Шерубай Құрманбайұлы, ф.ғ.д., профессор
30-жылдары қуғын-cүргін көріп, ақыры сол солақай саясат үстемдік еткен уақыттың құрбаны болған ұлт зиялыларының қатарында қазақтан шыққан тұңғыш биолог-ғалым Жұмақан Күдеріұлы да болды. Ол 7-9 сынып оқушыларына арнап қазақ тіліндегі ең бірінші «Өсімдіктану» оқу құралын жазу барысында көптеген биология терминдерін де қазақ тілінде алғаш жасап, оларды қолданысқа енгізген ғалым.
Ж.Күдеріұлының «Өсімдіктану» атты бұл оқу құралын 1926 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде оқып жүргенде жазған. Автордың өз қолымен жазған алғысөзінде («дәйектеме» деп берген) кітапты 1926 жылғы 10 мамыр күні аяқтағанын көрсетеді.
Бұл оқулықтың бірінші кітабы 1927 жылы араб әрпімен Москвада, ал екінші кітабы 1930 жылы латын әрпімен Қызылорда қаласында басылған. 1992 жылы екі кітабы да қазіргі жазуымызға көшіріліп, «Рауан» баспасынан жарық көрді.
Осы соңғы басылымның алғы сөзін жазған биолог-ғалым Қабділрашид Қайым кітаптың ғалымдар мен мұғалімдердің іс жүзінде кең пайдаланып, жетекші құрал етуіне таптырмайтын қомақты еңбек екенін айта келіп, биология ғылымының докторлары Ғ.З.Бияшев пен А.Алманиязовтың пікірлерін келтіреді. Онда "биолог-ғалым Ж.Күдериннің "Өсімдіктану" кітабы қазірдің өзінде маңызын жоғалтқан жоқ. Ол әлі де болса қазақ арасына өсімдік өмірі жөнінде ғылыми білімді таратудың өте құнды құралы болып табылады" делінген.
Қазақ тілінде жазылған тұңғыш өсімдіктану оқулығы екендігіне және жарық көргеніне 70 жылдан астам уақыт өткендігіне қарамастан, бұл еңбектің бүгінгі күні жоғарғы ғылыми дәрежесі бар белгілі биолог ғылымдары тарапынан бұлайша бағалануы жалпы ғасыр басындағы қазақ зиялыларының кәсіби деңгейінің қаншалықты биік болғандығынан хабардар етумен бірге, солардың ішінде Ж.Күдеріұлының де орны бөлек тұлғалардың бірі екендігін көрсетеді.
Ж.Күдериннің 1927 жылы жарық көрген «Өсімдіктану» оқулығында 300-ге жуық қазақ тілінде жасалған терминдер мен көптеген қазақша өсімдік атаулары кездеседі. Бұл оқулықтағы терминдердің барлығы дерлік сөз болып отырған кезеңдегі қазақ зиялыларының термин шығармашылығында ұстанған принциптеріне сәйкес жасалғандығының көрінісі. Мысалы, аналық, аталық, тұқымдық, түйіршік, тостағанша, сабақша, қалбырша, қабықша, қалташа, қайықша, сияқты терминдер морфологиялық тәсілмен, аналықтың мойны, аналықтың аузы,ағаштың сүйегі, бұтақты тамыр жолы, жапырақтың тақтасы, тұқым жапырақшасы, ұялы тозаң, тұқымқап, қылшабуын, гүлжапырақ тәрізді терминдер аналитикалық тәсіл арқылы, ал буын, тарамыс, түйір, тұғыр, түк, тап, тыс, тегеурін, желек, жік, шаң, шырын, сақина, құндақ, өзек, сұрып, оба сынды терминдер жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуі арқылы жасалған.
Келтірілген мысалдардан байқап отырғанымыздай, өсімдіктану терминдерін жасауда ғалым қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерін кеңінен пайдаланған. Бұл терминдердің көпшілігі қалыптасып, қазіргі өсімдіктану терминдерінің қатарынан орын алған.
Айталық, кезінде ғалым өз оқулығында алғаш қолданған аналық, аталық, тозаң, сабақша, қабыршақ, қайықша, гүлжапырақ, қабықша, аналық аузы, аналық мойны сияқты терминдерді бүгінгі ғылыми әдебиеттер мен оқулықтардың, терминологиялық сөздіктердің барлығынан ұшыратуға болады.
Бұл Ж.Күдериннің тек алғашқы оқулық авторы ғана емес, ғылым тілінің, өсімдіктану терминологиясының қалыптасуына үлкен үлес қосқан, осы істің басында тұрған қазақтың озық ойлы биолог-ғалымы екенін көрсетсе керек. Сондықтан да термин жасау мен өсімдіктану ғылымын қазақ тілінде сөйлетуге қосқан үлесін толық көрсету үшін оның еңбектері тілші ғалымдар тарапынан арнайы қарастырылатын да жөні бар. Біз бұл жерде ғалымның өсімдіктану оқулығында қолданылған терминдері төңірегінде ғана сөз етіп отырмыз. Оның бастауыш мектептің оқушыларына арналған «Әліппе», «Халық әдебиетінің жинағы», «Қоғамдық еңбек» атты хрестоматиясы, «Қой мен оның жүні», «Кенеп», «Кендір» сияқты еңбектерін тілдік тұрғыдан қарастырар болсақ, Ж.Күдеріұлының қаламынан туған терминдер анықталып, оның ғылым тілінің дамуына қосқан үлесі де нақтылана түсер еді. Жалпы сол кезеңде қазақша еңбектер жазған, ғылым тілінің қалыптасуына қосқан үлесі бар барлық қазақ зиялыларының еңбектерін жан-жақты зерттеу ұлттық ғылым тілінің, терминологияның тарихы үшін өте қажет.
Ж.Күдеріұлы тілімізде бұрыннан бар бірқатар сөздерді жалпыхалқтық тілден алып, биология термині ретінде пайдаланған. Ғалым жасаған сондай терминдердің бірі – «тегеурін». Орыс тіліндегі "Шпорец" немесе "шпорец цветка" терминдерінің қазақша баламасы ретінде алынған бұл термин жалпы қолданыстағы сөздің терминденуі арқылы жасалған.
Түсіндірме сөздікте тегеурін сөзінің екі түрлі мағынасы берілген: "екпін, қарқын, пәрмен, қайрат, күш" және "қыран құстың алдыңғы үш тырнағына жембасарына қарсы біткен артқы жалғыз тырнағы" .
Арнаулы сөздікте бұл терминге "жабық тұқымды өсімдік гүліндегі шірне жинаталатын күлтежапырақшалар қуысы" деген анықтама берілген.
Ал Ж.Күдеріұлы өз еңбегінде арнаулы ұғымды былайша түсіндірді: "Кейбір өсімдіктердің желегінің төменгі жағы шиыршықталып шығып тұрады. Жалғыз бармақ сияқты болып тұрғаннан кейін оны тегеурін дейді. Тегеурін тура тостағанша шешекте де, солпы тостағанша шешекте де болады”.
«Тегеурін» сөзінің лексикалық мағынасы мен тегеурін терминінің терминологиялық мағынасын түсіндіретін анықтамаларды салыстырып қарар болсақ, жалпы қолданыстағы сөздің метафоралану жолымен терминденгенін байқау онша қиынға соқпайды. Бір ғана лексемамен әр түрлі ұғымдардың таңбалануына, басқаша айтқанда, бір ұғым атауының екінші ұғым атауына алмасуына осы ұғымдардыњ сыртқы ұқсастықтары негіз болған. Яғни, өсімдіктану термині жалпы қолданыстағы тегеурін сөзінің түсіндірме сөздікте берілген екінші мағынасының метафоралануы арқылы туындаған. Оны термин жасаушының "жалғыз бармақ сияқты болып тұрғаннан кейін оны тегеурін дейді» – деген өз сөзі де дәлелдей түседі.
Оқулықтағы тұғыр термині де дәл осы жолмен жасалған. Түсіндірме сөздікте тұғыр сөзінің мағынасы "қолға үйретілген саят құстарының (бүркіт, қаршыға, ителгі т.б.) қонақтайтын орны, биіктеу ағаш қондырғы”, – деп түсіндірілген. Өсімдіктануда тұғыр деп "гүлсағақ немесе сабақтың гүл орналасатын созындысын" – айтады.
Саят құстарының қонақтайтын орны мен сабақтың гүл орналасатын созындысы пішіндерінің (форма) ұқсастығы жалпы қолданыстағы сөздің терминденуіне себеп болған.
«Тұғыр» термині Ж.Күдеріұлы оқулығынан кейін "Ботаника" оқулықтары авторларының тарапынан бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Нақтырақ айтқанда, ол В.Н.Исаинде, (1954) – гүл тұғыры, В.А.Тетюрев пен Б.В.Игнатьевтің оқулықтарында (1954) – гүл табаны, ал Т.Мұсақұловта (1962) гүл тұғыры, гүл кіндігі, гүл табаны түрінде үш вариантта, Б.В.Всесвятскийде (1964) гүл табаны, В.А.Корчагина (1978) мен Р.Әлімқұлқызы бастаған авторлардың соңғы оқулығында (1993) гүлтабан түрінде қолданылған.
Алғашқы сөз болған тегеурін термині де кейінгі авторлар мен аудармашылар тарапынан өзгеріске ұшырап, қазір гүлтепкі түрінде тұрақтанды. Әрине, соңғы қалыптасқан терминдерді енді өзгертудің ешбір қажеті жоқ, алайда оларды Ж.Күдеріұлы жасаған қалпында қалдырғанда да қалыптасып кеткен болар еді.
Жалпы Ж.Күдеріұлы оқулығында кездесетін терминдердің шамамен бестен бірінен астамы яғни 15 пайыздайы жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуі, тең жартысына жуғы (50 пайызы) синтаксистік тәсіл, 35 пайыз дайы морфологиялық тәсіл арқылы жасалған. Өсімдіктану ұғымдарының деректілігіне (нақтылығына) байланысты болуы керек, жалпы әдеби тілдегі сөздер мағыналарының, метафоралану жолымен терминденуі көбінесе ұғымдардың сыртқы ұқсастықтарына (пішін, көлем, түр т.б.) негізделетіндігімен ерекшеленеді. Ал морфологиялық тәсілмен жасалған терминдер негізінен –лық/-лік (-дық/ -дік, -тық/ -тік), ша/-ше, -шық/-шік, -ыс/-іс, -лы/-лі (-ты/-ті, -ды/-ді), -сыз/-сіз, -у сияқты сөз тудырушы жұрнақтар арқылы жасалады. Ал аналитикалық жолмен жасалған терминдер арасында тұқымқап, тозаңқап, тамырқап, ұрыққап, жалаужелек, жіпұяшық, қышқылкөмір, гүлжапырақ, ожаужапырақ сөздердің біріктірілуі арқылы жасалған атаулардың да едәуір орын алатыны аңғарылады.
Ғалымның көптеген қазіргі тілші ғалымдар мен сала мамандары аударуға болмайды деп жүрген, осы уақытқа дейін аудармай қолданып келген терминдерді қазақша жасағандығы назар аудартады. Мысалы, «микроскоп» терминін – «асылшыны», «микроспоры» терминін – аталықшаң, («макроспоры» терминін – аналықшаң), «паразит» терминін – арамтамақ, «ядро» терминін – түйір, «ядрочко» терминін – түйіршік, «протоплазма» терминін – жалқаяқ, «хлорофилла» терминін – көкше, «хлорофильное зерно» терминін – көкше түйір т.б.
Бұрын қазақ ұғымында болмаған ғылыми ұғымдардың атауын жасау, басқа тілдердегі сөздерге ұтымды балама табу көп ізденісті қажет ететін машақаты мол күрделі шаруа екендігі даусыз. Қазақ білімпаздары осы қиындықтан қашпаған. Керісінше, олардың өздері маманданған немесе қажеттілікті өту мақсатымен алғашқы оқу құралдарын жазған салаларының терминдерін әуел бастан-ақ ұлт тілінде жасап қалыптаструды міндет санағаны байқалады. ХХ ғасырдың20-жылдары оқулық жазып, терминжасам мәселесімен бетпе-бет келген өзге қазақ зиялылары сындыЖ.Күдеріұлыда термин жасаудың қиындығын атап көрсетеді.«Бұрын өсімдік туралы қазақша жазылған кітаптар жоқ. Орысша, яки басқа латынша сөздерді қазақшалау өте қиындық көрсетті» деп жазады ғалым.
Кірме терминдерді жазу мәселесінде де ғалым өзімен замандас алаш оқығандары сынды ұстанымға тоқтаған. Оған осы оқулықтағы боспар фосфор), бөренке (воронка), беймаза (мимоза) тәрізді терминдерді жазуы дәлел бола алады. Бұл жерде бір нәрсені атап айту керек. Ол – Ж.Күдеріұлының өсімдіктану терминдерін қазақша жасауға барынша көп көңіл бөлгендігі. 1927 жылы Мәскеуде басылған бірінші оқулықта қолданылған жүздеген терминдердің арасынан бар болғаны жоғарыдағы келтірілген үш-төртеуі ғана тілімізге бейімделіп аударылмай алынғандығынан оны анық байқауға болады. Сондай-ақ бұл деректер қазақтан шыққан жоғары кәсіби білім алған тұңғыш биолог ғалымының өсімдіктану терминологиясын жасаудағы, ғылым тілін қалыптастырудағы ұстанымын да көрсетеді.