Мектеп курсы бойынша география пәнінде терминдерді қолдану аясы және жетілдіру

Мектеп курсы бойынша география пәнінде терминдерді қолдану аясы және жетілдіру

Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне енуге талпынысы, білім беру парадигмасының өзгеріп, жаңа ұлттық модельдің қалыптасуы болашақтың жаңаша ойлайтын, дүниеге көзқарас мәдениеті мен санасы дамыған ұрпағын оқытып, тәрбиелейтін бәсекеге қабілетті педагогикалық кадрларды даярлаудың сапасын арттыруды талап етіп отыр. Қазіргі білім алушылар проблеманы қоя білуге, оны талдауға, жалпылауға, өзінің іс-әрекетін пайымдауға, болжамды теориялық тұрғыдан негіздей білуге, зерттеу әдістерін таңдауға, ақпараттан өзіне қажеттіні ажырата білуге мүмкіндік беретін зерттеушілік пен дағдыны игере отырып, кәсіби міндеттерді сауатты шешуге, әр іске шығармашылық пен жаңашылдық тұрғысынан қарауға қабілетті болу керек. Бұл іс әрекеттің барлығы білім алушылардың күнделікті ұстаздың берген білімі мен оқулықтардағы мәліметтерге негізделеді.

Оқулық – дидактика мен оқу бағдарламасы талаптарына, оқыту мақсатын ескеріп, оқу пәнінің мазмұнын ғылыми негізде, жүйелі баяндайтын кітап. Оқулық оқу орындарының типіне қарай жасалады. Оқулыққа мынадай педагогикалық талаптар қойылады:

<!-- [if !supportLists]-->-      <!--[endif]-->оқу материалдарының қазіргі ғылым мен технологияның дәрежесіне сәйкес баяндалуы;

<!-- [if !supportLists]-->-      <!--[endif]-->жоғары идеялылығы, тәрбиелік міндеттерге сәйкестігі;

<!-- [if !supportLists]-->-      <!--[endif]-->мазмұнының бағдарлама мазмұнына сәйкес әрі түсінікті болуы;

<!-- [if !supportLists]-->-      <!--[endif]--> материалдарының оқушылардың жас және танымдық ерекшеліктеріне сәйкес баяндалуы;

<!-- [if !supportLists]-->-      <!--[endif]-->дәл және анық, нақты қорытындылар, ережелер, заңдар мен анықтамалардың баяндалуы, тілдің жатық, әдеби және ықшам болып, оқушылардың ұғымына сәйкес келуі;

<!-- [if !supportLists]-->-      <!--[endif]-->оқу материалын меңгеруді жеңілдететіндей иллюстрация, сурет, кесте, диаграмма, сызба мен сызулардың болуы;

<!-- [if !supportLists]-->-      <!--[endif]-->сыртқы пішінінің (қағаз, шрифт, мұқабасының) ретті сәндендірілуі. Негізгі оқу пәндерінің оқулықтарына қосымша хрестоматия, есеп жинақтары, жазбаша жаттығу кітаптары, анықтама, сөздік, оқу кітаптары, тарихи және географиялық карталар, т.б. қолданылады.

Орта білімді ресурстық қамтамасыз етудің негізгі элементтері - жалпы білім беретін мектептерге арналған оқулықтар және оқу-әдістемелік кешендер.

Оқулық - жалпы білім беретін мектептердің оқу үдерісіне мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты және типтік оқу жоспары негізінде, сонымен бірге пән бойынша жүйелі түрде мазмұндалған, игеру міндетті оқу материалдары енгізілген негізгі кітап.

Қазір күн санап дамып отырған ғылымдағы жаңалықтар, оның ішінде терминдік бірліктер білім беру процесіне атап айтқанда, мектеп оқулықтарына да енуі – қалыпты заңдылық.

Мектеп оқулықтарындағы терминдердің қолдану аясына сараптамалық талдау жасап, ғылым тілін меңгертудің бастапқы деңгейлерінің бірі – терминдердің берілу үрдісін зерделеу бүгінгі туындап жатқан олқылықтарды жоюдың негізгі шешімі.

Мектеп оқушылары 5-сыныптан бастап жаңа пән – географияны (Жаратылыстану) оқи бастайды. Кез келген пән сияқты оның да өзіндік зерттеу нысаны бар. Бастапқы географиялық түсініктен бастап ғылыми терминдерге, ұғымдарға және анықтамаларға толы. Ұғымдарды, терминдерді және анықтамаларды білу қажет, оны меңгеру арқылы ғана оқушы дұрыс географиялық тілде сөйлей алады. Әр тақырыптарда географияның өзіндік географиялық терминдері мен анықтамалары бар. Картамен жұмыс жасау үшін де бірқатар терминдермен танысу қажет.

Оқулықтарда берілетін терминдерді оқытудың дидактикалық талаптармен сәйкес келуі, терминдердің ұғымының жеңілдігіне оның құрылымы, қолданысына сараптама жүргізе отырып, көрсетілген оқулықтар негізінде анықтамалар келтірілді: 7 сынып оқулығы 1,2 бөлім (Қаратабанов Р.Ә., т.б.), 8 сынып оқулығы 1,2 бөлім (Қаратабанов Р.Ә., Қуанышева Г.А., Байметова Ж.Р., Джаналеева К.М.), 9 сынып оқулығы 1,2 бөлім (Усиков В., Егорина А., Усикова А., Зәбенова Г.). 10 сынып оқулығы ЖМБ (Каймулдинова К., Абдиманапова Б., Әбілмәжінова С.), 11 сынып оқулығы ЖМБ (Каймулдинова К., Әбілмәжінова С.).

Сонымен қатар, география пәнінің практик оқытушылары арасында шағын сауалнама жүргізілді. Сауалнама барысында география пәні бойынша 7-11 сыныптарға арналған мектеп оқулықтарында терминдердің әр түрлі нұсқада берілуі, мектеп оқулықтарының терминологиясының біріздендірілуі, жас ерекшелігіне қарай қиындық тудыратын терминдердің кездесуі, терминдердің қолданысында жарыспалылық бейнесінің болу мәселелерін қамтыды. Нәтижесінде практик оқытушылар тәжірибесінен терминдердің қолдану аясына қорытындылар жасалып, нұсқалары берілді.

7 сынып оқулығы бойынша «Атмосфера» бөлімшесі бойынша атмосфераның құрылымы сипаттау барысында аралық аймақтарды тропоүзіліс, стратоүзіліс, мезоүзіліс деп түсіндіріледі. 8 сынып оқулығы «Литосфера» бөлімшесі, «Жер бедері түрлерінің қалыптасуы және таралуы» тақырыбында платформаның құрылымы: кристалды іргетас (астыңғы қабат), шөгінді тыс (жоғары қабат) деп берілсе, 9 сынып оқулығының «Литосфера» бөлімшесі бойынша платформаның құрылымы: фундамент (төменгі ярус), шөгінді қабаттан тұрады деп түсіндіріледі. 9 сынып оқулығының «Литосфера» бөлімшесі бойынша пайдалы қазбалардың тобы: жанатын, рудалы, рудалы емес болып топтастырылса, 8 сынып оқулығы «Литосфера» бөлімшесі бойынша пайдалы қазбалар қолданылуына қарай жанғыш, рудалы (металл және металл емес), рудасыз (металл емес және жанбайтын пайдалы қазбалар) болып бөлінеді. 8 сынып оқулығы «Атмосфера» бөлімшесі бойынша климат қалыптастырушы түрткіжайттар, 9 сынып оқулығында климат қалыптастырушы факторлар деп түсіндіріледі. Күн радиация түрлері: «шағылған», «жұтылу» келесіде «шағылысқан», «жұтылған» деп беріледі [1; 2]. 8 сыныпта «Литосфера» бөлімшесі бойынша «Хемогендік жыныстардың жіктелуі» тақырыпшада берілген терминдер  оқушы меңгеруіне ауырлау және қажетсіз артық мәліметтер қамтылған. «Метаморфтық тау жыныстары» тақырыпшада дәл осындай, ұғынуға ауыр терминдер легі берілген. «Көлдер мен  мұздықтар» тақырыбында қажеттілік деңгейі төмен ұғымдар тізбегі берілген. Оқулық соңындағы глоссарий бөлімінде берілген термин сөздер ұғынуға тым ауыр және құрылымсыз нұсқада қамтылған. 9 сынып оқулығы «Географиялық зерттеулер әдістемелер» бөлімшесі бойынша қашықтық әдістері белсенді, белсенді емес болып бөлінеді. 11 сынып оқулығы «Картография және геоинформатика» бөлімшесі қашықтан зерделеу әдістері пассивті, активті деп бөлінеді [2; 3]. 10 сынып оқулығы «Географиялық зерттеу әдістері» бөлімшесі бойынша «дешифровка» термині келесі оқулықта «бажайлау» деп те беріледі. Ал, эксперттік әдіс, 11 сынып оқулығы сараптамалық әдіс деп қолданылады [4]. Оқулықтарында терминдердің қолданысында жарыспалылық байқалады. Мысалы, ағза – организм, локальді – жергілікті.

«Географиялық нысан атаулары» ұғымының өзі бірде «халықтық терминдер», енді бірде «географиялық терминдер», «географиялық объектілер» деп аталады. Оқулықтарда геохронологиялық кесте, геохронологиялық шәкіл, жер қыртысы учаскелері, жер қыртысы бөліктері сөз тіркестері де алуан түрлі формада қолданылады.

Жалпы алғанда, 7 сынып оқулығында берілген глоссарий тізіміндегі термин сөздердің анықтамасы оқушылардың жас ерекшелігіне күрделі жазылған. 10 және 11 сыныптардың оқулығы жалпы тілі ауыр жазылған, термин сөздер де, мәтін де бір оқығанға түсініксіз, қайта нақтылап оқып түсінуге  тура келеді.

Географиялық нысандарға қатысты терминдерді қолдану аясы сарапталды. Қазіргі кезде халықтың мәдениеті мен дүниетанымының, соның ішінде табиғаттану әлемінің аясында қалыптасқан халықтық терминдердің даму эволюциясы арнайы зерттеулерді талап етеді.

Әлеуметтік тұрмысымызда экономикалық география саласының инвестиция, маркетинг, менеджер, сөздерін қолдануға мәжбүр болсақ, осы салада дилер, брокер, модератор сөздері кәсіби терминге айналғанын байқаудамыз. Жастар арасындағы сленг сөздерді қоспағанның өзінде енген ағылшын сөздерінің бейнесі ұлғаюда. Негізінен жаңа сөздердің пайда болуы біздің сөздік қорымызды кеңейтеді, бірақ, кірме сөздердің көптігі тіліміздің бірегей табиғи қалпына нұсқан келтіріп, тіліміздің тазалығын жояды.

Ғылым мен экономика және тілдік, ақпараттық қатынастар дами отыра адам өмірінің түрлі салаларға жіктелуіне байланысты, жер бетін сипаттау мағынасындағы лексикалық кешеннің элементтері әр түрлі салаларға бейімделіп, заман талаптарына сай қызметтерге ие болып отыр. Соның ішінде терминологиялық мәселелері бойынша туындайтын сұрақтар географиялық әрі филологиялық тұрғыдан жауабын күтетіні айқын [5].

Қорытындылай келе, пәнді меңгеру барысында оқушылар көптеген тарихи түсініктер мен терминдерді кездестіреді, олардың кейбіреулері қазақша аударылып, термин ретінде қабылданған болса, басқалары ежелгі латын және грек тілдерінде, сондай-ақ қазіргі шеттілдерде беріледі. География пәні бойынша мектеп оқулықтарында қолданылатын терминдердің ғылыми негізі мен әдіснамасын әліде жетілдіріп, мектеп терминологиясының жүйеленген базасын қалыптастыруды ұсынамыз. Анықталған мәселелердің шешімі академиялық терминдердің тұпнұсқасы қолданыста болса жеткілікті қазақшаға аудару қажет етпейді.

Сондықтан мектеп оқулықтарында терминдерді оқыту әдіснамасын жүйеге келтіріп, барлығына ортақ әр сыныптарға нақты жүйелі терминологиялық әдістемелік құрал құрастырылуы қажет. Әдістемелік құралда география пәні бойынша түсініктер мен терминдердің маңызы, пайдалану әдістері және анықтамалары берілуі ұсынылады. Әдістемелік құралдың құрылымы оқушыларды қазіргі география пәні, географиялық үдерістің негізгі мәселелерінің қазіргі зерттелу дәрежесіне орай қалыптасқан географиялық түсініктер мен терминдерді меңгертуге, оларды өзіндік ой қорытуға дағдыландыру міндетіне бағдарлануы қажет [6].

Өкінішке қарай, мектепке арналған терминологиялық сөздік түрлері аз. Яғни, бүгінге дейін мектеп терминологиясы қазақ терминолог ғалымдарының зерттеу нысанына айналдыруды қажет етеді.

Жалпы бүгінгі басты міндет – тіл мәртебесіне сай терминдерді қолдану, шет тілінен аударылған терминдерді біріздендіріп, жүйелеу. Бұл міндеттің алдағы уақытта өзінің жүйелі шешімін табады деген сенімдеміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қаратабанов Р.Ә., Қуанышева Г.А., Байметова Ж.Р., Джаналеева К.М. 8 сынып оқулығы 1,2 бөлім. – Алматы, 2018. – 63 б.

2. Усиков В., Егорина А., Усикова А., Зәбенова Г. 9 сынып оқулығы 1,2 бөлім. – Алматы, 2019. – 58 б.

3. Каймулдинова К., Әбілмәжінова С. 11 сынып оқулығы, ЖМБ. – Алматы, 2020. – 10 б.

4. Каймулдинова К., Абдиманапова Б., Әбілмәжінова С. 10 сынып оқулығы ЖМБ. – Алматы, 2019. – 20 б.

5. Интернет сілтемесі: https://www.termincom.kz/articles/?id=33

6. Ұ.Ә.Есназарова. Қазақстанның физикалық және экономикалық георафиясын оқыту. Мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал. Алматы. Рауан. 1994,1996, -114 б.