Заң саласындағы құжат тілінің мысалында арнаулы тілдің анықталу жайы

Заң саласындағы құжат тілінің мысалында арнаулы тілдің анықталу жайы

Ғалымдардың көрсетуінше, «арнаулы сипат алған лексика дегеніміз - қоғамдағы өзара ыңғайлас әртүрлі әлеуметтік топтардың мамандығына, қызметіне, шұғылданатын кәсібіне байланысты қалыптасқан сөздері мен сөз қолданыстары екен (сөйлемше, я сөз тіркестері) [1, 153 б.].Оның жалпы лексикадан ерекшелігін терминші ғалым Қ.Айдарбек: «арнаулы лексиканы жалпықолданыстық сипатта пайдаланыла алмайды, себебі лексиканың бұл түрін тек сол салада қызмет етушілер ғана түсінеді де және ол бөлек, жеке арнаулы коммуникация құралы болып табылады», – деп анықтаған [2, 62 б.].

Берілген шағын анықтамалармен таныса отырып, арнаулы лексиканың бірнеше тілдік бірліктерден тұратындығы мен олардың ортақ мақсатта жұмыла еңбек еткен мамандардың арнаулы сала тілін құрайтындығын аңғарамыз.

  Ортақ мақсатқа жетуде қолданылатын арнаулы мақсаттар тілі туралы алғаш рет чех зерттеушісі Любомира Дрозд сөз еткен болатын. Арнаулы сала тілі турасында зерттеуші «арнайы қызмет көрсету үшін алынған тіл» деп алып, ұлттық әдеби тілден өрбіген бағынышты тіл (подъязык) деген анықтама берген [3, 120 б.].

Арнаулы мақсатты тілдер жайындаҚ.Айдарбек: «Тарихи категория ретінде анықталып, олардың пайда болуы әдеби тілдердің қалыптасуынан бұрынырақ қолөнер, сауда-саттық т.б. дамуымен байланысты болды», – дейді де, Г.О.Винокур, Л.Н.Капанадзе, Ю.Н.Бельчиков, А.А.Реформатский, Д.С.Лотте, В.В.Виноградов, В.П.Даниленко, Т.Н.Канделаки, В.М.Лейчик, В.Н.Гречко, Л.И.Скварцов, Н.Л.Котелова, О.И.Блинова, Т.С.Коготкова, С.Д.Шелов, С.В.Гринев, М.Н.Володина сияқты атақты ғалымдардың зерттеулерінің арнайы нысаны болғанын атап көрсетеді [2, 94 б.]. Бұл сипаттаулардан арнаулы лексикадан өзге бүгінгі таңда маман немесе белгілі бір өнер иесінің қажеттілігіне орай арнаулы мақсаттар тілінің қалыптасқандығы көрінеді. Бұл тілдің басты ерекшелігі – арнайы қызметке мақсатталуы, жалпы халық тілінен кәсіби деңгейде оқшаулығы, жалпы қолданыстағы тілге бағыныштылығы. 

  Арнаулы сала тілінің ұлттық әдеби тілдің құрамынан өрбіген тіл екендігін орыс ғалымдары да (Н.Шанский, Г.Винокур, В.Бредихина, Т.Иванова, С.Гонцова т.б.)  толықтай құптайды.

Осыған орай арнаулы сала тілінің «кішігірім тіл» немесе ғалым Ш.Құрманбайұлының анықтауы бойынша «салалық тіл» екендігін ескеруіміз қажет. Кәсіби тілді зерттеуші Н.К.Горбовскийдің жорамалы бойынша, салалық тілді меңгерген маман көп тілді болып, полиглоссия орын алады екен [4, 29 б.]. Алайда, біз бұл оймен келісе алмаймыз. Арнаулы сала тілі – бұл ұлттық тілдің құрамдас бөлігі және тек сол тілдің аясында ғана дамып, жалпы әдеби тілдің кемелденуіне септігін тигізуі тиіс деп білеміз. Арнаулы лексика жалпыұлттық лекcиканың құрамына кіреді [1, 153 б.].

Арнаулы лексика турасында ғалым Қ.Айдарбектің зерделеуіндегі: «Арнаулы лексика жалпы тіл жүйесі секілді ұйымдастырылады да, бірақ оған қарағанда көлемі жағынан аздау келіп кәсіптік бағыттағы өзінің «кішігірім тілдерін» қалыптастырады», – деген пікіріне біз де қосыламыз [2, 92 б.]. Бұл жердегі ғалымның «кішігірім тіл» деп көрсеткен бағынышты тілді кейбір зерттеушілер «салалық тіл» деп алып анықтама беріп жүр.

Салалық тіл туралы  ғалым С.А.Гонцова мынадай анықтама береді: «Салалық тіл терминдермен қатар өзіндік лексикалық және грамматикалық сипаты бар белгілі бір мәтіндердің байланысынан тұрады» [5, 10 б.].

Қ.Айдарбек: «Кішігірім тіл дегеніміз – тілдің кәсіптік мақсатта жұмсалатын ерекше формасы. Бұл салада тек сол кәсіби қызметке қажетті болып саналатын тілдік элементтер ғана қолданылады», – деп тұжырымдайды.

Нәтижесінде, арнаулы сала тілінде бірнеше лексикалық бірліктердің белгілі бір мақсатта қолданылып арнаулы мәтіндерді құрайтындығы анықтала түсті.

Зерделеп қарар болсақ, ауқымды заң саласында да тұтынылып жүрген лексикалық бірліктер, сөйлемдер мен сөйлемшелердің өзіндік қолданылу заңдылғы, реті бар. Қолданыстағы атауыштары құжат тілі арқылы узуалданып бүгінгі сала тілін құрап жүр. Осыған орай қатаң тәртіппен, норманы ұстанатын салада ең бірінші негіз болатын құжат одан кейінгі құжаттардың лексикалық қабатын, сөйлемдердің құрылымы мен қолданысын айқындап, белгілейтінді аңғарылады. Біз практикалық тұрғыдан талдауға алған заң саласында құжат тілі белгілі бір тәртіп, нақты үлгі негізінде жазылатындығын көз жеткіздік. Құжатта өзіндік лексика, клише, сөйлем құрылымы, мәтіннің құрылысы болады. Заң баптарына сүйене отырып, заң тіліне сәйкестендіріліп жазылған құжат белгілі деңгейде арнаулы тілді танытып тұрады. Сөзіміз нақты болу үшін сот саласында негізгі құжат түрі саналатын үкім мәтінінің кейбір бөліктеріне тілдік талдау жүргізіп көрелік.

Құжат бөліктері соттың Қазақстан Республикасының қылмыстық істі жүргізу кодексінің шеңберінде істі қарау тәртібіне сай жазылады. ҚР ҚПК баптарына сай өзіндік бөліктері бар екені белгілі, десек те, біз тілші ретінде құжат мәтінін семантикалық тәсілде топтап қарағанымызда, жалпы мәтіннің он мән-мағыналық бөліктен тұратындығын аңғардық. Әр қайсының тілдік құрылымында өзіндік ерекшеліктері және өзара тұтастырып тұратын біртекті грамматикалық өзегі бар.

Мәселен, құжат істі қарауды сот құрамын жариялаудан, куәларды жауаптаудан, жәбірленушілердің жауаптарын тыңдаудан, сотталушыны жауаптаудан, іс материалдарын зерттеуден, жарыссөзден және қаулы шығарудан тұрады. Сол секілді үкім құжаты да іс бойынша сот құрамын мәлімдеуден; іс бойынша айыпталушының жеке басы мен айыпталу дәрежесін атаудан; іс бойынша анықталған мән-жайларды сипаттаудан; сотталушы не айыпталушының жауабы мен уәжінен, іс бойынша жәбірленушінің жауабы мен уәжінен, іс құжаттарындағы деректерді дәлел ретінде келтіруден, соттың іс материалдарын зерделей отырып, алдын ала қылмыстық белгілерді бағалаудан, соттың заң баптарына сүйене отырып, қажет деп табуынан, соттың үкім етуінен және іс бойынша шағымдану жағдайын көрсетуден тұрады. Әр қайсының грамматикалық құрылымына тоқталып қарасақ, өзіндік табиғаты, арнаулы лексикасы, морфологиясы, синтаксистік құрылымы бар. Құжаттың грамматикалық құрылымы қалыпты, 10-15 пайыз ғана өзгеруі мүмкін, басқаша жағдайда, тек ішкі мазмұны, деректері мен мәліметтері ғана өзгеріп отырады. Нақты талдаулармен, мысалдар келтіріп көрелік.

Құжаттың аталу түрі «Қазақстан Республикасының атынан ҮКІМ» деген қолданыс тұрақты оралым. Шығыс септігінің тұлғасы еш өзгертілмейді. Іс бойынша сот құрамын мәлімдеу мынадай лексикалық бірліктерден тұрады: облыстық не қалалық соты, құрамында, төрелік етуші, хатшылықта, мемлекеттік айыптаушы, қорғаушы, жәбірленуші, қатысуларымен, басты ашық сот мәжілісінде, туған, ұлты, азаматы, орта, арнаулы не жоғары білімді, үйленген, үйленбеген, жұмыста не жұмыста жоқ, мекенжайы, айыптау актісінің көшірмесін алған, дыбыс жазба құралын қолданып т.б. Көрсетілген лексика қатары негізінен тұрақты, тек жағдайға байланысты, жеке мәліметтермен толықтырылып жазылады. Мысалы,

Қазақстан  Республикасы атынан

 

Ү К І М

11  ақпан  2011 жыл                                                            Орал қаласы

 

Батыс Қазақстан облысы Орал қалалық соты құрамында: төрелік  етуші  судья М.Б.Иванова, хатшылықта Г.Туканова, аудармашы Р.Сейтимова,   мемлекеттік  айыптаушы  Ж.Болатов,  қорғаушы Ғ.Ж.Қыдыров, жәбірленушілер Г.А.Рожнин,  А.С.Попов,  М.В.Яковлев,  Е.М.Нариков,  Н.Е.Абдулова, О.Н.Надеждина, А.К.Кенжегалиев, қатысуларымен Орал қаласында  басты ашық сот мәжілісінде

Галиев Самат Маратович 20  ақпан 1980 жылы Батыс Қазақстан  облысы  Казталовка ауданында  Ажбай ауылында туған, қазақ, ҚР азаматы, орта білімді, үйленбеген, жұмыста жоқ, мекенжайы: Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы  Подстепное  ауылы  ПДП 6/3, №2 аумақ, бұрын  қылмыстық  жауапкершілікке тартылып, жәбірленушілермен  татуласып   қылмыстық іс қысқартылған,   айыптау актісінің  көшірмесін алған, оны ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі, 188-бабы 3-бөлігі айыптап сотқа берген қылмыстық істі басты сот талқылауында дыбыс жазба  құралын қолданып қарап, сот

АНЫҚТАДЫ:

Құжат мәтінінің үзіндісінде тұрақты қолданыс тауып жүрген лексиканы талдауға алып көрер болсақ, Оралоблыстық не қалалық соты, құрамында, төрелік етуші, хатшылықта, мемлекеттік айыптаушы, қорғаушы, жәбірленуші, қатысуларымен, басты ашық сот мәжілісінде, туған, ұлты, азаматы, орта, арнаулы не жоғары білімді, үйленген, үйленбеген, жұмыста не жұмыста жоқ, мекенжайы, айыптау актісінің көшірмесін алған, дыбыс жазба құралын қолданып т.б

Мәтінде сөз тіркесі түрінде қолданылып жүрген Орал облыстық соты, төрелік етуші, мемлекеттік айыптаушы, басты ашық сот мәжілісінде, жоғары білім, жұмыста жоқ, айыптау актісінің көшірмесі, дыбыс-жазба, жазба құралы, жазба құралын қолданып деген сияқты сөз тіркестері бар.

Мәтін ішіндегі сөйлем мен сөздер бір-бірімен гармматикалық байланыста қолданылады. Кез-келген қатар тұрған сөздер бір-бірімен байланыса бермейді. Сөздердің сөйлемде байланысуының белгілі бір тәртібі бар. Қазақ тілінде сөйлемдегі сөздер жалғау арқылы, шылау арқылы, сөздердің орын тәртібі арқылы, интонация арқылы байланысатыны белгілі.

Сөздер септік, тәуелдік, жіктік жалғаулары арқылы бір-бірімен байланысқа түседі. Осы жалғаулардың қатысуымен сөздің өзара байланысынан белгілі синтаксистік қатынас, грамматикалық мағына беріп отырады.
Мысалы: Батыс Қазақстан облысы Орал қалалық сот+ы(т.ж) құрамы+нда (Ж.с): төрелік  етуші  судья М.Б.Иванова, хатшылық+та (Ж.с.) Г.Туканова, аудармашы Р.Сейтимова,   мемлекеттік  айыптаушы  Ж.Болатов,  қорғаушы Ғ.Ж.Қыдыров, жәбірленушілер Г.А.Рожнин,  А.С.Попов,  М.В.Яковлев,  Е.М.Нариков,  Н.Е.Абдулова, О.Н.Надеждина, А.К.Кенжегалиев, қатысулар+ы+мен Орал қаласында  басты  ашық сот мәжілісі+нде (Ж.с.)...

Жалпы қазақ тілінде сөздер ретіне қарай шылаулар арқылы байланысады.
Алайда  біз талдауға алған құжаттың іс бойынша сот құрамын мәлімдеу бөлігінде бұл тәсілмен байланысқан тіркестер қалыптаспаған.

3) Тілімізде сөздер орын тәртібі арқылы да байланысады.
Мысалы: басты ашық сот мәжілісінде деген тіркесте немесе  төрелік етуші, жоғары білім дегендей мысалдарда анықтаушы сөз бен анықталушы сөз қатар түруы арқылы анықтауыштың қатынаста орын тәртібі арқылы байланысқанын көрсетеді. Ал егер осы сөздердің орнын өзгертіп жіберсек, мүлде басқа мағына немесе мағынасыз сөйлем туады (ашық басты сот, білім жоғары, етуші төрелік). Бұл сөздер бір-бірімен тиянақты орын тәртібі арқылы байланысқа түседі.

4) Интонация арқылы байланысу. Мұнда екі сөздегі орын тәртібі тиянақты болуымен бірге, екеуінің арасында айтылуда дауыс ырғағы сақталып, екінші сөз сәл көтеріңкі естіледі, ал жазуда ол сөздер сызықшамен ажыратылады.
Мысалы: ұлты - қазақ.

Қазақ тіліндегі сөздердің өзара байланысу түрлерінің бес түрі бар. Олар: қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу. Бұл байланыс түрлері де арнаулы сала мәтінінде айқын көрінеді.

 Бастауыш пен баяндауыштың жіктік жалғауы арқылы бір жақта және 1-2 жақтарда жекеше, көпше түрде байланысуын қиысу дейміз. Судья басты ашық сот мәжілісінде анықтады деген сөйлемде судья мен анықтады, бастауыш пен баяндауыш ІІІ жақта қиысып тұр. Арнаулы мәтін бөлігінде бастауыш пен баяндауыш тек қана ІІІ жақта қиысады.

 Ілік септік жалғаулы сөз бен тәуелдік жалғаулы сөздердің байланысу түрін матасу деп атайды. Айыптау актісінің көшірмесі, Орал қалалық соты құрамы дегендегі  ... актісінің көшірмесі, ... соты құрамы тіркестері матасып тұр. Құжаттың осы бөлігінде ілік септігінің жасырын тұруы жиі кездеседі. Мысалы, Орал қалалық соты(ның) құрамы..., аудармашы(ның), айыптаушы(ның), қорғаушы(ның), жәбірленушілер(дің) қатысу...ы (салыстырсақ - аудармашы,   мемлекеттік  айыптаушы,  қорғаушы, жәбірленушілер қатысулар+ы+мен). Ілік септігінің түсіріліп қолданылуы жалпы құжат стиліне тән. Мәселен, бас сот(тың) талқылауында, айыптау(дың) актісінің көшірмесін т.б.

Тілімізде басыңқы сыңар мен бағыныңқы сыңардағы сөздің атау мен іліктен басқа септік жалғауларының біреуі жалғануы не шылау арқылы байланысу түрін меңгеру деп атайды.

Басты ашық сот мәжілісінде дыбыс жазба құралын қолданып қарап анықтады немесе қылмыстық істі басты сот талқылауында дыбыс жазба құралын қолданып қарап анықтады. Сөйлемдегі мәжілісінде анықтады, сот талқылауында анықтады  дегендер меңгеріле байланысып тұр.

4) Сөздердің қатаң орын тәртібі нәтижесінде қатар тұру арқылы байланысу түрін қабысу деп атайды.  Мысалы, ашық басты сот,жұмыста жоқ, дыбыс жазба құралы т.б.

Осындағы ашық басты дегендер берік орын тәртібі арқылы байланысқан, олардың орнын ауыстырсақ, байланыс бұзылады.
5) Басыңқы сыңар мен бағыныңқы сыңардың орын таңдамай, жақын да, қашық та тұруы арқылы байланысу түрін жанасу деп атайтыны белгілі. Алайда біз талдауға алған арнаулы мәтін үлгісінде сөздердің орнын ауыстырып сөйлем жазуға болмайды. Бұл грамматикалық мүмкіншіліктің болмауынан емес, құжаттың қатаң стандартталуына орай туындаған талап.

  Қорыта айтсақ, заң құжаттарының жазылуында бірізділік пен нормалану жедел жүргізіледі. Құжат лексикасынан бастап, сөйлем құрылымына дейін бірізділік, стандартты тіл талап етіледі. Процессуалдық құжаттар заң мен кодекс шеңберінде, сол тілде, сол сөз саптау ырқында ғана жазылады. Бұл ретті терминші-ғалым Ш.Құрманбайұлының: салалық тіл (подъязык) – барынша кәсіпке бағыттандырылғандығымен көрініс беретін, тілдің өмір сүруінің айрықша түрі. Әрбір салалық тіл адам қызметінің белгілі бір саласына қызмет етеді», – деп көрсетуі толық сәйкеседі [3, 54 б.]. Заң саласы тілінде қалыптасқан тәжірибедегі тілдік қолданыстың қайталанып отыру сипаты басым. Өйткені құжаттың мазмұны да, сөйлем құрылымы да, терминдері мен арнаулы сөздік қолданыстары да – түгелдей сүйенерлік, сілтеме жасайтын құжат мәтінін қажет етеді. Сондықтан процессуалдық құжаттардың тілін елеп-екшеу үшін салалық тілді стандарттау кезінде негізгі құжаттар - кодекс, заң тіл заңдарының негізінде, емле, грамматика нормаларын сақтай отырып жазылуын о бастан қадағалауымыз керек. Заңның өзінің жазылуында негізге алынатын ереже, қағидалардың қатарында  тілдік ережелер мен қағидалар тұруы қажет деп білеміз. Өйтпеген жағдайда өзінің заңды күшіне еніп, қолданысқа түсіп кеткен кейінгі құжаттарды түзету, өңдеу мүлде мүмкін болмай қалады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. - Қазіргі Қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2006.–Б.153.
  2. Айдарбек Қ. Қазақ терминологиялық аталымының ономасиологиялық аспектісі: филол. ғыл. докт. ... дис. – Алматы, 2009.–Б.32-109.
  3. Дрозд Л. К проблеме лингвистческой теории терминологии // Теоретические и методологические вопросы терминологии: Международный симпозиум. – 1999. - С.120.
  4. Горбовский Н.К. Профессиональная речь «функционально-стилистический аспект») // Функционирование системы языка и речи. – М., 1989.– 153 с.
  5. Гонцова С.А. Словообразование в научно-технической терминологии. – Алма-Ата: Мектеп, 1990. – 96 с
  6. Құрманбайұлы Ш. Терминтанушы құрал. –Астана: Ер-Дәулет, 2007. – 243 б.