Кіріспе
Қазіргі тіл білімінде әр түрлі білім салаларының арнайы лексикасын лингвистикалық талдауға көбірек көңіл бөлінеді. Арнайы лексика әртүрлі білім салаларының категорияларын, түсініктерін, зерттеу әдістері мен тәсілдерін, процестерін, қасиеттерін, параметрлерін білдіреді. Арнайы лексикада терминдер басым. Терминдер терминжүйелерді құрайтын әртүрлі арнайы атауларды білдіреді. Әр терминжүйе жеке ғылымдар, ғылыми бағыттар, түрлі білім салаларының атаулары туралы ұғымдар жүйесін білдіреді.
Заманауи лингвистикадағы терминді лингвистикалық категория ретінде зерттеу мен түсінудің негізгі мәселелерінің бірі – оның анықтамасы. А.Н.Баранов «термин» ұғымына лингвистикада берілетін анықтамалардың көптігін оны түсіндірудің тұжырымдамалық тәсілдерінің көптігімен түсіндіреді [1, 56]. Өз кезегінде, В.М.Лейчик аталған фактіні бұл термин бірқатар ғылымдардың объектісі болып табылатындығын және әр ғылым терминде оның тұрғысынан маңызды белгілерді бөліп көрсетуге тырысатындығымен дәлелдеді.
Айта кету керек, «термин» ұғымына бір нақты анықтама беру қиын. Себебі «термин» ұғымы мағынасы жағынан ауқымды. В.М. Лейчик өз жұмысында «В.П.Даниленко терминнің 19 анықтамасын берді, ал Б.Н.Головин – бұл ұғымның жеті анықтамасы келтіреді» деген [2, 20]. Әрбір ғылыми зерттеуде терминнің әртүрлі анықтамалары берілген.
Өз функцияларын орындау үшін терминдер бірқатар қасиеттерге ие болуы керек және белгілі бір талаптарға сай болуы керек. Зерттеу еңбектерінде терминдердің келесі қасиеттерін қарастырады: жүйелілік, контекске тәуелсіздік, дәлдік, халықаралық және стилистикалық бейтараптық.
Терминнің маңызды қасиеттерінің бірі – жүйелілік (немесе бірізділік). Белгілі бір ғылымның терминологиясы – бұл белгілі бір ғылым ұғымдарын білдіретін терминдердің жиынтығы ғана емес, сонымен бірге жүйені құрайды. Терминжүйелерді мақсатты ұйымдастыру терминдердің жүйелілігін анықтайды. Терминология кең мағынада қазіргі әдеби тілдің лексикасының (лексикалық жүйесінің) бөлігі болып табылады, ол ғылым мен техниканың ұғымдары жүйесінің атауларынан, ресми іскерлік сөйлеуден және олардың өндірісте, жалпы қоғамдық өмірде немесе жекелеген салаларда көрініс табуынан тұрады [3, 6].
Терминнің келесі қасиеті – контекстен тәуелсіздік. Терминнің бұл қасиетін алғаш рет Д.С.Лотте атады, ол контекстен тәуелсіз дегеніміз термин ешқашан контекстке сай түсінілмейді. Оның анықтамасы дербес, қандай жағдайда да бір мағынаны беруі керек деп дәлелдейді [4, 7].
Зерттеушілер терминдер үшін маңызды тағы бір қасиетке оның халықаралықтығын жатқызады [5]. Әр түрлі ұлттардың адамдары мен әртүрлі тілдерде сөйлейтіндердің өзара түсіністігі туралы мәселе өте маңызды. Бұл ғылым, техника және саясат саласында, әдетте, халықаралық байланыста жүзеге асырылады.
Терминнің негізгі қасиеттерінің бірі – оның стилистикалық бейтараптығы (эмоционалдылықтың болмауы). Терминнің маманның назарын аударатын, субъективтілік элементін әкелетін жанама мағыналары болмауы керек.
Терминнің осындай қасиеттерін ұстану, жалпы терминология мәселелері туралы қазақ тіліндегі зерттеудің басы Алаш арыстарынан басталады деуге болады. Алашорда мүшелері арнайы тапсырмамен түрлі ғылым салалары бойынша қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтарды жазып, алғашқы терминологиялық сөздіктерді баспадан шығарды. Осылайша қазақ тіліндегі терминжасамның бастауы Алаш қайраткерлерінен басталады. Олардың қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру үшін әрі қарай жалғастырып, қазақ терминологиясының жеке ғылым ретінде қалыптасуына үлес қосқан ғалымдардың бірі – академик Ә. Қайдар.
Ғалым Әбдуәли Қайдар да алаш қайраткерлері сияқты қазақ тілінің сөздік қорын терминжасам ісінде мүмкіндігінше кеңінен пайдалануды қолдады. Бұл ретте қазақ тілінің кәсіби сөздер, диалект сөздер, көнерген сөздер сияқты лексикалық қабаттары да қолданысқа жарауы мүмкін.
Тіліміздегі бұндай лексикалық қабаттардың термин жасауға қосар үлесі туралы, олар арқылы терминологияны ұлт тілінде қалыптастыру туралы тілші ғалымдар айтып жүр. Қазақ терминологиясындағы терминдер қатарынан осы аймақтық лексика, көнерген сөздер мен кәсіби сөздерді аз да болса кездестіруге болады. Әрине олардың терминологиядағы үлесі жалпы қолданыстағы сөздердің үлесінен әлдеқайда аз. Мәселен, аймақтық лексиканың терминологиядағы үлесінің аздығының себебін Ә.Қайдаров басқаларды былай қойғанда тіл мамандарының өз арасында диалектілік лексика мен әдеби тілдің, демек терминологиялық лексиканың арасындағы табиғи алмасуды шектеу, екеуінің арасына сына қағып, алыстату пиғылы байқалатындығынан іздеп, оған қарсылық ретінде «Әдеби тілдегі бар сөздің жергілікті баламасын, дублетін, дыбыстық-морфологиялық, мағыналық варианттарын орынсыз тықпалап, ретсіз қолданудың мәнісі бір басқа да, ең жанды процесс болып саналатын терминология саласында осы байлықтан сарапқа сала отырып, саналы түрде пайдалану екінші мәселе» дейді [6, 12]. Ал терминтанушы Ш.Құрманбайұлы былай түсіндіреді: «Оның ең басты себебі – көбінесе диалектизмдердің әдеби тілде баламасы болуынан деп түсінеміз. Терминдену кезінде таңдауға алдымен әдеби нұсқа ілігеді» деп, терминденген диалекті сөздердің көпшілігінің әдеби тілде қазақша баламалары болмайтындығын, олардың терминдену мүмкіндігіне ие болуының бір себебі сонымен де байланысты болатындығын айтады да,
«Екіншіден, мұны аймақтық лексиканың терминологияны байытудың көзі ретінде танылып, оның термин шығармашылығында қажетке жаратылмай келгендігінен деп те түсіндіруге болады» дейді [7, 130].
Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігінде «шүлдік» сөзі Қостанай өңірінің лексикасы ретінде «диірмен тасының ортасына орнатылған ағаш не темір бөлшек» деген анықтамаға ие. Яғни диірменнің ортасында орналасып, оның айналысын реттеу қызметін атқаратын заттың атауы қызмет бірлігі арқылы жанама уәжділікпен техника саласының «ось» терминіне қазақша балама ретінде алынған. Ал «ось» сөзінің терминдік мағынасы «машина механизмі мен түрлі бөлшектерінің айналасында не сонымен бірге орналасып, айналысын қолдайтын ұзартылған цилиндр формалы бөлшек» екендігі белгілі. Екі бөлшектің қызмет бірлігі аталған сөздің термин ретінде мағыналық жағынан жаңартылып, қабылдануына негіз болған.
Сонымен бірге көнерген сөздердің де техникалық терминологияда өз орны бар. Ә.Қайдаров «көнерген сөздер де тіл байлығының бір көзі» деп, оларды іске қосу – бір бұлақтың көзін ашумен бара-бар; «көне» деп шошынудың қажеті жоқ. Өйткені сөздің бәрі көне. Оны жаңа қылып ұстау өзімізге байланысты» деген пікір білдіреді [6, 14-15].
Осылайша ғалым қазақ тілінің терминологиясының мүмкінлігінше төл тіліміздің сөздік қорынан жасалуына ерекше назар аударды. Осы арқылы қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру мәселесіне қомақты үлес қосты деуге болады.
Әбдуәли Қайдар өз зерттеулерінде терминология саласы уақыт талабына сай үнемі өсу, даму үстінде болатынын байқатады. Шындығында да, ХХ ғасыр басында қазақ тілінің сөздік қорын «сарқа пайдаланып» терминжасау жұмысы қарқынды дамыса, одан кейінгі жылдары көптеген атау сөздердің орыс тіліндегі нұсқасының өзгеріссіз қолданылуы мақұлданды. Тәуелсіздік алғаннан бері терминолог ғалымдар да, сала мамандары да термин атауларын барынша қазақыландыру жұмысымен айналысуда. Демек, терминология ғылым саласы ретінде әрдайын өзгеріп, дамып отырады. Бұл туралы академик: «...Өзіндік дәстүрі бола тұрса да терминология мәселесіне қайта оралудың қажеттігін танытып отырған үш түрлі себеп бар» деп, қазақ терминологиясының шешімін таппай жатқан мәселелерінің себебін былай жіктейді:
1-себеп – ғылыми-техникалық прогрестің айнасы ретінде әрбір өркениетті ел терминологияның сақадай сай болуына ерекше мән беріп, замана талабына сәйкес оқтын-оқтын оның бағыт-бағдарын анықтап, үрдісін белгілеп отыруы тиіс; біз де сондай ел санатына жатамыз;
2-себеп – қазақ әдеби жазба тілі – мемлекеттік тілдің негізі, ал терминология мен ғылым тілі – оның жон арқасы, бүкіл рухани-мәдени өміріміздегі жаңалықтардың бәріне де сезімтал, өзгеріп отыруға өзі де бейім құбылыс; сондықтан да мемлекеттік әдеби тіліміздің бүгінгі күйі мен ертеңгі жағдайы терминологияның даму деңгейімен, реттілігімен, жүйелілігімен, тұрақтылығымен және қолданыс аясының кеңдігімен өлшенеді;
3-cебеп – қазақ тілі терминологиясы бүгінде әртүрлі объективті де субъективті жағдайларға байланысты белгілі дәрежеде дағдарысқа ұшырап отыр; қалыптасқан ғылыми принцип терминологиялық процеске бағыт- бағдар беріп, алдында жүрудің орнына, оның артында қалып, термин практикасы аяқасты болып қалды; осының нәтижесінде әркімнің өз білгенінше термин жасау немесе оны ауыстыру, алмастыру тәрізді бейберекет «бұқаралық» әрекетке (анархияға) жол беріле бастады; ал мұндай жаңа үрдістің бел ала бастауына ең алдымен тіліміздегі ұлттық және интернационалдық терминдердің ара салмағындағы табиғи үйлесімділіктің бұзылуы, ескі дәстүрдің біржақты дамуы себеп болып отыр [8].
Бұл пікірімен терминжасаммен әркім өз білгенінше айналысып кеткеніне қынжылған ғалым ұлттық және интернационалдық терминдер арасында табиғи үйлесімдік болуын қолдайды.
Терминологияны «кез келген тілдің даму процесін білдіретін барометрге» теңеген ғалым «Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас» атты еңбегінде терминжасамның 11 қағидасын атап көрсетеді:
1) терминологиялық процесті мемлекет қамқорлығына алу;
2) тіл дамуының жаңа үрдісімен санасу;
3) қазақ тілінің төл және байырғы лексикалық байлығын сарқа пайдалану;
4) түркі халықтарының терминжасамдық өнегелі үлгілерінен пайдалану;
5) шеттен алынатын терминдерді мүмкін болғанынша қазақ тілінің өз ерекшеліктеріне икемдеп алу;
6) шеттілдер терминдерін мүмкін болғанынша аударып алу;
7) терминдерді қазақ тілі негізінде қысқартып алу;
8) термин қабылдауда шарттылық заңдылығын сақтау;
9) терминдерді салалық жүйе бойынша жіктеп, сұрыптап алу;
10) ұлттық және интернационалдық терминдердің сандық және сапалық арақатынасын табиғи қалыпта сақтау;
11) терминдердің емлесін жазу дәстүріне сәйкестендіру [8].
Аталған қағидалар қазіргі терминжасамның заңдылығын анықтап бергендей.
Қорыта келгенде, ғалым Әбдуәли Қайдар терминологияны ғылыми тұрғыдан зерттеу қажеттігін баса айтты. Оның «Қазақ тілінің терминологиялық жүйесі» еңбегінде терминдердің құрылымдық және семантикалық ерекшеліктері тереңінен талданады.Сонымен қатар Ә.Қайдар ұлттық терминологияны дамытуда, терминдердің қолданылуын қазақ тілінің грамматикалық ережелеріне сәйкестендіруге назар аударды. Ол терминдердің мағыналық жағынан ашық және нақты болуын талап етті. Ол терминологияның қоғамдағы, мәдениеттегі рөлін түсініп, ұлттық мүддені алға тартты. Бүгінгі таңда Әбдуәли Қайдардың ғылыми зерттеулері қазақ терминологиясын дамытуда өзекті әрі маңызды рөл атқаруда. Демек ғалымның қазақ терминология ғылымына қосқан үлесі зор.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Баранов А.Н. Введение в прикладную лингвистику. – М.: Эдиториал УРСС, 2001. – С. 360.
2. Лейчик В.М. Терминоведение. Предмет, методы, структура. – М.: Книжный дом «ЛИБРИКОМ», 2014. – С. 264
3. Крыжановская А.В., Симоненко Л.А. Актуальные проблемы упорядочения научной терминологии. – К.: Наукова думка, 2007. – С. 162.
4. Дуксова Н.А. Сопоставительный системный анализ лексики семантического поля «дом/жилье» на материале русского и английского языков. Автореф. дис. … канд. филол. наук. – М., 2006.
5. Корниевская Т.К. Термин как объект исследования в лингвистике// журнал «Образование и педагогические науки» №5. 2015 – С. 234-235
6. Қайдаров Ә. Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас. – Алматы: Рауан, 1993. – 42 б.
7. Құрманбайұлы Ш. Қазақ терминологиясы дамуының кезеңдік сипаты. – Астана: Елорда, 2002. – 184 б.
8. Қайдар Ә. Қазақ тілінің терминологиялық жүйесі. – Алматы: Ғылым, 2001.