«Термин» ұғымын екі бағытта қарастырған жөн. Біріншіден, ол – ғылымның нақты ұғымы. Сәтті жасалған термин ғылымның мәнін ашады, түсініктілігін арттырады. Ғылыми түсінікті қалыптастырады.
Екінші бағыты – тілдің даму кеңістігі. Ол – бір тілдің ғылым тілінің қалыптасуына негіз болатын басты ұғым. Терминнің дұрыс қалыптасуы тілді дамытады, кеңістігін ұлғайтады. Ал бұрыс қалыптасуы түбінде сол тілді жоюға қызмет етеді.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов: «Қазақ тілі ғылым тіліне айналмай, өмір бәйгесінен өз орнын ала алмайды», – дейді. Иә, бүгін қазақ тілі ғылым тіліне айналмаса, ғылым қазақша сөйлемесе, онда қазақ тілі ешқашан шынайы мемлекет тілі болмақ емес. Ал дұрыс термин жасау – тілдің ғылым тіліне айналуының алғашқы баспалдағы.
Педагогика ғылымының докторы, профессор Иманмәлік Нұғыманов «Химия тілі және оның оқу процесіндегі қызмет етуінің дидактикалық негіздері» атты диссертациясында қазақ тіліндегі химиялық терминдердің қалыптасуын шартты түрде үшке бөледі:
1) 1920-1933 жылдарды қамтитын алғашқы кезең;
2) 1934-1949 жылдар аралығындағы кезең;
3) 1950-1964 жылдар аралығындағы кезең. Зерттеуші әр кезеңге тән ерекшелікті төмендегідей сипаттайды.
Бірінші кезең қазақ мектебін ана тіліндегі оқулықтармен қамтамасыз ету міндетін жүзеге асырумен байланысты сипатталады. Бұл кезеңде қазақша химия оқулықтарын жазумен қоса, орыс тіліндегі химия оқу құралдарын қазақшаға аудару ісі белең алды. Терминдер жасалуының мынадай тәсілдері байқалды:
Бұл кезеңде қазақтың химиялық номенклатурасының негізі қаланды. Олардың көпшілігі осы кезеңге дейін пайдаланылады. Алайда бұл кезде химиялық терминдер саны жағынан аз, мектеп көлеміндегі материалдарды ғана қамтыды.
Екінші кезеңде, яғни 1933-1949 жылдарда қазақ тіліндегі химиялық терминдердің молаюы және әрі қарай жетілуі жүзеге асты, оларға әсер еткен жағдайлар мыналар болды:
1) Әдеби тілдегі ғылыми терминологияның орнын, маңызын, жасалу принциптері мен даму перспективаларын анықтау мақсатымен республика көлемінде бірсыпыра шаралар іске асты. Мемлекеттік терминология комиссиясы құрылды. 1935 жылы мәдени құрылыс қайраткерлерінің бірінші съезінде қазақ тілі және оның терминологиясы жөнінде арнайы мәселе қаралды. Съезд қарсаңында Мемлекеттік терминология комиссиясының төрт бюллетені жарық көрді. Бұларда және бұдан кейін жарияланған тіл мамандарының мақалаларында термин сөздердің ерекшелігі, оларды жасаудың және орыс тілінен аударудың принциптері талданды.
2) Терминологияның теориялық мәселелерімен бірге іс жүзінде қажет екі тілді сөздіктер құрастыру қолға алынды.
3) Химия терминдерін жасау – химия мамандарының ісі. Сөз болып отырған кезеңде химиядан ғылыми дәрежесі және жоғары білімі бар мамандар шықты.
4) Қазақ тілінде химияның тұрақты оқу құралдары жазылды.
Үшінші кезеңде, яғни 1950-1964 жылдарда химиялық терминдер саны молайып, жоғары мектеп көлемін және химия ғылымын толық қамтитын дәрежеге жетті – деп көрсетеді ғалым өз ғылыми еңбегінде.
Біздің бұған қосарымыз екі дүние, Химияның дербес пән болғанына ұзақ уақыт болмаса да, химия терминдерінің қалыптасуының алғашқы кезеңі –ауыз әдебиетімен күнделікті өмірде қалыптасуы. Ол алтын, қола, жез секілді мыңдаған терминдердің бүгінгі химия ғылымындағы орны үлесі аз емес. Қазақ дүниетанымында ежелден ондай сансыз химиялық түсініктер болды, күнделікті тұрмыста қолданды. Мысалы, қышқыл. Қышқыл деген сонау көшпенді дәуірде сүт және дәнді дақылдар арқылы жасайтын сусын ретінде ішетін астың атауы ретінде қолданылды. Дәміне байланысты қышқыл деп аталған.
Дәл сол секілді сонау алғашқы қазақ ұлтын құраған түркітілдес тайпалардың мәдениетпен бірге қалыптасқан химиялық терминдері өте көп. Өкінішке қарай, солардың көбі бүгінде ұмыт болып, орнына өзге тілден енген сөздер басуда. Бұны зерттеп, ежелгі қазақ тілін зерттеп, көнерген сөздерді тірілту – болашақ алдындағы ең үлкен парыз. Бұны тіл мамандары мен салалық ғалымдар бірлесе отырып зерттеп жасағанда мыңдаған терминдер мен ұғымдар табылар еді һәм тіліміздің өркендеуі үшін үлкен еңбек еді.
Екінші қосарымыз, қазір термин үш түрлі жолмен қалыптасып жатыр.
Біріншісі – халықаралық термин деген түсінікпен аударусыз, өзгеріссіз әкеліп ғылымға енгізу. Бұл дұрыс дейтіндер өте көп, қазір осы бағытпен қалыптасып жатқан терминдер өте көп. Өкінішке қарай, бұл тілдің табиғатын өте үлкен деңгейде өзгертеді. Үндестік, дыбыстық заңдылықтарды бұзады, тілдің қалыптасқан грамматикалық, фонетикалық ережелеріне соққы жасайды. Оның үстіне ұлттың ойлау жүйесіне жасалған үлкен соққы һәм қастандық дер едім.
Екіншісі – тіке бір тілден қазақ тіліне аудару. Бұл жерде кейде сәтті, кейде сәтсіз аудармалар өте көп. Сәтті аудармалар, әрине, жақсы, тілдік қорға, қазақ тілінің ғылым тіліне айналуына үлкен көмек. Ал сәтсіз аудармалар – термин қалыптастырудың жауы. Себебі сәтсіз аудармалардың кесірінен жоғарыдағы бірінші нұсқада қолданған дұрыс дейтіндер тым көп.
Үшіншісі – ойлау жүйесі қазақ тілінде толық қалыптасқан, ғылым мен тілдің заңдылықтарын толық білетін адамдардың термин жасауы. Бұл – өте үлкен, өте ауыр еңбек. Бірақ ең дұрыс жол осы, әрине, шамамыз келсе.
Қазақ тіліндегі алғашқы химия оқулығын 1926 жылы Мәскеудегі «Күншығыс» баспасынан шыққан «Химияның бірінші тәжірибе сабақтары» деп аталатын 3000 тиражбен таратылған Арыстанбайұлы Жүсіпбектің аударма оқулығы еді. Одан кейін Химияны орыс ғалымы Лебедевтен Қошке Кемеңгерұлы да аударған. Іркес тіркес алғашқы қазақ тілінде мектеп оқулығын жазуға кіріскен Алаш қайраткерлерінің химия ғылымына қосқан терминдері өте көп. Солардың негізінде Батырбек Ахметұлы Бірімжановтың «Алғашқы жалпы және бейорганикалық химия» еңбегі жарық көрді. Бүгінгі орта мектептегі химия пәнінің қайнар бұлақ көзі осы еңбектен бастау алады.
Енді бүгінгі химияға келсек, өте ауыр күрсініп, қатты ойлансақ, көзден жас парлап кетуі мүмкін. Соңғы жарты ғасырда химия пәні терминологиясы кері шегінді. Бұрынғы қалыптасып кеткен сөздер бұзылуда.
Біраз мысал келтірейін, салыстырмалы негізде бұрын оттегі, сутегі, көміртегі еді, қазір оттек, сутек, көміртек. Тілдің үндестігін түсінбейтіндер келте қайырып өзгертті. Бүгін тіпті осы терминдер сіңіп кетті, қате деп те дәлелдеу тым қиын.
Тағы бір мысал, бұрын екі ұдайлы (элемент, оксид, негіз) еді, ол кейін екідайлы болды. Қазақта екідай деген сөз жоқ, екі ұдай деген сөз бар, мысалы, «бүгін екі ұдай боп тұрмын, барамын ба, бармаймын ба білмеймін» деген секілді. Кәдімгі екі жақты қасиетті де көрсететін ұғым еді. Бұл дыбыс үндестігі мен орфоэпиялық заңдылықтардың әсерінен туындаса керек, сірә. Яғни айтылуда қатар келген екі (екі дауысты немесе екі дауыссыз) дыбыс бірін не бір-бірін өзгеріске ұшыратады. Тек мұның орфографиялық заңдылыққа қайшы екенін жазуда ескергеніміз жөн болар. «Сарарқа» емес «Сарыарқа» күйінде жазатынымыз секілді «екі ұдайлы» болып қалуы керек. Сонда ғана термин әрі түсінікті, әрі тіл табиғатына сай болмақ.
Тағы сондай бір мысал, бұрын «гальвани элементі» еді, қазір «гальваникалық элемент». Бұндай -лық деген ауру оқулықта лық толы, шыны керек. Бұны тізе беруге болады, бірақ бір мысал да жеткілікті болар.
Ал енді мына терминді түсініп көріңіз: «Кристалдық торы кубтық көлемді орталықтанған атом немесе кубты қырлы-центрлі кристалдық тор, кубты көлемді-центрлі кристалдық тор түзеді» ( Химия. 10-сынып. I бөлім. Алматыкітап, 2019 жыл). Ал енді дұрыстайық, «кристалл торы куб тәрізді», «кристалл торы шар тәрізді» ақылға қонымды, әлдеқайда түсінікті.
Дәл осылай бүгінгі оқулықтың терминдерін тізсек, қазақшаны қазақшаға аударып шығуға тура келеді. Сол үшін де біз оқулық жазу кезінде терминдердің дұрыс алынуы үшін «қай пәннің оқулығын жазатын болсақ та, оқулық авторларының ішінде тіл маманы болуы керек» деген ұстанымды үнемі айтып келеміз. Жоғарыдағы сөзіміз бұны тағы бір рет дәлелдеп тұр.
«Химия қиын, ашиды миың» болмас үшін, химия қазақ тілінде сөйлеуі үшін, ең алдымен, термин сапалы жасалуы керек. Калька аударма немесе тікелей сөзбе-сөз жасалған аудармамен қазақтың баласы ешқашан химия ғылымын қазақ ұғымында түсіне алмайды. Бұл – трагедия. Жалпы термин мәселесі тек бір пәннің мәселесі емес, ол – күллі пәннің ауыр күйі.
Термин жасау үшін ұлттың тілін терең біліп, ғылымға терең бойлағанымыз абзал.