Шеттілдік терминжасам үлгілерінің қазақ тіліндегі баламалары

Шеттілдік терминжасам үлгілерінің қазақ тіліндегі баламалары

Зерттеудің өзектілігі арнайы лексиканы ретке келтіру қажеттілігіне байланысты, бұл ғылымдардың мамандануына, ғылыми, өндірістік және анықтамалық әдебиеттерді шығаруға, халықаралық ғылыми және экономикалық байланыстарды дамытуға, ақпарат алуға және алмасуға байланысты күрделене түсетін мамандардың өзара түсіністігі үшін маңызды болмақ. Зерттеу нысаны – салалық ғылымдарға тән шеттілдік терминжасамдық үлгілер және олардың тіліміздегі баламалары болып табылады. Зерттеу мақаланың мақсаты – салалық халықаралық терминдер бойынша шеттілдік терминжасам үлгілерінің қазақ тіліндегі баламаларын зерделеу, талдау және сипаттау болып табылады. Белгіленген мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді шешу көзделеді: 1. зерттелетін тілде шеттілдік терминжасам үлгілерінің қазақ тіліндегі баламаларын жан-жақты қарастыру және талдау; 2. зерттелетін тілде  шеттілдік терминдер бойынша терминжасамның ең өнімді үлгілерін анықтау.

Терминологияны дамыту барысында терминология мен тиісті ұғымдар жүйесі арасында көптеген сәйкессіздіктер пайда болады, бұл терминдердің кәсіби қарым-қатынас саласында қолданылуына кедергі келтіреді. Ғылымның дамуы және оның қоғамдағы рөлінің артуы, әртүрлі тілдерден халықаралық терминдердің қолданысқа енуі және олардың тез қарқынмен жинақталуы т.б. бұған айырықша ықпал етеді. Осы проблемалардың салдарынан терминологияны ретке келтіру және жүйелеу қажеттілігі туындайды, ол үшін тілдік ерекшеліктер мен терминологияны дамытудың 7 заңы туралы білімдерді меңгеру қажет. Сондықтан терминтанымның негізгі мақсаты – терминдерді қолдану тиімділігін арттыру үшін терминологияның қалыптасу және даму ерекшеліктерін зерделеу. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар міндеттерді (теориялық және практикалық) шешу талап етіледі. Терминтанымның аса өзекті міндеттерінің ішінде мынадай теориялық міндеттерді бөліп көрсетуге болады: 1) арнайы лексикалық бірліктердің негізгі типтерін белгілеу және сипаттау; 2) терминдердің қалыптасу тәсілдерін, үлгілері мен ерекшеліктерін; терминэлементтердің типтерін және терминдер уәжділігінің түрлерін зерделеу; 3) терминдер мен терминологияның жалпы қасиеттерін айқындау; 4) коммуникативтік үдерістердегі терминологияның рөлін талдау; 5) тіл жүйесіндегі терминологияның орнын анықтау; 6) терминдердің семантикалық өзгешелігін жалпы қолданыстағы сөздермен, еркін және тұрақты сөз тіркестерімен салыстыра зерттеу; 7) терминологиялық сөз тіркестерінің ерекшеліктерін еркін және фразеологиялық сөз тіркестерімен салыстыра зерттеу [1; 2]. Генетикалық тұрғыдан жай терминдер жалпықолданыстағы немесе халықаралық сөздер немесе белгілі сөзжасам модельдері бойынша морфемдерден жасалған бірліктер болуы мүмкін. Жай (немесе бір сөзден тұратын) терминдер жалпықолданыстағы сөздерден өзінің семантикалық ұйымдасуымен ерекшеленеді. Терминжасам жалпы сөзжасамдық заңдылықтарға бағынады және тұтастай алғанда сөзжасам үлгілерімен реттеледі. Терминдердің морфологиялық қасиеттері бүкіл тіл үшін бірдей грамматикалық жүйенің ережелеріне бағынады. Терминдерді байланыстыратын семантикалық қатынастар логикалық сипатқа ие (тек-түр, бөлік-бүтін, ассоциация), бірақ қатынастар әрқашан белгілі бір терминологияның нақты терминдерін байланыстырады деген мағынада ғана жеке болып саналады. Терминологияның жоғарыда аталған белгілері жүйелілік туралы айтуға, яғни терминологияны лингвистикалық бірліктер жүйесі (терминологиялық жүйелер) ретінде қарастыруға мүмкіндік береді [3].

Терминдердің сөзжасам жүйесі арнайы зерттелмегендіктен, оның әр мәселесі жөнінде алуан пікірлер, белгісіз ғылыми ұғымдар өте көп. Терминжасам – жүйелі құбылыс. Профессор Ш.Құрманбайұлының [4] монорафиясында көрсетілген терминжасам үлгілерінің негізінде талдауға арқау болған материалдар сарапталды.

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология орталығының қызметкерлері OR11465483 «Мемлекеттік тілді латынграфикалы ұлттық әліпбиге көшіруді қамтамасыз ететін жаңартылған нормативтік сөздіктер мен академиялық басылымдар сериясын әзірлеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша зерттеу аясында «Қазақстан Республикасындағы латынграфикалы әліпби негізінде терминологиялық жұмыстардың қағидасын әзірлеу» тақырыбында жұмыстар жүргізді. Осы жоспарланған тақырыпқа қатысты негізгі бөлімге 3 Қосымша тіркеліп отыр – 1-Қосымша «Кірме терминдердің латынграфикалы жаңа қазақ  әліпбиі негізінде таңбалану үлгілері»; 2-Қосымша «Қазақ тіліндегі терминжасамдық жұрнақтар»; 3-Қосымша «Шеттілдік терминдердің орыс-қазақ-ағылшын тілдеріндегі терминжасам үлгілері». Мақаланың нысаны шеттілдік терминжасам үлгілерінің қазақ тіліндегі баламалары болғандықтан, аталған топты ерекше сипаттайтын терминжасамдық үлгілер бойынша олардың бірқатарын төменде орысша, қазақша, ағылшынша беріп отырмыз. Біз қарастырған шеттілдік терминдердің орыс-қазақ-ағылшын тілдеріндегі терминжасам үлгілерінің жалпы саны – 34.

Мақалада -ция, -изация үлгілері арқылы жасалған терминдер қазақша нұсқада -дау, -деу, -тау, -теу,-лау, -леу -ндыру, -ндіру жұрнақтарымен берілетін – цифровизация-цифрландыру,сертификация-сертификаттау, коммерциализация-коммерцияландыру, нотация-ноталау, вербализация-вербалдандыру, кодификация-кодтау сияқты; -логия сыңарлы сөздердің кейбір қазақша нұсқалары -нама, -тану, -таным тұрқында аударылатыны сияқты – методология-әдіснама, психология-жантану, социология-әлеуметтану, космология-ғарыштану, генеология-тектану, политология-саясаттану және т.б.  ерекшеленетін кейбір үлгілерді ғана ұсынып отырмыз.

Кесте - 1

Орысша

Қазақша (кирилл)

Қазақша (латын)

Ағылшынша

1

-ция

-ция; -дыру/-діру/-тыру/-тіру/-тану/-тену/-лану/-лену/-дану/-дену; -лау/

-леу/-тау/-теу;

-дырылу/-дірілу,

-тырылу/-тірілу

-sia; -dyru/-dıru, tyru/tıru/-tanu/-tenu, -lanu/-lenu/danu/-denu; -lau/-leu/-tau/-teu

-tion

инновация

инновация

іnovasіa

innovation

консервация

консервация

kоnservasia

conservation

нотация

ноталау

notalau

notation

сертификация

сертификаттау

sertіfіkattau

certification

депигментация

депигменттену

depіgmenttenu

depigmentation

секвестрация

секвестрлену

sekvestrlenu

sequestration

гидратация

гидраттану

gіdrattanu

hydration

аккредитация

аккредиттеу

akkredіtteu

accreditation

автоматизация

автоматтандырылу

avtomattandyrylu

 

automation

компьютеризация

компьютерлендірілу

kompüterlendırılu

computerization

коллективизация

ұжымдастырылу

ujymdastyrylu

collectivization

вентиляция

желдеттірілу

jeldettırılu

ventilation

2

-изация

-дыру/-діру/-тыру/-тіру/-тану/-тену; -лану/-лену/-дану/-дену; -лау/-леу/-тау/-теу

-dyru/-dıru, - tyru/-tıru/-tanu/-tenu/-lanu/-lenu/-danu/-denu; -lau/-leu/-tau/-teu

-ization

стилизация

стилдеу

stіldeu

styling

автоматизация

автоматтандыру

avtomattandyru

automation

карбонизация

карбондау

karbondau

carbonization

типизация

типтендіру

tіptendıru

typification

кристализация

кристалдану

krіstaldanu

crystallization

металлизация

металдау

metaldau

metallization

мумификация

мумиялау

mumіalau

mummification

вербализация

вербалдандыру

verbaldandyru

verbalization

институционализация

институцияландыру

іnstіtusіalandyru

institutionalization

3

-логия

-логия;

-таным; -тану; -нама

-logіa; -tanym;

-tanu; -nama

-logy

бактериология

бактериология

bakterіologіa

bacteriology

криминология

криминология

krіmіnologіa

criminology

токсикология

токсикология

тoksіkologіa

toxicology

этимология

этимология

etіmologіa

etymology

фармакология

фармакология

farmakologіa

pharmacology

биология

биология

bіologіa

biology

токсикология

токсикология

toksіkologіa

toxicology

методология

әдіснама

ädısnama

methodology

космология

ғарыштану

ğaryştanu

sociology

социология

әлеуметтану

äleumettanu

sociology

политология

саясаттану

saіasattanu

political science

4

-овка

-овка; -дыру/

-діру/-тыру/-тіру; -лау/-леу/-тау/-теу

-ovka; -dyru/-dıru/-tyru/-tıru, -lau/-leu/-tau/-teu

-ovka

санжировка

санжировка

sanjіrovka

sanzharovka

плакировка

плакировка 

plakіrovka

plating

патинировка

патиналау 

patіnalau

patinnova

оркестровка

оркестрлендіру

orkestrlendıru

orchestration

окантовка

жиектеу

jıekteu

okoncovke

5

-сть

-лық/-лік,

-дық/-дік, -тық/-тік; -лы/-лі/-ты/-ті

-lyq/-lık/-dyq/-dık/-tyq/-tık; -ly/- lı/-ty/-tı

-ty, -sion, -tion -у, -ess 

гомогенность

гомогендік

gomogendık

homogeneity

дисперсность

дисперсиялық

dіspersіalyq

dispersion

экспрессивность

экспрессивтілік

ekspresіvtılık

expressiveness

гомогенность

гомогенділік

gomogendılık

homogeneity

гетерогенность

гетерогенділік

geterogendılık

heterogeneity

имплицитность

имплициттілік

іmplіsіttılık

implication

валентность

валенттілік

valenttılık

valence

6

-ство

-лық/-лік,

-дық/-дік/-тық/-тік; -лы/-лі/-ты/-ті

-lyq/-lık/-dyq/-dık/-tyq/-tık; -ly/- lı/-ty/-tı

-cy, -ing, -ism, -у, -ess

авторство

авторлық

avtorlyq

authorship

агенство

агенттік

agenttık

agency

банкротство

банкроттық

bankrottyq

bankruptcy

ломброзианство

ломброзиялық

lombrozіalyq

ambrosiano

министерство

министрлік

mіnіstrlık

ministry

браконьерство

браконьерлік

brakӧnerlık

poaching

варварство

варварлық

varvarlyq

barbarism

консульство

консулдық

konsuldyq

consulate

дилетантство

дилетанттық

dіletanttyq

dilettantism

маклерство

маклерлік

maklerlık

brokerage

мародерство

мародерлік

maroderlık

marauding

Сонымен қатар шеттілдік терминдердің орыс-қазақ-ағылшын тілдеріндегі терминжасам үлгілерінде орыс тіліндегі терминжасам үлгісі мен қазақ (кирил және жетілдірілген латынграфикалы жаңа қазақ латын әліпбиімен) және ағылшын тілдеріндегі аудармасы беріліп, қазақ тіліндегі үлгілермен жасалған терминдердің ститистикасы жасалды. Мысалы, орысша (О): -ция  – қазақша (Қ): -ция (2827); -дыру/-діру/-тыру/-тіру (697); -тану/-тену/-лану/-лену/-дану/-дену (390); -лау/-леу/-тау/-теу (645); -дырылу/-дірілу/-тырылуу/-тірілу (180); ағылшынша (А): -tion; (О): -изация  – (Қ): -изация  (157); -дыру/-діру/-тыру/-тіру (368); -тану/-тену/-лану/-лену/-дану-дену (165); -лау/-леу/-тау/-теу  (510); (А): -ization; (О):  – (Қ): -я (1905); (А): -sion, -іа, -y; (О): -логия – (Қ): -логия (585); -таным (30); -тану (38); -нама (27); (А): -logy; (О): -лог – (Қ): -лог (1801); (А): -logist; (О): -изм – (Қ): -изм (826); (А): -ism; (О): -ор – (Қ): -ор (1282); (А): -or; (О): -атор – (Қ): -атор (1027); (А): -аtor; (О): -инг – (Қ): -инг (502); (А): -ing; (О): -ним – (Қ): -ним (151); (А): -nym; (О): -ант – (Қ): -ант (255); (А): -ant; (О): -овка – (Қ): -овка (46); -дыру/-діру/-тыру/-тіру (585); -лау/-леу/-тау/-теу 532); (А): -ovka; (О): -тика – (Қ): -тика (1860); (А): -tics; (О): -тик – (Қ): -тик (46); (А): -tic; (О): -ский – (Қ): -лық/-лік/-дық/-дік/-тық/-тік (2888); (А): -tic; (О): -ий – (Қ): -ий (279); (А): -у; (О): -ный – (Қ): -лық/-лік/-дық/-дік/тық/-тік (2340); -лы/-лі/-ты/-ті (645); -ған/-ген/-қан/-кен (3391); (А): -cal, -ric, -tic, -ve; (О): -ый – (Қ): -лық/-лік/-дық/-дік/тық/-тік (630); -лы/-лі/-ты/-ті (210);  (А): -cal, -ric, -tic, -ve; (О): -ик – (Қ): -ик (535) (А): -іk; (О): -цион – (Қ): -цион (52); (А): -sіon; (О): -ист – (Қ): -ист (38); -шы/-ші (22) (А): -ist; (О): -сть – (Қ): -лық/-лік/-дық/-дік/-тық-тік (2940); -лы, лі, -ты, -ті (833); (А): -ty, -sion, -tion; (О): -ство – (Қ):  -лық/-лік/-дық/-дік/-тық/-тік (225); -лы/-лі/-ты/-ті (428); (А): -cy, -ing, -ism; (О): -иат – (Қ): -иат (15); (А): -ate, -ism, at; (О): -ат – (Қ): -ат (930); (А): -ate, -ism, at; (О): -ар, -ер, -ор – (Қ): -ар, -ер, -ор (1350); (А):  -аr, -er, -or; (О): -чик, -щик – (Қ): -чик/-щик (8); -шы/-ші) (142); (А):  -ter, -ign, -ist, -ger, -ter, tor; (О): -ценоз – (Қ): -ценоз (45); (А):  -coenosis; (О): -скоп – (Қ): -скоп (300); (А):  -scop; (О): -генез – (Қ): -генез (83); (А):  -genesis; (О): -грамма – (Қ): -грамма (622); (А):  -gram; (О): -графия – (Қ): -графия (1545); (А): -ography; (О): -граф – (Қ): -граф (105); (А): -ograp; (О): -метрия – (Қ): -метрия (90); (А): -metry.

Қорыта айтқанда, мақалада шеттілдік терминжасам үлгілерінің қазақ тіліндегі баламаларының тілді байытудағы атқаратын орасан қызметі көрсетілді. Заманауи терминтанымда терминдер мынандай көзқарастар тұрғысынан: морфологиялық, сөзжасамдық, семантикалық және т.б. қарастырылуда. Осыған байланысты, терминдердің терминжасамдық талдамасы жүргізілді, мұнда негізінен шеттілдік кірме терминдерге олардың түзілу тәсілдері мен амалдары негізінде талдау жасалды. Жаңа терминдердің терминжүйелерде түзілуінің негізгі үдерістері айқындалды, ол өз кезегінде аталған жүйедегі терминологиялық базаны дамыту процесін жүйелендіруге ықпал етеді. Мынандай терминжасам үлгілері көрсетілді: түбірлік негіз; күрделі интерлингвизмдер; шеттілдік терминдерді берудің негізгі қосымшалы тәсілдері. Шеттілдік терминдерді орыс тілінде фономорфологиялық бейімдеудің және оларды кейіннен қазақ тілінде қолданудың неғұрлым жиілік жағдайлары белгіленді.

Шеттілдік терминдерді транскрипциялау мен транслитерациялау кезінде қабылдаушы тілдің ерекшеліктері мен өзгешеліктері ескерілуі тиіс. Шеттілдік  терминдерді түпнұсқа тілмен сәйкестікте, яғни соған жақындатып беру назарға алынуы керек. Нәтижесінде мынадай ұсыныстар жасауға болады: тілдегі, оның ішінде терминологиядағы ықшамдылық және үнемділік қағидатын бұзуға сөзсіз алып келетін терминдер санының артуын болдырмауды қамтамасыз ету; өз кезегінде терминологияның жүйелілігін сақтауға ықпал ететін фономорфологиялық бейімдеу қағидатының қолжетімділігін қамтамасыз ету; қазақ терминологиясындағы және т.б. мағынасыз және артық форманттарды пайдалануды қысқарту мақсатында шеттілдік терминдерді қазақ тілінде таңбалау кезінде ұлттық тілді қолдану мүмкіндігін барынша қамтамасыз ету.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Гринев-Гриневич С.В. Терминоведение – М.: Издательский центр «Академия», 2008. – 304 с.
  2. Даниленко В.П. Русская терминология. Опыт лингвистического описания. – М.: Изд-во «Наука», 1977.
  3. Головин Б.Н., Кобрин Р.Ю. Лингвистические основы учения о терминах. – М.: Высш. шк., 1987. – 104 с.
  4. Құрманбайұлы Ш. Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасам тәсілдері. Алматы: Сөздік-Словарь. 2005. – 240 б.
  5. «Мемлекеттік тілді латынграфикалы ұлттық әліпбиге көшіруді қамтамасыз ететін жаңартылған нормативтік сөздіктер мен академиялық басылымдар сериясын әзірлеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша зерттеу аясында дайындалған «Қазақстан Республикасындағы латынграфикалы әліпби негізінде терминологиялық жұмыстардың қағидасын әзірлеу» жобасының қолжазбасы.