Экономика және қаржы терминологиясындағы проблемалар

Экономика және қаржы терминологиясындағы проблемалар

Жаңа нарықтық қатынастардың қалыптасу процесі экономика ғылымының дамуына да әсер етеді. Соның нәтижесінде жаңа экономикалық терминдер пайда болады, ал оның қарқынды дамуы терминологияны біріздендіруге және регламенттеуге алып келеді. Бүкіл елде ғылыми терминологияны біріздендіру үшін арнайы терминологиялық комиссия құрылып, арнайы терминологиялық анықтамалықтар, сөздіктер, білім салалары бойынша тезаурустар басып шығарылады. Бұл аса қажетті әрі үлкен жұмыс, өйткені терминдерді қолдануды ретке келтірмей кейбір мәтіндерді түсіну қиын.

Экономика және қаржы терминологиясы кез келген тілдің термин жүйесінің маңызды бір бөлігі болып табылады. Экономикалық терминдерді берудің бірнеше негізгі тәсілі бар. Терминдерді аудару кезінде бастапқы тіл мен аударма тіліндегі ұғымдарды салыстыруда алшақтықтар туындайды. Көбіне бұл семантикалық деңгейде болады. Бір терминнің әртүрлі салада қолданылатындығы және әдетте, тиісті баламаны табу үшін мәтінді талдау және қосымша ақпарат көздерін іздеу қажет болатыны аударманың қиындығы болып табылады. Негізінде бір термин бір мағына береді. Алайда таза терминдер өте сирек кездеседі. Көбінесе термин сөз бірнеше мағынаға ие.

Термин – белгілі бір арнаулы саладағы ұғымды білдіретін сөз немесе тіркес. Сондықтан әр терминнің спецификасы ғылыми стильдегі мәтіндермен жұмыс істеу кезінде байқалады. ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы «Қазақ терминологиясы» еңбегінде терминге қойылатын мынадай талаптарды атап көрсетеді:

«1. Терминнің бірмағыналылығы (однозначность термина).

2. Терминнің ықшамдылығы (краткость термина).

3. Терминнің тілдегі сөзжасам заңдылықтарына сəйкес келуі (соответствие словообразовательным законам языка).

4. Тілдік нормаға сəйкес келуі (соотвествие нормам языка).

5. Терминнің туынды сөз жасауға қолайлы болуы (дерива­ционная способность термина).

6. Терминде эмоционалдықтың болмауы (отсутствие эмоциональности).

7. Эстетикалық талаптарға сай келуі (соответствие эсте­тическим требованиям).

8. Терминнің қолданысқа енгендігі (внедренность термина).

9. Синонимдердің болмауы (отсутствие синонимов).

10. Инварианттылық (инвариантность).

11. Терминнің уəжділігі (мотивированность термина)» [1, 500].

Дегенмен 2022 жылы Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистика орталығының іргелі-қолданбалы зерттеу жұмысы аясында «терминком» сайтына орналастырылған экономика және қаржы терминдерін талдау, оның ішінде бекітілген нұсқаларына шолу жасау барысында кейбір терминдерді қалыптастыруда жоғарыда аталған талаптардың сақталмағаны анықталды. Мәселен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясы «закладная» терминін (2006 ж.) де, «гарантийное письмо» терминін (2016 ж.) де «кепілхат» деп мақұлдаған. Осылайша бір арнаулы салада омоним терминдердің қалыптасуына жол берілген.

«Ущерб» термині 2016 жылы «материальный ущерб» деген тіркесте «зардап», 2017 жылы «угроза материального ущерба» деген тіркесте «залал», «страховой ущерб» деген тіркесте «зиян», 2018 жылы «вероятность ущерба» деген тіркесте «шығын» деп қолданылған, сондай-ақ аталған термин 2020 жылы «нұқсан» деп бекітілген. Бұл ретте «зиян» – «вред» терминіне, «шығын» – «затрата» терминіне балама болып табылатыны ескерілмеген, терминге қойылатын бірмағыналылық талабы сақталмаған. Жалпы, талдау жасалып отырған салада бұл термин «залал» деп қолданылуы қажет. Кейде тіркеске қарай «нұқсан» нұсқасы да қолданылады. Мәселен: наносить ущерб правам человека – адамның құқықтарына нұқсан келтіру.

«Надбавка» термині 2017 жылы «үстеме ақы» деген нұсқамен қатар «үстелім» деп бекітілген. Тіпті 2017 жылы бекітілген «оптовая надбавка» терминінде «үстелме» нұсқасы қолданылған. Ал қолданыстағы заңнама тілінде «үстемеақы» нұсқасы орныққан. Осы орайда қарастырылып отырған экономика және қаржы саласында «үстелме» деп қолданылған «накидка» термині де кездесетінін айта кету керек. Сондықтан терминнің синоним баламаларының аражігін ажыратып, нақтылап бекіту қажет деп ойлаймыз.

Қарастырылып отырған салада бұдан басқа синоним терминдерді де көптеп кездестіруге болады. Мәселен, ресми стильде және заң тілінде «заемщик» терминінің баламасы ретінде «қарыз алушы» сөзі кеңінен қолданылады. Бұл термин 2006 жылы «қарызгер, қарыз алушы, қарызданушы» деп үш нұсқада, кейіннен 2014 жылы «қарызалушы» деп біріккен сөз ретінде қайта бекітілген. Осылайша қандай мәтінде келсе де, кредит алу арқылы қарыз қаражаттарын алатын жеке немесе заңды тұлғаны білдіретін «заемщик» терминінің бірнеше нұсқада қолданылып, термин синонимдерінің қалыптасуына жол берілген.

Жалпы «терминдердің синонимиясы мәселесі, яғни бір ұғымды атау үшін бірнеше арнайы лексикалық бірліктерді қолдану – бүгінгі күнге дейін терминтанымның маңызды проблемаларының бірі. Терминтанушылар терминдердің синонимиясын терминнің мәні тұрғысынан қарастырады. Бұл ретте терминнің екіұшты табиғаты әлі де ғалымдардың терминологиядағы «синонимия» ұғымына бірыңғай түсінік беруіне мүмкіндік бермейді» [2].

Қазіргі тіл білімінде терминологиядағы синонимияға қатысты түрлі жеке пікірлер бар.

«Мамандар арасында А.Б. Шапиро сияқты «Термин сөздердің синонимдері болмайды. Ал дублет терминдер кездеседі» деп санайтындар да бар. Дегенмен терминологияда синонимдер болады дейтін пікірге ден қоятын ғалымдар жағы басым. Жалпы әзірге терминологияда синонимдердің болмайтындығы толық дәлелденбеген. Керісінше, кәсіби лексика­ның бұл мәселесін әлі де тереңірек зерттеу қажет деп ойлайтындар қатары қалың. Терминологиядағы бұл құбылысты зерттеген Г.Ф. Курышко (Явление синонимии в профессиональной лексике) мамандар мен оған арнайы тоқталған ғалымдар аз емес. Сонымен терминдердің синонимінің болуы ғылым тіліне, терминологияға тән емес, жат құбылыс деп саналғанымен, синоним терминдер сала тілінде ұшырасып жатады. Сала терминдерінің арасында синонимдердің ұшырасуы терминологияның кемшіліктерінің қатарына кіреді [3, 41].

Ал филология ғылымының докторы, профессор Өмірзақ Айтбайұлы: «термин дегеніміз, негізінен, арнайы ұғымдар, түсініктер атауы. Ол қандай ұғым, қандай мағына арқаласа да бір мəнді болуға тиіс. Олардың қатарында кездесетін көпмағыналылық, синонимдік нышандар мəтінде (тексте), сөйлеуде кездесіп қалғанмен, бұл қасиет оның негізгі табиғатына тəн емес. Қолданыс барысы кейде термин табиғатына əсер етіп те жатуы мүмкін. Бірақ бұл жалпылық сипат алмауы тиіс», - дейді [4, 248].

Кез келген терминология саласы сол білім немесе қызмет саласы дамуымен бірге қалыптасып дамитындықтан, синонимия терминологияның бастапқы қалыптасуының кезеңіне ғана тән құбылыс. Дегенмен оның өзіне де шектеу болған жөн.

Қазақ тілінің терминжасам жүйесінде омоним терминдер де жеткілікті. Мәселен, «авизо» термині 2017 жылы «авизо», ал 2018 жылы «хабарлама (банк ісі)» деп  бекітілген. Бұл термин қаржыға қатысты тақырыптарды талқылау кезінде жиі кездеседі. Оның мағынасы мәнмәтінге қарай өзгеріп отырады. Бұл ұғым коммерциялық, банктік және бухгалтерлік ортада қолданылады. Авизо жазбаша түрде жасалған ресми хабархатты білдіреді. Ол қандай да бір төлемдердің жасалғаны, жүктің жөнелтілгені туралы хабардар ету үшін пайдаланылады. Заңнамада «авизо» деген ұғым жоқ.

«Бухгалтериядағы терминология сол бір сөздің мағынасын нақты түсінуді қажет етеді, өйткені қателіктер немесе келіспеушіліктер күрделі мәселелерге әкелуі мүмкін. Бухгалтериядағы авизо – бұл белгілі бір ақша/тауар операциясының орындалғаны туралы хабарламаны білдіретін экономикалық термин. Шын мәнінде, бұл контрагенттер, банктер, клиенттер арасындағы іскерлік байланыс. Авизо – итальян тілінен (итал. аvviso) шыққан, сөзбе-сөз аударғанда «хабарлама, хабархат» дегенді білдіреді. Бухгалтерия мен банк ісінде бұл хабарламаның өзі, бірақ ресми сипаттағы хабарлама» [5]. Десек те, қазақ тілінің терминжасам жүйесінде «авизо» терминінің баламасы ретінде алынған «хабарлама» сөзі «уведомление» терминінің де баламасы екенін, яғни аталған терминдер омоним болып табылатынын ескеру қажет.

Бұған қоса  терминологиялық базадан бірнеше рет бекітілген терминдерді де кездестіруге болады. Мәселен, «ассортимент» термині 2017 жылы «ассортимент, сұрыпталым», 2018 және 2021 жылдары «ассортимент» деп қайта бекітілген. Ал «концепция» термині 2018 жылы «тұжырымдама», «өзектеме» деп бекітіліп, тіпті 2016 жылдан 2019 жылға дейін түрлі тіркесте осы термин қарастырыла берген. «Персонал» термині 2018 жылы «персонал» деп 4 рет бекітілген («терминком» сайтында осылай көрсетілген). 2017 жылы бекітілген терминдер тізімінде «алимент» термині 2 рет (бірі бас әріппен, екіншісі кіші әріппен) кездеседі.

«Конфронтация» терминін терминологиялық комиссия жыл сайын, атап айтсақ, 2016 жылы «тайталас», 2017 жылы «текетірес», 2018 жылы «егес», «өштесу» деп бекіткен. Ал «рассрочка» термині 2017 жылы «мерзімін ұзарту» деп бекітілсе, ал 2018 жылы «рассрочка уплаты штрафов» деген терминде «айыппұлды бөліп-бөліп төлеу, айыппұлды бөліктеп төлеу» деп қолданылған. Бұдан терминдердің әлі нақтыланбағанын, сондай-ақ терминжасам жұмысында жүйеліліктің жоқтығын байқауға болады. Бұл көпмағыналықтың белең алуына алып келеді.

Терминдерге қойылатын талаптардың бірі – терминнің қолданысқа енгендігі, яғни терминді мамандардың, ғылыми қауымның қабылдауы немесе оның жаппай бірізді қолданылатындығы. Алайда бекітілген кейбір терминдердің бәрі бірден қолданысқа еніп кете бермейді. Мәселен, «амортизационное отчисление» термині 2006 жылы «тозымпұлдық аударым» деп бекітілген. Алайда термин өзектілігін жоғалтқан, тіпті бұл балама нормативтік құқықтық актілерде қолданылмайды. «Задаток» термині 2000 жылы «кепілақы», 2002 және 2003 жылдары «қарымжы» деп бекітілген. Бүгінде бұл балама да сирек қолданылады.

Қарастырылып отырған салада «арбитраж» термині «төрелiк, арбитраж» нұсқасында берілген. Бұл терминнің заң саласындағы «төреліктен» басқа мағынасы бар. «Экономика мен қаржы саласында арбитраж деп екі немесе одан да көп нарықтағы бағаның айырмашылығынан түсетін пайданы пайдалану практикасы түсініледі. Түпкі мәні бағадағы айырмалар негізінде пайда алу мақсатында түрлі бағадағы мәмілелер жасауға саяды. Пайда тиісті нарықтардағы бағалар арасындағы айырманы білдіреді. Ғылыми ортада  нарықтың кез келген жол берілетін жай-күйі кезінде және оң ақша ағыны кезінде, ең болмағанда, нарықтағы жағдайлардың бірінде ақша құралдары ағынының болмауын болжайтын мәміле арбитраж деп аталады. Терминнің қаржы құралдарымен, мәселен, облигациялармен, акциялармен, өндірістік қаржы құралдарымен, тауарлармен және валюталармен саудаға қатысы бар» [6].

Сондай-ақ «арбитражер» термині де «төрелікші» деп алынған. Бұл термин арбитраждық операцияларға маманданған адамды білдіретіндіктен, қарастырылып отырған арнаулы салада «төрелікші» баламасы терминге балама бола алмайды.

Бұдан басқа экономика және қаржы саласының терминдеріне талдау жүргізу барысында термин сөздердің емлесіне қатысты қателерді байқадық. Мәселен, 2018 жылы бекітілген «антропоморфизм» термині қазақ тілінде «антропомор-физм» деп дефис арқылы берілген. Бұл сөздің қалай қос сөзге айналғаны қызығушылық тудырады. Сондай-ақ 2016 жылы бекітілген «индоссамент» термині қазақ тілінде «индосаммент» деп орфографиялық қатемен жазылған.

Тағы да бір айта кететін жайт, экономика және қаржы саласында әлі өзінің баламасын таппаған немесе мақұлданбаған терминдер жетерлік. Мысалы: «челноки» термині «желқайықтар» деп берілген. Қазақ тілінің сөздікқорында бұл терминнің тура мағынасы ғана көрсетіліп, «керулі желкендерге әсер ететін жел күшімен қозғалатын қайық; желкенді қайық» деп анықтама берілген [7]. Негізі экономика және қаржы саласында «челноки» термині көпшілік тұтынатын тауарларды шетелдік арзан базарлардан көтере сатып алып, ұсақ көтерме сауда және бөлшек сауда базарларына жеткізетін саудагер, алып-сатарды білдіреді [8]. Демек «желқайық» сөзі бұл салада терминнің баламасы бола алмайды. Сондықтан сала мамандарын тарта отырып, терминді қарастыру қажет.

Бұған қоса бүгінгі күні «төлем, төлеу» деп қолданылып жүрген «уплата», «вылата», «оплата», «плата» терминдерінің, сондай-ақ нақты баламасын таба алмай жүрген «издержка», «потеря», «накидка», «завоз», «оброк», «обсчет», «приток», «отток», «подъемный», «недопоставка» және «сдача» терминдерін қайта қарап, пысықтау керек. Сонымен қатар жоғарыда айтылған жағдайларды түзету үшін терминологияны лингвистикалық деңгейде жүйелеу және жіктеу қажет деп ойлаймыз.

Қорыта келе, мынадай тұжырым жасауға болады: экономика және қаржы саласы күн сайын толығып отырады. Экономикалық процестер жоғарғы жылдамдықпен болып жатқандықтан, тіл иесі меңгеріп үлгере алмай жатқан терминдер де бар. Сала қызметі одан әрі дами түссе, оның терминологиялық қоры ұлғая беретіні сөзсіз. Сондықтан аталған сала терминологиясын жүйелеу және кешенді зерттеу, негізгі терминологиялық бірліктері мен қорын анықтай отырып, даму, қалыптасу заңдылықтарын айқындау, осы салаға қатысты бүкіл терминологиялық бірліктерді қамтитын терминографиялық еңбек дайындау қажет деп есептейміз.

Экономика және қаржы терминологиясын жүйелей отырып, терминдерді бірізді қолдану және көпнұсқалылықты барынша азайту, мүмкіндігінше синонимия және омонимияны болдырмау керек деп пайымдаймыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1. Құрманбайұлы Ш. Қазақ терминологиясы: зерттеулер, оқулық, сөздік, библиография. Алматы: «Сардар», 2014. - 928+16 жапсырма бет.

2. Е.Н. Таранова, Ж.А. Бубырева, А.О. Таранов. Проблема синонимии в специальной терминологии. URL: https://cyberleninka.ru/article/n/problema-sinonimii-v-spetsialnoy-terminologii/viewer (қаралған күні: 12.01.2023 ж.).

3. Шерубай Құрманбайұлы. Терминологияны біріздендірудің ғылыми-әдістемелік негіздері. Ғылыми-әдістемелік құрал. – 88 бет.

4. Айтбайұлы Ө. Қазақ тіл білімінің терминологиясы мəселелері – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2013. – 400 бет.

5. Что означает авизо в бухгалтерии: использование и назначение термина. URL: https://papinian.com/finansovoe/chto-oznachaet-avizo-v-buxgalterii-ispolzovanie-i-naznachenie-termina.html (қаралған күні: 12.01.2023 ж.).

6. А.А. Суэтин. Техника арбитража на финансовых рынках. URL: https://cyberleninka.ru/article/n/tehnika-arbitrazha-na-finansovyh-rynkah/viewer (қаралған күні: 14.01.2023 ж.).

7. Sozdikqor.kz порталы. URL: https://sozdikqor.kz/search?q=желқайықhttps://sozdikqor.kz/search?q=желқайық (қаралған күні: 15.01.2023 ж.).

8. Экономическая энциклопедия. URL: https://vocable.ru/termin/chelnoki.html (қаралған күні: 15.01.2023 ж.).