ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ БУДАН ТЕРМИНДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫЛУЫНДАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАР

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ БУДАН ТЕРМИНДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫЛУЫНДАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАР
Елімізде ғылымның дамуы мен қоғамдағы рөлінің артуы, шет тілдерден халықаралық терминдер, кірме сөздер мен атаулардың көптеп енуі терминология жүйесінде бірқатар өзгерістер мен сәйкессіздіктер туғызды. Кірме сөздерді игеру, оларға төл тілімізде дұрыс балама табу, түпнұсқасын дұрыс пайдалана білу және тіл тазалығын сақтау күрделі процесстердің бірі. Будан сөздердің құрамындағы шеттілдік субстраттың уәжсіз қолданылуы, яғни тілімізде баламасы болса да сол қалпында қалдыру, оларды қолдануда және жазуда бірізділіктің болмауы сияқты мәселелер тілімізде көп кездеседі. Сол себептен терминдерді біріздендіру, төл тіліміздің ластануына жол бермеу, кірме сөздерді дұрыс қолдана білу мәселесі туындады. Бұл мақала қазақ тіліндегі будан терминдердің қолданылуы мен жазылуында кездесетін олқылықтарды зерттеп, оларды талқылап, талдауға арналған. Зерттеудің басты мақсаты - қазақ тілінде будан терминдерді қолданудағы олқылықтар мен сәйкессіздіктерді анықтап, бұл олқылықтарға жол бермей, қазақ тілінің фоно-морфологиялық заңдылықтарына сәйкестендіру, шеттілдік сөздердің қазақ тілінің емле-ережелерін сақтап жазу, айту және қолдану. Зерттеу жұмысының талдаулары мен тұжырымдарын қазақ тілінің фонетикалық және морфология жүйесін оқытуда және зерттеуде, терминтану, терминжасам, сөзжасам салалары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде пайдалануға болады. Сонымен қатар, аударма саласында, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға мақала жазуда және сөздіктер құрастыруға көмекші құрал ретінде бола алады. Кілтті сөздер: будан, термин, терминология, тілдік норма, олқылықтар, тіл тазалығы.

Кіріспе

ХХ ғасыр басында қазақ зиялылары тіл тазалығына аса қатты мән берген. «Қазақша жазу жайы» деген «Еңбекші қазақ» газетінің бірнеше санында жарық көрген көлемді мақаласында Е.Омаров тіл заңын бұзбау қажеттігін айта келіп: «Орыстың «сатсыйализм», «сатсыйалист» деген сөздері – жалпы жұртқа ортақ сөз. Оны қазақ тіліне кіргізуге де болады. Бірақ оны алғанда, түбірін ғана алыб, «изм», «ист», «ни»; сықылды жұрнақтарын шығарыб тастау керек. Олардың орнына қазақ тілінің жұрнақтарын қосыу керек: жұрнаққа қазақ тілінен бай тіл кем-ақ болар. Өзіңде үйір-үйір жұрнақ бола тұрыб, жат жұрнаққа жармасыудың тіл бұзыудан басқа түк пайдасы болмайды»[1] дейді. А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омаров, А.Байтасұлы, Қ.Кемеңгерұлы т.б. атақты ғалымдар жат тілден жұрнақ қабылдауға қарсы болды. Тіл тазалығын сақтау мәселесі бүгінгі таңда да маңыздылығын жойған жоқ. Заманауи ғылым мен техника, мәдениет пен экономиканың қарқынды дамуына байланысты шеттілдік сөздердің қатысуымен көптеген жаңа атаулар мен терминдер жасалып, тіліміздің сөздік қорын толықтыруда.

Белгілі академик Ә. Қайдаров: «Терминология - мемлекеттік тілдің жон арқасы, бүкіл рухани-мәдени өміріміздегі жаңалықтардың бәрін сергек сезініп, сол ыңғайда өзгеріп отыруға бейімді құбылыс» [4,54-б.] деп айтады.

Ө. Айтбаев «Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы» атты еңбегінде: «Қоғам дамуы арқылы тіл де дамиды дейміз. Бірақ тілдің даму деңгейі оның барлық ярусына бірдей тән емес. Оның белгілі бір қабаты өзгеріс, өріске онша көне бермейді (мәселен тілдің грамматикалық категориялары, дыбысталу жүйесі). Ал оның қайсы бір қатпарлары жаңалыққа иін беріп, жаңа мағыналық ұғым, түсініктер әкелуге бейім тұрады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, дамыған, жетілген тілдің басты көрсеткішінің бірі – оның терминдік жүйесінің саралануы  болып табылады» [5,18-б.] деген тұжырым айтады.

Шет тілдік сөздердің қатысуымен жасалған будан терминдердің тілдің сөзжасам заңдылықтарына сай жасалуы, олардың тілдік нормаларға сәйкес қолданылуы тіл тазалығына әсер ететін факторлардың бірі болып саналады. Сондықтан төл тілдік және шет тілдік компоненттерден құралған будан терминдердің жасалуындағы және қолданылуындағы олқылықтарды болдырмау тіл тазалығын сақтауға септігін тигізеді.

Материалдар мен зерттеу әдістері

Зерттеу барысында материалдарды жүйелеу, іріктеу, салыстыру, саралау, құрылымдық талдау, сипаттау әдістері қолданылды.

Мақала жазу барысында жалпы терминология, терминжасам, терминтану, будан терминдер, сөзжасам мәселелерін зерттеген отандық ғалымдардың еңбектері, атап айтсақ, А.Байтұрсынұлы, Ш.Құрманбайұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Х.Досмұхамедұлы, Р.Сыздық,  Ө.Айтбаев, Б. Момынова, Ә.Қайдар, С. Құлманов, А. Алдашева және т.б. негізге алынды.

Терминдерді қолданудағы және жазылуындағы олқылықтар деп терминге қойылатын талаптарға және тілдік нормаға сай келмеуін айтамыз. Терминтанушы ғалым Ш.Құрманбайұлы осы мәселеге қатысты өзінің «Терминтану» еңбегінде:

- термин сөздердің бірмағыналылығы, яғни синонимдерінің болмауы;

-терминнің мағыналық дәлдігі;

-қысқалығы немесе ықшамдылығы;

- тілдің сөзжасам заңдылықтарына сәйкестігі;

- туынды сөз жасауға қолайлылығы;

- эмоционалдық тұрғыдан бейтарап болуы; оларға экспрессияның тән болмауы;

- эстетикалық талаптарға сай болуы сияқты негізгі талаптарды көрсетеді [2, 73 –б.].

Терминология саласын зерттеушілер терминдерді қолданудағы бірнеше олқылықтарды атайды: «Терминнің бірнеше кемшілігі, үндесімсіздігі – терминнің эстетикалық қағидаттарға сай жасалмай, жағымсыз дыбысталуы және жарасымсыз, қажетсіз ұқсастық туғызуы; семантикалық сәйкессіздігі – таңбаланушы ұғым мазмұнының терминнің мағынасынан дәл көрініс таппауы; бұрыс бағыттаушы термин – уәжі қате түсінікке жетелейтін термин; варианттылығы – терминнің бірнеше нұсқасының жарыса қолданылуы; шұбалаңқылығы – терминнің бірнеше сөздің тіркесуі, қосарлануы, біріктірілуі арқылы жасалып, сөз туғызуға, айтуға, жазуға, жалпы қолдануға қолайлы болмауы; көпмағыналығы – терминнің бір терминологиялық жүйе шеңберінде бірнеше мағынаны білдіруі; квантативті варианттар – сыңарларының саны әр түрлі болатын жарыспалы нұсқалар; салыстырмалы синонимдер – бірінің мағынасы екіншісінен кеңдеу синоним терминдер; толық синонимдер – барлық жағдаяттар мен тіркесім кезінде бір-бірімен алмастыруға болатын синоним терминдер; толық сәйкеспейтін синонимдер – барлық жағдаяттар мен тіркесім кезінде бірінің орнын бірі алмастыра бермейтін синоним терминдер; термин жүйесіздігі – терминнің түрді, текті немесе ұғымдар арасындағы қатынастарды білдіру тұрғысынан тұлғалық жүйесіздік туғызуы» [3, 123-б.].

Материалдар мен зерттеу әдістері

Зерттеу жұмысы барысында сипаттау, іріктеу, жүйелеу, саралау, салыстыру және құрылымдық талдау әдістері қолданылды. Мақала жазу барысында жалпы терминология, терминжасам, терминтану, будан терминдер, сөзжасам мәселелерін зерттеген отандық ғалымдардың еңбектері, атап айтсақ, А.Байтұрсынұлы, Ш.Құрманбайұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Х.Досмұхамедұлы, Р.Сыздық,  Ө.Айтбаев, Б. Момынова, Ә.Қайдар, С. Құлманов, А. Алдашева және т.б. негізге алынды.

Нәтижелер және талқылау

Тіліміздегі будан терминдерді зерттеу барысында төлтілдік компоненттің терминнің мағынасына сәйкес келмеуі, орыс тілінен немесе өзге шет тілінен сәтсіз аударма жасалуы кездесетінін аңғардық.

«Медицина терминдері сөздігінің» авторы, ғалым М.Ахметов «Медицина терминдерін қалай қазақшалап жүрміз?» деген мақаласында «Латын, грек терминдеріне орыс жалғау-жұр­нақ­тары қосылып пайда болған сөздерді қа­зақшаға бейімдегенде олардың эти­мо­логиялық түбіріне үңілу қажет. Мысалы, ревматический дегенді ревма­ти­калық деп жазу қате, себебі түбірі «рев­матизм», демек ревматизмдік болу керек, мысалы теоретический де­ген­ді теоретикалық демейміз ғой. Өкініш­ке қарай, антиревматикалық, функ­ционалдық, индустриалдық, фол­ли­­кулярлық, алвеолярлық, лей­ко­­ци­тар­лық, бактериалдық, брон­хо­эк­та­ти­калық, липолитикалық деген сияқ­ты тер­­миндердің төркініне үңілмей, қате­лер­­ді оқи-оқи – көрмейтін, ести-ести–саңқұлақ болып алдық» [6] дейді.

Будан терминдердің жасалуы мен қолданылуындағы бірқатар сәйкессіздіктер туралы пікірлерді Т.Сыдықовтың «Терминдерді аударудың кейбір мәселелері туралы («әдебиет және өнер» саласының терминдері бойынша)» атты мақаласынан да кездестіреміз. Ғалым «әдебиет және өнер» саласының терминдеріндегі шет тілдік элементтердің дұрыс аударылмауын, қазақ тіліндегі баламаларын орынды пайдаланбау сияқты мәселелерді айта келіп, орыс тілінен дұрыс аударылмаған бірқатар терминдерді мысалға келтіреді: аббревиатурный термин - қысқарған термин (дұрысы қысқартылған термин, абсолютное сочетание - абсолют сәйкестік (дұрысы абсолюттік сәйкестік), абсолютное конец слова - сөздің абсолют соңы (дұрысы сөздің түбегейлі түйіні деп аударуға болар еді, акцентная валентнось - акцент валенттілігі (дұрысы акценттік валенттілік, акцентная парадигма-акцент парадигма (дұрысы акценттік парадигма болуы керек), генетивная конструкция - генетив құрылым (дұрысы генетивті құрылым) [7] деп көрсетеді. 

Будан терминдерің қоланысында бірізге түсіруді қажет ететін жағдайлaр көптеп ұшырасады. Мысалы, микроорганизм термині әртүрлі салаларда қолданылады. Биология, әскери іс, медицина саласында бұл терминнің әртүрлі аударылып жүргені аңғарылды (микроорганизм, микроағза). Су шаруашылығы саласында адаптация термині бейімделу, адаптация программы-бағдарламаны бейімдеу түрінде аударылған. Адаптивная контрольная карта деген термин адаптивтік бақылау картасы деп бекітілген. Яғни шеттілдік кірме элемент бір терминде бейімделу деп аударылса, екіншісінде аудармасыз сол күйінде берілген. Тілімізде баламасы бар болғандықтан бұл будан термин уәжсіз жасалған терминге жатады. Осы тәріздес шеттілдік элементі бар будан терминдерді бірізге түсіру қажеттігі анықталды.

Энергетика саласында авария термині авария/апат деп бекітілген. Осы кірме сөзбен келген будан терминдердің бірқатары апат деген төл сөзбен берілсе, біразы авария түрінде аудармасыз бекітілген. Мысалы: авария лавинная- тасқындық апат деп беріледі, ал авария локальная - шектеу авария, авария по мощности - қуаттық авария, авария системная - жүйелік авария т.б. Авария сөзінің апат деген баламасы болғандықтан жоғарыдағы будан терминдер құрамындағы авария терминбөлшегі апат сөзімен қолданылғаны дұрыс деп есептейміз.

Инертті газ деген сөздегі «инертті» сөзін «бекзат» деп аударған, бұл химиялық ұғымды толық ашпайды. Терминдер жинағында «инертный газ-инертті газ» деп аударылған (1971-1981 жж. бекітілген термин).

Сол сияқты физика астрономия саласындағы бекітілген терминдер тізімінде автотолықтыру деген термин ұшырасады, орысша аудармасы автокомпенсация, алайда автокомпенсатор термині автотолықтырушы деп емес, аудармасыз сол күйінде бекітілген.

Ғылыми мәтіндерде будан терминдердің бірнеше сөздердің тіркесінен жасалып тым шұбалаңқы болып келуі ұшырасады. Мысалы, химиялық, физикалық элементтер түзілуі реакцияларының үрдісіне сәйкес атауларының тым ұзақ (жарты беттік, тіпті одан да ұзақ) болуы.

Мысалы: биохимиялық рекациялардағы алкендерді карбкатоиондармен алкилдеу, комплексонометриялық титрлеудегі металлохромды индикаторлар, ксиленолды қызғылт-сары-алты протонды әлсіз қышқыл H6 Jnd, комплексонометриядағы қышқыл – этилендиаминтетрасірке қышқылы,бір атомды газдың ішкі энергиясының формуласы, оптикалық электромагниттік толқындар шкаласының инфрақызыл ультракүлгін сәулелері т.б.

Терминдерді қолдану барысында латын негізді будан терминдер қазақ тілінде жарыспалы қолданылып келеді. Яғни,латын тіліндегі нұсқасы мен қазақ тіліндегі нұсқасы қатар қызмет атқарып келеді.

Мысалы: агглютинативті тіл, жалғамалы тіл; актуализация, өзектілендіру, абстрактілі, дерексіз, аморфты, тұлғасыздық т.б.

Талдап отырылған будан терминдер  жарыса қолданылғанымен, олардың баламасы ұлттық тілде басым қолданылуын аңғартады. Сөзімізді дәлелдеу үшін қазақ тілінің корпусына сүйенсек, «Қазақ тілінің ұлттық корпусында» бойынша «агглютинативті тіл» деген  термин 51 рет, ал «жалғамалы тіл» термині 977 рет кездеседі деп айтуға болады. Қазіргі уақытта актуализация термині ұлттық тілде кеңінен қолданылады, корпус бойынша 10607 құжатта қамтылған. Абстрактілі термині 39 құжатта, ал дерексіз термині 86 құжатта қолданылған. Алайда, аморфты термин тұлғасыздық терминіне қарағанда жиі қолданылады.

Терминологиядағы бәсекеге қабілеттіліктің мұндай құбылысы ғылымның әртүрлі салаларының терминдерін біріздендіруде қиындықтар туғызатыны анық. Сондықтан оларды таңдап аларда терминнің семантикалық потенциалына, қолдану жиілігіне байланысты ғылыми анықтамаға сәйкес бір нұсқасын белгілеу маңызды.

Қорытынды

Будан терминдерің қолданысындағы олқылықтарды былайша түйіндеп көрсетуге болады:

- Төл тілдегі баламасы бола тұра шетел сөздерін қолдана отырып, будан сөздер жасау (шеттілдік сөздерді уәжсіз қолдану);

- будан терминдерді қолдануда грамматикалық нормадан ауытқу тілдік норманы сақтамауға әкеледі;

- будан терминдерді жазуда орфографиялық заңдылықтардың сақталмауы тіл тазалығына кері әсерін тигізеді, тілдің шұбарлануына әкеп соғады;

- будан терминдердің бірнеше сөздердің тіркесінен жасалып тым шұбалаңқы болып келуі кездеседі (ғылыми мәтіндерде), әсіресе жаратылыстану саласы мәтіндерінде терминдердің тым созылыңқы сипатта келуі.

Қорыта келгенде, қазіргі тілімізде қолданылып жүрген будан терминдердің қолданылуында және жазудағы бірқатар олқылықтар қазақ тілінің орфографиялық нормаларына сай етіп, бірізге келтіруді қажет етеді.

Пайдаланылған деректер тізімі

 

<!-- [if !supportLists]-->1. Жұбаева, О.А. Қазақ тіліндегі терминжүйенің когнитивті сипаты [Электронды мәтін] https://termincom.kz/articles/?id=43/?lang=rus

<!-- [if !supportLists]-->2. Құрманбайұлы, Ш. Терминтану: оқу құралы [Мәтін]. Алматы: Атлас баспасы-2001, 2006. - 244 б.

<!-- [if !supportLists]-->3. Құрманбайұлы, Ш. Қазақ терминологиясы дамуының кезеңдік сипаты: монография [Мәтін]. – Астана, 2002. – 208 б.

<!-- [if !supportLists]-->4. Қайдаров, Ә Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас [Мәтін].  – Алматы: Рауан, 1993. – 43 б.

<!-- [if !supportLists]-->5. Айтбайұлы, Ө. Қазақ сөзі: қазақ терминологиясының негіздері: монография [Мәтін]. – Алматы: Рауан, 1997. – 240 б.

<!-- [if !supportLists]-->6. Ахметов, М. Медициналық терминдерді қалай аударып жүрміз? [Электронды ресурс]  https://egemen.kz/article/169917-meditsina-terminderin-qalay-qazaqshalap-dgurmiz

<!-- [if !supportLists]-->7. Сыдық, Т. Терминдерді аударудың кейбір мәселелері туралы («әдебиет және өнер» саласының терминдері бойынша) [Электронды ресурс] https://termincom.kz/articles.

<!-- [if !supportLists]-->8. Karimah, A., Primardina Wijayanti. Language in digital media: the phenomenon of language hybridity analysis [Мәтін]. KnE Social Sciences. Indonesia, 2023. – 46 p.

<!-- [if !supportLists]-->9. Pamela, Faber,, Clara Ines Lopes-Rodriguez. Terminology and specialized language [Мәтін]. A Cognitive Linguistics View of Terminology and Specialized Language. – Mouton, 2012. - 9-31 p.

<!-- [if !supportLists]-->10. <!--[endif]-->Pardayeva, Sojida Ahmatovna. The Terminology as A Linguistic Phenomenon. [Мәтін]. Eurasian research bulletin. Volume 5. 2022. – 80-83 p.