сүңгүуір қайық» не «сүңгүуір кеме» деб алыу жақсы, – деп жазады[9].

Қазіргі кезде бұл мәселе өзектілігін жоя қоймады. Бүгінде калька жолымен беріліп жүрген көптеген атауларды ХХ ғасырдың басындағы сәтті баламалармен алмастыруға болар еді. Мәселен, акционерное общество тіркесіне балама ретінде акционерлік қоғам түрінде қолданылып жүрген атауды жарналы серіктік деп қолдануға әбден болатын сияқты. Сонымен қатар «оптом (продавать, покупать)» мәнінде қолданылып жүрген көтерме сауда тіркесінің орнына топтау, топтап сату немесе топтау алу түрінде қолдансақ, мағына әлдеқайда дәл берілер еді. Көтерме сөзін Н.Ильминский мен «Қазақша-орысша тілмашта» комиссионерство деп берсе, И.Букин сөздігінде көтерме саудааукцион деп түсіндіріледі. Бұл көтерме сауда сөзінің қазақ арасында бұрыннан қолданылғанымен, ол оптом сөзінің баламасы болмағанын көрсетеді. 

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», – дей келіп, «бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аудару» ісін қолға алу, Ұлттық аударма бюросын құру керектігін ескерткен болатын. Бүгінгі таңда аударма ісінде термин, дұрыс, шебер аудару мәселесі әлі де біршама ақсап тұрғаны белгілі. Осыған байланысты терминдерді біріздендіру, дұрыс аудармаға үлгі боларлық дүние ретінде ХХ ғасырдың басында жарық көрген аударма еңбектерді, ұлттық кодтың негізі болатын А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, Қ.Басымұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов сынды ғалымдардың бұрын-соңды жариялана қоймаған еңбектерін, ХХ ғасырдың басында жарық көрген оқулықтарды жинақтап, ғылыми айналымға енгізу қажет деп білеміз. Мұндай еңбектер аудармашылар үшін үлгі болумен қатар сала мамандары, терминолог ғалымдар, оқулық авторлары, жалпы көпшілік үшін де таптырмас дүние болар еді. Қазақ тіліндегі терминжүйені когнитивтік тұрғыдан зерттеу тілдің ақиқат болмыс туралы білімді сақтап, жеткізуші ретіндегі қызметін ескере отырып, тілдік категориялар мен олардың құрылымдарын жаңаша сипаттауға мүмкіндік береді.

 

 

Әдебиет:

  1. Байтұрсынұлы А. Ақ жол: өлеңдер мен тәржімелер, публицистикалық мақалалар және әдеби зерттеу. – Алматы: Жалын, 1991. – 464 б.
  2.  Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы:  Ғылым, 1999.            – 581 б.
  3. Еңбекші қазақ. 1925, 22 сәуір
  4. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. – ХІІ том. – Алматы, 2011. – 511-б.
  5. Жұмсалымды грамматика. – Алматы, 2016. – 508-б.
  6. Орталық мемлекеттік мұрағат. 81-қор‚ 1-тізім‚ 285-іс‚ 18-байлам. -11-12 б.
  7. Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі. – Орынбор, 1925.
  8. Байтұрсынұлы А. Сәбитке жауап // Еңбекші қазақ. 1928. 26 қаңтар
  9.  ХХ ғасыр басындағы қазақ тіліне қатысты зерттеулер (алғы сөзі мен түсініктерін жазып, баспаға дайындаушы).-  Алматы: Қазығұрт, 2013. -  640 б.